1 – сабақ
Көкірек көзін ашалық!
Мақсаты:
- оқушылардың бойында адам туралы, оның табиғи ішкі мүмкіндіктері, мінез-құлқы туралы жақсы көзқарас қалыптастыра отырып, оларға өзін-өзі қадағалай алу, бағалай білу және өзін-өзі дамытып, жетілдіре алу және өсу, есею жөнінде түсінік беру.
Міндеттері:
- адам өмірінің үнемі дамып, өсіп, жетіліп отыратын құбылыс екендігін ұғындыру;
- адам бойындағы барлық қасиеттерді, өзіндік ерекшеліктерді дамыта отырып, оқушыларға әр адамның ішкі мүмкіндігінің зор екендігін және оны тиімді пайдалана алуға үйрету;
- оқушыларды өзін-өзі басқара алуға, өздігінен іздене білуге тәрюиелеу.
Көрнекіліктер:
Әдемілеп үлкен плакатқа жазылған М.Мақатаевтың төмендегі өлең жолдары тақтаға ілінеді.
Өмірімен өзімнің таң қаламын,
Қалмаймын деп қатардан қамданамын.
Бүгінімді өткізсем қиындықпен,
Ертеңмен үмітпен қамданамын!
Шаттық шеңбер!
Биылғы оқу жылындағы алғашқы сабақ болғандықтан, мұғалім оқушылармен жазғы демалыстуралы әңгіме жүргізеді. Олар бір-бірімен сағынысып қауышқандарына қуанып, бір-біріне әдемі тілектер айтады. Одан соң сыныптағы бір оқушы немесе мұғалімнің өзі оқулықта берілген мына өлеңді орындайды.
Бала күн
Сол кез әлі есімде бала күнім,
Асық атып, асыр сап жүгіргенім.
Жүгіргенім, айналайын-ай!
Балалық шақ тәтті еді, бәрі бүгін.
Ойна да, күл, балапан, сен де бүгін,
Сен де бүгін, сен де бүгін-ай!
Қайырмасы:
Ботақаным, балапаным, құлыным,
Ашық болсын, жаңа болсын әр күнің.
Перизаттай сенің бейнең алтыным,
Қуанта бер пәк күлкіңмен, жарқыным.
Балғын шағым елес боп қалды бүгін,
Көк майсада асыр сап жүгіргенім,
Жүгіргенім, айналайын-ай!
Шомылармыз үйректей ақ қайықта,
Балалығым сағымдай қалды артта,
Қалды артта, қалды артта.
Қайырмасы.
Әңгімелесу
Сабақтың тақырыбын ашу үшін оқулықтағы «Ойланайық, пікірлесейік» атты айдармен берілген мына сұрақтар төңірегінде әңгіме жүргізіледі:
Жазғы демалысты қалай өткіздіңдер?
Өздерің жақын тұтқан адамдарды біраз уақыт көрмесеңдер қандай күйде боласыңдар?
Сағыныш дегенді қалай түсіндірер едіңдер?
Өз бойларыңнан қандай өзгеріс байқадыңдар?
Өздеріңмен бір жасқа есейгендеріңді қалай түсіндірер едіңдер?
Мұғалім оқушыларға өткен сыныпта алған адамгершілік құндылықтарды еске түсіре келіп, олардың бір жасқа есейіп, ой-өрістерінің де өскендігін айтады. Балалар да мұғалімнің ойын жалғастырып берілген сұрақтарға жауап береді. Мұғалім сөзінде әр адамның өмірдегі жеңісі де, жеңілісі де өзіне байланысты екендігіне мән береді. Сол себепті де әркім өзі ізденіп, өзі көп білім алуға ұмтылуы қажеттілігін тілге тиек етеді.
Мәтінмен жұмыс
Оқушылардың танымдық белсенділігі мен іскерлік әрекеттерін дамытып, олардың өзіндік пікірін дамыту мақсатында мұғалім оқулықта берілген К.Сегізбаевтың «Өсіп - өнсін ағаштар» атты әңгімесін оқуды ұсынады. Мәтінді мұғалім интонациялық кідірістерді ескере отырып, үлкен ықыласпен оқып береді. Оны оқушылардың өздеріне кезекпен оқытып, мазмұнын мұқият тыңдауды ұйымдастыруға да болады. Мұғалім тақырыптың мазмұнын ашатын сұрақтар арқылы оқушыларға мәтіндегі негізгі ойды таптырып, олардың құндылықты мәнін өз пікірлерімен пайымдатады.
Өсіп-өнсін ағаштар
К.Сегізбаев
«Ағаштар да сөйлейді» дейсің бе? Онда өзіміз куәсі болған мына бір әңгімені тыңдап көрші.
Көркемнің шуағы тұла бойын қыздырып, құстардың мың құбылған әні айналаны тербеткен шақта жас шыбық Қызылкүрең де қысқы ұйқысының оянған. О,ғажап! Бұрын тал түс болғанша бұған күннің сәулесін көрсетпейтін алып алма ағашы дәл төбесінен төніп, тынысын тарылтып тұрушы еді. Жалғыз ол емес, басқа да үлкен ағаштар қатарласа самсап, күннің сәулесін қойғанда бұл жазғанға аспанның өзін көрсетпеуге тырысатын. Бәрі де үшты-күйлі жоғалыпты. Өзі үлкен бір үйдің терезесінің алдына орын теуіпті.
-Ояндың ба? –деген нәзік үн дәл қасынан естілді. Қараса бойы өзінен де кішкентай құбақан түсті өскін Қызылкүренге күлімдей қарайды. –Енді екеуіміз іргелес тұрып, қатар өсетін боламыз.
Қызылкүрең сонда ғана өзінің жаңа мекенге қоныс тепкенін түсінген. Кезінде күн сәулесін түсірмегені үшін алып алма ағашына өкпелі де сияқты еді. Ал енді өзінің алғашқы рет топырақ арасынан бүр жарып, жарық дүниені көрген туған мекенін, тіпті алып ағашты да сағынғандай күй кешкен. Сол кезде қолында шелегі бар Кекілді балақан келіп, Қызыкүреңнің және оның қасында тұрған құбақаның түбіне су құйған. Жылы ылғалды рақаттана сорған қылдырықтай тамырлар көктем күнінің шуағымен балқып, ерекше бір күйге енген дерсің.
Екі-үш күн өтпей-ақ сидиған кішкене бұтақтардың әр тұтас бөртіп тұрды да, жап-жасыл жапырақтар қылтия бастады.
- Ой, сенің жапырақтарың қандай әдемі, - деді Құбақан, - жап-жасыл екен.
- Сенің де жапырақтарың көздің жауын алғандай көрікті-ақ, - деді Қызылкүрең де көршісінің көңілін көтеріп.
- Шіркін, біз де үлкен ағаш болып, жеміс берер ме екенбіз?! – деп армандады бір күні Құбақан.
- Және біздің жемісіміз сонша әдемі, сонша дәмді болса ғой, - деп қиялдады Қызылкүрең де.
Үйге кіріп-шығып жататын кісілердің ең кішкентайы кекілді балақан жаз бойы екеуінің түбіне шыққан арам-шөптерді отап, топырақты қопсытуды да ұмытқан жоқ. Көздің жауын алғандай олардың жап-жасыл жапырақтары небір ыстық күндерде де өңінен тайған емес. Уақытымен құйылған суға қанған олар аңызақты ыстықтан қорқуды білмейтін. Екеуі жаңа қоныстағы алғашқы жаздарын жаман өткізген жоқ. Айналаны ақша қар басып, қыс түскенде екеуі тағы ұзақ ұйқыға кеткен. Көктем шығып, бұтақтары бүр жара бастағанда екеуі бойларының өткен жылға қарағанда біраз өсіп қалғандарын айтып, мәз болысатын. Осылайша олар бірнеше жазды өткізіп, бірнеше көктемді қарсы алатын.
Құбақан мен Қызылкүрең сол тату-тәтті қалыптары қатар есейіп келе жатты. Күн сайын таңғы самалға күлтеленген жапырақтарын тербетіп тұрып, бір-біріне сәлемдесіп, күн сайын жұлдыздарды көк жүзін толтырған тұста түнтыныштығын тілейді. Тұңғыш рет әр бұтақ, әр бүршіктері сәл қызғылтым реңкі байқалатын аппақ гүлге толған сәттегі екеуінің қуаныштарын айтып жеткізу қиын еді. Гүлдерінің хош иістеріне өздерін қойғанда, ауланың ішіндегі өсімдік атаулы естігендей. Ешқашан маңайларына жоламайтын бал аралары да таңның жарығынан келіп, айналаны уілдеген бір әдемі әуенге толтырады дейсіз. Бұтақтарына қонып алып, саураудан жалықпайтын қараторғайдың әнін айтсаңызшы, Олар сынау көктемді, көктемдей өмірді жырға қосатын.
Екеуі ойламаған жерде қуанышқа бөлеп, ойламаған жерде өкіндіріп кеткен қысқа ғұмырлы гүлдерін әңгімелеп жүрген шақта сол гүлдердің орнына кішкене-кішкене түйіндердің пайда болып қалғанын байқамапты.
-Білдім, білдім, - деді бір күні Құбақан. Бұрын мен өнген жерде үлкен ағашқа керемет әдемі алмалар өсетін. Мүмкін, мынау кішкентай түйіншіктер біздің алма жемістеріміз шығар.
-Мен де солай ғой деп тұрмын. Біздің кішкентай қожайынымыздың күніне неше дүркін келіп жүргеніне қарағанда, биыл жеміс беруге тиіспіз, - деді әрқашан өзінің айтқанын құбақаның мақұлдағаның ұнататын Қызылкүрең.
Расында, кекілді балақан күн құрғатпай келіп, екі ағашты ерекше күтіп-бағудан бір жалыққан жоқ. Ақыры, жаз ортасы ауа екі ағаштан бір-бір алманы үзіп алып, жеп көрген балақан қуанғанынан үйге қарай тұра жүгірген.
Кекілді балақан үлкен жігіт болып өскен сайын біздің бұл алма ағаштарымыз да адам танымастай алып ағашқа айналған еді. Әр көктем сайын гүлдеп, күзде ал қызыл алмаларын әрең көтеріп, олар жылдан жылға өсе берді, өне берді.
Адамның өсіп- жетілуінің басқа тіршілік иелерінен өзгешелігі неде?
Адамның жан дүниесіне қандай қасиеттер сәуле береді?
Адам руханилыққа қалай қол жеткізеді?
Кекілді балақанның бойында қандай жақсы қасиет бар деп ойлайсыңдар?
Оқу ақпараты
Оқушылардың жауаптарын түйіндеген соң мұғалім оқулықтағы жаңа ақпаратпен сабақты жалғастырады. Сабақтың тақырыбын айқындай түсу үшін қолданылатын оқу ақпараты оқушылардың өзін-өзі тани отырып, өзін-өзі дамыту, жетілдіру үшін қандай мақсат қоя білуі керектігін түсіндіреді. Мұғалімнің сөзі төменде берілген оқу ақпаратындағы өзөекті ойды нақтылай түсетіндей болуы керек. Оқу ақпаратын мұғалімнің өзі оқиды.
Адам баласы үнемі өсу жолында болады. Жапырақ дүниеге келген сәтінен бастап, оның нәресте жүрегінде өмірге деген талпыныс орнайды Ана сүтімен дарыған құштарлық сезім әке тәрбиесімен ұштасып, ол көп нәрестеге қызығады.
Есейген сайын адамның білуге құштарлығы артып, таным көкжиегі кеңейе түседі. Көкірегін кернеген асыл армандарын іске асыру үшін адам үнемі ізденіс үстінде болады.
Өзіндік дамуды мұрат еткен адамның көкірегі ояу, дүниетанымы кең болады. Көкірек көзі ашық сөзі рухани өсіп-өнген, жетілген, кемелденген деген ұғымды білдіреді. Халқымыз білімді, саналы, парасатты адамды – көкірегі ояу; сезімтал түсінігі мол адамдар – көірегі жүйрік; терең ойлы, зерделі адамды – көкірек көзді; кең пейілді, жомарт, адал адамды – ақ көкірек дейді. Көңіл-күйі, сезімі, ішкі жан-дүниесі бай адамды көкірек сарайы кең деп сипаттайды.
Назар аудару
Сабақтың көрнекілігі ретінде М.Мақатаевтың тақтаға ілінген төмендегі өлең жолдарын оқып, оқушылар өз ойларын түйіндейді. Мұғалім болашаққа неліктен үмітпен қарау керектігіне тоқталады. Оқушылар ойды өздері жалғастырады.
Өміріме өзімнің таң қаламын,
Қалмаймын деп қатардан қамданамын.
Бүгінімді өткізсем қиындықпен,
Ертеңіме үмітпен қамданамын!
Дәйексөз
Көкіректе сәулесі жоқтың көңілінде сенімі жоқ.
Абай
Сабақ әрі қарай оқулықтағы дәйексөзді талдаумен жалғасады. Мұғалім «көкірек» сөзіне баса назар аударады. Дәйексөзді талдау үшін мынадай сұрақтар беріледі:
Дәйексөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?
Адам өзі армандаған жетістіктеріне қол жеткізу үшін не істеуі керек деп ойлайсыңдар?
Оқушылар нақыл сөздің мағынасын өз пікірлерімен дәйектейді. Дәйексөз дәптерге жазылады. Тапсырманы орындап болған соң, оқушылардың бір сәт дем алуы ойластырылады. Әр оқушының өзіндік сенімін арттырып, қиялын қанағаттандыратын әрі оларды сезім сергектігіне үйрететін «Тыныштық сәті» немесе «Өзіммен-өзім» релаксациялық тәсілі қолданылады. Бұл әдісті қалай өткізу керектігін мұғалім ыңғайына қарай орайластырады.
Үй тапсырмасы
Оқушылардың сабақта меңгерген білім, білік дағдыларын бекітіп, іскерліктерін ұштай түсу үшін мұғалім оларға үйден жазғы демалыста өзіне және өзгелерге қандай жақсылық жасап, көмек бере алғандары жайлы әңгіме жазып келуді тапсырады. Әңгіме негізінен төменде берілген Қ.Әбділдақызының «Екі жол бар» атты өлеңін алуға болады. Өлеңді жаттап алу ұсынылады.
Екі жол бар
Қ.Әбілдақызы
Жақсылыққа жетем десең, қолыңда,
Бар жақсылық жақсы адамның жолында.
Жаман болып тумайды ешкім анадан,
Жаман адам қайдан шыққан соңында?
Соны ойла да өзіңе-өзің есеп бер,
Көктем - өмір, көкөрім бәйшешектер,
Екі жол бар жағаласып жататын,
Жақсылыққа апаратын жетекке ер.
Жүректен жүрекке
Мұғалім оқушыларға бір-біріне жақсы тілек айтудың өзі адамның өмірге деген құштарлығын оятады дей отырып, сөзін Ш.Сариев, әнін Қ.Дүйсекеев жазған «Ойлан, балам» атты әнді қосылып орындауға шақырады.
Ойлан, балам
Ойлан, балам, өмір деген өтпелі,
Бұл дүниеге кімдер келіп, кетпеді.
Қайта оралмас бұл өмірдің жаздары,
Қайта оралмас бұл өмірдің көктемі.
Ойлан, балам!
Тәтті өмірге талайлар тоя алмаған,
Ойлан, балам!
Ойлан, балам, алда үміт, арманың,
Алда сенің нұрлы күнің, таңдарың
Қайта оралмас жас шағымның көзіндей,
Қайта оралмас ғұмырымды жалғадың.
Ойлан, балам!
Тәтті өмірге талайлар тоя алмаған,
Ойлан, балам!
Ойлаң балам, елің-жұртың, салтың бар,
Мұратына жетер адам талпынған.
Таудай биік азаматы болсаң да,
Биікпін деп айтпа, балам, халқыңнан!
Ойлан, балам!
Тәтті өмірге талайлар тоя алмаған,
Ойлан, балам!
2-сабақ
Көкірек көзін ашалық!
Шаттық шеңбері
Алғашқы сабақта тақырыпты кеңейтіп, толықтыра түсу үшін мұғалім алдымен оқушылардың біреуіне С.Тастанбекқызының «Жүрек» атты өлеңін мәнерлеп оқуды ұсынады.
Жүрек
С.Тастанбекқызы
Өлеңді тыңдап отырған балалар жүрек жылуымен адам баласы айналасына нұр шашып, бір-біріне қамқор болатынын түсінетін болады. Мұғалім шаттық шеңберін басқаша өткізуі де ықтимал.
Оқу ақпараты
«Көкірек көзін ашалық» атты тақырыптың екінші сабағында мұғалім оқушыларға шын ықылас, шын ниет, адал жүрекпен басталған әр істің нәтижелі болатынын ұғындырады. Жүреуктен шыққан жылы сөздің адамды тебірентіп, көңілін марқайтатын шапағаты туралы өзара пікірлесе отырып, оқушылар рухани қуаттың адамгершілік негізі екендігін сезінеді. әр адамның өсіп жетілуі, тұлғалық дамуы әркімнің өзіне, жасаған әрекетіне байланысты болатынын мұғалім оқу ақпаратына сәйкес түсіндіреді.
Адам әр ісін шын жүрекпен, ниетпен, сергек сезіммен, ыстық ықыласпен бастап, саналы түрде жақсылыққа бағыттап отырса, өзін де, өзгені де қуанышқа бөлейді.
Мәтінмен жұмыс
Берілген мәтінді оқи отырып, оқушылар әр адамның өз өміріне өзі жауапты екендігіне назар аударады. Сонымен бірге, төменде оқушылар көрсетілген сұрақтарға жауап беріп, өзара пікір алмасады.
Неліктен автор адамды өз өмірінің суретшісі дейді?
Жақсы өмір сүруі үшін адам не істеуі керек деп олайсыңдар?
Оқушылардың жауаптары әр түрлі болуы да ықтимал. Мәтіндегі негізгі ойды түсіну үшін өздері ойланып, бір-бірімен пікір алмасады. «Бәрі де өзіңе байланысты» деген қағиданың мәнін, шын ниетпен, жақсы істермен, адал еңбекпен көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын ұғынады.
Адам - өз өмірінің суретшісі.
Б.Бұлқышев
Дәйексөз
Өзіңе сен, өзіңнің күшіңе сен,
Қос қолыңмен істелген ісіңе сен.
Алысың да сыйлайды, жақының да,
Өзінді өзің төменге түсірмесең.
Ә.Тәжібаев
Өлең жолдарында айтылған ойға сәйкес өзіне сенімді, өзін-өзі бағалай алатын адамның әр ісінен жақсы нәтиже шығатынын өз сөздеріңмен тұжырымдаңдар.
Дәйексөздің мағынасын мұғалім алдыңғы мәтіннің жалғасы ретінде түсіндіреді. өзін-өзі жетілдіріп, өзін-өзі дамытып, үнемі өсу үстінде болатын адамның өресі де биік, талабы да таудай екендігін айта отырып, мұғалім оқушыларды әр уақытта алға ұмтылуға шақырады. Нағыз күштің, құштарлықтың әр адамның өз бойында екендігін айтады. Дәйексөздің түйінін дәптерге жазу тапсырылады.
Дәйексөзден соң оқушылардың өз ойын жинақтай алуына жағдай туғызып, әрқайсысының өзіндік ішкі «Менін» түсіне алуына және көңіл күйін жақсы сезінулеріне ықпал ететін «Тыныштық сәті» релаксациялық тәсілін өткізуге болады. әр оқушының дем алуына жағдай туғызатын бұл тәсіл оларды сезім сергектігіне үйретеді.
Мәтінмен жұмыс
Мұғалім өлеңді мәнерлеп оқиды. Көкірегі ояу, ниеті таза адамның алдына қойған мақсат-міндеті өзі үшін ғана емес, болашақтағы жақсы өмір үшін, іс жасап, елі үшін толғанатынын айта отырып, ол адалдықпен атқарылған істің болашақ ұрпаққа өнеге екендігіне назар аудартады. Сұрақтарды талдауға ар-ұят, борыш-міндет тәрізді ұғымдар тірек болады.
Адамдық борышың
Ш.Құдайбердіұлы
Шығармашылық жұмыс
Бұл әдіс әр дара тұлғаның өзіндік қабілетін, ой тереңдігін дамытуға ықпал етеді. Орайластырып берілген шығармашылық тапсырма оларды ізденімпаздыққа жетелейді. Төменде берілген Б.Күлеевтің «Өзім» атты өлеңін оқып, балалар өміріндегі барлық жақсылық та, жамандық та, жеңіс те, жеңіліс те әркімнің өзіне байланысты екендігіне мән береді.
Өзім
Б.Күлеев
Назар аудару
Саи Баба
Сабақты қорытындылау
Сабақта қолданылған барлық әдіс-тәсілдердің ұтымдылығы берілген тақырыптың меңгерілу нәтижесін көрсетеді. Мұғалім екі сағатқа лайықталған бұл сабақтардың тақырыбын тұжырымдайды. Ол әр адамның бойында тұнып жатқан өзіндік ішкі мүмкіндіктердің ашылуына, олардың дүниетанымдық көзқарастарының кеңейіп, көкірек көздерінің ашылуына септігін тигізетін адамгершілік құндылықтардың маңызы туралы айтады. Мұғалім адамның өзін-өзі жетілдіруде, жақсы іске ұмтылуда, көкірегіңде сайрап жатқан талай асыл армандарды орындауда әркімнің өзі жауапты екендігін айтып, қорытынды ой жинақтайды.
Жүректен жүрекке
Бұл әдісте мұғалім адамға балалық шақтың аса ыстық екенін, әйтсе де адам өмірінің өсіп, есею үстінде болатынын айтып, оқушыларға болашақта үлкен табыстарға жетуді тілейді. Олар төменде берілген өлеңді оқып, бір-біріне жақсы тілектер айтады.
От М.Жұмабаев
Достарыңызбен бөлісу: |