ҚҰҚЫҚТЫҚ мінез-қҰЛЫҚ ЖӘне оның ТҮрлері: теориялық-ҚҰҚЫҚТЫҚ талдау



Дата27.06.2016
өлшемі73.5 Kb.
#160969
УДК

САРТАЕВ С.А.

заң ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,

конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті,

Алматы қаласы, Қазақстан
ҚҰҚЫҚТЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТҮРЛЕРІ:

ТЕОРИЯЛЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАЛДАУ
Аннотация

Мақалада құқықтық мінез-құлыққа теориялық тұрғыда анықтамалар келтіріліп, өзіне тән ерекшеліктері ашылып, құқықтық мінез-құлық пен құқыққа қайшы мінез-құлықтың ара-қатынасы мен айырмашылықтары талданады. Сондай-ақ құқықтық мінез-құлық классификациясы ашылады. Қарастырылған мәселе бойынша авторлардың өзіндік тұжырымдары мен ұсыныстары келтіріледі.



Түйін сөздер: құқықтық мінез-құлық, құқыққа қайшы мінез-құлық, комформисті, маргиналды, әдеттегі мінез-құлықтар.

Ключевые слова: правовое поведение, противоправное поведение, комформисткое поведение, маргинальное поведение, обыденное поведение.

Keywords: legal behavior, unlawful behavior comfortable behavior, marginal behavior, everyday behavior.
Құқықтық болсын, құқыққа қайшы болсын құқықтық мәні бар мінез-құлықтың әлеуметтік және құқықтық табиғатын талдау, криминология, қылмыстық құқық, әкімшілік құқық және т.б жұмыстарда жетекші орынды алады.

Жалпытеоретикалық позиция тұрғысынан зерттеу объектісі ретінде, құқықтық және құқыққа қайшы мінез-құлық түсініктері жиі ашылмайды, содықтан да кейбір сұрақтар, соның ішінде терминологияға қатысты сұрақтар әлі күнге дейін бірталай пікірталастар туғызуда. Құқықтық мінез-құлық категориясы ғылыми айналымға, 1982 жылы В.Н. Кудрявцевтің құқықтық мінез-құлық анықтамасына ұсынысын берген, «Құқықтық мінез-құлық: норма және патология» атты монографиясы жарық көргеннен бастап мықтап ене бастады. «Құқыққа сай нысандарға кепіл беретін және құқыққа қайшы қылықтарды заңға сәйкес жазалайтын, совет құқығының нормаларымен қарастырылған және Совет мемлекетінің бақылауының астында болатын субъектілердің санасы мен еркінің өзекті немесе потенциялды бақылауында болып табылатын», қоғам үшін әлеуметтік маңызы бар жүріс-тұрысты құқықтық мінез-құлық деп есептеуге болады [1, 46 б.]. Осыған сәйкес, В.Н. Кудрявцевтің пікірі бойынша, құқықтық мінез-құлық бір мезгілде әлеуметтік мінез-құлықтың құқыққа сай және құқыққа қайшы жақтарынан тұратын, жалпы қамтылған түсінік ретінде қарастырылады. Алайда автордың өзі, бұл ереже әлі өңделуді қажет етеді деп есептейді. Әрі қарай автордың аталған категорияға «выражения «правовое», «право» ведут в нашем языке начало от слов «правда», правильное», «справедливое». Поэтому этимологически более последовательным было бы правовым поведением называть только правомерные действия» [1, 45 б] деп назар аударуын әділетті деп есептейміз. Неге осы пікір құқықтық мінез-құлықтың позитивті бағытталушылық пайдасына әрі қарай жалғастырылмады екен? Жауап қарапайым – қарастырылып отырған құбылысты дәл көрсететін басқа термин табылмады, және әрі қарай талдаудың мәні болып қалды. В.Н. Кудрявцевтің бастапқы идеяларынан бас тартуының мұндай себебіне негіз жоқ, өйткені оның нақ осы идеясы жан-жақты талдауға әбден лайық деп ойлаймыз.

Шынында, құқықтық мінез-құлық пен құқыққа қайшы мінез-құлықтың ара-қатынасын белгілеу мүмкін бе? Бұл жөнінде В.А. Малько, құқық бұзушы мінез-құлық қоғамның құқықтық өмірімен біте қайнасып кеткен және оның тұрақты серігі болып табылады – деп ой тастайды [2, 15 б].

Құқықтық және құқыққа қайшы мінез-құлық түсініктерінін ара-қатынастарын белгілеу бойынша шығарылған қайшылықтарға байланысты, аталған категориялар арасында шектеулер келтірген жөн болар. Олар келесідей болмақ:



- әлеуметтік маңызы бойынша құқықтық және құқыққа қайшы мінез-құлық тікелей қарама-қайшы. Егер құқықтық мінез-құлық жасағыш қызметін атқарып, қоғамдық игіліктерге қызмет етсе, құқыққа қайшы мінез-құлық – жоюшы қызметін атқарады, өйткені қоғам қаламайтын, нысандар мен мазмұндарды өзгертуге бағытталған. Осыған байланысты «әлеуметтік пайдалылық» пен «әлеуметтік құндылық» арасында шектеулер қою қажеттілігі ұсынылады. Құқықтық мінез-құлықтың әлеуметтік пайдалылығы мен құндылығы айдан анық: біріншісі субъектінің құқықтық саладағы іс-әрекетінен жақсы салдарға жету мүмкіндігінен көрініс тапса, екіншісі – мұндай заңдылық тәртібін қамтамасыз ететін, мінез-құлықтың қажеттілігі мен маңыздылығынан көрініс табады. Ал құқық бұзушылық айқын әлеуметтік емес сипатына қарамастан, құқық шығармашылық немесе құқықты жүзеге асыру саласындағы кемшіліктерді көрсете отырып – оларда қорғаныс, қорғау, іс-әрекет жүйесін өзгерту механизмін шығару, осындай тәсілмен олардың жетілуіне септігін тигізу сияқты әлеуметтік пайдалы қасиеттерге ие болуы мүмкін. Осыған байланысты, құқықтық жүйенің өзі жаңаруға дайын болуы керек талабымен дұрыс нәтижеге қол жеткізіледі. Ал құндылық аспектісіне келсек, құқық бұзушылық мінез-құлыққа ол тән емес;

- мотивациялық тетік бойынша айыру, орнатылым, белгілі бір іс-әрекетке итермелейтін мүдделер, қажеттіліктерде жүреді және құқыққа сәйкес немесе құқыққа қайшы – бағытталушылықты анықтайды. Әдеттегідей, құқыққа сәйкес мінез-құлықты оятушы күшке жеке және қоғамдық мүдделер (егер олар бір-біріне, нормаларға, құқыққа, өнегеге қарама-қайшы болмаса) әділеттік сезімі және т.б. ие болып табылады. Құқыққа қайшы мінез-құлықтың мотивациясы болып пайдакүнемдік, кек, қызғаныш, ашкөздік, эгоизм және т.б. болып табылады;

- заңи сипаттамасы бойынша құқыққа сай мінез-құлық нормативті болып табылады, ол рұқсат етуші немесе міндеттеуші сипаттағы нормалармен қарастырылып, пайдалану, орындау, сақтау нысандарында жүзеге асырылады. Құқыққа қайшы мінез-құлыққа норативті сипат тән болмаса да, ол құқық нормаларымен реттеледі. Заң шығарушы, құқық нормаларын шығара отырып, оның жүзеге асырылуын есепке алады, алайда ол бұл нормалардың жүзеге асырылмау немесе оның бұзылу мүмкіндігін де есепке алады. Мұндай жағдайда ол жауапкершілікті бекітіп, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қарастырады. Осыған сәйкес құқыққа қайшы мінез-құлық тыйым салушы немесе міндеттеуші сипаттағы нормаларды бұзады;

- құқық реакциялары бойынша құқыққа сай мінез-құлық құқықтық тарапынан жеңілдік, стимул, мадақтау нысандарында қолдау табады. Құқыққа қайшы мінез-құлық болса – керісінше тыйым салу;

- заңды салдар бойынша құқыққа сай мінез-құлық «күткен қажеттіліктерді қанағаттандыруды шақыратын» заңды айғақтардың пайда болуы, өзгеруі, тоқтатылуымен байланысты [3, 75 б].

Көріп тұрғанымыздай келтірілген классификациялар құқықтық мінез-құлық ерекше белгілерге ие екен. Құқықтық мінез-құлыққа тән белгілер ішінен, зерттеушілер келесілерді бөліп қарастырады:

1) құқықтық мінез-құлықтың әлеуметтік құндылығы. Құқықтық мінез-құлықтың негізгі мақтанышы оның шығармашылық бастауы болып табылады, оны жүзеге асыра отырып қоғамның дамуының тұрақтылығы қамтамасыз етіледі;

2) әлеуметтік пайдалылығы. Әлеуметтік құндылыққа қарағанда, бұл белгі қоғам мен мемлекет үшін құқықтық мінез-құлық нәтижесінде пайда болатын салдармен сипатталады.

3) құқықтық мінез-құлықтың қоғамға қажеттілігі. Құқықтық мінез-құлық егер ол тікелей құқық нормаларымен қарастырылса және қоғамның өнегелік мүмкіндігі мен мақсаттылығы туралы көзқарастарымен қайшы келмесе қажетті сипатқа ие болады. Құқықтық мінез-құлық ұсынылған құқықты пайдалану барысында жеке тұлға басқа тұлғалардың мүдделерін немесе жалпы адамгершілік мақсаттарын есепке алмаса қажатті болмай қалады;

4) мемлекетпен кепіл беріледі және қамтамасыз етіледі. Құқыққа сай мінез-құлық пайдалы және құнды әлеметтік мінез-құлық ретінде мемлекет тарапынан көмек алады. Кепілдену институты қазіргі таңда Қазақстанда құрылу сатысында тұрған конституциялық жауапкершіліктен де көрініс табады. Конституциялық жауапкершілік дегенде әдетте құқық субъектілерінің (мемлекет, мемлекеттік билік органдары, лауазымды тұлғалар) конституциялық заңдардың нормаларының талаптарын сақтау міндеттері, ал егер дұрыс орындалмаса немесе конституциялық міндеттеме бұзылса – жағымсыз салдардың туындауы (санкция) деп түсіну қалыптасқан. Құқықтық қолдаумен тек құқық нормалармен қарастырылған мінез-құлық қана пайдалана алады дегеніміз қателік болар. Азаматпен өзінің заңды мүдделерін жүзеге асыруы да мемлекетпен қамтамасыз етіледі.

5) құқық нормалары мен басқа да заңи ұстанымдарымен байланысы. Құқыққа сай мінез-құлықты қарастыра отырып А.С. Мордовец, ғылыми түсінік ретінде ол «құқық нормаларының стимулдық ролінің мәнін едәуір көтереді, өйткені оның мазмұнында заңдылық талаптары көрініс тапты ма, норманың мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келе ме деген сұрақтарды талдауға мүмкіндік береді» деп есептейді [4, 119 б]. Бұл өте құнды ескерту болып табылады өйткені ол құқықтық ақиқаттың, құқықтық сананың және оның құқықтық іс-әрекетке айналуының кері байланысына көңіл аударады. Әр қоғамдық үміттермен сәйкестігіне тексеру өткенде, құқық нормасы, субъектінің мінез-құлқын анықтай отырып, сонда іске асады (толықтай немесе бөлек).

6) оң нәтиже. Құқыққа қайшыға қарағанда құқықтық мінез-құлық әлеуметтік пайдалы нәтижеге жетуге бағытталған. Құқықтық мінез-құлыққа берілген мұндай сипаттаманы кейбір зерттеушілер елемейді. Дегенмен, құқықтық мінез-құлықтың барлық түрлері құқықтық нормаларымен қарастырылып, белгіленбейтінін айта кету керек. Жеке құқықтардың көпшілік нормаларының диспозитивтілігі субъектілерге өз мүдделеріне әрекет етуге еркіндік береді. Мұндай мінез-құлықтың позитивті нәтижелілігі құқықтық қатынас қатысушылары үшін қажетті және күткен нәтиже болып табылады;

7) көпшілік сипатта болуы. Құқықтық мінез-құлық, қоғамдық құқықтық сана тиісті даму деңгейінде болса, түрлі деформациялар мен ауытқуларға кез болмаса ғана көпшілік сипатқа ие болады. «Құқыққа сай мінез-құлық бірінші кезекте тұрғындардың саналы бөлігін, басқаша айтқанда, заңды немесе құқықты сыйлайтындарды қамтиды» [5, 446]. Әдеттегідей, түрлі нысандарда көрініс табатын құқыққа сай мінез-құлық, көпшілік тұрғындарды ерекшелендіреді. Дәл осы мәселе қоғамдық ағзаның қатар өмір сүруіне мүмкіндік береді, ал құқықтық мемлекеттің қалыптасу жағдайында маңызды және қажетті алдын-алатын жағдайға айналады;

8) өзін-өзі реттеу. Құқықтық мінез-құлықтың нақ осы белгісі, оның көпшілік сипатын, күрделі психикалық процесстердің ішкі механизмін жібере отырып қамтамасыз етеді. В.В. Филатов, көпшілік жағдайда адамдар өздерінің мінез-құлқы құқық нормаларына қаншалықты сәйкес келетіні жөнінде көп ойланып жатпастан ақ құқыққа сай іс-әрекет жасай береді. Бұл заң мазмұны мінез-құлықтың қалыптасқан ережелеріне сәйкес келгенде ғана болатын жағдайлар, осыған сәйкес құқықтық нормалар «адамдардың санасында орын алып, өзін-өзі реттеу тәртібімен автоматты түрде жүмыс жасайды» деген пікір қосады [6, 22 б]. Өзін-өзі реттеу барлық салада көрініс табады.

9) құқықтық мінез-құлықтың презумцияланғандығы. Құқық саласындағы азаматтар үшін «тыйым салынбағанның барлығы рұқсат етілген» қағидасы әрекет етеді. Аталған қағида негізінде құқыққа сай мінез-құлықтың құқық презумпциясы қызмет етеді. Ол өз кезегінде, мінез-құлық басқаша белгіленбесе және дәлелденбесе құқыққа сай болып есептеледі деп түсіндіріледі.

10) мотивация. Жоғарыда қарастырып кеткеніміздей, құқыққа сай мінез-құлық құқыққа қайшыдан өзінің мотивациясының бағытталуымен ерекшеленеді. Құқықтық мінез-құлық үшін қажеттілігі шамалы, бастысы субъект заң шеңберінде әрекет етіп, әлеуметтік пайдалы нәтижеге жетсе болды деген пікірге жиі кездесіп отырамыз. Мұндай пікірдің жаны бар, алайда біз құқықтық мінез-құлықтың қажетті, оң түрлері жөнінде сөйлесек, онда құқықтық мінез-құлықтың нәтижелі жақтарын ғана емес, сондай-ақ мотивациялық жақтарын да басшылыққа аламыз. Және құқыққа сай мінез-құлықтың әлеуметтік құндылығын анықтауға байланысты, қандай да бір қылықтың мәні мотивпен анықталады;

11) құқықтық мінез-құлықтың өнегелік құндылығы. Бұл тізім құқықтық мінез-құлықтың аксиологиялық белгілерісіз толық болмайды. Нормативті мінез-құлықтың құқыққа сай, өнегелік, діни түрлері арасындағы тығыз байланыс жөнінде айта кету керек. Құқықтық мінез-құлық тек мемлекеттік билікті сипаттағы ұстанымдарды ғана жүзеге асырып қоймай, сондай-ақ, жеке тұлғалардың өнегелік даму деңгейін, оның құқықтық орнатылымдарды қандай да болсын жағдайда сақтау қабілетін көрсетеді. Сонымен қатар, құқықтық нормалар да өздерінің негізінде өнегелік мазмұнға ие, демек оларды сақтау құқықтық тәртіпті ғана емес, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті нығайтады. Жеке тұлғалардың алдында өнегелік таңдау қажеттілігі туындап отырады. Құқықты жүзеге асыру, бірінші кезекте адамдардың құқыққа сай әрекеттерін талап етеді, ал бұл жағдайда құқықтық мінез-құлықтың өнегелік құндылығын бағалау қиынға соғады.

Құқыққа сай мінез-құлықтың түрі көрініс табуы түрлі критерийлер бойынша оның жүйеленуіне түрлі көзқарастар үшін негіз береді:

- салалық тиістілігіне байланысты – конститутциялық құқық, әкімшілік құқық, азаматтық құқық, қылмыстық құқық және басқалар;

- қоғамдық өмір салалары бойынша – саяси эканомикалық, әлеуметтік-мәдени;

- субъектілері бойынша – жеке тұлғалар (азаматтар, лауазымды тұлғалар), ұжым (топтар, қоғамдық ұйымдар, мемлекет). Құқыққа сай мінез-құлықтың көрініс табуының түрлі нысандарына қарай, В.Н. Кудрявцев аталып өткен жүйелеу шеңберінде қосымша ішкі жүйелеуді ұсынды. Жеке тұлғаның құқыққа сай мінез-құлқы автормен «материалды» (өз құқықтарын жүзеге асыру, міндеттерді орындау, әлеуметтік құқықтық белсенділік) және «инструменталды» (құқықтар мен міндеттерге ие болу, өз құқықтары мен заңды мүдделерді қорғау) деп бөлінеді. Ұжымның құқыққа сай мінез-құлық қызметтік үлестері бойынша ішкі және сыртқы, кәсіби және қоғамдық, ұжымның әрекеттері бүтіндей және оны жетекшінің алып жүруі, лауазымды тұлғалар мен жұмысшылар болып бөлінеді [7, 9, 57 бб];

- әрекеттерінің белсенділік деңгейіне байланысты – белсенді, кәдімгі, пассивті;

- көрініс табу нысандарына байланысты - әрекет немесе әрекетсіздік;

- ұстанымдарды жүзеге асыру сипатына байланысты – сақтау, орындау, пайдалану және қолдану болып бөлінеді.

Аталған классификацияда құқықтық мінез-құлық генезисі жөніндегі сұрақ анықталмаған күйі қалып отыр, сондықтан да субъектілердің іс-әрекетінің мотивтеріне (қозғаушы бастама, ішкі реттеу) қатысты болатын құқыққа сай мінез-құлықты классификациялауды қарастыру қажет. Бұл критерий бойынша мінез-құлықтың келесідей түрлері бөлінеді:

- маргиналды мінез-құлық (латын тілінен marginalis – шегінде тұрған, шекаралық). Құқықты бұзудың пайдасыздығын (жақындарының беделін, құрметін жоғалтудан қорқу) сипаттайтын, заңды тек жазалаудан қорыққаны үшін бұзбайтын, жеке тұлғаның құқыққа сай және құқыққа қайшы ниеттері арасында баланс жасаушы, пассивті сипатқа ие болып табылады. Кез-келген жағдайда, жеке тұлғада әрекет етіп тұрған құқыққа және оның қағидаларына құрметпен қарау қатынастары жоқ болады. Өзінің позитивті болуына қарамастан, маргиналды мінез-құлық константты құнды құқықтық орнатылымдардың жоқ кезінде қоғамға белгілі бір қауіп тудырады – кез келген сәтте ұстаушы факторлардың әлсізденуі нәтижесінде ол құқыққа қайшыға айналуы мүмкін.

- конформистік мінез-құлық, құқықтың қажеттілігін түсінбей және оны тиесілі сыйламай, құқықтық ұстанымдарда мойынсұну болып табылады. Мұндай мінез-құлық негізінде қоршаған ортаның еркі мен пікіріне мойынсынуға ұмтылу жатады [8, 57 б].

- әдетті (стереотипті, оң) мінез-құлық құқықтық нормаларын, жеке тұлғаның меңгерген қағидаларын сақтау болып табылады. Белгілі бір құқықтық іс-әрекеттерді бірнеше қайталау нәтижесінде дұрыс мінез-құлық стереотипі, әдетті құқықтық операциялардың алгоритімі қалыптасады. Алайда әдетті мінез-құлықты автоматты процесс деп қарастыруға болмайды. В.В. Оксоматный «әлеуметтік әдет – мінез-құлықтың механикалық өңделген дағдысы емес, белгілі-бір автоматизм үлесіне ие болса да, бірақ ол өз мазмұнында әлдеқайда кең және толық» деп пікір қосады [9, 575-576 бб].

- әлеуметтік-белсенді мінез-құлық, құқықтық нормаларында объективтенген, жалпыадамзаттық құндылықтардың өнегелік-этикалық басымдылықтарға, құқықтық ұстанымдардың мақсаттылығына, күнделікті өмірде оларға сәйкес әрекет жасау қажеттілігіне сенуге негізделген.

Аталған мінез-құлық мемлекет үшін де, жеке тұлға үшін де тиімді болып табылады. Ол құқықтық сананың рационалды және эмоционалды дамуына сәйкес келуіне негізделген, жоғары белсенділік сатысымен ерекшеленеді; жеке тұлғаның әлеуметтік мәні бар немесе жеке мақсаттарға жетудегі табандылығы мен терең түсінігімен сипатталады.

Құқықтық мінез-құлық құқықтық мәдениеттің белсенділік деңгейімен басым мотивтерімен анықталатын, құқықтық қатынаста жеке тұлға немесе ұжыммен жүзеге асырылатын; құқықтық актілердің ұстанымдарына сәйкес келетін және мемлекетпен кепіл берілген қоғамдық-қажетті мінез-құлық деп анықтауға болады. Құқықтық мінез-құлық құқықтық мәдениеттің даму деңгейінің қажетті көрсеткіші болып табылады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Кудрявцев В.Н. Избранные труды по социальным наукам: В 3 т. - М., 2002. – 262 с.

2 Малько А.В. Современная российская политика и правовая жизнь // Правовая политика и правовая жизнь. 2000. ноябрь. - С. 15-27.

3 Кулапов В.Л. К вопросу о некоторых видах правового поведения // Вопросы теории государства и права: Межвуз. Сб. Науч.трудов / Под ред. И.Н. Сенякина. - Саратов, 2001. Вып. 3. - С. 75-80.

4 Мордовец А.С. Социально-юридический механизм обеспечения прав и свобод человека / Под ред. Н.И. Матузова. - Саратов, 1996. – 356 с.

5 Матузов Н.И. Правомерное поведение и правонарушение // Матузов Н.И., Малько А.В. Теория государства и права – 2-е изд., перераб. и доп. - М., 2005. – 546 с.

6 Филатов В.В. Исполнение законов (материалы «круглого стола»): Тезисы выступлений // Советское государство и право. 1991. №6. - С. 22.

7 Кудрявцев В.Н. Правовое поведение: норма и потология // Избранные труды по социальным наукам: В 3 т. - М., 2002. т. 1. - С. 102-129.

8 Гайнер М.Л. Правосознание подростков. - М., 1989. – 154 с.

9 Оксоматный В.В. Правомерное поведение // Общая теория государства и права: Академическийй курс: В 2-х т. / Под ред. М.Н. Марченко. Теория права. - М., 1998. т. 2. – 676 с.
REFERENCES
1 Kudrjavcev V.N. Izbrannye trudy po social'nym naukam: V 3 t. M., 2002. 262 s.

2 Mal'ko A.V. Sovremennaja rossijskaja politika i pravovaja zhizn' Pravovaja politika i pravovaja zhizn'. 2000. nojabr'. S. 15-27.

3 Kulapov V.L. K voprosu o nekotoryh vidah pravovogo povedenija Voprosy teorii gosudarstva i prava: Mezhvuz. Sb. Nauch.trudov Pod red. I.N. Senjakina. Saratov, 2001. Vyp. 3. - S. 75-80.

4 Mordovec A.S. Social'no-juridicheskij mehanizm obespechenija prav i svobod cheloveka. Pod red. N.I. Matuzova. Saratov, 1996. 356 s.

5 Matuzov N.I. Pravomernoe povedenie i pravonarushenie. Matuzov N.I., Mal'ko A.V. Teorija gosudarstva i prava 2-e izd., pererab. i dop. M., 2005. 546 s.

6 Filatov V.V. Ispolnenie zakonov (materialy «kruglogo stola»): Tezisy vystuplenij. Sovetskoe gosudarstvo i pravo. 1991. №6. S. 22.

7 Kudrjavcev V.N. Pravovoe povedenie: norma i potologija Izbrannye trudy po social'nym naukam: V 3 t. M., 2002. t. 1. S. 102-129.

8 Gajner M.L. Pravosoznanie podrostkov. M., 1989. 154 s.



9 Oksomatnyj V.V. Pravomernoe povedenie. Obshhaja teorija gosudarstva i prava: Akademicheskijj kurs: V 2-h t. Pod red. M.N. Marchenko. Teorija prava. M., 1998. t. 2. 676 s.

Резюме: В данной статье рассматривается теоретико-правовые аспекты правового поведения несовершеннолетних.
Summаry: The article considers the theory leqal aspects of infants leqal behavior.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет