Ішкі су жолдарында кемелермен, оның ішінде шағын көлемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеруді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидалары



Дата25.02.2016
өлшемі188.8 Kb.
#21720



Қазақстан Республикасы

Инвестициялар және

даму министрінің

міндетін атқарушының

2015 жылғы 27 наурыздағы

№ 358 бұйрығымен бекітілген



Ішкі су жолдарында кемелермен, оның ішінде шағын көлемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеруді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидалары

1. Жалпы ережелер
1. Осы Ішкі су жолдарында кемелермен, оның ішінде шағын көлемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеруді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 26-19) тармақшасына сәйкес әзірленді.

2. Қағидалар ішкі су жолдарында кемелермен, оның ішінде шағын көлемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеруді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды.

3. Ішкі су жолдарында кемелермен, оның ішінде шағын көлемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеруді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізудің мақсаты жағдайлардың, себептердің салдарлардың, қатысты адамдардың іс-қимылын бағалауды белгілеу, оларды болдырмау жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ авариялардың алдын алу жөніндегі тиісті ұсынымдар дайындау болып табылады.

4. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) авария - нәтижесінде адам өлімі не денсаулыққа ауыр зиян келтірілген көлік оқиғалары не кемеден адамдар жоғалып кеткен, сондай-ақ кеменің толық конструктивтік қирауы, кемені су басуы, кеменің навигациялық жабдық құралдарын, гидротехникалық құрылыс объектілерін зақымдап, оларды пайдаланудан шығаруға, мұнай және мұнай өнімдерінің төгілуіне әкеп соққан көлік оқиғасы;

2) гидротехникалық құрылыстар - су ресурстарын басқару, су пайдаланушыларға су беру, сумен жабдықтау және су бұру, судың зиянды әсерінің алдын алу үшін пайдаланылатын инженерлік құрылыстар;

3) кемеде жүзу қасиеті - кеменің жүзуде пайдалану жағдайларындағы әрекетін айқындайтын сипаттамаларының жиынтығы: жүзгіштігі, беріктігі, суға батпайтындығы, жүргіштігі, басқарушылығы;

4) кемелерді су басу - корпустың суға толық батуы немесе корпусқа судың кіруі немесе аударылуы нәтижесінде жүзгіш қорлардың толық жоғалуы;

5) көлік оқиғасы - кемемен болған, оны апатқа және кемеде жүзу қасиетін жоғалтуға, кеменің навигациялық жабдық құралдарын, теңіз инфрақұрылымы объектілерін зақымдап, оларды пайдаланудан шығаруға, кеменің тіркеп сүйреу объектісін жоғалтуға әкеп соққан оқиға;

6) пайдалану оқиғасы - аварияға жатпайтын көлік оқиғасы.

7) уәкiлеттi орган - iшкi су көлiгi саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

5. Уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлімшелері көлік оқиғасын тергеп-тексеру органы болып табылады

6. Кемелермен болған көлік оқиғасын тергеп-тексеру еңбек заңнамасына, қылмыстық, әкімшілік өндіріс шеңберінде жүргізілген басқа да тергеуге қарамастан жүзеге асырылады және кез келген басқа тергеулерге кедергі келтірмейді.

7. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі көлiк оқиғасы болған сәттен бастап 24 сағаттың iшiнде көлік оқиғасы туралы уәкілетті органға, ішкі істер органдарының аумақтық бөлiмшесiне және көліктік прокуратураға кідірместен мынадай мәліметтерді хабарлайды:

1) көлік оқиғасы туралы хабарлаған адамның (ұйымның) тегі, аты, әкесінің аты, байланыс телефондары;

2) көлік оқиғасының болған күні және уақыты;

3) кеменің тіркеу нөмірі және түрі, кеме иесі туралы мәліметтер;

4) көлік оқиғасы орнының координаталары;

5) кеме қозғалысының бағыты;

6) кеме жүргізушісінің және кемеде болған өзге адамдардың тегі, аты, әкесінің аты, байланыс телефондары;

7) ауа райының метеорологиялық жағдайы;

8) навигациялық жабдықтың болуы;

9) көлік оқиғасының себептері, кеменің, навигациялық жабдықтың зақымдануының болуы және сипаты, қаза тапқандардың, денсаулыққа зиян алғандардың және кемеден жоғалып кеткендердің саны, қоршаған ортаны ластау;

10) көлік оқиғасын бағалауға және көмек көрсету мен зардаптарды жою үшін техникалық құралдарды тарту қажеттігі туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін өзге мәліметтер.

8. Көлік оқиғасы авария немесе пайдалану оқиғасы болып сыныпталады.

9. Көлік оқиғасы болған жағдайда кеме капитаны, кеме жүргізушісі, кеме иесі, гидротехникалық құрылыстардың лауазымды тұлғалары меншік нысанына және ведомстволық қатыстылығына қарамастан:

1) көлік оқиғасы болған сәттен бастап 24 сағат ішінде көлік оқиғасы туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне және көліктік прокуратураға хабарлайды;

2) көлік оқиғасы болған сәттен бастап 48 сағаттың iшiнде көлiк оқиғасы туралы толық ақпаратты жасайды және оның негізінде көлік оқиғасын тiркеудi жүргiзетiн уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жiбередi.

10. Көлік оқиғасы туралы ақпарат мынадай мәліметтер қамтылады:

1) көлік оқиғасының күні және орны, құрушылар туралы мәліметтер (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты, ал куәгерлер үшін - тұратын орынның мекенжайы);

2) кеме және гидротехникалық құрылыс туралы негізгі мәліметтер (атауы, түрі, қуаты, жүк көтерімділігі, габариттері, жүк түрлері және басқалары);

3) көлік оқиғасының қатысушылары туралы мәліметтер (лауазымы, жасы, арнайы білімі, су көлігіндегі, командалық лауазымдарында және атқарылатын лауазымдарындағы жалпы жұмыс өтілі, жұмыс дипломы немесе куәлігі, оларды алу күні және кім берді);

4) көлік оқиғасы болған учаскенің гидрологиялық сипаты, ауа-райының жағдайы, көрінуі, кемеде жүзу габариттері және жарияланғанға тиістілігі, штаттық орындарда навигациялық белгілердің болуы;

5) көлік оқиғасының алдындағы іс-қимылды және оған қатысы бар жағдайларды бағалау;

6) көлік оқиғасының жай-күйі (барлық маневрлердің жүйелігін көрсете отырып оқиғаны нақты жазу, жүру жылдамдығы, өкімдер, командалар, дабылдар және басқалар);

7) көлік оқиғасының салдарларын жою, адамдар мен жүктерді құтқару бойынша іс-қимылдарды қоса алғанда кеме жүргізушінің немесе экипаждың кейінгі іс-қимылдары;

8) жарақат алған немесе қаза болған адамдар саны, олардың тегі, аттары, тұратын орындары, туған жылдары);

9) корпустың, механизмнің, жылжытқыштардың, жүргізу құралдарының бұзылуы еркін түрде ресімделеді;

10) бүлінудің салдарлары (отсектерді су басуы, жүктің бүлінуі немесе жоғалуы, қоршаған ортаның ластануы, жүру мүмкіндігі және басқалары);

11) осы көлік оқиғасы туралы ақпарат жасағандардың қолы және күні.

Гидротехникалық құрылыстармен болған көлік оқиғасы туралы ақпарат олардың иелері өкілдерінің қатысуымен ресімделеді.

Көлік оқиғасының екі және одан көп қатысушылары кезінде көлік оқиғасы туралы ақпаратты олар бірлесіп жасайды. Көлік оқиғасына қатысушылардың арасында келіспеушіліктер болған кезде оның себептері және салдары туралы көлік оқиғасы туралы ақпарат жеке жасалады.

11. Көлік оқиғасы туралы ақпаратқа мына құжаттар қоса беріледі:

1) көлік оқиғасының алдындағы, оқиға болған сәттегі және шағын көлемді кемелерді қоспағанда одан кейінгі уақыттағы вахта бастығының іс-қимылы енгізілетін уақыт ішіндегі кеме журналынан (вахта журналынан) үзінді;

2) егер осы кемеде жүргізілу көзделген болса, машина және басқа журналдардан үзінді;

3) барлық қатысы бар адамдардан түсініктемелері және егер куәгерлер болса, олардың көрсетулері;

4) көлік оқиғасы болған жерді белгілеумен сызба, сондай-ақ кеменің ретімен орналасуы және басқалары;

5) көлік оқиғасы учаскесінің навигациялық картасының көшірмесі;

6) көлік оқиғасына қатысы бар басқа құжаттар мен заттай дәлелдер (радиограммалардың, бұйрықтардың, өкімдердің, курсограммалардың көшірмелері, фотосуреттер, тахограммалар, тралдау немесе тереңдіктерді өлшеу туралы тетіктер мен қондырғылардың істен шығуы туралы актілер, нұсқаулық жөніндегі журналдар).

Көлік оқиғасы туралы ақпаратқа қоса берілетін барлық құжаттар кеме капитанының, кеме жүргізушісінің, кеме иесінің, гидротехникалық құрылыстардың лауазымды тұлғаларының қолымен расталуы тиіс.

Қосымшалармен бірге көлік оқиғасы туралы ақпараттың бір данасы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жіберіледі, бір данасы көлік оқиғасының қатысушыларына жіберіледі.

2. Көлік оқиғаларын тергеп-тексеру, сыныптау және есепке алу тәртібі
12. Көлік оқиғаларын тергеп-тексеру кемелердің жүзу ауданындағы кеме қозғалысын қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарға көлік оқиғаларының салдарын жоюға және кедергі болмауға тиіс.

13. Ішкі су жолдарында кемелермен, оның ішінде шағын көлемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеру, оларды сыныптау және есепке алу уәкілетті органда көлік оқиғасы тіркелген сәттен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

14. Уәкілетті органның қызметкері көлік оқиғасын тергеп-тексеру кезінде көлік оқиғасы болған жерге келген соң, зақымдалған кемелер мен объектілерді тексеріп қарауды жүргізеді. Уәкілетті органның қызметкерлері келгенге дейін, көлік оқиғасы болған жерді, зақымдалған кемелер мен объектілерді тексеріп қарауды уәкілетті орган аумақтық бөлімшесінің қызметкері жүзеге асырады.

15. Уәкілетті органның қызметкері көлік оқиғасының қатысушыларынан және куәгерлерінен жазбаша сұрату жүргізеді, оның барысында мыналар анықталады:

1) кеменің экипажбен жинақталуы, вахтаны жүргізу тәртібінің сақталуы;

2) лауазымын атқару құқығын растайтын құжаттың болуы, шағын көлемді кемені басқару құқығына куәліктің, шағын көлемді кемеге кеме билеттерінің болуын, шағын көлемді кемені жүргізушінің жүзу өтілі;

3) вахталық журналдағы көлік оқиғасының дұрыс және толық көрсетілуі;

4) шағын көлемді кеме экипажының, кеме жүргізушісінің оқиғадан кейін адамдарға және кемелерге көмек көрсету үшін қабылдаған шаралары;

5) көлік оқиғасына дейінгі және одан кейінгі қозғалтқыштың және жылжытқыштың жұмыс режимі;

6) бақылау-өлшеу аспаптарының көрсеткіштері;

7) көлік оқиғасына қатысушы кемелердің кеме жүрісінің діңгегі мен шекарасына қатысты бағыты;

8) сигнал оттарының болуы мен олардың көрінуі.

16. Уәкілетті органның қызметкері көлік оқиғасы орын алғанға дейінгі, ол орын алған уақыттағы және одан кейінгі кемелердің қозғалысы мен орналасуының схемасын құрастырады, бұл ретте көлік оқиғасы кезінде орын алған жағдай мен факторлардың әсер ету деңгейін, атап айтқанда:

метереологиялық жағдайларды (көріну қашықтығы, желдің, жаңбырдың, тұманның, толқынның және басқа метеорологиялық факторлардың болуы);

оқиға болған ауданда басқа кемелердің болуы және олардың көлік оқиғасы салдарына әсер етуін белгілейді.

17. Кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеруді жүргізуге байланысты барлық мәселелер бойынша уәкілетті орган мемлекеттік органдармен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

18. Көлік оқиғасын тергеп-тексеру мынадай жағдайларда:

1) көлік оқиғасына қатысы бар адамдарда күтпеген мән-жайлар (ауыру, іссапар және басқа себептер) туындаған;

2) кемелерді су басуын, олардың қирауымен байланысты көлік оқиғасының мән-жайларын қосымша анықтау үшін;

3) мемлекеттік органдардың құжаттарын (материалдарды және қорытындыларды) ұсыну үшін уәкілетті органның шешімі бойынша отыз күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартылады.

19. Тергеп-тексеру материалдары бойынша тергеп-тексеру жүргізген уәкілетті органның қызметкері көлік оқиғасын сыныптайды және дәлелді қорытынды жасайды.

Егер көлік оқиғасы нәтижесінде адам өлімі не денсаулыққа ауыр зиян келтірілген көлік оқиғалары не кемеден адамдар жоғалып кеткен, сондай-ақ кеменің толық конструктивтік қирауы, кемені су басуы, кеменің навигациялық жабдық құралдарын, гидротехникалық құрылыс объектілерін зақымдап, оларды пайдаланудан шығаруға, мұнай және мұнай өнімдерінің төгілуіне әкеп соққан жағдайда аталған көлік оқиғасы авария болып сыныпталады.

Өзге жағдайларда көлік оқиғасы пайдалану оқиғасы болып сыныпталады.

20. Тергеп-тексеру қорытындылары бойынша уәкілетті орган еркін түрде көлік оқиғасы туралы қорытынды жасайды да бір-бір данадан көлік оқиғасына тікелей жол берген қатысушыларға жібереді.

21. Қорытындыда мынадай мәліметтер қамтылады:

1) кемелердің атауы, қуаты, тиелуі, жүзіп кету әдістері, қозғалыс бағыты;

2) көлік оқиғасына қатысушылар туралы қысқаша мәліметтер (оларда тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, лауазымы және жұмыс орны, шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлігі туралы мәліметтер, шағын көлемді кемеге кеме билеті, жұмыс өтілі тіркеледі);

3) көлік оқиғасының уақыты және орны, навигациялық жабдықтың немесе объектілерінің орналасуы және оларға кемелердің қатысы бойынша жағдайы;

4) көлік оқиғасының, ол болған кездегі жағдайларын және кемеде жүру шарттарын (қозғалыс сипатын, жолдың, навигациялық жабдықтың, ауа-райының және көрінудің жай-күйін, кеме сигнал беруінің және радионавигациялық аспаптардың іс-әрекетін және пайдалануын, кемелерде немесе өзге объектілерде вахталық қызметті жүргізу тәртібін сақтауды, көлік оқиғасына қатысы бар кеме жүргізушілері мен өзге адамдардың іс-қимылын) қысқаша сипаттау;

5) көлік оқиғасының себептері;

6) кемелердің, жүзбелі объектілердің зақымдану орнын, мөлшері мен сипатын, жағалау объектілерінің немесе құрылыстарының зақымдануын, адамдардың денсаулығына ауыр зиян алуын, қаза болуын, кемеден жоғалып кетуін сипаттай отырып көлік оқиғасының салдары;

7) көлік оқиғасының салдарын жою үшін қолданған техникалық құралдар;

8) көлік оқиғасына тікелей жол берген немесе оның туындауына ықпал еткен адамдардың тізбесі;

9) кемелердегі көлік оқиғаларының болуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдар.

22. Техникалық жай-күйін, одан әрі пайдалану шарттарын анықтау мақсатында қорытынды алғаннан кейін кеме иесі және/немесе кеме жүргізушісі «Қазақстан кеме қатынасының тiркелiмi» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнына кемені, ал уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне шағын көлемді кемені кезектен тыс техникалық куәландыруға ұсынады.

23. Көлік оқиғасын уәкілетті орган жүргізетін Көлік оқиғаларын тіркеу журналына тіркейді.

24. Көлік оқиғаларын тіркеу журналы уәкілетті органда осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жүргізіледі.

25. Көлік оқиғаларын тіркеу журналы нөмірленеді, тігіледі және уәкілетті органның мөрімен расталады.

Ішкі су жолдарында кемелермен, оның ішінде шағын көлемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеруді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидаларына қосымша

Нысан


Көлік оқиғаларын тіркеу журналы





Кеменің (кемелердің) тіркеу нөмірі және түрі

Кеменiң меншiк иесi немесе кеме иесi

(жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты, тіркелген орнының мекенжайы) / заңды тұлғаның атауы және мекенжайы




Кеме жүргізушісі және көлік оқиғасының қатысушылары (тегi, аты, әкесiнiң аты, тіркелген орнының мекенжайы)

Көлік оқиғасы туралы мәліметтер (көлік оқиғасы болған күні, айы, жылы, уақыты және орны)

Көлік оқиғасын сыныптау

Көлік оқиғасының себептері

Көлік оқиғасын тергеп-тексерудің басталуы

Көлік оқиғасын тергеп-тексерудің аяқталуы

Көлік оқиғасын тергеп-тексеру мерзімінің ұзартылуы туралы мәліметтер

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет