Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2008 жылы «18» қыркүйектегі
№ 172 бұйрығымен
бекітілген
Жарылысқа қауіпті және зиянды газдармен жұмыс істейтін мойынтіректі компрессор қондырғыларын пайдалану қауіпсіздігі және орнату талаптары
1 - тарау. Жалпы талаптар
1. Жарылысқа қауіпті және зиянды газдармен жұмыс істейтін мойынтіректі (поршенді) компрессор қондырғыларын пайдалану қауіпсіздігі мен орнату тәртібі (бұдан былай-Талап) төмендегі жағдайларда қолдануға арналған:
1) компрессорлы қондырғыларды қауіпті өндіріс нысандарында жобалауда, өңдеуде, пайдалану барысында, кеңейтуде, қайта қалпына келтіруде, жөндеу кезінде және бұзылудан сақтауда;
2) компрессорлы қондырғылардың өндірістік қауіпсіздігіне сараптама жасағанда.
2. Осы Талаптар жобаланатын, қайтадан дайындалатын және қайта қалпына келтірілетін компрессорлы қондырғыларға, сондай-ақ қолданыстағы мойынтіректі компрессорлық қондырғыларға қолданылады.
3. Талаптар тоңазытқыштық және оттегілік компрессорлы қондырғыларға, сондай-ақ радиоактивті газдар мен ацетилен тобындағы газдармен жұмыс істейтін компрессорлық қондырғыларға жүрмейді.
4. Қолданыста жүрген мойынтіректі компрессорлық құрылғылары осы Талаптарға жауап бере алмайтын ұйымдарда пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша іс-шаралар әзірленеді. Қосымша іс-шаралар белгіленген тәртіп бойынша бекітіледі.
5. Мойынтіректі компрессорлық құрылғыны пайдалану бойынша нұсқау дайындаушы ұйымның нормативтік техникалық құжаттамасына сәйкес, осы Талаптар мен өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша бекітілген басқа да нормативтік құжаттар негізінде әзірленеді.
6. Компрессорлық қондырғыларды жобалау қолданыстағы нормативтік заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2 - тарау. Компрессорлық қондырғылар мен машина залдарына
қойылатын негізгі талаптар
7. Жарылысқа қауіпті газдармен жұмыс істейтін компрессорға қозғалтқыштан берілетін қозғалыс муфта мен редуктор арқылы электр қозғалтқышы роторының компрессор валына тікелей қондырылуы негізінде және қатайту болттармен біріктірілген электрқозғалтқыш пен компрессор валының фланецті (ернемекті) бірікпелері арқылы, қыстырма белдікті құрылғы арқылы жүзеге асырылады.
Қыстырма белдікті берілістерді ток өткізгіш белдіктерден немесе электрстатистикалық зарядты қайтаратын электрөткізгіш құраммен майлайды.
Жалпақ белдікті берілістерді пайдалануға жол берілмейді.
8. Егер сығымдалған газ бір мезгілде зиянды және жарылысқа қауіпті болса, онда компрессорлық қондырғыда зиянды әрі жарылысқа қауіпті газдармен жұмыс істейтін жабдыққа қойылатын талаптар ескеріледі.
9. Компрессорлық қондырғыны жобалық сипаттамалардан өзгеше орта мен өлшемдер негізінде пайдаланған жағдайда әзірлеуші-ұйыммен және құрылғы жобасын жасаушы-ұйыммен немесе мамандандырылған жобалау ұйымымен келісіледі.
10. Ластанған газдармен, сору линияларында жұмыс істейтін компрессорлық құрылғыларға сүзгісі мен үрлейтін құрылғылары бар стационарлы ыдыстар орнатылады.
11. Жаттықтыру кезінде және жұмыстың бірінші кезеңінде сорылған газдың таза болуы үшін барлық компрессорлық қондырғыларға уақытша сүзгілер орнатады. Олар цилиндрді жат, лас заттардың және темір қағының түсіп кетуінен қорғайды. Сүзгілердің саны мен құрылымы компрессорлық қондырғының жобасы арқылы анықталады.
12. Ластанған газдармен, сору линияларында жұмыс істейтін компрессорлық қондырғыларға ылғал бөлгіш орнатады, оның құрылымы құрылғы жобасында көрсетіледі.
13. Электр жабдығының жарылыстан қорғану деңгейі электр қондырғылары құрылғысына қойылатын қауіпсіздік талаптарына сәйкес таңдалады.
14. Компрессорлық қондырғыны орнататын бөлме категориясы өрт қауіпсіздігіне қатысты нормативтік құжаттар талабы бойынша анықталады.
15. Компрессорлық қондырғылардың бөлшектері мен түзілімі дайындалатын материалдар жұмыс істеу газының қасиеттеріне қарай, қысым көлемі мен температурасы, қоршаған орта климатологиясы және болуы мүмкін коррозияны есепке ала отырып таңдалады.
Газ құбыры мен үрлеу құбыр жолдарында (жұмыс қысымына тәуелсіз) болат арматура орнатылады.
16. Жарылысқа қауіпті және зиянды газдарды қысу үшін немесе ақырына дейін сығу үшін компрессорлы қондырғыларды өз алдына бөлек тұрған ғимараттарға немесе атмосфералық жауын-шашындардан қорғалған бастырма астына (егер компрессорлық қондырғы құжатында мынадай орналастыруға рұқсат берілген болса) орнатады.
Жекелеген негіздеулі жағдайларда компрессорлық қондырғының машина залының басқа технологиялық бөлмелерге кірігіп тұруына рұқсат етіледі.
Негізделген жекелеген жағдайларда басқа технологиялық бөлмелерге компрессорлық қондырғының машина залы кірігіп тұратын ғимараттарда жабдықтың коррозиясына ықпал ететін заттарды өндіруге немесе қоймалауға рұқсат етілмейді.
17. Компрессорлық қондырғы жабдықтары орнатылған ғимаратқа (машина залында) технологиялық немесе конструктивтік тұрғыдан компрессорларға қатысы бар жабдықтар ғана орнатылады. Олар:
1) сүзгілер, май-ылғал бөлгіштер, сепараторлар, соратын және езетін буферлі ыдыстар (ресиверлер), сатыаралық, тетіктік және ақырғы газ салқындатқыштар;
2) жеке компрессорлы қондырғылар мен машина залына ортақ үрлеу бактары, май тұндырғыш;
3) қозғалыс механизмдерін майлау жүйесі, машиналардың май бактарын қоса есептегенде;
4) цилиндрлер мен тығыздамаларды майлау жүйесі;
5) тығыздамаларды (сальник) жуу жүйесі;
6) цилиндрлік майды машиналарға беруге арналған арынды жұмсау сыйымдылығы;
7) жергілікті басқару тораптары;
8) жөндеуге арналған айлабұйым, құралдар мен қосалқы бөлшектер.
18. Орталықтандырылған майды машина залынан басқа жерлерде компрессорларға беруді қамтамасыз ету үшін және ауыстырған кезде пайдаланылған майды май багына жинап алу үшін арнайы май пункттері қолданылады.
19. Машина залы ғимараты Қазақстан Республикасының өнеркәсіп қауіпсіздігі заңнамасына, сондай-ақ қолданыстағы ҚНжЕ ҚР 2.02-05 және ҚнжЕ 2.09.02 талаптарына сәйкес келеді.
20. Машина жұмысынан туындайтын шу деңгейі жабдықты пайдаланған кезде жұмыс орындарына арналған нормативтік мөлшерден аспайды.
Қызмет көрсету нүктелері мен машинист кабиналарының саны және олардың орналасу реті жоба арқылы белгіленеді.
Кабинетте компрессорларды жергілікті басқару және бақылау тораптарын орналастыруға рұқсат етіледі.
Жобаға сәйкес, машинистердің кабиналары байланыс және дабыл құралдарымен жабдықталады.
21. Компрессорлар арасындағы қашықтық өткелдер мен өңдеу және жөндеу жұмыстарын жүргізуге жағдай жасалатындай етіп белгіленеді.
Жабдыққа қызмет көрсету фронты бойынша негізгі өткелдердің кеңдігі кем дегенде 1,5 м, ал жабдық пен ғимарат қабырғаларының (оның шығыңқы бөліктеріне дейінгі аралық) арасындағы қашықтық кем дегенде 1 м болуы шарт.
22. Машина залында бітелмеген арықтар мен ернеулі шұңқырлар болмайды.
23. Машина залында жабдықтарды немесе оның жекелеген бөлшектерін кіргізіп, шығаруға мүмкіндік беретін қақпа, сондай-ақ қабаттардың арасындағы жабындарда өңдеу өткелдері болады.
24. Машина залының биіктігі мен стационарлы жүк көтеру құралдарының ұшындағы ілмектің төменгі белгісін жекелеген машиналарда жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде компрессордың жинақтау бірліктерін жүк көтеру механизмдерімен тасымалдау жағдайларын есепке ала отырып таңдайды.
25. Қызмет көрсету үшін кіріп - шығуды талап ететін бөліктері мен төмен орналасқан клапандары бар цилиндрлер мен компрессорлардың іргетастарында қуыстар орнатады. Қуыстардың төменгі белгілері нөлдік көрсеткіш шегінен шықпайды.
26. Соратын және сықағыш коллекторлары ғимараттан тыс жерлерге орнатылады. Негізделген жағдайларда оларды машина залына орнатуға болады. Алайда оларды ғимарат конструкциясына қатты бекітуге болмайды.
27. Машина залында жөндеу жұмыстарын жүргізетін алаңқайлар қарастырылады.
28. Машина залының есігі мен терезесі сыртқа қарай ашылады.
29. Жабдықты монтаждау, демонтаж жасау және жөндеу жұмыстарын орындау үшін компрессорлық қондырғының машина залына стационарлы жүк көтеру құрылғылары орнатылады.
30. Жұмыс орындарындағы дыбыс қысымы, шу мен вибрация деңгейі қолданыстағы нормаларға сәйкес келеді.
31. Компрессордың жұмысы нәтижесінде пайда болатын зиянды әсерді азайту үшін төмендегі шарттар орындалады:
1) компрессордың іргетасын ғимарат конструкциясынан (қабырға іргетасынан, жабындардан және тағы басқа) бөледі;
2) аралас компрессорлар іргетасының арасындағы алаңқайлар жинақталатындай етіп, іргетасқа еркін сүйеніп тұратындай жасалады;
3) жергілікті жағдайларға қарай іргетастарға вибрация дірілінен қорғайтын изоляция қолданылады;
4) машинаға жалғанатын құбыр жолдары ғимарат конструкциясына қатты бекітілмейді: қатты бекіткен жағдайларда тиісті дірілден оқшаулау құрылғылары қолданылады;
5) қысым толықсуын сөндіруге арналған буферлі ыдыстар мен диафрагмалар орнатылады; оның құрылымдық өлшемдері мен орнатылатын жері газодинамикалық есеппен немесе тәжірибе жолы арқылы белгіленеді. Бірнеше компрессор қатар жұмыс істеген жағдайда әр компрессор үшін жеке-жеке құрылғылар орнатылады;
6) байланбалы құбыр жолдарын жобалаған кезде үлкен көлемдегі бұрылыстарға рұқсат етілмейді; құбыр жолдарының бағытындағы өзгерістер кішігірім радиустағы бұрылыстар арқылы жүзеге асырылады;
7) fтр құбыржолдарының бекітпелері басты гармониканың fвозм ұйытқыту импульсі жиілігінің құбыржолдарының еркін тербеліс жиілігіне қатысы төмендегі шарттарға сәйкес болады:
fвозм < 0,75 немесе fвозм > 1,3
fтр fтр
бұл жердегі fвозм =FN;
N – гармоника нөмірі;
F – компрессор валының айналу жиілігі, 1 с.
Басты гармоника дегенде оның газ пульсациясының жиілігі максималды мәнге жететін шамасын айтады. Қарапайым әрекет ететін бір цилиндрдегі N 1-ге тең. Қарапайым әрекет ететін жылжыту бұрышы 180°С екі цилиндрдегі немесе қосарлы әрекет ететін бір цилиндрдегі N 2 - ге тең.
Құбыр жолындағы газ қысымының резонансты лүпілінде (немесе резонансқа жақын) гармоника нөмірі акустикалық есеппен анықталады.
32. Компрессор іргетасындағы дірілдің рұқсат етілген көшу амплитудасы қолданыстағы құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес келеді.
33. Жаңа немесе қайта қалпына келтірілетін машиналарға арналған жобалық құжаттарда цилиндрлер вибрациясын, сатыаралық аппараттарды, құбыр жолдарын, электрліқозғалтқыш мойынтіректерін бақылау жүргізіледі.
34. Компрессорлы қондырғылардағы ыдыстар мен аппараттар (тоңазытқыштар, буферлі ыдыстар, май-ылғал бөлгіштер және тағы басқа) қолданыстағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес жасалады.
35. Компрессорлы қондырғыларды пайдаланған кезде конденсат немесе басқа да сұйық өнімдер жиналып қалатын ыдыстар мен аппараттар сұйықтықты жойып отыратын құрылғылармен жабдықталады.
36. Компрессорлы қондырғы ыдыстары мен аппараттарында жууды және үрлеуді, гидравликалық сынақтарды жүзеге асыру үшін су, инертті газ линияларын біріктіретін штуцерлер(жалғастық) қарастырылады.
37. Компрессорлы қондырғылардың тоңазытқыш конструкцияларында тазалау, үрлеу және сығымдау мүмкіндіктері, сондай-ақ салқындататын су мен газдың, вибрация ағындарын болдырмаудың жолдары қарастырылады.
38. Буферлік ыдыстардың сыйымдылығы қысымның біркелкі емес дәрежесі Δ (дельта)
Δ ≤ 3Р
кіші болатындай етіп таңдалады.
Мұндағы Р – жұмыс қысымы (абсолюттік), МПа.
Буферлі ыдыстардың сыйымдылығы, газодинамикалық есеппен негізделген жағдайда май-ылғал бөлгіштің көлемі қосылады.
39. Жарылысқа қауіпті және зиянды газдарды қысымдайтын компрессорлық қондырғылардың газ құбыры жолдарын жер астына және каналмен тартуға жол берілмейді.
40. Компрессорлық қондырғылардың құбыр жолдары байламын жобалаған кезде өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша, құрылыс нормалары мен тәртіптеріне қатысты қолданыста жүрген нормативтік құжаттардың талаптары сақталады.
41. Компрессорлы құрылғылардағы құбыр жолы байламдарының фланецті бірікпелерінің саны минималды етіп таңдалады.
42. Сору және сықағыш құбыр жолдарын салған кезде вибрация әсері есепке алынады.
43. Құбыр жолдары температуралық деформацияны, статистикалық және динамикалық жүктемелерді өтейді.
3 - тарау. Компрессорлық қондырғылардың жекелеген тораптарына қойылатын спецификалық талаптар
44. Компрессорлық қондырғының бекемдігін қамтамасыз ету үшін:
1) бағыттауыштың фонарі мен фонарлық бөліктерінен газды шығару;
2) тығыздамаларды жуу жүйесінің бактары мен тығыздамалардан газды шығару;
3) төменгі қысымды үрлеу ыдысынан газды шығару қарастырылады.
45. Жабдықтың апатты жағдайда тығыздамасы жойылғанда сөндіру құрылғыларының іске қосылу уақыты минималды етіп таңдалады. Бірақ ол қысым көздерін сөндірудің белгіленген уақытынан кем болмайды. Сондай-ақ, қоршаған ортаға жанғыш бу-газ өнімдерінің түсуін болдырмайды.
46. Рұқсат етілген концентрация (әрі қарай-РЕК) бойынша өндірістік ғимараттардағы, сыртқы құрылғысы ашық жұмыс аумағындағы газбен ластану деңгейі мен жалын таралуының төменгі концентрациялық шегін (әрі қарай-ТТКШ) анықтау үшін рұқсат етілген мөлшерді беретін сигнализациясы бар автоматты газ талдау құралдары орнатылады.
Ондайда барлық газбен ластану жағдайлары құралдар арқылы тіркеліп отырады.
47. Сынама үлгісін алатын талдағыш құрылғылардың немесе бергіштердің саны мен орнатылатын орны жобада қарастырылады.
Компрессорлық қондырғының конденсат пен май жиналып қалатын тораптарындағы конденсат пен майды газдан бөлу мақсатында тораптар үрлеу багына қарай үрленеді.
Үрлеу багын бірінші сатылы сору линиясымен және атмосферамен жалғайды, бактың бір мезгілде газ коммуникациясына қосылуына кедергі жасайтын құрылғы қарастырылады.
48. Компрессорлық қондырғылар жобаға сәйкес, гидро қақпақпен, түсіру вентильдерімен немесе бекемдігін бақылайтын және газдың шығып кетпеуін болдырмауды қамтамасыз ететін қосарланған тығын арматурасымен жабдықталады.
49. Жобаға және өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша қолданыстағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес компрессорлық қондырғылар сақтандырғыш клапандармен жабдықталады.
50. Бекемдігі жағынан алғанда тығын арматуралары қолданыстағы нормативтік құжаттар талабына сәйкес таңдалады және жобада негізделеді.
51. Компрессорлық қондырғыларды сөндіру сорғанда да, сықаған кезде де олардың арасында орналасқан қосарлы вентильді арматураның көмегімен жүзеге асырылады.
Егер сору қысымы 0,1 МПа төмен болса құрылғыны сору линиясы бойынша сөндіру тығын органының бірінің көмегімен жүзеге асырылады.
Негізделген жағдайларда тығынды ысырманың біреуінің орнына бұрылыс бұқтырмасы пайдаланылады. Ол компрессор жағынан орнатылады.
52. Аралық сатылардан кейінгі газды жинау линияларында сөндіру арасында тығынды желдеткіші бар екі тығын органы арқылы жүзеге асырылады.
53. Компрессорлық қондырғылар газды жабық немесе факельді жүйеге лақтырудың төтенше жүйесі автоматты түрде қамтамасыз етіледі.
54. Тығынды, реттеуші және сақтандырғыш арматураның типі жобаға және өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша нормативті-техникалық құжаттар талабына сәйкес таңдап алынады.
55. Компрессорлық қондырғылар жобаға сәйкес және өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша нормативтік-техникалық құжаттар талабына сай үрлеуші, инертті газбен немесе ауамен қамтамасыз етіледі.
56. Үрлеу газдарының өлшемдері, соның ішінде инертті газдағы оттегі мен механикалық қоспалардың өлшемдері нормативтік құжаттардың талабына сәйкес, дайындаушы тарапынан жобада қарастырылады.
57. Компрессорлық қондырғының конденсат пен май немесе конденсат-май қоспасы жиналып қалатын тораптарындағы газды сұйықтықтан ажырату үшін үрлеу багына үрлейді.
58. Газ линиясы бойынша үрлеу багын бірінші сатылы сору линиясымен немесе басқа компрессорлық қондырғы тораптарынан келіп түскен газды қабылдайтын жабық жүйемен жалғайды.
59. Көп сатылы сығымдауышы бар компрессорлық сығу қондырғыларында аппараттарды жоғары қысымды үрлеу багына және үрлеу вентилі арқылы төменгі қысымды үрлеу багына үрленеді. Жоғары қысымды бак үнемі бірінші сатылы сору линиясымен қосылып тұрады. Ал, төменгі қысымды үрлеу багын жабық жүйемен жалғайды.
60. Компрессорлық қондырғылардың үрлеу аппараттарына екі вентиль орнатылады: бірі дросселдеу қызметін, ал екіншісі тығын қызметін атқарады.
61. Үрлеу құбыржолдары беріктікке есептеледі:
1) тығынды органға дейін және дросселдеуші органды қоса-сатының жұмыс қысымына;
2) тығынды және дросселдеуші орган сыртында-үрлеу багындағы сақтандыру клапанын ашу қысымына;
3) тығынды органның сыртынан үрлеу багына дейін-толықтай ашылған тығынды үрлеу органдары арқылы газ өткен жағдайға белгіленген газодинамикалық есептің қысымына.
62. Машина залында орнатылған бірнеше компрессорлық қондырғының біреуін ауада сынаған кезде ауамен жұмыс істейтін машина аппаратының үрлегішін жалпы үрлеу коллекторына және үрлеу багына бағыттауға рұқсат етілмейді. Ауада сыналу кезінде компрессорлы құрылғыны сөндіру алынбалы құбыр жолдары учаскесінің көмегімен жүзеге асырылады.
63. Үрлеу әдісі (қолмен немесе автоматты түрде) компрессорлы құрылғыны жүйелі басқару жобасы арқылы анықталады.
64. Компрессордың әр сатысының сықағыш линиясын сақтандыру клапанымен жабдықтайды. Сығымдаушы компрессорлы құрылғыларда бірінші сатының алдына да сақтандыру клапанын орнатады.
65. Сақтандыру клапанындағы газды ағыны аз жерлерден жинап алады. Тығынды арматураны сақтандыру клапанына дейін немесе одан кейін орнатуға рұқсат етілмейді.
66. Егер газ клапанда дросселдену кезінде төменгі температураға дейін салқындайтын болса сақтандыру клапанын тоңазытқышқа дейін сықағыш құбыржолына орнатады.
67. Сақтандыру клапандарының өткізгіштік қабілеті мен олардың санын жүйеде артық жұмыс қысымынан асатын қысым пайда болмайтындай етіп таңдайды:
1) 0,3 МПа (3 кгс/см²) дейінгі жүйеде 0,05 МПа артық (0,5 кгс/см²) артық жұмыс қысымында;
2) 0,6 МПа (6 кгс/см²) дейінгі жүйеде 15 пайыз артық жұмыс қысымында;
3) 6 МПа (60 кгс/см²) жоғары жүйеде 10 пайыздық артық жұмыс күшінде.
68. Жарылыс қауіпті және зиянды газдарды қысымдайтын компрессорлы қондырғыларда сақтандыру клапандары серіппелі етіп, бақылау үрлегіштеріне арналған рычагсыз таңдалады.
69. 50 кПа (су бағанының 5000 мм) көрсеткішінен төмен артық қысымнан газ қысымдайтын компрессорлы құрылғыларда 1-сатылы сақтандыру клапаны іске қосылғанда газды 1-сатылы сору линиясына қайтарады.
Компрессорлық сығу қондырғыларында сақтандыру клапаны іске қосылған кезде газ жабық жүйеге немесе факелге жіберіледі.
70. Әрбір сақтандыру клапаны компрессорлық қондырғыны дайындаушы зауытта реттеледі және клапанның корпусында реттеу қысымы жазылады. Бұл қысым сатының жабық жүйедегі қысымға қарсылық есепке алынған және жобалық құжаттарда көрсетілген есептік өлшемдеріне сәйкес келеді.
71. Егер, өндіру тегіне немесе лақтырылатын газдың қасиеттеріне байланысты сақтандыру клапаны сенімді жұмыс істемесе және бекемдікті қамтамасыз ете алмаса, онда өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша қолданыстағы нормативтік құжаттар талабына сәйкес ыдыс сақтандыру мембранасымен жабдықталады.
72. Сақтандыру клапандарын қызмет көрсетуге қолайлы жерлерге орнатады.
73. Компрессорлық қондырғылар сумен және ауамен салқындатудың сенімді жүйесімен қамтылады.
74. Сумен салқындататын компрессорлық қондырғыларға жабық циркуляциялы салқындату жүйесі қолданылады.
Егер компрессорлық қондырғының құрылымында ашық салқындату жүйесі қарастырылса және оны қолданатын өндірісте сумен қамтамасыз ететін ашық жүйе болса ашық жүйені қолдануға рұқсат етіледі. Салқындату жүйесінің жұмыс режимі компрессорды пайдалану бойынша нұсқаулық талаптарымен қабылданады және жобада негізделеді.
75. Салқындатудың жабық жүйесі қолданылған кезде компрессорлық қондырғы су ағынын және судың газ жолдарына түскендігін хабарлайтын бақылау құралдарымен жабдықталады. Бақылау әдістері мен мерзімділігі дайындаушы зауыттың компрессорларды пайдалану бойынша нұсқаулықтарында көрсетіледі. Судың газ жолдарына түскендігін анықтау үшін пайдаланылған суды машина залынан шығару коллекторына дабыл қағу құрылғысы орнатылады.
76. Газбен немесе газ қоспаларымен жұмыс істейтін, сыққан кезде конденсат түсетін компрессорлы құрылғыларда цилиндр қабырғаларының температурасын сығылған газдың немесе газ қоспасы конденсатының түсу температурасынан 100С жоғары етіп ұстайды.
77. Салқындату жүйесінен суды ағызып жіберу үшін ағызу айлабұйымдары мен вентильдер қолданылады және оларға кіруге жағдай жасалады.
78. Компрессорлық қондырғылардың салқындату жүйесінде пайдаланылған судың сапасы дайындаушы ұйымның құжаттарымен нақтыланады:
1) өсімдік және механикалық қоспалар құрамы 25 мг/л артық емес;
2) уақытша қаттылығы 5 мг экв/л артық емес;
3) тұрақты қаттылығы 15 мг экв/л артық емес.
79. Компрессорлық қондырғылардың су құбыры жүйесі жұмыс және резервтік компрессорлардың қысқа мерзімді бір уақытта жұмыс істеу шартымен таңдалады және жобада мақұлданады.
80. Майлау жүйесі майдың компрессорға үздіксіз түсіп тұруын қамтамасыз етеді.
81. Қозғалыс механизмін майлау үшін және тығыздамаларды жуу үшін циркуляциялы жүйелер (мәжбүр жабық контур бойынша) қолданылады.
82. Цилиндрлер мен тығыздамаларды майлау үшін майлау станцияларының лубрикаторларынан май беру қысымы астында майлау жүйесін қолданады. Қолданылатын майлардың тұтану температурасы езгіленетін газ температурасынан кем дегенде 200С жоғары болады.
83. Қозғалыс механизмін майлау және тығыздамаларды жуудың циркуляциялы жүйелерінде сүзгілі құрылғылар қолданылады, олар майды белгіленген нормадан тыс ластайтын заттардан тазартуға мүмкіндік береді.
84. Қозғалыс механизмдерін майлау және тығыздамаларды жуудың циркуляциялы жүйесінде қысым мен май қысымын реттейтін клапандарды бақылау жүйесі қарастырылады.
85. Компрессор тораптарын (қозғалыс механизмі, цилиндрлер мен тығыздамалар) майлауға және тығыздамаларды жууға арналған майлар дайындаушы ұйым нұсқаулығындағы талаптарға сәйкес таңдалынады.
86. Майды цилиндрлер мен тығыздамаларға берудің әрбір линиясы кері клапанмен жабдықталады.
87. Майлауға арналған майларды беру және ағызудың орталықтандырылған жүйесінде төмендегілер қарастырылады:
1) таза компрессор майына (цилиндрлер мен тығыздамаларды майлау және тығыздамаларды жуу үшін) арналған, майды бөшкеден беруге арналған насосы бар ыдыс;
2) компрессор майы құйылатын ағыны жоғары бак, одан май компрессор лубрикаторларына түседі; лубрикаторлар машина залына компрессор құрылғысынан 3-4 м биіктікке орнатылады.
Таза компрессор майын ыдыстан ағынды бакқа беру майды бөшкелерден ыдысқа құятын насостар арқылы жүзеге асырылады;
3) таза және пайдаланылған машина майына арналған насосты ыдыс; сол май насос арқылы бөшкеден таза машина майын құятын ыдысқа қабылданады және ыдыстан компрессорлардың май бактарына жіберіледі;
4) пайдаланылған машина майларына арналған ыдыстан пайдаланылған машина майын бөшкелерге немесе автоцистерналарға жөнелту.
Насостарды пайдаланған кезде жаңа май мен пайдаланылған майдың араласуына, сондай-ақ оның еденге тамуына жол беруге болмайды.
88. Насостың сықағыш линиясына майды ыдысқа берер алдында тазартуға арналған сүзгілер жасалады.
89. Пайдаланылған майды компрессордың картерлерінен ыдысқа құю қозғалыс механизмін циркуляциялы майлау жүйесінің насостары арқылы жүзеге асырылады, ол үшін насостың арынды линиясына арматура мен қайтару жүйесі қарастырылады.
90. Циркуляция жүйесіндегі май насос жетегі, механизмді майлау, қозғалыс машинаның коленвалынан шығатын компрессорлар үшін майды май блоктарынан тартып алу бірнеше машинаға ортақ насостың көмегімен жүзеге асырады.
91. Компрессорларды ғимараттың сыртына орнатқанда, қыс кезінде сенімді пайдалану үшін, майды және май жолдарын алдын ала қыздырып алу қажет; майдың шырындануын болдырмау үшін жылу тасымалдағыштың температурасын 1100С жоғары етіп белгілейді.
Компрессорларды майлау жүйесінде термотұрақтандыру құрылғысы пайдаланылады, ол машинаны іске қосқанда да, қалыпты жұмыс жағдайында да майды белгіленген температурада ұстап тұруға мүмкіндік береді.
92. Компрессорлы құрылғыны дайындаушы зауыттың нұсқаулығында майды ауыстыру мерзімі, сондай-ақ май желілерін дайындауға арналған арнайы талаптар (ішкі қабатын тазалау, жуу және тағы басқа) көрсетіледі; ол талаптар май жолдарында лас заттардың жиналып қалуын болдырмайды.
93. Жабдықпен жұмыс істеу алаңдарының бәрінде биіктігі 0,9 м кем болмайтын қоршаулар мен төменгі жағынан биіктігі 0,15 м кем болмайтындай етіп тұтас қапталған болады.
Монтаждау ойықтары да осылайша қапталып, қоршалған болады.
94. Жабдықта тұрақты түрде (ауысым сайын) қызмет көрсету алаңдарына апаратын баспалдақтар, қандай биіктікте орналасқандығына қарамастан, 45° еңкіштеу болып келеді, ал кезеңдік қызмет көрсету алаңдарына 60°.
95. Еден деңгейінен 3 м астам биіктікте орналасқан жабдыққа кезеңдік қызмет көрсету алаңдарына кіру үшін тік баспалдақ құрылғыларын пайдалануға рұқсат етіледі.
Иілу бұрышы 45° болатын баспалдақтар сатысының биіктігі 0,2 м, ал иілу бұрышы 60° градустық және тік баспалдақтар үшін 0,3 м етіп таңдалады.
Иілу бұрышы 45°және 60° градустық баспалдақ сатыларының ені 0,2 метрге тең болады.
Еденнен отырғызу, крандарды жөндеу алаңдарына кіруге арналған баспалдақтар иілу бұрышы 45° және 60° градус есебінде орындалады.
96. Компрессордың барлық қозғалатын және айналатын бөліктері мен оның жабдықтары (маховиктер, валдар, муфталар, берілістер және тағы басқалар) мықтап қоршалады.
97. Қызмет көрсету персоналына жақын орналасқан маховиктер, шкивтер мен компрессордың айналатын бөлшектері, берілістер тұтас немесе торлы қоршаулармен қоршалады.
98. Валдардың шығыңқы шеттері, гайкалар, болттар, шпонкалар мен компрессорлы құрылғының айналмалы бөліктерінің басқа да элементтері дөңгелек тегіс футлярлармен (былғары қаптамамен) жабылады.
99. Жергілікті паналау орындары, қалқандар мен қоршаулар алынып салынатын етіп немесе оңай бөлшектенетіндей болып жасалады. Рабайсыз қоршаулар жабдықты жөндеу барысында және тасымалдауға ыңғайлы болу үшін олардың ажырататын жерлері болады.
100. Қоршаудың біріккен жерлері мен бөлшектері мықтап бекітіледі және жеткілікті деңгейде берік әрі қатты болады.
101. Ауысқыш және дамылсыз жүктемемен жұмыс істейтін, вибрация беретін немесе айнала қозғалатын барлық бөлшектер, ажыратылатын бірікпелер мен жинау бірліктері үшін гайкалардың өздігінен бұралуын болдырмайтын шаралар қарастырылады.
102. Температурасы 45°С асатын құбыр жолдары мен аппараттардың беткі қабатының қызмет көрсететін персоналдың денесіне тиетін жерлері оқшауланады немесе қоршалады.
Компрессор цилиндр сыртының беткі қабаты оқшаулауға жатпайды.
4 - тарау. Компрессорлық қондырғыларды апатқа қарсы автоматты қорғау, бақылау және басқару жүйесі
103. Компрессорлық қондырғылар құрылғы жұмысын бақылауға қажетті температура, қысым, шығын мен басқа да өлшемдерді өлшеу-бақылау құралдарымен жабдықталады.
104. Термометрлік құралдар төмендегі жағдайларда температура бақылауын қамтамасыз етеді:
1) компрессордың әр сатысындағы және ақырғы тоңазытқыштан кейін (егер ол болған жағдайда) сорылатын және қысымдалатын газды;
2) ортақ келтіру құбыржолындағы салқындату сұйықтығы мен салқындату сұйықтығымен жұмыс істеген компрессор сұйықтығын ағызу линиясында;
3) компрессорлық қондырғылардың тығыздамаларын жуу майлары;
4) номиналды базалық поршень күші 10 тс асатын мойынтіректі компрессорлардың ішпегі;
5) компрессор картеріндегі немесе май блогындағы майлар;
6) қозғалыс механизмінің тоңазытқыштан шығар жеріндегі майлау жүйесі майлары (майды салқындататын тоңазытқыштары бар компрессорлар үшін);
7) статор орамасы мен шығару мойынтірегінің температурасы, егер ол электр қозғалтқыштың техникалық құжаттарымен қарастырылған болса.
105. Температураны сықау линиясында (әрбір қысу цилиндрінен кейін) дәлдік класы 1,5 кем болмайтын газға арналған термометрлік құралдармен өлшейді; сору линияларында – 2,5 кем емес; салқындату сұйықтығында (суда), ауа мен майлау жүйесінде 4 кем емес.
Бөлу мөлшері 2°С аспайтын металл жиекқұрсауы бар сынапты термометрлерді пайдалануға да болады.
Температураны тұрақты (үнемі) өлшеу үшін жылжымалы термометрлерді пайдалануға рұқсат етілмейді.
106. Жекелеген сатыларға кірер жердегі газ температурасын, сондай-ақ компрессордың жекелеген сатыларынан шығар жердегі газ температурасын, судың компрессорлар мен тоңазытқыштардан шығар, кірер жерлердегі температурасын құбыржолдарының жабдықтарға жалғанған жерлеріне жақын маңнан өлшейді (мәселен, тоңазытқыш цилиндріне, тоңазытқышқа және тағы басқа).
107. Өлшеу құралдарының термосезімтал бөлігін температурасы өлшенетін ортаның ағынына орнатады.
Арнайы термометрлік гильзаларды пайдалануға да болады. Бірақ, жылудың құбыржолы қабырғаларынан температура бергішінің сезімтал бөлігіне келуінен (қайтуынан) болатын өлшеу қателіктерін болдырмау немесе есепке алу шаралары қолданылады.
Гильзаларды өлшенетін ортаның ағын бағытына қарсы орнатады, жекелеген жағдайларда-өлшенетін ортаның ағынына перпендикулярлы етіп орнатады.
108. Қысымды өлшеу құралдары қысымды тұрақты түрде бақылауды қамтамасыз етеді:
1) компрессордың әр сатысындағы және ақырғы тоңазытқыштан кейін (егер ол болған жағдайда) сорылатын және қысымдалатын газды;
2) ортақ келтіру құбыржолындағы салқындату сұйықтығын (суды);
3) қозғалыс механизмін майлау жүйесіндегі майлар (тұрпайы тазарту сүзгісіне дейін және кейін), сондай-ақ майды түпкілікті мойынтіректерге келтіру коллекторында;
4) компрессорлық қондырғылардың тығыздамаларын жуу жүйесіндегі майлар;
5) пневматикалық құралдарды қуаттандыру коллекторындағы ауаны;
6) үрленетін электр қозғалтқыштары мен басқа жабдықтардың желдеткіш құрылғылар жүйесіндегі қорғаныс газын (ауаны).
109. Бірінші сатылы сору линиясындағы қысым мен ақырғы қысымды өлшеуге класы 1,5 төмен болмайтын құралдар пайдаланылады; сатыаралық коммуникациялар үшін – 2,5 класынан кем болмайтын; салқындататын сұйықтықты (суды) және майлау жүйесін қосу линиясы үшін – 4 кластан төмен болмайтын құралдар пайдаланылады.
110. Манометр шкалаларына шкала бөліктері арқылы жұмыс қысымына сәйкес келетін қызыл сызық жүргізеді.
111. Қысымды өлшеу құралдарын жұмыс қысымының көрсеткіші шкаланың үштен екісінде (орта шамасында) тұратындай етіп таңдайды.
112. Манометрлік құралдарды қысым пульсы барынша төмен, конденсат пен лас заттар барынша аз жиналған жерлерге қосады.
113. Серіппелі манометрдің алдына үш жүрісті вентиль (шұра) немесе оны ауыстыратын құрылғы орнатады.
Қысымы 10 МПа (100 кгс/см²) көрсеткішінен жоғары болып келетін серіппелі манометрлер қираған жағдайда әйнек немесе басқа материал сынықтарымен персоналды зақымданудан сақтайтын айлабұйымдармен жабдықталады.
Жарылысқа қауіпті және зиянды газдар келетін линиялардағы қысымы жоғары серіппелі манометрлерді автоматты түрде әрекет ететін тығын клапандарымен жабдықталады.
114. Компрессордың ластанған газды қысымдайтын әр сатысы, сондай-ақ қысымы 10 МПа жоғары сатылар екі манометрлік құралмен қамтамасыз етіледі, олар тоңазытқышқа дейін және тоңазытқыштан кейін орнатылады.
115. Түтікшелер арасында газ ағыны болатын каптама түтікті тоңазытқыш болған жағдайда қысым өлшеу құралы тоңазытқышқа дейін орнатылады.
116. Қысым өлшеу құралдары бүлінген жағдайда пайдалануға жіберілмейді; мәселен, пломбасы немесе таңбасы болмағанда; тексеру немесе калибрлеу мерзімінің уақыты өтіп кеткенде; егер серіппелі манометрдің немесе құралдың сандық индикаторының көрсеткіші қысымды өлшеу кезінде көлемі жағынан нөлдік мәнге сәйкес келмесе.
117. Компрессорлық қондырғыларды статордың тогын (егер электр қозғалтқыштың техникалық құжаттары талап етсе ротордың тогын) өлшеу құралдарымен жабдықтайды.
118. Компрессорлар жұмыс сағатын есептегіштермен жабдықталады.
119. Жиілікті-реттеуіш электржетегі бар компрессорлар тахометрлі құралдармен жабдықталады.
120. Өлшенетін өлшемдерді индикациялау кезінде сандық құралдың ақпарат экранында, өлшемдердің ағымдағы мәнінен басқа, олардың шектеулі мәні көрсетіледі, сондай-ақ қорғаныс құрылғысы іске қосылатын тағайыншама мәні көрсетіледі.
121. Компрессорлық қондырғы өлшемдерін автоматтандырылған бақылағанда оларды бақылау, талдау және диагностика жасау бағдарламаларымен жабдықтайды. Бұл бағдарламалар мәліметтерді және компрессордың жұмысқа қабілеттілігі жөніндегі жалпыландырылған қорытындылар беруге, регламенттік немесе жөндеу жұмыстарын өткізуге қатысты кеңестер беруге мүмкіндік жасайды.
122. Жарылысқа қауіпті ғимараттарда пайдалануға арналмаған бақылау-өлшеу құралдары жарылысқа қауіпсіз аймақтарға орнатылады.
123. Ұйымдар қауіпсіз пайдаланған жағдайда, мәселен, вибрация мониторингін жасағанда, компрессорлы қондырғы өлшемдерін бақылау үшін қосымша құралдар қолданады.
124. Компрессорлардың сенімділігін арттыру үшін оларды барынша автоматтандырады және технология режимінің бұзылғандығы жөнінде белгі беретін дабыл жүйесімен қамтамасыз етеді.
Компрессорлардың автоматтандыру жүйесі өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша нормативтік-техникалық құжаттардың талабына сәйкес келеді.
125. Компрессорлық қондырғыны басқару үшін және оның өлшемдерін реттеу үшін пневматикалық, гидравликалық, электрлі, электронды және құралған жүйелер қолданылады.
126. Компрессорлық қондырғыларды және арматураны дистанциондық басқару жүйесі машинистің бөлмесінде, диспетчердің немесе оператордың бөлмесінде әлде басқа қауіпсіз жерлерде орналасады.
127. Компрессорлар мен арматураны дистанциондық басқаруды, егер оның қауіпсіз жерде көшірмесі болған жағдайда, жұмыс орнына орналастыруға рұқсат етіледі.
128. Компрессорлық қондырғыларды автоматтандыру деңгейіне қарамастан қолмен басқару құрылғысымен жабдықтайды.
129. Компрессорлық қондырғыларды автоматтандыру жүйесіне компрессорды жергілікті қалқан арқылы, сондай-ақ орталық пульт арқылы тоқтатуға мүмкіндік беретін құрылғыларды енгізеді.
130. Автоматтандыру жүйесі технологиялық өлшемдер бойынша және нысанды автоматты басқару жүйелерінің қауіпсіздік өлшемдері бойынша ақпарат алмасып отыруға мүмкіндік береді.
131. Барлық басқару органдары, бақылау-өлшеу құралдары мен құрылғылар (қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін) операторлар мен қызмет көрсету персоналына көрінетін және оңай кіріп-шығатын аймаққа орнатылады.
132. Автоматты құрылғылар компрессордың жетек қозғалтқышының іске қосылуына төмендегі жағдайларда жол бермейді:
1) жарылысқа қауіпті газдармен жұмыс істейтін компрессордың сору линиясындағы қысым берілген мөлшерден төмен не жоғары болғанда;
2) жабық жүйедегі салқындатқыш су қысымы рұқсат етілген мөлшерден төмендегенде немесе ашық ағызбада салқындатқыш судың шығыны рұқсат етілген мөлшерден төмен болғанда;
3) қозғалыс механизмінің майлаудың циркуляциялы жүйесіндегі және тығыздамаларды жуудың циркуляциялы жүйесіндегі май қысымы белгілі мөлшерден төмендегенде;
4) валды бұру механизмі компрессор валымен ілініскен кезде;
5) электр қозғалтқыштарын пайдалану жөніндегі басшылық нұсқауға сәйкес, желдеткішті электр қозғалтқыштың қабықшасына жалғайтын газ құбырлары мен үрленетін қозғалтқыштың қабықшасын қорғаныс газымен (ауамен) алдын-ала үрлемеген кезде;
6) қорғаныс газының (ауаның) қозғалтқыш қабықшасындағы және үрлеу желдеткіші белгіленген көлемнен төмен газ құбырларындағы қысымда;
7) цилиндрлер мен тығыздамаларды майлау жүйесінің майлау бекеттеріндегі электр қозғалтқыштың жетегін, сондай-ақ, ауамен салқындату жүйесіндегі (автономда жүйедегі компрессорлар үшін) желдеткіштер мен тығыздамаларды жуу және механизмді циркуляциялы майлау жүйесінің насостарын алдын ала іске қоспағанда.
133. Автоматты құрылғылар компрессор қозғалтқышын төмендегі жағдайларда тоқтатады:
1) компрессордың сору линиясындағы газ қысымы рұқсат етілген мөлшерден ауытқыған кезде;
2) компрессордың төменгі сатысындағы сықау линиясындағы газ қысымы рұқсат етілген мөлшерден көтерілген кезде;
3) жабық жүйелер үшін салқындату магистраліндегі қысым төмендегенде және ашық ағызбадағы салқындатқыш су магистралінің шығыны рұқсат етілгеннен төмендегенде;
4) қозғалыс механизмдерінің циркуляциялы майлау жүйесіндегі май қысымының рұқсат етілген деңгейден түсуі;
5) май қысымының тығыздамаларды циркуляциялы жуу жүйесінде рұқсат етілген деңгейден түсіп кетуі;
6) поршень қуаты 10 тс төмен компрессорлардың қозғалыс механизмін майлау жүйесі үшін картердегі май температурасы рұқсат етілген деңгейден жоғары көтерілгенде;
7) поршеннің номиналды базалық қуаты техникалық құжаттармен белгіленген көрсеткіштен 10 тс жоғары компрессорлар үшін түпкі мойынтірек температурасы артқанда;
8) үрленетін электр қозғалтқыш қабықшасындағы қорғану газының (ауаның) қысымы мен желдеткішті үрлеу газ құбырларындағы қысым белгіленген мөлшерден төмендегенде;
9) енгізілген электр қозғалтқышы бар компрессорлық қондырғылар үшін компрессор картеріндегі (мойынтірек торабы жанында) май қысымы белгіленген мөлшерден асып кеткенде;
10) цилиндрлер мен тығыздамаларды майлау жүйесінің майлау бекеттеріндегі электр қозғалтқыштары сөндірілгенде, сондай-ақ, ауамен салқындату жүйесінің (автономды жүйедегі компрессорлар үшін) желдеткіштері мен циркуляциялы майлау насостары сөндірілгенде;
11) компрессордың сору линиясындағы ыдыстардағы сұйықтық рұқсат етілген деңгейден асып кеткенде (май ажыратқыш, сепаратор және тағы басқа).
134. Компрессорлық қондырғыны басқару жүйесін дыбысты және жарықты дабыл жүйесімен жабдықтайды.
Дыбыстық және жарықты дабыл жүйесін бақыланатын өлшемдердің апат алдындағы немесе апаттық маңызы жеткенде және іске қосар алдында қосады.
135. Бақылау, басқару және автоматтандыру құрылғыларын оның жұмысына кері әсер ететін факторлар ықпал етпейтін жерлерге орнатады.
5 - тарау. Компрессорлық қондырғыларды монтаждау,
баптау және қабылдау
136. Компрессорлық қондырғылардың құрылыс, монтаждау және баптау жұмыстары дайындаушы зауыттың нұсқаулықтарына, жобалық және технологиялық құжаттардың талаптарына, өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша қолданыстағы нормативтік құжаттарға, құрылыс нормалары мен тәртіптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
137. Компрессорды монтаждан немесе күрделі жөндеуден кейін жасалған жұмыстың сапасын, жүксіз айналдыруға және сатыаралық аппараттар мен құбыржолдарын үрлеуге дайындығын растайтын паспорт пен төлқұжат болғанда ғана жұмысқа қосады.
138. Жүкпен бірге айналдырып тексеру монтаждау, іске қосу, реттеу нұсқаулығына және дайындаушы зауыттың жарылысқа қауіпті қоспаның пайда болуын болдырмау жағын есептей отырып, өндіріс технологиясы негізінде дайындаған айналдыру және қолдану нұсқаулығына толық сәйкестендіріліп жүзеге асырылады.
Айналдырар алдында бақылау және автоматика жүйелерінің жұмысын, айналдырудың әр түрі бойынша қажетті өлшемдерге арналған апатқа қарсы қорғаныс жүйесін бітеу тағайыншамасының жұмысын, валды бұру құрылғысының көмегімен компрессор валының айналу барысын тексеріп алады.
Сынақтың әр түріне дайындығы мен оның нәтижелері тиісті актпен рәсімделеді.
139. Компрессорлық қондырғының аппараттары мен құбыржолдарын монтаждағанда оның ішкі қабатының тазалығы қамтамасыз етіледі.
Тазарту мақсатындағы үрлеу дайындаушы зауыттың техникалық құжаттары негізінде әзірленген нұсқаулық бойынша жүргізіледі.
140. Компрессорды бос айналдырған кезде цилиндр мен сору құбыржолдарына жат заттардың және шаң-тозаңның түсуін болдырмайтын шаралар қолданылады.
141. Қозғалыс механизмдерінің циркуляциялық майлау жүйелері мен тығыздамаларды жуу жүйесін дайындағанда, сондай-ақ цилиндрлер мен тығыздамаларды майлау жүйесін айналдырар алдында майлаудың әр нүктесіне майдың түсуін, бақылау және автоматика жүйелерінің, бітеу және апат дабылының қызметі тексеріледі. Берілетін май көлемі дайындаушы зауыттың құжаттары негізінде реттеледі.
142. Салқындату жүйелерін сынаған кезде цилиндр рубашкалары мен аппараттарында ауа тығындарының жоқтығына, ашық ағызбада ағызудың интенсивтілігіне немесе жабық ағызбада бақылау вентильдерінің ашылуына (әрбір салқындату нүктесіне жеке-жеке) көз жеткізеді.
143. Компрессорды іске қосу және компрессор қозғалтқышын іске қосуға дайындау қозғалтқышты дайындаушы зауыттың нұсқаулығына сәйкес жүзеге асырылады.
144. Компрессорды біртіндеп бірнеше кезеңмен жүктейді. Сатылар бойынша қысым көлемі мен сол қысымда жұмыс істеген уақытты компрессорды іске қосу және пайдалану нұсқаулығында көрсетеді.
145. Әр айналдыру біткеннен кейін дайындаушы зауыттың монтаждау, іске қосу, реттеу, айналдыру және пайдалану басшылығы бойынша нұсқаулығына сәйкес, тораптар мен бөлшектерінің жағдайы тексеріледі.
146. Дайындалғаннан кейін компрессорлық қондырғыларды белгіленген тәртіп бойынша қабылдау-тапсыру және (немесе) қабылдау сынақтарынан өткізеді.
147. Сынақ бағдарламалары мен әдістемелерінде құжаттар тексеріледі, компрессорлы қондырғының агрегаттары мен барлық тораптарының жұмысы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы сыналады. Сынақ нәтижелері белгіленген тәртіп бойынша рәсімделеді.
148. Компрессорлық қондырғыларды сынау кезінде сынаққа қатысушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
149. Сыналған компрессорлы қондырғының еденінде майдың болуына жол берілмейді.
150. Сөндірілген ақырғы ыдыстарды, компрессор құрылымына енгізілмеген аппараттарды сынау өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
151. Компрессорлық қондырғылардағы құбыржолдарын пневматикалық және (немесе) гидравликалық сынақтан өткізу өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша нормативтік құжаттар талабына сәйкес жүзеге асырылады.
152. .Сынақ нәтижелері бойынша компрессорлы қондырғыны пайдалануға беру актісі рәсімделеді.
6 - тарау. Компрессорлық қондырғыларды пайдалану және жөндеу
153. Компрессорлық қондырғыларды шығарушы ұйымның құжаттарындағы талаптарды сақтай отырып пайдаланады.
Пайдаланушы ұйым:
1) жабдықты пайдалану, жөндеу және қауіпсіз қызмет көрсетуді:
2) өндірістік бақылауды;
3) компрессорлы қондырғыда жұмыс істейтін персоналды оқыту және жұмысқа жіберуді;
4) жабдықты техникалық диагностикалау және тексеру жүргізуді қамтамасыз етеді.
154. Белгіленген мерзімін өтеген компрессорлы қондырғыны қауіпсіз пайдалану мерзімін ұзарту белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
155. Компрессорлық қондырғылардың машинистерінің жұмыс орындары пайдалану нұсқауымен, апат салдарын жою жоспары мен адамдарды эвакуациялау сызбасы бойынша белгіленеді. Сонымен қатар жұмыс қауіпсіздігі өлшемдері мен белгіленген блоктау және дабыл қағу белгілері стендтерге жазылып, қабырғаға ілінеді.
Компрессорлық қондырғылар белгіленген тәртіп негізінде пайдалану құжаттарымен бірге жинақталады.
156. Компрессорлық қондырғыларда қызмет көрсету жұмыстарына басшылық етуді Қазақстан Республикасының өнеркәсіп қауіпсіздігі заңына сәйкес білімі тексерілген тұлғалар жүзеге асырады.
157. Қызмет көрсету персоналы тарапынан компрессорлық қондырғыларды қараусыз қалдыруға рұқсат етілмейді.
158. Компрессорлық қондырғылар орнатылған ғимараттарға бөгде адамдардың кіруіне рұқсат етілмейді.
159. Компрессорлық қондырғылар байланыспен және дабыл жүйесімен қамтамасыз етіледі, ол технологиялық байланысы бар цехтар мен нысан бөлімшелеріне қосылады.
160. Қондырғы құрылымында қарастырылған автоматтандыру, бақылау және блоктау жүйесі болмаған жағдайда немесе оның ақауы болғанда компрессорлы қондырғыны пайдалануға рұқсат етілмейді.
161. Тікелей коррозиялы-агрессивті ортада жұмыс істейтін бөлшектер мен тораптар жүйелі түрде тексеріліп тұрады. Ал жөндеу жұмыстары барысында олардың алғашқы қалыңдық дәрежесі мен тозу көлемі анықталады. Аппарат пен тораптардың, бөлшектердің жағдайына жасалған тексеру нәтижелері арнайы журналға немесе жөндеу картасына жазылады. Бақылау мерзімділігі мен бақылауға жататын тораптар мен бөлшектердің тізімі пайдалану құжатында көрсетіледі.
162. Компрессорлық қондырғының жұмысын есепке алу үшін пайдалану журналы жүргізіледі.
Журналда өткізілген өлшемдердің уақыты мен күні, газ шығыны, сатылар бойынша газ қысымы мен температурасы, сатылар бойынша салқындатқыш судың температурасы, майдың қысымы мен шығыны, ауысымға кететін май шығыны, жетек жұмысын бақылау құралдарының көрсеткіштері (мәселен, электр қозғалтқыштың), ауысымдағы жұмыс сағатының саны жазылады. Сондай-ақ, бөлшектердің, тораптар мен арматураның, аппараттың, қосымша жабдықтардың, құбыр жолдарының, фланецті (ернемекті) бірікпелердің, бекітпелердің ақаулары, қымтауының бұзылуы, вибрация пайда болуы, тықылдың пайда болуы, қызып кету және тағы басқалар тіркеледі. Бұдан басқа, анықталған ақауларды жоюға қатысты жасалған шаралар мен компрессорлы қондырғыға қызмет көрсету бойынша атқарылған жұмыстар (үрлеу, тексеру, престеу, бөлшектер мен тораптарын ауыстыру және орнату тағы басқа) туралы жазылады.
163. Қысым астында жұмыс істейтін аппараттар мен жүйелерде қысымды көтеру (іске қосуға дайындаған кезде), сондай-ақ қысымның төмендету (сөндіргенде және үрлегенде) белгіленген регламент бойынша және компрессорлық қондырғыны пайдалану бойынша басшылықта белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
164. Жарылысқа қауіпті газдармен жұмыс істейтін компрессорлық қондырғыларды іске қосар алдында инертті газбен үрлейді:
1) жөндеуден кейін;
2) тексеру үшін, техникалық диагностика жасау және жарылысқа қауіпті газ ортасында жұмыс істейтін тораптың тым болмағанда біреуін жөндеу үшін ашқаннан кейін;
3) ұзақ уақыт тоқтап қалғаннан кейін.
165. Компрессорлық қондырғы жұмысын жөндеуге немесе ұзақ уақытқа тоқтату жабдықты алдымен инертті газбен (егер жарылысқа қауіпті газбен және зиянды жарылысқа қауіпсіз газбен жұмыс істесе-ауамен) үрлегеннен кейін барып жүзеге асырылады.
166. Компрессорлық қондырғыны іске қосар алдында технологиялық линияның, ескерту дабылының және апатқа қарсы қорғаныс құралдарының жұмысқа дайындығы тексеріледі.
167. Компрессордың жұмысын апатты жағдайда тоқтату компрессорды босатпастан жүзеге асырылады. Компрессорды апатты жағдайға тоқтатқан кезде қондырғыны цех коллекторларымен біріктіретін линиялардағы тығын органдары жабылады және қондырғының барлық газ жүйесі бойынша қысым лақтырылады.
168. Компрессор жұмысы ұзақ уақыт тоқтаған кезде оның құбыр жолдарын цех коллекторларынан ажырату екі тығын органының көмегімен жүзеге асырылады және олардың арасындағы ауа жолы ашылады.
Жөндеуге тоқтатылған кезде жұмыс істеп тұрған құбыр жолдарынан ажырату бітеуіш қондырғысының сызбасына сәйкес бітеу жолымен жүзеге асырылады.
169. Төмендегідей жағдайларда компрессор жылдам тоқтатылады:
1) жұмыс параметрлерінің рұқсат етілген көрсеткіштен ауытқуы және сондай жағдайда автоматтандыру жүйесі блоктарының іске қосылмауы;
2) тығыздаудың бұзылуы және газдың шығуы;
3) компрессор мен қозғалтқышта жекелеген бөгде соққылар мен тықыл пайда болғанда немесе апатқа әкеп соқтыратын ақаулардың пайда болуы;
4) қозғалтқышқа шектен тыс салмақ түскенде;
5) компрессорлық қондырғының бақылау-өлшеу құралдарының істен шығуы және оларды жұмыс барысында ауыстыру мүмкіндігінің болмауы;
6) компрессордың қорғаныс құралдарының және бақылау-өлшеу қондырғыларының және автоматика құралдарының істен шығуы;
7) жарықтың жоқтығы;
8) өрт қауіпі.
170. Компрессор жұмысы түпкілікті мойынтіректердің, қозғалыс тобындағы торап бөлшектерінің, штоктардың, цилиндрлердің қызып кетуі салдарынан, күшті механикалық және гидравликалық соққыдан, күшті жүк салмағы салдарынан, болт шатундарының үзілуіне әкеп соқтырған апат пен басқа да ақаулар нәтижесінде тоқтатылғанда, жүктеме түскен тиісті бөлшектер мен тораптардың жағдайы тексерілмей компрессорды іске қосуға жол берілмейді.
171. Сақтандыру клапандарын және (немесе) мембраналы сақтандыру құрылғыларын тазарту, тексеру, ашу, ревизиялау техникалық құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
172. Қондырғы қосылып тұрған кезде, қысым астында тұрғанда ол толық тоқтағанша және қуыстары үрленгенше ақауларды жөндеуге болмайды.
173. Компрессорлық қондырғы жабдықтарын жөндеу, консервациялау (расконсервациялау) және жою технологиялық регламентке сәйкес жүзеге асырылады.
7 - тарау. Компрессорлық қондырғылардың жарылысқа қауіптілік көрсеткіштерін анықтау
174. Компрессорлы қондырғылардың жарылысқа қауіптілік көрсеткішінің есебі жарылыс-өрт қауіпті химиялық, мұнайхимиялық және мұнай өңдеу өндірісіне арналған, компрессорлы қондырғының спецификасын есепке ала отырып дайындалған қолданыстағы нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.
175. Машина залында бірнеше қондырғы болған кезде есеп негізделген жағдайда компрессорлы құрылғылардың бірінде болуы мүмкін апатты есепке ала отырып жүргізіледі.
176. Есептеген кезде жабдық пен құбыржолдарының герметикасының кетуі салдарынан шығып кеткен газ көлемі онша үлкен болмаған жағдайлар қарастырылады.
177. Компрессорлық қондырғыдан газ берілетін коллекторлардан, технологиялық блоктардан (цехтардың) және басқа жабдықтардан шыққан газ шығыны негізделген жағдайларда есептеу кезінде есепке алынбайды.
____________________
Достарыңызбен бөлісу: |