Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының
«Мемлекеттік тілді оқыту орталығы»
Диктанттар жинағы
Құрастырушы: Кенбаева Г.Ж.
Бұл жинақта тіл үйренушілердің бастапқы, жалғастырушы, тереңдетілген деңгейлерге ең қажетті деген диктанттар жинағы ұсынылып отыр. Оған мемлекеттік қызметшілер қызмет бабында және іс жүргізуде жиі қолданатын лексикалық және коммуникативтік минимумдар енгізілді.
Жинақ мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік емес мекемелердің қызметкерлеріне, сондай-ақ жалпы қазақ тілін үйренгісі келетін көпшілікке арналады.
Сәлемдесу
Адамдардың бір-біріне лебіз білдіруі сәлемнен басталады. Сәлемдесу тұрмыстық қатынастағы сөз басы. Сәлем – сөз анасы, сөздің қасиеті.
Кішінің үлкенге сәлем беруі, үлкенді құрметтеуінің белгісі.
Сәлемдесу ағайын мен туысты, дос-жаранды, іні мен ағаны, бала мен қарт адамды жарастыру ғана емес, ата салтын жалғастыру, алысты жақындату.
Сәлемдесудің ең басты шарты – жылы лебіз.
Сәлемді қабылдамау, жақтырмай немесе менсінбеу қарау – депсіздік белгісі. Көңіл күйіңіз болмай тұрса да, сәлем берген адамға жылы шырай таныту мәдениеттіліктің нышаны.
(72 сөз)
Ғасыр биігінде
Қазақстан ХХ ғасырда спорт өнерінде біраз жетістікке жетті. Еліміздің атын әлемге танытпақ болып, аянбай тер төккен спортшыларымыз аз емес. Алғаш қазақ атын әлемге танытқан палуан Қажымұқан Мұнайтпасов. Кейін олимпияданың тұңғыш күміс медалін желаяқ Ғұсман Қосанов, ал алтын медалін палуан Жақсылық Үшкемпіров иеленген. Қазақстандықтар бокс өнерінің ғажайып шебері Серік Қонақбаевты мақтан тұтады. Дара тұлғалы Дәулет Тұрлыханов елімізде спорт кешендерін ашып, ізбасарларын дайындауда .
Қазақ спортының осындай талантты тұлғалары өте көп.
(68 сөз)
Түнгі вокзал
Қаланың темір жол вокзалы түн болғанына қарамастан жап-жарық. Вокзал ішінде толған жолуашылар. Шығарып салушылар да кете қоймаған. Қазір ғана бірінші жолға жүрдек пойыздың келіп тоқтағаны хабарланды. Вагондарға қарай жүгірген жолаушылар, асыққан шығарып салушылар. Вокзалдың күту залы бос қалды. Пойыз жайлап орнынан қозғалды да, қою қараңғылыққа кіріп жоқ болды. Алыстан даусы ғана естіледі. Вокзал маңы сәл тынышталғандай болды. Бірақ көп ұзамай күтіп алушылар келе бастады. Тағы да пойыздың келіп тоқтағаны ғана хабарланды. Ары-бері жүгірген жолаушылар мен күтіп алушылардың дауыстары естіледі. Адамдар вокзал сыртына тездете шығып, жеңіл көліктерге отырып жатыр. Қоғамдық көліктер әлдеқашан тоқтаған.
(130 сөз)
Денсаулық – зор байлық
Денсаулық – зор байлық. Салауатты өмір салтын ұстанған адамның ұзақ өмір сүретіні белгілі. Көп қимылдау, шамадан тыс тамақ жемеу, дұрыс демалу, көңілді жүру денсаулықты сақтаудың алғышарты. Темекі тарту мен алкогольді ішімдіктер адам өміріне кері әсерін тигізіп, қысқартады.
Қазіргі өркениеттің негізгі-дені сау, рухани дамыған адам. Денсаулықты үнемі күту керек. Таңертең ерте тұру, дене жаттығуларын жасау, таза ауада серуендеу бұлардың барлығы адам ағзасына пайдалы.
Халықтың денсаулығы мен рухани саулығы мемлекеттің жарқын болашағының кепілі.
(71 сөз)
Орман
Табиғат сәні – орман-тоғайлар. Адам өмірінде орманның маңызы зор. Олардың маңызы тек құрылыс материалдармен шектеліп қалмайды.
Орман өзен мен көлдердегі судың мөлшерін реттейді. Ондағы өсімдіктер топырақтың бүлініп кетуіне сақтайды. Орманның тазалық пен тәрбиелік мәні зор. Ол аң мен құстардың таңдаулы мекені. Қалада және ауылды жерлерде, жол бойында, су қоймаларының жиегінде отырғызылған жасыл желекті ормандар елді мекенге көрік беріп қана қоймай, ауаны түрлі газ, шаң-тозаңан сақтайды. Жасыл желек көп болса, денсаулыққа да жақсы, өсімдікке ықпалы зор.
Табиғи орман, тоғайлар, қолдан отырғызылған ормандар, жол бойындағы, көршілердегі жасыл ағаштар мен алуан түрлі өсімдіктер осылардың бәрі біздің жасыл достарымыз, жасыл сақшылар. Сондықтан әр адам ағаштарды мұқият сақтап, оны ретсіз сындырушыларға жол бермей, табиғатты қорғауға белсене қатысуы керек.
(133 сөз)
Менің жұмысым
Менің жұмыс орным Астана қаласының Республика даңғылында орналасқан. Мен банк қызметкермін. Біздің ғимарат үш қабатты. Жұмыс істейтін бөлімім бірінші қабатта орналасқан. Мен несиелендіру бөлімі халықтың тұрмыс жағдайын жақсартатын бөлім. Жұмысым өзіме ұнайды. Күн сайын жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетемін. Оларға несие алуға керекті құжаттар тізімін ұсынып, өтініштерін қабылдаймын. Ұсынған құжаттарын тексеремін. Дайын болған құжаттарды рәсімдеймін. Банк пен жеке немесе заңды тұлғалар арасында келісімшарттарға қол қойдырамын. Менің бөлімімде бір бас менеджер, екі заңгер, бір кеңесші қызмет істейді. Біз келушілерге сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Біздің жұмыс орнымыз қолайлы, жылы және жарық. Заманауи техникамен жабдықталған. Несие алушыларға да қолайлы жағдай жасалған. Олар біздің бөлімге кірісімен, бөлме ішіндегі ерекше ыңғайлықты көріп, қызметкерлеріміздің ілтипатына риза болады.
Мен Астана қаласында тұрамын. Астана жыл өткен сайын көркейіп, дамып келеді.
Біздің компанияға Лондон қаласынан бірнеше әріптестеріміз келді. Күн сайын гүлденіп, көркейіп келе жатқан қаламыздың көрікті жерлерімен таныстырып, кешкісін шетелдік әріптестерімді қазақтың ұлттық тағамдарымен таңғалдырғым келеді. Оларды Есілдің сол жағалауындағы «Жерұйық» мейрамханасына апардым.
Жерұйық Астанадағы ең ірі мейрамханалардың бірі. Мейрамхана алдында жаңа саябақ бар. Саябақтың ауасы кең, әрі таза. Орындықтары да өте әдемі. Онда түрлі ағаштар мен сан алуан гүлдер өсіп тұр.
Мейрамхананың іші ұлттық нақышта безендірілген. Төбесінде шаңырақ, қабырғасы уықтармен қоршалған.
Мен әріптестеріме қазақтың салты бойынша ең алдымен шай дастарқаны жасалатынын, оның басты асы бауырсақ екенін айттым. Қазақтың ұлттық тағамы-сыйлы қонақтарға берілетін қазақша ет туралы әңгімелеп бердім.
Дастарқан басында шетелдік әріптестерім қазақ халқының салт-дәстүрлері жайлы көп сұрады. «Жерұйық» мейрамханасында әзірленген халқымыздың ұлттық тағамдары, біздің елдің жылы ілтипаты, орындалып жатқан әсем әндер әріптестеріме қатты ұнады. Олар қазақ халқының қонақжайлылығына ерекше баға берді.
(256 сөз)
Ғалым жолы
Кен ісі саласындағы қазақ ғалымы, техника ғалымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғалым Академиясының академигі Әбілқас Сағынұлы Сағынов үлкен еңбек жолынан өтті. Ұлы Отан соғысына дейін Денпропетровск кен институтын бітірген жас маман Қарағанды көмір шахталарында, содан соң трестерде басшы қызметте болады. Ол қызмет ете жүріп, ғылыми еңбекпен айналысады.
Әбілқас Сағынұлы Қарағанды көмір ғылыми-зерттеу инстиутының директоры, Қарағанды кен институтының, Қарағанды политехникалық институтының, Қарағанды универститетінің ректоры болып қызмет атқарады.
Әбілқас Сағынов жүзден астам ғылыми еңбектің авторы. Ғылым бұл еңбектерінде негізінен көмір қабаттарын қолайлы жүйелермен өндіру, кен техникасын жетілдіру, жерасты құрылыстарының беріктігін зерттеу, қауыпсіздік техникасына жете көңіл бөлді.
Ол 1970 жылы Югославияның Белград қаласы мен 1974 жылы АҚШ –тың Денверд қаласында өткен кен жыныстарының механикасы жөнінде халықаралық конгрестерге қатынасып, баянадамалар жасады.
Әбілқас Сағынов елімізде кен ісінің өркендеп дамуына елеулі еңбек сіңірген ғалым. Оның мыңдаған шәкірттері мемлекетіміздің әр түкпірінде еңбек етуде.
(205 сөз)
Қаратау құпиясы
Қаратау Сыр еліне дейін созылып жатыр. Қазақ даласының оңтүстік өлкесін бойлап жатқан тау қашаннан да ұлтымыз үшін қадір тұтқан киелі мекеннің бірі. Қаратау туралы қариялар неше түрлі аңыздар айтады. Бұрынғылар «Әулиелі Қаратау». «Қазыналы Қаратау» дейді екен.
Табиғаттың тамашасын көргіңіз келсе, Қараудың баурайына барыңыз. Келбетті көркем көптеген көрікті жерлерді көріп, көңіліңіз көтеріп қалады. Жаратылыстың сұлулығына таңғаласыз.
Қаратаудың қойнауындағы әсем жердің бірі Қатынқамал үңгірі. Оны мүсінті жасаған деп ойлайсыз. Алайда ол шебердің туындысы емес, табиғат ананың төл туындысы. Беткейінің топырағы да басқаша. Ол қоңыр және қызғылт қоңыр түсті. Келген адамның көзі осы бір айырықша топыраққа бірден түседі. Сан алуан өсімдіктер де таудың келбетіне шырай қосып тұр. Қаратау қойнауы аң мен құсқа да толы. Мұнда қасқыр, арқар, қызыл түлкі және киік те кездеседі.
Бүгінгі күні елімізде туризм саласы дамып келе жатыр. Қазыналы көне таудың көрікті жерлері көпшіліктің кәдесіне жарайтын байлық.
