Нұр Астана.- 2011.- №21.- 2 маусым.
Хуанбайқызы Т.
Қуандыққызы М.
« Жас қанат »
Жаңа түлектерін ұшырды.
Әр көктем сайын Астана аспанын әнге бөлейтін «Жас қанат» байқауы кезекті мәрте Сарыарқа төсіне келіп жетті. Биылғы жыл халықаралық ән фистивалі үшін ерекше болды.
Елордалықтарды әсем әнмен баураған «Жас қанат»-қа биыл 20 жыл толды.
Мамырдың 25-27-сі аралығында үш күнге созылған ән сайысы жиырмасыншы рет жаңа түлектерін қанаттандырып, жас талаптардың ән сапардағы тұсауын кесті.
«Жас қанат» 1992 жылы еліміздің бас сахнасы – Республика сарайында тұнғыш рет өткізілген болатын. Содан бергі уақыт аралығында қазақ эстрадасының қанат жайып өркендеуіне конкурстың тигізген ықпалы зор. Осы бақаудан түлеп ұшқан ондаған жас әнші бүгінде отандық ән өнерінің жарық жұлдыздарына айналған Олардың қатарында Медеу Арынбаев, Маржан Арапбаева, Гауһар Қаспақова, Айша Байбосынова, Гүлнұр Оразымбетова, Бейбіт Қорған, Алтынай Жорабаева сынды өнерпаздар бар.
Сонымен биылғы жылы да «Жас қанатта» бақ сынауға ниет білдірген өнерпаздардың қатары мол болды. Жыл бойы жүргізілген іріктеу нәтижесінде олардың ішінен 15 жас суырылып шықты. Еліміздің әр аймағынан келген осы 15 әнші елорда төріндегі үлкен сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Жылдағы дәстүр бойынша «Жас қанаттың» жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықтайтын әділқазылар музыка өнеріндегі майталман мамандардан, елімізге белгілі продюсерлерден жасақталды. Олардың қатарында «Хабар» агенттігі төрағасының орынбасары Қанат Сахариянов, Күләш Байсейтова атындағы Опера және балет театрының бас дирижері Абзал Мұхитдинов, белгілі әншілер Медеу Арынбаев пен Майра Дәулетбақ, елордалық Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева және конкурстың продюсері Мұрат Ерғалиев бар. Алғашқы күннің қортындысы бойынша 15 өнерпаздың ішінен алды 128, арты 124 ұпай жинаған Екатерина Лилуйя, Арайлым Қалмұхамбетова және «Z» триосы өзгелерден оқ бойы озып шықты. Байқау ережесі бойынша 15 үміткердің ішінен ең төмен ұпай жиған бес әншіні қошаметпен шығарып салды.
«Жас канат» байқауының көрігі екінші күні одан сайын қыза түскенін байқадық. Бұл жолы әншілер өздерінің репертуарында түрлі стилдегі туындылар бар екенін көрсетуге тырысып, өздерін екінші бір қырынан көрсетуді көздеді. Әділқазылар алқасы үшін де олардың ішінен осал соққандарды анықтау оңайға түспеді. Сонымен, әділқазылар кеңесе келе, Нұрбол Балапанов, Арайлым Қалмұхамбетова, Гүлмира Жұмабекова және Мұратбек Хайролла сынды бес әншіні ақтық кезеңге жіберуді ұйғарды.
Көптен күткен үшінші күн де келіп жетті. «Жас қанаттың» ақтық сынына шығып, «Алтын қанатқа» қол созым жерге жеткен әншілердің бесеуі де шапқан сайын қолтығы сөгілетін нағыз дарынды жастар екендіктерін дәлелдеуге кірісті. Ақтық сын, шешуші сәт. Санаулы сағаттардан соң «Жас қанат-2011» байқауының жаңа жұлдызы жарқырай жанбақ!.. Қазақ эстрадасының көгіндегі жаңа жұлдыздың есімі кім?!.. Осы сауалдар көрерменнің де көңілінен күпті қылғаны айтпаса да түсінікті.
Шешуші кезеңде сахнаға көтерілген жас өнерпаздар өз репертуарларындағы үздік әндерін шырқады. Олардың ішінде қазақтың халық әні де, ағылшын тіліндегі әндер де қазақ эстрадасына соңғы жылдары қосылған жаңа әндер де болды. Финалдық бәсеке аяқталғаннан кейін қазылар алқасы өзара кеңесуге кетіп, халықтың көңілін көтеру кезегі «Жас қанаттың» биылғы қонақтарына тиді. Ғани Бекмырзаев, Нұрғали Тұрлыбеков, Мажмуд Үрімбаев сынды бұған дейін «Жас қанаттан» түлеп ұшқан әншілер көрермендерге әнмен шашу шашты.
Көп ұзамай әділқазылар алқасы да оралды. «Алтын қанаттың» иесін жұртшылыққа жарияламас бұрын, қазылар байқауға демеушілік жасаған ұйымдардың ұміткерлерге тағайындаған сылықтарын табыстады. Елордалық «Жастар сарайы» тағайындаған жүлде Екатерина Лилуйяға бұйырса, «Алжир» саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражай мемориалдық кешенінің жүдесін Абылай Бағдатов иеленді.Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университет Дихан Ильяшевті марапаттады.
Елордалық қуыршақ театрының ұжымы Бақытжан Сәрсенбаевтың өнерін жоғары бағалады. Астаналық Жасөспірімдер театрының ұжымы жерлестері Нұрлан Балапановқа бағалы силықты табыстады.
Қазақ ұлттық университетінің жүлдесі Дихан Ильяшевке бұйырды. Демеушілер тарапынан Голливудтағы халықаралық фестивальға жолдама алған Нұрбол Балапановтың да жолы болды. Үш күннің ішінде көрерменнің көзайымына айналған «Z» триосының да қарны тоқ, аталмыш үштік «Қазақстан» Орталық концерт залының жүлдесін қанжығасына байлады. Әйгерім Көшімбекова, Арайлым Қалмұжамбетова, Данияр Смайылов, Гүлмира Жұмабекова сынды өнерпаздарға да түрлі өнер ұжымдарының жүлделері табысталды. Қысқасы, бұл күні «Жас қанаттың» барлық қатысушщыларының өнерлері лайықты бағаланып, тиісті марапаттарға ие болды.
«Жас қанат 2011» халықаралық фистивалінің жеңімпазы мен жүлдегерінің есімдерін жариялайтын шақ та келіп жетті. Сонымен «Қола қанат» Павлодар қаласынан келген Гүлмира Жұмабековаға бұйырды.
Қазылар алқасы Арайлым Қалмұхамбетованың екінші орынды, яғни, «Күміс қанаты» иеленгенін жариялаған сәтте, халықтың әнші қызға деген қошаметі ерекше болды.
Биылғы жылы мерейтойын атап өткен «Жас қанат» байқауының бас жүлдесі елордалық әншінің еншісіне бұйырды. Үш күн бойы қарапайым көрермен қауымды да, қазылар алқасын да әнмен тамсандырған, таңғалдырған, тәнті еткен Нұрбол Балапанов «Алтын қанаттың» иегері атанды.
-
Мен өте бақыттымын, қуанышымды сөзбен сйтып жеткізе алар емеспін. Оның үстінен,Голливудқа жолдама алып отырмын. «Жас қанаттың» барлық қатысушыларына және ұйымдастырушыларына сәттілік, табыс тілеймін,- деп қуанышымен бөлісті ол.
Біз өз тарапымыздан Нұрболды жеңісімен құттықтап, алда әлі талай белестерді бағындыруына тілектестігімізді білдірдік.
Достарыңызбен бөлісу: |