Иранбаққа саяхат



Дата23.02.2016
өлшемі63.96 Kb.
#9214
Боранбаева Айман Жұбатқанқызы

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы


Иранбаққа саяхат

Желтоқсан айының соңғы бейсенбісінде таңертең Махан-эйр компаниясының ұшағымен әріптесім Жумадилова Ғайни екеуіміз Иранға аттанып кеттік. Иранға сапарымыздың мақсаты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін материал жинау болатын. Бұл сапарымыз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың біліктілікті арттыру институты мен Иран Ислам Республикасындағы университеттердің ғылыми ынтымақтастығын дамыту орталығы тарапынан қаржыландырылды. Ақ ұлпа қарға оранған, тұманды Алматыдан 3,5 сағатта Техранның (Тегеран) оңтүстігінен 30 км қашықтықта орналасқан Халықаралық Имам Хомейни әуежайына жеткенде ол жерде күн жарқырап тұрды, ауаның температурасы +9 градус болды. Әуежайда орталық қызметкері Джафари мырза күтіп алып, бізді және Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің магистранттары Гүлсара мен Әйгерімді «Мехреган» қонақ үйіне орналастырды. Қонақ үй елдің ең көне университеті Техран университеті мен кітап дүкендері көп шоғырланған Энғелаб алаңына жақын болғандықтан, таңдалып алынған сияқты. Қонақ үй шағын, тап-таза, тыныш екен және бізден өзге де шетелдік қонақтар болды.

Иранға сапарымыздың мақсатын баяндағаннан соң, оқырмандарымыз үшін бұл ел туралы аздаған мағлұмат бере кеткіміз келеді. Елдің қазіргі Иран атауы бұрынғы көне замандарда үнді-ирандықтардың ежелгі ата-бабаларының (ария тайпалары) атымен Ариана деп аталған, бұл атау замандар өте келе Эран болып өзгереді. Ариана «арийлардың елі» деген мағынаны білдірген. Елдің қазіргі ресми атауы – Иран Ислам Республикасы. Астанасы- Техран (Тегеран). Халқының саны 2009 жылғы санақ бойынша 80 млн. Экономикасының ауқымы жағынан ислам әлемінде Түркиядан кейінгі 2-орынды иеленеді. Мұнай мен газдың бай қорына ие. Иран аймақтағы технология жағынан ең дамыған мемлекет болып табылады. 2009 жылы «Омид» («Үміт») атты өздерінің алғашқы жердің жасанды серігін Семнандағы ғарыш айлағынан Сафир-2 ракета тасымалдаушының көмегімен ғарышқа шығарды. Осылайша әлемдегі оныншы ғарыш державасына айналды. Бұл ел қазір әлемде киносымен де танымал. Америка кино академиясының 2012 жылғы «ең үздік шетелдік фильмі» номинациясы бойынша Оскар сыйлығын алған «Надер мен Симиннің ажырасуы» фильмі сөзімізге дәлел бола алады.

Иранда бейсенбі, жұма демалыс күндері, апта сенбіден басталады. Бұл елде мемлекеттік мекемелер, оқу орындарында жұмыс уақыты 8-де басталып, түстен кейінгі 2-де жұмыс аяқталады. Сондықтан сәрсенбі күні кешкісін күн сайын хабарласып, бізді қонаққа шақырып жатқан әріптесіміз доктор Навин мырзаға, Ардебил қаласына автобуспен жолға шығып кеттік. Доктор Навин мырза - шығыстану факультетінде дәріс беретін ирандық ұстаз. Тоғыз сағаттық жолдан кейін таңертеңгі сағат 7-де Ардебилге жеттік. Ардебил бізді Кавказдың салқын, сап ауасы мен ақша қарымен құшақ жая қарсы алды. Қайтадан өзімізге үйреншікті табиғи ортаға түстік.



Ардебил Иранның солтүстік-батысында орналасқан ежелгі қала, осы аттас облыстың орталығы. Қаланың ортасынан Балықлы (Балықты) өзені ағып жатыр. Қаланың ішінде Шурабил атты тұзды көл де бар. Шағын, таза қала. Халқының саны – 400 мыңнан астам. 15 млн халық тұратын алып Техраннан келген бізге Ардебил жұмақ болып көрінді. Ардебилдің халқын негізінен әзірбайжандар құрайды. Доктор Навин қаланың тарихи орындарын аралатты. Қаламен танысуды қаланың орталық базарын аралаудан бастадық. Негізінен Шығыста өмірдің бәрі базарда қайнап жатады. Базар – Шығыс мәдениетінің құрамдас бір бөлшегі. Ардебилдің орталық базары 500 жыл бұрын күйдірілген кірпіштен салынған екен. Жақсы сақталғаны соншалық, кеше салынғандай әсер қалдырады. Келесі бағытымыз осы Шейх Сефи ад-Дин Ардебилидің кесенесі болды. Ол - Шығыстағы белгілі Сефевие сопылық орденінің негізін қалаушы. Иранда кейінірек билік құрған, XVI ғасырда шиизмді мемлекеттік дінге айналдырған Сефевилер династиясының патшалары оның тікелей ұрпақтары болып табылады. Сефеви орденін оның мүшелерінің бас киімінің түсіне қарап, «қызылбаш» деп те атаған. Ол 1334 жылы қайтыс болған. Шейхтың басына кесене, оның айналасына мешіт, керуен-сарай, медресе салынып, үлкен мәдени орталыққа айналады. Бұл кесене кешенінің құрылысы XVI ғасырда аяқталады. Шейх Сефи ад-Дин кесенесі солтүстік-батыс Иран сәулет өнерінің інжу-маржандарының бірі болып табылады. Туристер зияратқа көп келетіндіктен, қаланың дамуына да үлкен ықпал етіп отыр. 2010 жылы кешен ЮНЕСКО қорғауына алынған жәдігерлердің санатына енді. Біз барған кезде кейбір бөлмелерінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр екен. Кесенедегі қайта қалпына келтіру жұмыстарының сапасына қарап, Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесінде жүргізілген қайта қалпына келтіру жұмыстары еріксіз еске түсті. Әзірет Сұлтан кесенесіндегі жөндеу жұмыстарын ирандық шеберлерге, тым болмаса Бұхара, Самарқанд шеберлеріне тапсырғанда әлдеқайда сапалы жұмыс болатын еді деген ойға келдім. Себебі, ол кесеніне ирандық шеберлер салған ғой және де сол бармағынан бал тамған шеберлердің мектебі, ізін жалғастырушылар Иранда әлі де сақталып қалған. Балықты өзенінің үстіне 500 жылдай бұрын күйдірілген кірпіштен салынған көне көпірді тамашаладық. Исфахандағы көпірлердің шағынырақ түрі екен.

Екінші аптаның аяғында Ширазға, елдің оңтүстігіне аттанып кеттік. Сәрсенбі күні түстен кейін жолға шықтық та, Иранның Сефеви династиясы кезіндегі астанасы Исфаханға кеш бата жеттік. Ол жерде қонып, ертеңіне Иранның жүрегі Шираз қаласына жол тарттық. Иранның жүрегі деп отырғанымыз, осыдан 2530 жылдан астам уақыт бұрын Ираның алғашқы мемлекеті Шираз орталығы болып табылатын Фарс облысында құрылды. Шираз - Зенд династиясы басқарған кезеңде 1750-1794 жылдары Иранның астанасы болған қала. Біз қалаға жақындағанда жаңбыр жауа бастады және сол жаңбыр біз Шираздан Техранға кеткенге дейін толастаған жоқ. Иранда соңғы жылдары құрғақшылық болып, жаңбыр аз жауады екен. Сондықтан біз құтты қонақ болдық деп қуандық. Ширазға түс ауа жеттік. Енді оқырмандарымызға Шираз қаласы туралы кеңірек айтқымыз келеді. Шираз Фарс провинциясының орталығы. Халқының саны - шамамен 1,5 млн. Негізгі тұрғындары – парсылар. Иранда Шираз десе, ақындар мен бақтар деген сөздер синоним сияқты айтылады. Шираз - ұлы ақындар Хафиз бен Сағдидың туған қаласы. Сондықтан қаламен танысуды осы екі ұлы ақынның мазарларына зиярат етуден бастадық. Екі мазар да бақтың ішінде орналасқан. Наурыз мерекесінде Иранның түкпір-түкпірінен халық көп келетіндіктен, Сағдидің кесенесінің айналасындағы бақта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Келесі бағытымыз Эрам бағы болды. Қазақтың, иран бақ деп жүргені осы Эрам атауынан, яғни Құрандағы «жұмақтағы бақ» мағынасын беретін сөзден шыққан сияқты. Ағаштар әлі жапырақ жаймаса да, бақта жұпар иіс аңқиды. Хош иіс бақтағы көгеріп тұрған бұталардан шығатын сияқты. Бақтың күтімі де тамаша екен. Ширазда Құранда суреттелгендей жұмақтың бақтарындай бақтар өте көп. Біздің тек біреуіне ғана жолымыз түсті. Жалпы Шираз қаласы жасыл желекке оранған қала. Осылайша, кеш те батты. Кешкісін «Һәфт хан» ресторанынан ас іштік. «Һәфт хан» деген атау Фирдоусидің атақты Шахнамасынан алынған, Рүстем батырдың алдынан шығатын жеті кедергі осылай аталған. Ертеңіне қаладан 60 км қашықтықта орналасқан Иранның ежелгі астаналары Пасаргад пен Персеполистің қираған орындарын көруге бардық. Пасаргад - Иранның ең алғашқы астанасы. Шираздан 130 км қашықтықта орналасқан. Пасаргадта Иран мемлекетінің негізін салған Кир патшаның (парсыша Куруш) кесенесі әлі күнге дейін сақталып қалған. Сарайлардың қираған орындары ғана қалған. Пасаргадта Кир патша әйгілі «халықтар хартиясын» шығарған. Бұл құжатта Ахемен империясын мекендейтін барлық халықтар мен тайпалар тең құқылы деп жарияланған. Сондықтан қазіргі күні кейбір ғалымдар оны адамзат тарихындағы алғашқы адам құқығы мәселесін көтерген құжат деп санап жүр. Кейін б.д.д. 521 жылы I Дарий патша астананы Персеполиске ауыстырады. Персеполистің парсыша атауы - «Тәхтэ Джәмшид», алайда ғылыми еңбектерде, тарих оқулықтарында қаланың грекше атауы кеңінен қолданылып жүр. Шираздан 64 километр қашықтықта орналасқан. Б.д.д 330 жылы Александр Македонский бұл қаланы өртеп жіберген. Бұл қала Иранды билеген Ахемен династиясы патшалары сарайларының кешенінен тұрады. Сарайлар қирап қалса да, қабырғалар, колонналар сақталып қалған. Бұл қабырғалардағы рельефтерде патша мен оған сый әкеліп жатқан Ахемендік Иранның қол астында болған халықтардың өкілдері бейнеленген. Сондай-ақ элам, вавилон, көне парсы тілдерінде сына жазумен жазылған ескі жазбалар да сақталып қалған. 1621 ж. итальян саяхатшысы Пьетро делла Валле бұл жазулардың көшіріп алып, Европаға апарды. Бұл жазу ғылымда сыртқы бейнесіне байланысты сына жазуы атауына ие болды. Ежелгі парсы сына жазбалары баға жетпейтін тарихи түпдерек болып табылады. Бұл түпнұсқа, тарихи датаны дәл білдіретін құжаттар б.з.д I мыңжылдықтың орта шеніндегі Иран мен оған көршілес елдер тарихын баяндайды. Бұл деректер 2000 жыл бұрын қалай жазылса, бізге сол күйінде мүлдем өзгеріссіз, түзетулерсіз жеткенімен маңызды. Бұл Персеполистегі сарайлар кешені ЮНЕСКО қорғауындағы жәдігер болып табылады.

Осы күні түс ауа Техранға аттанып кеттік. Кешке қарай жол ортасындағы Иранның тағы бір бұрынғы астанасы Исфаханға жеттік. Исфахан - Заяндеруд өзенінің жағасында орналасқан, Исфахан облысының орталығы. 1,5 млн-нан астам тұрғыны бар. Негізгі тұрғындары - парсылар. Иранның Техран мен Мешхедтен кейінгі үшінші ірі қаласы. XVI ғасырдағы I Аббас Сефеви патшаның билігі кезеңі Исфахан үшін «алтын ғасыр» болды. Ол қаланы бүкіл Иранның астанасына айналдырды. Қала ол дәуірде ғылым-білім, өркениеттің ірі ошағы болғандықтан, парсылар оны «Несф-э джахан», яғни «әлемнің жартысы» деп атаған. Қалада Сефеви дәуірінің тамаша сәулет жәдігерлері әлі күнге дейін сақталып қалған. Қазіргі күні қаланың орталық алаңы ресми түрде Имам алаңы деп аталса да, халық оны көбінесе «Несф-э джахан» деп атайды. Бұл алаң да ЮНЕСКО ұйымының қорғауына алынған. Бұл қалада қонып, таңертең ертемен Техранға жолға шықтық. Біздің Иранның оңтүстігіне жасаған саяхатымыз осылайша тәмамдалды.


Ардебил. Шейх Сефи ад-Дин Ардебилидің кесенесі кешені.


Ардебил. Балықлы өзені үстіндегі ескі көпір





Исфахан. «Несф-э джахан» алаңы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет