Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу әнһ) – сахабалардың ең абзалы
«Исламға шақырған кезімде, Әбу Бәкірден басқада алғашқыда сәл іркіліс пен күдіктену болды. Бірақ Әбу Бәкірге Исламды түсіндіргенімде, еш күдіктенбестен, кідірместен иман келтірді”. (Хадис)
Хазірет Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) Пайғамбарымыздан (ﷺ) бірнеше жас кіші. Әкесінің аты Осман болғанымен Әбу Кухафа деген атпен танымал еді. Анасының есімі – бүкіл жақсылықтардың анасы дейтін мағынаға саятын Үммул-Хайр, жұбайының есімі – Үмму Румман, одан бұрын Асма бинт Умейске үйленген еді. Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) үш қыз бен үш ұлдың әкесі болды.
Ислам дінінің Пайғамбарымыздан (ﷺ) кейінгі ең ардақты тұлғасы – Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ). Ол Ислам діні жолында жанын да, малын да пида етуімен, туралық, шынайылығымен басқаларға жарқын үлгі болды. Бүкіл ғұмыры биязылық, жомарттық, жанкештілік тәрізді адамдық асыл қасиет өрнектеріне толы.
Хазірет Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) әлемге Ислам шуағы төгілмей тұрып та сол қараңғылық дәуірдің өзінде жан дүниесі нұрға толы еді. Ешқашан жансыз, қимылсыз, ақылсыз, өзге түгіл өзіне де пайдасы не зияны жоқ дәрменсіз, мешеу пұттарға бас иіп табынбаған. Ішімдік пен құмар сияқты жәһилия дәуірінің әдеттеріне мойын бұрмаған, туа біткен асыл рухты болатын.
Ол Меккеде бай әрі беделді, көпшілікке сыйлы кісі еді. Құрайыштың түп шежіресі мен тарихын жетік білетін. Ел дау-дамайға әділдік іздегенде соның төрелігіне жүгінетін. Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу әнһ) саудамен айналысатын, сауда-саттықта еш қулық жасамайтын. Айтқан сөзіне берік, кедей-кепшікке жәрдем етуді жақсы көретін. Сауда барысында көптеген елді-мекендерді көрген, ішкі мәдениеті жоғары, қырағы қырандай байқағыш ол өз дәуірінің адамдық құндылықтардан жұрдай болып рухани тығырыққа тірелгенін айқын сезе білді.
Адамзатты бұл қорқынышты қараңғылықтан жарыққа алып шығар бір құтқарушының келуін зарыға күтті. Әрине, ол тұста Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) сияқты зерде көзі ашық, көкірегі ояу хазірет Ибраһимнен (ғәләйһиссәләм) қалған Тәухид дініне сенген ханифтер де бұл нұрға ынтызар болатын.
Көңілі тыншымай сан-саққа кетіп ізденіс үстінде жүрген Әбу Бәкірдің (радиаллаһу әнһ) мұсылман болуына мына жағдайлар себепші болды:
1. Сол дәуірдің атақты шайыры Қус ибн Сайда үнемі Указ алаңында хұтба жасап, Хақ Пайғамбардың келуінің жақын екендігін ескертетін.
2. Сирия сапарында Пайғамбарымыздың (ﷺ) поп Бахирамен кездесуіне куәлік етуі, Йемендегі поп Настураның жақында бір пайғамбардың келетінін хабарлауы, өзінің көрген түсі: түсінде Меккеге толықсыған айдың шуағын төгіп, сәулесінің үйіне енгенін көріп, Тәурат пен Інжілді жақсы білетін дін адамдарына жорытады. Олар соңғы Пайғамбардың (ﷺ) Меккеден шығатынын және Әбу Бәкірдің (радиаллаһу әнһ) Соған еретінін айтады.
3. Адамзаттың асылымен (ﷺ) бала кезден дос болып, оны жақсы тануының да айрықша маңызы бар.
Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) сауда сапарымен Йеменде жүргенде, Мекке халқы Мұхаммедке (ﷺ) пайғамбарлықтың Жәннатпен сүйіншіленген он сахабакелгендігі туралы хабарды естіп, толқу үстінде болатын. Өз кітаптарынан жаңа пайғамбардың келетінін оқыса да, кейбір яһудилер мен христиандардың өздеріне де бұл хабар тосын естіліп аң-таң болып жатса, мүшріктер:
«Ішіміздегі ешкімі жоқ жетімекке пайғамбарлық қалай келмек? Пайғамбарлық келер болса руымыздың ішіндегі беделді біреуге келуі керек емес пе еді?»– деп бұлқан-талқан боп, алатайдай бүлінеді. Олар, әсіресе, Пайғамбарымыздың (ﷺ) өздері “тәңір” деп табынған пұттарының еш дәрменсіз екендігін айтқанын көңілдеріне қондыра алмай, оған наразылық танытып, қарсылық көрсетумен болды.
Йеменде жүрген Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ)) бұл соңғы жаңалықтан мүлдем хабарсыз еді. Меккеге оралған кезде, оны Әбу Жәһил, Ұтба ибн Муайт сияқты қаланың бетке ұстарлары ортаға алады. Олар Әбу Бәкірдің (радиаллаһу әнһ) Мұхаммедке (ﷺ) жақын дос екенін жақсы білетін. Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) болмағанда, олар Пайғамбарымыздың әрекетіне (ﷺ) әлдеқашан тосқауыл қоймақшы еді. Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) оларға:
– Жайшылық па? Жаңалық бар ма? Мен жоқ кезде әлде бір нәрсе болды ма? – деді.
– Иә, маңызды жаңалық бар. Ел ішінде үлкен бүлік шықты. Әбу Тәліптің жетімегі аталарымыздың дініне тіл тигізіп, өзіне пайғамбарлық келгенін айтуда, – деп тегіс жамырасты.
– Бұны өзі айтты ма?
– Иә, өзі айтуда және біздің табынатын пұттарымызға үнемі тіл тигізуде.
– Егер бұны өзі айтқан болса, онда оныкі – рас!
Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) бұл хабарды оның өз аузынан естігісі келіп, сол бетте Пайғамбарымыздың (ﷺ) үйіне бет алды. Өйткені, жақын досы Мұхаммедтің (ﷺ) жалған сөйлемейтінін ол жақсы білетін. Осы қасиеті үшін де оған дүйім жұрт: “Мухаммадүл-әмин”, яғни “сенімді Мұхаммед” деген жоқ па еді?!
Әбу Бәкірдің жүрегі қуаныштан аттай тулап, Пайғамбарымыздың (ﷺ) қасынан бір-ақ табылады. Пайғамбарымыз (ﷺ) оны нұр тұнған көздерімен күлім қағып қарсы алады. Өйткені, Әбу Бәкірдің өзін қолдайтындығына толық сенетін.
– Уа, Әбу Қасым, пайғамбарлығыңды жария еткенің рас па? – дейді оған Әбу Бәкір келген бойда сұрақты төтесінен қойып.
– Иә, Әбу Бәкір. Мен – саған және күллі адамзатқа Әлемдердің Раббысының жіберген елшісімін. Халықты бір Аллаһқа ғана иман етуге, пұттарға табынудан бас тартуға шақырамын.
Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) бұл шақыруға еш кідірместен:
– Мен куәлік етемін, ей, Мұхаммед, сен Аллаһтың елшісісің! – деп алғаш иман еткендердің қатарына қосылу бақытына ие болды.
Әбу Бәкірдей (радиаллаһу әнһ) бір қауым елге сөзі өтімді беделді кісінің мұсылманшылықты қабылдауы, хазірет Айша (радиаллаһу әнһә) анамыздың айтуынша, Пайғамбарымызды (ﷺ) ең қатты қуантқан оқиғалардың бірі болды.
Бұл жайлы Пайғамбарымыз бір хадисінде:
– Исламға шақырған кезімде, Әбу Бәкірден басқа да сәл тосырқау мен күмән болды. Бірақ Әбу Бәкірге Исламды түсіндіргенімде еш күдіктенбестен, кідірместен иман келтірді, – деп оның осы жақсы қасиетін айтқан. [1]
Көптен бері нұрды аңсап, асыға күткен Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) онсыз да кемеріне келген көңілі мен жүрек сарайын Исламға айқара ашып, иләһи мейірімнің шуағына бөленіп, өзін басы бүтін осы ақиқат жолына арнап, үнемі Расулуллаһтың (ﷺ) қасынан табылып, көктен түсіп жатқан иләһи уаһиларды жүрегіне нақыштап, халыққа жеткізуде сөзі өтімдіжаршыға айналды. Бүкіл адамдардың бұл бақыт нұрынан мақрұм қалмауы үшін жүрек жалыны оттай лаулап, бір орнында байыз таппады.
Хазірет Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) шынайылығымен қоса мәрт мінезді, көңілі жайсаң жан болатын. Мұсылман болған кезде оның қырық мың дирхамы бар еді. Мұның барлығын да Ислам жолында жұмсау үшін Пайғамбарымызға (ﷺ) әкеліп табыс етті. Ол бір жағынан, ақылы мен шешендік қабілетіне сүйеніп, Исламды үнемі уағыздаумен болса, екінші жағынан, кедей мұсылмандарға үнемі материалдық көмек көрсетіп отырды. Өміріне қауіп төніп тұрса да, жан-тәнімен қабылдаған ақиқат дінін уағыздауға құлшына кірісті. Меккенің көптеген бетке ұстар азаматтарының Исламды қабылдауына себепкер болды. Олардың арасында көзі тіріcінде Жәннатпен сүйіншіленген он кісінің алтауы: хазірет Осман, Талха ибн Ұбайдұллаһ, Сағд ибн Әби Уаққас, Әбу Ұбайда ибн Жәррах, Зүбәйр ибн Әууәм, Абдуррахман ибн Ауф (радиаллаһу әнһум) бар еді. Бұлармен қатар Осман ибн Маз‘ұн, Әбу Сәламә және Әрқам ибн Әбу Әрқам (радиаллаһу әнһум) Әбу Бәкірдің себепкерлігімен Исламды қабылдаған еді. Оның себепкерлігімен мұсылман болғандардың саны 38-ге жетті.
Оның күш-жігері мен қайратының арқасында Исламның шапағат нұрына бөленгендердің қатары күн санап өсіп жатты. Алайда мүшріктер де қол қусырып қарап қалмады. Исламды енді ғана қабылдап жатқандарды жаңа сенімнен бас тартқызу үшін қолдарынан келген жамандығын барынша істеп бақты. Сөзбен түйреулерін тоқтатып, күш қолдана бастады. Мұсылмандарды кезіктірген жерлерінде соққыға жығып, зәбір көрсетті.
Алғашқы кезде мұсылмандар құлшылықтарын еркін орындау үшін хазірет Әрқамның үйіне құпия жиналатын. Оның үйі кіріп-шығуға қолайлы, көзден таса, әрі сырттан келген-кеткендерді бақылауға оңтайлы еді. Күндердің бірінде осы үйге жиналған сахабалар Аллаһтың бірлігін мүшріктерге ашық түрде жария ету үшін Пайғамбарымыздан (ﷺ) рұқсат сұрайды. Араларында Әбу Бәкір де (радиаллаһу әнһ) бар. Алайда Пайғамбарымыз (ﷺ) оның уақыты әлі келмегендігін, ол үшін мұсылмандардың әлі аз екендігін айтып алғашында рұқсат бермегенді, бірақ Әбу Бәкірдің (радиаллаһу әнһ) табандылық танытуынан кейін олардың айтқандарына көнеді. Барлығы жұптарын жазбай Қағбаға барады. Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) мүшріктерге қарап:
– Хақ һәм жалғыз Аллаһқа мадақ! Мәңгі бақыт – Аллаһқа иман ету. Оны мойындамай пұтқа табыну – өте жаман ғадет. Мағынасы жоқ жәһилия әдеттерін тастап, Аллаһ елшісінің шақыруына мойынсұныңыздар, – деді.
Мүшріктер алғашында толқыса да, тез арада естерін жинап, мұсылмандарға қарсы майдан ашты. Әбу Бәкірді (радиаллаһу әнһ) жерге жатқызып алып, қолдарына түскен нәрсемен ұрып-соға бастады. Қаныпезер мүшрік Ұтба ибн Рәбиә табанында шегесі бар аяқ киімімен тепкілеп, оның нәзік бетін қан жоса қылды. Сол арада Әбу Бәкірдің (радиаллаһу әнһ) туыстары көмекке келіп, оны өлім аузынын әзер алып қалды.
Өлімші халден есін жиған Әбу Бәкірдің (радиаллаһу әнһ) ең алғашқы сұрағы: “Расулаллаһтан (ﷺ) хабар бар ма?”, – болды. Есінің кіресілі-шығасылы жатқанын елемей, Пайғамбарымызды (ﷺ) уайымдап, “Оған не болды?”, – деп сұрай берді. Анасының: “Балам, бір нәрсе ішіп-жейсің бе?”, – деген сұрағына: “Аллаһтың Елшісі қайда (ﷺ)? Оның жағдайы нешік?”, – деп көңілі жай таппады. Анасы хабары жоқтығын айтқан кезде,: “Анашым, Хаттабқызы Үмму Жамилге барып, Расулаллаһтың (ﷺ) жағдайының қандай екенін сұратыңызшы”, – деді. Расулаллаһтың (ﷺ) жағдайының жақсы екендігін айтып келген хабарға да көңілі толмай, оның жағдайын өз көзімен көргісі келіп тағаты таусылды. Айнала біраз тынышталғаннан кейін қасындағылар Әбу Бәкірді (радиаллаһу әнһ) қолтықтап, Әрқамның үйіне алып барады. Пайғамбарымызды (ﷺ) өз көзімен көрген кезде: “Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Расулаллаһ! (ﷺ) ”,– деп ебіл-дебілі шығады. Пайғамбарымыз (ﷺ) оны құшақтады. Оның бұл халі Аллаһ елшісіне (ﷺ) әсер етіп, көздерінен мөлдір жас моншақтай төгілді.
Адамзаттың ардақтысы (ﷺ) бір түні Жәбрейілмен бірге Меккеден Ақса мешітіне, ол жерден Аллаһтың құдіретімен басқа ұлы әлемдерге көтеріліп миғражға шықты және сол түні қайта оралды. Ертеңінде бұл мұғжизаны айтып мүшріктерге хабар берді. Мүшріктер бұған сенбеді. Тіпті, кейбір мұсылмандардың өзіне де бұл мұғжизаны мойындау ауыр соқты. Олар Әбу Бәкірден (радиаллаһу әнһ) :
оқығанын, ол жерде бұрынғы пайғамбарлармен жүздесіп көкке көтерілгенін және сол түні қайта оралғандығын айтуда, – деді.
Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) бір нәрсені айқындап алғысы келіп:
– Сіздер мұны оның өз аузынан естідіңіздер ме? – деді.
– Иә, өз аузынан естідік. Хазірет Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) Пайғамбарымыздың көкке көтерілгеніне шүбәсіз иланып:
– Ол айтса, бұл – шындық. Мен Мұхаммедке (ﷺ) және Аллаһ тағаладан әкелген барлық нәрсеге кәміл сенемін,– деді.
Кейін бұл миғраж мұғжизасын Пайғамбарымыздың (ﷺ) өз аузынан естіп білгенде Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ):
– Сенің тура сөйлегеніңе ант етемін. Сен Аллаһтың Хақ елшісісің. Мен бұған тағы да куәлік етемін,– деді.
Пайғамбарымыз (ﷺ) оған ілтипат білдіріп:
– Ей, Әбу Бәкір, сен онсыз да сыддықсың (турашыл, шынайы),– деді. Содан бері бұл сипат қияметке дейін құрметті атау ретінде үнемі Әбу Бәкірдің (радиаллаһу әнһ) атымен қатар (Әбу Бәкір Сыддық) атала бастады. [2]
Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу әнһ) Пайғамбарымызға (ﷺ) деген адалдығы, берілгендігі мен жанкештілігінің арқасында оның жанына жақын тұтар ең жақсы көретін адамы болды. Аллаһ елшісі (ﷺ) Исламды халыққа кеңінен насихаттау жөнінде және басқа да істерінде онымен жиі ақылдасып тұратын. Бұл жақын қатынас Пайғамбарымыз (ﷺ) қайтыс болғанға дейін еш үзілмеді. Соғыс алаңдарында, һижретте де үнемі бірге жүрді. Қызы хазірет Айшаны (радиаллаһу әнһә) Пайғамбарымызға (ﷺ) некелестіру арқылы жақындық байланыстары туыстыққа ұласып, күшейе түсті.
Күн озған сайын Меккеде мұсылмандардың қатары көбейіп жатты. Мүшріктердің оларға жапа көрсетулері де күннен-күнге арта түсті. Өмірлері мен діндерін сақтап қалу үшін мұсылмандардың ішінен бір топ Эфиопияға һижретке Пайғамбарымыздан (ﷺ) рұқсат алды. Қалғандары иләһи әмір келгеннен кейін Мәдинаға һижрет етті. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) һижрет етуіне әлі рұқсат келмеген-ді. Қасынан бір елі айрылмаған шынайы дос Әбу Бәкір өзі жайлы сұраған кезде Пайғамбарымыз (ﷺ) оған: “Уа, Әбу Бәкір, асықпа. Бәлкім Аллаһ саған да бір һижрет серігін нәсіп етер”, – деді. Әбу Бәкір һижретте Пайғамбарымызбен (ﷺ) бірге болатынын түсінді. Өйткені Меккеде Әли, Әбу Бәкір және Пайғамбарымыздан (ﷺ) басқа ешкім қалмаған еді.
Алайда мүшріктер мұсылмандардың һижрет еткендерін де көре алмады. Олар Пайғамбарымызды (ﷺ) уыстан шығарып алғысы келмей, бірден жиналып, Аллаһ Елшісін (ﷺ) өлтіруді ұйғарды.
Бірақ, Аллаһ Сүйіктісіне (ﷺ) Жәбрейіл арқылы хабар беріп, сол түні һижрет етуіне әмір берді. Сол түні һижреттегі жан серігі Әбу Бәкір болды. Ол Пайғамбарлар Падишасымен (ﷺ) бірге һижрет ететінін естігенде, қуаныштан көз жасын төкті.Өліммен ұласуы мүмкін қатерлі сапарға шығатынын естігенде, қуаныштан көз жасын төгу не деген жанкештілік десеңізші! Шыбын жанының кеудесінен ұшып кетуінен үрейленетін қорқақ адамдардың мұны түсінуі, әрине, оңай емес.
Ардақты Елші (ﷺ) сол түні өзінің төсегінде Әлиді қалдырып, Әбу Бәкір екеуі ел көзінен жасырынып жолға шықты. Олар Сәур тауына қарай бет алды. Әбу Бәкірдің көңілі толқып Адамзаттың ардақтысына с.а.с.) зиян келмесін деп қобалжыды. Мүшріктердің оларды байқап іздеріне түсуі мүмкін еді. Ол өзін мүлдем ұмытып, тек қана Пайғамбарымызды (ﷺ) ойлаумен болды. Ардақты елшінің алдын орағытып, артынан түсіп, оңына бір, солына бір шығып, кенеттен келуі мүмкін қатерге қарсы қорған болуға тырысты.
Олар түннің бір уақытында Сәур тауындағы ішіне адам кірмеген үңгірге келіп жетті. Оның іші құрт-құмырсқа, жылан мен шаянға толы еді. Үңгірге бірінші Әбу Бәкір кіріп, айналаны тексеріп, киімінің құрақтарымен тесіктерді бітеп шықты. Құрақ жетпегендіктен бір тесікті аяғымен бітеді. Аллаһтың елшісі келіп оның қасына отырды. Ардақты Елші (ﷺ) көз шырымын алмақшы болып, оның тізесіне басын қойып, мызғып кетті. Қас қылғандай Әбу Бәкірдің тесікті бітеген аяғы жанын көзіне көрсетіп удай ашиды. Ауру жанына батса да Пайғамбарымыздың (ﷺ) ұйқысын бұзып алудан қорқып, орнынан тырп етпеді. Бірақ, дызылдаған аяғы шыдатпай, еріксіз көзінен жас ыршып кетті. Нұрлы жүзіне тамған ыстық көз жасынан оянып кеткен Аллаһтың Ардақты елшісі (ﷺ):
– Саған не болды, ей, Әбу Бәкір? – деді.
– Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Расулаллаһ! Аяғымды бір нәрсе шақты, – деді даусы қынжыла шығып.
Адамзат баласының бақыты үшін жіберілген Сүйікті пайғамбарымыз (ﷺ) мүбәрәк түкірігінен жаққан кезде хазірет Әбу Бәкірдің аяғының ашыған жері бірден тоқтады. Досының бұл жанкешті әрекетіне тебіренген Пайғамбарымыз (ﷺ):
– Ей, Аллаһым, қиямет күнінде Әбу Бәкірдің дәрежесін менімен бірдей қыл!– деді.
Аллаһ Тағала осы үңгірде жасырынған екі мүбәрәк тұлғаны жаудың қолынан құтқару үшін өрмекші мен көгершінді пайдаланды. Аллаһтың әмірімен өрмекші үңгірдің аузына тор тоқып, көгершін ұя жасады.
Мүшріктер Пайғамбарымыздың (ﷺ) орнын сипап қалды.Оны табу үшін ең мықты ізкесушілерді жалдап жолға шықты. Ізкесушілердің бастап жүруімен олар Пайғамбарымыздың (ﷺ) тығылған үңгірінің аузына дейін келді. Үңгірдің аузындағы өрмекшінің ауы мен көгершіннің ұясын көріп алданған мүшріктер ол жерге адам кіруінің мүмкін еместігін ойлап кері қайтты. Міне, құдіреті күшті Аллаһ дүниеде ең әлсіз өрмекшінің торы мен көгершіннің ұясы арқылы Елшісін осылайша қорғап қалды.
Сол кезде Әбу Бәкір Пайғамбарымызға (ﷺ): “Аллаһқа ант етейін, өзім үшін қорықпаймын. Бірақ, көңілім қаламаған нәрсені сенің басыңа келе ме деп қорқып, сол үшін қапаланамын”, – дейді. Сенімділік Пайғамбары (ﷺ) болса оған: “Үшіншісі Аллаһ болған екі кісі үшін неге мұншалықты абыржисың. Уайымдама, Аллаһ бізбен бірге”, – деп, өзі үшін уайымдаған досының көңілін жұбатты.
Пайғамбарымыз (ﷺ) шынайылық пен жанкештіліктің өшпес үлгісі Әбу Бәкірмен бірге дұшпандарының қолына түспеу үшін үш күн осы үңгірді паналады.
Үш күн өткеннен кейін олар үңгірден шығып, Мәдинаға қарай бет алды. Мәдинаға һижрет Ислам тарихында жаңа дәуірдің басталуына арқау болды. Қатерлі де қиын жолаушылықтан кейін олар Мәдинаға келіп жетті. Олардан бұрын Мәдинаға һижрет еткен мұсылмандар мен жергілікті халық көшеге сыймай қадірлі қонақтарын құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алды. [3]
Шынайылық – жақсы көргеніне ұқсау, барын да, жоғын да соның жолына атау, өз болмысын сүйгенінің болмысында жоқ ету. Міне, хазірет Әбу Бәкірді (радиаллаһу әнһ) жоғары мәртебеге жеткізген осы қасиет. Оған шынайы, турашыл мағынасында “сыддық” дегізген сипаты Пайғамбарлар падишасына (ﷺ) деген шынайылығы мен берілгендігінен келді. Ол Аллаһ елшісінің айтқандарына еш қалтқысыз сенетін. Өйткені оның досы – достың да, дұшпанның да бірауыздан “Мухаммадүл-Әмин” (сенімді Мұхаммед) деп қабылдаған асыл жан еді.
Әбу Бәкір Сыддықтың (радиаллаһу әнһ) Ардақты елшіге (ﷺ) қылаусыз сенімі мен парасаттылығын Худайбия келісімі кезіндегі әрекетінен аңғаруға болады. Аллаһ Елшісінің (ﷺ) мүшріктердің ұсынған қиын шарттарын қабыл етіп, бейбіт келісімге баруын сахабалардың көпшілігі алғашында түсіне алмай қарсы шықты. Омар (радиаллаһу әнһ) сияқты ақылды сахабаның өзі бұл келісімнің астарындағы сырды ұғына алмай әбігерге түссе, Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) өзіне келген адамдардың бәрін “Аллаһ елшісі бұлай жасаған болса, демек білген бір ақиқаты бар” деп сабырға шақырды. Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) бұл жайлы былай дейді:
«Ислам үшін Худайбиядан асқан ұлы жеңіс болған емес. Бірақ адамдар ол күні Мұхаммед пен оның Раббысы арасындағы сырды түсіне алмай асығыстық жасады».
Худайбия келісімі сырт көзге жеңіліс сияқты көрінгенімен, ақиқатында Құранда „Фатх” сүресінде баян етілгендей “айқын жеңіс” болды.
Худайбия келісімінің нәтижесінде кескілескен екі жақтың арасында тыныштық орнады. Мұсылмандар өз діндерін қорықпай уағыздай алатын болды. Мүшріктер болса мұсылмандарды жақыннан тану мүмкіндігіне ие болды. Мұсылмандармен қоян-қолтық араласып, оларды таныған сайын, бойларындағы адалдық, шынайылық пен адамгершіліктің керемет үлгісін көріп, жаңа дінге деген қызығушылықтары арта түсті. Көптеген адам Исламды қабылдаса, бірқатары дұшпандықтан бас тартты. Худайбия келісімінен кейін мүшріктердің ең жаужүрек, жеңілмес қолбасшысы Халид ибн Уәлид(радиаллаһу әнһ) пен айлалы саясаткер Амр ибн Ас (радиаллаһу әнһ) т.б. сияқты ірі тұлғалары мұсылмандықты қабылдады.
Худайбия келісімі мен Меккенің алынуына дейінгі екі жылдық қысқа уақыт аралығында мұсылман болғандардың саны Аллаһ елшісіне (ﷺ) пайғамбарлық келген кезден бастап, өткен жиырма жылда иман келтіргендерден ондаған есе артық. Демек, бұл бейбіт келісім – жеңіліс емес, Исламның ұлы жеңісі.
Пайғамбарымыз төсек тартып жатқанда сахабалар жағдайын сұрап, жиі-жиі үйіне барып тұратын. Араларында Әбу Бәкір де (радиаллаһу әнһ) болған сондай зияраттардың бірінде Пайғамбарымыз (ﷺ) оларға:
– Аллаһ дүние мен ақыретті таңдау мәселесін құлының еркіне берді. Алайда құл ақыретті таңдады,– деді.
Бұл сөздің астарлы мағынасын алғашында ешкім түсіне қоймады. Пайғамбарымыз (ﷺ) ишарат сөзбен өзінің өлімін меңзегенін түсініп, жалғыз Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) ғана көз жасын төгіп былай деді:
– Әкеміз, анамыз, бала-шағамыз, дүниеміз бен жанымыз сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Аллаһтың Елшісі (ﷺ) !
Пайғамбарымыз (ﷺ) оның бұл парасаты мен сезімталдығына толқып:
– Әбу Бәкір, көңілің босамасын. Егер Аллаһтан басқа бір дос таңдар болсам, тек сені таңдар едім. Алайда арамызда Ислам бауырластығы мен сүйіспеншілігі бар (бұл бәрінен де қымбат), – дегеннен кейін, – Әбу Бәкір үшін ашылған есіктен өзге мешіттегі барлық есіктер жабылсын, – деді.[4]
Бұл оқиғадан бірнеше күн өткен соң Пайғамбарымыздың (ﷺ) денсаулығы жамағатқа намаз оқыта аластай дәрежеде нашарлап кетті. Пайғамбарымыздан намазды кімнің оқытатыны сұралғанда,:
– Әбу Бәкірге айтыңыздар, намазда имам болсын! – деді. Пайғамбарымыздың (ﷺ) Әбу Бәкірге (радиаллаһу әнһ) жамағатқа намаз оқытуды тапсыруы мұсылмандар үшін Пайғамбарымыздан кейін халифа болатынына ишарат еді.
Бұдан кейін ол мұсылмандарға имам болып, он жеті рет намаз оқытты. Тіпті бір таң намазында Пайғамбарымызға (ﷺ) имамдық ету бақытына да ие болды.
Пайғамбарымыз (ﷺ) Жаратушысына жанын тәсілім еткен кезде, Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) басқа жерде болатын. Халық қара жамылып, аза тұтып жатты. Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) хабар жете салысымен, ешкімге тіл қатпастан құстай ұшып, бірден Расулуллаһтың бөлмесіне кірді. Бетінде жабылған матаны көтеріп, Пайғамбардың маңдайынан сүйді. Содан кейін нар тәуекелге бел буып, тағдырдың жазғанына мойынсұнып былай деді:
– Біз бәріміз Аллаһтың құлдарымыз және Оған ораламыз. Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын. Сен тірі кезде әдемі едің, жаның кеудеңнен ұшып кетсе де, ажарың атқан таңдай арайланып қала беріпті. Аллаһ тағала саған өлім ауыртпалығынан басқа бір қайғы бермейді. Бұл белесті де артқа тастадың.
Мұнафықтар Пайғамбарымыздың (ﷺ) көз жұмған сәтін қапы жібермей, аярлыққа басып, тағы бір лаң шығарып, бүлік бастады:
– Мұхаммед егер пайғамбар болса, өлмес еді, – деп мұнафықтар мұсылмандардың жан күйзелісін пайдаланып, рухтарын түсіруге тырысып бақты.
Айтылған бұл ауыр сөздерге одан әрі төзе алмаған асыл ер хазірет Омар (радиаллаһу әнһ) қылышын қынынан суырып:
– Расулаллаһ өлген жоқ. Кімде-кім оны өлді десе, мына қылышыммен басын кеудесінен ұшырамын,– деді.
Осы кезде Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) салқынқандылық танытып, сахабалардың Пайғамбарымызға (ﷺ) деген сүйіспеншіліктерінен туындаған рухтары мен көңілдеріндегі терең тебіреністі басқа оқиғалар арқауына желі боларын ой-лап, бұған дер кезінде тосқауыл қоя білді. Ол:
– Кімде-кім Мұхамедке құлшылық еткен болса, біліп қойсын, ол өлді. Кім Аллаһқа құлшылық еткен болса, Ол Бақи (Өлімсіз) және өлмейді. Аллаһ тағала Құранда: «Мұхаммед тек пайғамбар ғана. Одан бұрын да қаншама пайғамбар келген. Егер ол өлтірілсе немесе өлсе, сіздер қайтып ескі күйлеріңізге қайта ораласыздар ма? Кімде-кім кері оралар болса, Аллаһқа зиян келтіре алмайды. Аллаһ шүкір еткендерге оның сауабын береді» (Әли-Имран, 144) деген аятты оқыды да:
– Аллаһтың діні өмір сүре береді. Аллаһ дінін кемеліне жеткізеді. Аллаһ өзінің дініне жәрдем етіп, оның туын жоғары желбіретер адамның көмекшісі болады. Қолыңызда Аллаһтың кітабы бар. Ол – нұр әрі шипа. Аллаһтың адал қылғаны мен харам қылғаны сонда мәлім етілген, – деп, жиналған жұртқа басу айтып, Расулаллаһтың бұл дүниеден өтуімен оның қызметінің тоқтап қалмайтындығын білдірді. [5]
Жұртшылық абдырап қалған сын сағатта Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) салқынқандылығымен, парасатымен адамдардың мұңды көңілдеріне дем беріп, қайғыға бел алдырмауы үшін қам жасады.
Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) беделді сахабалардың келісімімен бірауыздан халифа болып тағайындалды. Өйткені сахабалардың барлығы Пайғамбарымыздың (ﷺ) көңіліндегі адам Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) екенін жақсы білетін. Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) халифа болып тағайындалған күннің ертесінде мешіттегі мінберге шығып, халыққа былай деді:
– Ей, әлеумет! Мен араларыңыздағы ең жақсы кісі болмасам да, сіздерге басшы болып сайландым. Құран мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеті бізге үйретілді. Біз не нәрсе білсек те, соның арқасы… Шамам келмейтін жауапкершілігі ауыр істі еріксіз мойныма алдым. Бұл міндетті абыроймен алып жүре ала-тын біреудің сайлануын қалар едім. Сіздерге Аллаһтан қорқыңдар деймін.
Аз-кем үнсіздіктен кейін Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) жаңа тыныспен қайта үн қатты:
– Уа, халайық! Міндетімді өз деңгейінде дұрыс орындасын десеңіздер маған қалтқысыз бағынып, жәрдем етіңіздер. Егер жаман жолға бет алсам, тура жолға түсіріңіздер. Туралық – бір аманат, жалған – бір қиянат. Иншаллаһ, араңыздағы ең әлсізі менің қасымда ақысын алғанша – ең күштіңіз, араңыздағы ең күштіңізде – мойнында біреудің ақысы бар кезде оны иесіне алып бергенге дейін ең әлсізі болады. Мен Аллаһ пен Расулының жолынан ауытқымасам, сіздер де маған бағыныңыздар. Аллаһ пен елшісінің әмірлеріне қарсы келсем, маған бағынбасаңыздар да болады. Өзім және сіздер үшін Аллаһтан кешірім тілеймін.[6]
Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу әнһ) халифа болған соң Пайғамбарымызға (ﷺ) деген ыстық ықыласын суытпай, мойнына жүктелген қызметті атқаруға кірісіп кетті. Ең алғашқы ісі – Пайғамбарымыздың (ﷺ) аяқтай алмаған ісі – Усаманың (радиаллаһу әнһ)басшылығындағы әскерді Сирияға аттандыру болды. Сахабалардың кейбіреулері сол кездері пайда болып келе жатқан “жалған пайғамбарлар” мәселесін алға тартып, әскердің жорыққа аттануын кейінге қалдыруды ұсынды.
Бұған халифа Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ):
– Аллаһқа ант етемін, егер жолбарыстар мен қасқырлар Мәдинаға келіп қауіп төндірсе де, Аллаһ Расулының (ﷺ) бұйрығын орындаймын. Өйткені, ол: «Усаманың әскерін міндетті түрде аттандырыңдар» деп кетті, – деп жауап берді.
Хазірет Омар (радиаллаһу әнһ) Усаманың (радиаллаһу әнһ) әлі жас екендігін ескертіп, одан үлкенірек біреудің қолбасшы етіп тағайындалуын ұсынғанда:
– Ей, Хаттабұлы! Усаманы Аллаһ елшісінің өзі қолбасшы етіп тағайындағанын біле тұра бұл әмірді қалай өзгерте аламын? – деп, Аллаһ Расулына шынайы берілгендігін көрсетті.
Әскерді аттандырмас бұрын Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) Усамаға (радиаллаһу әнһ) Исламның соғыс құқығына байланысты мына маңызды қағидаларын қатаң ұстануын бұйырды:
«Шектен шығып, қиянат жасамаңдар. Уәделеріңді бұзбаңдар. Өлтірілгендердің ағзаларын кеспеңдер. Балаларды, қарттарды және әйелдерді өлтірмеңдер. Құрма ағаштарын кесіп өртемеңдер. Жеміс беретін ешбір ағашты кеспеңдер. Қой, сиыр немесе түйелерді қажеттіліктен тыс соймаңдар. Жолда шіркеулерде құлшылық жасаушыларға тиіспеңдер!»
Усаманың (радиаллаһу әнһ) басшылығындағы әскер Әбу Бәкірдің(радиаллаһу әнһ) берген нұсқауы бойынша жүріп кетті. Гректерге
кезікпеді. Бірақ кері қайтар жолда діннен шыққан Хуза‘алықтардың бір тобын ойсыратты. Осылайша әрі Аллаһ елшісінің (ﷺ) әмірі орындалды, әрі бас көтеріп келе жатқан үлкен бір бәлекеттен мұсылмандар аман қалды.
Бұл жауапкершілігі мол халифалық істің қиындығы жайлы Әбу Бәкірдің қызы – Айша анамыз (радиаллаһу әнһә) былай дейді:
«Бұл міндет – тауға жүктелер болса, оны тас-талқан етерліктей ауыр міндет. Бірақ Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) бұл міндетті Аллаһтың қолдауы мен мұсылмандардың жәрдемінің арқасында ең жақсы түрде атқарды. Халифа болып тұрған кезеңінде Құран мен хадисте ашық бір дәлел табылмаған мәселелерді сахабалармен кеңесіп, келісіп шешетін».
Хазірет Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) біреуге жауапкершілігі мол істі жүктеген кезде, сол адамның қабілетіне қарап лайықтыларын қапысыз таңдап тағайындай алатын кемеңгер басшы еді. Мысалы, оның қаржы істеріне Пайғамбарымыздың (ﷺ) “Үмбеттің сенімдісі” деп атаған Әбу Ұбайда ибн Жаррахты (радиаллаһу әнһ), құқық істеріне әділеттің үлгісі – Омар Фаруқты (радиаллаһу әнһ), жазу және тіркеу істеріне уахиді жазып алушылардан Зәйд ибн Сәбитті (радиаллаһу әнһ) тағайындауы бұған айғақ бола алады.Ол әкімдер мен әскер басшыларына үнемі жазбаша түрде кеңес беріп тұратын. Осындай кеңестерінің бірі Икримаға (радиаллаһу әнһ)жіберген мына хатында көрініс тапқан:
«Істеймін деп уәде берген ісіңді істе. Сөз берсең, оны орында. Ескерту жасаудан қорықпа. Бірақ бұны істегенде нені айтып, нені айтпау керектігін абайла. Кінәліге кінәсінен артық жаза берме. Жазаға лайық болған адамның жазасын беруді кешіктірме”.
Әбу Бәкірдің қарапайымдылығы, кішіпейілдігі мен әділдігі халифа болып тағайындалғаннан кейін де бір мысқал өзгермеді. Ол өз күнін өзі көріп, отбасының нәпақасын өз маңдай терімен табудың жолдарын ойлап, соған ұмтылды, мемлекет қазынасынан ақша алу үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Ол саудамен айналысқысы келді. Сондай күндердің бірінде базарға беттеген оның алдынан хазірет Омар (радиаллаһу әнһ) шығып, оған халифа болғандығы үшін “байтул-малдан” (мемлекет қазынасынан) айлық тағайындалуын ұсынды. Хазірет Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ): “Алған бұл айлығымды кері өтей алмаймын ба деп қорқамын”, – деген еді. Бірақ Омар оған уақытының тек мемлекет істеріне ғана жетерін, сауда жасауға уақыт қалмайтынын айтып, ақырында қазынадан күн көруіне жетерлік айлық алуға көндірді.
Бірақ ол қайтыс боларда алған айлығының өзінің мирасынан есептелініп, өзінен кейін келетін халифаға берілуін өсиет етіп жазып кеткен.[7]
Әбу Бәкірдің (радиаллаһу әнһ) халифа болып тұрған кезіндегі жасаған қызметтеріне қысқаша тоқтала кеткен жөн. Пайғамбарымыз (ﷺ) қайтыс болмай тұрып-ақ Ямама, Йемен және басқа да жерлерде жалған пайғамбарлар шыға бастаған еді. Олар тайпаларын өздерінің ырқына
бағындырғысы келіп, Пайғамбарымыздың (ﷺ) көз жұмуын пайдаланып, әрекетке көшті. Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) оларға әскер жіберіп, жаңадан бой көтеріп келе жатқан бүлікті басып тастады.
Пайғамбарымыз (ﷺ) қайтыс болғаннан кейін кейбір араб тайпалары діннен шыға бастады. Яһудилер мен христиандар да қарап жатпады. Бұл мұсылмандардың жағдайын қиындатты. Әбу Һурәйраның (радиаллаһу әнһ) айтқанындай, «егер Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) болмағанда, Пайғамбарымыздың (ﷺ) дүние салуынан кейін мұсылмандар күйреуге ұшырар еді». Бұл жайлы кезінде қаталдығымен танылған Омар ибн Хаттаб (радиаллаһу әнһ):
«Діннен шығушыларға қарсы жасалған соғыста Әбу Бәкірдің менен де қатал және өте ынталы екенін көрдім. Ол халифа болып тұрған кезінде халықты Ислам әдептеріне керемет баулығаны соншалық, мен билікті қолыма алған кезімде оларды басқаруда еш қиындық көрмедім», – деп болмысынан жұмсақ мінезді Әбу Бәкірдің ақиқатты қорғауға келгенде босаңдық танытпай, үлкен жаупкершілікпен қарағандығын атап көрсеткен. Әбу Бәкір Аллаһтың көмегі мен өзінің басшылық қабілетінің арқасында мұсылмандарды бұл қорқынышты апаттан құтқарып, Ислам бірлігін сақтап қалды.
Оның Ислам үшін атқарған ең маңызды ісінің бірі – Құранды жинатуы. Ямама соғысында көптеген хафыздардың шейіт болуы, сонымен бірге әр түрлі материалдарға жазылған Құран аяттарының жоғалып кету қаупін туғызды. Хазірет Омардың (радиаллаһу әнһ) жасаған ұсынысына Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) алғашында: “Пайғамбарымыздың (ﷺ) көзі тірі кезінде жасамағанын мен қалай жасаймын?” деп тартыншақтаса да, бұл істің маңыздылығын сезінгеннен кейін Құранды жинастыруды бұйырды.
Құранның жинастырылуы үшін арнайы алқа құрылып, жетекшілігіне Құранды ең жақсы оқып-білетін жас Зәйд ибн Сәбит (радиаллаһу әнһ) тағайындалды. Пайғамбарымыздың (ﷺ) көз алдында жазылғандығына екі куәгердің куәлік етуі шартымен Құран аяттары жинастырылды. Бір жылдың ішінде бөлек-бөлек болған Құран парақтары бір жерге жиналды. Әбу Бәкірдің әмірі бойынша Құран ең жақсы білетін сахабалардан құрылған арнайы алқаның алдында оқылып, бірауыздан қабылданды.
Халифа Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) жинастырылған бұл Құранды өмірінің соңына дейін өзінің жанында сақтады. Ол қайтыс болғаннан кейін бұл нұсқа Омар ибн Хаттабқа (радиаллаһу әнһ), одан кейін Омардың қызы әрі Пайғамбарымыздың (ﷺ) жұбайларынан Хафса (радиаллаһу әнһә )анамызға берілді.[8]
Аллаһ Расулының (ﷺ) халифасы Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) Исламды мұқтаж көңілдерге жеткізу үшін әскер жасақтады. Ол Аллаһтың қылышы атанған Халид ибн Уәлидтің (радиаллаһу әнһ) басшылығындағы бір әскерді Иракқа жолдады. Бұл әскер жеңістен жеңіске жетіп, Ирактың үлкен бөлігін қол астына қаратты. Иракты алғаннан кейін Халид ибн Уәлидті (радиаллаһу әнһ) Сирияға аттандырды, бірақ ол жердің алынғаны жайлы сүйінші хабарды есту пешенесіне жазылмапты. Хижраның он үшінші жылында Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) дүние салды.
Ол тақуалығымен және Аллаһқа шын берілген құлдығымен де ерекшеленді. Бір күні сахабалар Пайғамбарымыздың (ﷺ) айналасына жиналып отырған кезде Аллаһ Елшісі (ﷺ).) оларға:
«Бүгін кім ораза ұстады, кім жаназаға қатысты, кім бір пақырды тойдырды, кім аурудың көңілін сұрап барды?», – деп жеке-жеке қойған сұрақтарының бәріне Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) «мен» деп жауап берген. Сол кезде Ардақты елші (ﷺ) күлімсіреп: “бұл ерекшеліктер кімнің бойынан табылса, ол Жәннатқа кіреді” деген еді [9]
Хазірет Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) Құранды мақамдап өте әдемі оқитын. Ол Құран оқыған кезде өзі де егіліп, өзгені де толқытатын. Исламның алғашқы жылдарында Меккедегі мүшріктердің әйелдері, балалары мен құлдарының өзі де оның Құран оқығанын тыңдау үшін айналасына жиналып қалатын. Бірақ мүшріктер бала шағамызды дінімізден бездіреді деп қорқып, бұған кедергі жасаумен болатын.Ол Құранды түсіну және сүннетті білу жағынан да сахабалардың арасындағы ең білгірі. Өйткені, үнемі Расулаллаһпен бірге жүріп, бойындағы бар қабілетін Исламды, Құранды үйренуге бағыттаған еді. Сондықтан да Пайғамбарымыз (ﷺ) тірі кезінің өзінде оған пәтуа беруге рұқсат еткен-ді. Хазірет Әбу Бәкір қай аяттың не үшін және қалай түскендігін өте жақсы білетін.
Ол жомарттығы жағынан да алдына жан салмай-тын. Жомарттығы соншалық, тіпті бүкіл дәулетін Аллаһ жолында жұмсауға дейін баратын. Бұл жайлы хазірет Омар (радиаллаһу әнһ) былай дейді:
«Исламның кең таралуы үшін Расулаллаһ (ﷺ) бірде жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі. Ішімнен “әй, осы бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба” дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Аллаһ Елшісіне (ﷺ) әкеліп табыс еттім. Аллаһ Елшісі (ﷺ) «Ей, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?» – деді. «Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым», – дедім.
Біраздан кейін Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) келді. Ол мал-мүлкін тегіс алып келген екен. Расулаллаһ (ﷺ) одан, “Ей, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?”, – дегенде оның жауабы мынау болды: «Оларға Аллаһ пен Расулының сүйіспеншілігін қалдырдым». Мұны естіген мен «бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста мен Әбу Бәкірден ешқашан да оза алмаспын» деп түйдім.
Аллаһтың Сүйікті Елшісі (ﷺ) Әбу Бәкірдің (радиаллаһу әнһ) жомарттығы мен жанқиярлығын үнемі жоғары бағалап мақтан тұтатын. Ол (ﷺ) :
«Маған дүние-мүлкі мен сұхбаттасуы жағынан адамдардың ең жомарты Әбу Бәкір» десе, басқа бір хадисінде:
«Әбу Бәкірден басқа істеген істерінің құнын өтей алмаған ешкімім жоқ. Біздің қасымызда оның жомарттығы сондай, қиямет күні оның қарымын тек Аллаһ қана бере алады», – деген.[10]
Аллаһ елшісі (ﷺ) хазірет Әбу Бәкірдің (радиаллаһу әнһ) Ислам діні үшін жасаған жақсылықтарын, шынайылығы мен жанқиярлығын әрдайым мақтап, оны басқаларға үлгіөнеге ететін. Пайғамбарымыздың ішкі жан дүниесін ең жақсы түсінетін де Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) еді. Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі мен Ислам дінінің кең жайылуын-да бүкіл сахабаның ішінде оның орны ерекше болатын. Ол жақсылық пен жомарттық шыңына шықты. Оның өмірі мен қызметтерін толық қамтып айту – өз алдына бөлек кітап жазуды қажет етеді. Адамды таңғалдырып, тамсандырар ғұмыр кешкен адал серік, абзал тұлға жайлы Мұхаммед Мұстафаның (ﷺ) сөздерінен бірнеше мысал берейік.
Ибн Омар (радиаллаһу әнһ) былай дейді:
– Пайғамбарымыз (ﷺ) үйінен шығып мешітке кірді. Оң жағында – Әбу Бәкір, сол жағында – Омар бар еді. Екеуінің қолдарынан ұстап тұрып: “Қиямет күнінде біз осылайша қайта тірілтілеміз”, – деді.[11]
Басқа бір хадисінде: «Кімде-кім Аллаһ разылығы үшін садақа берсе, Жәннатта! Ей, Аллаһтың сүйікті құлы! Мына жерге кел. Бұл есікте көп жақсылық пен мол берекет бар”, – деп шақырылады. Көп намаз оқығандар – Жәннаттың намаз есігінен, мужаһидтер – жиһад есігінен, көп садақа бергендер – садақа есігінен, ораза ұстағандар – Райян есігінен шақырылады».
Осы кезде Әбу Бәкір әс-Сыддық (радиаллаһу әнһ) та сол жерде еді. «Әке-шешем жолыңда құрбан болсын, ей, Аллаһтың елшісі! Бір адамның бұл есіктердің бәрінен бірдей шақырылуы мүмкін бе?» – деді. Пайғамбарымыз (ﷺ):
– Иә, мүмкін. Сенің, міне, осындай шақырылғандардың бірі болатыныңа үміт етемін, – деді.[12]
Бір күні Пайғамбарымыз (ﷺ) мешітте отырған кезінде Әбу Бәкір мен Омар (радиаллаһу әнһ) ішке кірді. Расулаллаһ (ﷺ) оларды көріп:
– Мені сіздермен қуаттандырған Аллаһқа мадақ! – деді.[13]
Пайғамбарымыздан (ﷺ):
– Ей, Расулаллаһ, адамдардың ішінде сізге ең сүйікті болған кім? – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (ﷺ):
– Айша, – деді.
– Еркектерден кімді атар едіңіз? – дегенде, – Оның әкесін, – деп жауап берген. [14]
Хазірет Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) халифа болған кезінде өзіне берілген “халифатуллаһ” (Аллаһтың халифасы) деген атақты алмай “халифату Расулиллаһ” (Расулаллаһтың халифасы) атауды жөн көрген. Жәһилия дәуірінің өзінде тайпалар арасындағы дау-дамайды шебер шеше білетін беделді, мәдениеті жоғары Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) шежіре ілімін жақсы біліп, сол дәуірдің бүкіл жаман қасиеттерінен бойын аулақ ұстады. Аса көркем мінездерін Исламды қабылдағаннан кейін кемелдендіре түсті. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) бүкіл істерінде өзімен кеңесіп отыратындығы үшін оны “Пайғамбар уәзірі” деп те мақтаған.
Хазірет Әлиден Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) жайлы сұрағанда:
– Ол бәрімізден озды. Аллаһқа ант етемін, біз қандай да бір іске ұмтылсақ, Әбу Бәкір бәріміздің алдымызда жүретін, – деген екен. [15]
Міне, Аллаһ елшісінің (ﷺ) құрметіне ие болып, артында аңызға толы өмір қалдырған хазірет Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) хижраның он үшінші жылы, 22-Жәмадуль-ахирде 63 жасында дүниеден озды. Екі жылдан аса уақыт халифа болған ол артында бір саумал түйе, бір қызметші және ішінде сүт сауылатын бір ыдыс қана қалдырыпты. Ол қайтыс болмас бұрын халифалығы кезінде өзіне тағайындалған айлығының қажеттілігінен артылып қалған бөлігін хазірет Омарға (радиаллаһу әнһ) берілуін өсиет етіп кетті. Омарға (радиаллаһу әнһ) бұл аманат табысталғанда ол:
– Аллаһ Әбу Бәкірге рақымын жаудырсын. Ей, Әбу Бәкір! Өзіңнен кейінгілердің орындауы қиын үлгі-өнегеге толы өмір қалдырдың-ау! – деп көз жасын төкті... [16]
«Саңлақ сахабалар» кітабынан
-
Сира, 2:39; Ибн Сағд, Табақатул-Кубра
-
Ибн Әсир, әл-Кәмил әт-тарих, 2:419-420
-
Табақат, 3:72; Ибн Әсир, Усдул-ғаба фии мағфиратис-сахаба, 3:209-210
-
Бухари, Фадаи ул-асхаб, 3; Муслим, Фадаи ус-сахаба, 2-3
-
Бухари, Жанаиз, 123; Ибн Мәжә, Сунан, Жәнәиз, 65
-
Мухаммад Юсуф Кандахлауи, Хаятус-сахаба, 3:317
-
Мухаммад Юсуф Кандахлауи, Хаятус-сахаба, 2:248
-
Бухари, Фадаи ул-Қуран, 2
-
Муслим, Фадаи ус-сахаба, 12
-
Муслим, Фадаи ус-сахаба, 2; Тирмизи, Манақиб, 15
-
Ибн Мәжә, Мукаддима, 11; Тирмизи, Манақиб, 16
-
Муслим, Зекет, 86; Тирмизи, Манақиб, 16
-
Хаким, Мустадрак, 3:74
-
Муслим, Фадаи ус-сахаба, 8; Ибн Мәжә, Мукаддима, 101
-
М. Шакир, 26
-
А.Куружан, Женнетле мужделенен он сахаби, 91
Достарыңызбен бөлісу: |