Ж. «Тігін өндірісінің технологиясы» мамандығы бойынша сырттай оқу бөлімінің 2-курс студенттеріне



Дата19.06.2016
өлшемі130.99 Kb.
#148307
ШҚО әкімдігінің Білім басқармасы «Сервис колледжі» КМҚК

БЕКІТЕМІН

Директордың оқу ісі

жөніндегі орынбасары

............ Г.Ш.Жумадилова

«.....» ............... 2013 ж.



«Тігін өндірісінің технологиясы» мамандығы бойынша

сырттай оқу бөлімінің 2-курс студенттеріне

кәсіптік қазақ тілі пәнінен

бақылау жұмысының тапсырмалары

Дайындаған оқытушы – Жоламанова Н.А.

Гуманитарлық пәндер циклдық комиссиясының отырысында қаралды.

Хаттама № «.......» ............................. 2013 ж.

Комиссия төрайымы ................ Н.А.Жоламанова



1-нұсқа.

  1. Қазақ тілінің 9 төл дыбыстарын мысалдарымен бірге жазыңыз. (Напишите 9 специфических звуков казахского языка с примерами).

  2. Лексикалық тақырып «Менің отбасым».

«Менің отбасым үлкен: әкем, шешем, атам, ағам, әпкем және қарындасым бар. Әкем мен шешем түйдей құрдас. Екеуі де қырық екіде. Әкем – заң қызметкері, ал шешем – дәрігер. Атам мен әжем жетпістерде. Атам қоян жылы туғанмын дейді, ал әжем отызыншы жылы наурыз айында дүниеге келіпті. Атам мен әжем бұрын ауылда тұратын. Әкем былтыр оларды көшіріп әкелді. Содан бері олар бізбен бірге Алматы қаласында тұрады. Екеуі мейірімді, ақылды адамдар, мен оларды өте жақсы көремін. Атам бізге жеті атамызды үйретті, «жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» деп отырады. Ағам жиырма екіде, Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің тарих факультетін биыл бітіреді. Әпкем – студент. Жасы он тоғызда. Технология университетінде оқиды. Болашақта модельер-дизайнер болуды армандайды. Ол қазірдің өзінеде киімді өте жақсы пішіп, тіге алады. Әпкем де, ағам да өте бауырмал адамдар, үнемі қарындасым екеуімізге қамқорлық көрсетіп жүреді. Қарындасым үйдің кенжесі болғандықтан, тым ерке. Оны бәріміз еркелетеміз, айтқанын екі етпейміз. Бірақ ол ақылды болып өсіп келеді. Қазір жетінші сыныпта оқиды, оқу үздігі. Музыкамен де, сурет салумен де айналысады. Ал мен студентпін, Қазақ Мемлекеттік Медицина университетінің емдеу факультетінде оқимын.»

Мәтін бойынша тапсырма:

А) Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

Ә) Мәтіндегі «түйдей құрдас», «жеті ата», «бауырмал» сөздерінің мағынасын түсіндіріп жазыңыз.

Б) «Қала», «болашақ», «мейірімді» сөздерінің синонимдерін жазыңыз.



3. Осы үлгі бойынша өз отбасыңыз туралы мәтін құрастырыңыз (15-20 сөйлем көлемінде).

2-нұсқа.

  1. «Ә, ө, ү, ұ» әріптері сөздің қай буынында кездеседі? (В каких слогах слова встречаются буквы «ә, ө ұ, ү» (пишите примеры).

  2. Лексикалық тақырып: «Астана – Қазақстан Республикасының бас қаласы».

Астана қаласы – еліміздің бас қаласы. Ол 1961 жылға дейін Ақмола, 1961 жылдан кейін Целиноград болып аталды. Қала Сарыарқаның терістігінде Есіл өзенінің екі жағында орналасқан. Ежелден Еуропа мен Азияны байланыстырып тұрған ірі тасымал торабы. Астана қаласы арқылы тасымалданатын барлық жүктердің 96 пайызынан астамы өтеді. Қазір Астанада жарты миллионнан астам халық тұрады. «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деп аталатын бағдарлама бойынша бой түзеген көрікті тұрғын үй қалашықтары, «Океанариум», «Дарын орталығы», «Салтанат сарайы», «Хан шатыр», болашақтың төріне ұмтылған еліміздің таңбасындай көкке құлаш сермеген «Бәйтерек», Астана әуежайы, Елбасының резиденциясы – Ақорда – осының бәрі ғажайып ертегілерді еске салады. Қазіргі таңда Астанада С.Сейфуллин атындағы аграрлық университет, Е.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Назарбаев-университет, Астана Мемлекеттік медицина академиясы, көптеген колледждер, бірнеше кәсіптік білім беретін оқу орындары бар. Астана жыл сайын өркендеп, бет бейнесін әсемдей түсері сөзсіз. Қазірдің өзінде әлемдегі ең ғажайып астаналардың бірі ретінде талайды таңқалдыруда».

Мәтін бойынша тапсырмалар:

А) Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

Ә) Мәтіндегі «бой түзеген», «болашақтың төріне ұмтылған», «көкке құлаш сермеген» сөздерінің мағынасын түсіндіріп жазыңыз.

Б) Мәтіннен омоним сөздерді теріп жазыңыз.



  1. Осы үлгі бойынша «Туған қалам – Семейім» тақырыбына мәтін құрастырып жазыңыз (15-20 сөйлем көлемінде).

3-нұсқа.

  1. «һ» әрпі бар барлық сөздерді орыс тіліндегі аудармасымен қоса жазыңыз. (Перечислите слова, в которых встречается буква «һ» с переводом на русск.яз.)

  2. Лексикалық тақырып: «Алматы сервис колледжі».

1952 жылы «Өндіріс корпорациясы» техникумы болып ашылған. Кейіннен бұл оқу орны «Тұрмыс қажетін өтеу және жеңіл өнеркәсіп» техникумы болып қайта құрылды. Уақыт талабымен 1995 жылдан бері Алматы сервис колледжі болып аталады. Қазір аталған орта кәсіптік оқу орнында жеті мамандық түрі бойынша мамандар даярланады. Олар мыналар:

  • «Қонақ үй шаруашылығы және туристік кешендерде қызмет көрсету»;

  • «Шаштараз өнері және сәндік косметика»;

  • «Тігін өндірісі»;

  • «Халық тұтынатын бұйымдарды модельдеу және құрастыру»;

  • «Әйелдер және ерлердің қазіргі және тарихи театр киімдерін модельдеу және құрастыру»;

  • «Үйтану (үй және офис шаруашылығын басқару)»;

  • «Әлеуметтік жұмыс».

Колледжде күндізгі және сырттай оқу бөлімдері бар. Қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған үлкен шеберханаларда суретші-модельер, менеджер, модельдеу шеберлері, тігін шеберлері, техник-технологтар мамандық алады. Колледжде негізінен қыз балалар көп оқиды. Олар жыл сайын өтетін «Қыз сыны», тағы да басқа сұлулық байқауларына қатысады. Қазіргі қоғамымызға қажет осы мамандық иелері «Мамандық сыры» атты бәйгеге қатысады. Әр көктем сайын мұнда «Студент көктемі» мерекесі өткізіледі».

Мәтін бойынша тапсырмалар:

А) Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

Ә) Мәтіндегі «халық, уақыт, бұйым, заман, маман» сөздерінің синонимдерін жазыңыз.

Б) Мәтіннен сын есімдерді теріп жазыңыз.



3. Осы үлгі бойынша өзіңіз оқитын колледж туралы жазыңыз (15-20 сөйлем көлемінде).

4-нұсқа.

  1. Қазақ тілінің төл дыбыстарының астын сызып, сөздердің синонимін тауып жазыңдар. (Подчеркните специфические звуки казахского языка и напишите синонимы к словам).

«Тілмаш, әуез, ғұлама, көмек, қайғы, дәрігер, қауіп, құрбы, нәресте, сырқат, жұрт, төзімді, жеңілтек, ұялу, маңғаз, мәлімет, оңаша, өжет, әдемі, ылғи, қолғап, уәде, сақина, шәкірт, мұғалім».

  1. Лексикалық тақырып: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері».

«1992 жылы ҚР-ның Мемлекеттік рәміздері – Елтаңбасы, Туы және Әнұраны қабылданды. ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының негізіне шаңырақ алынған. Ол – Елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ - әлемнің біртұтастығының, бірге өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығының белгісі. Қанатты пырақ – болашаққа үміт артар жас ұрпақтың арманы, самғау биігі. Елтаңбаның жоғарғы жағында бес бұрышты жұлдыз бар. Әр адамның өмірінде жол көрсетер өз жұлдызы болады. Мемлекеттің де өз жұлдызы болуы керек. ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлңібеков пен Шота Уәлиханов.

Әнұран – асыл қазына. Ол халықтың жүрегінің лүпілін тұмар қылып түйген музыкалық сәлем хат іспеттес. Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұранының авторлары Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева болды. Ал әнін ұлы сазгерлер Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди жазған. Қазір мәтінін Н.Ә.Назарбаев өңдеген «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Әнұранына айналды. Бұрынғы мәтінін ақын Жұмекен Нәжімеденов жазған. Әнұранның сазын атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов жазған болатын.»



Мәтін бойынша тапсырмалар:

А) Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

Ә) Мәтіннен ауыспалы мағынада қолданылып тұрған сөздерді тауып, астын сызыңыз.

Б) «Байлығының» сөзіне морфологиялық талдау жасаңыз.



3. Мәтінді «ҚР Мемлекеттік Туы» туралы өзіңіз жазып, аяқтаңыз.

5-нұсқа.

1. Көп нүктенің орнына «и» не қосарлы «ый/-ій» әріптерін жазыңыз, сөздерді орыс тіліне аударыңыз. (Вместо точек вставьте нужные «и» или «ый/ій» и переведите слова на русский язык).

К...ім, с...лық, тақ...я, ж...налыс, қағ...да, т...ым, т...ын, ...не, қ...ын, тар...х, т...ылу, оқ...ды, с...ымды, т...ін, ...іс, жыл...ды».



2. Лексикалық тақырып. «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі».

Қазақ тілі түркі тілдер әулетінің қыпшақ тілдер тармағына жатады. Қазіргі кезде қазақ тілінде 14 млн-нан астам адам сөйлейді. Қазақ тілі сөйлеушілерінің саны жағынан дүние жүзінде 70-орында тұр. Орыстың көрнекті шығыстанушы ғалымы, түрколог В.Радлов кезінде: «Қазақ тілі - әлемдегі ең бай, ең әуезді тілдердің бірі»,- деп жоғары баға берген болатын.

1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 4-бабында: «Қазақ тілі – ҚР-ның мемлекеттік тілі»,- деп көрсетілген. Ата Заңымыз – бүгінгі қолданыстағы 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституциямыздың 7-бабында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі статусы бекітілген. Тіл туралы Заңның 21-бабында Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті екендігі айтылған. 2011 жылы «ҚР-ның тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасы» қабылданды. Аталған нормативтік құжаттар мен заңдар қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қалыптасуына, дамуына жағдай жасап отыр. Бүгінде қазақ тілі мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің барлық саласында қолданылады. ҚР-ның Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 95%-ы мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін еркін меңгеруі керек деген міндет қойды. Өйткені тіл жоқ жерде ұлт та болмайды. Олай болса, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бардық ұлттардың басын біріктіретін фактор бола отырып, ХХІ ғасырдың тілі болуы керек.

Мәтін бойынша тапсырма.

А) Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

Ә) Цифрмен берілген сан есімдерді сөзбен жазыңыз.

Б) «Халық» сөзіне синонимдік қатар құраңыз.



3. «Қазақшаңыз қалай?» Өз ойыңызды жазыңыз (15-20 сөйлем көлемінде).

6-нұсқа.

  1. Қазақ тілінің төл дыбыстарының астын сызып, сөздердің синонимін тауып жазыңдар. (Подчеркните специфические звуки казахского языка и напишите синонимы к словам).

«Әбдіре, дімкәс, бұйым, бүлдірген, әріптес, әзілкеш, сүрлеу, сұңғақ, ғашықтық, сәнқой, хайуан, оқиға, диқан, көмек, оңаша, сұлу, ұстаз, әлем, халық».

  1. Лексикалық тақырып. «Менің колледжім».

Мен Семей қаласындағы сервис колледжінің «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша сырттай оқу бөлімінде оқимын. Аталған мамандық биылғы оқу жылынан бастап мамандар даярлауда. Колледж бұрын жеңіл өнеркәсіп техникумы деп аталған. Колледж 1945 жылы құрылған. Ол – Семей қаласындағы байырға оқу орындарының бірі.

Колледж төрт қабатты ғимаратта орналасқан. Оның жанында жазғы спорт алаңдары, демалыс сквері бар. Бірінші қабатта асхана, кітапхана, бухгалтерия, тігін цехтары, сән театрының бөлмесі, ал төменде жертөледе екі спорт залы, ағаш өңдеу және темір шеберханалары орналасқан. Екінші қабатта акт залы, мәжіліс залы, мұражай бөлмесі, әкімшілік кабинеттері мен дәрісханалар бар. Үшінші, төртінші қабаттарда оқу кабинеттері орналасқан. Оқу кабинеттері қажетті оқу-әдістемелік құралдармен эстетикалық талғаммен жабдықталған. Үшінші қабаттағы 4 компьютерлік кабинет соңғы үлгідегі компьютерлермен, басқа да ақпараттық құралдармен жабдықталған. Барлық кабинеттерде гүлдер өсіріліп, жасылдандыру жүргізіледі. Колледжде студенттердің кәсіби білім және саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Колледж – қазіргі уақыттың талаптарына сай заманауи білім беретін мекеме.



Мәтін бойынша тапсырма.

А) Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

Ә) «Мұражай» сөзіне фонетикалық талдау жасаңыз.

Б) Мәтіндегі сан есімдердің түрін ажыратыңыз.



3. Өзіңіздің мамандығыңыз туралы жазыңыз (15-20 сөйлем көлемінде).

7-нұсқа.

  1. Көп нүктенің орнына «қ, ғ, к, г» дауыссыздарының тиістісін қойып, әр сөзді орыс тіліне аударып жазыңыз. (Вместо точек вставьте нужные «қ, ғ, к, г» и переведите на русский язык).

«Ба...бан, ...озы, дастар...ан, ...арыш, а...ын, ...өзілдірік, ы...ылас, қараң...ы, кө...ірек, бел...і, а...иқат, ...өмір, тоста...ан, бар...ыт, аң...ау, а...айын, е...інші, ра...ат, ті...інші, ...еруен, құтты...тау, ұ...ыну, сірің...е, а...аш, қа...аз».

  1. Лексикалық тақырып. «Менің Отаным – Қазақстан».

Қазақстан Еуразия құрылығының дәл ортасында орналасқан. Республика жері батысында Еділдің төменгі сағасынан бастап, шығысында Алтайға дейін 3000 шақырымға, солтүстігінде Батыс Сібір жазығынан бастап, оңтүстігінде Тянь-Шань тауларының сілемдеріне дейін 1600 шақырымға созылып жатыр. Шекарасының жалпы ұзындығы – 15 000 шақырым. Қазақстан батысы мен солтүстігінде Ресеймен, оңтүстігінде Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстанмен, шығысында Қытаймен шекараласады. Еліміз жер көлемі жағынан әлемде Ресей, Қытай, АҚШ, Австралия, Үндістаннан кейін алтыншы орын алады. Жерімізде асқар биік таулар да, кең жазық дала да, айдын шалқар көлдер мен ірі өзендер де бар. Жер қойнауы қазба байлықтарға толы. Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің барлығы кездеседі.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері екі Ата Заң қабылданды: 1992 жылы және 1995 жылы 30 тамыздағы қазіргі қолданыстағы Конституциямыз. Еліміздің бас қаласы – Сарыарқаның төріндегі Астана қаласы. Қазақстан – ғажайып әрі қайталанбас тарихы бар байырғы өркениетті өлке.

Мәтін бойынша тапсырма:

А) Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

Ә) «Ірі» сөзінің синонимдерін жазыңыз.

Б) «Құрылығының сөзіне морфологиялық талдау жасаңыз.



3. Өзіңіздің туған жеріңіз туралы шағын шығарма жазыңыз (15-20 сөйлем көлемінде).

8-нұсқа.

  1. Көп нүктенің орнына қазақ тілінің төл дыбыстарының тиістісін қойып, орысша аудармасын қоса жазыңыз. (Вместо точек вставьте нужный специфический звук казахского языка и переведите на русский язык).

«А...ылшын, ...депті, б...йбіше, б...рене, был...ары, б...лезік, жа...ғырық, земб...л, к...гал, қор...ақ, л...ззат, ...кпеші, т...уекел, т...белес, т...йме, түт...н, ...йымдастырушы, ы...ғайсыз, мазм...н, та...ия, ...ріп, қ...лын, ба...ыт».

  1. Лексикалық тақырып. «Тұңғыш Президент».

Қазақ елінің тәуелсіз мемлекетінің негізін қалаушы – тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елдің Ата Заңының және Мемлекеттік рәміздерінің қабылдануы, Қарулы Күштері мен Ішкі әскерлерінің саяси және экономикалық құрылымының, ішкі және сыртқы саясатының айқындалуы, әлемдік аренаға шығып, БҰҰ-на мүше болып кіруі, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, ұлттық валютамыздың шығуы, астананың көшірілуі, Семей ядролық полигонының жабылуы Президент есімімен тығыз байланысты.

Н.Ә.Назарбаев 1940 жылдың 6 шілдесінде Алматы облысының Қаскелең ауданындағы Шамалған ауылында туған. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжан еңбекқор, қарапайым, өнерлі адамдар болған. Нұрсұлтан Әбішұлының мамандығы – металлург. Жастық шағын Теміртау мен Қарағандының домна пештерінде болат балқытуға, Днепродзержинскідегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға және жалынды істердің ұйытқысы болуға арнады, спортпен шұғылданды. Ерте есейіп, басшылық қызметтерге де ерте араласты. 1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.



Мәтін бойынша тапсырма:

А) Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

Ә) Мәтіндегі сан есімдерді сөзбен жазыңыз.

Б) «Ел» сөзінің синонимдерін жазыңыз.



3. Өзіңіздің мамандығыңыз туралы шағын шығарма жазыңыз (15-20 сөйлем көлемінде).

9-нұсқа.

  1. Төмендегі сөздерден көптік жалғауы жалғанатын сөздерді бір бағанға, жалғанбайтын сөздерді екінші бағанға топтап жазыңыз.

«Ет, тақта, бор, гүл, кілт, арыстан, тұз, қол, асқазан, кісі, күріш, кесе, сорпа, бұлақ, су, бидай, мәдениет, жастық, ғалым, ғылым, бәйтерек, сағат, есік, ескерткіш, кешірім, нан, сүт, қуаныш, саусақ, ақша, дала, орман, қағаз, ағаш, әнші, дәрі, қарт, сұлулық, сіреңке, қант, кілем, ұнтақ».

  1. Лексикалық тақырып. «Қазақстанның спорт саңлақтары».

Қазақстанда есімдері дүние жүзіне белгілі спортшылар жетерлік. Қажымұқан Мұңайтпасұлынан бастап, Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Дәулет Тұрлыханов, Ольга Шишигина, Владимир Винокуров, Илья Ильин, т.б. Солардың ішінде боксшы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың есімін кім білмейді?! Жиырма жасында 2000 жылы кенеттен өмірден озған Бекзат туралы әрбір отандасымыз білуі тиіс деп ойлаймын. Бекзат Саттарханов 1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Көне Түркістанның бір шетіндегі елеусіз ғана бокс үйірмесіне қатысты. Мұнда қаладағыдай құрал-жабдық, бассейн, тіпті белгілі бапкер де жоқ еді. Бекзат құдайдың берген талабының арқасында өзін-өзі шыңдады. Бекзат үлкеннің алдын кесіп өтпейтін әдепті, мінезі жібектей жайсаң жан болатын. 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен Олимпиадада қазақ халқына бокстың алғашқы алтынын сыйлады. «Осы жеңісімді ата-анама және мұсылманның қасиетті қаласы, туған Түркістанымның 1500 жылдығына арнаймын»,- деген еді сонда Бекзат қазақтың көгілдір туын Сидней жерінде желбіретіп тұрып. Қазақ спортында Бекзаттай ұлдар туатынына кәміл сенеміз.

Мәтін бойынша тапсырма:

А) Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

Ә) Мәтіннен жалқы есімдердің астын сызыңыз.

Б) Мәтіндегі «қала» сөзінің синонимдерін жазыңыз.

3. «Спорт менің өмірімде» тақырыбына шағын шығарма жазыңыз (15-20 сөйлем көлемінде).

10-нұсқа.


  1. Берілген сын есімдерге тиісті зат есімдерді тіркестіріп, сөйлем құрап жазыңыздар. (Подберите к прилагательным нужные имена существительные и составьте предложения).

«Ақ ... . Үлкен ... . Қысқы ... . Биік ... . Кең ... . Қараңғы ... . Ақылды ... . Кәрі ... . Жас ... . Дәмді ... . Жуас ... . Жуан ... . Жіңішке ... . Дөңгелек ... . Түзу ... . Төменгі ... . Жоғарғы ... .»

  1. Лексикалық тақырып. «Шоқан – ұлы ғалым».

Шоқан (Мұхамедқанафия) Шыңғысұлы Уәлиханов – қазақ халқының талантты энциклопедист-ғалымы. Оның жағрафия, әдебиет, тарих, этнография, экономика, құқық, дін, т.б. ғылым салаларында құнды еңбектері бар.

Шоқан 1835 жылы қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың отбасында дүниеге келген. Жасында ауыл мектебінде мұсылманша хат таниды. 1847-1853 жылдары Омбыдағы кадет корпусында оқиды. Зерттеушілік қабілеті осы оқу орнында оқып жүргенде ұштала бастайды. Сабақтан тыс уақытында көп оқып, саяхатшы болуды армандаған. 1853 жылы 18 жасында кадет корпусын бітіріп, Омбыда әскери қызметке қалдырылады. Генерал-губернатор Гасфорттың адъютанты болып тағайындалады. Әскери қызметте жүріп, Орта Азия халықтарының тарихы мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, жағрафиясын зерттеуге белсене араласады. 1855 жылы Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Тарбағатайды аралайды. 1856 жылы қырғыз елін зерттеу экспедициясына қатысады. Қырғыздар мен Ұлы Жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы туралы мәліметтер жинайды. Қырғыз халқының «Манас» жырын бірінші рет баспаға ұсынып, жоғары баға береді. 1857 жылы 2 ақпанда Орыс жағрафиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланады. 1858-1859 жылдары өзінің атақты Қашғарияға саяхатын жасайды. Қашғария туралы мәліметтері Шоқанның дүние жүзі ғылымына қосқан зор үлесі болып табылады. 1859-1861 жылдары Петербургте шығармашылық қызметпен айналысады, Петербург университетінде дәрістер тыңдайды. 1861-1863 жылдары денсаулығы нашарлаған Шоқан елінде болады. 1863-1864 жылдары Сібір қазақтары үшін жасалып жатқан Сот реформасын дайындау ісіне қатысады. 1865 жылы сәуір айында Алтынемел тауының баурайындағы Тезек төренің ауылында қайтыс болады.



Мәтін бойынша тапсырма:

А) Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыз.

Ә) Мәтіннен омоним сөздерді теріп жазыңыз.

Б) Мәтіндегі сан есімдерді сөзбен жазып көрсетіңіз.



3. Қазіргі кезде Қазақстан ғылымындағы өзіңіз білетін тұлға туралы шағын шығарма жазыңыз (15-20 сөйлем көлемінде).

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет