Ибрашева шара оңҒАРҚызы қазақстандағы түрік диаспорасы



бет1/3
Дата29.02.2016
өлшемі381 Kb.
#30645
түріАвтореферат
  1   2   3


ӘӨЖ 94 (512. 161): 008 Қолжазба құқығында

ИБРАШЕВА ШАРА ОҢҒАРҚЫЗЫ


Қазақстандағы түрік диаспорасы (этномәдени дамуы)

07.00.07 – этнография, этнология және антропология

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның



Авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент А.Б. Қалыш


Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Ж.О. Артықбаев


тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент Ж.Т. Ерназаров


Жетекші ұйым: ҚР БҒМ ҒК Р. Б. Сүлейменов атындағы

Шығыстану институты


Қорғау 2010 жылы « 27 » мамыр күні сағат 14.00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңесінде қорғалады.

Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29.

Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Автореферат 2010 жылы « » сәуірде таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева




КІРІСПЕ



Тақырыптың cипаты. Диссертация Қазақстан территориясында тұрып жатқан түрік диаспорасының жағдайына арналады. Саны жағынан алғанда олар 80 мыңға жақын. Бұл жерде түріктер бізбен бірге 64 жыл бойы өмір сүріп келе жатыр. Ғылыми еңбекте олардың Грузия территориясындағы көп ғасырлық тарихы, Ресей империясы кезеңіндегі тыныс-тіршілігі, ал кейінірек – кеңестік тоталитарлық жүйенің құрамына қалай енгендігі қысқаша баяндалады. Сонымен қатар 1920-1930 жж. аталмыш халықтың басынан кешкендері, олардың 1944 ж. Қазақстанға өздерінің тарихи отанынан күштеп депортациялануы, 1956 ж. дейінгі тұрмыстық ауыр жағдайлары және ұлттық қайғылы оқиғалардың деректері келтіріледі. Зерттеу жұмысында Қазақстанның төрт оңтүстік облысының қалалары, аудандары мен ауылды жерлерінде мекендейтін бүгінгі түрік халқының жалпы этникалық және этномәдени өмірі зерттеледі. Олардың өзіндік этномәдени дамуы, түрік ұлттық-мәдени орталықтарының ашылуы, аталған этнос өкілдерінің Қазақстан халықтарының Ассамблеясының қызметіне қатысуы, Қазақстан түріктерінің өз отандастары Түркия Республикасымен екі жақты шектеусіз байланыс жасау мүмкіндігі біздің республикамыздың көмегімен тікелей жүзеге асып отыр. Қазақстан түріктері отбасының бүгінгі таңдағы жағдайлары көрсетіледі.

Зерттеудің өзектілігі. Қазіргі таңда, Қазақстан және онда тұратын халықтардың барлық тыныс-тіршілігі әлемдік қауымдастықтың көз алдында. Олар өздерінің жалпы адамдық мәдени даму жолының дәл бағытын игере отырып, көне шындық пен барлық болмысын, әр салалы экономикасын, ғылымын, мәдениетін, сонымен қатар көп ұлтты және біртұтас Қазақстан халықтарының өмірін жан-жақты әділ, рухани, материалды көркейтіп даму жолында қайта жаңғыруда.

Қай елде болмасын, өмір сүріп жатқан әрбір ұлттың рухани және мәдени өмірінде негізінен мына үш түрлі жағдай: бейбітшілік, келісім және жасампаз еңбек болуы қажет екендігі белгілі. Онсыз демократияны қайта құру да, мәдениет те алға баспайды және экономикалық тұрақтану да мүмкін емес. Мұның еліміздегі барлық шағын этникалық топтардың өкілдеріне тікелей қатысы бар.

Көп ұлтты республикамызда, біздер, этнологтарға тек қана ірі этностар қазақтар мен орыстардың этномәдени ерекшеліктерін зерттеп қана қоймай, сонымен қатар шағын орналасқан этностарды да қарастыру қажет. Мұның барысында қазақ халқымен ағайынды түрік этносын зерттеу қазіргі заманға сай және өзекті болып табылады.

Қазақстанда тұратын қандай ұлттың өкілі болмасын, оның әрбір азаматына лайықты өмір сүруі қамтамасыз етілген. Көп ұлтты қоғам, елімізде шын мәнінде тарихи даму барысында пайда болса да, оны кезінде Ресей және Кеңес империяларының отарлық саясатының бір қыры ретінде қарастыруға толық негіз бар. Республикамызға күштеп әкелінген – кәрістердің, немістердің, поляктардың, гректердің, қырым-татарларының, кавказдықтардың немесе түріктердің тағдырын – сол ұрпақтың өкілдерінің кез-келгенінен сұрасаңыз, олардың әрбіреуі: «иә, бәрі дәл солай» деп мақұлдайды.

Қазақстан халқының ішінде түрік диаспорасы айтарлықтай орын алады. Кезінде түрік-месхетиндердің шығу тегі туралы сұрақтың ешқандай анық жауабы болмады, ол өзіндік саяси мәні бар, шиеленіскен талас-тартыстың пайда болуына алып келді. Шын мәнінде ахыска түріктерінің пайда болу мәселесі әлдеқайда күрделі және ол Грузияның түркі әлеміне қатысты тарихымен тығыз байланысты. Тарихтың барлық қысылтаяңдарына қарамастан, қазақтар мен ахыска түріктері, әкімшілік-тоталитарлық жүйенің ауыр соққысының сынынан өтіп, түркі тілінде сөйлейтін және исламға ғибадат етуші, этносаралық бірлесіп еңбек ету мен өзара түсіністікке қол жеткізді. Тақырыптың өзектілігіне себеп болған жәйттердің бірі – еліміздегі түрік диаспорасының этникалық және этномәдени дамуының тарихын оқу, көп ұлтты Қазақстанның ұлтаралық келісімі мен достығын нығайту.

Жұмыстың зерттелу деңгейі. ХХ ғ. дейін Қазақстанда тарихнама ғылымының өркендеуіне негізгі кедергілердің бірі – Кеңес Одағы тұсында тарихнамалық зерттеулердің қатаң коммунистік идеология құрсауында болып, ұлт тарихы туралы тәуелсіз ой пікірлердің жазба тарихымызда еркін көсіле алмауы жатты. Кеңестік тоталитарлық жүйеде тарихи үрдістерді сүреңсіз баяндау, тарихтың қасіретті беттері жайлы тіс жармау, шындықты бүркемелеу т.б. тән болып келді.

Тәуелсіз Қазақстанның одан әрі демократиялық дамыған мемлекет болып өркендеу барысындағы күрделі мәселе – қоғамымыздағы тоталитарлық жүйенің салдарын толығымен жою болып табылды. Ол үшін ақиқат айтылып, шындықтың беті ашылуы тиіс еді. Сталиндік қуғын-сүргін, Қазақстанға басқа халықтардың қоныс аударуы (депортация) тарихымызда әлі де кең зерттеле қойған жоқ. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғына дейін, Қазақстанға күштеп қоныс аударуға ұшырағандар туралы деректер тарихи әдебиетте жазылған емес. Бұл халықтар туралы еске түсіруге және зерттеуге 1989 ж. дейін тиым салынып келді.

Сонымен қатар, Қазақстанды қосқанда бұрынғы КСРО-ның депортацияланған халықтарының тарихында кемсітушілік көрген ұлттар, ұзақ жылдар бойы өздерінің жағдайларының объективті және субъективті себептерін түсіне алмай келді. Олардың ішіндегі негізгілерінің бірі – КСРО МҚК және ОК КСКП цензурасы, үстемшілдік т.б. ұлттық кемсітушіліктер, яғни, көптеген жылдар бойы арнайы мамандар мен зерттеушілер үшін, күштеп көшірілген халықтар туралы мұрағат құжаттарын қолдануға рұқсат берілмегендіктен, бұл мәселе қол жетпес түсініксіз болып жабулы күйінде қалды.

Біз зерттеп отырған түрік ұлты Қазақстанға күштеп қоныс аударуға ұшырағандардың ішінде жалғыз немесе бірінші болған жоқ. Төңкеріске дейінгі депортацияны есептемегенде, Кеңестік кезеңнің 1930 ж. екінші жартысында, осы қайғыны алғашқылардың бірі болып басынан кешкендердің қатарында: күрдтер, кәрістер және ирандықтар да болды.

Аталмыш тақырып төңірегінде ой қозғаған 1989 ж. ҚазКСР ҒА Тіл институтының аға ғылыми қызметкері Ф. Алиев болды. Өзінің мақаласында ол түрік-месхетиндердің 1944 ж. соңында, біздің республикамызға депортацияға ұшырауындағы ауыр зардаптары мен тарихи тағдырына қысқаша тоқталады [1].

Осы мәселеге байланысты негізін анықтау үшін 1990 ж. Ш.Д. Абдулқадыров шағын жұмысын жариялады. Онда автор өзінің шамасы жеткенше, түрік-месхетиндердің өмірінің қайғылы беттерін, аталмыш жылдары Грузияда басынан кешкендерін, сонымен бірге олардың соғыстан кейінгі және қазіргі жылдары Қазақстанның оңтүстік аймақтарында орналасуын көрсетеді [2].

КСРО ҒА Тарих институтының жоғары ғылыми қызметкері В.Н. Земсковтың 1990 ж. «Социологические исследование» журналындағы мақаласында тұңғыш рет біз қарастырып отырған этнос өкілдері туралы, қоныс аударудың мән-мағынасын ұғындыратын мол мәліметтер жарияланды. Бұл жариялымның құндылығы сонда, ол жерде толығымен ІІХК және КСРО ІІМ құжаттары негізінде, КСРО мемлекеттік биліктің жоғарғы және мемлекеттік басқарма органдарының мағлұматтарымен берілген. Автордың анықтауынша, 1944 ж. Грузиядан 94 955 адам күштеп көшіріп жіберілген болса, олардың негізгі бөлігі түрік-месхетиндер, күрдтер, хемшидтер және әзірбайжандар. В.Н. Земсков өзінің зерттеуінде 1949 ж. 1 қаңтарда депортацияланғандардың жаңа жерлерге орналасуы туралы мәліметтер келтірген. Мысалы, Грузиядан еркінен тыс көшіріп жіберілгендердің саны: Қазақстанға – 29497 адам, Өзбекстанға – 42618 адам, Қырғызстанға – 9811 адам екендігін атап көрсетеді. Көшірілгендердің басым бөлігін түріктер құраған [3].

Түрік-месхетиндер туралы өздерінің құнды мақалаларын жазған этнографтар Э.Х. Панеш және Л.Б. Ермолов болды. Олар белгілі басылымдарда түріктердің этникалық тарихы мен этногенезіне едәуір көңіл бөлген. Авторлар осы мәселеге байланысты зерттеушілердің қарама-қарсы екі бағытын көрсеткен. Бірінші ғалымдар тобы, грузин деректеріне сүйеніп, түріктерді бұрын грузин-түрік шекаралық аудандарында тұрған – «грузин-месхлер» деп есептейтіндер. Бұл месхетия халқы «грузиндік сана-сезімін жойған және исламды қабылдағандар» деп жазады. Ал екінші топ оларды түріктердің тегімен байланыстырады. Сонымен қатар, Э.Х. Панеш және Л.Б. Ермолов 1944 ж. Орта Азияға негізгі көрсеткіш бойынша 115,5 мың түріктің Өзбекстанға, Қазақстанға және Қырғызстанға депортациялануы барысында түріктердің басынан кешкен ауыр зардаптарына қысқаша тоқталып, тұрғылықты халықпен қоғамдық ортада ұзақ уақыт бойы бірге өмір сүру нәтижесінде, түрік диаспорасының өкілдері өздерінің ұлттық, дәстүрлік мәдениетін ұмыта бастады деп атап көрсетеді [4].

Ахалцых түріктерінің этномәдени өмірінің басқа да қарастырылмаған жақтарын зерттеуге А.Г. Осипов өз үлесін қосты. Ол Грузияның территориясындағы олардың этникалық қауымдастығының тарихын, ХІХ ғ. 20-шы жылдарынан бастап, жарты жүз жылдық ішінде грузин этносымен күрделі қарым-қатынасын, тоталитарлық Кеңес Үкіметі бекіткен ережесін, Орта Азия республикалары мен Қазақстанға күштеп депортациялануын, қиынға соққан әр түрлі жағдайлар мен сол республикалардың халықтарымен өзара қарым-қатынас орната отырып, бір-бірімен сіңісуін және олардың өздерінің байырғы этникалық отанына оралудағы тарихи шындықты қайта қалпына келтіруге бағытталған мәдени өмірі мен ұлттық ұмтылысын қарастырды [5].

Түріктерге қатысты Н.Ф. Бугайдың құрастыруымен шыққан «Турки из Месхетии: долгий путь реабилитации» атты құжаттар жинағы 1994 ж. басылып шықты [6].

ТМД түріктерінің ауыр тағдырына арналған Т.А. Қордаевтың кітабы кіріспеден, 10 тараудан және қосымшадан тұратыды. Сонымен қатар, оған 1989 жылдың шілде айындағы Ферғана, 1990 жылдың ақпанындағы Ташкент облысы, Бөкен ауданындағы, 1990 жылдың наурызында Өзбекстанда Паркенттегі, 1990 жылдың маусымында болған Қырғызстандағы оқиғаларды да келтіреді. Кітаптың арнаулы тарауларында, айқын естеліктер негізінде шоғырланған Ахалцых, Адыгон, Аспиндзы, Ахалкалак және Богданов аудандарындағы, Месхетия және Джавахетиядағы түрік халқының қайғылы оқиғалары суреттеледі [7]

Түрік-месхетиндердің 1944 ж. күштеп депортациялануын Қ.С. Алдажұманов және Е.Қ. Алдажұмановтар қарастырды [8]. Ғ. Анес [9] және О. Дымов [10] олардың кейінгі тағдырларының түзетілмегендіктері туралы жазды.

А. Юнусовтың «Ахыскинские (месхетинские) турки: дважды депортированный народ» атты еңбегінде ахыска түріктерінің этногенезі туралы мәселе қозғалады. Автор онда «ахыскалық түріктер» терминін қолданады. Ахыска түріктерінің даму кезеңін II ғ. бастап ХХ ғ. дейін төртке бөледі. Сондай-ақ ахыска түріктерінің тегі түріктер, басқаша атауы «ахыска түріктері» деп дәлелдейді [11].

Біз зерттеп отырған этнос бойынша қызықты жариялымдардың толық қатары 2000 ж. басында пайда болды. Мысалы, А. Иконниковтың [12], А.Ж. Габдуллинаның [13], Г. Уришанованың [14] зерттеулерінде түрік диаспорасының тарихы және қазіргі кезеңі, әлеуметтік-саяси дамуы, сонымен қатар олардың біздің республикамыздың қоғамдық-мәдени өміріне араласуы көрсетіледі.

У.Х. Шәлекеновтың 2002 ж. «Әлем халықтарының этнологиясы» атты еңбегінде автор түрік халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптары нақты көрсетілген және олардың әдет-ғұрыптардағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер салыстырылған [15].

Сонымен қатар Ш. Вадаловтың 2004 ж. жарық көрген «Butin yonleriyle Ahiska Turikleri» атты еңбегінде Кеңес Одағы кеңістігінде орналасқан ахыскалықтардың (месхетиндердің) рухани мұрасы жан-жақты зерттелінген. Автор түріктердің КСРО-ның шығыс аудандарынан күштеп қоныс аударуын (1944 ж.), соның кесірінен олардың көпшілігінің қаза болуы және халықтың тірі қалу үшін күресін, қайта құру кезінде (1989 ж.) тағылған айып-кінәсын жоққа шығаруын, барлық дүние жүзіне тараған Ферғана қайғылы оқиғасын (1989 ж.), Ресейдің орталық аймақтарына қоныс аударуын жан-жақты баяндаған. Сонымен бірге қазақстандық түріктердің әдет-ғұрпын, тілінің ерекшелігін, өнерін, әдебиетін, мәдениетін де қысқаша көрсетуге тырысқан [16].

Ахыска түріктерінің қазіргі жағдайы мен тарихына қызығушылық танытқан Түркияда да еңбектер шығуда. Оның қатарында Н.Н. Бекироғлының әзірбайжандар мен ахыска түріктерінің тағдырына арналған «Ахыска түріктері мен әзірбайжандардың қайғылы оқиғасы» монографиясы [17] және Ю. Зейректің ахыска түріктерінің тарихы мен қиын өмірлері туралы «Ахыска өлкесі және ахыска түріктері» зерттеуін атауға болады [18]. Екі еңбектің тарихи тамырластығы сонда, олар көп азап шегуші халықтың тікелей өкілдері болып табылады. Олар осы бір зұлмат жылдардың куәгерлері ретінде, зерттеулерін өз бастарынан кешкен жайттар мен мұрағат іс-құжаттарын дәйекті түрде пайдаланып, естелік негізінде жазады.

Біз зерттеп отырған этностың осы және басқа да қарастырылған демографиялық аспектлері ҚР ҰҒА-ның академиктері М.Қ. Қозыбаевтың [19], М.М. Асылбековтың [20] және басқа да белгілі тарихшылардың зерттеулерінде қарастырылған. Олардың жариялымдарында халық санағы және республика-мыздағы депортацияланған халықтардың орналасуы туралы мәліметтер берілген.



А.У. Тоқтабайдың 2006 ж. шыққан «Түркі халықтарының мәдениеті» атты еңбегінде, әртүрлі мемлекеттер құрамында өмір сүріп отырған отыздан аса түркі тілді халықтардың бүгінгі саяси-әлеуметтік этникалық жай-күйі, тілдік ортасы, қазіргі даму жағдайы туралы мол мағлұмат беріледі [21].

Зерттеу жұмысының нысаны – Қазақстан территориясында тұрып жатқан түрік диаспорасының қысқаша тарихы мен этникалық және этномәдени өмірін зерттеу арқылы оның өзіндік ерекшеліктерін көрсету.

Зерттеу жұмысының пәні – Қазақстанның төрт оңтүстік облысының қалалары, аудандары мен ауылды жерлерінде мекендейтін түрік халқының этномәдени дамуы мен отбасының бүгінгі таңдағы жағдайын этнографиялық тұрғыда жан-жақты зерделеу.

Жұмыстың алға қойған мақсаты мен міндеттері. Біздің зерттеуіміздің мақсаты 1944 ж. бері Қазақстан Республикасында тұратын түрік этносының мызғымас бөлігі – ахыска түріктерінің этномәдени дамуы болып табылады. Соның нәтижесінде жұмыстың мақсатына жету үшін біз алдымызға мынадай міндеттердің шешімін табуды қойдық:

  • соңғы 180 жыл бойғы отарлық патшалық Ресейдің қол астында болып, тоталитарлық Кеңес үкіметінің қуғындауына ұшыраған және посткеңестік Грузия билігімен 1944 ж. Қазақстанға күштеп депортацияланған түрік диаспорасының қайғылы тағдырын зерттеу;

  • тәуелсіз Қазақстан Республикасының жоғары билігінің қолдауының арқасында ахыска түріктерінің жағдайы мен мәртебесінің жақсарғандығын, ағайынды қазақ халқымен қарым-қатынасын паш ету, сонымен қатар, осы этностың біздің көп ұлтты республикамыздың оңтүстік облыстарында орналасуын және соңғы 60-тан аса жыл ішіндегі демографиялық жағдайындағы өзгерістерін бақылау;

  • олардың этномәдени бағыттағы мәдени өресін – ән, би, кино, бұқаралық ақпарат құралдары және т.б тұтынуындағы этносоциологиялық қырларын танып білу;

  • аталмыш этностың өкілдері үшін қандай этнотілдік үрдістердің – түрік тілінде сөйлеуін қосқанда, түрік халқының арасындағы биллингвизм немесе қостілділіктің, үштілділіктің және көптілділіктің ерекшелігін көрсету;

  • отбасы және неке қарым-қатынасын, соның ішінде отбасы құрамы мен түрлерін, ішкі отбасылық қатынастары және отбасылық әдет-ғұрыптары т.б бағытын зерттеу;

Жұмыстың хронологиялық шеңбері. Олар 1940 ж. бастап және 2000 ж. дейін, яғни, 60 жылдан аса кезеңді қамтиды. Бастапқы кезеңде олардың 1944 жылы Қазақстан территориясына тарихи отанынан күштеп қоныс аударылуының қайғылы белеңдері баяндалады. Сонымен бірге біз ХІХ ғ. басы және ХХ ғ. әлдеқайда ерте кезеңдерге де жанама шолу жасадық. Хронологияның қорытынды кезеңі, түріктерді қоса есептегенде 130-дан аса үлкен және кіші этнос өкілдері тұратын Тәуелсіз Қазақстанның тұрмысы мен тіршілік ету кезеңін қамтиды.

Зерттеу жұмысының территориялық ауқымы. Бұл негізінен Оңтүстік Қазақстан шеңберімен шектеледі. Көрсетілген аймақты таңдау мынадай жағдайлармен анықталады. Біріншіден, оның төрт облысында – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, сонымен қатар республикамыздың оңтүстік астанасы – Алматы қаласында 1999 ж. санақ бойынша Қазақстандағы барлық түріктердің 99,6% тұрады. Екіншіден, 1944 ж. түріктерді депортациялау салдарынан Оңтүстік Қазақстан территориясы кейінірек олардың екінші отанына айналды. Үшіншіден, Қазақстан түріктерінің 60 жылдан астам уақыт бойы осы аймақтарға шоғырлануы, олардың бұрынғы тұрған Месхетия және Джавахетия – Грузияның қазіргі тарихи-мәдени облыстарының жергілікті табиғи-климаттық ұқсастығымен түсіндіріледі.

Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі ретінде жалпы ғылыми, тарихи, этнографиялық, этносоциологиялық, этнолингвистикалық және мәдениеттану ғылымдарында соңғы кездері қалыптасқан жаңа ғылыми бағыттар, тұжырымдар мен ой-пікірлер мүмкіндігінше басшылыққа алынды.

Диссертация барысында қолданылған негізгі зерттеу әдістері қатарына ғылыми ізденістің жалпы диалектикалық танымдық тәсілдерімен қатар арнайы ғылыми әдістер: жүйелілік, объективтілік, себеп пен салдар, жалпылық және жалқылық, тарихи-салыстырмалық тәрізді ғылыми таным қағидаларын негізге алдық. Сонымен қатар, ғылыми жұмыста дедукция, индукция, талдау, жинақтау, қорыту әдістері де қолданылды.

Сондай-ақ Х.А. Арғынбаев, У.Х. Шәлекенов, О.С. Смағұлов, Ә.Т. Төлеубаев, С.Е. Әжіғали, Ж.О. Артықбаев сынды отандық этнографтардың еңбектері басшылыққа алынды

Зерттеу жұмысының деректік негізгі. Біздің диссертациялық зерттеу жұмысымыздың негізгі дереккөздерін бес түрге бөліп топтастырып қарауға болады.

Біріншісі – ҚР ОММ сақталған, мұрағат құжаттарынан құралады. Оның ішінде біз зерттеп отырған соғысқа дейінгі және соғыс жылдары Қазақстан жерінде депортацияланған халықтарға арналған № 1987 қорында және № 1137 қорында жинақталған құнды деректерді атап айтуға болады.

Екінші топты, түріктерге қатысты арнайы құжаттар мен мәліметтерден тұратын жинақтар құрастырады. Мысалы, 1992 ж. жинақта – «Иосиф Сталин – Лаврентию Берия: «Их надо депортировать...» ІІХК және ІІМ КСРО мұрағаттарының құжаттарынан мәліметтер келтіріледі. Онда Еділ бойы, Солтүстік Кавказ және КСРО-ның басқа да аймақтарынан қоныс аударылған халықтар тарихынан нақты деректер айтылады. Бұған түрік-месхетиндерге тікелей қатысы бар, олардың қай жерлерден депортацияланғаны және жаңа жерлерге орналасуы туралы, арнайы қоныс аударушылардың халық санағын жатқызамыз. 1993 ж. Мәскеуде басылып шыққан «Саяси жазалауға ұшыраудың құрбаны болғандардың жазасын ақтау және жазалауға ұшырау туралы заң шығарушы және ереже актлерінің жинағында» біздің назарымызды аударатын көптеген мәліметтер кездеседі. Оған мына жәйттердің өзіндік тікелей қатысы бар: халықтың тұрғылықты елді-мекендерінен алыс жерлерге депортацияға ұшырап көшіріп жіберілуінің қанша уақытқа созылғандығы жайлы мәліметтер; жаңа жерлерге орналасқандардың үнемі сол жерде тұруға міндеттелуі, ал қашса қылмыстық жауапкершілікке тартылуы туралы; заң шығару ережелері, арнайы қоныс аударылғандарды тәртіпке келтіру жағдайы және т.б. Алматыдан 1998 ж. «Арыс» баспасынан басылып шыққан «Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы» жинағында КСРО ІІМ және ІІХК мұрағатының негізінде, КСРО ХКК Үкімі және Қаз КСР арнайы қоныс аударушылардың құқықтық жағдайы, шаруашылық және жұмысқа орналасуы, біздің республикамыздың территориясына таратып орналасуы жайында бізді қызықтыратын деректер берілген.

Дереккөздерінің үшінші тобына – Бүкілодақтық халық санағының статистикалық мәліметтерін жатқыза аламыз. Онда 1970, 1979, 1989 және 1999 жылдары жүргізілген санақ мәліметтері республикамыздағы түрік халқының отбасылық құрамы көрсетілген. 1999 ж. санақта халық санағымен қатар отбасы, тіл мәселесі, білім және әлеуметтік деңгейлеріне қатысты ортақ деректер жарияланған. Бұл деректерден біз Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары бойынша түріктердің орналасуы мен халық санағы жөніндегі нақты мағлұматтарды білдік.

Деректердің келесі тобын – 1989 ж. Жамбыл облысы Меркі ауданында орналасқан түріктердің арасында республикамыздың ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография Институтының этнография бөлімінің ғылыми қызметкерлері (жетекшілер тарих ғылымының кандидаты Қ.А. Қауанова және А.Б. Қалыш) жүргізген сұрақ-жауабының этносоциология-лық үлгідегі мәліметтері кескіндейді.

Соңғы, дереккөздерінің бесінші тобы – Қазақстанның төрт оңтүстік облысының қалалары мен елді-мекендерінен жинақталған, автордың тікелей ел арасынан жинаған этнографиялық құжаттары құрайды. Олардың қатарына мыналар жатады: Алматы облысы бойынша – Қарасай ауданының Қаскелең қаласы, Шамалған, Жандосов, Каменка, Қарағайлы, Жаңа Тұрмыс, Біріншімай, Алатау ауылдары; Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласы, Новоалексеевка, Қайназар, Красный Восток және Түрген ауылдары; Талғар ауданының Қызылқайрат, Бесағаш, Тұздыбастау ауылдары және Талғар қаласы; Іле ауданының Боралдай елді-мекені, Байсерке, Жаңа-арқа ауылдары. Жамбыл облысы бойынша – Меркі ауданындағы Меркі, Жамбыл және Нововоскресеновка ауылдары; Байзақ ауданындағы Сарыкемер, Түймекент ауылдары; Жамбыл ауданындағы Природное және Асса ауылдары; Шу ауданының Шу қаласы, Алға және Кемер ауылдары. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Сайрам ауданындағы Сайрам, Ақсу, Қарабұлақ ауылдары; Түркістан қаласы және Шымкент әкімшілік қаласына қарасты Пригородное ауылы. Қызылорда облысы бойынша – Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылы.



Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы төмендегілермен анықталады:

– Қазақстан тарихнамасындағы жеткілікті дәрежеде қарастырылған тақырыптардың бірі көп ұлтты еліміздегі шағын, әсіресе бауырлас және түркітектес этностардың, соның ішінде этнографиялық тұрғыдан зерттелінбеген түрік диаспорасы жан-жақты қарастырылды;

– зерттеу жұмысының сипаты мен мазмұны этносоциологиялық тұрғыдан диссертациялық жұмыс ретінде алғаш зерттеліп отыр. Түрік тұрғындарының арасынан жиналған мәліметтер аталмыш тақырыпты жаңаша негіздеуге, пайымдауға мүмкіндік берді;

– түрік диаспорасының этнодемографиялық, этнотілдік және отбасылық-некелік жағдайлары мен қарым-қатынастары, отбасылардың құрылымы мен санын сипаттайтын статистикалық және этнографиялық бастаулар бірінші рет ғылыми көзқарас тұрғысынан көрсетілді;

– ахыска түріктерінің этномәдени дамуы мен бағыттары алғаш рет жан-жақты зерттелді;

Зерттеу жұмысының қолданбалы маңызы еңбектің нәтижелерін, жекелеген тұжырымдары мен қорытындыларын және диссертацияның қорытынды мәліметтерінің маңызын төмендегі себептерден байқауға болады:


  • Қазақстан Республикасы жоғарғы жетекшілігінің қолдауымен ұлт мәселесін шешу барысындағы әділ қызмет көрсету айғағы көрініс табады;

  • Республикамыздағы барлық халықтың бар болғаны 0,5% құрайтын түрік диаспорасының ұлтаралық қарым-қатынас саласындағы дұрыс көрсеткіштері, басқаларға өзіндік үлгі бола алады;

  • Қазақстан халықтарының Ассамблеясы мен республикамыздағы басқа да шағын этностардың ұлттық-мәдени орталықтары үшін түрік диаспорасының шынайы этномәдени жағдайы көрнекі зерттеу болып табылады;

  • Қазақстан түріктерінің күнделікті өмірі мен тұрмысын баяндау барысында қажетті хабарларды бұқаралық ақпарат құралдары (газеттерден, журналдардан, радио және теледидардан) береді;

  • Түркия Республикасының жұртшылығына бұл туралы көрсету үшін, олардың отандастары тәуелсіз Қазақстанда қандай қолайлы жағдайда тұрып жатқаны ауыспалы түрде қолданылған болуы мүмкін;

  • Отан тарихы, этнология, мәдениеттану, саясаттану, лингвистика пәндері бойынша студенттер мен магистранттарға оқылатын дәріс сабақтары мен арнайы курстарда пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылған тұжырымдар. Жұмыстың ғылыми жаңалығы төмендегі тұжырымдар арқылы тиянақталмақ:

– түріктердің этнодемографиялық жағдайын талдау арқылы, отарлық патшалық Ресейдің, тоталитарлық Кеңес үкіметінің қуғындауына ұшыраған, осы этностың қайғылы тағдырына қатысты мәліметтерді толығымен алуға болады және посткеңестік Грузия билігі 1944 ж. Қазақстанға күштеп депортацияланған ахыска түріктерінің ұлт мәселесінің шешімін табуға қарсылық көрсеткен жағдайлардан дәлелдер келтіре алады.

– олардың Қазақстан Республикасының аймақтары, облыстары мен аудандарындағы саны, өсімі мен аймақтық орналасу ерекшеліктерін анықтауға болады;

– түрік тұрғындарының мәдени құндылықтары мен оның бағыт-бағдарлары, рухани сұраныстары мен талап-тілектеріне қатысты сауалдардың нәтижелерін барынша түсіндіріп бере алады;

– түріктердің арасындағы этнотілдік жағдайдың қалыптасуының алғы шарттарын қарастыра отырып, олардың арасындағы ана тілінің, қазақ және орыс тілдерінің атқаратын рөлін, тілдік жағдайға егеменді Қазақстан Республикасының саясатының тигізетін әсерін айқындаудың мүмкіндігі туындайды;

– зерттеліп отырған этностың отбасы мен некесін талдай отырып, олардың арасындағы жалпылама ерекшеліктерін және өздеріне тән дәстүрлер мен инновацияларды (жаңашылдықтар) зерделеу арқылы жаңаша қорытынды дәлелдерге сүйене аламыз;



Зерттеу жұмысының сыннан өтуі диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары мен қағидалары 9 ғылыми мақалада, оның 4-і ҚР Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізімдегі басылымдарда, ал оның 5-і халықаралық конференция жинақтарында жарияланған.

Жұмыстың құрылымы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, ақпарат берушілер тізімі мен қосымшалардан тұрады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет