Жаңа Сарыарқа. – 2010. №1. – Б. 31-33 Нәсиева Н



Дата17.07.2016
өлшемі104.66 Kb.
#205132
Жаңа Сарыарқа. – 2010. - №1. – Б.31-33

Нәсиева Н. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті гуманитарлық кафедралар бөлімінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты
Ауылдан ауылға

(Астанадағы Агротехникалық университеттің жастарға тәлімі)
Бүгінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ауыл тұрғындарына көңіл бөлудің бір саласы ретінде еліміздің қалаларында жоғары білім алған жастарды елді мекендерге, ауылдарға баруға үндеу таратып отырғаны айтарлықтай абзал шешім. Осы бастаманы ең бірінші қолдап отырған С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университеті десек істің турасын айтқандық дер едік.

Олай болатын себебі бұл оқу орнына елден, ауылдан келген балалар көбірек түседі. Сол жастар өз ауылдарына білгір азамат болып оралуы орынды. Олар оған білімінің ориентациясына қоса жаңа заманның мәдениетін бойына жинаған, елді жаңа ғасырдың талабына сай бастай білетін маман, басшы болары шарт.

Ал біз сөз етіп отырған Агротехникалық университет өз студенттерінің бойына халқымыздың рухани құндылығын сіңіре отырып, оқу бағдарламасы беретін мамандығына қосымша жан-жақты мәдениетке де даярлайды. Мұнда әдебиетке, өмірдің неше алуан түрлеріне, спорттың әмбебап түрлеріне даярлайтын үйірмелер, секциялар жұмыс істейді. Бұл жағынан осы оқу орыны Астанадағы жоғары оқу орындарымен тайталас бәсекеде озғындап көрініп те жүр.

Беріліп отырған төмендегі мақалада сол ұлағатты істер әр қырынан талданып көрсетілген. Мақаланың «ауылдан ауылға» деп аталуы да сондықтан.
Елордамыздағы ең алғашқы жоғары оқу орыны жайлы сөз қозғар болсақ, онда біздің есімізге бұрынғы Ақмола ауылшаруашылық институты, бүгінгі С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университеті еске оралары сөзсіз.

Біздің бұлай деп сөз сабақтауымыздың өзіндік мән-мағынасы бар. Жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл оқу орыны талапты жастарға жоғары білім беріп, сапалы мамандар даярлау жолында биік белестер-ге қол жеткізіп келеді. Рухани қара шаңырақтың тарихи беттерін парақтай бастасақ, бул оқу ордасында қызмет атқарған талай тұлғалардың тағдыр- талайына куәгер боламыз.

Әрине сол тұлғалардың кемелденіп көркеюі осы шаңырақтың әсерінен болса, университеттің бүгінгідей биік беделге ие болуы білікті басшылар мен ұлағатты ұстаздардың арқасы екендігі анық. Білікті басшы дегеннен шығады, университет ректоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профес-сор Айтбай Қабыкешұлы бар қарым-қабілеті мен күш жігерін осы оқу ордасының келешегі үшін сарып етіп келеді.

Бәсекеге қабілетті мамандар даярлап, оқу үрдісін озық технологиялар негізінде жасақтап, професор-оқытушылар құрамының ғылыми потенциялын ұдайы көтеріп отыру универиситет басшысының басты назарында. Іскер азаматтың ұлт құндылығының жаршысы екендігін дәлелдесе керек, осыдан үш жыл бұрын елордамыздағы жоғарғы оқу орындарының арасында С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеті алғаш болып барлық іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін мекемеге айналды. 2008 жылы Оразгүл Асанғазы басшылық ететін «Тіл басқармасының» жыл бойы жүргізген сараптау қорытындысына жүгінер болсақ, Астанадағы жоғары оқу орындарының арасында қазақ тілінде іс-жүргізуден біздің университет бірінші орынды жеңіп алған болатын.

Қарашаңырағымыз гуманитарлық оқу орыны болмағанымен мәдениет пен өнерге ерекше көңіл бөліп отырады. Осының нәтижесінде студенттеріміз кәсіби біліммен қатар рухани құндылықтарды да қатар меңгереді. Ірі тұлғаларымызды еске алып, оларға қатысты арнайы кеш ұйымдастыру, белгілі қогам және өнер қайраткерлерімен кездесу өткізіп әр түрлі әдеби, мәдени шаралар атқару университет өмірінің бұлжымас қағидасына айналған. Міне, осындай игілікті істердің барлығы студенттеріміздің көз аясын кеңейтіп ата-бабаларымыздың артына қалдырған асыл дәстүрін, төл мұраларын қызғыштай қорғап оларды бойларына сіңіріп өсулеріне айрықша ықпал ететіні анық.

Біз шәкірттеріміздің кәсіби білім мен төл тәрбиені қатар ұштастырғанын қалаймыз. Сөз жоқ, ол тәрбиенің қайнар бастауы тек бабалар мұрасы екендігі белгілі.

Бұл жерде мына бір мәселеге айрықша тоқтала кеткіміз келеді. Жыл сайын біздің оқу орнына түскісі келетін талапкерлер қай мамандықты таңцағаны туралы арызбен қоса өзінің бойында нендей өнерінің бар екендігі жайлы да қосымша мағүлмат бере алады.

Міне, біз осы ақпараттар арқылы олардың қаншасының әнші, қаншасының биші, немесе нешеуінің спортқа қатысы бар екендігін біліп отырамыз. Кейін осылардың ішінен өзара сұрыпталған сайдың тасындай нағыз өнерпаздар шығады. Ең әуелі білім қарашаңырағының қазанында қайнап, әбден шыңдалудан өткен олардың біразы қазір қалалық, республикалық, тіпті халықаралық дәрежеде өнер көрсетіп жүр. Оған бір ғана мысал ретінде университеттің КТК-сын (көңілді тапқырлар клубын) айтсақ та жетіп жатыр.

Бүгінде аталмыш ұжым мүшелері Ресей сахнасының сан мәрте шаңын қаққан нағыз сақа сатириктерге айналды. Республикалық «Жігіт сұлтаны» байқаулары мен қаланың әр түрлі мүшаиралары мен көркемсөз оқу шеберлерінің сайысында біздің студенттеріміз бәйгенің алдын бермей келеді. Мұның барлығы университетіміздің өнер десе ішкен асын жерге қоятындығының жарқын көрінісі.

«Қоғамдық мамандықтар факультетінің» екі қабатты ғимаратының ішінде дарынды жастарға арналған «домбыра», (ұлт аспаптар ансамблі) «вокал», «би» сол секілді әр түрлі өнер үйірмелерінің ашылуы осы сөзіміздің бұлтартпас дәлелі. Мәселен, тек қытай қазақтарының арасында ғана сақталған «Қара жорға» биінің қазақ топырағында қайтадан қанатын жайып кеңінен насихатталуына жоғарыдағы би үйірмелерінің өнерпаздары ерекше еңбек сіңіріп жүр.

Мұның бәрін жіпке тізгендей тәпіштеп айтып отырғанымыздың басты себебі, осы аталған шаралардың барлығына қазақ тілі кафедрасы мұрындық болып оны күні бүгінге дейін ұйымдастырып жүзеге асырып келеді.

Қазақ тілі кафедрасы дегеннен шығады, осы жерде өткен өмірге сәл ғана тарихи шегініс жасап көрелік.

1989 жылы «Тілдер туралы Заң» қабылданғаннан кейін қазақ тілі - мемлекеттік мәртебе алды. Сөйтіп 1990 жылы жиырмасыншы қазанда Целиноград ауылшаруашылық институтында қазақ тілі кафедрасы құрылды. Кафедра меңгерушісі болып Қожахметова Айман Қапсытбайқызы тағайындалады. Әрине алғашқылардың бірі болып кафедраның іргетасын қалыптастыру жұмысы Айман Қапсытбайқызы үшін оңай болған жоқ. Өз жүрегімен қалаған қызметінің қиындығымен қоса кедергісін де көрді.

Ақмола жанжақтан келген өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған өлке екендігі бесенеден белгілі жәйіт. Бұның қиындығынан айналып өту тіптен мүмкін емес еді. Алайда Айман Қапсытбайқызы кездескен қиындықтарды жеңе отырып өзінің ұйымдастыру қабілеті жоғары екенін таныта білді. Оның студент жастарға қасиетті қазақ тіліміздің қүдіретімен халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы мен мәдениетін үйретуге деген құштарлығы бір сәтке болсын толастаған емес. Тереңнен тамырланған тегі бар еңселі Есілдің ауасымен тыныстаған Айман Қапсытбайқызының қазақ тілі кафедрасын құрудағы ерен еңбегі қандай бағаға болсын лайық десек асыра айтқандық емес. Осындай шарапатты адамның киелі қара шаңырақта қызмет етуі ерекше жарасым, бағасыз сый деп ойлаймыз. Университетте оқу мен тәрбие егіз, қандай бір мәдени, әдеби іс-шара болмасын оның ортасынан Айман апайымыз табылады. Осы кісінің арқасында университеттің және қалалық көптеген мәдени іс-шаралардың мазмұнды сценарийі мен тартымды қойылымдарының дәстүрі қалыптасты. Атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне -10 жыл», «Әз Астана, елдің даңқын асырдың», «Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек», «¥лыстың ұлы күні», «Қазақстан халықтарының тілдер апталығы» тағы басқада толып жатқан сол секілді дүниелер Айман апайымыздың ұйтқы болуымен өткен іс-шаралар болатын.

Университет Сәкен Сейфуллин атында болғандықтан оның туған күнін, жаламен опат болған күнін дәстүр бойынша жылда атап өту, әр кезде бұл шараға өзгеше бағыт, мән беріп отыру өз алдына, сондай-ақ республикамыздың аса дарынды Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Сәбит Досанов сияқты өзге де ақын-жазушыларының кездесу кешін әдеби тұрғыда қызғылықты өткізу агротехникалық оқу орыны үшін оңай шаруа емес, бірақ Айман апайдың ұйымдастыруы, басқаруы арқасында сол шаралардың бәрі де профессионалды түрде жоғары бағамен өтіп отырады.

Әрине, бүл шаралардың жоғары деңгейде өтуіне университет ректоры Айтбай Қабыкешұлы Бұлашевтың жан-жақты білімділігі, оның ішіңде қазақ әдебиетіне жетік білімдарлығы әсер ететіні хақ.

Осыдан жиырма жыл бұрын уақыт талабына сай қабырғасы қаланған кафедраның мәртебесі бүгінде биіктемесе, төмендеген жоқ. Сапалы білім мен саналы тәрбие беруде кафедра оқытушыларының жетістіктері ауыз толтырып айтарлық деңгейге жетті. Бастапқыда кафедра өз жұмысын 3 оқытушымен бастаса, қазіргі таңда кафедраның құрамында жоғары білікті 17 маман жұмыс істейді. Соның ішінде 4 ғылым кандидаты, 4 ғылым магистрі бар. Егемен еліміздің руханияты мен мәдениетінің нығаюына, саяси өміріндегі болып жатқан әртүрлі өзгерістерге кафедраның қосып жатқан үлесі, өзіндік қолтаңбасы бар. Қафедра ұжымын қоғамдық жұмысқа белсенді, қызметте алғыр, болашаққа жарқын көзқараспен қарайтын болжампаз жандар деп толық сеніммен айта аламыз. Сол се­бептен жаһандану тұсында ғылым мен білімнің көшбасшысы, халықаралық деңгейдегі әлемнің аузын айға білеген айтулы оқу орындарының бірі емес, бірегейі болу мүмкіндігіне ұмтылуда қазақ тілі кафедрасының талпынысы ерекше.

Бүгінде білімнің биік шыңына шығу, оны бағындыру-ұстаз абыройына қойылар қатаң талап екендігі белгілі. Олай болса экономикамызбен бірге мәдениетіміздің, әдебиетіміз бен тіліміздің де өркен жайып өсуі, сондай-ақ мемлекет тұғырының мықты болуы - өз мамандығын жетік меңгерген ұстаздар қауымына байланысты. Ендеше қандай кедергіні болсын білім мен тәжірбие арқылы еңсерген, өз ісінің майталманы Айман Қожахметова сынды ұлағатты ұстаз қалаған ғылым мен тәрбие кірпіші ұлт мерейін ұлықтап, оның абырой мен мәртебесін мәңгілік асқақтата беретіні шүбәсіз.

«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», доцент секілді марапаттар мен ғылыми дәрежелер оның осы оқу ордасында ұзақ жылдар бойы жемісіті еңбек етіп, болашақ мамандар даярлау ісіне толымды үлес қосып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын дамытуға шынайы жанашырлықпен сіңірген ерен еңбегі үшін берілген баға екендігі анық.

«Бүл жиырма жыл өткеннен - салауат, келешекке аманат ету мақсатында бүгінге дейін жазылған тарих беттерінің ертеңгі сыбағасы, ұрпаққа қалдырар мирасы. Кафедраның жиырма жылдық мерекесі ұрпаққа ұлағаты мен тағылымы мол ғибрат сабағы болуы керек»-дейді Айман апайымыз ағынан жарылып.

Бар ғұмырын шәкірттерінің болашағына арнаған, Айман Қапсытбайқызының еңбегі біз үшін үлкен өмір, үлгілі мектеп. Кафедраның құрылуына, оқу орнындағы тілдік ортаның қалыптасуына сіңірген Айман апайымыздың ақ адал қызметін айтып бір мақалада тауыса алмаспыз. Университет қабырғасындағы әріптестері мен шәкірттері бұл кісіні ұлағатты ұстаз, үлгілі тұлға, білімді маман, білікті басшы, ұйымдастырушылық қабілеті мол, ұлтын сүйген қайраткер тұлға ретінде бағалайды.

Біз ұжым атынан Айман Қапсытбайқызын 70 жылдық мерейлі мерейтойымен және өзі негізін салған қазақ тілі кафедрасының құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтаймыз. Апайымызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, ел игілігі жолында атқарар еңбегіңіз әлі де жалағаса берсін демекпіз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет