Хамд және шүкірдің артықшылығЫ



Дата19.06.2016
өлшемі84.7 Kb.
#147304
ХАМД ЖӘНЕ ШҮКІРДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Әлемдердің Раббысы – Алла тағалаға мақтау айтып, біздерге Ислам діні үкімдерін жүктеп, мәртебе бергені үшін шүкір етеміз. Оның ардақты Елшісіне () қиямет-қайымға дейін салауат-сәлем айтамыз.

Сөздікте хамдбіреуді мақтау, ал шүкіржасалған бір жақсылығы үшін біреуге алғыс айту дегенді білдіреді. Исламда Алла тағалаға арнайы айтылатын хамд және шүкір терминдері арасында айырмашылық көп емес. Тәпсірші ғалым Мұхаммед Әли әс-Сабуни өзінің «Сафуатут-тәфәсир» деп аталатын еңбегінде Фатиха сүресін тәпсірлей отырып, «шүкір» жасалған бір жақсылық үшін айтылса, ал «хамд» жасалған жақсылық болмаса да айтыла береді дегенді жазады. (қараңыз: Мұхаммед али әс-Сабуни, «Сафуатут-тәфәсир», І том, 24-бет, «Фатиха сүресінің тәпсірі», Каир.)

Дегенмен, екеуі де бір-бірінің орнына жұмсалатын кездері де жоқ емес. Мысалы, «Қалың қалай?» – деген сұраққа «әл-хамду лилләһ» деп жауап береміз. Мұндағы айтпағымыз «Аллаға мадақ» емес, «Аллаға шүкір» деген мағына. Яғни, жауапта өткен «әл-хамд» (мадақ) сөзі «шүкір» мағынасында жұмсалды. Сондай-ақ, хамд шүкірдің жалғасы іспеттес. Себебі, біз әлгі жауабымызбен бейне бір Аллаға деген шүкіршілікті Оған мақтау айтумен нүктелегендей боламыз.

Құранда хамд сөзі(нен шыққан түбір сөз, етістік, есім сөз) 68 жерде, ал шүкір сөзі(нен шыққан түбір сөз, етістік, есім сөз) 75 жерде өтеді. (Мұхаммед Фуад Абдулбақи, «әл-Муъжәмул-муфәһрас ли әлфазил-Қуръәнил-Кәрим», Дарул-хадис баспа үйі, Каир – 1996 жыл.)

Хамд сөзі Құранда хазірет Пайғамбарымызға  () қатысты есім сөз ретінде 3 түрлі қалыппен келеді:



  1. «Мұхаммед», 4 жерде: Әли Имран, 144; Ахзап, 40; Мұхаммед, 2; Фәтх, 29;

  2. «Ахмад», 1 жерде: Саф, 6-аят;

  3. «мақам махмуд» (мақтаулы орын), 1 жерде: Исра, 79-аят;

Бұдан бөлек тағы бір жерде кәпірлерге қатысты да айтылады. Ол Әли Имран сүресі, 188-аятта. (Мұхаммед Фуад Абдулбақи, «әл-Муъжәмул-муфәһрас ли әлфазил-Қуръәнил-Кәрим», Дарул-хадис баспа үйі, Каир – 1996 жыл.)

Демек, хамд сөзі Құранның 7 жерінен басқа, қалған 61-нің барлығы тек Алла тағалаға арналған.
Хамд айтудың артықшылығы

«Күн шығудан алдын және батпай жатып раббыңды мақтай дәріпте.» (Қаф сүресі, 39-аят.)

«Барлық нәрсе Оны мақтай дәріптейді, бірақ сендер олардың дәріптеулерін түсінбейсіңдер.» (Исра сүресі, 44-аят.)

Алла Елшісі () былай дейді:



« ... «әл-Хамду лилләһ» сөзі (ақыреттегі) таразыда ауыр басады. СубханАллаһ пен әл-хамду лилләһ аспандар мен жердің арасын толтырады ...» (әл-Имам ән-Нәуәуи, Риядус-салихийн.)

Бұл хадис Алланы дәріптеу («субханАллаһ» деп айту) мен оған мақтау («әл-хамду лилләһ» деп) айтудың сауабының орасан зор екенін көрсетеді.


Шүкір етудің артықшылығы

«Ішіп жүрген суларыңды көрмейсіңдер ме(?) Оны бұлттан сендер ме, әлде біз түсірдік пе(?!) Егер қаласақ, оны ащы етер едік. Шүкір етсеңдер қайтеді(?) (Уақиға сүресі, 68,69,70-аяттар.)

Денесінің шамамен 70%-ы судан тұратын жұмыр басты пендеге бұл аятты түсіндіріп жатудың өзі артық.

Айша анамыздың (радиаллаһу әнһә) былай деп айтқаны риуаят етіледі: Алланың Елшісі () намаз оқығанда екі аяғы жарылғанша (немесе «ісінгенше») түрегеп тұратын еді. Айша (радиаллаһу әнһә) айтты: «Уа Алланың Елшісі, Алла сенің өткен және келетін күналарыңды (кіші гірім қателіктер) кешірген бола тұра (неге) бұлай етесің (?)». Сонда ол (): «Ей Айша, мен көп шікір ететін құл болмайын ба?» – деді. (Муслим.)

Хазірет Пайғамбардың () берген жауабы ойландырарлық. Ол () тағы бір хадисінде былай дейді:



«Аллаһым, Сені зікір етуім, Саған шүкір етуім және жақсылап құлшылық етуім үшін маған жәрдем ет» (Имам Нәсәи.)
Қуанышқа шүкір ет, қайғы-мұңға сабыр ет

Аманат ретінде уақытша берілген кез келген нығмет үшін Аллаға шүкір еткен кісі оның қолдан шығуына сабыр ете білуі де тиіс.

Әбу Синаннан жеткізіледі, ол айтады: «Балам – Синанды жерледім. Әбу Талха әл-Хауләни қабірдің шетінде отыр еді. Қабірден шығайын дегенімде ол қолымнан ұстап: «Ей Синанның әкесі, саған бір сүйінші айтайын ба? – деді. Мен «Иә» – дедім. Ол: «Маған әд-Даххак ибн Абдиррахман ибн Арзаптан, ол Әбу Муса әл-Әшғариден Алла Елшісінің () былай дегенін риуаят етті: «Құлдың перзенті қайтыс болғанда, Алла періштелеріне айтады: «Сендер менің құлымның перзентін алдыңдар ма?». Олар: «Иә» – дейді. Алла айтады: «Сендер оның бауыр етін (хадисте «жүрегінің жемісін» деп өтеді) алдыңдар ма?». Олар: «Иә» – деп жауап қайырады. Алла айтады: «(Сонда) менің құлым не деді?». Олар айтады: «Ол саған хамд (мақтау) айтты және истиржағ («иннә лилләһ уә иннә иләйһи ражиъун» –деп айту) жасады. Сонда Алла: «Менің құлыма жәннатта бір үй соғып, оны «Хамд үйі» деп атаңдар» – деп бұйырды.» (әт-Тирмизи.)

Қараңыздаршы! Қандай иман, қандай тағдырға бойсұну десеңізші. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген баласы енді міне бақилық болды. Бауыр еті –баласынан айырылған әкенің, өзін-өзі ұстауы адам сенгісіз. Мұны біз Әбу Талханың «Ей Синанның әкесі, саған бір сүйінші айтайын ба? – дегенде Әбу Синанның еш кідірместен «Иә» – деп жауап беруінен көрудеміз. Оның орнында басқа біреу болса, дәл осы жауапты берер ме еді, немесе ашуға мініп айқайға басар ма еді, кім білсін?!

Алла Елшісі () айтады:

«Мүміннің жағдайына таңданасың. Себебі оның барлық ісі жақсылық. Бұл мүміннен басқа біреуде болмайды. Бір қуаныш келсе, шүкір етеді. Бұл ол үшін жақсылық (сауап). Басына қиындық түссе, сабыр етеді. Бұл оған жақсылық (сауап).» (Муслим.)
Шүкір – құлшылықтың бір мақсаты

Хазірет Әли (радиаллаһу әнһә) былай дейді: «Кейбіреулер бір нәрсе тілеп құлдық ұрады. Бұл –саудагердің құлшылығы. Баз біреулер қорыққанынан құлшылық жасайды. Бұл – малайдың құлшылығы. Тағы біреулер шүкірлік жасау үшін құлшылық етеді. Міне бұл – күллі жағымсыз істерден аулақ түрде жасалған, таңдаулылардың (хауастардың) құлшылығы.» (Доцент, доктор Өмер Челик; доктор Мұстафа Өзтүрік, Мұрат Кая, «Үсуе-и хасене», Еркам Йайынлары баспа үйі, Стамбул, І том, 332-бет.)


Пендеге алғыс айтпағанның Аллаға шүкірі қайдан болсын?

Шүкір Алла тағалаға айтқанымыз сияқты бізге жақсылығы өткен жұмыр басты пенде де алғысымызды білдіруіміз сауапты амал.

Мұхаммед ибн Мәсләма былай дейді: Бір күні Алла Елшісінің () қасында тұғынбыз. Ол Хассан ибн Сәбитке:

Ей Хассан, бізге жәһилия (надандық дәуіріне тән) өлеңдерінен Алла рұқсат ететін бір қасида оқып бересің бе? – деп еді, ол Ағшаның Алқама ибн Уләсаны келемеждеп айтқан бір өлеңін оқыды. Расулуллаһ ():

Ей Хассан, бұдан былай менің құзырымда бұл өлеңді оқыма – деді. Хассан:


  • Ей Алла Елшісі, мені Ираклидің (Византия патшасы) қасындағы мүшрик біреуді келеке ететуден тыясың ба? – деп таңданғанда, Пайғамбарымыз ():

  • Ей Хассан, Адамдарға көп алғыс айтқан кісі Аллаға көп шүкір еткен болып табылады. Иракли Әбу Суфианнан мен жайлы сұрағанда, ол жақсы нәрсе айтпады. Ал Алқамадан сұрағанында, ол мен туралы жақсылап баяндап берді.» – деді.»

Алла Елшісі () бұл сөзімен Алқаманың жасаған жақсылығын ұмытпай, оған деген алғысын білдірген. (Әли әл-Муттақи, «Кәнзул-ъуммәл», «Shamela, CD».)
Нәби (): «Адамдарға алғыс (шүкір) айтпағанның, Аллаға алғысы (шүкірі) жоқ.» (Ахмет ибн Ханбәл.) – десе, енді бір хадисінде: «Сендерге жақсылық жасағанға жақсылығына сай оған да жақсылық жасаңдар. Оның жасаған жақсылығына тең келетін нәрсе таба алмасаңдар, теңестіргенге дейін оған дұға етіңдер.» (Әбу Дәуіт.) – деп, сахабалары мен үмметін сыйға сый жасауға шақырады.
Шүкір қалай атқарылады?

Шүкір жүрекпен, тілмен және ағзалармен де жасалады. Алла тағаланың осы уақытқа дейін сізге берген нығметтерін еске алып, әрі оны тек Алладан деп білуіңіз жүректің шүкіріне жатады. Берілген нығметтердің бірін тілмен айтып шүкір ету тілдің шүкірі саналады. Ал ол нығметке жақсы қарау немесе орынды қолдану ағза арқылы жасалған нығмет болып табылады. Мәселен, әке-шешенің перзентінің жанында болуы – нығмет. Бұл нығметті жүрекпен ойлау – жүректің шүкірі, оны айту – тілдің шүкірі, ал оларға қарайласу, оларға құрмет көрсету және олардың алдындағы перзенттік борышты өтеу – ағзаның шүкірі. Бұл жағдайда шүкір «Аллаға шүкір» деп тек сөзбен ғана айтылмауы керек. Оны іспен де қуаттау қажет. Мына бір аят кәрималарға зер салып қараңызшы:

«(Ей Мұхаммед () саған) Алланың жәрдемі және жеңіс(і) келген кезде, және адамдардың (араптардың) Алланың дініне топ-топ болып кіргенін көргеніңде Раббыңды мақтай дәріпте әрі Одан жарылқау тіле. Күдіксіз Ол тәубені көп қабыл етуші.» (Наср сүресі, 1,2,3-аяттар.)

Байқап отырсаңыз, бұл сүреде Алла тағаланың Елшісін () берген екі үлкен нығметі баяндалған. Ол екі нығмет «дұшпандарына қарсы жәрдем мен жеңіс» нығметі. Осы нығмет үшін хазірет Пайғамбарымызға () Аллаға мадақ айту бұйырылды.


Аллаға қандай сөздермен мақтау айту керек?

Алла тағаланы Өзінен артық ешкім лайықты түрде мақтай алмайды. Сондықтан да қасиетті кітап – Құранда немесе пайғамбар хадистерінде көрсетілгені бойынша Оны мақтау ең дұрыс шешім болар. Фатиха сүресі «әл-хамду лилләһи раббил-аламийн» деген сөзбен басталады. Бұл сөздің мағынасы «күллі мақтау әлемдердің раббысы Аллаға тән» дегенді білдіреді. Демек, Құранның көрсетуімен дәл осылайша Аллаға мақтау айту керек екен.

Хазірет Пайғамбарымыз () былай дейді: «Зікірдің абзалы – Лә иләһә илләллаһ, дұғаның абзалы – Әл-хамду лилләһ.» (Тирмизи; Нәсәи;)

Осы орайда тәпсірші Фахруддин әр-Рази айтады: «Аллаға мақтау» сөзі «Мен Алланы мақтаймын» дегеннен мағына тұрғысынан күштірек.



Біліп қойған ләзім, Алла тағала (Құранда, Фатиха сүресінде) «Мен Алланы мақтаймын» демей, «Аллаға мақтау» деп айтты. Бұл сөз біріншісінен әлде қайда артығырақ. Бұның бірнеше себебі бар.

Біріншісі: ... «Аллаға мақтау» деп айтқан кезде, бұл сөз мадақтаушылардың мадағынан бұрын да, шүкір етушілердің шүкірінен алдын да Алланың мақталғандығын көрсетеді. Демек, әлгілер мақтасын мақтамасын, шүкір етсін етпесін, Алла тағала әуелі жоқ мақтауы мен сөзі арқылы бұрыннан бері, әрі мәңгі мақтауға ие.

Екіншіден: «Әл-хамду лилләһ» деуіміздің мағынасы мақтау мен мадақ Аллаға және Оның билігіне тән дегенді білдіреді. Өйткені Алла тағала құлдарын көп қолдап, оларға сан түрлі нығмет бергендігі үшін мақтауға артығымен лайық. Алла тағаланың өздігінен мақтауға лайықтығын білдіретін сөз (әл-Хамду лилләһ) бір адамның Оны мақтағанын білдіретін сөзден әлде қайда абзал екендігі белгілі.

Үшіншіден: Құл «Мен Аллаға мақтау айтамын» дегенінде Алланы лайықты түрде мақтай алмайды. Ал егер «әл-хамду лилләһ» (Аллаға мадақ) – десе, бейне бір «Мен Алланы (лайықты түрде) мақтай алатындай кіммін?!» – дегенге ұқсайды. (Мұхаммед ибн Умар ибн әл-Хусейн Фахруддин әр-Рази, «Мәфатихул-ғайб минәл-Қуръәнил-Кәрим» «Shamela, CD».)

Сондай-ақ, бұл сөзбен қатар хадистерде келтірілген «Аллаһу әкбар» (Алла ұлы), «СубханАллаһ» (Алла пәк) т.б. сөздерді айтумен де Алла тағаланы ұлықтап, дәріптеп мақтауға болады.

Иә, хамд және шүкірге қатысты аят-хадистерді көптеп келтіруге болады. Хамд пен шүкір ең әуелі Ұлы Жаратушы үшін айтылады. Бір қызығы Құранның алғашқы сүресі – Фатиха да, ең соңғы сүресі болып табылатын Нас сүресі де Аллаға мақтау айтумен басталады.

Біздерді адам етіп жаратып, сан алуан ырзық берген Аллаға шүкіршілік білдіру, Оған мақтау айту әркімнің жеке міндеті. «Кім шүкір етсе, ол өзі үшін шүкір етеді.» (Лұқман сүресі, 12-аят.) Бұл міндетті орындай білсек, нығмет Иесі нығметін иншАлла, одан әрмен арттыра түсері сөзсіз. « ... Егер (берген нығметім үшін маған) шүкір етсеңдер, сендерге (нығметімді) арттырып беремін. Ал (оны) жоққа шығарсаңдар, расында менің азабым қатты.» (Ибраһим сүресі, 7-аят.)



Жаратушы Жаббар Иеміз нығметімізді арттырмағанның өзінде, шүкір етуіміз керек. Себебі іс ақыретке қалды деген сөз. «Шынында ақырет сен үшін дүниеден қайырлы» (Дұха сүресі, 4-аят.)

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет