Интегративті (біріктіруші) бағытталған қызметтер:
Дәріс 6. Әлеуметтік жұмыскерлерді денсаулық сақтау қызметтеріне дайындау Медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуге қатысушы әлеуметтік жұмыс маманының үлгісі
Әлеуметтік жұмыскер кадрларын дайындаудың заманауи жүйесін қалыптастыру әлеуметтік жұмыс саласындағы мамандарды дайындау деңгейіне ғылыми негізделген мемлекеттік талаптардың және тиянақты дайындалған маманнның үлгісі болған жағдайда мүмкін болады. И.И. Сигов пен Н.Ф. Талызинаның анықтамасы бойынша, маманның үлгісін жасау мәселесі оқу жоспарлары, оқу бағдарламаларының мазмұнын қалыптастыру мен профессиограмманы құрудың негізгі кілті болып табылады.
И.А. Зимняяның пікірі бойынша, кәсіби әлеуметтік жұмыскердің профессиограммасын құру кезінде кем дегенде үш негізге сүйену керек. Біріншісі, әлеуметтік жұмыскердің тұлғалық мінезімен сәйкес келеді. Мұнда анықтаушы критерий ретінде тұлғаның аталған мамандық түріне гуманистік сәйкестігін, бейімдігін айтуға болады. Екіншісі – әлеуметтік жұмыскердің құзыреттілігі, яғни мұнда маманның тек өз саласы бойынша ғана емес, сол саламен тікелей немесе жанама байланысы бар басқа да салалардан әлеуметтік білімі мен қабілеттері болуы тиіс. Үшіншісі – ол әлеуметтік жұмыскердің адамдармен қарым-қатынас кезіндегі әр түрлі жағдайда тұлғааралық және конвенционалды қатынас орната білу қабілетіне негізделеді.
Медициналық-әлеуметтік жұмыс саласындағы мамандар іс-әрекетінің көпаспекттілігімен, аталған мәселенің жаңашылдығымен, сонымен қоса, әр түрлі ведомствоға тиісті мекемелердің контингенттері мен түрлерінің әр түрлілігімен байланысты маманның үлгісін жасау қажеттілігі туды.
Медициналық-әлеуметтік көмекке қатысушы әлеуметтік жұмыс маманының үлгісін жасау кезінде әлеуметтік жұмыстың «адам-адам» сияқты кәсіп саласындағы кәсіби іс-әрекеттің көпжоспарлы түрі екендігі ескеріледі.
Л.В. Топчий және т.б. айтуы бойынша, мұндай кезде ең алдымен маман төлқұжатын дайындаумен байланысты мәселелер туындайды.
Маман төлқұжатын дайындауда әлеуметтік көмек көрсету қызметі дамыған елдердегі әлеуметтік жұмысқа қойылатын нормативті талаптардың тәжірибесі ескеріледі. Маманның төлқұжатын дайындау медициналық-әлеуметтік жұмыс шеңберінде жүзеге асырылатын маманның тұлғалық қасиеттерін белгілеу, оның білімі мен қабілеттерін, сонымен қатар қызметтік міндеттерін анықтау, арнайы қызметтерді айқындауды көздейді. Бірақ кәсіби іс-әрекет пен қызметтік міндеттердің түрлері мен міндеттерінің орнын шатастырмау керек.
Әлеуметтік жұмыс мамандарының тұлғалық қасиеттерін анықтау барысында оның интеллектуалды, жалпымәдени және адамгершілік потенциалының деңгейін есепке алу керек. Қазіргі уақытта маманның жоғары саяси мәдениеті мен азаматтылығы, гуманистік және жалпыгуманитарлық қасиеттері ерекше сұранысқа ие.
Е.И. Холостова қалыптастырған әлеуметтік жұмыскерге деген талаптар медициналық-әлеуметтік жұмыс саласындағы мамандарға да қажетті болып табылады. Автордың ойынша, әлеуметтік жұмыскердің:
· психология, физиология, экономика, құқық, информатика және басқа да салаларда жақсы кәсіби дайындығы мен білімі болуы қажет;
· жалпы жоғары мәдениет иесі болуы керек;
· қазіргі кездегі саяси, әлеуметтік және экономикалық процесстер туралы ақпараты, халықтың түрлі әлеуметтік топтарынан хабары болуы керек;
· белгілі бір әлеуметтік бейімі болуы керек;
· кәсіби амалы, айналасындағылардың сенімі мен көңілін жаулап алу, кәсіби құпияны сақтай білу сияқты қасиеттері болуы тиіс;
· эмоционалды тұрақты, сабырлы, сыпайы бола отырып, өз міндетін адамгершілікпен атқара білуі керек;
· күтпеген жағдайларда шешім қабылдап, өз ойын нақты жүйелеп, оны сауатты түрде жеткізе білуі керек.
Әлеуметтік жұмыскердің профессиограммасы іс-әрекет пен кәсібиліктің жоғары стандарттарын талап етеді.
Медициналық-әлеуметтік жұмыс саласындағы мамандарды кәсіби дайындауда биоэтиканы зерттеудің маңызы зор. Болашақ мамандарға медициналық және биологиялық ғылымдардың дамуымен пайда болатын философиялық, этикалық және құқықтық мәселелер шеңберін кеңінен қарастыру мүмкіндігін беру керек. Олар қазіргі замандағы денсаулықтың құндылығы, этикалық және адам өлімі мәселелері, эвтаназия, адам мүшелерін трансплантациялау, жаңа репродуктивті технологиялар, заманауи биотехнологиялық зерттеулер мен биоэтиканың басқа да мәселелерін міндетті түрде қарастырулары керек.
Жаңа технологиялар адамдарға жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай кейбір кездері қауіп-қатер де төндіріп жатады. Бірақ бұдан адамзат бұл қауіп-қатерге толы биотехнологиялық процестерге көнігуі керек деген ой қалыптаспауы керек. Ол гуманизмнің құндылықтары мен идеалдарына қарсы жүзеге асатын болса, оны біз прогресс деп қабылдай алмаймыз. Бұл құндылықтар мен идеалдарды үгіттеп қана қоймай, оларды тәжірибеде жүзеге асыру қажеттілігі туындап отырғандықтан, соңғы кездері биоэтика саласында гуманизм қолданбалы болып келеді. Б.Г. Юдиннің айтуы бойынша, бұл жерде гуманизмнің бастауы жүзеге асатын күрделі моральді мәселелерді шешу жолдарын іздестіру туралы әңгіме болып отыр.
Әр пәнаралық мамандықтарда өз кәсіби құзыреттілігінің шектерін белгілеп алу заңды процесс түрінде орындалады. Бұл әлеуметтік жұмыс саласына да тән.
Тәжірибеге сүйенетін болсақ, өз клиенттеріне кәсіби көмек көрсету үшін әлеуметтік жұмыс маманының медицина мен денсаулық сақтау саласындағы теориялық және практикалық білімі жоғары болуы керек. Өз мамандығы мен жұмыс орнына қарамастан, әлеуметтік жұмыскер индивидуалды және қоғамдық денсаулық мәселелерін шешуге қатысып, «денсаулық мұғалімі» ретінде қабылдануы керек.
Әлемдік денсаулықты сақтау ұйымы денсаулықты – ауру мен физикалық ауытқушылықтардың жоқ болуы деп қана емес, сонымен қатар физикалық, рухани және әлеуметтік хал-ахуалының жақсы күйі деп те анықтайды. Сондықтан, әлеуметтік жұмыс дәрігерлікке жақын іс-әрекет түрі ретінде де қарастырылады.
Денсаулық мәселесі жаһандық мәселе бола отырып, адамзаттың басқа да мәселелерінен ажыратылмайды. Денсаулық ағза дамуының барлық кезеңдерінде, туылғаннан бастап өлуіне дейін өзекті болып саналады. Жеке түрде денсаулық – ол аурудың жоқ болуы емес, керісінше оның антиподы. Денсаулық ағзаның жағдайы ғана емес, ол – «адам өмірінің стратегиясы» ретінде де қарастырылады.
Адам денсаулығы биология, медицина, әлеуметтану, психология, философия сияқты көптеген жаратылыстану мен қоғамдық ғылымдардың пәні болып табылады. Денсаулық негізін зерттеу – бұл көбінесе медициналық-биологиялық аспект. Бірақ, барлық медициналық доктринаның негізінде екі өзара байланысты мақсат: денсаулықты сақтау және ауруды емдеу табылса да, ал медицина ауру туралы ғылым ғылым болып табылғандықтан, денсаулық мәселесі әлеуметтік факторларды есепке алмай шешілмейді. Шетелдік және отандық зерттеушілердің мәліметтері бойынша, адам денсаулығының 50%-ы адамның өмір сүру салтына байланысты.
Әлеуметтік жұмыскерлердің іс-әрекеті мәселені 3 тәсіл арқылы шешуге негізделеді. Олар: тәрбие, фасилитация және адвокаттық тәсіл. Бұл тәсілдердің қайсыбірін қолдану әр түрлі рөлдік позицияларды, мақсаттарды және әрекет ету әдістерін анықтайды. Қысқаша айтатын болсақ, әлеуметтік жұмыскер іс-әрекетінің мазмұны осындай.
Достарыңызбен бөлісу: |