Жоғарғы соттың
Қылмыстық істер жөніндегі алқасынан
Тағайындалған жаза қылмыстың сипатына, залалдың мөлшеріне сәйкес келмейтіндіктен сот үкімі өзгертілді
(iстен үзiндi)
Ертісбаев бұрын: 1986 жылы Қаз.КСР ҚК-нің 132-бабының 3-бөлігімен 3 жылға бас бостандығынан айыруға;
1991 жылы Қаз.КСР ҚК-нің 132-бабының 3-бөлігімен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға;
1996 жылы Қаз.КСР ҚК-нің 76-бабының 2-бөлігінің “в” тармағымен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған.
Қызылорда облысы Сырдария аудандық сотының 2002 жылғы 10 маусымдағы үкімімен ҚР ҚК-нің 175-бабының 3-бөлігінің “в” тармағымен 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге, жазасын түзеу колониясының қатаң режимінде өтеуге сотталған.
Қызылорда облыстық соты қадағалау алқасының 2004 жылғы 18 наурыздағы қаулысы бойынша аталмыш үкім жартылай өзгертіліп, жаза 6 жылға дейін төмендетілген.
Қадағалау шағымында Ертісбаев кінәсін толық мойындап, бірақ тағайындалған жаза ауыр екенін көрсете келе, ҚР ҚК-нің 55-бабының талабына сай тағайындалған жаза мөлшерін азайтуды сұраған.
Баяндамашы судьяның іс бойынша хабарламасын, прокурордың жаза төрт жылға дейін төмендетілуге жатады деген пікірін тыңдап, алқаның анықтағаны:
Сот үкімімен Ертісбаев Исмаилованың үйінің есігін бұзып, заңсыз кіріп, жалпы құны 515 теңге тұратын мүлкін жасырын түрде ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған.
Тағайындалған жаза жасалған қылмыстың ауырлығына және сотталушының жеке басына сәйкес келмеуіне байланысты сот қаулылары өзгертілуге жатады.
ҚР ҚК-нің 52-бабына сәйкес, жаза тағайындау кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі, айыпкердің жеке басы, сонымен бірге оның қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалы ескеріледі делінген.
Сот Ертісбаевтың қылмыстық әрекетінен туындаған залалдың мөлшері 515 теңге екенін, оның өзі жәбірленушіге толық өтелгенін, жәбірленушінің оған ешқандай талап қоймағанын, кешіргенін, тұрғылықты жерінен жақсы мінезделгенін, жасаған қылмысын алдын ала тергеу барысында және сотта шын жүректен мойындағанын жете есепке алмай, 6 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, тым қатал жаза тағайындаған. Сондықтан Жоғарғы Сот алқасы ҚІЖК-нің 467-бабының 2-бөлігін басшылыққа ала отырып, Қызылорда облысы Сырдария аудандық сотының үкімін, Қызылорда облыстық сотының қадағалау алқасының сотталған Ертісбаев жөніндегі қаулысын өзгертіп, оған Қазақстан Республикасы ҚК-нің 175-бабының 3-бөлігінің “в” тармағымен үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, сот қаулыларының басқа бөлігін өзгеріссіз қалдыруға қаулы етті.
Сотталғанның қадағалау шағымын жартылай қанағаттандырды.
Достарыңызбен бөлісу: |