Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, таңдау курстарының және факультативтердің үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы


-сынып оқушыларының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар



бет25/76
Дата09.06.2016
өлшемі4.66 Mb.
#123802
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   76

9. 7-сынып оқушыларының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      47. Пәндік нәтижелер бойынша 7-сыныптың соңында оқушылар:


      1) сөз таптарының түрлену заңдылықтарының сөз мәдениетімен бірлігін тани алуды;
      2) ұсынылған мәтіндегі авторлық идеяның, тақырып пен мазмұнның берілуіндегі сөз таптарының қызметін түсіндіруді;
      3) мәтін құрауда әдеби тілдің морфологиялық нормасын лексикалық нормамен сабақтастықта қолдануды;
      4) мәтінді құрайтын сөздер тобының әр сөз табына қатысты стильдік бояуын ажырата алуды;
      5) ғылыми-көпшілік және көркем әдебиеттен алынған мәтіндерге тілдік талдау жасауды білуі тиіс;
      6) морфологияға қатысты тілдік ұғымдардың мәнін анықтауды;
      7) әр сөз табының түрленуін, сөйлемдегі қызметін;
      8) сөздердің байланысу түрлерін;
      9) тілдің негізгі бірліктерін қасиетіне қарай ажыратуды;
      10) тілдік бірліктерді салыстырып, олардың ұқсастықтары мен өзіндік белгілерін түсіндіруді меңгеруі тиіс.

10. 8-сынып оқушыларының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      48. Пәндік нәтижелер бойынша 8-сыныптың соңында оқушылар:


      1) синтаксистің тіл біліміндегі орны мен маңыздылығын;
      2) сөз тіркесінің өзіне тән белгілерін, тіркесу тәсілдерін ажыратуды;
      3) сөздердің байланысу тәсілдерін;
      4) сөздердің байланысу түрлерінің ерекшеліктерін;
      5) сөйлемнің мағынасына және құрылымына қарай бөлінуінің жолдарын;
      6) сөйлем мүшелерінің түрлерін;
      7) сөйлемнің бірыңғай мүшелеріне тән белгілерді;
      8) төл сөз, төлеу сөз, автор сөзінің ерекшеліктері мен тыныс белгілерін;
      9) сөйлемге синтаксистік талдау жасай алуы;
      10) жай сөйлемдердің құрмаласу тәсілдерін ажыратуы;
      11) құрмалас сөйлем сыңарларын байланыстыратын жалғаулық шылауларды айырып, оларды сөйлеу тілінде еркін қолдана білуі;
      12) салаласа, сабақтаса байланысатын құрмаластың түрлерін меңгеріп, оларды қатыстырып мәтін құрай білуі;
      13) аралас құрмаластың жасалу жолдарын түсіндіре білуі;
      14) құрмалас сөйлемдерге байланысты қойылатын сызықшаны білуі;
      15) әртүрлі жанрдағы мәтіндерге мазмұндық-құрылымдық талдау жасай білуі;
      16) мәтіндерге кешенді тілдік талдау жасай білуі;
      17) мәтіндегі сөздердің байланысын анықтай алуы;
      18) мәтіндегі сөздердің стильдік бояуын мәтін ерекшелігімен байланыстырып түсіндіре алуы;
      19) мәтіндегі авторлық көзқарасты білдіретін синтаксистік тілдік құралдарды дәйектей білуі;
      20) тарихи, ғылыми-көпшілік сипаттағы ауызша және жазбаша мәтін құруда жай сөйлемнің түрлерін шығармашылықпен қолдана білуі тиіс.

11. 9-сынып оқушыларының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      49. Пәндік нәтижелер бойынша 9-сыныптың соңында оқушылар:


      1) әдеби тілдің нормаларын меңгеруі;
      2) стиль түрлері мен түрлі мәтіндерді өз бетімен оқи, түсіне, баяндай және интерпретациялай білуі;
      3) сөйлеу мәдениетінің нормалары мен шешендікке қойылатын талаптарды меңгеруі;
      4) ұжымдық қатынаста және мәтін түзуде сөз таңдай алуы;
      5) мәтін талдауда оқу алгоритмін қолдана білуі;
      6) тілдік құралдарды дәлдікпен қолдана отырып, түрлі стильде, жанрда мәтін құрауды білуі;
      7) төл сөз бен төлеу сөздің ерекшеліктерін, төл сөздің орналасу тәртібін, тыныс белгілерінің қойылу себебін;
      8) бірыңғай мүше, оңашаланған айқындауыш, қыстырма, одағайға байланысты тыныс белгілерінің қойылуын;
      9) бастауыштан кейін қойылатын сызықшаны;
      10) бірыңғай мүшелерден кейін қойылатын сызықшаны;
      11) оңашаланған айқындауыштың сызықшамен ажыратылатын жағдайларын;
      12) төл сөз бен автор сөзіне қойылатын сызықшаны;
      13) сөйлемді ықшамдап қолдануға байланысты қойылатын сызықшаны;
      14) қос нүкте, жақша, тырнақша қойылатын орынды;
      15) ауызша және жазбаша қарым-қатынастарда дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білудің шарттарын білуі тиіс.
      50. Тұлғалық нәтиже 5-9-сынып оқушыларының:
      1) Қазақстан Республикасы Конституциясына құрмет көрсетуінен;
      2) тілдің әлеуметтік-қоғамдық мәнін көрсетуінен;
      3) тілді ұлттық құндылық ретінде тануынан;
      4) жаңа әлеуметтік рөлдерді игеріп, қарым-қатынас мәдениетін көрсетуінен;
      5) рухани-адамгершілік, азаматтық-елжандылық өмір салты қажеттіліктерін игеруінен;
      6) құндылық ретінде өзі туралы және басқа адамның тұлғасы туралы ұсыныстар жүйесін меңгере білуінен;
      7) қоғамдағы өзіндік әлеуметтік мәртебесіне саналы қызығушылығын көрсетуінен;
      8) қазақ халқына және Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа да ұлыстардың тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне және басқа да құндылықтарына құрмет көрсетуінен көрініс табуы тиіс.
      51. Жүйелі-әрекеттік нәтижелер бойынша 5-9-сынып оқушылары:
      1) нақты жағдаятқа талдау жасап, проблеманың пайда болу себептерін көрсетуі;
      2) проблеманы шешуге бағытталған өз әрекеттеріне мақсат қоя отырып, әрекеттің жоспарланған өнімін бағалауы;
      3) ұсынылған ақпаратты тапсырмаға сәйкес жіктеп, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетуі;
      4) қойылған міндеттерді шешу үшін іріктелген ақпараттардан қорытынды жасауы;
      5) нақты міндеттерді шешу үшін белгілі әрекеттер технологиясын қолдануы;
      6) туындаған мақсатқа сәйкес сөйлеу жанры мен мазмұнын анықтауы;
      7) қарым-қатынас мақсатына сәйкес тілдік қатынасқа түсіп, мәтін құрауы;
      8) көпшілік алдында сөйленетін сөздің құрылымын анықтап, өз ойын мазмұнды әрі әсерлі жеткізе алуы тиіс.

Қазақстан Республикасы    


Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 3 сәуірдегі   
№ 115 бұйрығына      
27-қосымша        

Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптары үшін
«Қазақ әдебиеті» пәнінен типтік оқу бағдарламасы
(оқыту қазақ тілінде) 1. Түсінік хат

       1. Оқу бағдарламасы ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленді.


      2. Бағдарлама «Қазақ әдебиеті» пәнінің мақсаты мен міндеттерін айқындай отырып, оқушыларды халқымыздың бай ауыз әдебиеті үлгілері мен қазақ әдебиеті тарихының ежелгі дәуірінен бүгінгі күніне дейінгі кезеңдерін жүйелі оқытуды көздейді.
      3. Бағдарламаны құрастыру барысында шәкірттерге білім мазмұнын игертумен қатар, оларға ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген мәдени құндылықтарды, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерді таныту, оқушылардың тілдік қорын байыту, әдеби білімнің жүйелілігі, үздіксіздігі, сабақтастығы, білім мазмұнының тарихилық сипаты мен пәнаралық байланыс ұстанымдары басшылыққа алынды.
      4. Білім мазмұнына қазақ әдебиетінің үздік шығармалары ұсынылып, олардың ой қазығы, сюжеті, композициясы, жанрлық сипаты мен кейіпкерлерін, ондағы халықтық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлер көрінісін, табиғат суретін, қаламгерлердің сөз қолданыстарын зерделеуге баса мән беріледі. Қазақ әдебиетін оқыту арқылы оқушылардың өзіндік ой толғамын айту, шығармашылықпен жұмыс істеу білім, білік, дағдыларын қалыптастырады.
      5. Пәнді оқыту мақсаты:
      ұлттық фольклор мұралары арқылы оның басты идеялық бағытын, тақырыптық, мазмұндық мақсатын саралай білетін және өз халқының тарихын, дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін ұлттық құндылық ретінде бағалай алатын, ұлттық әдеби мұраны терең игеріп, сол негізде еліне қызмет ете алатын, танымы жоғары, бiлiмі орнықты, шығармашылықпен ойлай алатын, өркениеттi қоғамға сай парасатты тұлға қалыптастыру.
      6. Пәнді оқыту міндеттері:
      1) әдеби көркем туынды арқылы оқушының ұлттық танымын қалыптастыру, әдебиеттiң көркемөнердегi мән-маңызын таныту;
      2) көркем әдебиетті оқытуда шығарманың идеялық-тақырыптық мәнін меңгерту және рухани-мәдени құндылықтар жөнінде пікір алмасуға үйрету;
      3) оқушылардың әдеби-теориялық бiлiмдерiн тереңдетiп, шығарманың мазмұндық, жанрлық-стильдiк ерекшелiктерiн таныту;
      4) көркем шығарманың тақырыптық-идеялық мәнін және көркемдік-бейнелілік құрылымын талдай білуге үйрету;
      5) қазақ әдебиеті тарихындағы қоғамдық-саяси мәселелерді, ұлттық сананы оятуға әсер еткен көркем туындыларды меңгерту;
      6) әдебиет тарихы бойынша тиісті мәліметтер мен әдебиеттану ұғымдарын пайдалана отырып, көркем шығармаларды оқу мен талдау дағдыларын меңгерту;
      7) оқушыларды бейнелі ойлау мен шығармашылық қиялдауды, оқырмандық мәдениет пен авторлық ұстанымды түсінуге баулу;
      8) көркем шығарманың мазмұнын анықтай алуын, ауызша және жазбаша түрде өз түсініктерін жеткізе біліп, қазақ әдеби тілін, сөздік қор мен сөз байлығын сауатты пайдалануға баулу;
      9) әдеби пәндер жүйесіне тән білім мен іскерлік дағдыларды меңгерту, өздігінен жұмыс істеуге бағытталған шығармашылық қабілетін жетілдіру, оларды тәжірибеде қолдана білуге үйрету;
      10) өнердің басқа түрлерінің ішіндегі әдебиеттің өзіндік ерекшеліктері туралы түсініктерін тереңдету.
      7. Оқу үдерісінде жүзеге асырылатын пәнаралық байланыс оқушының дүниетанымдық деңгейін арттырып, туған әдебиетінен өзге ғылым салаларын игеру мақсатында пайдалануына мүмкіндік береді:
      1) «Қазақ тілімен»: көркем әдебиет мәтіндерінен стильдің түрлерін, кірме сөздерді, архаизм, жаңа сөздерді (неологизм) табуға бағыт беріледі; сөйлемдердің грамматикалық нормаларға сәйкестігін, құрылымын қарастырады;
      2) «Қазақстан тарихымен»: әдеби оқиғалардың тарихи факторлармен тығыз байланыста болатындығын түсінуіне; тарихи деректерді орынды пайдаланып, өзіндік ой-тұжырымдар жасай білуіне жол ашады;
      3) Жаратылыстану циклі пәндерімен: танымдық бағытта берілетін материалдар жаратылыстану пәндерінің мазмұнымен тікелей байланыста болғандықтан, оқушылардың дүниетанымын қалыптастырады;
      4) «Музыка» пәнімен: әннің идеялық-көркемдік және эстетикалық маңызын, ұлттық әуеннің қазіргі әндермен ұқсастықтары мен айырмашылықтарын, көркемдік ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді.
      8. Оқу жүктемесінің көлемі:
      1) 5-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат;
      2) 6-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат;
      3) 7-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат;
      4) 8-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат;
      5) 9-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат.

2. Оқу пәнінің 5-сыныптағы базалық білім мазмұны

      9. Пәнді оқыту үшін шығармаларды оқып, талдауға 90 сағат, тіл ұстарту, шығармашылық жұмыстарға 8 сағат, сыныптан тыс оқыған шығармаларды әңгімелеуге 4 сағат, барлығы 102 сағат бөлінген.


      10. Оқу пәнінің базалық мазмұны төмендегідей тақырыптарды қамтиды:
      1) «Кіріспе» (1 сағат). Әдебиеттің өнердің бір саласы және оқу пәні ретіндегі сипаты. Әдебиет пәнінің мақсаты мен міндеті.
      11. «Халық ауыз әдебиеті» (33 сағат):
      1) «Тұрмыс-салт жырлары» (3 сағат). Олардың түрлері, ерекшелігі. Жан-жануарларға және Наурызға байланысты жырлар. Наурыз жырларындағы малшылық кәсіпке ықылас пен сүйіспеншілік, еңбекті дәріптеу, төрт түлік туралы. Қазіргі кезеңдегі бата-тілектер, жоқтаулар. Әдебиет теориясы: өлең туралы. Тіл дамыту: «Мен өз халқымның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтеймін» деген тақырыпта шағын эссе жазу. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: «Төрт түлік – қазақтың асыл қазынасы» атты тақырыпта ойтолғау;
      2) «Мақал-мәтелдер» (2 сағат). Мақал-мәтелдердің ерекшеліктері. Мақал-мәтелдердің тура және ауыспалы мағынасы. Мақал-мәтелдердегі халықтың өмір тәжірибесі, қорытылып жинақталған тұжырымды ой-пікірлері екендігі. Адамгершілік, ерлік, өнер, білім тақырыбындағы мақал-мәтелдер. Әдебиет теориясы: астарлау, метафора. Тіл дамыту: мақал-мәтел айтудан сайыс өткізу. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: көркем шығармалардан мақал-мәтелдер қолданылған үзінділер тауып, ондағы автордың айтпақ ойын түсіндіру;
      3) «Қанатты, нақыл сөздер» (1 сағат). Қанатты, нақыл сөздердің ел аузынан, жазба әдеби шығармалардан және баспасөз беттерінен жиналуы. Қанатты, нақыл сөздердің мақал-мәтелдерге ұқсастығы мен айырмашылығы. Олардың көбінесе белгілі бір авторының болуы. Қазақ нақыл сөздерінің мән-мағынасы, ішкі философиялық, эстетикалық, этикалық сыр-сипаты. Қанатты, нақыл сөздер қорының молығуы. Әдебиет теориясы: метонимия, ирония. Тіл дамыту: достық, сыйластық, туыстық сезім туралы қанатты, нақыл сөздер тауып жазу. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: өздері қалаған қанатты, нақыл сөздер негізінде ребус құру;
      4) «Жұмбақтар мен жаңылтпаштар» (2 сағат). Олардың мәні. Жұмбақтардың ой шапшаңдығына тәрбиелейтін өзіндік ерекшеліктері. Жұмбақтардың жеке үлгілерімен таныстыру. Жаңылтпаштың тіл ұстартудың тиімді құралы ретінде орны. Әдебиет теориясы: астарлау. Тіл дамыту: жаңылтпаштар мен жұмбақтарды жатқа айту. Сайыс ұйымдастыру. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» жинағы;
      5) «Ертегілер. «Ер Төстік», «Аяз би», «Керқұла атты Кендебай», «Қырық өтірік» ертегілері» (13 сағат). Ертегінің жанрлық ерекшелігі. Ертегілерден көрінетін халықтың арман-тілегі, даналығы. Жауыздық пен зұлымдықты ізгіліктің жеңіп шығатынына халықтың сенімі. Халықтың арман-қиялы. Балалардың дүниетанымын қалыптастырудағы ықпалы. Әдебиет теориясы: дамыту, баяндау. Тіл дамыту: сюжеттік жоспар құру арқылы ертегілерді көркем баяндау. Ойдан ертегі жазу. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Кинофильм «Алдаркөсе». Өзіндік ізденіс жұмыстары: «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы» ертегілері;
      6) «Аңыз әңгімелер, шешендік сөздер»: «Асанқайғының Жерұйықты іздеуі», «Ақсақ құлан, Жошы хан», «Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу», «Жиреншенің хан сынағына түсуі», «Сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?», «Тайкелтірдің төрелігі», «Байдалы бидің көңіл айтуы», «Қазыбек би мен Бұқар жырау», «Сырым мен Малайсары» (8 сағат). Аңыздардың ертегілерден айырмашылығы мен ұқсастығы. Аңыз әңгімелердің тарихта болған адамның төңірегінде құрылуы. Қазақ халқының ақындық пен шешендік қасиетті өнер санауы. Әдебиет теориясы: астарлау. Тіл дамыту: шешендік сөз үлгілерін жаттау. Синоним сөздер, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер жазу. Аңыз сюжетіне ұқсас оқиғаны ойдан құрап, жарыс ұйымдастыру. Пәнаралық байланыс: тарих, қазақ тілі, кино («Алдаркөсе»). Өзіндік ізденіс жұмыстары: Қожанасыр, Алдаркөсе туралы аңыз-әңгімелер;
      7) «Әпсаналар: Діни әңгімелер». «Қасиетті Құран-Кәрім жайында», «Адамата», «Ысмайыл», «Зәмзәм» (4 сағат). Оқушыларға дін туралы түсінік беру. Құран – мұсылмандардың тұңғыш классикалық әдебиеті екендігі. Оның тәлімдік, тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: хикаят. Тіл дамыту: оқулықтағы құран сүрелері мен аяттарын жатқа айту, мәнерлеп оқу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: «Құран хикаялары» жинағы.
      12. «Әдеби ертегілер. Ә.Тәжібаев. «Толағай» (ерлік туралы аңыз)» (2 сағат). Әдеби ертегілердің халық ертегілерінен айырмашылығы. Олардың өлең түрінде берілуі. Толағайдың ерекше сипаты, ерен іс-әрекеті. Шығарманың отансүйгіштік мәні. Әдебиет теориясы: ұлғайту, эпитет, теңеу. Тіл дамыту: шағын ойтолғау жазу (мысалы, «Егер мен Толағай болсам», т.б). Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: «Қазақ ертегілері» жинағы.
      13. «Ақселеу Сейдімбек. «Әйел-Ана» ертегісі» (2 сағат). Әдеби ертегінің қарасөз түрінде берілуі. Әйел-Ананың ақыл-парасатының арқасында Күншуақ елінің жаудан аман қалуы. Күншуақ елінің Әйел-Анаға деген құрметі. Әдебиет теориясы: әдеби ертегілер туралы. Тіл дамыту: сюжеттік жоспар құру арқылы ертегіні көркем баяндау. Ойдан ертегі жазу. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: А.Сейдімбек. «Бақ, Дәулет және Аман» ертегісі;
      14. «Мысал өлеңдер» (2 сағат). Мысал жанрының ерекшелігі, тәрбиелік мәні. А.Байтұрсынұлының өмірі, шығармашылығы туралы. «Өгіз бен бақа», «Егіннің бастары» мысалдарының тағылымдық сипаты. Әдебиет теориясы: астарлау. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. «А.Байтұрсынұлы мұражайына саяхат» электронды телесабақ.
      15. «ХІХ ғасыр әдебиеті» (6 сағат):
      1) «Махамбет Өтемісұлы. «Соғыс», «Қызғыш құс» өлеңдері» (2 сағат). Махамбеттің өмірі мен шығармашылығы. «Соғыс» өлеңінің мазмұны, ақындық пафос. Өлеңдегі Исатай образы. Өлеңнің бейнелілік сипаты. «Қызғыш құс» өлеңі. Ақын поэзиясындағы сарыуайымшылдық (пессимизм) сарын. Өлеңдегі психологиялық параллелизм, оның ойды көріктеудегі мәні. Әдебиет теориясы: өлең құрылысы. Тіл дамыту: ойтолғау жазу (мысалы, «Махамбетке хат»), мәнерлеп оқу (аудио/бейне таспалардан үзінділер тыңдату). Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы (И.Тайманов бастаған көтеріліс). Өзіндік ізденіс жұмыстары: Ә.Әлімжанов. «Тастөбедегі айқас» («Махамбеттің жебесі» романынан үзінді);
      2) «Ыбырай Алтынсарин. «Өзен» өлеңі, «Дүние қалай етсең табылады?» әңгімесі» (2 сағат). «Өзен» өлеңі қазақ әдебиетіндегі пейзаждық лириканың алғашқыларының бірі екендігі. Өлеңдегі сөзбен салынған өзен суреті. «Дүние қалай етсең табылады?». Қысқа әңгіменің мазмұны, мәні. Шығарманың еңбекке, адал мал табуға, арлы болуға тәрбиелейтіндігі. Әдебиет теориясы: сюжет, әдеби кейіпкер ұғымы. Пейзаж туралы ұғымды дамыту. Тіл дамыту: өлең мазмұнын көркем тілмен баяндау. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» тақырыбында шағын шығарма жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Ы.Алтынсарин. «Лұқпан хәкім» әңгімесі;
      3) «Абай Құнанбайұлы. «Қыс», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдері» (2 сағат). Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы. «Қыс» өлеңіндегі табиғат көріністерінің адам кейпінде бейнеленуі. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің тағылымдық-тәрбиелік мәні, дидактикалық сипаты. Әдебиет теориясы: пейзаж туралы түсінік. Эпитет, кейіптеу. Тіл дамыту: «Қыс» өлеңіндегі бейнелі сөздерді (ақ киімді, үсті-басы ақ қырау, аязбенен қызарып, бұрқ-сарқ етіп долданғанда) қолдана отырып, шағын эссе жазу. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде ақын айтқан талаптар оқушылардың өз бойында қаншалықты бар, сол жөнінде пікірталас. Қанағат, рақым, құмарлану, нәфрәтлі, ғибрәтлі сөздерінің синонимдерін табу.
      16. «ХХ ғасыр қазақ әдебиеті» (41 сағат):
      1) «Сұлтанмахмұт Торайғыров. «Шілде» өлеңі» (1 сағат). «Шілде» өлеңіндегі табиғат суреттері. Ақынның табиғатты жандандыра бейнелеуінің Абай өлеңдеріне ұқсастығы. Әдебиет теориясы: суретті сөз туралы түсінік. Тіл ұстарту: «Шілде» өлеңіндегі (түн қымқырылды, түскендей әуе жерге, шайқалып таң желіне тербетілді, көк майса, батқандай нұрға қалқып) бейнелі сөздерді қолдана отырып шығарма, өлең жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Абай. «Жаз» өлеңі;
      2) «Мағжан Жұмабаев. «Қысқы жолда», «Сағындым», «Балалық шақ» өлеңдері» (2 сағат). «Балалық шақ» өлеңінің мәні мен мазмұны. «Сағындым» өлеңіндегі лиризм. Мағжан өлеңдері құрылысының, суреттеу құралдарының ерекшеліктері. Әдебиет теориясы: лирика жанры. Тіл дамыту: «Қысқы жолда» өлеңін Абайдың «Қыс» өлеңімен салыстыру арқылы ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айту. «Сағындым» өлеңін мәнерлеп оқу. Ақынның туған жерге, еліне деген сағынышын ауызша мазмұндап айту. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Жұмабаев. «Тез барам» өлеңі;
      3) «Сәкен Сейфуллин. «Ақсақ киік» өлеңі» (2 сағат). Өлеңдегі Бетпақдала табиғатының суреттері. Киіктің мүсіндік портреті. Жаралы киіктің аянышты халі. Ақын сезімі, оның сұлулыққа, табиғатқа көзқарасы. Табиғатқа деген ізгілікті қарым-қатынасы. Қазіргі экологиялық ахуал. Әдебиет теориясы: эпитет, теңеу. Тіл дамыту: жаралы киік туралы оқушылардың ойларын ортаға салып, пікірталастыру. «Азайды соңғы кезде байғұс бөкен», «Мүйізін пайда қылып шетке сатып» деген жолдарға көңіл аудару. Пәнаралық байланыс: география, биология. Өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Сейфуллин. «Аққудың айырылуы» поэмасы (үзінді);
      4) «Ілияс Жансүгіров. «Күй» поэмасы (үзінді)» (2 сағат). Поэманың композициялық құрылымы. Қобызшы портреті, оның күй тарту шеберлігі. Өнер құдіреті, күй өнері мен күйшіге деген ақынның көзқарасы. Әдебиет теориясы: өлең ұйқасы туралы түсінік. Тіл дамыту: поэмаға сюжеттік жоспар құрып, көркем тілмен баяндау. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: І.Жансүгіров. «Жетісу суреттері» өлеңі (үзінді);
      5) «Мұхтар Әуезов. «Ақын қонақтар» («Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді)» (2 сағат). Романдағы Зере мен Ұлжан бейнесі. Ақын қонақтардың бала Абайға әсері, оның өнер адамдарымен достасуы. Абай мен Барлас ақынның портреттері. Ауыз әдебиеті үлгілері ұлы ақын нәр алған арналардың бірі екендігі. Әдебиет теориясы: портрет туралы ұғым. Тіл дамыту: синоним сөздерді тауып жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, бейнелеу өнері, кино («Абай» фильмі). Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Жұмабаев. «Алтын хакім Абайға» өлеңі;
      6) «Сәбит Мұқанов. «Лашын» («Өмір мектебі» романынан үзінді)» (2 сағат). Романның жанрлық ерекшелігі. Үзіндіде бейнеленген құсбегілік өнер. Шығармадағы Ахмет пен автор бейнелері. Жазушының баяндау стилі. Әңгіменің тілі. Әдебиет теориясы: суреттеу, баяндау, сипаттау. Тіл дамыту: әңгіме тілінің көркемдегіш құралдарына (тұрақты сөз тіркестері, теңеулер, т.б.) көңіл аудару. «Лашын құсты үйрекке салу» тақырыбында ойтолғау жазу. Пәнаралық байланыс: бейнелеу өнері. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Абай. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңі;
      7) «Ғабит Мүсірепов. «Жаңа достар» («Қазақ солдаты» романынан үзінді)» (2 сағат). Оқу іздеп, ауылдан келген бала Қайроштың басынан кешкендері, оның жаңа достары – Бораш пен Шеген. Әңгімедегі абзал аналар бейнесі. Табиғат суреттері. Олардың кейіпкер сипатын ашудағы рөлі. Әңгіменің баяндау стилі, тіл көркемдігі. Әдебиет теориясы: кейіпкер мінездемесі. Тіл дамыту: жазушының табиғатты суреттеу шеберлігіне назар аударту. «Менің достарым» тақырыбында шағын шығарма жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география. Өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Сарғасқаев. «Тәмпіш қара» повесінен үзінді;
      8) «Сапарғали Бегалин. «Бала Шоқан» («Бала Шоқан» повесінен үзінді)» (2 сағат). Әңгімедегі бала Шоқан. Шоқанның адамгершілігі, уәдеге беріктігі. Шоқан мен Мысыққа салыстырмалы мінездеме жасау (мүсінші Мысықпен қарым-қатынасы негізінде). Әдебиет теориясы: шығарманың тілі, портрет, мінездеу. Тіл дамыту: көркем шығарманың белгілі бір үзіндісін сахнаға лайықтап, рөлдерге бөліп ойнату. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, бейнелеу өнері. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Қ.Бекхожиннің «Тұңғыш ғалым», М.Иманжановтың «Жол үстінде» әңгімелері;
      9) «Қалмақан Әбдіқадыров. «Қажымұқан» (хикаяттан үзінді)» (3 сағат). Әңгіменің деректік негізі. Қажымұқанның ерен күш иесі ретінде алғаш рет көзге түсуі, асқан асулары. Шығармадағы адамгершілік мәселесінің көрінісі. Әдебиет теориясы: хикаят туралы. Тіл дамыту: Мұқанның дене бітімін, мінез-құлқын суреттейтін жерлерін шығарманың әр тұсынан іріктеп алып, мінездеме жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, дене тәрбиесі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: қазіргі Қазақстанның атын шығарып жүрген спорт саңлақтары туралы материалдар;
      10) «Қасым Аманжолов. «Жамырап күнде жас өмір» өлеңі» (1 сағат). Ақынның туған жерге, Сарыарқаға деген сағынышы. «Сауыры семіз құтты жерін» жырға қосқан ақынның өршіл сезімі. Тіл көркемдігі. Өлеңнің тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы: теңеу туралы ұғымды тереңдету, өлең ұйқасы. Тіл дамыту: «Қазақтың Сарыарқасы» деген тақырыпта шағын ойтолғау жазу. Пәнаралық байланыс: география. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Қ.Аманжоловтың «Алатау» өлеңі;
      11) «Жұбан Молдағалиев. «Ар-ұят туралы» өлеңі» (1 сағат). Өлеңдегі шал мен жас жігіт бейнесі. Олардың айтысы арқылы өлеңде көтеріліп отырған адамгершілік, имандылық проблемасы. Өлеңнің танымдық, тағылымдық, тәрбиелік мәні. Өлең тілі. Әдебиет теориясы: ұйқас түрлері. Тіл дамыту: өлеңді мәнерлеп оқу. Ар, ұят туралы мақал-мәтелдер табу. Пәнаралық байланыс: өзін-өзі тану. Өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Бақбергенов. «Қасиет» повесі (үзінді);
      12) «Сырбай Мәуленов. «Менің Республикам» өлеңі» (1 сағат). Өлеңнің өршіл рух, қуатты ойы көтеріңкі леппен оқылуы. Қазақстан Республикасының әнұраны мен ақын өлеңіндегі ортақ пафос. Әдебиет теориясы: пафос туралы ұғым. Тіл дамыту: өлеңді жаттау. Ай, күн, аспан, көк, дала сөздері қандай ұғымда қолданылатынын айту. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Алмас Ахметбекұлы. «Көк тудың желбірегені» өлеңі;
      13) «Қуандық Шаңғытбаев. «Сабалақ» өлеңі» (1 сағат). Абылай атын алғаш рет қазаққа танытқан Аңырақайдағы қазақ-қалмақ соғысының тарихы. Ақынның соғыс бейнесін суреттеудегі шеберлігі, өлеңдегі динамизм. Тіл көркемдігі. Сабалақ бейнесі, оның ерен ерлігінің көрінісі. Өлеңнің тарихилық сипаты. Әдебиет теориясы: өлең пафосы, өлең ұйқасы. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, «Көшпенділер» кинофильмі;
      14) «Мұқағали Мақатаев. «Фантазия», «Барлығы да сендердікі», «Мен таулықпын» өлеңдері» (2 сағат). «Барлығы да сендердікі» өлеңіндегі аға ұрпақтың жас ұрпаққа аманаты мен сенімі. Өлеңдегі ақын ойы мен сезімі, өлеңде көрінетін ақынның (лирикалық кейіпкердің) тұлғасы, отаншылдық тәрбие берудегі мәні. «Фантазия» лирикасындағы адам қиялының ұшқырлығы. Оның бүгінгі ғылым мен техниканың дамыған тұсындағы кезеңмен байланысы. Әдебиет теориясы: өлең ырғағы туралы. Тіл дамыту: «Барлығы да сендердікі» өлеңін жаттау. Ақын өлеңдеріндегі бейнелі сөздерді тауып жазу. Пәнаралық байланыс: тарих, музыка. Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Мақатаев. «Үш бақытым», «Поэзия» өлеңдері;
      15) «Сәкен Жүнісов. «Ақырғы бәйге» («Ақан сері» романынан үзінді)» (4 сағат). Ақан серінің жан серігі, пырағы Құлагердің мерт болуына байланысты тарихи дерек. Әңгімені мазмұнына (ой ағымына), сюжет дамуына байланысты жеке бөлімдерге бөліп, әр бөлімдегі негізгі мәселелерді анықтау. Әңгімедегі Құлагердің сипаты. Күреңбай сыншы. Ақан сері салған ән. Ақан әндерінің эстетикалық қуаты. Астың жалпы панорамасы. Атқұмар халық психологиясы. Бәйге жарысы. Жазушының суреткерлік шеберлігі, тілінің көркемдігі. Әдебиет теориясы: трагедиялық образ туралы түсінік. Тіл дамыту: эпитет, теңеу, метафораларды тауып, шығарма тілінің сырына үңілту. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, кино («Құлагер» фильмі), музыка (Ж.Елебековтің орындауындағы «Құлагер» әні). Өзіндік ізденіс жұмыстары: Ақан сері. «Құлагер» өлеңі;
      16) «Қадыр Мырзалиев. «Ана» өлеңі» (2 сағат). Өмірі мен қызметі. Балаларға арналған шығармалары. Жұмбақтары мен жаңылтпаштары. «Ана» өлеңінің мазмұны мен идеясы. Өлеңдегі ана образы. Әдебиет теориясы: өлеңдегі буын мен бунақ. Тіл дамыту: «Ана» өлеңін мәнерлеп оқып, жаттау. «Ана» тақырыбына шағын шығарма жазу. Пәнаралық байланыс: өзін-өзі тану, музыка. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Қ.Мырзалиев. «Әже туралы ән» өлеңі;
      17) «Қабдеш Жұмаділов. «Қозыкүрең» («Сәйгүліктер» романынан үзінді)» (3 сағат). Төреқұл мен Ағыбай арасындағы достық. Әңгімедегі бұл мәселе қазақ-қырғыз халықтары арасындағы тарихи қалыптасқан қарым-қатынастың, адал ниеттің, шынайы бауырластықтың жалғасы ретінде көрінуі. Қозыкүрең жайындағы Саяқбай әңгімесі. Отан соғысы кезінде майданға жөнелткен қазақстандық сәйгүлік Қозыкүреңнің майдан шебінен қашып, туған топырағына жетуі. Жылқы мінезінің шығармада көркем бейнеленуі. Жылқыға деген сүйіспеншілік көзқарастың әңгімедегі көрінісі. Әдебиет теориясы: тарихи шындық және көркемдік шешім. Параллелизм. Тіл дамыту: Саяқбай жылқышыға ауызша мінездеме. «Ат – ер қанаты» тақырыбында сурет салу, өлең, әңгіме жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, кинофильм «Қош бол, Гүлсары». Өзіндік ізденіс жұмыстары: «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбурылдың шабысы;
      18) «Жұмекен Нәжімеденов. «Сен ақылды болсаң екен», «Жаманыңды көрмесем» өлеңдері» (1 сағат). Ақын өз өлеңінің мазмұнын биік эстетикалық талғаммен таразылап, түсінгенін қалауы. «Жырым менің жай жылтырақ дүние емес», айтар ойы терең, оны тек санасы ояу, білімділер ғана түсіне алады деген ой айтуы. «Жаманыңды көрмесем» деген лирикасындағы әкенің балаға деген сезімі. Өмірде жаманшылығыңды емес, жақсылығыңды ғана көрсем деген әке тілегі. Әдебиет теориясы: инверсия (сөз орнын ауыстыру). Тіл дамыту: өлеңді жаттау. «Жақсы жанның ұнатқаны – тілегім, Қауіптенем жамандарға ұнаудан» деген жолдарды мұғалімнің көмегімен түсіне отырып, пікірталастыру. Пәнаралық байланыс: өзін-өзі тану. Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Дулатов. «Шешенің балаларды сүюі»;
      19) «Нәсіреддин Серәлиев. «Аңсау» әңгімесі» (2 сағат). Ата мен бала сағынышы. Ата-баба дәстүрі және ұлттық мінез ерекшелігі. Ана парасаттылығы. Баланың сезімталдығы мен бауырмалдығы. Әдебиет теориясы: әңгіме жанры туралы ұғымды кеңейту. Тіл дамыту: қиын сөздермен жұмыс, олардың мағынасын түсіндіру. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Жұмабаев. «Анама» өлеңі;
      20) «Тұманбай Молдағалиев. «Бауырлар» өлеңі» (1 сағат). Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына (Алматы, 1992) орайлас жазылған бұл өлеңде көтерілген аса маңызды мәселе – қандас бауырларды өзінің атамекені Қазақстанға шақыру екендігі. Өлеңнің елжандылық мәні. Ақын тілінің көркемдігі, өлеңде қолданған қайталаулардың ойды көріктеуде атқарып тұрған қызметі. Әдебиет теориясы: өлең ұйқасы туралы ұғымды дамыту. Тіл дамыту: «Туған жерге туынды тік» тақырыбында ойтолғау жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, кино («Аманай мен Заманай»). Өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Жүнісов. «Аманай мен Заманай» повесі (үзінді). М.Мақатаев. «Отаным сенің ұлыңмын» өлеңі;
      21) «Фариза Оңғарсынова. «Оюлар» өлеңі» (1 сағат). Ф.Оңғарсынованың өмірі мен қызметі. Қазақтың дәстүрлі қолөнері мен сөз өнері айшықтары арасындағы байланыстар. Ақынның қазақтың ұлттық қолөнері, халық дәстүріне деген құрметі мен сезімі. Өлеңдегі бейнелі сөз қолданыстар. Әдебиет теориясы: теңеу. Тіл дамыту: ұлттық қолөнер бұйымдары, ою-өрнектердің түрлері туралы ой бөлісу. Өлеңді мәнерлеп оқу. Пәнаралық байланыс: технология. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Ф.Оңғарсынова. «Қазақтың дәстүрлері» өлеңі;
      22) «Мұхтар Шаханов. «Нарынқұм зауалы» өлеңі» (2 сағат). Ақынның өмірі мен қызметі. Өлеңдегі әке мен бала арасындағы диалог. Өлең мазмұнындағы адалдық, адамгершілік пен сатқындық. Әке үкімінің танымдық, тәрбиелік мәні. Өлең тілі. Әдебиет теориясы: диалог, монолог туралы. Тіл дамыту: өлеңнен үзінді жаттау. Әке мен баланың арасындағы диалогті сахналау. Пікірталас ұйымдастыру. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, кино («Махамбет» деректі фильмі). Өзіндік ізденіс жұмыстары: Т.Медетбек. «Махамбет рухының монологі»;
      23) «Күләш Ахметова. «Қазағым менің» өлеңі» (1 сағат). К.Ахметова шығармашылығының өзіндік ерекшелігі. Ақын өлеңіндегі лиризм, өлеңнің оқырманды өз халқын сүюге, бірлікке шақыру идеясы. Қаламгердің тіл шеберлігі, ой тереңдігі, өлең құрылысы. Әдебиет теориясы: эпитет. Тіл дамыту: мәнерлеп оқу. Өлеңді өз сөзімен мазмұндау. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: К.Ахметованың «Қазақтың қайсар рухы» өлеңі.
      17. «Әлем әдебиеті үлгілері» (2 сағат):
      «Даниэль Дефо. «Робинзон Крузо» («Робинзон Крузо» романынан үзінді)» (2 сағат). «Робинзон Крузо» романының «Мәңгілік кітаптар» қатарына жататындығы және дүниежүзілік мәдениетте биік орны бар шығарма екені туралы түсінік. Шығарманың күнделік ретінде жазылуы. Робинзонның басынан кешкен оқиғалары, оның аралдағы өмірі. Шығарманың идеясы. Әдебиет теориясы: әдеби жанрлар. Тіл дамыту: күнделік жазуға үйрету. Өз өмірлері бойынша күнделік жазуға тапсырма беру. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Б. Соқпақбаев. «Балалық шаққа саяхат» повесінен үзінді.
      18. Қорытындылау (1 сағат).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   76




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет