Iшкi су көлiгiндегi кеме құжаттарының нысандарын, оларды беру және жүргiзу қағидасын бекiту туралы



бет1/5
Дата03.03.2016
өлшемі431 Kb.
#35451
  1   2   3   4   5
Iшкi су көлiгiндегi кеме құжаттарының нысандарын, оларды беру және жүргiзу қағидасын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 8 шiлдедегi № 781 Қаулысы


"Егемен Қазақстан" 2011 жыл, 14 қыркүйек № 433-434 (26826); "Казахстанская правда" от 14.09.2011 г., № 294-295 (26685-26686); Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., N 46, 620-құжат


      «Iшкi су көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шiлдедегi Заңының 23-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған:
      1) iшкi су көлiгiндегi кеме құжаттарының нысандары;
      2) Iшкi су көлiгiндегi кеме құжаттарын беру және жүргiзу қағидасы бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрi К. Мәсiмов

Қазақстан Республикасы


Үкiметiнiң    
2011 жылғы 8 шiлдедегi
№ 781 қаулысымен 
бекiтiлген 

Iшкi су көлiгiндегi кеме құжаттарын беру және жүргiзу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Iшкi су көлiгiндегi кеме құжаттарын беру және жүргiзу қағидасы (бұдан әрi – Қағида) «Iшкi су көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шiлдедегi Заңының 23-бабының 1-тармағына сәйкес әзiрленген және iшкi су жолдарымен кеме қатынасын жүзеге асыратын кемелерге кеме құжаттарын беру және жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi.



2. Кеме журналын беру және жүргiзу тәртiбi

      2. Кеме журналы Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нысан (КЖ-1 нысаны) бойынша кеме жүргiзушiсi мен механик қызметiн қоса атқаратын және iшкi су жолдарында жұмыс iстейтiн экипажы бар әрбiр өздiгiнен жүретiн iшкi жүзу кемесiнде жүргiзiледi.


      3. Кеме журналы кеменiң тоқтаусыз пайдалану кезеңi көрсетiлген кеме құжаты болып табылады.
      4. Кеме журналы, кеменiң Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзуге құқық алған сәтiнен бастап, құқығы сақталған бүкiл уақыт кезеңi бойы жүргiзiледi.
      5. Кеменi тұраққа жауапты сақтауға немесе жөндеуге тапсырған кезде, кеме журналы кемеде қалады, бiрақ оны толтыру кемеде экипаж болмайтын уақытқа тоқтатылады.
      6. Кеме журналындағы барлық беттер нөмiрленуi, тiгiлуi және кеме иесiнiң мөрiмен бекiтiлуi тиiс.
      7. Кеме журналын вахта бастығы (капитанның вахтадағы көмекшiсi) жүргiзедi.
      8. Мәтiндi енгiзген вахта бастығы оны өзгертедi және толықтырады, ал капитан – тек толықтырады.
      9. Кеме журналындағы жазбалар мемлекеттiк немесе орыс тiлiнде анық және ұқыпты түрде көк немесе қара түстi пастамен (немесе сиямен) жазылады.
      10. Кеме журналы оқиға болған сәтте немесе одан кейiн вахта үдерiсiнде толтырылады. Жүрдек кемелердiң iшкi су жолдарында жүзуi кезiнде кеме журналы аялдамада толтырылады.
      11. Кеме журналының уақыты кеме сағаты бойынша 0 ден 24 сағатқа дейiн 1 минут аралықпен жазылады. Сағаттар минуттардан нүктемен бөлiнедi.
      12. Әр тәулiктiң жазбасы кеме журналының жаңа бетiне жазылады. Тәулiк соңына дейiн толтырылмаған кестелер, бағандар және жолдар "Z" белгiсiмен сызылады.
      13. Навигациялық сипаттағы жазбалардың көлемiн, навигациялық картадағы төсеммен және тiркеудiң техникалық құралдары ақпаратымен бiрге кеме бағытын қалпына келтiруге болатынын ескере отырып капитан белгiлейдi. Сонымен бiрге, картадағы төсем, картаны қайталап пайдаланғанға дейiн сақталады, ал өздiгiнен жазу таспалары – курсограмма, реверсограмма, эхограмма – екi жыл бойы сақталады.
      14. Кеме орны вахталық жүру кезегi соңында, сондай-ақ, капитанның немесе вахта бастығының пiкiрi бойынша қажеттi барлық жағдайларда кеме журналында тiркеледi.
      15. Жүзудiң ерекше шарттары бар ауданға жақындаған кезде қалыпты iс-шаралардың орындалуы тiркелмейдi.
      16. Вахта бастығы өз жазбаларына лауазымын көрсете отырып қол қояды. Қол қойғаннан кейiн вахта бастығы өзiнiң тегiн көрсетедi.
      17. Капитан кеме журналындағы жазбаларды бақылайды және әр беттiң соңына қолын қойып куәландырады. Кемеге қатер төнген жағдайда кеме капитаны кеме журналын сақтап қалуға барлық қажеттi шараларды қолданады.
      18. Толтырылған кеме журналдары жалпы негiзде қызметтiк құжаттармен бiрге екi жыл сақталады да, одан кейiн кеме иесiнiң мұрағатына өткiзiледi.
      19. Кеме журналын жүргiзу қағидасы капитан мен вахта бастығының кеме журналына, кемеге қатысты және олардың пiкiрiнше кеменiң, кеме иесiнiң, жолаушылардың мүдделерiн және жүктi қорғау үшiн маңызы бар қандай да болмасын жазбаны енгiзу құқығын шектемейдi.
      Басқа тұлғалардың кеме журналындағы осы жайлы қандай да болмасын жазбалары мен талаптары жоққа шығарылады.
      20. Күнi (күнi, айы, жылы) кеме журналы айналымының әрбiр сол жақ бетiнде жазылады. Күнiнен оңға қарай апта күнi көрсетiледi, сонымен қатар кеме уақытын санау жүйесi (журналға ең алғаш жазба және өзгерту жазылғанда).
      21. Екiншi жолда кеме тұрағының орны, рейд, порт, жағалау атауы көрсетiледi, ал жүзiп жүрген кеменiң – жүзу ауданы (өзен, канал, су қоймасы, көл, теңiз, олардың шығанағы немесе бөлiгiнiң атаулары). Оңға қарай сол бойынша жүзу жүргiзiлетiн немесе кеме тұрағының орны көрсетiлген карта нөмiрi қойылуы мүмкiн.
      22. «Тәулiк бойғы кеме жұмысы» деген 1-кестеде жолаушыларды отырғызу және түсiру, жүктi қабылдау және өткiзу, сүйрету, технологиялық және басқа жұмыстарды орындау үшiн кеменiң аялдамалары белгiленедi.
      23. 1.1-бағанға рейс нөмiрi өзгерген кезде жазылады.
      24. 1.2-бағанда кеме аялдамаларының пункттерi олардың iс жүзiндегi дәйектiлiгiмен көрсетiледi, 1.3-бағанда – аялдаманың осы пунктiне кеменiң келу уақыты, 1.4-бағанда – осы пункттен шығу уақыты көрсетiледi.
      25. 1.5-бағанда жолаушылар саны (экипажды есепке алу немесе жағалау мәлiметтерi бойынша) және осы аялдау пунктiнен жөнелтiлген сәттегi кемедегi жүктiң саны мен атауы көрсетiледi.
      26. 1.6-бағанда осы пункттен жiберiлген сәттегi кеменiң (құрамның) ең үлкен шөгуi көрсетiлуi мүмкiн.
      27. «Гидрометеорологиялық деректер» деген 2-кестеде ауа-райы және теңiз (су тоғаны) жағдайы жайлы деректер 2.1-бағанда көрсетiлген мерзiмде жазылады.
      28. 2.2-бағанда желдiң шынайы бағыты (10Ү аралығындағы градуспен) және оның секундына метрмен жылдамдығы жазылады.
      29. 2.3-бағанда толқынның бағыты (толқындану келетiн бағыт) 10Ү аралықпен және баллмен көрсетiлген теңiз бетiнiң жағдайы (көл, су қоймасы) жазылады. Өзенде және порт суларында тиiсiнше «өзен», «порт» деп жазылады.
      Егер су бетiнде мұз болса, онда «М» белгiсi жазылады және мұздың тығыздығы баллмен көрсетiледi.
      30. 2.4-бағанда шартты белгiмен ауа райының жағдайы (А-ашық, Б-бұлтты, Тү-түтiн, Тк-түнек, Т-тұман, Ж-жаңбыр, Қ-қар, Бұ-бұршақ, Н-найзағай) және көрiну ұзақтығы километрмен жазылады.
      31. 2.5-бағанда мм-гi атмосфералық қысым, ал 2.6-бағанда – сыртқы ауаның температурасы жазылады.
      32. «Өткен қашықтық» деген 3-кестеде арақашықтық 3.1-бағанда (километрмен), кеменiң әрбiр 4 сағатта нақты өткен (немесе уақыттың басқа аралықтарында) және тұтастай тәулiк iшiнде өткен қашықтығы 3.2-бағанда көрсетiледi.
      33. «Навигациялық мәлiметтер, оқиғалар, әрекеттер» деген 4-кестеде 4.1-бағанда көрсетiлген мерзiмдегi навигациялық ахуалдың жай-күйi туралы деректер жазылады.
      34. 4.2-бағанда жүрiп өткен қашықтық жазылады.
      35. 4.3-бағанда навигациялық ахуалдың жай-күйi туралы мәлiметтер жазылады.
      Мұздарда жүзген кезде мұзға кiруi және одан шығуы, мұздың сипаты мен тығыздығы, алынған өкiмдер мен метеожағдай жазылады.
      Кемеде көлiк оқиғасы болған жағдайда: көлiк оқиғасының орны, мән-жайы және сипаты, оның салдары, кеме мен механизмдердiң көлiк оқиғасынан кейiнгi жағдайы; экипаждың көлiк оқиғасын болдырмау және оның салдарын жою жөнiндегi iс-әрекетi толық жазылады. Басқа кемемен соқтығысқан кезде, сондай-ақ жақындасу жағдайы, бұрылып кету үшiн алдын ала жасаған маневрлерi, соқтығысқан кеменiң атауы және тiркелген пунктi, шыққан және баратын пунктi, оның зақымдану сипаты жазылады. Кеме мұздан зақымданған кезде – мұз жағдайының сипаты қосымша жазылады.
      Дабыл (жаттығу) кезiнде оның түрi, жариялану уақыты мен аяқталуы жазылады.
      36. «Бас қозғалтқыштардың жұмысы» деген 5-кестеде бас қозғалтқышты iске қосудың және тоқтатудың сәттерi, сондай-ақ олардың жұмысының ұзақтығы тiркеледi. Қозғалтқыштардың қысқа уақытқа тоқтауы тiркелмейдi.
      37. 5.1 және 5.4-бағандарда қозғалтқыштарды iске қосудың сәттерi, 5.2 және 5.5-бағандарда – тоқтатудың сәттерi, ал 5.3 және 5.6-бағандарда – жұмыстың ұзақтығы көрсетiледi.
      38. 5.3 және 5.6-бағандардағы соңғы жолдың алдындағы жолға қозғалтқыштардың осы тәулiктегi, ал соңғы жолға – осы күнтiзбелiк айдағы (өсу қорытындысымен) жалпы жұмысының уақыты көрсетiледi.
      39. «Бас қозғалтқыштардың жұмыс тәртiбi» деген 6-кестеде кеменiң бас қозғалтқыштарының бақылау аспаптарының көрсетулерi жазылады 6.2-бағанға жазылатын бүтiн сағатқа еселенген жазба әрбiр төрт сағаттан сиретпей орындалады.
      6.3-бағанда қозғалтқыштардың айналу жиiлiгi (айн/мин) жазылады.
      40. Сүзгiге дейiнгi майдың қысымы (аспаптарды бөлiктеу бiрлiгiнде) 6.4-бағанда көрсетiледi, ал сүзгiден кейiнгiсi – 6.5-бағанда көрсетiледi.
      41. 6.6-бағанда қозғалтқыштан кейiнгi майдың, 6.7-бағанда – шығудағы судың, 6.8-бағанда – шығатын газдардың (жалпы) температурасы (оС) жазылады.
      42. "Көмекшi қозғалтқыштардың жұмысы" деген 7-кестеде көмекшi қозғалтқыштарды iске қосудың және тоқтатудың жағдайлары, сондай-ақ олардың жұмысының ұзақтығы тiркеледi.
      43. 7-кестенiң бiрiншi жолында дизель генераторларының нөмiрi көрсетiледi (осы жолдың соңғы екi бағанында төртiншi және бесiншi дизель генераторларының нөмiрлерi жазылуы немесе осы тәулiкте қайтадан iске қосылған дизель генераторларының нөмiрлерi қайталануы мүмкiн).
      44. 7-кестенiң екiншi жолында дизель генераторларын iске қосудың сәттерi, ал үшiншi жолында – оларды тоқтатудың сәттерi (дизель генераторларының қысқа уақытқа қосылулары тiркелмейдi) белгiленедi.
      45. 7-кестенiң соңғысының алдындағы жолында осы тәулiктегi әрбiр дизель генераторының жұмыс уақыты, ал соңғы жолында тапсырма берiлген күнтiзбелiк ай (өсу қорытындысымен) көрсетiледi.

3. Кеме рөлiн беру және жүргiзу тәртiбi

      46. Кеме рөлi кеменiң келуi мен кетуi кезiндегi экипаж саны мен құрамы туралы мәлiметтерi бар негiзгi кеме құжаты болып табылады және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нысан (КР-1 нысаны) бойынша толтырылады.


      47. Кеме иесi кеме рөлiн кеме капитанына қолхатпен бередi.
      48. Кеме рөлi мынадай мәлiметтердi қамтиды:
      1) кеме туралы (атауы, тiркелу орны және тiркелу нөмiрi, түрi және мақсаты, кеме иесi, кеменiң шақыру сигналы);
      2) экипаж мүшелерi туралы (тегi, аты, әкесiнiң аты, туған күнi мен жерi, азаматтығы, кемедегi лауазымы, атағы және диплом нөмiрi, теңiзшi паспортының немесе тұлғаның азаматтығын куәландыратын өзге де құжаттың сериясы және нөмiрi).
      49. Кеме рөлiне кеме экипажының құрамына кiретiн тұлғалар, сондай-ақ:
      1) жүзу тәжiрибесiнен өту үшiн осы кемеге жiберiлген оқу орындарының курсанттары (оқушылар);
      2) кемеде жұмыс iстеу үшiн iссапарға жiберiлген кеме иесiнiң өкiлдерi енгiзiледi.
      Кеме рөлiнде көрсетiлген, халықаралық тасымалды жүзеге асырушы кемеге iссапарға жiберiлген оқу орындарының курсанттары мен тұлғалардың кемедегi лауазымдарын кеме экипаждарын жинақтауға құқығы бар кеме иесi белгiлейдi.
      50. Кеме рөлiн кеме капитаны кеме портқа кiргенде немесе порттан шыққанда порт капитанына, шекаралық бақылау органдарына ұсынады.
      51. Кеме экипажында өзгерiстер болмаған жағдайда, кесте бойынша жұмыс iстеп тұрған кеме бiр портқа отыз күн iшiнде кемiнде бiр-ақ рет кiрсе, портқа әрбiр кiрген сайын кеме рөлiн ұсыну талап етiлмейдi.
      52. Кеме портқа келгенде ұсынылған кеме рөлiн, оған өзгерiстер енгiзiлген немесе өзгерiстердiң жоқтығы көрсетiлген жағдайда, кеменiң порттан шығуы кезiнде ұсынуға рұқсат етiледi.
      53. Кеме рөлi кемеде:
      1) кеме Қазақстан портына келгенде немесе Қазақстан портынан кеткенде – мемлекеттiк немесе орыс тiлiнде;
      2) кеме шетел портына келгенде немесе шетел портынан кеткенде – мемлекеттiк немесе орыс тiлiнде толтырылады.
      54. Кеме рөлiндегi жазбалар мемлекеттiк немесе орыс тiлiнде көк немесе қара пастамен (сиямен) анық және ұқыпты жазылады. Қарындашпен жазуға рұқсат етiлмейдi.
      55. Кеме рөлiнiң бағандары:
      1) «тегi, аты және әкесiнiң аты», «туған күнi мен жерi», «азаматтығы» – теңiзшiнiң паспортында немесе тұлғаны куәландыратын басқа да құжатта келтiрiлген деректер бойынша;
      2) «лауазымы» – халықаралық тасымалды жүзеге асыратын кемелердегi – теңiзшiнiң паспортындағы кемедегi қызметтiк жағдайы туралы жазбаға сәйкес.
      Басқа кемелерде – кеме иесiнiң тұлғаны кеме экипажы мүшесiне тағайындау туралы бұйрығына (өкiмiне) сәйкес толтырылады.
      Теңiзшiнiң жеке куәлiгiне кемедегi экипаж мүшесiнiң қызмет бабы туралы жазба теңiзшiнiң паспортына ұқсас жазбаны енгiзу үшiн белгiленген тәртiппен енгiзiледi;
      3) «атағы және диплом нөмiрi» – бiлiктiлiгiн растайтын дипломда көрсетiлген деректер бойынша;
      4) «теңiзшi паспортының немесе жеке басын куәландыратын өзге құжаттың сериясы мен нөмiрi» – теңiзшiнiң паспортында немесе жеке басын куәландыратын тиiстi құжатта көрсетiлген деректер бойынша толтырылады.
      56. Кеме экипажының құрамында өзгерiс болмағанда, «Өзгерiстер жоқ» деген жазу жазылады, ол күнi көрсетiле отырып, кеме капитанының қолымен және кеме мөрiмен куәландырылады.
      Кеме экипажының құрамы өзгерген жағдайда кеме рөлiне өзгерiстер мынадай тәртiп бойынша енгiзiледi:
      1) кеме экипажының шығып кеткен мүшесiнiң тегi жазылған жол сызылады;
      2) кеме экипажы жаңа мүшесiнiң тегi жазылған жол кеме экипажы шығып қалған мүшесiнiң нөмiрiмен белгiленедi.     
      Экипаж мүшесi ауыстырусыз шыққан жағдайда, экипаж мүшесi (Т.А.Ә.) кемеден ауыстырусыз шығарылғаны жайлы жазылып, шығып қалған экипаж мүшесiнiң тегi жазылған жол сызылып тасталады.
      Кеме рөлiне енгiзiлген өзгерiстерге кеме капитаны күнiн көрсетiп қол қояды және кеме мөрiмен куәландырады.
      Қазақстан портынан шетелге жүзу кемесi шығар алдында кеме рөлiне өзгерiстер енгiзiлген жағдайда, осы өзгерiстердi кеме иесi немесе порт капитаны куәландырады.

4. Радиожурналды беру және жүргiзу тәртiбi

      57. Радиожурнал КВ диапазонындағы радиобайланысқа қатысты мәлiметтер тiркелетiн құжат болып табылады және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нысанда (РЖ-1 нысаны) толтырылады.


      58. Кеменiң иесi кемеге радиожурналды кеме капитанына қолхатпен бередi.
      59. Радиожурналдың барлық парақтары нөмiрленедi, тiгiледi және кеме иесiнiң қолы мен мөрi қойылады.
      60. Кеме иесi кемеге радиожурналдың тек бiр данасын ғана бередi.
      61. Радиожурналды жаңасына ауыстыру оны толық пайдаланған кезде ғана жүргiзiледi. Радиожурнал кеме бортында оған соңғы жазба енгiзiлгеннен кейiн бiр жыл iшiнде сақталады, сонан соң кеме иесiнiң мұрағатына өткiзiледi.
      62. Радиожурнал вахта бастығының рубкасында сақталады.
      63. Радиожурналды жүргiзу кеменiң радиооператоры, ал штат кестесi бойынша кеменiң радиооператоры жоқ болса, вахта бастығы жүзеге асырады. Радиожурналдағы жазбалар мемлекеттiк немесе орыс тiлдерiнде көк немесе қара пастамен (немесе сиямен) анық және ұқыпты жазылады.
      64. Кеме капитаны өткен тәулiктерде радиожурналдың жүргiзiлуiн тексередi және радиожурналдың мазмұнын келiп түскен және берiлген хабарлардың соңында қол қою арқылы куәландырады. 

5. Машина журналын жүргiзу тәртiбi

      65. Машина журналы көмекшi және күш беретiн қондырғылардың жұмысын, жүру жылдамдығын, жанармай жұмсалуын және бар екендiгiн көрсетедi.


      66. Қазақстан Республикасының бiр немесе екi бас қозғалтқышы бар барлық өздiгiнен жүретiн кемелерiнде машина журналы жүргiзiледi және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нысанда (МЖ-1 нысаны) толтырылады.
      67. Машина журналының барлық парақтары нөмiрленедi, тiгiледi және кеме иесiнiң қолы мен мөрi қойылады. Машина журналын кеме иесi кеме капитанына қолхатпен бередi.
      68. Механиктiң вахтадағы көмекшiсi барлық вахтаның бастығы болып табылады және машина журналында жазба жүргiзедi.
      Механиктен және оның көмекшiлерiнен басқа, кеме экипажының мүшелерi мен кемеге отырған адамдарға, олардың лауазымдық дәрежесiне және кемеге келу мақсатына қарамастан, машина журналына қандай да бiр жазбалар немесе түзетулер енгiзуге рұқсат етiлмейдi.
      69. Вахта уақытында вахта механигi механизмдердi пайдалану мен жұмысы туралы барлық мәлiметтердi жазады, ал жұмыс арасындағы үзiлiстерде және вахта аяқталғаннан кейiн журналға вахта туралы қажеттi мәлiметтердi енгiзедi және онда лауазымын және тегiн көрсете отырып, өз қолын қояды.
      70. Машина журналындағы жазбалар мемлекеттiк немесе орыс тiлiнде көк немесе қара пастамен (немесе сиямен) анық және ұқыпты жазылады.
      71. Жазғанды өшiруге, жолдардың арасына және одан тыс қыстырып жазуға, сондай-ақ кейiннен жазу үшiн орын қалдыруға рұқсат етiлмейдi.
      72. Машина журналындағы мәтiндi тек негiзгi мәтiндi жазған адам және кеменiң капитаны-механигi түзете және (немесе) толықтыра алады. Қате жазылған мәтiн жеңiл оқылатындай етiп жiңiшке сызықпен сызылады және жақшаға алынады. Соңғы жақшадан кейiн капитан-механик түзетулердi және (немесе) толықтыруларды қолымен және (немесе) «түзетiлгенi рас» деген мәтiнмен куәландырады.
      73. Машина журналындағы жазбаларды кеме механигi тексередi, әрбiр оң бетi оның қолымен куәландырылады. Журналды жүргiзу бойынша барлық ескертулердi механик өзiнiң көмекшiлерiне ауызша хабарлайды. Вахта механигi жазбаларды парақтың соңында өз қолымен куәландырады.
      74. Толтырылған машина журналы кемеде 2 жыл сақталады, одан кейiн кеме иесiнiң мұрағатына өткiзiледi.
      75. 1-кестеде уақыт мезетiне («Уақыт, сағат» бағанына жазылатын әдетте бүтiн сағатқа еселiк) әрбiр төрт сағаттан сиретпей және қалыпты көрсеткiштерден ауытқулар болған кезде айналымдағы винттiң айналу жиiлiгi минутпен, бас қозғалтқыштары және қысым мен температура жүйесiнiң бақылау аспаптарының көрсеткiштерi жазылады.
      76. 2-кестеде кеме сағаты бойынша (1 минутқа дейiнгi дәлдiкпен) бас қозғалтқышты iске қосудың және тоқтатудың уақыт мезетi жазылады. Уақыт мезеттерi төрт таңбалы санмен жазылады, сағаттар минуттан нүктемен ажыратылады.
      Кестенiң соңында бас қозғалтқыштардың бiр тәулiктегi жұмысы айдың басынан бастап өсу қорытындысымен (0,1 сағатқа дейiнгi дәлдiкпен) жазылады.
      77. 3-кестеде кемеге жанармай мен майды қабылдау, оның шығысы мен бар болуы туралы мәлiметтер жазылады. Жанармай мен майға арналған бағандардың басында олардың маркасы жазылады. «0 сағатта бар болу» жолы алдыңғы тәулiктiң 24 сағат қалдық туралы жазбаға сәйкес толтырылады.
      Отынды, майды және суды қабылдау (тапсыру) туралы құжаттардың нөмiрлерi журналдың оң жағына жазылады.
      78. 4-кестеде 00.00 сағат уақыт мезетiне танкiлердегi жанармай мен майдың деңгейiн өлшеу нәтижелерi сантиметрмен жазылады.
      79. 5-кестеде 00.00 сағат уақыт мезетiне танкiлердегi жанармай мен майдың және судың деңгейiн өлшеу нәтижелерi сантиметрмен жазылады.
      80. 6-кестеде кемеге жанармайды, майды және суды қабылдау, оның шығысы және бар болуы туралы мәлiметтер жазылады. Жанармай мен майға арналған бағандардың тақырыбына олардың маркасы жазылады. «0 сағатта бар болу» жолы алдыңғы тәулiктiң 24 сағат қалдық туралы жазбаға сәйкес толтырылады.
      81. Мәлiметтер қысқа, түсiнiктi және екiұдай түсiнiк бермейтiн нысанда жазылады.
      82. Әрбiр вахтаның жазбасы жаңа жолдан басталады және оларды бекiтетiн қол қоюды қоса алғанда, қандай да бiр жол қалдырусыз жүргiзiледi.
      83. Кеме уақыты түн ортасынан – 0 сағаттан 24 сағатқа дейiн саналады. Уақыт мезетi төрт таңбалы санмен жазылады және сағаттар минуттан нүктемен ажыратылады. Оң жақ бетiндегi кез келген жазба 1 минутқа дейiнгi дәлдiкпен кеме сағаты бойынша уақыт мезетiнен басталады.
      84. Беттiң тақырыбында бiрiншi жолға апта күнiнiң атауы, күнi, айы және жылы, екiншi жолға – рейдтiң, айлақтың немесе жүзу ауданының атауы жазылады.
      85. Тәулiктiң басында 00.00 мезетке кеменiң орны, жай-күйi iс-әрекетi туралы мәлiметтер жазылады.
      86. Вахтаның басында вахтаға шыққан және кемеде жұмыс iстейтiн адамның аты-жөнi, ал қажет кезде – кеменiң тоқтауы және iс-әрекетi туралы қосымша мәлiметтер жазылады.
      87. Вахтаның соңында кеменiң орны, жағдайы, жай-күйi және iс-әрекетi туралы мәлiметтер толық жазылады. Барлық жағдайларда да жазба «Ерекше белгiлер» деген тақырыпшамен аяқталады, одан кейiн бас қозғалтқыштар мен механизмдердiң ерекше назар аудару қажет жұмысы жөнiнде ескертулер немесе егер ерекше ескертулер жоқ болса «Ескертусiз» сөзi жазылады.
      88. Барлық экипаждың немесе оның едәуiр бөлiгiнiң қатысуымен қауырт жұмыс кезiнде оның тағайындалуы мен аяқталуы туралы мәлiметтер жазылады.
      89. Бас қозғалтқыштар мен көмекшi механизмдердiң режимi, егер олар белгiленген нормаларға сәйкес келмесе, және басқа жағдайларда қажет болғанда, себебi көрсетiле отырып жазылады. 

6. Кеменi қарап шығудың бiрыңғай кiтабын беру және жүргiзу тәртiбi 

      90. Кеменi қарап шығудың бiрыңғай кiтабы Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi Көлiктiк бақылау комитетiнiң аумақтық бөлiмшелерiмен (бұдан әрi – аумақтық бөлiмше) кеменi тексерулердiң барлығын тiркейтiн құжат болып табылады.


      91. Кеменi қарап шығудың бiрыңғай кiтабын кеме иесi кеме капитанына қолхатпен бередi және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нысан (БК-1 нысаны) бойынша толтырылады.
      92. Кеменi қарап шығудың бiрыңғай кiтабының барлық парақтары нөмiрленедi, тiгiледi және кеме иесiнiң қолы мен мөрi қойылады.
      93. Кеменi қарап шығудың бiрыңғай кiтабын жаңасына ауыстыруға тек аумақтық бөлiмше оны толық пайдаланғаннан соң ғана рұқсат етiледi, бұл ретте пайдаланылған кеменi қарап шығудың бiрыңғай кiтабы кеме иесiнде қалады. Егер аумақтық бөлiмшенiң пайдаланылған кiтаптағы талаптары орындалмаған болса, онда олар жаңа кiтапқа ауыстырылып жазылады.
      94. Кеменi қарап шығудың бiрыңғай кiтабы вахта бастығының рубкасында сақталады және аумақтық бөлiмшенiң өкiлдерiнiң алғашқы талабы бойынша берiледi.
      95. Қарау нәтижесiнде аумақтық бөлiмшенiң қызметкерi табылған Қазақстан Республикасы заңнамаларын бұзушылықтардың тiзбесiн және ескертулердi жою мерзiмiн көрсете отырып акт жасайды.
      Қарау актi екi данада жасалады және оған аумақтық бөлiмшенiң қызметкерi және капитан (немесе капитанның бас көмекшiсi) қол қояды. Егер капитан (капитанның бас көмекшiсi) қол қоюдан бас тартса, актiде бас тартудың дәлелдi мәлiмдемесiн көрсете отырып жазбалар енгiзiледi.
      Актiнiң бiрiншi данасы кемеде, екiншiсi – аумақтық бөлiмшедегi кеме iсiнде сақталады.
      96. Кеменi қарап шығудың бiрыңғай кiтабына енгiзiлген ұсыныстар мен ұйғарымдар, егер олар техникалық пайдалану ережесiне қайшы келмесе, белгiленген мерзiмде орындалуға жатады.
      97. Кеменiң капитаны кеменi қарап шығудың бiрыңғай кiтабын жүйелi түрде тексередi және ескертулердi белгiленген мерзiмде жою жөнiндегi шараларды қабылдайды, ол жайында әрбiр жазбаның қарсысында кемшiлiктердi жою күнiн көрсете отырып белгiлеу жүргiзедi.
      98. Кеме иесi кеменi қарап шығудың бiрыңғай кiтабын тексередi және ондағы белгiленген кемшiлiктердi жоюға шаралар қабылдайды. 

7. Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлiктi беру тәртiбi 

      99. Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлiктi аумақтық бөлiмшелер кеме иесi экипаждың бекiтiлген штат кестесiн ұсынғаннан кейiн жетi жұмыс күнi iшiнде үш жыл мерзiмге бередi.


      100. Кеме экипажы құрамының кемелер экипаждарының ең аз құрамына қойылатын талаптарға сәйкестiгi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нысан бойынша кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлiкпен расталады. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет