Инновациялық жоба: күн энергияcын пайдалану және оның болашағы
Автор: Абдрасылова Алтыншаш Садуақасқызы,
Шымкент қаласы Саттар Ерубаев атындағы №24 жалпы орта мектебі физика пәні мұғалімі
Бүгінгі күнде адамдардың тұрмыс тіршілігі табиғатты басқару арқылы, жақсартуға ұмтылу және жаңа өндірістерді дамытудың салдары айнала қоршаған ортаға экологиялық проблемалар тудыруда. Адам баласына кейінгі кезде энергия жетпейді. Газет, журнал беттерінде энергетикалық кризис жайлы мақалаларды жиі кездестіреміз. Мұнай үшін кейбір мемлекеттер бір-бірімен жауласып жатса, ал кейбіреулері экологиялық дағдарысқа, құлдырауға ұшырайды екен.
Елбасы 2012 жылдың 5 қыркүйегінде Назарбаев университетінде оқыған интерактивті дәрісінде: кәсіби, білімді, ойлы, жаңалыққа құмар маман болып шығуды міндеттеді. Инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқылы біз еліміздің бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастыруға жағдай жасаймыз. Бұл істе Елбасы жастарға үлкен үміт артуда.
Қазіргі заманға сай өмір сүру үшін инновациялық жобаларды өзімізде ойлап табу қажет.
1930 жылы бүкіл әлемде 300 млрд кВт-сағат энергия өндірілсе, ал қазір
60 000 млрд кВт-сағат энергия өндірілуде. Бұл өте үлкен көрсеткіш! Адамның энергетикалық сұранысы күннен-күнге өсуде.
Бүгін біздің пайдаланып отырған энергия көздері - жер асты пайда қазба қорлары - мұнай, көмір, табиғи газ барлық энергоқорлардың 90% құрайды. Американдық зерттеушілердің айтуынша жер бетіндегі мұнай 2025 жылға дейін жетеді. Қашан болса да, ол бітеді және әрі қарай не болады?
Жаһандану дәуірінде энергетикалық сұранысты қанағаттандыра алатын энергия көзі – күн энергиясын қолдану аясын кеңіту және оның мүмкін келешегін зерттеу ғылыми жаңалық болып отыр.
Күннің ғаламшараралық кеңістікке шығаратын бүкіл энергиясының Жер атмосферасы шекарасына жуықтап алғанда екі миллиардтан бір бөлігі жетеді. Жер бетіне түсетін Күн энергиясының үштен біріне жуығы шағылысып ғалам- шараралық кеңістікке тарайды. Күн – энергияның аса қуатты көзі, оның энергиясы электромагниттік толқындар спектрінің барлық бөлігінде – рентген және ультракүлгін сәулелерден бастап радиотолқындарға шейін ұдайы сәуле шығарып, таратып тұрады. Бұл сәулелер Күн жүйесіндегі барлық денелерге күшті әсер етеді: оларды қыздырады, планеталардың атмосферасына әсер етеді, жердегі тіршілікке қажетті жарық пен жылу береді. Күннің орташа температурасы 8·106 К-ге жақын, ал Күн бетінде 6000 К-ге тең. Неғұрлым дәл есептеулер Күн центріндегі температура 15 млн Кельвинге жететінін көрсетті. Оның ядросының түйреуіштің басындай бір түйірін Жер бетіне орналастырар болсақ, бұл «шағын пешке» 140 шақырымнан артық жақындай алмаған болар едік! Күн әр секунд сайын жүздеген миллион ядролық бомбаның жарылысына тең энергия бөліп шығарады. Күннің ірі болғаны соншалық, оның ішіне біздің Жеріміз сияқты 1 300 000 планета сиып кете алады. Күннің бір килограмм затының бір секундта шығаратын энергиясы, бір қарағанда 2·10-4 Вт/кг – ға тең, бұл шама көп емес, ол шамамен бір килограмм шіріген жапырақтардан шыққан жылу мөлшеріне тең. Бірақ жапырақта жинақталған химиялық энергия осылайша энергия бөлгенде, бір жылға әзер жетеді.
Қазіргі мәліметтерге қарағанда Күн 5 млрд жыл шамасында өмір сүрді, бұл уақыт оның жарықтығы пәлендей өзгерген жоқ, Күн затының ішкі энергиясын-дағы қор әлі миллиардтаған жылдарға жетуге тиіс.
Қазіргі кезде Күн энергиясы халық шаруашылығында – гелиотехникалық құрылғылар (жылыжай, саяжай, суқайнатқыш, сужылытқыш, кептіргіш сияқты әр түрлі қондырғылар) өте жиі қолданылады. Ойыс айнаның фокусында жинал- ған Күн сәулесі ең берік деген металдарды балқытады. Күн электр бекеттерін жасау, үйлерді жылытуда Күн энергиясын қолдану т.с.с. жолында жұмыстар атқарылуда. Күн энергиясын тікелей электр энергиясына айналдыратын шама өткізгіштерден құрастырылған Күн батареялары күнделікті өмірде қолданылу- да. Біздің заманымызда табиғи таза энергия қоры – Күн энергиясын пайдалану- дың негізгі екі бағыты бар: 1) күн энергиясын ішкі энергияға түрлендіру арқылы жылумен қамтамасыз ету және 2)күн энергиясын электр энергиясына түрлендіру.
Күн энергиясын ішкі энергияға айналдыруды қалай жүзеге асыруға болады? Бәрімізге белгілі күн сәулесі денеге өткенде жұтылады, кері жағдайда жұтылған энергия қоршаған ортаға сәулесін шығарады (сәулеленеді). Біздің жағдайымызда осы энергияны пайдалану мақсаты көзделіп отыр.
Жинағыш линзаның фокусына күн сәулесін жинақтау арқылы қағазды жандыруға болатынын бәрімізге бала кезден белгілі, ал линзадан жасалатын гелиоконцентраторлар өндірісте қолданбайды, себебі линза дайындау технологиясы қиын және салмағы ауыр болып келеді. Қазіргі кезде ойыс сфералы айна қолданады, егерде күн сәулесін ойыс айнаның фокусына бағыттасақ, күшті сәулелер ағынын туғызады. Ойыс сфералы айна гелиоконцентратордың негізі деп атайды. Егерде айнаның фокусына суды қоятын болсақ жылығанын байқай- мыз. Концентраторлардың айнасын шыныдан немесе жылтыратып өңдеп қаптаған алюминийден жасайды.
Жаз маусымындағы күн энергиясына өндірілген мөлшерден тыс артық энергия жалпы тұтынушыдағы электр жүйелеріне беріледі. Ал қысты күндері, әсіресе түн сағаттарында энергия тегін гелиоқондырғының иесіне қайтарылады. Бірқатар елдердің күн энергиясын пайдаланудағы тәжірбиелері, бір елдің бүкіл тұрғын үйлерінің электр мұқтаждықтарын қамтамасыз ететінін дәлелдеді.
Күн сәулесі болашақтың сарқылмас энергиясы.
«Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ» – демекші өткен ғасырда ғылыми техникалық прогресстің арқасында адамзат біраз табыстарға қол жетті. Табиғаттан алатынынымыз көп, беретініміз аз болды. Қазіргі мемлекеттерде энергия тапшылығы байқалуда. Бұрыннан пайдаланып келе жатқан көмір, мұнай, табиғи газ сынды энергия көздерінің сарқылуы немесе қорының азаюы, қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерінің күн санап артуы адамдарды бей-жәй қалдырмады. Бүкіл әлем Энергия тапшылығынан құтылып, қоршаған ортаны ластамайтын альтернативті энергия көздеріне қол жеткізуге кірісіп кетті. Бүгінгі таңда әлемнің ғалымдары энергияның жаңа көзін жыл өткен сайын іздестіріп келуде. Сарқылмайтын дүние жоқ. Уран да сарқылатын отынға жатады. Атом энергетикасының келешегіне қауіп төніп, көптеген елдер баламалы қуат көздері туралы ойлана бастады. Әрине, көгілдір отын және көмірмен жұмыс істейтін стансаларда өндірілетін қуат арзан, бірақ олардың қоры шектеулі. Сондықтан күн батареялары мен жел стансаларының қымбаттығына қарамастан, энергия өндіру бағытында жаңғыртылатын қуат көздерін құру бүгінгі және болашақ үшін өте маңызды. Менің ойымша, елімізде күн сәулесі болашақтың сарқылмас энергиясы бола алады. Мысалы күн энергиясын пайдалануға толық мүмкіндігіміз бар. Оңтүстік облыстарда бір жылдың ішінде 180-250 рет күн ашық болып, орташа температура 370С құрайды. Бұл дегеніңіз біз үшін, ең тұрақты, ең арзан, таусылмайтын энергия көзі күн сәулесінің энергиясы болмақ деген сөз. Күн сәулелерін шоғырландырып, оларды кремний батериясына бағыттау жарық сәулесін өзгертіп, электр энергиясына айналдырады.
Еліміздің энергетика саласындағы кешенді мәселелерді шешу тек пайдаланыстағы активтерді қалпына келтіріп, көмірсутегі шикізаттарына тәуелді жаңа энергетикалық қуаттарды ашып қана қоймай, еліміздің энергетикалық балансын баламалы қуат көздерімен толықтыруға да тікелей байланысты. Қазақстанның географиялық қоныстану аймағы жел, күн және су энергиясын молынан пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, қазақ даласында геотермальдық энергия көздері де жетерлік. Дүние жүзінде энергетикалық қуат көздерінің балама түрлерін пайдалануға деген бетбұрыс әлдеқашан басталған. Ғалымдардың болжамы бойынша, ХХІ ғасырдың ортасына таман жаһандық энергетикалық баланстағы баламалы қуат көздерінің үлесі 30 пайызға дейін жетпек.
Алматы облысындағы Сарыбұлақ ауылында күн электростанциясы салыныпболып, іскекірісіпкетті.Құрылыс БҰҰ-ныңқ олдауымен жүргізілді.
1 гектар жерді алып жатқан гелиостанция 20 метрлік 6 панельден құралған. Станция сағатына 52 киловатт электр энергиясын өндіріп тұр.
Алматы облысында күн электростанциясы іске қосылды
Жыл қорытындысының деректері бойынша 2011 жылы елімізде балама көздер арқылы алынған электр энергиясы қуатының мөлшері 423 миллион кВт/сағ.-қа тең болып отыр. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-тың Қазақстан энергетикасындағы балама қуат көздерін зерттеу жөніндегі деректеріне сүйенсек, қазіргі еліміздің энергетикалық әлеуетінде ЖЭО-ның өндіретін электр энергиясының үлесі 88 пайызды, гидроэлектр стансаларының үлесі 12 пайызды құраса, балама энергетикалық қуат көздерінен алынатын электр энергиясы 0,02 пайызды құрайды екен. Солай бола тұрса да, елімізде балама қуат көздері, атап айтқанда, жел, күн және су сияқты балама қуат көздері энергетикалық ресурстарының едәуір бөлігін бере алады.
Күн энергиясын қолданысқа енгізу оңай емес. Ол ғылыми-зерттеу мен осы бағытта ерен физикалық еңбекті талап етеді. Сондай-ақ ауқымды инвестиция да қажет. Өйткені күн энергиясын алатын тиімді қондырғылардың құны да қымбат.
Қазақстанда күн энергиясын, қайтарымды қуат көздерін дамытуға толықтай негіз бар. Жағрафиялық, күн сәулесінің түсу мерзімі мен ұзақтығы жағынан да мүмкіндіктер жеткілікті. Әсіресе еліміздің оңтүстік аймағына токтың осы балама көзін пайдаланған ұтымды. Ұзақ уақыт бойы бұл энергия түрін дамытуға Еуропа мен АҚШ атсалысып келеді. Алмания ғалымдары 2050 жылы өз елінде пайдаланатын энергияның 80 пайызы қайтарымды қуат көздерімен, соның ішінде күн энергетикасымен қамтылатынын мәлімдеді. Мемлекетіміз күн энергиясын дамытуға қатысты арнайы бағдарлама қабылдап, ғалымдарды осы іске жұмылдырып, жағдай жасаса жеткілікті. Ондай жағдайда күн энергиясын елімізде дамытуға толықтай мүмкіндік бар.
Қуат жетіспеушілігі мәселесін шешудің бір амалы – қуатты үнемдеу. Қуатты үнемдеуге бағытталған шаралар Қазақстандағы нағыз балама қуат көздері болып табылады. Энергия мен қорларды үнемдейтін технологияларды дамыту барған сайын өзекті мәселеге айналып барады.
Пайдаланылған әдебиеттер
-
М.Васильев «Энергия және адам».
-
Уделл «Күн энергиясы».
-
П.С. Непорожний, В.Н.Попков «Әлемнің энергетикалық қорлары». 1995ж.
-
Журнал «Жастар техникасы», 1990 №5
-
В.Володин, П. Хазановский «Энергия жиырма бірінші ғасыр».
Өмірбаян
Мен Абдрасылова Алтыншаш Садуахасқызы 1969 жылы 11 желтоқсанда Түркістан қаласында дүниеге келдім.
Отырар ауданы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебін 1987 жылы бітіріп, 1987-1989 жыл аралығында Түркістан қаласындағы медициналық училищеде оқыдым.
1990-1995 жылдар аралығында Жезқазған Педагогикалық Институтына оқуға түсіп, физика және информатика пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықтым.
Өз еңбек жолымды Шымкент қаласы Саттар Ерубаев атындағы №24 жалпы орта мектебінде бастадым. Қазіргі уақытқа дейін осы аталған мектепте физика және информатика пәні мұғалімі болып жұмыс істеймін. Санатым жоғары, педагогикалық өтілім 17 жыл. Оқушыларға үздіксіз білім мен тәрбие беру барысында халқымыздың дені сау, ұлттық сана сезімі оянған рухани ойлау дәрежесі биік, ел болашағын ойлайтын, парасатты да саналы азамат тәрбиелеу мақсатымен оқушыларды тәрбиелеуде өз еңбегімді жалғастырудамын.
2004-2011 жылдар аралығында аталған мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып «Оқыту мен тәрбиені ізгілендіру негізінде жеке тұлға тәрбиелеу» тақырыбында жұмыс жасадым. Білім беру барысында оқушыларға Қараевтың деңгейлеп-жүйелеп оқыту технологиясы, Интербелсенді әдістемелері арқылы білім беру, оқушының іс-әрекетін қалыптастыру арқылы оқу материалын игерту, оқушылардың дарындылығын денсаулық сақтау дағдыларымен ұштастыра алатын ұрпақ тәрбиелеуде біліктілік дағдысын қалыптастыру, деңгейлік тапсырмалар орындату арқылы оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту, ұқыптылыққа, жауапкершілікке, табиғаттың тазалығын сақтауға баулу. Оқушыларды топқа бөліп топпен жұмыс жасау барысында ұйымшылдылыққа, бауырмалдылыққа, бірлдесе еңбектенуге, шығармашыл қарым-қатынас құруға тәрбиелеу жұмыстарын үнемі басшылыққа аламын.
Оқушылардың өзіндік ізденістерін жандандыру мақстаныда ғылыми-жобамен айналысамыз. 7 «ә» сынып оқушысы Арыстанбек Сұлтанмен «Күн энергиясын пайдалану жолы және оның болашағы» тақырыбындағы жасаған жұмысымыз Облыс бойынша ІІІ орын иеленді.
Жанұялымын, 1 ұл, 1 қызым бар.
Физика пәні бойынша оқушылардың біліктілігін арттыру.
Автор: Абдрасылова Алтыншаш Садуақасқызы,
Шымкент қаласы Саттар Ерубаев атындағы №24 жалпы орта мектебі физика пәні мұғалімі
XXI ғасырдың негізгі сипаты - қазіргі шақта халқымыздың дені сау, ұлттық сана сезімі оянған рухани ойлау дәрежесі биік, ел болашағын ойлайтын, парасатты да саналы азамат тәрбиелеу болып отыр.
Заманымыздағы үздіксіз білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты- жастарды өз бетінше білім алуға үйрету. «Нағыз білім - өз бетінше оқып алған білім» -деп үйретеді халық даналығы. Осыған сәйкес, оқытудың барлық әдістері мен тәсілдерінің түпкі міндеттері оқушыларды өз бетінше оқуға үйрету болып саналатынын әр мұғалім ұдайы есте сақтап, оны әрқашан басшылыққа алып отыруы керек. Бұл тұста физиканы оқыту процесінде де мүмкіндіктер мол, бірақ оған мұғалімнің ұйымдастыру - басшылық ролі әбден қажет.
Білім мен тәрбиені сабақ барысында ұштастыра, бірлікте оқыту әрбір ұстаздың басты міндеті.
Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы бүгінгі басты міндеттердің бірі - ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып шәкірттерге терең білім мен тәрбие беру.
Осыған сәйкес “Қазақстан Республикасының мектеп физикасынан білім беру тұжырымдамасының” 4- бөлімінде: “физиканы оқытудың біртұтас оқу-әдістемелік жүйесі оқушының дамуын қамтамасыз етуі керек” делінген.
Оқушылардың ойлау қабілеттерін қалыптастыратын ғылым саласының бірі - физика пәні болып табылады. Физика ғылымы арқылы оқушылар табиғатта болып жатқан құбылыстарды, заңдылықтарды, процестерді бақылайды, зерттейді.
Оқушылар 9-шы сынып физика курсында алғашқы, ең қиын қадамдарын жалпы физика курсының кинематика бөлімін оқып-үйренуден бастайды. Осыған сәйкес біз оқушылардың ең қиын қадамдарын оңай жолмен, өмірмен байланыстыра отырып, пәнге деген қызығушылығын арттыра отырып түсіндіруіміз керек.
Кинематика туралы ілім ең алдымен бізді қоршаған дүниені танып білу үшін қажет, олай дейтініміз кез келген құбылыс қозғалыспен тікелей байланысты. Шын мәнінде кинематика білімінсіз табиғатта болып жатқан құбылыстарды ұғыну тіпті де мүмкін емес.
Бізді қоршаған әлемнің бәрі үздіксіз қозғалыста болады. Қалалар мен ауыл көшелеріндегі адамдар, орман мен даладағы құстар мен жануарлар, теңіздер мен көлдердегі, өзендер мен мұхиттардағы балықтар - бәрі-бәрі қозғалыста болады. Демек, адам қолымен жасалған машиналар, электр жеткізу желісіндегі электрондар, қан тамырларындағы қан, өсімдіктердегі тұз ерітінділері үнемі қозғалыста болады. Денені құрайтын молекулалар мен атомдар да қозғалыста болады.
Кинематика механиканың бір бөлімі. Кинематика қозғалысты геометриялық тұрғыдан қарастырады.
Бұл ерекше “қозғалыс геометриясы”. Ол дененің қалай қозғалатынын қарастырады да, дененің басқаша емес, неге дәл осылай қозғалатынын қарастырмайды.
Кинематиканың қарастыратын негізгі мәселелері мыналар:
а) дененің қозғалысын математикалық формулалар арқылы өрнектеп, графиктер арқылы кескіндеу.
б) осы қозғалысты сипаттайтын кинематикалық шамаларды анықтау.
Қозғалыстарды сипаттау үшін кинематикада арнайы ұғымдар (материялық нүкте, санақ жүйесі, траектория) және шамалар (жол, орын ауыстыру, жылдамдық, үдеу) енгізіледі. Бұлар тек кинематикада ғана емес, физиканың басқа бөлімдерінде де маңызды болып саналады. Осы келтірілген ұғымдар мен шамаларды меңгеру кинематиканы оқып–үйренудегі оқушылардың алдарында тұрған ең негізгі міндеттердің бірі. Сонымен бірге кинематиканың әдіс-тәсілдерімен танысып, ондағы қозғалыстарды қалай оқып-үйрену керектігін білудің маңызы зор. Қозғалыстардың бірнеше түрін кинематикалық тұрғыдан оқып үйренуге және қайсыбір кинематикалық есептерді шығаруға оқушыларды үйрету керек.
Физиканы терең ұғыну үшін, түрлі физикалық заңдар мен заңдылықтардың бір-бірімен байланысын, олардың қолдану шекарасы мен ол заңдардың әлемнің жалпы физикалық көрінісінде алатын орнын дәл білу қажет. Физиканы мектепте оқыту әдістемесі - педагогика ғылымдары жүйесінің бір тармағы болып саналады. Себебі; педагогика ғылымдары сияқты оның да зерттейтін ең негізгі мәселесі - орта мектептегі ғылым негіздерінің бірі физиканы оқытудың іс-тәжірибесі мен теориясын қарастыру.
Мектепте физиканы сапалы оқытудың ең бірінші және басты шарты - физика ғылымын берік меңгеруі, оның зерттеу әдістері мен даму тарихын терең түсінуі. Тек қана физикалық білімдерді ұқыпты ұғыну арқылы мектепте жақсы физик-мұғалім болу мүмкін емес. Сол себепті, болашақ физика пәні мұғалімі үшін физиканы оқыту әдістемесінің практикалық және теориялық мәселелерін терең оқып үйрену қажет.
Физиканы оқыту әдістемесі негізінен мектеп үшін мынадай қажетті нақты мәселелерді шешудің жолдарын қарастырады.
Мектеп физика пәнінің әрбір басқыштарында оқытылатын оқу материаларының (жадыхаттарының) көлемін және мазмұнын анықтау.
Оқу жадыхатын (материалын) баяндаудың жүйелілігін анықтау. Оқытылатын материалдың бірізділігі, оңайдан қиынға қарай бірте-бірте өсіп отыруы тиіс. Оқушылардың жадыхатын оңай меңгеруінің тиімді әдістері мен тәсілдерін және мұғалімнің әр түрлі әдістемелік түсіндіру амалдарын көрсету. Мәселен, ауызша баяндау, әңгімелеу, сұрақ-жауап, эксперимент, анализ және синтез, аналогия мен нобайлау (модельдеу) т.т.
Бағдарламалық жадыхаттарды оқушылардың берік игеруін қамтамасыз ететіндей физиканы оқытудың қажетті материалдық-техникалық базасын (физика кабинеті, эксперименттік және көрнекі құралдар, т.т.) анықтау.
Физиканы тереңдетіп оқытуға мүмкіндік туғызатындай сыныптан тыс жұмыстарды (физикалық кеш, үйірме, экскурсия, олимпиада, т.т.) ұйымдастыру мен өткізудің әдістемесін жасау.
Мектепте физиканы оқыту процесінде өткізілетін (ғылыми-материалисттік, патриоттық, эстетикалық, этнопедагогикалық, т.т.) тәлім-тәрбие жұмыстарға бағдар-бағыт беру.
Оқушылардың эксперименттік білімдері мен ебдейліктерін және дағдыларын қалыптастыру.
Оқушылардың физикалық ұғымдарды түсініп, талдап ұғуы олардың логикалық және диалектикалық ойлауын дамытуға зор ықпал етеді. Академик С.И. Вавилов айтқандай, физикалық ойлауға дағдылану керек, оған көп жаттығу мен ұзақ үйренудің нәтижесінде қол жеткізуге болады, бұл физиканы оқытудың ең басты міндеттерінің бірі болуы тиіс.
Физика – табиғат туралы ғылым. Оның басты мақсаты – заттар мен денелердің, құбылыстар мен процестердің негізгі қасиеттерін біліп-тану, табиғат құбылыстарының заңдылықтарын зерттеу. Сабақта мұндай танымдық процесс оқушылардың физикалық ойлауын дамытуды қажет етеді. Бұл үшін оқыту процесінде анализ және синтез, салыстыру және аналогия, классификация мен жүйелілік (систематизация), абстракция және жинақтап қорытындылау сияқты логикалық ойлау операцияларын пайдаланамыз. Оқушылардың физикалық ойлауын дамытуда, ең алдымен оларды диалектикалық ойлауға, яғни физикалық құбылыстар сырының қалай ашылғандығына үйретіп, әлі шешілмеген мәселелердің зерттеліп толық білімге айналатындығын түсіндіріп, физикалық заңдылықтардың өзара байланысын ашып көрсетуіміз керек.
Халық педагогикасында адамдарға үйрету мен оларды тәрбиелу ісінде тыңдаттыру, жаттаттыру, көрсету, жұмыс істеттіру, өнерге және кәсіби шеберлікке баулу сияқты әдістерді пайдаланып келгені байқалады.
Қай заманда болса да үйрету мен тәрбиелу ісі екі адамның (үйретуші – үйренуші, тәрбиелеуші – тәрбиеленуші) өзара бірлесіп атқаратын жұмысы (еңбегі) болған. Бұл жұмысты (процесті) жүзеге асыратын жол, әдіс-тәсіл, амал-айла, іс-әрекет грек сөзімен “метод” (әдіс) деп аталып кеткен, кейіннен оған қосымша “тәсіл”, “амал” деген әртүрлі балама терминдер пайдаланылды.
Осыған сәйкес, мұғалім әр уақытта бірнеше тәсіл, амалдарды қолдана отырып, біздің болашақ жас ұрпақтарымызды жан-жақты оқытуға, тәрбие беруге тырысу керек.
Оқушы тек қана теория жүзінде ғана емес, ол құбылысты құрал-жабдыктар аркылы көзбен көруіне мүмкіндік туғызады. Осы жерде "мың рет естігенше, бір рет көрген артық" деген мақалдың орынды екені белгілі.
Бүгінгі күн талабы – болашақ ұрпаққа саналы да сапалы, тәжірибелі де мәнді білім беру.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Л.И.Резников, С.Я.Шамаш, Э.Е.Эвенчик. методика преподавания физики. -М: "Просвещение", -1974.-275 с.
2. Методика преподавания физики в средней школе. Под ред. Бабанский и Агабаева. -М: "Просвещение", -1968. -191с.
3. К.Н.Елизаров. Вопросы методики преподавания физики в средней школе. -М: "Просвещение", -1962. -240 с.
4. З.Ж.Жанабеков, Ш.Б.Тынтаева, Х.Б.Жолдасова. Физиканы оқыту әдістемесі. -А: "Қазақ әдістемесі". -2002 .-1196.
5. Муравьев А.В. Как учить школьников самостоятельно приобретать знания
Достарыңызбен бөлісу: |