Байғозы батыр (1705-1803)
Қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы ерең ерліктер жасап, иісі қазаққа даңқы жайылған батырлардың бірі. Байғозы батырдың туып өскен жері Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді тауларының арасы. Топырақ бұйырған жері Қарағанды облысының Жаңаарқа және Шет аудандарының жапсарындағы Жаман Сарысу өзенінің бойы. Батырдың бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады.
Байғозы батырдың шыққан тегі Орта жүздің ноқта ағасы Тарақты руынан. Шежіре дерегі бойынша 12 ата тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан Қаржау, одан Есенкелді, одан Байғозы батырдың шешесі Шолпан-Кіші жүздің жеті руын билеген тархан Есет батырдың (1667-1749) туған қарындасы.
Тәуке ханның бас батырларының бірі болған Наймантай (сүйегі Ахмет Иасауи кесенесінденгі қорымда) баласы Байғозыны жауынгерлікке өзі баулып, әкелі-балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде қатар шыққан. Халық жырларында:
«Қолында қамшысы бар айбалтадай
Батыл бол батыр болсаң Наймантайдай»
«Тарақты да Байғозы,
Бұ да асқан ер еді.
Ел шетіне жау келсе,
Мен барайын дер еді» - деп айтылады. [9, б.55]
Қазақ пен қалмақ жасақтарының болған Бұланты, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қалба, Терісаққан, Аңырақай, Хантау, Қызылтау, Ерейментау, Түркістан, Қарқаралы, Ыстықкөл шайқастарының Байғозы батыр бел ортасында болып, ерең ерліктер көрсеткен. Ол ерліктердің небір ғажайып оқиғалары Шоқан Уәлихановтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде, Жаңақ, Шөже сияқты ақын-жыраулардың жыр-толғауларында кездеседі.
Қан майданда талай-талай сыннан өткен Байғозы батыр Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған. Шоқан Уәлиханов ХVІІІ ғасырдың батырларына арналған очеркінде Жәнібек, Баян, Жанатай сияқты әйгілі батырлармен бірге Байғозы батырдың ерліктерін қызықты баяндайды.
ХVІІІ ғасырдағы көп батырлардың арасынан көзге түскен жас Байғозының жауды барлап, қалмақтың ту ұстаған басшы батырын садақпен атып түсіріп, жаудың бетін қайтарғаны, сөйтіп Абылай хан мен Шақшақ Жәнібек батыр бастаған қазақ қолын жеңілістен сақтап, күтпеген жеңіске жеткізеді. Содан бастап Байғозының атағы жұртқа мәлім болады.
Хантауындағы бекінген Үсен-Серен деген қалмақ қонтайшысының шапқыншылары Арқадағы қазақ ауылдарының адамдарын байлап, малдарын айдап әкетіп маза бермейді. Соңсоң Байғозы батыр мен Керей Жарылғап батыр Көкшетаудағы Абылайға барып, жағдайды айтыпты. «Хантауында қалмақтың күшті қарулы әскері жатыр. Оған тиісу үлкен соғысқа ұласады. Одан гөрі шағын қолмен қалмақтардың ордасын қамап алайық. Қолды дұшпанның көзіне түсірмей, соған кім бастап барады?» - депті Абылай хан.
-Көзге түсірмей мен бастап барамын, - дейді Байғозы.
Абылай хан үш жүз кісілік қолымен Арқадан аттаныпты. Әскері бірінің артынан бірі түнде жүріп, күндіз жатады. Жарылғап батыр әскердің алдында барлаушы. Байғозы батыр артында бақылаушы болып, қолды Хантауында бейқам отырған қалмақ ордасының үстінен түсіріпті. Абылай хан қалмақтың қол басшысы қонташының үрейін ұшырып, айдап әкеткен адамдарын, малдарын қайырып, хонтайшы айыбына ханға қызын береді. Бұдан былай бір-біріне тиіспеуге бітім жасап қайтады.
Қазақ ордасы Ұлытауға қалмақтар келді деген хабар Байғозыға жетеді. 1743 жылы Байғозы батыр сауыт киімдерін киіп, қолына шашақты найзасын алып, жасақтармен Ұлытауға аттанып, қалмақтарды жеңіп қайтқан. Ел арасында Байғозы батыр туралы:
Тарақтыда Байғозы,
Бұ да асқан ер еді.
Ел шетіне жау келсе,
Мен барайын дер еді
Ауызша, жазбаша жеткен тарихи деректерге сүйене отырып академик Р.Б. Сүлейменов пен тарихшы ғалым Р.В. Мойсеев былай дейді: «Алғашқыда жоңғарлармен, кейін манжүр-қытай жаулаушыларымен күрес барысында Бөгенбай, Малайсары, Жәнібек, Баян, Байғозы, Жанатай, Оразымбет, Тұрсынбай сияқты ержүрек батырлардың, білікті әскербасылардың қалын легі ел ішінен суырылып шықты» (Из истории Казахстана ХVІІІ века. Ал., 1988 136-бет).
Байғозы батыр өз кезінде Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандардың алдың көрді; Төле, Қазыбек, Едіге, Бұхар сияқты би жыраулардың ұлағатты сөзін естіді; Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жаңатай, сияқты батырлардан тәлім алды; Керней, Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Шаңышқалы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай сияқты батырлармен төс тигізген дос болды. Байғозы батырдың Баяу деп аталатын жақын әпкесінен Қанжығалы Бөгенбай батыр туады. Сондай-ақ Байғозы батырдың Шәкі деген немере қызынан әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы туса, батырдың өз кіндігінен туған Қойсана деген қызы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған анасы. Белгілі тұлғалардың өміріне қатысты мұндай деректер де елдік тарихтың қызықты беттері болып табылады.
Байғозы батырдың ұрпағы өсіп-өнген, қазір Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Шымкент облыстарында көптеп кездеседі. Солардың бірі батырдың алтыншы ұрпағы, белгілі жазушы, филология ғылымының докторы Ақселеу Сейдімбек. [1, б.155-157]
Баян батыр
Баян батыр «Ақтабан шұбырындының» зарын көзімен көріп өскен, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай тәрізді қаһармандардың ерлік өнегесімен тәрбиеленген батырлардың екінші толқынында жатады. Біздің қолымызда батырдың нақты туған жылы туралы дерек жоқ. Батырдың ұрпақтарының айтуына қарағанда шамамен 1710 жылы мен 1715 аралығында туса керек. Осы жорамалды басшылыққа ала отырып біраз тереңдесек, соңғысы шындыққа бір табан жақын болар деген ой түйеміз. Бірінші дәлеліміз – Абылай хан өзінің атақты батырлары туралы айтқанда Қабанбай, Бөгенбайларды «менен ілгері» деп, Баян батырды өз тұстасы деп атайды. Екінші – ел аузындағы аңызға қарағанда Баян батырлығымен тұңғыш рет Әбілмәнсүрдің Абылай хан аталып, жоңғарға қарсы қол бастап шыққан бір жорығында танылады. Ол туралы аңыз былай дейді: бір жорықта қалын қолдан озық шығып кеткен Абылай аз ғана нөкерлерімен қапылыста жау қоршауында қалып қояды. Абылай «Жауға шабар кім бар?» деп үш айтқанға дейін ешкім орнынан тырп етіп қозғалмайды. Қаншама жаужүрек болса да кеудесін тікенектей қалын найзаға төсеу онай ма! Абылай «Бұл қазақта жауға шабар бір ұл тумаған ба?» деп қатты қапаланады. Сонда есік пен төрдей сары ала ат мінген біреу «Қазақ жауға шапса сенен сұрап шаба ма, хан ием!» деп, ұмтыла шауып, қалын қалмақты майға салған пышақтай тіліп өтіп, хан қосының қоршаудан алып шығады. Қоршауды бір бұзған жерде қаша ұрыс салып, әрқайсысы жеке қол бастаған өңшен көкжалдар аман құтылып, бас қолға келіп қосылып, жауды күйрете жеңеді. Көңілі әбден орныққан соң Абылай «Маңағы сарыала атты батырды тауып әкеліндер!» деп жарлық береді. Алдына келтірілген сақал-мұрты енді тебіндей бастаған еңсегей жастын келбетіне разы бола отыра Абылай «Жауға шабарың бар – бір айттырмай неге үш айттырдың?» дейді. «Біріншіде – шаппағаным төрдің төбесі, жолдың басы хандікі. Алдыңнан кесіп өтпейін дедім хан-ием. Екіншіде – іркілгенім – алдымда аға баласы – Арғын болды. Жолын ораймын дедім. Үшіншіде - өлімнен басқа қаралайтын ештеме қалған жоқ» депті жас батыр. Соңынан ұзақ жылдар үзеңгілес серік еткен Баян батырмен Абылай өзінің таққа отырған шағында осылай танысады.
Ақыл тұрмас қашқанда,
Дегбір тұрмас сасқанда.
Баяндай ерді көрмейсін,
Бұрылып жауды шапқанда! –
Деген өлеңді Абылай Баянның осындай ерлігіне разы болып айтыпты-мыс дейді аңыз.
Демек, Баян батырдың Абылайдан жасы кіші болған деген жорамал шындыққа келеді. Ал Абылай 1711 жылы туған. Олай болса Баянның 1715 жылдар шамасында дүниеге келгендігі шындыққа оралымды.
Сонымен бірге осы әңгімеден Баянның батыр ғана емес, сөз жүйесін табатын шешен, ой арнасын табатын ақылды, кемеңгер адам болғандығын да аңғарамыз.
Баян батыр өзінің қазақ даласын ең соңғы жоңғардан аластау сияқты көкейкесті арманына жете алмай, соғып өткен құйындай, аққан жұлдыз тәрізді қысқа ғана ғұмыр жасап, қапыда кеткен батыр. Жалғыз жүріп қол жинап, сан қамалды жеке бұзған Баян шағын жасағымен Іле бойында қалмақтың қалын қолымен шайқаста, 1757 жылы бар болғаны қырықтан енді асқан шағында қаза тапқан. Бұл турасында Ілияс Есенберлиннің “Жанталас” романында суреттелген оқиға мен ел есінде хатталған аңыз бір жерден шығады.
Баян батыр туралы әлі жинақталып, бір жүйеге келтірілмеген аңыздар көп. Осындай аңыздардың бірі көркемдік қуаты аса жоғары, сарыншыл “Баян батыр” дастанына негіз болған. “Бірақ Мағжан ел аузындағы аясында қалмай, кейбір тарихи шындықтарды шығарманың көркемдік қуатын арттыру бұрмалауға барады” деп жазады батырдың ұрпақтарының бірі, ақын М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Ерік Асқаров.
Мұндағы сөз болып отырған – дастандағы Ноян бейнесі. Шындығында Баянның мұндай есімді інісі болған емес. Ақынның Ноян деп алғаны – Баянның шөберелес ағасы Сары батырдың баласы Қыстаубай. Ел есінде қалған әңгімеге қарағанда Қыстаубай расында да ауылдағы қалмақтың Лағда деген қызын алып қашса керек. Баласының қылығына Сары батыр қатты долданады. “Сары батыр долданса соғыста екі көзін қан жауып кетеді екен. Қашан оншақты дұшпаның түйреп тастағанша көзі ашылмайды. Оған дейін шылбыры Баянның тақымында жүреді екен” деген бұрыңғылардан қалған сөз бар. Сол Сары “Қыстаубайды қуып жетіп өлтір, киім мен қару-жарағын көзімше көм!” деп Баянды жұмсайды. Баян Қыстаубайды қуып жетіп, бір қабат киімін Қозының қанына малып, Сарыға алып келеді. Қыстаубайдың нағашысы Кіші жүзде екен, сонда бар деп кеңес береді.
Енді Баянның шыққан тегі туралы. Ілияс Есенберлиннің “Жанталасындағы” “Баянның арғы тегі моңғолдан сінген Саян, Аян дегендер еді” деуі негізсіз. Бұлар қиялдан туған адамдар. Ілекеннің өзі де көзінің тірісінде тарихи шығармаларын қалтықсыз шындық деп қарауға кеңес бермеген, қайта өзінен кейінгі толқынға ізденуді, басталған істі ілгерірек апаруды аманат еткен адам.
Баян – Орта жүздің Уақ руынан. Уақ өз ішінен Бұйдалы, Жансары, Баржақсы, Шайгөз, Шоға, Мұрат болып бөлінеді. Шоға – Баянның арғы атасы. Уақ өте шашыраңқы орналасқан ру. Оның біраз тайпалары Семей, Кереку, Аягөз, Өскемен мандарын мекендейді. Тіпті Уақ Шу өзені мен Ақтөбе, қала берді Қытай мен Моңғолиядан да ұшырасады. “Ақтабанға” дейінгі негізгі мекені тегі Сыр бойы, одан беріде Ереймен, Семізбұғы, Қызылжар мен Қостанайдың аралығындағы Обаған өңірі болса керек.
Батырдың жиені Мағжан Жұмабаев “Баян батыр” дастанында
Арқада бір өзенді дер Обаған,
Сол жерде аз ғана Уақ қоныс қылған.
Уақтың ерте күнде өжет қайсар
Ер Көкше, ер Қосайдай ері болған.
Сол ері ерте күннің Ер Көкшенің
Нәсілінен қайтпас алмас Баян туған, - деп жазады.
Баян батырдың туыстары, олардан тараған ұрпақ қазір Солтүстік Қазақстандағы Булаев ауданында тұрып жатыр. Жазушы Хамза Абдулиннің айтуына қарағанда Абыл, Жарбол, Аралағаш атты үш үлкен ауылдың үшеуі де таза Баян батырдың ұрпақтарынан тұрады. [6, б. 50-52]
Сары батыр
Сары батыр - қазақ сардары, он екі атасына дейін атынан түспей, сауытын шешпей ел қорғаған адам. Уақ нәсілінің немересі Қарақасқа атты Қамбар болса, оның немересі Ер Көкше, шөбересі – Ер Қосай. Бұл үшеуінің аңызға бергісіз ерліктерін халқы жырға қосқан. Белгілі жыраулар қисса-дастандар арнаған. Соңғы екеуі «Манас» жырында да аталады. Олардан бергі Бетеге, Қылды, Өтеміс батырлар туралы ел аузында әңгімелер көп. Сары мен Баян осылардың ұрпағы.
Ертеде оттай өжет сол Уақтың,
Ер Көкше, Ер Қосайдай ері болған.
Сол ері ерте күннің, Ер Көкшенің,
Нәсілінен қайтпас алмас Баян туған.
Баянның ер ағасы – Батыр Сары,
Қос қыран тізе қосып жауын қуған.
Арқамдай жер жүзінде жау бола ма?
Айбында Алашымдай ел бола ма?
Алашта ертеде өткен екі арыстан,
Ер Көкше, Ер Қосайдай ер бола ма?
Солардың нәсілінен Сары-Баян,
Барыстай ойын салған сар далада, - деп Мағжан ақын «Батыр Баян» поэмасында жырлаған болса, Шоқан Уәлиханов «Историческое предания о батырах ХVІІІ в.» деген еңбегінде былай деп жазады: «Это любимец Абылая (Баян туралы) и первый храбрец того времени. Родом был из рода Уак-Кирея и был в одном из набегов на калмыков братом своим батыром Сары, чего часто называют их вместе Сары-Баян».
Қос батыр жайында Шоқан мен Мағжан кәрі құлақ қариялардың әңгімелерін негізге алып жазса, Тәтіқара, Үмбетейлер – талай жорықтарда бірге болып, батырлығын көздерімен көрген жыраулар. Тәтіқара былай деп жырлайды:
Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,
Дербісәлі Мандайды айт Қыпшақтағы.
Өзге батыр қайтса да бір қайтпаған,
Сары менен Уақты айт Уақтағы.
Сары мен Баянның замандасы Үмбетей жырау ағайынды қос батырды Қабанбай, Бөгенбай мен бірге қояды:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары Баян мен Сағымбай,
Қырмап па еді жауынды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соңы Абылай
Маңызды жорықтарға аттанарда Абылай ханның Сары мен Баянды іздейтіні, кешіксе тосатыны, Мағжанның поэмасымен қатар, басқа да шығармалар да кездеседі. Мысалы, Абылай хан жинағында «Абылай хан атақты, ардақты, бақытты хан болған күнде Уақ Сары, Баянсыз, Балта Керей Тұрсынбайсыз, Шанышқалы Бердіқожа, Көкжал Барақ, Малайсарысыз жорыққа аттанбайды» деп жазылған. Бұл жөнінде «Батыр Баян» фильімінде де жақсы көрсетіледі.
Сары батырды басқалардан жақсы білетін, әрі ұстазы Қожаберген жырау атақты «Елім-ай» дастанында ол туралы бірнеше жерде атап кетеді:
Қиыншылық ылғи болмас әлі-ақ өтер,
Сарбаздар жауды ұзатпай тентіретер.
Бөгенбай, Ерсары, Асқап, Жабай Көшек,
Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер.
Қожаберген шығармаларында Сары батыр Ерсары деп аталады. Жырау Ордабасы (қазақ жасақтарының қолбасшысы, 1680-1712 жж. болған кезінде Сары батырды жастайынан жасағына алған, соғыс ісіне үйреткен. Алғашқы ұрыстардан-ақ көзге түскен бала батырды Ерсары деп атап кеткен.
Сары батырды ХVІІ ғасырдың 90-шы жылдарының басында туған деп жүр. Ол немере інісі Батыр Баяннан екі мүшелдей үлкен болса керек. Батыр Баянның туған жылы – 1714 жыл. Сары батыр Павлодар облысының Жезді елді-мекенінде дүниеге келген. Бұл кезде уақ руының қонысы сол жер болған. [10, б.202]
Он жеті жасында Ерсары Қожаберген батырдың қолына қосылған. Жорықтарда Бөгенбай батырдың серігі болған. Оба өзенінің батысында қалмақтардың 10 мың қолымен соғысып астындағы көк тұйғын тұлпармен және өзінің асқан ерлігімен көзге түскен. Ұраны - «Жаубасар». Жаубасар бабасы қарақытайлармен айқасқан.
Ерсары сексенге клелген шақта Еділ бойындағы қалмақтардың қонысы ата жұрты жоңғарға өтпекші болып, қазақ жерін басып, малын алмақшы болады. Абылай ханның бұйрығымен Сары батыр Керей-Уақтың 1000 жасағын басқарып, Еділ-Жайықтың арасында Ұрсайда қалмақтармен соғысады. Қалмақтар айла жасап батырдың жолына ор қаздырып қояды. Абайсызда Көктұйғын тұлпар орға түсіп, аяғын сындырып алады. Құлап түскен Ерсарыға жаулар лап қояды. Сол кезде Ноян батыр әкесін жау қолынан қорғап қалады. Бірақ қатты жараланған батыр көп ұзамай көз жұмады. [9, б.143]
Ерсары батырдың қайтыс болған жылы мен зираты да белгілі. 1771 жылы 80-нің үстіне шықса да, үйде отыра алмай (Қожаберген жырау да 60 жылдай өмірін ат үстінде өткізіп, жоңғарлардың жеңілісінен кейін 82 жасында садағын немересіне аманаттаған дейді). Еділ бойындағы қалмақтармен соғыста ауыр жараланып, содан айықпаған күйі 81 жасында көз жұмады. Зираты Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы Докучаев ауылынан 4-5 шақырым жерде. Үй орнындай обаны жергілікті тұғындар сары оба деп атап кеткен. Басқа белгі жоқ. [10, б.7]
Шотана батыр
Орманшы ақсары Шотана батыр туралы Мәшһүр Жүсіп: «Қызылтауда (Баянауылдан оңт.-шығысқа қарай 60 км. Ә.Қ.) Шотана тасы деген тас бар. Шотана батырдың үйі сол тастың түбінде отырғанда қорадан екі өгізін түнде ұры ұрлап кетіпті. Алакеуімнен түрегеліп, өгізді ұры алып кеткенін біліп, Шотана батыр тастың басына шығып айғай салыпты:
- Тастап кет менің өгізімді, атым Шотана, жердің тесігіне тығылсан да қоймаймын, - дегенде алған ұрылар Түндіктін өзенінен асып барады екен», - деп жазады. [11, б. 314]
Орманшы – Ақсары – Шотана батырдың Абылайға айтқан сөзі:
- Бақ – бір қу таяқ; ырыс – құт деген оған сүйеніш болатұғын. Көдедей көп сарттың ортасында жүріп, хан болатұғын болсан, көзін көрмеді ме, қолын тимеді ме? «Дүние бұзылса, Бұхараға сыяды, // Бұхар бұзылса дүниеге сыймайды» - деген екен. Бұхараға сыймай, Арқаға келіп едін! Қара басын қаңғып жүріп, Сарыарқаға сыймағаның ба? «Ер толқыса, ел сүйейді, // Су толқыса жар сүйейді» - деген. Ел толқыған су емес пе, хан деген оған сүйеу боларлық жар емес пе?! Лақ ойнақтағанына құлаған жар орынға тұрып, іске жарай ма?! [12, б.12-13]
Қазақ тарихи жырларының мәселелері атты жинақта Шотана батыр жөнінде Олжабай батырға арналған бөлімде мынадай мысалдар келтіріледі:
Олжабай кезінде қолбасы, батыры болғанымен ханның кейбір саясатын қолдамаған, кейде ашық қарсы шыққан. Жыр соныңда сондай бір уақиға сөз болады. Абылай бір тентектігі үшін Төртуыл-Тұлпар Ботахан мен Қаракесек Жанайды байлатып, зыңданға салады, Ботахан ызаланып өзін-өзі жарып өлтіреді. Бекболат пен Едіге бастаған бүкіл Бес Мейрамның баласы көтеріліп Абылай ханның ордасын шабуға аттанады. Жырда жетіжүз кісілік қолды бастап барған Олжабай батыр Абылайға былай дейді:
Абылай деген ханым ең;
Бұл Орта жүз ішінде
Лаулап оттай жанып ең.
Батыр болсаң басында,
Төле бидің түйесін
Сонда неғып бағып ең?..
Қолға түсіп қалғанда,
Ажыратып алып ем...
Абылай кешірім сұрап, Жанайды босатады, қолды қаншама тарту-таралғымен қайырады.
Шындығында осындай уақиғаның болуы, оған Олжабайдың қатысуы да рас. Бірақ Абылайға қарсы бүкіл бес Мейрамды көтеріп, қолды бастаушы – Қаракесек Бекболат би мен Сүйіндік Едіге би. Олардың атынан елші болып, ханға әлгіндей сөз айтатын Орманшы Шотана деген кісі. Сонсын Абылай ешкімнен кешірім сұрап, кішіреймеген. [13, б.146-147]
Қошқарбай батыр
Тарихи фактілерге жүгінер болсақ, Абылай ханның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі 1723 жылғы әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған үлкен соғыстан кейін, еуропалық есеп бойынша 1750 жылдар шамасында басталады. Сөйтіп қазақ даласы жоңғарлардан тазартылады. Бұл азаттық соғыста Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай секілді қолбасшылар айтарлықтай рөл атқарды. Ал, жоңғарларды әскери қорған ретінде салынған Омбы түбінен қуып, Обь өзенінен асыруда Қошқарбай батырдың сіңірген еңбегін ерекше атап өтуге тұрарлық. 1755 жылдар шамасында болған осынау тарихи оқиғалар жайында кезінде «Азия» кітабына жазылып, 1913-1917 жылдары «Қазақ» газетінде мақалалар жарияланды.
Белгілі саяхатшылар Г.Н. Потанин мен С.И. Семенов Тянь-Шаньский қазақ даласын аралап жүріп ел аузынан 1868 жылдары көптеген мәліметтерді жазып алған көрінеді. Міне осы айғақтардың біразы ұлты неміс Карл Риттер жазған «Азия» кітабы орыс тіліне аударылғанда, сол кітапқа еңгізіледі.
«Абылайханның Қошқарбай деген батыры жоңғарларды Омбы қаласы тұрған жерден Обь өзенінен асыра қуып тастаған. Бұл туралы Барнауыл оязында Сібір мұжықтарының айтып жүрген әңгімелері көп дейді».
Бұған дәлел ретінде мына бір жайды айта кетуге болады. Қошқарбай батырдың жұрағаттары Ертіс өзенінен 10-15 шақырымдай жерде орналасқан Қараөзек деген елді мекенде (Черлак оязы) әлі күнге дейін ұрпақ өрбітіп, өмір сүріп жатыр. Ә.Бөкейханов Ф.А.Щербинаның еңбектерін негізге ала отырып: «Қыпшақ Қошқарбай батыр 1755 жылы жоңғарларды Обьтан асыра қуып тастады. Қошқарбай батырдың жолдасы қосайдар қыпшақ Тілеуберді ұрпақтары содан бері Құлынды даласында тұрып жатыр деп» деп жазады. (Ә.Бөкейханов шығармалары, «Қазақстан», Алматы баспасы, 1994 ж.) Үлкендердің айтуынша, Қысыраудың Мөнкесінен тарайтын
Андыбай, Жақсыбай, Жиенбай ұрпақтарының алдыңғы көші Ертіс маңынан Қараөткел өңіріне осы тұста келген екен.
Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бергі уақытта Қошқарбай батырмен бірге өмір сүрген, жоғарыда аталған аталарымыздың ұрпақтарының Есіл бойына біржола қоныс тебуіне батыр себепкер болса керек. Қошқарбайды қатты қастерлейтін Жақсыбай жорықтарға бірге аттанып, жауға шапса да, күрделі бір мәелелерді шешу барысында белсенділік танытып, әсіресе әскерді ұстауға көп жәрдем тигізеді. Сонымен батырдың назарына ілігеді.
Ертіс бойынан құлан қыпшақтардың көшпенділік өмірі қазақ жерінде Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің аяғына дейін созылады. Бостандық сүйгіш жауынгер бұл жолы да ұлы қозғалыстың алдыңғы сапынан көрінеді.
Иә, бүгінде Қошқарбай батырдың сіңірген еңбегі мен батырлығы жайындағы әңгімелерді ел аузынан көптеп естуге болады. Жүріп өткен жолдарын білдіретін айғақтар да жетерлік. Десек те, жазбаша шежіре болмағандықтан айтылған айғақтардың бәрін бір жүйеге келтіру қиындық туғызып, қолға алынбай келеді. Өкінішке орай, батырдың қай жерде туып, қайда қайтыс болғаны, неше жасқа келгендігі, қайда жерленгені белгісіз. Тарихи деректерде айтылған ерлік істері жайлы әңгімелерге қарағанда ол: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бұрын туып, қазақ халқы Ресейдің қол астына кірген тұсқа дейін, өмір сүріп, қарттық ғұмыр кешіп, жетпіс жастан аса қайтыс болғанға ұқсайды.
Алдажар қажының айтуынша Барыс жылы туған батыр жетпістен асып, сексенге қараған шағында дүниеден өтіпті. Қасиетті атамекен Қаратауды бір көріп қайтамын деп барған сапарында қайтыс болыпты. Сүйегі де сол жақта жерленген екен» - дейді Бәкеш пен Шубай ақсақалдар өз әңгімелерінде. Бірақ батырдың дәл қай жерге жерленгенін дөп басып айта алмады. Ал, батыр ұрпақтарының бірі Астрахан ауданындағы Жыланды ауылында тұрған Нұрғали ақсақал мен аталас ағамыз Мәули Сағымбайұлының айтуынша Омбы маңында көз жұмғандығы жайлы әңгіме бар. Бұл әңгімені мен Сағын Көзжанұлының аузынан естіген едім (Көкшетау облысында Қошқарбай ауылы деген ауыл бар, Қошқарбай шоқысы деп аталатын жер атын бәрі біледі. Бұл жерде батырдың біраз ұрпақтары тұрып жатыр. Кім біледі, бәлкім, зираты осы жерде болуы мүмкін...?)
Ал енді батырлығына келетін болсақ, қылыш жүзінде ойнаған, әскер ісін жетік білетін Қошқарбай батыр бүгінде аты аталып жүрген батырлардың көпшілігімен үзеңгілес серік болып бірге соғысқан. Оны Жаяу Мұсаның «Ер Олжабай» поэмасындағы мына бір жолдардан айқын аңғаруға болады:
... «Қолбасшы ел ағасы ер Олжабай,
Жер-жерден қол жияды ер Бөгенбай.
Қарқабат, Қарауыл мен Найман, Керей,
Келеді Қыпшақтан ал ер Қошқарбай.
Ақылды, батыр кісі Сары Баян,
Бәсетиін Малайсары ол данышпан.
Шақшақұлы атақты ер Жәнібек,
Қаракесек Қайырлы би ер Қазыбек.
Арғында жаңа шыққан би Едіге,
Мейрамға ұран болған ер Олжабай»,
«Ер Олжабай»
Бұл үзіндіде Қытайға қарсы Талқы қамалындағы соғысқа қатысушы қолбасшылар жырланып отыр. (Ә.Марғұлан, «Олжабай батыр»).