(137 сөз)
Ұлттық киімдер
Маған ұлттық киімдер өте ұнайды. Себебі мен өзім қазақ театрында жұмыс істегендіктен, біз сахналық қойылымның бәріне де ұлттық киіммен шығамыз. Ұлттық киімдерді түрлі мерекелік кештерге, тойларға, концерт, сахналық қойылым қойғанда киіп шығуға болады. Қазақтың ұлттық киімдері түрлі ою-өрнекпен тігіледі. Әйелдердің ұлттық киімдеріне арнайы сырға, моншақ, білезік, шолпы сияқты әшекей бұйымдар қоса тығылады.
( 54 сөз)
Шахмат – өнер
Шахмат – өнер, спорт және өмір. Ол осы үш ұғыммен ұштасқанда ғана жемісін жегізеді. Шахматтағы бір ғана қате жүріс, өмірдегі шалыс қадам сияқты. Сондықтан бұл жердегі әрекеттің барлық стратегиялық жоспар ретінде жүзеге асуы тиіс. Өмірде де осылай болғаны абзал. Адам әр қадамын «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» отыруы керек. Шахмат адамның ойлау және есте сақтау қабілеттерін арттырады. Адамды байсалды, сабырлы болуға, қажырлықты шыңдауға, тәуекелге бел бууға, бастаған ісіңді соңына дейін жеткізуге үйретеді. Табандылыққа тәрбиелейді, қайсарлыққа баулиды.
(115 сөз)
Әсем қала
Алматы – әсем қала. Қалада демалыс орындары мен мұражайлар өте көп. Солардың бірі – Қазақстанның мемлекеттік орталық мұражайы. Бұл мұражайда қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты екі жүз мыңнан аса экспонат бар.
Әбілхан Кастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы да Алматыда орналасқан. Бұл мұражайда ежелгі және қазіргі қолөнер мен бейнелеу өнерінің жиырма мыңнан астам түпнұсқасы бар.
Ықылас атындағы Халық аспаптар мұражайында өте бай экспонаттар жинақталған. Ол жерде қазақтың ғана емес, орыс, корей, ұйғыр, дүнген сияқты халықтардың ұлттық музыкалық аспаптары бар. Мұнда Абай, Біржан, Ықылас, Жамбыл, Динаның ұстаған аспаптары сақалған.
Сондай-ақ қалада Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезовтің мұражайлары бар.Бұл мұражайлардан олардың өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген мәліметтер алуға болады.
(113 сөз)
Ауылым
Бір жылда бір-ақ рет келер демалысты асыға күтетін әдетім. Асыға күтетінім ауыл атты анамның ыстық та дарқан құшағын сағынғаным шығар.
Ауыл тіршіліктің дәмін сездіретін қасиетті орта. Ауыл не үшін өмір сүріп жүргенімді аңғартады.
Ауылым – анадай ардағым, ауадай қажетім. Ауылым – Отаным. Мен мұнда күздің сұрғылт түнінде, таң атарда, әкем соғыста қан кешіп жүргенде туылыппын. Атымды ырымдап Жеңісхан қойыпты. Мен жеңіс ала келген екенмін. Мен осы ауыл асықтырады.
Егер ауылды сағынсам, көз алдыма бұрымды қыздар, су әкеле жатқан қыз- келіншектер елестейді. Күн қызарып батарда өрістен қайтқан малды тосуға шыққан балалар мен сиыр сауып отырған қыз-келіншектер, кешкі асын даярлап жүрген ақ жаулықты аналар ауыл сәнін келтіреді.
(105 сөз)
Мәңгілік ғұмыр
Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмыр кешіп, артына өлмес мұра қалдырған қазақтың қайталанбас талантты ақыны Мұқағали Мақатаев қаламынан туған жырлар талайларды таңғалдырып, табындырғаны қашан! Бүгінгі күні Мағжан екеуінің «ХХ ғасырдың ең үздік ақындары» деп танылуы да тегін емес. Кеше Жазушылар Одағында ақынға арналған «Өлеңмен өрілген өмір» атты кеш өтті.
Мұқағалидың туған күніне орай ұйымдастырылған кеште Сүйінбай атындағы филармонияның «Адырна», «Сазген» ансамбльдері мен белгілі әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады. Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жатқа айтқан жыр сүйер жастар да болды.
Жер деген әркімнің туған анасы тәрізді. Жалпы адамзат баласының өмір сүрген ортасы жер планетасы болғандықтан, жерді өсетін өнімдер түрлі жеміс-жидек көкөністер мен олардан бөлінетін дәрумендер адам ағзасына өз пайдасын тигізеді. Жердің құнары – адам өмірінің нәрі. Егер жерді сүйсең, сырын білсең, ол саған құнарлы мен нәрін береді. Жер ана тәрізді, жыламасаң, еңбек етіп тер төкпесең, ештеңе бермейді. Жер еңбек еткенді сүйеді. Еңбек оны түрлендіреді. Еңбек жердің қасиетін, құдыретін аңызға айналдырады. Біздің осы көп өнім алып жүрген жеріміз күнделікті түрлендіріп, гүлдендіріп бағып-күтуді талап етеді.
Мұндай жерден өнімді тыңайтқыштың күшімен және еңбектің, мына қолдың күшімен алып келеміз. Мысалы: «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал-мәтелдер де осының дәлелі. Сол себепті «жердің қасиетін арпа, бидай дән егіп, оны орған біледі» демекші, күнделікті өмірде тұтынатын тағамдар мысалы, нанның өзі жерден өсіп шығатын арпа, бидайдан алынатынын білеміз.
Жерді сүйіп қана қою жеткіліксіз, оны баптап, аялай білу керек. Жерді тани білу оның қасиетін, топырағының қаситетін білу деген сөз.
(234 сөз)
Теңге ілу ойыны
Теңге ілу бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны. Көбіне қыз ұзатылатын және сүндет тойлардың думанында ойналады. Жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіндегі әрекеті, денесін игеріп, билеп алған ептілігі сынға салынады. Теңгені іліп ала алмай, аттан ауып қалып жататындар да көп болады.
Кейде бір ауылға келін ұзағырақ жылдардан кейін түсіп, беті ашылғаннан кейінгі сайранда ырым үшін де ойналады. Сонда жас келін өзінің шолпысын не алқа-күмістерін орамалға түйіп, бір қарыстай терең қазылған, қолдың басы ғана сиятын шұңқырға салып қояды. Сәйгүлік мінген жігіттер жүз, жүз елу метрдей жерден екпіндете шауып келіп, сол ағынымен шұңқырдағы орамалды іліп әкетуге тиіс. Шыңқыр тұсында іркеліп, тоқтауға не аттың шабысын бәсеңдетуге болмайды. Кімде-кім орамалды іліп әкетсе, оны өзіне тартылған жас келіннің тарту сыйы деп біледі. Оны өзі алып қалмайды, қалаған адамына сыйлайды.
(125 сөз)
Сүйінбай Аронұлы
Сүйінбайдың әдеби ескерткіш мұражайы 1996 жылы 24 тамызда Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ (Қаракестек) ауылында ашылды. Мұражай алты бөлімнен Сүйінбай ақынның өскен ортасын, батырлық жырларын, Жамбылға ұстаздығын бейнелейтін экспонаттардан тұрады. 2003 жылы күрделі жөндеуден өткізілген мұражай үйі қосымша бөлімдермен толықтырылды. Оның тақырыптық жоспарын жасауға ақынның шөбересі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Садырбаев жетекшілік етті. Мұражай алдындағы алаңқайғы ақынның ескерткіш мүсіні орнатылған. Бұл ескерткіш-мүсіннің авторы – Б.Әбішев
(59 сөз)
Қазақстанның көлдері
Алтай Азия құрлығының орта тұсында орналасқан тау жүйесі. Ол Сібір ойпатынан Гоби даласына дейін екі мың шақырымға созылып жатыр. Ертіс өзені, Зайсан көлі арқылы өтеді, батысында Алтай-Қалба жотасы арқылы Сарыарқа далаларына дейін ұласады. Жер бедері шыңды, құзды. Ең биік шыңы Мұзтаудың биіктігі 4056 метр. Шыңнан бастау алған тау сілемдері жан-жаққа тарамдала созылып, бірте-бірте аласара түседі. Әрбір сай-саласын қуалай үлкенді-кішілі тау өзендері ағады. Ертіс, Қаба, Қалжыр, Күршім, Нарын, Бұқтырма, Үлбі, Обь өзені саласына жататын Абақан, Кобда өзендері, Алтынкөл, Марқакөл, Қамысжал, Қаражал. Дайын сынды 3500-ден аса көлдері бар. Алтайдан қазба байлықтарының небір түрлерін, түрлі-түсті асыл және әшекей тастарды көптеп кездестіруге болады.
(112 сөз)
Дәрілік балшатыр
Дәрілік балшатыр биіктігі 15-30 сантиметр, көпжылдық өсімдік. Өсімдіктің бойы қысқа, сабағы тегін емес. Жапырақтарының шеттері бүтін, ұштары сүйір. Тамыр жапырақтары жұмыртқа тәрізді, сопақша келген, түп жағы жіңішкеріп садаққа айналып кеткен. Жапырақтары өсімдіктің түбін жартылай қоршап тұрады. Сабақтың жоғары жағына гүлдер шоғырланған. Өсімдіктің даму кезеңіне байланысты гүлдері әуелі қызыл, ашық қызыл түсті болса, кейінірек көкшіл бола бастайды. Гүлі жасыл түсті, түтікше сияқты.
Дәрілік балшатыр таулы аймақтарда, орман арасында, бұталардың көлеңкелерінде өседі. Дәрі үшін өсімдіктің жерге түскен бөлігін гүлдеген кезінде жинап алады. Құрамында минералды заттар: танин, аскорбин қыщқылы, рутин бар.
Дәрілік балшатырдың қабынуға қарсы әсер ететін, несеп айдайтын, қан тоқтататын, жарақаттардың жазылуын тездететін қасиеттері бар. Халық медицинасында бұл өсімдік туберкулез ауруларын емдеу үшін, өкпе, жоғары тыныс жолдары және бронх қабынғанда, қақырыққа қан араласып түскенде қолданылады, асқазан-ішек жолдарының ауруларын және бронх қабынғанда, дене сыртындағы жарақаттарды емдейді. Балгар халық медицинасында дәрілік балшатыр бронх демікпесін емдеу үшін пайдаланады.
(144 сөз)
Жастар – еліміздің болашағы
Жастар – еліміздің болашағы. Қазіргі жас ұрпақ өкілдері заманның қорғаушысы күші- шын мәнінде жастар екенін түсінеді. Сондықтан жастарды білікті маман, озық ойлы азамат етіп тәрбиелеу үшін оларға мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін жүйелі білім беру керек. Барлық нәрсенің іргетасы – білім болуы тиіс.
Жаңа ғасырдың мақсаты – әлемдік өркениет көшіне қосылу. Ертеңгі игіліктер үшін, әсіресе, бәсекелестіктің көрегі қазып тұрған бүгінгі таңда, жастар ел мүддесін көздейтін алтын қалыпқа құйылып, өмірлік тәжірибелерде шыңдалуы керек.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың елімізді әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосу туралы байыпты стратегиясына сәйкес, жоғары мектептің негізгі міндеті – әлемдік стандарттар деңгейінде білім сапасын қамтамасыз ету және білімді, білікті мамандардың өз сапасын жетік меңгеруі және қоғамдағы экономикалық әлеуметтік өзгерістерге, техника мен технологияларда ғылыми негізде баға бере алуы және олардың жолдары мен даму үдерісін болжай білуі міндетті.
Әрине, мемлекеттік тілді қалауымыз үшін керек болса, қазақ тілді маман қазақ ұлты ақ отауының шаңырағын ұстап тұратын тұлға ретінде керек.
Қазақты индустриялдық ұлт өтетін де қазақтың мәдениетін жасайтын да, қазақ мемлекетін әлемнің өркениетті елдермен бар жағынан теңестіретін де – қазіргі жастар мен келер ұрпақ. Сол себепті оларды осы бастан жан-жақты тұлға болуға дайындау қажет.
(180 сөз)
Мемлекеттік тіл – менің тілім
... Қазақ тілін білуді талап етпесек, оны кәсіби талап деп өзгені ұғындырмасақ не өзіміз ұқпасақ, қазақ тілі елімізге ортақ тіл болмайды, біріктіруші факторға айналмайды. Мемлекеттік тілді біріктіруші факторға айналдыру үшін қазақ тілінде қазақтың ұйытқы болуы аз, қазақ тіліне күллі халық, барлық ұлт өкілдері ұйытқы болуы шарт. Ол мемлекеттік қызметте, жұмыс бабында қолданылатын негізгі тілге айналса, бұл тілді білу кәсіби \отыруға ешкімге рұқсат жоқ, ал мұны (праваны) талап ету – кәсіби талап қою, сол сияқты, өткен ғасырдың 20-жылдары 42 мамандық бойынша қазақ тілін білу кәсіби талап болды, бүгін неге сол талап қойылмасқа. Кәсіби талапты адам құқығын шектеумен шатастыруға болмайды. Демек, мемлекеттік тілді білуді талап ету-адам құқығын шектеу емес, қазақ тілін білдіру арқылы күллі ұлт ұланының кәсіби қызмет бабында өсуіне қазақпен бірдей қолма-қол жағдай туғызу болады...
(130 сөз)
Тарихи қала – Тараз
Тараз шаһары...
Ақ бас Алатаудың қарт Қаратаумен ұласар осы тұсындағы хас сұлудың бұрымындай қос өзен Талас пен Аса жағасына қоныс тепкен көне шаһар ықылым заманнан бері құтты мекен, байтақ қоныс болып келеді. Сан ұрпақтың көзін көрген ол бүгінгі күні де ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның аяғы талатын кең жазира қазақ сахарасындағы құстың ұясындай аяулы мекеннің бірі. Тараз қаласы – Жамбыл облысының орталығы. Кеңестік дәуірге дейін Әулиеата атанған қала 1938 жылы қазақтың халық ақыны Жамбылдың құрметіне Жамбыл есімімен аталады. Тәуелсіз Қазақстан тарихына 1997 жылы 9 қаңтар күні қаланың Жамбыл аты өзгертіліп ежелгі Тараз аты қайта берілді.
Тараз – тарихи ескерткіштерге бай қала. Ұлы жібек жолында тұрған Таразда Х-ХІІ ғасырдағы сәулет өнерінің бірнеше тамаша үлгілері сақталған. Бұлардың ішіндегі ең ірілері: Қарахан мазары, Айша бибі күмбезі, Бабажа қатын кесенесі, Тектұрмас әулие, Мәмбет батыр, Дәуітбек кесенелері.
Археологиялық қазбалар жүргізу жұмысы кезінде Тараз қаласынан күні бүгінге дейін қыш ыдыстар, алтын, күміс, мыс металл бұйымдар көптеп табылуда.
Тараз қаласы – менің сүйікті қалам. Ол бәріміздің сүйікті қаламыз. Мен тарихи көне Тараз қаласында тұрып жатқаныма мақтан етемін
(162 сөз)
Мамандығым – мақтанышым
Өмірде мамандықтың түрі өте көп. Біреулер мамандықты жас кезінен таңдайды. Оларға мамандық таңдауға ең бірінші айналасындағы ортасы, жолдастары, туысқандары әсер етеді. Көбіне балалар кішкентай кезінде дәрігер немесе мұғалім болғысы келеді. Өйткені, өмірге ең алғаш келгенде көретіні дәрігер, одан кейін өмірдің бірінші баспалдағында танысатыны мұғалім. Одан кейін ер жеткен соң саналы түрде мамандық таңдайды. Әр мамандықтың өзінің қуанышы мен қиындығы бар. Сен тек өз мамандығыңды сүйіп, бар ынта-жігермен істесең, сонда арманың орындалып, көздеген мақсатыңа жетесің.
(74 сөз)
Тәуелсіздік тұғыры
Қазақ халқы – болмысынан еркіндікті сүйетін, кең дала төсінде табиғатпен туыс, еркін өмір сүрген халық. Ата-бабаларымыз сонау көне түркі заманынан ХVІІІ ғасырдың бел ортасына дейін өз билігі өзінде болып, дербес мемлекет ретінде тіршілік етіп келді. 1731 жылы алдымен Ресейге тақау тұрған Қазақстанның батыс өңірлері, кейінірек басқа аймақтары Ресейдің бодандығына кірді. Содан бері қазақ даласын орыс отаршылдығының билеп-төстеуі басталды. Бірақ намысты ата-бабаларымыз осы отаршылдыққа қарсы сан көтеріліске шықты. Олардың ішіндегі ірісі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс еді.
ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі өрістеді. Осы Алаш зиялылары 1917 жылы шілде желтоқсан айларында өткен жалпы қазақ сиездерінде «Алаш» париясын және Алаш автономиясын құрды. Кеңес үкіметінің орнауы бұл шын мәніндегі мемлекеттік құрылымның қалыптасуына мүмкіндік бермеді. Сөйтіп халқымыз кеңес үкіметінің құрамында алдымен автономия (1920), кейінірек одақтас республика (1936) болып енді.
Өткен ғасырдың соңына таман кеңес үкіметі ыдырап, соның нәтижесінде 1991 жылы қазақ елі ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Осы жылдың 25 қазанында тәуелсіздік жариялайды. Тәуелсіздікті нығайту, оны әлемдік қауымдастыққа мойындату үшін Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н. Назарбаев үлкен еңбек сіңірді.
(164 сөз)
Егеменді елім
Егемендік – мемлекеттің сыртқы саясатта толық тәуелсіз болуы және елдің ішкі саясатында мемлекеттік биліктің бәрінен жоғары тұруы. Бұл терминді алғаш рет ХVІ ғасырда француз ғалымы Ж. Боден қолданған. Бұл ұғым қоғам дамуының әр кезеңіндегі әртүрлі мәнге ие болып отырды. Қазіргі кезде мемлекеттік биліктің үстемдігі мен тәуелсіздігі егемендіктің саяси-құқықтық мәнін білдіреді және ішкі-сыртқы саясатта көрініс табады.
Егемендіктің басты шарты – тәуелсіз мемлекеттердің, әлеуметтік саяси жағдайының ерекшеліктеріне, халық саны мен жер аумағының көлеміне тағы басқа жағдайларына қарамастан, бір-бірімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап араласуы. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан өзінің егемендігін жариялайды.
(87 сөз)
Мамандығым – мақтанышы
Мамандық таңдау – әрбір мектеп бітіруші түлектің мақсаты. «Армансыз адам- қанатсыз құспен тең»,- дейді халық. Барлық адам баласының арманы болады. Арманшыл адам болашақты дегеніне жете алады.
Менің атым – Айнұр. Мен ақпарат - сервис қызметіндегі коммутатор цехында жұмыс істеймін. Мамандығым – қалааралық байланыс телефонисі. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Біз Алматы қаласы бойынша қалааралық, халықаралық байланыс қызметіне тапсырыстар қабылдаймыз. Қалалардың коды туралы мәліметтерді тегін береміз. Біз клиент қай тілде өтініш жасаса, сол тілде жауап беруге тырысамыз. Түркі тілдері, сондай - ақ славян тілдері бір-біріне ұқсас келеді. Жалпы клиенттің не талап ететінін түсінуге болады. Сонымен қатар біздің телефонистеріміз ағылшын тілінде де қызмет көрсете алады.
Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі, қызығы мен қиыншылығы болады, оған төзе білу керек. Болашақ мамандықтарынды жүрек қалауымен таңдаңдар, сонда ғана жұмыстарыңның жемісін көресіңдер.
(120 сөз)
Лизинг операциялары
Қазақстан Республикасында лизингтік операцияларды реттеу 2000 жылдың шілде айында қабылданған "Қаржы заңынан” кейін ғана қолға алынған болатын. Бүгінде мұндай қаржылық қызмет көрсету түрі өзге елдердегідей қарқынды даму үстінде. Еліміз дамушы мемлекет болғандықтан, көптеген өндіріс салалары, ауыл шаруашылығы техникалық жағынан жаңартуды, жаңа технологиялармен жабдықталуды қажет етеді. Алайда, барлық өндіріс көздерінің мұндай игі шараларға қорларындағы қаржылары жете бермейді және де барлығының да банктерге кепілдік қойып, несие алуға мүмкіндіктері жоқ. Осындай сәттерді ескере отырып, лизингтік компаниялар ашылып, жұмысы да сол бағыт бойынша жүргізіледі.
Қаржылық лизингте лизинг алушыдан ешқандай мүлікті кепілдікке қою талап етілмейді, тек қана алынған соманың жарты ақшасын құйса болды. Яғни, аздаған соманы кұю арқылы алушы өзінің қажеттіліктерін игере алады және лизингтік қаржы операциялары кезінде екінші рет қосымша қаржы алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, лизинг алушыларға мемлекет тарапынан да бірқатар жеңілдіктер жасалған. Мәселен, лизинг алушылар кейбір салық төлемдерінен босатылған. Лизингтік операцияларда несиеге қарағанда пайыздық көрсеткіштері жоғары. Оны лизингтік компаниялардың керекті қаржыны банктерден қарызға алатындығымен түсіндіруге болады.
Атам заманда қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жаратқан жылқы түлігі қазақтың қасиетті, ең қадірлі малы. Қазақты жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да қазақ пен жылқы түлігі егіз ұғымдай қосарланып айтылған. Тіпті қазақтар қауымын «аттылар әулеті» деп те бекерден бекер айта салмаса керек. Өйткені, ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанатты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатқан екен.
Қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбеков: «Ана сүті мен жылқы сүті – біздің тарихымыздың басы» - десе, Қажытай Ілиясұлы: «Қазақ тарихы – жылқы тарихы да, жылқы тарихы – қазақ тарихы»- дейді. Ал қазақ менталитетін философиялық негізде сипаттаған философ - ғалым Д. Кішібеков өз еңбегінде Иран (парсы) мен Тұран арасындағы соғысты бейнелеген Әбілқасым Фирдоусидің «Шахнаме» (шахтар кітабы) деп аталған данышпандық шығармасындағы Тұран деген атаудың мағынасын «аттылар», «жылқы өсіруші елдер» деп түсіндіреді.
Демек, өзіндік мәдениетіне сәйкес күнделікті өмірінің әрбір кезеңін жылқы малымен тығыз байланыстырған қазақ халқы оның (жылқының) өсу, даму кезеңдерін жіті қадағалап, тани білген.
(223 сөз)
Менің Қазақстаным
Қазақстан Республикасы – Еуразия құрлығындағы мемлекет. Бұл жерде қазақ халқы ерте заманнан тұрып келеді. Қазақстан жері өте бай. Ол солтүстікте және солтүстік батысы мен шығысында Ресеймен, оңтүстік шығысында Қытай Халық Республикасымен, Монғол Республикасымен, оңтүстігінде Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, ал батысында Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан Республикасымен шектеседі.
Біздің еліміздің табиғаты таң қаларлықтай көрікті. Мұнда орман аюы, алтын қанатты қырғауыл, барыс, ақбөкен мен Каспий итбалығы да кездеседі.
Қазақстанның тарихы мыңдаған ғасырларды қамтиды, жері шежірелі. Әлемге әйгілі тарихи ескерткіштер, табиғаты көркем қорықтар, демалыс орындары көптеп кездеседі. Біздің елімізде сұлулығы, табиғаты жағынан әлемдегі елдердің қалаларымен салыстыратын Алматы, Астана, Тараз, Көкшетау сияқты қалалар бар.
Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Сөйтіп, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан өзінің Мемлекеттік Егемендік Декларациясын қабылдады. Сол күннен бастап қазақ тарихында жаңа бетбұрыс ашыла бастады.
1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып Н.Ә.Назарбаев сайланды.
Бүгінгі Қазақстан – дүниежүзінің көптеген мемлекеттеріне танылған ел. Оның өз Астанасы, Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар.
(157 сөз)
Теңге – ұлттық ақша
Әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін белгілердің бірі – ұлттық ақшасы. Ақша – халық байлығы. Ақша болмаған кезде адамдар бір - бірімен зат айырбастау арқылы сауда жүргізген. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін өз ақшасын шығарды. 1992 жылдан бастап Елбасы теңгені дайындау және айналымға енгізу мәселесін алға қойды. Сөйтіп 1993 жылдың қараша айынан бастап теңге айналымға түсті.
Бірінші шыққан ұлттық теңгеміздің шеттері қазақтың ою -өрнектерімен безендірілген. Бірінші бетінде қазақ халқының әйгілі ұлы тұлғаларының бейнелері басылған. Екінші бетінде ою-өрнектер, табиғат көріністері бейнеленіп, елтаңбамыз салынған.
Кейінгі 2006 жылда шыққан 200 теңгенің бір бетінде Қазақстанның елтаңбасы, туы Астана қаласының «Бәйтерек» кешені, Елбасының қолтаңбасы бейнеленген. Екінші бетінде Қазақстан картасының бейнесінде жаңа сәулетті ғимараттар берілген.
Қазіргі таңда ұлттық теңгеміз сапалы қағаздан жасалып, шеттері қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген.
Ақшаны ұтымды пайдалану қажет.
(123 сөз)
Электронды пошта
Электронды пошта – әлемнің кез-келген жеріне хабар жіберудің ең сенімді жолы. Хабар дегеніміз тек жай мәтін ғана емес, сурет немесе жазылған файл болуы мүмкін. Хатты немесе хабарды алу үшін алдымен өзің сондай поштаға қосылуың қажет. Ал хабар жіберу үшін оны алушының электронды мекенжайын білуің керек. Менің электронды мекенжайым бар. Көптеген достарыммен осы электронды пошта арқылы хабарласа аламын. Бұл қазіргі кезде өте қажет деп ойлаймын.
(66 сөз)
Тәуелсіз Қазақстан
Қазақстан – Еуразия деп аталатын құрлықтар кеңістігінің дәл ортаңғы бөлігінде орналасқан ел. Қазақстан Республикасының аумағы –
2 миллион 724 мың шаршы километрді құрайды. Жерінің аумағы жөнінен ол бүкіл дүниежүзінде тоғызыншы орында тұр. Мұндай жерге Франция сияқты 5 мемлекет сияды. Қазіргі кезде ресми санақ бойынша Қазақстанда 16 миллионнан астам халық тұрады. Жыл өткен сайын бұл цифр ұлғая түсуде. Елімізде қазақтар жалпы халықтың 63 пайыздан астамын құрайды. Қазақстан Республикасының астанасы 1998 жылы Алматы қаласынан Астана қаласына көшірілген. Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Бүгінгі Қазақстанның, яғни Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің негізінде ХV ғасырда құрылған Қазақ хандығы тұр. Қазақстан алғашқы хандары Керей мен Жәнібек құрған бұл хандық бұдан соңғы хандар тұсында нығайып, қазіргі Қазақстанның аумағын қалыптастырды. Сөйтіп, Шығысы – Алтай тауларына дейін, батысы – Еділге дейін, Оңтүстігі – Ташкентке дейін, Солтүстігі – Сібір ормандарында дейін созылып жатқан алып далада Қазақ елі қоныс тепті.
Азаттық үшін болған екі жарым ғасырдан астам күрестен кейін қазақ халқы тәуелсіздікке 1991 жылдың 16 желтоқсанында қол жеткізді.
Сондықтан да жыл сайын осы күн Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мерекесі ретінде реми аталып өтеді. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының тең құқықты мүшесі.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскен жасампаз елі. Еліміздің тарихы бай, табиғи ресурстары мол, еңсесі биік. Сондықтан да Алаш жұртының ертеңі кемел болмақ.
(186 сөз)
Көктем мерекесі
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым, Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда. Осындай салиқалы саясаттың сырын түсініп, сара жолына түскен жастар шараға жан-жақты дайындалғанын көрсете білді. Әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған студенттер өздерінің ұлттық өнерін көрсетіп, қалың көпшіліктің көңілін бір серпілтті.
(122 сөз)
Қызмет бабындағы кездесу
Мерей Құрман мырза – облыс әкімшілігінің «Облыстық экономикалық дамуы» бөлімінде бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді. Бөлімнің жасап жатқан қызмет ауқымы өте үлкен. Бөлімде сегіз қызметкер бар. Олардың барлығы қазақ тілінде еркін сөйлейді. Сонымен қатар ол ағылшын тілін үйреніп жүр, орыс тілін де жақсы біледі. Мерей Мырза бөлімін басқаруда қазіргі кезеңнің менеджмент теориясын басшылыққа алады. Бөлім қызметін тиімді ұйымдастыру үшін әр маманның қабілетіне сай тапсырмалар береді. Мерей мырза өзінің орынбасары Ерхан мырзамен көп ақылдасады. Бөлімнің құрылымын, әр қызметкердің өзін - өзі ұстауын қадағалайды.
Бұл Оспан. Ол жас қызметкер. Оспан бүгін банкіде өтетін кездесуге барады.
Мына жігіт – Арман. Оны Мерей мырза бүгін компанияда болатын шетел инвесторларымен кездесуге жібереді. Қызмет бабындағы кездесулерге Мерей мырза мен оның қызметкерлері жауапкершілікпен қарайды.
(115 сөз)
Спорттық жарыс
Өткен аптада спорт ойындарынан мектеп оқушылары арасында
жарыс болды. Оқушылар спорттың бес түрінен жарысты.
№12 мектептің ұл-қыздары футбол, волейбол және баскетболдан жарысты да, жүлделі орындарды жеңіп алды.
Ұлдар футболдан бірінші орын алды. Қыздар баскетбол мен волейболдан екінші орын алды.
Менің досым бокстан үшінші орын алды. Мен дойбыдан бірінші орын алдым. Бізге мақтау қағазы мен ескерткіш сыйлықтар берді.
(57 сөз)
Түркістан
Түркiстан – Орта Азия мен Қазақстан халықтарының материалдық және рухани өмiрiнде маңызды орын алған Шығыстың көне қалаларының бiрi. Оныншы ғасыр жазбаларында "Шауғар", "Иасы" деген атпен белгiлi болып кеткен қаламыз кейiннен "Түркiстан" деп аталыпты. "Түрiк" сөзi түпкi мағынасы - "батылдық", "ер жүректi" дегендi бiлдiредi екен. Ал "стан"- ел, халықтық атаулары жалғасып келетiн парсы тiлiнен келген қосымша. Сонда "Түркiстан" атауы - "Батырлар елi" ұғымын меншiктейдi.
Есiм хан (1598-1628жж) Түркiстан қаласын Қазақ хандығының астанасы етiп бекiткен. Мiне, сол уақыттан ХIХ ғасырға дейiн Түркiстан Қазақ хандығының экономикалық орталықтарының бiрi және ресми әкiмшiлiк орыны ретiнде қызмет еттi.
Түркiстанды 1815 жылы Қоқан хандығы жаулап алады. Елу жылдан кейiн, 1864 жылы Ресейдiң қол астына өтедi. Ал 1872 жылы қала Түркiстан уезiнiң орталығы болады. Кеңес Одағы кезiнде, 1928 жылдан аудан орталығы саналады. Өзiнiң "Даналық Кiтабымен" әлемге танылған әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауидiң есiмiн Түркiстаннан немесе керiсiнше Түркiстанды Ясауи атынан ажыратып қарау да мүмкiн емес. Сонау 1103 жылы дүниеге келген Қожа Ахмет Ясауи Түркiстанға тоқтаған.
Бүгiнгi Түркiстанда, заманға сай тұрғын үйлер мен оқу орындары, мәдени демалу орындары мен саябақтары және т.б. ғимараттар бой көтерген. Қаланың бүгiнгi сәулетiне ерекше көркемдiк қосып тұрған Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрiк халықаралық университетiнiң ғимараты. Келешекте форум алаңы, шайхана, мұражай мен кiшi мешiт, сопылық шығармалар кiтапханасының ғимараттары қаланы сәулеттiк жағынан Орта Азияның танымал қалаларының бiрiне айналдырмақшы.
Түркiстан – Қазақстан жерiндегi ең ежелгi қалалардың бiрi.
(226 сөз)
Пайдаланылған әдебиеттер
-
А1 Тіл – құрал. Қазақ тілін меңгеру деңгейін тестілеу әдісімен бағалау емтиханына дайындық үшін оқу-әдістемелік құралы. Авторы: М.Қ. Мамаева, М.С. Жолшаева АСТАНА 2011 ж.
-
А2 Тіл – құрал. Қазақ тілін меңгеру деңгейін тестілеу әдісімен бағалау емтиханына дайындық үшін оқу-әдістемелік құралы. Авторы: М.Қ. Мамаева, М.С. Жолшаева АСТАНА 2011ж.
-
С1 Тіл – құрал. Қазақ тілін меңгеру деңгейін тестілеу әдісімен бағалау емтиханына дайындық үшін оқу-әдістемелік құралы. Авторы: М.Қ. Мамаева, М.С. Жолшаева АСТАНА 2011ж.
-
Мемлекеттік қызметшілерге арналған үш деңгейлік оқу құралы. Авторы: З.Ш. Ерназарова, Е.Е. Тілешов, Ж.А. Тұрлыбекова , Ұ.К. Каюпова Қарағанды 2010 ж.
-
А.Ш. Бектурова, Ш.К. Бектуров Казахский язык для всех. Алматы: Атамұра, 2004ж.
Достарыңызбен бөлісу: |