Тектоникалық бұзылыс пішіндері. Қарқынды тектоникалық қозғалыс кезінде таужыныстарының алғашқы пішіні бұзылып, әртүрлі тектоникалық бұзылыс (дислокация) пайда болып жер қыртысының құрылымы өзгереді.
Таужыныстардың бастапқы көлбеу жатысынан ауытқуларының барлық түрi дислокация деп аталады. Дислокациялар пликативтiк және дизъюнктивтiк түрлерге бөленедi.
Пликативтiк дислокациялар немесе қатпарлы бұзылыстар – қабаттардың тұтастығы сақталатын дислокациялар. Олардың арасында мынадай негiзi формалар болады: моноклин, флексура мен қатпарлар.
Қатпар – пликативтiк дислокациялардың негiзгi формасы. Қатпарлар деп қабаттардың белестенген иiлiмдерiн айтады. Олардың екi түрi болады: антиклин мен синклин. Антиклиндер – дөңес пiшiндi қатпарлар, олардың қанаттары бiрбiрiне кері бағытта еңiс орналасады, ал орталық бөлiктерiнде шеттерiндегiлермен (қанаттарымен) салыстырғанда көнелеу таужыныстар жатады. Синклиндер – ойыс пiшiндi қабаттар, олардың қабаттары бiр-бiрiне қарсы еңiс орналасады, ал орталық бөлiктерiнде шеттерiндегiлермен (қанаттарымен) салыстарғанда жастау таужыныстар орналасады.
Қатпарлар өздерінің көлденең қимасында және планда көрсетілетін құрылысының ерекшеліктері бойынша ажыратылады. Қатпарлар көлденең қимадағы құрылысының ерекшелігі бойынша бірқатар типке бөлінеді. Остік беті мен қанаттарының орналасуы бойынша тік, еңіс, жатқан және төңкерілген қабаттар бөлінеді.
Дизъюнктивтік дислокациялар (айырылымды бұзылыстар)
Бұл дислокациялар таужыныс қабаттары тұтастығының бұзылуына, яғни айырылуына әкеледi. Олар жарықшақтар мен айырылымды жарылымдар және уатылу белдемдерi түрiнде бiлiнедi. Қабаттар айырылып, қозғалысқа келетiн жазықтықты жылжытушы деп атайды Жылжытушыға келiп түйiскен қабаттар бөлікшелерiн қанаттары (немесе қапталдары) дейдi. Жылжытушы еңiс орналасқан кезде аспалы және жатқан қанаттар бөлiнедi
Айырылымды тектоникалық бұзылыстардың айрықша типiне тереңдiк жарылымдар (линеаменттер) жатады. Линеаменттер – терең салынымды (700 км тереңдікке дейін) ұзақ әрекет ететін жарылымдар, олар жер қыртысын жарып өтеді де мантияға тереңдеп енеді, ал ұзындығы мыңдаған километрге жетедi. Линеаменттер бойынша әдетте жер қыртысының өте ірі блоктары қозғалысқа түседі. Олардың мысалы ретінде Талас-Фергана линеаментін (барлық Тянь-Шань таулары бойынша созылады), Курил-Камчатка мен Кенді Алтай және т.б. жарылымдарды айтуға болады.
Жер қыртысының даму процесі айрықша күрделілігімен сипатталады әрі әр түрлі формада жүре алатыны көрінеді. Қазіргі кезде геотектоникада екі негізгі бағыт бар, олар тік бағытты және көлбеу тектоникалық қозғалыстарды әр түрлі бағалауға негізделген.
Тектоникалық құрылымдардың дамуы тұрақты көлбеу қозғалыстарға байланысты деген постулатқа негізделген бағыт фиксизм деген атқа ие. Геологиялық ғылымның дамуы көлбеу қозғалыстардың басымдығына байланысты деп есептейтін бұл бағыт мобилизм деп аталады.
Жер қыртысының (және толықтай литосфераның) құрылысы мен даму ерекшеліктері туралы жоғарыда келтірілген деректер біздің планетаның әр түрлі бөлікшелерінде елеулі, принциптік айырмашылықтар бар екенін куәландырады.
Морфологиялық планда жер қыртысының ең ірі элементтеріне континенттер мен мұхиттық ойыстар жатады. Олардың ауқымында тектоникалық белсенді белдемдер (ескірген терминология бойынша – геосинклиндер), байтақ орнықты алқаптар – платформалр және таулы-қатпарлы жүйелер бөлінеді.
Тектоникалық тақталар гипотезасы. Гипотеза авторларының пікірі бойынша, рифт жаралу белдемдерінде литосфера тақталары ²ажырап², орталық рифт белдемінде жас мұхиттық қыртыстың жаралуы жүреді. Мұхит түбінің спрединг (ажырауы) деп аталатын бұл құбылыс үзіктігімен сипатталады, Тақталар шекараларында бірінің астына бірі кіріп кетуі субдукция (астына ену) деп аталып, бұл құбылыс жерсілкінулер, вулканизм білінімдері түрінде айтарлықтай механикалық энергияның қысқа мерзімде бөлініп шығуымен сүйемелденеді. Орогендік белдемдер жаралуының басқа жолына континенттердің соқтығысуы – коллизия жатады. Мәселен, олардың пікірінше, Гималайдың жаралуы Индия субконтинентінің Азиямен соқтығысуы нәтижесінде орын алған.
Антиклинорий – жалпы құрылысы ұсақ антиклин және синклин қатпарлармен күрделеген, ірі, күрделі антиклинді құрылым.
Синклинорий - ұсақ антиклин және синклин қатпарлармен күрделеген, ірі, күрделі синклинді құрылым.
Флексура деп көлбеу немесе еңiс жатқан қабаттардың керпеш тәрiздi иiлген бұзылысын айтады. Флексураның төменгi, жоғарғы және оларды жалғастырушы қанаттары болады. Жалғастырушы қанат күрт еңiс жатып, қалыңдығы бiршама азаяды.
Достарыңызбен бөлісу: |