Сондай-ақ Ертіс төңірегінен шыққан Жазы, Жолаба, Тілеуберді батырлармен бірге соғысып, Қошқарбай батыр да Сілеті өзенінің бойын жоңғарлардан тазартуға қатысқанын растайтын ел аузында сақталған естеліктер өте көп. Мәселен, Омбы төңірегінде туған Байсерке би Түгелұлы (1760-1841 жылдар) батырлар туралы көп әңгімелерді ел аузында қалдырған. Бірақ, оларды зерттеп, бір жүйеге келтіріп, тарихқа еңгізу жұмысы әлі күнге қолға алынбай келеді. Сондай әңгімелердің бірін Шубай ақсақал «әкемнен естіп едім» - деп маған айтып берген еді.
Қошқарбай батырдың Есіл бойын қалмақтардан тазартқанын айғақтайтын әңгімелер Қараөткел өңірінде кең тараған. Тіпті дәлел болатын белгілер де көп. Ел ішінде осы тұста Қошқарбайдың Қанжығалы қарт Бөгенбаймен, Өтеген, Шаншар, Құдайменде есімді батырлармен тізе қоса отырып соғысқанын көнекөз қариялар жиі айтып отырады. Ал нақтылы белгілерге келетін болсақ, мына бір әңгімеге жүгінуге болады. Қалмақтарды қуу барысында Бөгенбай батыр қосыны Астрахан ауданының Жыланды тауы мен Өндіріс ауылы орналасқан тұсқа қос тігеді. Жыланды тауы басына шығып, жауды бақылайды. Міне, осы аймақ қазір Бөгенбай жазығы деп аталады. Сол секілді Шаншар батыр бастаған қол мен жоңғарлар арасындағы қақтығыс болған жер – Шаншар төбесі аталады. Орыстардың селосы орнаған соң бұл өңір Чанчарка атанып кеткен көрінеді. Бұл қазіргі Астарахан ауданындағы Новочеркасск селосының маңы.
«Сілеті өзенінің бойында болған бір соғыста Қошқарбай төрт рет қатарынан жекпе-жекке шығып, жоңғарлардың төрт батырын бірінен соң бірін жер жастандырса керек. Өйткені қарсыласы қандай батыл адам болса да, Қошқарбайдың сұсты жүзінен қатты сескенеді екен. Осынау соғыстағы батырдың жекепе-жектеріндегі жеңісін дәріптейтін ел аузында сақталып қалған жырда Қошекең бейнесі былайша суреттеледі:
«Сұқ саусағы бір қарыс,
Жұдырығы гүріздей,
Екі жарым кез бойы бар,
Бұжыр беті бүлкілдеп,
Түксиген қара қабағы,
Теңіздей терең тұңғиық,
Жарқылдап қос жанары,
Атойлап жауға тигенде
Екпініне шыдамай,
Жоңғар безіп барады.
Төрт батыры жер жастанып,
Боздап кетіп барады»
- деген жыр шумақтарын Шубай ақсақал жатқа айтушы еді. Бірақ бұл шумақтардың қандай жыр, иә өлеңнен екендігін дөп басып айта алмап еді. Екіншіден, батырдың жекпе-жектерде үнемі жеңіске жетуіне Кертөбел атты тұлпарының да пайдасы тисе керек. Ұрыс кезінде Кертөбел жүріп-тұруды иесінің дене қимылынан, тақым қысуынан түсініп, мүлтіксіз орындайды екен. Екі қолын еркін қимылдатуға мүмкіндігі мол болғандықтан батыр найза-қылышын емін-еркін сермеп, қарсыласын жер жастандырып отырған.
Батырдың адалдық пен әділдікті жақтайтын қасиеті ел басқаруда жәрдемін тигізсе, оның осындай батырлығы мен жүректілігі Абылайды сүйсінтіп отырған. Абылай хан мен батыр арасындағы қарым-қатынас жайлы ел аузында сақталған мынадай бір әңгіме бар.
Жоғарыда айтқанымыздай, батырдың өз бойындағы және атының ерекше қасиетін қызғанған кейбір шолақ ойлы күншілдер: «Қошқарбайдың бағы тек Кертөбелде» деген әңгімені ханға жеткізіп, Кертөбелді қалап алуды ұсынады. Ханның ойын іштей сезіп жүрген Қошқарбай қолбасшылар бас қосқан бір жиынға сәл кештеу келіп, ханға: « - Уа, ардақты хан ием! Менің сезімім саған ат керегін сездірсе, мен өзіме бас керегін айтқым келеді» - деп шығып жүре беріпті. Сөз түсінетін Абылай хан батырдың ренжігенің біліп, кейін райынан қайтқан көрінеді.
Абылай ханның Қошқарбай батырды қатты қадірлегенін, оның рөлі өз ортасында өте жоғары болғанын мына бір әңгімеден айқын аңғаруға қиын емес.
Бірде орыстармен келіссөзге жүргелі жатқан Абылайға ауызы дуалы билердің бірі: - «Хан ием, Бөгенбай оң қанатын болса, Қошқарбай сол қанатын. Айбарынан адам баласы сескенетін батырды қасына ертсен ұтпасаң, ұтылмайсын. Осы жолы елшіліктің тобына Қошекенді де қосып ал» - деп кеңес береді. Хан құп алып, орыстардың ортасына барғанда, олар: - «Апырай мынандай да адам баласы болады екен. Батырлық, алыптық көшпенділерге де тән нәрсе ме?!» десіп таң қалысыпты. Сол жылы орыстардың ішінен біреуі ханнан қатты өтіне отырып, Қошқарбай батырдың бойы мен салмағын өлшетіп алса керек. Батырдың салмағы - 8 пұт, яғни 128 кило, бойы екі жарым кезден сәл артықтау /екі метрдей/ болса керек. Бұл фактіні көп жыл Қарағанда мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарған белгілі ғалым, ұстаз Қалжан Тұңғышбаев Омбыдағы архивте болғанында тарихи құжаттарды ақтара отырып кездестіріпті. Ал мен ол кісінің айтқанын қағазға түсіріп алған едім.
Міне, ел тарихынан елеулі орын алатын Қошқарбай батырдың ұрпақтарының арасынан да ел қамын ойлаған адамдар көптеп шыққан. Негізінде бізге дейін келіп жеткен мәліметтер бойынша Қошқарбай батырдан өрбіген 16 ұрпақтың 11-і ер бала көрінеді. Олар: Есет, Толыбай, Жақып, Қонай, Көтен, Торпақ, Кеңгірбай, Хангелдіден, Жақыптан /молла балалары/ тараған ұрпақтар Көкшетау облысында тұратын көрінеді.
Ел басына күн туған сонау аласапыран кезеңде елін-жерін қорғаған батырлар өз ұрпақтарын жорықтарын бірге алып жүрген. Мәселен, Қонай, Көтен есімді балалары жорықтарда әкесінің жолын қуып, талай ерліктерімен көзге түскен жандар екен.
Ал Жақып атты баласынан тараған ұрпақтарды бүкіл қазақ халқы молла балалары деген ата ретінде жақсы біледі. Қошқарбай батыр бірде жаугершілікте еліне қайтып келе жатып, бір ауылдан қағаз қалдықтарын жинап жүрген жас баланы тауып алады. Баланың жинап жүргені шашылған, жыртылған Құран Кәрімнің беттері екен. Үйіне алып келіп, бала етіп асырап алады. Атын Жақып қойып, өзінің баласы екендігін, кімде-кім оны мойындамаса, теріс батамды беремін деп жар салады. Әрі Жақыпты Қошқарбайдың бәйбішесі жақсы көріп, еміреніп бауырына басады. Міне, осы Жақып үлкен молла болып шығады. Бала кезінің өзінеде кітап ашып, батырға түрлі болжамдар айтып әрі онысы дәл шығып отырады екен. Бірде батырға сапардын олжалы қайтатынын айтып, келген соң үлкен олжанды маған байлайсын деп уәдесін алып қалады.
Батырдың қалын қолы, айтқанындай жорықтан келе жатып, риза көңілмен бір жерге тоқтайды. Осы кезде қолға түскен бір сұлу қыздың шешесі желмаямен қуып жетеді. Әйелді бір топ адамның ортасында отырған адамның алып келгенде оған қаймықпай қарап: «Е, міне, Қошқарбай сен боларсын! Асың, асың, асыңа, береке берсін басыңа. Өлім берсін сиқыңа. Олжалап бара жатқан қызымның киесі бар. Еліне барған соң өзін ал, немесе жақсы көретін адамыңа бер. Қызымнан жақсы ұрпақ тарайды» - деп жөніне кетеді. Батыр елге келген соң Жақыптың тілегін ескеріп, әрі қыздың шешесіне берген уәдесін орындап, қызды жақыпқа қосады.
Айтқанындай, Жақып пен Қалмақ қызынан атақты адамдар көп тарайды. Солардың бірі – қазақ халқының Ақмолада сайланған соңғы сұлтаны – Ыбырай Жайықбаев. Халық ол кісіні қадірлеп, Бағайекен деп атап кеткен екен. 1742 жылы Әбілқайыр бастаған қазақ сұлтандары мен билері, батырлары бас қосып, Ресей үкіметіне бағынуға ант берген (Русское-казахское отношение 17-18 веках).
Ал Бағайекен «Менің билігімдегі қазақ жері кең. Оны аралап, халықты келісімге шақыру үшін жиырма бес жыл уақыт керек. Сондықтан осы мерізімге мұрсатана сұраймын» - деп отырып алған екен. Сөйтіп, өзіне қараған елдің бодандығын 25 жыл кейінге қалдырған дейді. Ел басқарудың жаңа жолдарын іздеген аға сұлтан халықтың білімін біліп, Омбыдағы генерал-губернаторға хат жазып, рұқсат алып, жер-жерде мектеп, медреселер ашады. [14, б.18-21]
Тұрсынбай батыр
Мәшһүр-Жүсіп жазбаларындағы Тұрсынбай ел тарихында жоңғар, қытай, қырғыз әскерімен соғысқан батыр, қол бастаған қолбасшы, елші, мәмлегер ретінде белгілі.
Бірақ ол туралы Мәшһүр-Жүсіп, Шоқан жазбалары мен архив құжаттарынан басқа дерек кездестірілмейді. Қаһарманның өзінен тікелей ұрпақ қалмағандығы (Мәшһүр-Жүсіп дерегі), батырлық істеріне қарай халық арасында «Балта керей Тұрсынбай» атанып кеткені мәлім.
М.С. Мұқанов шежіресіндегі Тұрсынбай Қарасарыұлының (1713-1819) өмір сүрген жылдары мен ата-тегі әлі де анықтай түсуді қажет етеді: Керей-Арыстанбек-Наурызбай-Ашамайлы-Үйшібай-Бахрам-Төбей-Тұрсынбай. Бекарыс-Наурызбек-Халид-Хажигали-Бегімқожа-Әлимұхаммед-Фархад-Танаш би-Балта-Қарасары-Тұрсынбай. [5, б. 86]
Тұрсынбай тоғыз жасында ата-анасынан айырылып, жетім қалғанына қарамастан отбасы шаңырағын күйзелтпей, інілері Есілбай мен Толыбайға қамқорлық көрсеткен. Өзі Түркістан түбіндегі «Қарнақ» медресесінде білім алды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама жылдары» інілері Есілбай мен Толыбай жау қолынан қаза табады. Сол тарихи кезеңде шиеленіскен қазақ-башқұрт қарым-қатынастарын реттеуге елеулі үлес қосқан. [9, б. 313] М.Ж. Көпеев жазбаларында Тұрсынбайдың әлеуметтік жағдайы, қалмақтарға барған елшілік қызметі, Абылаймен бірге Арғын руымен келіссөз жүргізгені, батырлығының сыналуы баяндалады.
1749-1750 ж. Нұралы ханмен құдалық байланыс орнату мақсатымен келген Қарабас сұлтан елшілігі туралы мәлімет сақталынған.
Аңызда бұл оқиға өзгеріске ұшыраған.
Қалмаққа елші болып келген Тұрсынбайды Қарабас ханым: «Мына отырған Балтакерей Тұрсынбай құлағы жоқ шұнақ, құйрығы жоқ шолақ екен. Ерлігінің де міні жоқ, еңбекшілігінде де міні жоқ. Жалғыз ақ айыбы жауы желкесінде екен. Онан басқа қорқар нәрсесі болмаса керек», - деп сынайды. Мұнда құлағы жоқ шұнақ деп туысқанының жаман болғанын, құйрығы жоқ шолақ деп баласы жоқтығын, жауы желкесінде деп кедейлігін айтқаны екен.
Батырдың қоғамдағы әлеуметтік тұрмысы төмен болғанын Шоқан еңбегі де растайды.
1757 жылы Талқы қамалындағы қытай әскеріне қарсы соғыста Тұрсынбай Абылай жасағының алдыңғы шабуылдаушы, кезеуілші тобының қолбасшыларының бірі болғаны туралы мағұлымат Мәшһүр аңыздарында берілген.
М.Ж. Көпеев жазбаларында Тұрсынбай батырдың Алатауды бетке алып бара жатқан Абылай ханның жорығына қатысқаны, көрдегі аруақтан қорықпай бейіт ағашын әкелгені туралы аңыз әңгіме үлгісі сақталынған.
Қаһарманның аруақтан қорықпай бейіт ағашын әкелгені туралы З. Сәнік кітабында, баспасөз материалдарында басқа бір тарихи тұлғаларға қатысты (Керей ер Жәнібек т.б.) айтылады. Салыстыру үшін Мәшһүр әңгімесінен үзінді келтіруімізге болады: «...Алатауға барды, қырғыз болсын, қалмақ болсын елмен шабысқан жоқ. Түзден ер басына бір түйе, бір аттан олжаласты. Қыс түсіп кеткен соң, асығып қайтты. Піскен тамақ таусылды. Мал сойып, ыстық қылып ішуге отын табылмады. Қол ашығыңқырап, жүдеп, баяғы көп моласы бар суға жетеміз десіп келе жатады. Абылай хан көп қолға білдірмей, екі жігітті ілгері оздырды:
- Бүгін қонатұғын жерде бір көрде бейіт ағашы бар деген. Ерте жарық барда соны тауып алып ақтарып, біреуін ақырет оранып ішінде жатындар, біреуін қайта өзінікіндей қылып бетін жауып тегістеп, адам ашпағандай қылып қойындар. Түн болған соң мен: «Бейіт ағашты алып кел», - деп, Балта керей Тұрсынбай қоғамның ішкі өмірінде де белсенді рөл атқарды.
Ботақан құнын жоқтап, Арғын руы адамдары 1779 ж. Абылайға қарсы көтеріледі. Сол кезде Абылай ханды жақтап, ханмен бірге Тұрсынбай да Шотанамен келіссөз жүргізеді.
Бұған қарап отырып, Тұрсынбайдың Абылайды жақтағаны, сүйенер сенімді адамы болғанын ғана емес, екі жақты да бітістірген мәмлегер, ел тыныштығын, Берік хан билігін ойлаған қоғам қайраткері болғанын да танимыз. [5, б.86-89]
Балтакерей-Тұрсынбай батыр
(М.Ж. Көпеев қолжазбаларының ішінде Тұрсынбай батыр жөніндегі екінші нұсқасы алынып отыр)
Абылай хан бір жорыққа аттанғанында, құс ұшпас, құла дүз (иүз) Бетпақтың сары даласында бір қаракөк кез болды. Және:
-
Кімсің?- деп, жөнін сұрағанда,
-
Көн етікті демесең, көпке та[тыр] өзім бар; көн садақты демесең, көпке тиер сөзім бар, мен- Балтакерей: Тұрсынбаймын!- деді.
-
Бәрекелді, атың анық, ттүсін танық батыр, жорықтас болайық!- дейді.
-
Жалғыз жүрсем де, жан-жағым толып жүруші ме еді, көп ортасына жабыланып (иабыланып) кетуші едім. Сізбен бір сапар жолдас болайын!- дейді.
Ханмен қосылып, Алатауға қарай бет қойып бірге жүрді. Бір ұзын судың бойында көп мола бар екен. Абылай хан Балтакерей: Тұрсын[бай] батырға:
-
Анау тұрған көп ұлытта бетағашы бар бейіт бар ма екен, [біліп] келші,-дейді,- батыр, барып аралап кел!- дейді.
Барды да, қайта келді:
- Жалғыз-ақ көрде бетағаш екен, өзгесі тас екен.
Хан еш нәрсе демеді, Алатауға барды, қырғыз болсын, қалмақ болсын, ел шаба алмады. Құздан мал құлап, ер басына бір-бір түйеден олжа үлесті (ұласты). Қыс түсіп кеткен соң, асығып қайт[ты], піс тамақ таусылды. Мал сойып, ыстық қы[лып] [ішуге] отын табылмады. Қол ашығып, жүдеп...
- Қонаға жетеміз ғой,- деп,- келе жатыр.
Абылай хан көп қолға білдірместен екі жігітті ілгері оздырды:
-
Бүгін қонатын жерде ұлыт бар, соның ішінде біреуінде бетағашы бар екен. Ерте жарықтан барып, соны тауып алып, ақыретін оранып, көрге кіріп жатындар,- депті. -Біреуің қайта орынды ғып, тегістеп, адам ашпағандай қып қойыңдар. Түн болған соң мен:
-
Бетағашты алып кел,- деп, Балтакерей: Тұрсынбай батырды жіберейін. Көрді ақтарып, бетағашқа қол қойып, алып жатқанда: «Өлген менің көрімде әкеңнің көз құны бар ма?»- деп, ал жағадан, шошыр ма екен? Шошымас оған,-дейді,- батырлығын сынайық!- дейді.
Хан жарлық қылған соң, екі жігіт бөлініп озып барып, ақыретке оранып, көрге кіріп, бұрынғыдай [кө]рді жауып, білмейтін қылып, бетін жапты да, қойды да, жымпитып, екі ... өзі бір сайға барып жасырынып жатты да, жер қайысқан қол келіп, ұзын аққан суға төнді. Қол ашығып, күн ақ жауын, от [жағуға] тамызық отын жоқ, Абылай хан айтты:
-
Уа, Тұрсынбай батыр, ... түнеугі көрген молаңның бетағашын алып келіп, ерлік [жас]амасаң, қол аштан өлер болды,- депті.
-
Бұрын көрген сен болмасаң, [басқалар] тауып алып келе алмас,- дейді хан Тұрсынбайға айтыпты.
-... Тас-талқанын шығарып алып келейін!- деп жөнелді. Бара-ақ тас-талқан қылып, бетагашын шауып, ішіне түсіріп жіберді. Сонан соң қолын созып ала бергенде, көрдің ішіндегі:
-
Менің көрімде әке[ң]нің көз құны бар ма?!- деп, жағасынан шап беріп ұстап ала тұра келді дейді.
-
Уай, енеңді ұрайын, ах, пәлен етейін! Сен шалажансар өліп жатқан болсаң, мен сені шын өлтіріп кетейін!- деп, -Өлген кісі өліп жата берер болар. Тірі кісі бетағашты алып, жаға берер болар. Өлі саған бола тірі Абылай аштан өлейін деп жатыр!- деді де, үстіне міне түсті де, жалма-жан жекеауызын суы-рып жатыр еді:- Басын кесіп тастайын!- деп, шын өлтіретін болған соң, кезі жетіп, шалқасынан жатып күліп жіберді, астындағы батыр жалынды дейді:
-
Мен өлі емеспін, тірі кісімін. Сізді сынамаққа хан бұйырып еді.
-
Бәсе, солай десейші! Мен ойладым: «Шалажансар өлген неме, қой, мен шын өлтірейін!- деп едім,- депті.
Сонан соң бәрі бас қосып, бетағашын алып келіп, ыстық қылып ішісіп отырғанда, хан жанында отырып:
- Еш нәрседен қорқынышлық болды ма?- дейді.
- Тақсыр, неге қорықпайын?! Он алты жасымда әкем пәлен ханға нөкерлікке: «Осы баламды батырлыққа баулып бер!»- деді. Сонда бардым, ханның жылқысын бақтым. Жарқырап жаз шыққан соң, күн күркіреп, көк шыққан соң, бір ақ боран болып, жылқы ықты, жылқыменен бірге ықтым. Үш күн, үш түннен соң, күн шайдай ашылды, жылқы жусады. Мен де аттан түсіп, жата қалдым. Көзім ілініп бара жатса, өне бойым мұздай болып, шымырлап бара жатқан соң, көзімді ашып жіберсем, білектей қара шұбар жылан өзімнің дәл үстімнен жүріп, аузыма жақындай бергенде, өзімен аузым толғанша, шыдап жатым. Басы аузыма келді, құйрығы бөлек қалды. Толғап-толғап басын жұтып жібердім. Қорықпасам, жыланды жеймін бе?- депті. - Өзімнің жан болып, корыққаным-сол!- дейді.
- Бәрекелді, батырың қатты қорыққан екен!- дейді. [7, б. 133-134]
Гаухар батыр
(поэма)
Малайсарының қаны бір қарындасы Гаухардың ерлігіне де тоқталмасқа болмайды. 1724 жылы қазақтардың сол кездегі астанасы Түркістан қаласын жоңғарлардың қалын қолы тұтқиылдан шабуылға алады. Осы шайқаста Кіші жүздің ханы Әбілхайыр отыз мың әскер, Орта жүзден Сәмеке жиырма мың әскер дайындап, Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарларға қарсы шабуылға шықпақ болып жатқанда, Гаухар жоңғарлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайдың қасына барып, оларды жау жағдайы жөнінде толық мәліметтермен қамдайды. 1725 ж. әйгілі «Бұланты» жеңісі осының нәтижесі еді. Кейін Гаухар Қабанбайға өмірлік жолдас болып, ұзақ жылдық соғыстарда Қабанбаймен бірге жүріп ұрыс жасайды. Уақыт өте келе ел аузында жыр дастанға айналған әйгілі «Гаухар батыр» атанады. Қабанбай мен Гаухар, яғни қос батырдың қосылуына сол майдан даласы себепкер болады. [15, б. 40] Гаухар батырдың азан шақырып қойған аты – Майсара болса керек. [9, б. 107]
Гаухар батыр
(жырынан үзінді)
Гауһар қыз тартып туған ағасына,
Ұшқын бар байсалды көз қарасында.
Өжет боп ел көзіне түскен екен,
Он екі, он үш жастың арасында.
Ол кезде аштық, тоқтық бәрі малдан,
Мал болса көшпелі елдін жаны қалған.
Тал түсте қойға шапқан бір көкжалды,
Өжет қыз үзеңгімен соғып алған.
Ел естіп бұл хабарды қайран қалды,
Аралап Арғын, Қыпшақ, Найман барды.
Батыр әке қызына масаттанып,
Анасы «мұның не » деп ойбайлады.
* * *
Ежелден іргелі ел Бәсентиін,
Жұп жазбай сыннан өткен неше қиын.
Тоқтауыл ауылында ас беріліп,
Күзге салым үлкен бір болды жиын.
Төр жайлау арналы өзен жағасында,
Үй тігіліп үш ауыл шамасында.
Ағылып игі жақсы келіп жатты,
Елдінің бетке шығары бәрі осында.
Бақталас басталды да кетті қызып,
Жамбасы палуандардың жерді Сызып.
Жамбыны атып еш мерген түсіре алмай,
Масқара жұрт алдында болды қызық.
Тұрғанда садақшылар жерге қарап,
Ортаға шыға келді бір жас талап,
Гауһардың таңғажайып мергендігі,
Осылай ел ішіне кетті тарап.
Гауһарды тойдың сәні деп айтады,
Домбыра шертіп, шырқатып ән айтады.
Атқа мықты, найзагер қапысы жоқ,
Ұстазы — өз ағасы Малайсары.
Батырлық бара-бара шынға айналды,
Қыз бала ерлігімен ұлға айналды.
Көркіне ақылы сай, сөзге шешен.
Осылай Гауһар аңыз, жырға айналды.
«Жорықта жарты малта арман» дейді,
«Дос — арттан, жауың келсін алдан» дейді.
«Атадан ұл боп тума, ер болып ту»,
Деген сөздер Гауһардан қалған дейді.
* * *
Қоңыр тау, бұқпасы көп Абыралы,
Жорықтың естіледі дабылы әлі.
Абылай заманында аталыпты,
Мерт болып жекпе-жекте Абыр, Әлі.
Жоңғарлар осы таудан асқан күні,
Қазақ қолы канша деп бас қатырды.
Абырды осы тауда қалдырылды,
Арқауыл хан Дөржінің бас батыры.
Әрине, жалғыз емес Абыр ноян,
Серігі қанша екені өзіне аян.
Тасадан қазақ қолын санап жатты,
Секілді тас түбіне бұққан қоян.
Жорыққа аттанғаны биыл емес,
Ұйқыға, тамаққа көп үйір емес.
Құлағын жерге тосып, желген аттың,
Тұяғын санап шығу киын емес.
Сол үшін Дөржі жақсы көрген еді,
Қасына бұл жолы да ерген еді.
Шапқан аттың үстінен садақ тартса,
Жүзікті іліп түсер мерген еді.
Күні-түн бағып отыр құба жонды,
Тың тыңдайды, шолады оң мен солды.
Ұшқан құс, жүгірген аң — бәрі есепте,
Сарқылды бірте-бірте қазақ қолы.
Жаңа шеп таудың оң жақ етегінде,
Тосыннан көзге түсті ертеңінде.
Салт атты қазақтардың бір-бір түйе,
Келеді маң-маң басып жетегінде.
Бұл қалай, түйелер бос, жүгі қайда?
Бұл жұмбақтың шешуі, сыры қайда?
Теңдеп артқан асы жоқ, сусыны жоқ,
Мұнша түйе не керек Абылайға?
Абыр да көпті көрген жырынды еді,
Мырс етіп, мұның сырын ұғынды енді.
Бұлардан бұрын Дөржіге біз жетейік,
Қосшыға, атты әкел, жүгір, деді.
Өткізіп қолды ұзатып жіберді де,
Қабағы Абыр ноян түнерді де,
Тасамен бой жасырып жортқан бұлар,
Тоқтады бір өзенге тірелді де.
Өзеннен жаңа өткен бес-алты атты,
Шығысқа қарай бет алып бара жатты
Бұлар мойын бұрғанша Жоңғар тобы,
Сыртынан суылдатып садақ тартты.
Бұл қарақшы неше рет қан төкпеді,
Жебесі бұл жолы да қалт кетпеді.
Қан құйылған көзіне шалынған жоқ,
Өзінің нөкерінің жалп еткені.
Ерлікке бұдан әрі бара алмады,
Өтуге өзенге ат сала алмады.
Бұл өлсе — жерге бірге көмілмекші,
Түйелі қазақтардың амалдары.
Мұрша жоқ ойлануға бұдан артық,
Жалт берді ашу-ыза бойын шарпып.
Қараса арт жағында екі сардар,
Тұр екен найза кезеп, тізгін тартып.
Сан көрген ноян мұндай тосын жайды,
Бетпе-бет келген жаудан тосылмайды.
- Жекпе-жек!— деп аулаққа шыға берді,
- Біліп тұр, бұлар енді кашырмайды.
Екеудің бірі жап-жас, бірі мосқал,
Бірі емен секілді, бірі жас тал.
Жекпе-жектің талайын бастан кешкен,
Абырға екеуі де болмайды астар.
Тебіне берді ілгері «кәрі емен»,
Шашақты найза ыңғайлап сәніменен.
Жас батыр тоқтаңыз деп ұмтылғанда,
Өткелден дауыс шыкты «Әлі!» деген.
Мерт қылмайын деді ме, бекер ерді,
Өзеннен көкжорғалы өте берді.
Айқаса кетқен Абыр мен Әлі боздақ,
Көзін жұмып өмірден кете берді.
Қешқұрым қандай қызыл адам қаны,
Ноянды көкжорғалы ала алмады.
Өйткені қан төкпей-ақ мерт қылудың,
Қапысын андығанмен таба алмады
«Не деген бұл қазақтың қолы епті...»
Абырдың біраздан соң әлі кетті.
Найзасын белдікке орай салған қазақ,
Ноянды ат үстінде дөңгелетті.
Абыр да айла тауып мұнысына,
Жармасты беліндегі қылышына.
Ақ алмас ақырында билік айтты,
Қос батырдың жекпе-жек ұрысына.
- Шіркіннің сауытының ауырын-ай...
- Сылқ еткен қалдырды да жауын былай,
- Әлінің қасына кеп аттан түсті,
- Бір туған болып кеткен бауырындай.
Гауһардың алдынан жау кұтылған ба,
Жас мөлт етті қабағын шытынғанда.
Қос бұрым иығына суси берді,
Басынан дулығасын сыпырғанда.
Теңі кім, батырлардың теңдесі кім,
Ақтарды тарих бүгін елге сырын.
Ерлікті елеп Қабанбай, Гауһар батыр,
Әлі деп атын қойған кенжесінің.
* * *
Басқарған қазақ қолын хан алдында,
Іске асты Қабанбайдың амалы да.
Қос өркешті түйелер қалың қол боп,
Көрінді жау көзіне таң алдында.
Абылай жүзі сұсты, көзі нұрлы,
Риза боп бұл амалға күліп тұрды.
Қос өркеші түйенің екі адам боп,
Саны көп жоңғарларды дүрліктірді.
Қабанбай кірпік ілмей таңды атырды.
Міз бақпай, ақ ту ұстап алда тұрды.
Жекпе-жекте дарабоз, шепті бұзып,
Атанды осы жолы Хан батыры.
Бақи Әбдіқадыров. [6, б. 66-69]
Сеңкібай батыр
Би Сеңкібай кешегі,
Ерекше ер деседі.
Тіл біткеннің шешені,
Жауға бермес есені.
Әруақты – көшелі,
Қазақтың алғыр көсемі. (Ел аузынан)
Қазақтың тағы бір айбынды жеңімпаз батыры әрі ділмар шешен биі – Сенкібай Оразғұлұлы. Ол 1709 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында туып, 1786 жылы бұрыңғы Қызылтау жайлауында қайтыс болды. Оразқұлдың бірінші әйелінен Сенкібай, Ақкісі, Желтау, Найза, Қылыш, Ақжол тарайды. Екінші әйелінен Шой, Тайсары, Қойсары тарайды. Бұл тоғыз ұлдың ең үлкені. «Биата», аталып кеткен. Сеңкібай баба екен. (Н.Төреқұлов «Қазақтың жүз биі». «Қазақ әдебиеті» 1993 жыл). Біз енді осы Биата туралы сыр шертпекпіз:
Сарыарқаның жер жаннатының бірі қасиетті Қарқаралы топырағында шамамен дүниеге келген «Сеңкібай» бабамыздың 17 жасынан бастап басына дулыға, үстіне сауыт киіп, қолына шашақты найза Абылай ханның қалын жасағымен бірге жоңғар шапқыншылығына бастап қарсы шыққаны, қан майданда жауды күйреткеннен кейін елге оралған ол қара қылды, қақ жарған батагөй би, дуалы ауыз әулие атанғаны туралы біраз әңгіме естіген едік.
Бөгенбай жасағының құрамында кейін қазаққа әйгілі болған би шешендер мен жыраулар да болған еді. Солардың бірі өзінің ақыл-парасаттылығымен, әділ-төрелігімен жұртқа танылған Сенкібай еді. Тарихи шежіреде айтылғандай Бөгенбай батыр Орта жүзден жиналған он мың қолымен Алакөл шайқасына бара жатқанда жолшыбай Қарқаралының жарлы өзенінің бойына тоқтап, жасағын демалдырып, жүздіктерге, мыңдықтарға бөліп, әр-түрлі ұрыс-тәсілдерімен жаттығулар жүргізеді. Ол сол шақта Қаракесек руының қарт батыры Қожас ауылы жайлауда отыр дегенді естіп, әкесінің досына сәлем берейін және бата алайын деп арнайы іздеп барады. Қожас оның келгеніне өте разы болып үлкен қошаметпен қарсы алады. Қожас әулеті бай баласы Оразғұлға бірнеше арнайы үй тіктіріп, Бөгенбай батырға ерекше сый көрсетеді. Оразғұл ағайын арасында қайырымды, адамгершілігі мол, дәулетті кісі болыпты. Ел оны «Ожаң» дейді екен. Әсіресе, Ожанның үлкен баласы Сеңкібай қонақты күтуде өте бір ілтипаттылық, тапқырлық көрсетеді. Бөгенбай жас Сеңкібайдың ақылдылығына шексіз риза болады.
Қожас осы жолы Бөгенбай батырға немересі Сеңкібайдан зор үміт күтетінің айтады. Бөгенбай батыр жорыққа аттанар алдында Сенкібайдың түр-тұлғасына, жүріс-тұрысына қызығып, оны өзімен бірге ала кетеді.
Сенкібай қарт атасының тәрбиесінде болып, жас күнінен садақ тартып, найзаласуға, жекпе-жекке шығуға машықтанады. Сөйтіп, ат құлағында ойнап өседі. Он бес жасында ауыл арасындағы, ағайын ішіндегі реніш-қуаныштарына ортақ болып, даулы мәселелерге билік айта бастайды. Сенкібайдың әділдігі, ақыл-парасаты жас кезінен дараланып, ел көзіне түседі. Сенкібай биді жас кезінен-ақ жақсы білген Бөгенбай батыр оны жақсы көріп, ерекше құрметтеген екен. Кескілескен шайқастар артта қалып, бейбітшілік орнаған кезде, бір жолы Сенкібай би жолдастарымен түн-күн қатып жоғалған жылқыларды іздеп жүріп, қалын жұрт жиналып жатқан бір ауылға ат-басын тірейді. Жолаушылар жолыққан бір адамнан сұрастырып көрсе, бұл екі ел арасындағы егеске бітім айтылатын жиын екен. Және де арнайы тігілген сегіз қанат үйде Бөгенбай батыр да бар екенін естиді. Аттарынан түсіп, үсті-бастарын қағынған жолдастарына Сеңкібай: қарт батырға сәлем беріп шығайын деп үйге кіреді. Бөгенбай есіктен кіріп келе жатқан Сеңкібайды көре сала:
-
О, Сеңкібай би келді, сапарын ақжолтай болғай. Жоғары шық, деп қолын алып амандасқан соң, оған оң тізесінен орын ұсынады. Үй толы ақсақалдарға біраз бағдарлай қол жіберіп, алған Бөгенбай оларға көтеріңкі үнмен:
-
Мына келген кісі Қара-Шордың Сеңкібай деген биі. Бүгінгі жер даудың барлық шешіміне, бітіміне түгелдей сол иелік етсін, - дейді.
Сонымен танымайтын қалын жұрт алдында Сенкібай қазылық жасайды. Көп жылдан бері шешілмей келе жатқан жер-су дауын шешіп береді: Оның “қара қылды қақ жарған” әділ билігіне жиналған ел де, Бөгенбай батыр да риза болады.
Орта жүздің Қарқаралы уезі қазақтарының Арғынның ұрпақтары екеніне ешкім дау айтпайды. Сол арғынның бірінші әйелі Аргүлден Мейрам туады. Мейрамның үшінші әйелі кейінгі ұрпағы аруағына сиынған Қарқабат анамыздан алты алашқа әйгілі Қаракесек (Болатқожа) өмірге келеді. Енді әрі қарай ата қуа тарататын болсақ Қаракесектан (Болатқожадан) Ақша – одан Түйте, Түйтеден Танас, Танастан Сары туады. Сол сарының тұңғыш ұлы Қожас жалпақ елге атағы жайылған батыр болады. Қанжығалы Бөгенбай батыр он мың қолмен Алакөл шайқасына бара жатқанда жолшыбай Қарқаралының жарлы өзенінің бойына тоқтап, жасаған демалдырып, жүздіктерге, мындықтарға жіктеп әр түрлі ұрыс тәсілдерінен жаттығулар жүргізген екен. Ол сол манда әкесінің үзеңгілес досы Қожас батырдың ауылы жайлауда отыр дегенді естіп, оған сәлем беріп, бата алайын деп арнайы іздеп келеді. Атағы жер жарған Бөгенбай баһадүрдің ішеттілік көрсеткеніне бек риза болған Қожас өзінің немересі, дәулет иесі Оразғұлға бірнеше ақ боз үй тіктіріп, батырға үлкен сый құрмет көрсетеді. Сенкібайдың әкесі қара шаңырақ иесі Оразғұл ел ішінде адамгершілігі мол, әрі адалдан жинаған дәулет иесі болған. Оразғұлдың мейірбандығын қадірлеген қалын жұрт Ожаң деп атап кеткен. Қазірге дейін ел арасында Ожанның қайрымдылығы мен мәрттігі туралы ұмытылмай, бірден-бірге ауыз-екі тараған әңгімелер аз емес. Арасында екі ғасырдан астам уақыт салып кеткен. Сонау бір жылы бүкіл Қарқаралы төңірегінде қалын мұз жауып, мал жұтап ел күйзеліске ұшырайтын күн туыпты. Осындай қиын қыстау кезде Оразғұл қойшы малшылар мен көп жылқысын Сыр бойына қарай айдайды. Ол ел жағасы жайлауда дегендей табиғат апатынан аман екен. Оразғұл жайылымға жылқыларын жайғастырып болған соң сол маңдағы ел жұртпен танысайын деп бір-екі жолдасымен келе жатса, алдынан бірі атты, бірі жаяу екі адам шығады. Олар жақындаған сайын әлденеге келісе алмай дауласқан дауыстары естіледі. Аттылы кісі жаяу адамды алдына салып, салпақтатып, еріксіз бір жерге әкеле жатқан тәрізді. Жолаушыларға таяп келген Оразғұл олармен сәлемдескеннен кейін, мына Оғаш жүрістің жөнін сұрайды. Аттылы адам: - мына кісіден қарызға берген бір серкешім бар еді. Енді соны сұрасам, соқа басымнан өзге ештене жоқ деп манына жуытпайды. Сондықтан биге жүгініп, кесімін естуге әкеле жатыр едім, - деп жауап береді. Оразғұл жаяу адамға көз салса, киімі тым нашар, өні өте жүдеу екен. Жұттан қашып, елден жырақ шығып кетсе де, оған жаны ашыған Оразғұл ат үстіндегі шіреніп тұрған адамға қарап, үстіндегі түйме жүнінен тігілген шыт жана шекпенін көрсетіп. – Мына шекпенім ана кісіден алашақ серкешінің құнына тұрама? деп сұрайды. Ол: - егер шынымен беретін болсаңыз шекпенініз серкештің құнына артығымен татиды, - деп жауап береді. Сонда Ожан атынан түсіп, Серкеш даулаған адамға шекпенін шешіп беріп, - Осымен егес бітсін. Жоққа жүйрік жетпейді деген ғой. Енді би іздеп әуре болмаңыздар, - деп қош айтысып жүріп кетеді. Серкешке борышкер жаяу адам: «Мұның қалай ? Тым болмаса мына бейтаныс, қайырлы адамның кім екенін біліп алмағаным ұят болар» деп ойлайды да, Оразғұлдың атынан айқайлап тоқтатып: - мынның түсін танығанша бірдің атын біл деген. Аты-жөнінді айта кет бауырым, дейді. Атының тізгінің тартып, артына бұрылған Ожан: - мен Қаракесек деген рудан шыққан Оразғұл деген адам боламын. Сарыарқаның бір төскейі Қарқаралы деп аталатын ата мекенімізге биыл қыс түсе қалын мұз жауып, осы елге жылқымызды паналатуға әкелген едік. Қайыр қош болыңыздар деп өз жөнін айтады.
Содан біраз жылдар өтеді. Ел жұртына силы болып, Ожан атанған оның орта жасынан асқан шағы екен. Бұл Абылай ханның қалын жасағымен бірге болып, жоңғар басқыншыларына қарсы соңғы шайқасқа қатысқан оның тұңғыш баласы Сенкібай туған жеріне жеңіспен оралып, отау көтерген кез болса керек. Он үш жыл бір мүшелде табиғат құбылысы өзгеріп тұртындай арқада тағы бір қатты қыс қайталанады. Енді әкесінің ақылымен Сыр бойына жылқыны қыстатуға Сенкібай басшы болып, аттанады. Әлгі елге Оразғұл деген байдың қалын жылқысы келе жатыр деген хабар лезде тарайды. Бұл сөзді баяғыда қарыз серкеші үшін Ожан шекпенің шешіп берген адамды естиді. Ол адам сол кезде дәулет құрап, балалы шағалы болған бір ауылдың ақсақалы атанған екен. Сенкібайлар ауылға жақындап келіп, қойныпты деген хабарды естіген жаңағы кісі қосын әдейі іздеп келіп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін:
- Сіздің елде сенің әкеннен басқа Оразғұл деген адам бар ма? – деп Сенкібайдан сөз тартады.
Сенкібай оған өз төңірегінде әкесінен басқа Оразғұл деген адамның жоқ екендігін айтады.
- Олай болса осы бет алып келген, қос көтерген аймақ менің мекенім. Қыстай жылқын осы жерде болсын. Жер аяғы да кең. Тек жазғұтырым еліне қайтар шағында маған жолыға кет, - жаңағы кісі Сенкібайға қатты тапсырады.
Жылқы қыстан күйлі шығып, биенің алды құлындай бастаған кезде Сенкібай би ауыл иесімен сәлемдесіп, қош айтысуға келіпті.
Ақсақал оны құшақ жая қарсы алып, қонақ етіп, сый құрмет көрсетеді. Жайғаса отырып, дәм татқан әңгіме үстінде ол:
- Біз осы өңірге сінсіп кеткен Қарақалпақ елі екенбіз. Әкеннің маған таршылықта маған жасаған естен кетпес адамгершілік ісі бар еді. Тағдыр сол Оразғұлмен бір кездестірсе деп армандаушы едім. Міне бүгін сол тілегім орындалып, түңғышы сен кез болдың, - деп сонау кедей кезіндегі уақиғаны еске түсіреді.
Содан кейін, әлденеге жан сезіммен толқып кеткен ауыл иесі бойжеткен бір қызын шақырып алып:
- Ең жақын көрген досыммен адам беріп, адам алысу екі еліміздің салтында ертеден бар. Мына баламды сенімен бірге аттандырам. Әкене апарып бер. Оразғұлдың аяғында жатса қор болмас, - деп көзіне жас іркеді.
Сеңкібай ертеңінде қасындағы атқосшысын жылқыға шаптырып, құйрық жалы сүзілген бір үйірлі жылқы алдырып, қызының қарғы бауы үшін ақсақалға бергізеді.
Сөйтіп, төрт аяғынан жорға ақ боз атқа қызды мінгізіп еліне бет алады.
Дүйім халық қадірлеп, бүгінгі ұрпағы бас иетін Сенкібай батыр – Биата деген екі бірдей ардақ тұтар қасиетті есімге ие болған бабамыз туралы кейінгі екі жылдан бері тірнектеп дерек жинап жүргенімізде оның қалмақ-жоңғар шапқыншылығына қарсы жойқын шайқастарда үстіне киген сауыты осы күнге дейін сақтаулы екендігін естігенбіз. Ес біле бастаған бала кезімізде де сол киелі сауыт пен әруақ жайлы: «Сеңкең сауытының бір үзім шиыршық шыжырын дұға оқып қолқалап алған біреу жалғыз ұлының мойнына тұмар жасап тағыпты. Перзентке зар болып, еңірегенде етегі жасқа толып жүрген бәлен деген бейбақ Биатаның аруағына сиынып, ақсарбас айтып, бейітіне түнеп қайтыпты» деген еміс-еміс сыбыстарды құлағымыз шалатын.
Көнекөз қариялардан сұрастыра келгенде білгеніміз Сенкібай батырдың сауыты қуғын-сүргін кезде оның бел баласы ұрпақтарының бірінен екіншісіне өтіп, аман сақталып, ақыры Хакімнің еті тірі, әр нәрсенің қадір-қасиетін парықтай білетін анасы Мәшімнің қолына түскен. Сауыттың соңына түсушілер «Сеңкен Абылайдың қалын жасағында хан батырларының бірі болып, үстем таптың сойылын соққан» деген солақай саясаттың керсоқыр қостаушылары еді.
- Иә, он жеті жасқа жаңа толған Сенкібайдың қалын қол жасақтаған Бөгенбай батырдың соңына еріп, елі мен жерін қалмақ-жоңғар шапқыншылығынан аттың жалы, түйенің қомында жүріп қорғайға қатысқаны тарихи шындық. Сонау 1725 жылғы Алакөл шайқасы, 1728 жылғы Шұбар теңіз жағасындағы және Балқаш көлінің оңтүстік өңіріндегі қырғын соғыстар қазақ қолының жеңісімен аяқталып, отырған. Орта жүзден жиналған қалын әскерге басшы болған Бөгенбай баһадүр қолы Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында қалмақтарды тасталқан етеді. Ал Нұра даласында жоңғарларға қарсы жойқын шайқаста жиырма жасар Сенкібай Қонтажының немересі Ноян Қоренмен бетпе-бет келеді. Сол жылы ол қара ата атандай ірі денелі, білектей ұзын айдарлы, қабағынан қар жауған жоңғар батырымен жекпе-жекке шығады.
Өзінің тау төңкерерлік алып күшіне мастанған Ноян Қорен:
- Қане, қазақ батыры, арманда кеттім дерсің. Алғашқы кезекті сен ал – деп гүрілдеген дауыспен айқай салады.
Астындағы Көкдауыл атына қамшы басып, біраз ойқастанып, етін қыздырып алған Сенкібай сол қолында найзасы, оң қолында алған батыр атасы Қожастың алты бүктемелі ақ семерін жарқылдатып, құйғытқан беті жауға шүйіледі. Анау болса, оны өзіне місе тұтпай жайбырақаттау тұрады. Сеңкібай атын жұлдыздай ағызып, емен сапты найзасын Ноян Қоренге ұмсына беріп, оң қолындағы ақ семсерімен жаудың желке тұсынан жар еткен нажағайдай есіп өтеді. Тегеурінді күшпен сілтенген семсер жау батырының басын жерге домалатып түсіреді. Жеңіске жігерленген қазақ қолы «Ақжолтайлап» ұрандап жаумен өршелене шайқасады. Осы жолы Бөгенбай, Малайсары, Олжабай батырлар бастаған қол Әмірсана әскерін талқандап, оларды Оңтүстік-шығысқа қарай ығыстыра қуады.
Біз батырдың сауытын көре отырып, Сеңкен оны талай қиянкесті шайқастарда үстіне киіп, жауға ойсырата соққы бергеннен-ақ шығар деген ой құшағына енген едік. Абылай хан оның батырлығына, тапқырлығына сүйеніп, көріпкел киелілігіне риза болғандықтан барлаушылар мындығын басқарушы етіп тағайындаған, өзінің жақын серігі, соғыс кеңесшісі деп таныған. Ол Абылайдың қалын жасағындағы атақты оң батырдың бірі болған. Бұған ұлы Бұқар жыраудың мына толғауы да кепілдік ете алса керек.
Қалденменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақұлақ Құлашбек,
Тегіден шыққан Естербек,
Шапырашты Наурызбай,
Құдаменді Жібекбай қасында,
Бақ дәулеті басында
Сенкібай мен Шойбекбай.
Осылай жоңғарлар шапқыншылығы кезінде ел қорғаны болған Сенкібай батыр 77 жыл жасап, дүниеден өткен өмірінің екінші жартысында қара қылды қақ жарған киелі дем әруақты Биата атанған. Оның: «Батыр жауда, дана дауда білінер. Қуаншылық кетер, бел қалар, бектер кетер, ел қалар», деген даналық сөзі өзіне тән қасиет болып бүгінгі ұрпағына жетті. [16, б.4-6]
Достарыңызбен бөлісу: |