Гүлмира Темірова



Дата09.06.2016
өлшемі35.62 Kb.
#124225
Гүлмира Темірова, argaiv1742

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ кітапханасы қазақ тіліндегі әдебиеттер оқу залының меңгерушісі


КІТАП ОҚУ МӘДЕНИЕТІ ХАҚЫНДА
Кітаппен шындап жұмыс істей алмау біреулердің кітапқа деген сүйіспеншілігін мұқалтса, енді біреулерді жүйесіз, ойланбай оқуға әкеліп соқтырады. Сондықтан басылған шығарманы дұрыс пайдаланып, ақпарат алу үшін бір ғана оқудың техникалық дағдысы жеткіліксіз. Ол үшін оқу мәдениетін игеру керек. Ғалымдар заманауи әлеуметтік-мәдени жағдайда оқу мәдениетін тақырыпты игерумен, оқырманның қызығушылығын жетілдірумен, оқылған шығарма туралы өзара пікірлесумен, қабылданған ақпаратты өмірдің әртүрлі саласында пайдаланумен түсіндіреді.

“Оқу мәдениеті” ұғымы кітапханалық этиканың қарапайым түрлерін қамтиды, мысалы: кітапты тиісті мерзімнен артық ұстамау, кітап беттерін жыртпау, белгілер жасамау, парағын бүктемеу. Оқу мәдениеті алдымен оқуға деген дұрыс көзқарас қалыптастырудан, оқырманның өзіне оқудан пайда алуға тырысуынан басталады. Оқырман кітапты өздігінен білім алып, өз еңбегін ұйымдастыруға және жетілдіруге пайдаланғаны жөн. Оқудың зор мәнін біле отырып, оқырман көркем әдебиетпен ғана шектеліп қоймайды, өзінің мәдени ой-өрісін кеңейтіп, даму мақсатында ғылыми, танымдық кітаптар оқып, біліктілігін арттыру үшін арнайы әдебиеттерді қарап, жаңа шыққан ақпаратты қадағалап отырады.

Оқу мәдениеті жүйелілікті, жоспарды қажет етеді. Әдебиетті оқығанда қойылатын талап жеңілден күрделіге біртіндеп ауысу болып табылады. Әрбір оқылған кітап мәліметтер өрісін кеңейтіп, тереңдетуге, одан алынған білімді бекітуге мүмкіндік береді.

Оқу мәдениетінің ерекшелігі ретінде оқылған мәліметтерді түсіну, ең негізгісін, маңыздысын және бағалысын анықтап алуды ескерген жөн. Логиканы, заңдарды және дұрыс ойлау формаларын білу, оларды практикада қолданып, ойлау қабілетін дамытуға көмек береді.

Студенттер мерзімдік басылымдарды көп оқиды. Көпшілігі газет-журналдарды күн сайын оқып, жаңа ақпаратпен танысып отырады. Олардың ішінде республикалық басылымдар: “Жас Алаш”, “Ана тілі”, “Қазақ әдебиеті”, жергілікті басылымдар: “Солтүстік Қазақстан”, “Қызылжар нұры”, “Северный Казахстан”, “Добрый вечер”, “Неделя СК”, “Молодежная – Жастар”, “Парасат” газеттері бар. Қоғамдық-саяси журналдар: “Ақиқат”, “Жалын”, “Жұлдыз”, “Саясат”, “Қоғам және дәуір”, көбіне жастарға арналған “Караван”, “Жұлдыздар отбасы”, “Аружан”, “Қазақстан әйелдері”, “Жұлдыз-жорамал” және тағы басқа журналдарды қызыға оқиды.

Сабаққа дайындалу барысында студенттер оқу бағдарламасына байланысты оқулықтарды пайдалануды ұнатады. Дегенмен, көпшілігі материалды меңгеруіне байланысты электронды оқулықтарды, Интернетті пайдаланатындығын білдірді. Бос уақыттарын студенттер телехабарлар көруге, кітап оқуға, компьютермен жұмыс істеуге арнайды. Ерекше көп оқылатын жанрлар – детективтер, фантастика, проза, қазіргі жас жазушылардың шығармалары. Дегенмен, классикалық шығармаларды, тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи романдарды, өлең-жырларды оқитындар аз емес.

Сүйіп оқитын шығармалардың қатарында Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы”, Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” романдарын, Әзілхан Нұршайықовтың, Мұқағали Мақатаевтың, Дарья Донцованың, Агата Кристидің туындыларын айрықша атады.

Көп студенттердің үйінде өздерінің жеке кітапханасы бар екенін білдік. 2007 жылы Астана қаласында “Оқитын ел – бәсекеге қабілетті қоғам негізі” тақырыбымен тұңғыш рет халықаралық оқу конгресі өтті. Аталған форумның аясында “Бір ел – бір кітап” акциясы ұйымдастырылды. Аталған жоба түгел ел болып бір әдеби шығарманы бір мезгілде оқуды ұсынады. Соған орай біз өз тарапымыздан сауалнама жүргізген едік. Соның негізінде студенттер М. Жұмабаевтың жырлары мен дастандарын, М.Әуезовтің “Абай жолы”, I.Есенберлиннің “Көшпенділер” романдарын, М.Мақатаевтың лирикалық жырлары мен поэмаларын, тәуелсіздік кезеңінде жазылған әдебиеттерді оқуға ерекше ықылас қоятынын байқадық.

2013 жылы “Бір ел – бір кітап” акциясы бойынша өз оқырмандарына жол тартқан “Дауа” кітабы – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті қазақ ақыны Фариза Оңғарсынованың төл туындысы.

Әртүрлі технологиялардан да оқуға нұқсан келген жоқ, оқуға тек теледидар, Интернет бәсекелестік туғызады. Бірақ, өкінішке қарай, жастардың бірер пайызының мүлде кітап, газеттер оқымайтындығын да атап өткен жөн. Сұраққа жауап берген студенттер ішінде кітаппен жұмыс істеу тәсілдерімен, жылдам оқу техникасымен, ақпаратты ықшамдаумен таныс екендіктерін дәлелдегендер болды. Алайда, библиографиялық материалдардың мүмкіндігін толық пайдалана алмау, іздестіру қызметін толық түсінбеу, қажетті ақпаратты дұрыс таба алмау және ажырата алмау да байқалды.



Кітапхананың алдында өз оқырмандарына кітаппен, ақпаратпен жұмыс істеуге көмектесу, іс-шараларды өткізудің жаңаша түрлерін қолдану, оқу мәдениетін тәрбиелеу міндеті тұр. Жоғары оқу орындарының “кітапханалық сабақтар” пәнімен ғана шектеліп қоймай, кітапхана өзінің күн сайынғы жұмысында оқырмандармен жұмыс істеудің әртүрлі әдістерін пайдалана отырып, оқу мәдениетіне, өсіп келе жатқан жас ұрпақты ақпараттық мәдениеттілікке тәрбиелеуге міндетті. Қызмет барысында жаңа технологияларды белсенді түрде қолданып, іс-шаралар өткізу қажет. “Қазақстан – 2050” Стратегиясының міндеттерін шешуге қабілетті тұлғаны қалыптастыру біздің басты міндетіміз деп білеміз.
// Солтүстік Қазақстан. - 2014. - 30 қаңтар

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет