Ж. Б. Кундакбаева, Шағатай ұлысындағы моңғол хандарының саясатындағы екі


Білімді тексеруге арналған сұрақтар



Pdf көрінісі
бет30/63
Дата02.03.2024
өлшемі7.94 Mb.
#494029
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   63
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы 2-кітап

Білімді тексеруге арналған сұрақтар: 
1. «Қазақ» сөзінің мәні мен мағынасы туралы тарихнамалық пікірлерді 
топтастырып, талдаңыз? 
2. «Қазақ» сөзінің әлеуметтік мәніне талдау жасаңыз. 
3. «Қазақ» сөзінің саяси-әлуметтік мәніне талдау жасаңыз. 
4. «Қазақ» сөзінің саяси-этникалық мәні мен мазмұнын түсіндір. 


167 
5. «Өзбек-қазақ» атауының мәні мен мазмұнын түсіндіріңдер. 
 
 
ІІ БӨЛІМ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ХАНДЫҚ ДӘУІР 
І тарау. XV-XVIII Ғ. БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ САЯСИ
ТАРИХЫ 
 
§1. Қазақ хандығының құрылуына қатысты деректер және зерттелуінің 
мәселелері 
Қазақ хандығының құрылуы барысы деректерде өте аз сақталған. 
Дегенменде ол туралы ортағасырлық мұсылман деректері мен халық ауыз 
әдебиетінің материалдарында мәліметтер ұшырасады. Жазба дерек мәліметтерінің 
өзін мәселеге қатыстылығына қарай шартты түрде мәселеге тікелей қатысты және 
жанама қатысты деп екі топқа бөлуге болады. Бірінші топтағы деректерге – Қазақ 
хандығының құрылуы барысын тікелей баяндайтын тарихи шығармалардағы 
мәліметтер жатса, екінші топқа – мәселені тікелей қамтымаса да, XV ғасыр 
ортасындағы, яғни Қазақ хандығының құрылуы қарсаңы мен құрылуы 
барысындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, Моғолстан, Мауереннахр аумақтарындағы 
саяси оқиғалар мен этникалық үрдістерді баяндайтын мәліметтер жатады. 
Бірінші топтағы деректерге Мұхаммед Хайдар Дулатидың (1499-1551жж. 
өмір сүрген) «Тарих-и Рашиди», авторы белгісіз, XVI ғасырдың басында жазылған 
«Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама», Камал ад-дин Бинайдың «Шайбани нама», 
Шәді молданың «Фатх-нама», XVII ғасырдың 40-шы жылдары жазылған Махмуд 
бен Уәлидың «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» атты тарихи шығармалардың 
мәліметтері жатады. Бұл деректерде Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр 
ханнан бөлініп Жетісудың батыс жағындағы Шу өзені мен Қозыбасы тауы 
аралығына орналасуы, Керейдің хан сайлануы, көшіп келгендердің «қазақтар» 
деген атауға ие болғандығы, Әбілқайырға наразы ру-тайпалардың Керей мен 
Жәнібек хандарға қосылуы, аз уақытта қазақтардың саны 200 мыңға жеткендігі, 
Әбілқайыр ханның өлімінен кейін оның мұрагерлері арасында тақ үшін 
таластардың болғандығы, оның мұрагері Шайх Хайдарға қарсы көршілес елдер 
билеушілерінің бірігіп күрес жүргізуі, олардың ішінде қазақ билеушілерінің болуы 
және тағы басқа Қазақ хандығының құрылуына тікелей қатысы бар мәліметтер 
баяндалады. 
Ал жанама деректерге XV ғасыр ортасындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, 
Моғолстан, Мауереннахр аумақтарындағы саяси оқиғаларды баяндайтын мынадай 
шығармалардың мәліметтері жатады. Олар мыналар: Масуд бен Осман 
Кухистанидың «Тарих-и Абулхайр-хани», Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидың 
«Михман наме Бухара», Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабыр-нама», 
Қадырғали Жалайрдың «Жылнамалар жинағы», Әбілғазының «Түрік шежіресі», 


168 
Шах Махмуд Шорастың «Тарих» және тағы басқа шығармалар жатады. Бұл 
деректердегі мынадай мәліметтердің: XV ғасыр ортасындағы Әбілқайыр 
хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы, «көшпелі өзбектердің» этникалық 
құрамы, 1457 жылғы Әбілқайыр ханның қалмақтармен соғысы және оның 
қорытындысы, Моғолстанның ішкі және сыртқы саяси жағдайы, оның темір 
ұрпақтарымен қарым-қатынасы, Шахрух өлгеннен кейінгі жылдардағы (1447 жыл) 
Мауереннахрдағы қалыптасқан саяси жағдайлар және тағы сол сияқтылардың
Қазақ хандығының құрылуына жанама түрде тигізер көмегі бар. 
Жазба деректерден басқа халық ауыз әдебиетінің материалдарында да Қазақ 
хандығының құрылуы көрініс береді. «Ақжол бидің өлімі» жөніндегі тарихи аңыз 
– әңгімеде Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуінің себептері, 
екі ханды қолдаған қазақ ру-тайпалары туралы құнды мәліметтер кездеседі. 
Жалпы алғанда, Қазақ хандығының құрылуын мәселеге тікелей және жанама 
қатысты дерек мәліметтері мен ауыз әдебиетінің мәліметтерін бір-бірімен 
толықтыра, салыстыра отырып қарастыру көп ғылыми нәтижеге қол жеткізеді.
Қазақ хандығының құрылуы мәселесі тарих ғылымында XIX ғасырдың 60-
шы жылдарынан бері зерттелініп келеді. Сол жылдардан қазіргі күндерге дейінгі 
150 жылдай аралықта тарихшылар осы мәселені зерттеуде көп еңбек сіңірді, 
көптеген сұрақтарға жауап тапты, тақырыпқа қатысы бар тың мәселелерді күн 
тәртібіне көтерді.
Шартты түрде мәселенің зерттелуін төрт тарихнамалық кезеңге бөлуге 
болады. 
Бірінші тарихнамалық кезең – ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасы 
мен ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының соңы аралығын қамтиды. 1864 жылы
В.В. Вельяминов-Зерновтың «Исследование о Касимовских царях и царевичах» 
атты зерттеуінің екінші бөлімінің жарыққа шығуымен және онда алғаш рет Қазақ 
хандығының құрылуы жөнінде тарихи деректердің айналымға енгізілуімен мәселе 
тарих ғылымында күн тәртібіне қойылды деп санауға болады. Ал ХХ ғасырдың 
30-шы жылдарына таман, Кеңес Одағында қоғамдық ғылымдарға маркстік-
лениндік методологияның үстемдігі орнап, тарихқа таптық тұрғыда қараудың 
белең алуы тарих ғылымы үшін бір кезеңнің аяқталып, жаңа кезеңнің басталғанын 
көрсетеді. Соған байланысты біз қарастырып отырған мәселені зертттеу 
барысында да теориялық және методологиялық тұрғыда өзгерістер болады. 
Мәселенің екінші тарихнамалық кезеңі ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары 
аралығын қамтиды. Бұл кезеңнің басты ерекшелігіне маркстік-лениндік 
методологияға сай барлық тарихи оқиғалар мен зерттеулер тек таптық тұрғыда 
қарастырылып, соған сай тұжырымдар мен қорытындылар жасалды. Қазақ 
хандығының құрылуы мәселесі де осындай көзқарастар негізінде зерттеледі.
Үшінші тарихнамалық кезең – сол ғасырдың 50-80-ші жылдары аралығын 
қамтыды. Осы үшінші тарихнамалық кезеңнің басты ерекшелігі – тарих ғылымына 
идеологияның үстемдік құрған кезеңі болса да, мәселемен осы жылдары арнайы 


169 
мамандығы бар, кәсіби зерттеушілердің айналысуы жатады. 
Қазақ хандығы құрылуының соңғы тарихнамалық кезеңіне өткен ғасырдың 
90-шы жылдары мен қазіргі кезеңге дейінгі зерттеулерді жатқызамыз. Соңғы 
тарихнамалық кезеңнің басты ерекшелігі – бірнеше ондаған жылдар бойы тарих 
ғылымына үстемдік келген идеолгоияның күшін жойып, тарих пен тарихи 
процесстерді таптық тұрғыда емес, керісінше одан да кең ауқымды ұлттық мүдде 
тұрғысынан қарастырудың орныққаны жатады. 
Бірінші тарихнамалық кезеңдегі зерттеулерге В.В. Вельяминов-Зерновтың, 
В.В. Радловтың, Н.А. Аристовтың, И.И Крафтың, В.В. Бартольдтың, 
Ш.Құдайбердіұлының, Л.П. Чулошниковтың, М. Тынышбаевтың, Г.М. Грумм-
Гржимайлоның зерттеулері жатады. 
Осы кезеңдегі мәселенің зерттелуіне, оның негізгі бағыттары мен пікірлері 
және тұжырымдарын былайша қорытындылауға болады. 
- 1864 жылы В.В. Вельяминов-Зернов еңбегінің екінші бөлімі жарыққа 
шығуымен және онда Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» 
еңбегіндегі мәліметтердің орыс тіліне аударылып ғылыми айналымға енгізілуімен 
Қазақ хандығының құрылу тарихы мәселесі күн тәртібіне қойылады. 
- Деректе айтылатын Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан 
бөлініп, Моғолстанға келуі – Қазақ хандығының құрылуындағы басты оқиға 
ретінде қабылданды, оны ешбір зерттеуші теріске шығармайды.
- Шәкәрім Құдайбердіұлының ғылыми айналымға енгізген ауызша мәліметі 
Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі схемамен сәйкес келіп, оны мазмұндық 
жағынан байыта, толықтыра түседі. 
- ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына дейін хандықтың құрылуын зерттеушілер 
«Қазақ Одағы» деп атап, одан әрі саяси, әрі этникалық мәндер берсе,
М. Тынышбаев оны «Қазақ хандығының қалыптасуы» және «Қазақ хандығының 
құрылуы» деген сөздермен өзгертіп, «Қазақ одағын» жіктейді. 
- Қазақ хандығының құрылуы мәселесі осы тарихнамалық кезеңнің соңына 
таман жалпы мәселелер шеңберінен шығарылып, жеке тақырыпқа айналады. 
- Қазақ хандығының құрылуы жалпы алғанда Алтын Ордасының тарихымен, 
нақты алғанда оның бір бөлігі болып саналатын Шибан Ұлысының ыдырауымен 
тікелей байлаыстырады (М. Тынышбаев). 
- Керей мен Жәнібек хандарды қолдаған ру-тайпалар бір сәтте құрылмаған, 
олар бөлініске дейін бірнеше ондаған жылдар бұрын пайда болған (М. 
Тынышбаев). 
- Хандықтың құрылған жылы деп кезінде В.В. Вельяминов-Зерновтың 
шамамен шартты түрде ұсынған 1456 жылы осы тарихнамалық кезеңде «Тарих-и 
Рашидидің» дерегі ретінде қабылдана бастайды да, барлық зерттеушілер осы 
жылды нақты атап көрсете бастайды. 
- Осы тарихнамалық кезеңде ортағасырлық дерек мәліметтерінің 
бірталайының ғылымға белгісіз болуы себепті Қазақ хандығының құрылу 


170 
тарихына қатысы бар бірнеше оқиғалардың даталары қате беріледі. Олар мыналар: 
а) Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілісі 1452, 1456 жылдары болған делінеді; 
ә) Әбілқайыр ханның қайтыс болған жылы – 1465-66 жыл деп түсіндіріледі. 
Жалпы, осы кезеңдегі зерттеушілер Қазақ хандығының құрылуы 
тарихнамасының іргесін берік қалыптастырады. Әлі күнге дейін осы бірінші 
кезеңдегі тарихнамалық пікірлер мен тұжырымдардың көбі өздерінің ғылыми 
құндылықтарын жоғалтпай келе жатыр. 
Қазақ 
хандығы 
құрылуының 
тарихнамасындағы 
екінші 
кезеңде
С.Д. Асфендияров, П.А. Кунте, П.М. Вяткин және 1943 жылғы «Қазақ ССР 
тарихы» кітабының авторлары өз пікірлерін жаңа концепция негізінде ұсынса да, 
олардың еңбектері, кейбір тұжырымдары мәселенің жалпы зерттелуінде алға 
басушылықты, деректік базаның кеңейгендігін көрсетеді. 
Қазақ 
хандығының құрылуының үшінші тарихнамалық кезеңінде
А.А. Семенов, П.П. Иванов, С.К. Ибрагимов, К.И. Петров, М.Г. Сафаргалиев,
В.П. Юдин, К.А. Пищулина, Т.И. Сұлтанов, М.Қ. Әбусейтова секілді белгілі 
шығыстанушы-ғалымдар мәселені терең зерттеуге күш салады. Олардың пікірлері 
мен тұжырымдары мәселенің тарихнамалық базасын кеңейтіп, байыта түседі. 
Қазақ хандығының құрылуының тарихнамасындағы қазіргі кезең 1991 
жылдан басталып, күні бүгінге дейін жалғасуда. Осы кезеңде Қазақ хандығының 
құрылуы мәселелері бұған дейінгі тарихнамалық кезеңде есімдері аталған
Т.И. Сұлтанов, К.А. Пищулина, М.Х. Әбусейтовалардың зерттеулерінде жалғаса 


171 
берсе, олардың қатары өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап жаңа 
есімдермен толыға түседі. Ә. Хасенов, С. Жолдасбайұлы, З. Қинаятұлы,
Б. Кәрібаев сынды тарихшылар өз зерттеулерінде тың ойлар мен пікірлер айтып, 
мәселенің тарихнамасын байыта түседі. 
Қорыта келе, бір жарым ғасырлық уақытқа созылған тарихнамада Қазақ 
хандығының құрылу мәселесі жай пікірлерден кең ауқымды тақырыптың біріне 
айналып, академиялық басылымдарда тарау немесе тарауша көлемінде 
қарастырылады. Алғашқы тарихнамалық кезеңнен соңғы тарихнамалық кезеңге 
дейін мәселені зерттеу кең және терең түрде жүргізіледі. Мәселенің деректік 
негіздері мен зерттелу тарихы, алғышарттары, себептері, құрылу барысы, болған 
уақыты, ол жөніндегі пікір-таластар, маңызы және басқа айтылған ой-пікірлер мен 
тұжырымдар – 150 жылдай уақыт ішіндегі тарихнамалық жетістіктерін көрсетеді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   63




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет