2
БІРІНШІ БӨЛІМ
І
Ай
сәулесі
жүдеп,
қырқа
үсті
ақ
шолаң
тарта
құлан
иекте-
ніп атып келе жатқан таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы аралас, ат құлағы
көрінбейтін көк шалғынды ылдидан қалың көш көрінді.
Аздан соң көгілдір аспанды алтын сәулесімен шарпи, қызарып күн де шықты. Төңірек
сандықтан суырған гауһар тастай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге енді. Жаз ортасы
ауған шақ еді. Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне
бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр.
Қалың шөп арасынан сыңсыған
қып-қызыл қой бүлдіргенінен, сиыр бүлдіргенінен көз тұнады. Әбден саумалданып саяу бере
бастаған қымыздық та шоғырлана кездеседі. Мезгілі өтіп бара жатқан қалың балауса, көк
шалғынның хош иісі таңғы кіршіксіз таза ауамен араласып мұрынды жарады.
Күн сәулесіне шомылған көштің беті күнгей тұс. Көш басында тең үстіне қызыл ала масаты
кілем жабылған күлсары атан жетектеген, солғын реңді кәрі шал. Астында тобылғы күрең ат,
үстінде қоңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік. Оның соңынан
тізбектелген аттылы, түйелі қалың керуен. Кейбір қомды түйелерде ағараңдаған әйел
кимешектері көрінеді. Шаңырақ доңғалақты екі аяқ шиқылдақ арбаларда кемпір-шал, бала-
шаға...
Қыз-келіншек, бозбала ат үстінде. Бірақ бұлар әдеттегідей ән шырқап, әзілдесе сөз
қағысып, бірін-бірі қуып жарыспайды. Үн-түнсіз тұнжырап қалған. Көштің оң жағында қалың
жылқы. Қырқаны бүйірлей тасыр-тұсыр жіті басып келе жатыр. Көш соңында қара мал, одан әрі
жүре жайылған қотан-қотан қой-ешкі.
Көш жүрісі шұғыл. Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе. Үстіне қауырт келіп қалған
мал тұяғынан сасып, қияқ пен ши түбінен пырылдай ұшқан бөдене мен жапалақ.
Асыға қимылдаған қыруар ел ылдидағы масағы кере қарыс қалың балқурай көмкерген
айдын көлге қарай беттеді... Таң әлетінен жау қуғандай жөңкіген жұрт бір жаманатты
аңғартқандай. Оларды қоршауға алып, суыт келе жатқан сойыл-шоқпар ұстаған жүзден артық
ер азаматтар тобы бар. Бәрінің де астында сүмбілдей сәйгүлік жүйрік, шайқала ырғалған
жорға. Түстері суық. Шекпен-шапандарының етек-жеңі түріңкі.
Бұлардың ішінде қайыңның
безіндей берік, қазан тастай шомбал, төртпақ келген біреу ерекше көзге түседі. Астында есік
пен төрдей, ай табанды жайма жал қара көк айғыр. Тақымында келте шоқпар, қарына темір
бауырлы қайың сойыл ілген. Үлкен өткір қара көзді, ұзын, қою қара мұртты адам. Таңмен бірге
ашыла түскен қара сұр жүзі ақ сұпыдай. Бұл осы көштің басшысы, Баянауылдағы Қаржастан
шыққан Азнабай ұлы Сейтен. Қазіргі беті Балқаш көлінің маңындағы кең алқап. Ал
арғы
мақсаты осыдан үш жыл бұрын Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ руларының қырық мың шаңырағын
ертіп Қоқан хандығы қарауындағы Сыр бойына өтіп кеткен Қасым төренің балалары Есенгелді,
Саржанға қосылу.
Сейтенмен үзеңгілес түксиген қабақты, кескен томардай келте қара сұр жігіт келеді. Сары
ала қынапты қисық табан келте қылыш тағынған. Кісі өлтірген адамдай түсі зәрлі. Бұл Қубет
ұлы Ожар. Бір кездегі барымтаға да, жауға да қатар шапқан Сейтеннің үзеңгілес досы. Соңғы
үш-төрт жыл ішінде Ақмола аға сұлтаны Құдайменденің Қоңырқұлжасының қасында болып,
жақында ғана өз еліне қайтып келген.
Маңыраған қой, мөңіреген сиыр, кісінеген жылқы үніне дабырлай сөйлеген адам даусы
қосылып, таңертеңгі табиғаттың бейкүнә
тамылжыған шырқын бұзып, кең даланы басына
көтерді. Жасыл құрақ арасында бұйығып жатқан топ елік орындарынан үрпиісе түрегеліп, көл
жағалай зыта жөнелді... Інінен жаңа ғана шығып, таң намазын оқыған молда тәрізді, шоқиып
отырып алып, шақылдай жөнелген семіз суыр дабырлаған үнге сәл құлағын түріп тыңдай
қалды да, кенет қалың ши арасына кіріп жоқ болды. Беймезгіл келген жұрттан сескенген көл
үстіндегі құс у-шу, абыр-сабыр.
Көл жағасына дамылдаған көш түйенің
қомын алмай, қазан көтеріп ас ішпей, сәл
тыныстады да қайта көтерілді. Су маңайы бір әуенге түскен кезде шомбал қара Ожар қайтадан
3
Сейтеннің қасына келді. Астындағы төрт аяғы тең жорға қара көктің тізгінін тежей түсіп, кеше
тәмәмдай алмай қалған әңгімесіне қайта кірісті.
— Ата мекен Көкшетауын тастап, Қасым төре неге Қоқан хандығына қарай көшті? — деді
ол сөзін алыстан қозғап. — Қазақта мақал бар емес пе «Бөтен елде сұлтан болғаныңша, өз
еліңде ұлтан бол» деген.
— Қасым төре қай жерде жүрсе де сұлтан, — деді Сейтен жақтырмағандай алая қарап. —
Бүлік басы бұзықта дегендей, пәле ақ патшаның Жылқы жылғы ұстабынан
1
басталған жоқ па...
— Иә?
— Ұстап деген атының өзінен расында жан шошырлық... Ақ патшаның уысында ұстауға
шыққан заң екен соның өзі... Осы ұстап бойынша Орта жүз сегіз өкірге бөлінді емес пе... Әр
өкірге бір рулы елдің он бес-жиырма болысы кіреді. Әр болыста он-он екі ауыл. Әр ауыл Арқа
жерінде, өзіңе белгілі, жүз қаралы үй. Ауылды үш жылға жұрт сайлаған старшын, ал болысты
Шыңғыс тұқымынан шыққан сұлтандар басқарады. Өкірге үш жылға сұлтандар сайлаған аға
сұлтан ие...
— Япырмай, ә, ақ патша өкірді қазақтың аға сұлтандарына басқартқандағы ойы: өз
қотырын өзі қасып жатсын дегені ме екен?
Сейтен ақырын мысқылдай күлді.
— Ұшқалақтанбай тұра тұр. Ақ патша қазақ ісін екіге бөлген. Бірі — ауыл арасындағы жесір
дауы, алыс-беріс секілді кәкір-шүкір. Мұны ақсақалдар мен билер өзі шешсін деген. Екіншісі —
кісі өлімі, барымта, үкіметке бағынбау тәрізді ауыр күнәлар. Мұны аға сұлтан басқарған өкірлік
пірказ қарайды. Өкірлік пірказ екі патша қызметкері және екі жылға сайланған екі қазақ
жәсиәтірден
2
құралады. Бұлардың шешімін гүбірналық сот бекітеді. Онда бірде-бір қазақ жоқ.
Сөйтіп біздің тағдырымыз бәрібір өз қолдарында...
Сейтен сәл үндемей қалды. Шұбырып келе жатқан көшке бұрыла бір көз тастап күрсінді де,
қайтадан сөйлеп кетті.
— Сол ұстапта: «қазақ Мұхамбет пайғамбардың жолын берік
ұстаған діншіл халық емес,
оны шоқындырып алу оңай, тек ауылға уәкілдер жіберілсін» делінген.
Ожар күлгендей боп тісін ақситты.
— Және ол ұстапта ешкімді зорлау болмасын, әркім шоқынғысы келсе, өз еркімен
шоқынсын деген де сөз бар ғой...
— Сейтен атының басын жедел тартып алды.
— Сен оны қайдан білесің?
Ожар екіұшты жауап қайырды.
— Ел құлағы елу...
Сейтен атын тебініп қап, кенет қызулана сөйлеп кетті.
— Қасым төре біз секілді ақымақ емес еді. Арқа жерінде сегіз өкірігтің не үшін құрылғанын
бізден бұрын түсінді. Тоқа, Алтын, Алтай, Уақты ертіп патша құрығы жетпейтін Бестаңбалы
жеріне қарай көшті. Біз қалып қойдық. Қалғанымыздан не таптық? Он жылдың ішінде Талды
өзенінің
сағасында Қарқаралы өкірігі, Қызылжар бекінісінің жанында Көкшетау өкірігі, Семей
бекінісінің тұсында Аякөз өкірігі, Омбы қаласынан төмендеу Ақмола өкірігі, Жәміш бекінісінің
қасынан Баянауыл өкірігі, Аманқарағайдан
жоғары Құсмұрын өкірігі, Омбының оңтүстік
саласында Үшбұлақ өкірігі құрылды. Бүкіл Арқа жеріне темір тор жабылды, енді тырп етіп
көрші! Қарамағыңдағы елің түгіл, туған ініңнің баласын арашалауға күшің жетпей қалды.
Сейтеннің соңғы сөзінің мәнісі бар еді.
Батыс Сібірдің тұрғын жұрты мен жер айдалып барған адамдардың арасында әйел
жынысының өте жеткіліксіздігін еске алып, Бірінші Николай патша 1825 жылы 11 февраль күні
қазақша Тауық жылғы ақпан айының он бірінде Сібір генерал-губернаторы мен Орынбор соғыс
губернаторына Сібірмен шектес қазақ секілді «бұратана» ұлттардың жас қыз балаларын қолға
түсіруге жарлық берген. Бұл жолда қандай амал болмасын қолдануға рұқсат етілген. Сатып
алуға да, алдап алуға да болады делінген.
1
Ж ы л қ ы ж ы л ғ ы ұ с т а п — Россия патшасының Сібір қазақтарын басқару жөніндегі 1822 жылғы ережесі