бетЖаңалықтар
Геолог Мейіз Сәтбаева тұрған үйге ескерткіш тақта ілінді
Автор:Бәрі бар
20.11.2019
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі
Алматыда танымал ғалым Мейіз Қанышқызы Сәтбаева тұрған үйге естелік тақта орнатылды. Ғалым өмірінің соңғы 27 жылында Құрманғазы көшесіндегі 20-үйде тұрған.
Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мейіз Сәтбаева — геология-минералогия ғылымдарының докторы. Ол өзінің әкесі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жолымен жүрді және Жезқазған кен орнын ашу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмысын жалғастырды. Құрамы ренийге бай кен түзуші минералдардың құрылымдық-морфологиялық ерекшеліктері туралы докторлық диссертация қорғады.
Ескерткіш тақтаны Алматы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов ашты.
Мейіз Қанышқызы — көрнекті ғалым. Мына мемориал тақта бүгінгі және келер ұрпаққа оны еске салады. Мемориалдың ашылуы — қаламыздың мәдени және ғылыми өміріндегі тарихи сәт, — деді әкімнің кеңесшісі.
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі
Салтанатты шараға Мейіз Сәтбаеваның ұлы, геология-минералогия ғылымдарының докторы Александр Третьяков, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, академиктер Сұлтан Оздоев және Сұлтанбек Қожахметов, геология-минералогия ғылымдарының докторы Элеонора Сейітмұратова, Қ.И.Сәтбаев атындағы геология институты архивінің директоры Надежда Ниретина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайникен Бибатырова және басқалар қатысты.
Мейіз Сәтбаева 1931-2007 жылдар аралығында өмір сүрді. Ол — Қаныш Сәтбаев пен оның екінші әйелі Таисия Кошкинаның қызы. 1954 жылы Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. 1954-1957 жылдары Қазақ КСР Түсті металлургия министрлігінің Түлкібас экспедициясында инженер-геолог, 1957-1988 жылдары Қазақ КСР Геология министрлігінің Оңтүстік Қазақстан экспедициясында инженер-геолог болып жұмыс істеді. Ғылым академиясының геология институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер болды. Ғылыми еңбектері мыс-құмтас кен орындарын зерттеу септігін тигізді. 70-тен астам ғылыми еңбектің, екі монографияның авторы.
Достарыңызбен бөлісу: |