ӘӨЖ 801.81(574/575)
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ АРНАЛАРЫ
Ф.ғ.к. Алтынбеков Қосай Сұлтанұлы
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент қаласы
Еліміздің егемендік алуының жиырма жылдығы қазіргі кезде кеңінен аталып өтілуде. Жиырма жыл ішінде республикамыз өзінің экономикалық, мәдени дамуы жағынан да қарыштай дамып әлемге танымал болып отырғаны мәлім. Тәуелсіздік арқасында қол жеткен жетістіктеріміз бізді қанаттандырып қана қоймай, Қазақстанның әрбір азаматына тәуелсіздігіміздің баянды болуына қызмет етуді міндеттейді.
Қазақстанды әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарына жеткізу бағытында жасалатын жұмыстар аумағында рухани құндылықтарды игере отырып, тәуелсіз еліміздің білімді де саналы, отаншыл азаматтарын қалыптастыру да аса маңызды.
Еліміздің жарқын болашағы мен тәуелсіздігінің баяндылығы туған халқының тарихы мен мәдениетін, рухани байлығын, әдеби туындыларын ана тілі арқылы жан-жақты танып-біліп, терең игеріп өскен жастарға, азаматтарға тікелей байланысты болмақ. Сондықтан да халқымыздың рухани дамуындағы мәні зор болып саналатын ежелгі әдеби жәдігерліктердің мәні мен мазмұнын кеңінен танытып, оларды үнемі насихаттап отырудың маңызы аз болмаса керек. Әсіресе отаншылдық рухты, сезімді қалыптастыруда үлкен орын алатын тәуелсіздікті ту еткен қаһармандық мазмұндағы фольклорлық мұраларды – тарихи аңыз-әңгімелерді, батырлық, т.б. жанрлардағы әдеби туындыларды кеңінен таныту, насихаттаудың маңызы аз еместігі дау тудырмаса керек.
Біз бұл еңбегімізде ұлттық әдебиетіміздегі ел бірлігі мен тәуелсіздігін жырлаған сан ғасырлық тарихы бар әдеби мұраларымыздың ежелгі бастау, арналары туралы сөз етпекпіз.
Түркі халықтарының тарихында айтулы кезеңнің бірі болып саналатын Алтын Орда дәуірінде, кейінгі Қазақ хандығы дәуірінде, Ресей патшалығына отар болған тұста, сондай-ақ өткен ғасырдағы еліміздің басынан өткен ауыр кезеңдерде де халқымыздың рухын жанып, намысын қайраған елдікті, тәуелсіздікті арқау қылған жырлары тереңнен – ежелгі дәуірлерден тамыр тартады.
Ноғайлы дәуірінде туған ұланғайыр қаһармандық жырлар мен хандық дәуірдегі жыраулардың арнау, толғауларының, ХІХ ғасырда отаршылдыққа қарсы, азаттыққа үндеген Махамбет пен Жанкісі сияқты дауылпаз ақындардың отты жырлары мен ел тәуелсіздігі жолында өз өмірлерін құрбан еткен ХХ ғасыр басындағы Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек, Мағжан, Міржақып сияқты айтулы тұлғалар шығармаларының, Ұлы Отан соғысы кезінде майданда от кешкен сарбаздардың жігерін жанып жеңіске жетелеген Баубек, Қасым, Сырбай, т..б. сол сияқты жауынгер ақындардың отаншылдыққа, ерлікке шақырған туындылары, кеңес өкіметінің алақол саясаты кезінде елдің, жердің, ұлттың рухани бүтіндігін басты мұрат тұтқан, кешегі өмірден өткен Жұбан, Жұмекен, Қадыр, Мұқағали сияқты ақындардың өр рухты жырлары мен бүгінгі Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбек, т.б. сол сияқты ақындар шығармаларының басты ерекшелігі – олардың туындыларының негізгі мазмұнына елдің бірлігі мен тәуелсіздігі, ел қорғау мен ерлікті, батырлықты, адамгершілік асыл қасиеттердің негіз етіп алынуында болатын.
Құнарлы жердің ғана нәрлі де мол өнім беретіні сияқты қазақ әдебиетінің терең ойлы, мазмұны терең, көркемдігі келбетті шығармаларының жалғастығын үзбей сабақтастық тауып отыруы ежелден келе жатқан рухани құндылықтарды, әдеби дәстүрді берік ұстанғандығынан десек артық айтқандық бола қоймас.
Қазақ халқының көркем фольклорлық туындылары – дәуірлер сүзгісінен, халқымыздың ой саралау, талғам, қабылдаулардан, көркем сөз зергерлерінің өңдеу, жетілдіруінен өтіп, дәстүрлі жалғастығын тауып біздің дәуірімізге жеткен асыл мұра. Осы мұраларымызда ел іші бірлігін сақтауға, тәуелсіздіктің тұғырлы болуына, Отанды қорғауға, ерлікке шақыратын құнарлы, философиялық ойлар тұнып тұр деуімізге әбден болады.
Халқымыздың ең қымбатты да ардақ тұтқан қасиеттілерінің бірі – ата-бабасының табаны тиген, сүйегі жатқан, кіндік қаны тамған жері, атамекені, туған өлкесі. Туған жерді дұшпанға алдырмау, қызғыштай қорып оған жау аяғын тигізбеу, ел тәуелсіздігі үшін ерлікпен күресіп жанын қию – халқымыздың ежелден келе жатқан қымбат дәстүрлерінің бірі. Осы дәстүрді ардақтау халқымыздың фольклорындағы көптеген жанрлық түрлеріне, көркем туындыларына арқау болып отырған. Мысалы, фольклорлық шағын жанрдағы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін беретін «Туған жерге туың тік», «Ер өзі үшін туады, елі үшін өледі», «Отан – оттан да ыстық», «Ел іші – алтын бесік», «Ит тойған жеріне, Ер туған еліне», «Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас», «Өзге елге сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл», «Елін сүйген ер болар» деген сияқты мақалдар халқымыздың батыр ұлдарының қалыптасуына қызмет етіп, отаншылдыққа баулып келді.
Сол сияқты тарихи, әлеуметтік негіздері бар, сонымен қатар халықтың асыл арман, тілегінен туған, кейіпкерлері қандай қиыншылықтар болса да жауын жеңіп мұрат-мақсатына жетіп отыратын, кезінде ғалым Ә.Қоңыратбаев ертегілік эпос деп түсінік берген [1,122-б.] батырлық ертегілердің де жасөспірімдарді ерлікке, қажырлылыққа тәрбиелеп келгені аян.
Қазақ фольклорындағы ел тәуелсіздігі үшін күрес кеңінен де жарқын жырланатын, көрнекті ғалым, академик Ә.Марғұлан: «Сахарадағы эпикалық жырдың өркендеп тарауы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінен басталады. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі V ғасыр» [2, 62-б], «Түркі, монғол тайпаларының ертегі мен эпосының түп-тегі сақ, ғұн, үйсін, қыпшақ, көк түріктер заманынан басталып, Х-ХVІІІ ғасырларға дейін үздіксіз дамуда болған» [3, 117-б], - деп көрсеткен эпикалық туындылардың үлкен бір саласы – қазақтың қаһармандық эпостары бастауларының бірі – ежелгі тарихи аңыз-әңгімелер мен біздің дәуірімізге үзінділері ғана жеткен жырлар.
Халқының тәуелсіздігі үшін күрескен ерлердің батырлық, ерліктерін көркем сөзге арқау ету дәстүрінің түркі халықтарында ерте замандардан бастау алатындығына ежелгі сақтар, ғұндар туралы айтылатын қытай, грек сияқты өзге халықтардың ежелгі дәуірлерде хатқа түскен жазбаларындағы аңыз-әңгімелер мен т.б. деректер де дәлел болады. Ә.Марғұланның пікіріне қарағанда, қазақтың қаһармандық жырларының шығу тегі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы заманынан басталып, қандай ерлік жырлары жырланса да, оларға тарихи оқиға, тарихи фактілер арқау болған [2, 352-б].
Ежелгі түркі тектес халықтар тарихынан, ерлік дәстүрінен деректер беретін «Ақыл-айласымен, күшімен, айтса сөзін өткізіп, тірессе жеңіп, елді ел қылған батыр әрі көсем» Алып-Ер Тұңға [4, 25-б] сақ елін жаулап алмақ болған қанұмар парсы патшасы Кирдің басын кескен Тұмар ханшайым (Томирис), елі үшін көзсіз ерлікке барып, жау әскерін қырғынға ұшыратып өзін құрбан еткен Шырақ батыр, жеке басының мүддесінен елінің, жерінің тағдырын биік қойып, ғұн халқын күшті, іргелі мемлекетке айналдырған Мөде батырдың даңқты ерліктері аңыз-әңгімелерге айналып, жырлар туғызды. Ғалым Р.Бердібайдың сөімен айтсақ: «Мөденің кезеңі ғұн тарихында ерлік жырын шығарудың бір жарқын дәуірі» [5, 9-б] болды.
Өмірден өткен ерлерді құрметтеу, елдің бірлігі мен тыныштығын, тәуелсіздігін, адамгершілік қасиеттерді ардақ тұту идеялары, әсіресе, батырлық жырларда кеңінен көрініс тапқан.
Кезінде қазақтың қаһармандық эпосының тууы жайында академик Қ.Жұмалиев те: «Қай елдің эпосы болмасын, белгілі бір тарихи оқиғаның ізін баса туғанға ұқсайды және ол бір күн не бір жылдың ғана жемісі емес, халықтың басынан өткізген талай заман, талай ғасыр, талай тартыстардың нәтижесі... Қазақтың осы күнгі ұзақ эпостарының бастамалары ерте замандағы патриархалдық рулық құрылыс кезінде: үйсін, қаңлы, қоңырат, керей, қыпшақ замандарында әр рудың өз істерін ерлікке айналдырып жыр еткен қысқа көлемді жырлар жатуы, кейін олар ұмытылса да есте сақталынып қалған аңыздардың негізінде ұзақ жыр, поэмалардың туу мүмкін» [6, 25-б] – деген пікір білдірген болатын. Сол сияқты фольклортанушы ғалым Ш.Ыбыраев та: «Қаһармандық эпос өзіне дейінгі көне эпостың бай эпикалық тәжірибесін, жалпы ауыз әдебиетінің ең көркем тәсілдерін, жеткен биігін өз бойына сіңіру арқылы» қалыптасқандығын айтады [7, 75-б].
Бұл келтірілген пікірлер қазақтың қаһармандық эпостарының сонау ежелгі сақ, ғұн дәуірлерінен негіз алып, тарихи жағдайларға орай қалыптасып, дамыған, дәстүрлі жанрлардың өңделіп, толықтырылып әр қырынан жетілдірілген жаңа пішіндегі көріністері деп айтуымызға толық негіз болады.
Ежелгі жыр, аңыздардың кейінгі дәуірде туған Орхон жыр жазбалары мен Қорқыт ата жырларының тууына да негіз болды. Түркі халықтарында эпикалық дәстүрдің ежелгі дәуірлердің өзінде-ақ болғандығына Орхон ескерткіштеріндегі эпикалық үрдіс те дәлел болады. Орхон жазба ескерткіштерінің көрнектісі болып саналатын «Күлтегін» жырының басты қаһарманы Күлтегін ғана емес сол сияқты белгілі қоғам қайраткерлері, батырлары қайтыс болғанда оларды сол дәуір сөз шеберлерінің де көне дәуірлерден қалыптасқан дәстүр бойынша жоқтап, олардың еліне еткен қажырлы іс, еңбектерін, ерлікке толы батырлық жорықтарын жыр еткені күмәнсіз. Қазақ ғалымдарының көбісі VI-VIII ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерін қазақ фольклорындағы қаһармандық эпос жанрының көне үлгісі ретінде де бағалайды. Қазақтың бірнеше күн қатарынан жырланатын эпостарымен салыстырғанда көлемі едәуір аз көрінетін тасқа жазылған бұл жырлардағы ықшам жолдар кейінгі қаһармандық эпостарымыздағы майдан көріністерін, ел тәуелсіздігі жолындағы күрестерді көз алдымызға елестете алады.
Кейінгі дәуірлердегі ел тәуелсіздігін арқау еткен қаһармандық, тарихи жырлардың, сол сияқты осы мазмұндағы авторлы көркем туындылардың қалыптасып, дамуында ежелгі фольклорлық мұралар мен көне әдебиет үлгілерінің – ежелгі эпикалық дәстүрдің өзіндік орны болды. Бұл дәстүрлі сабақтастық олардың жанрлық, идеялық-көркемдік сипаттарындағы басты белгілерінен айқын аңғарылады.
Қорыта айтқанда, Отан қорғауды, елдің тәуелсіздігі мен ішкі бірлігін мұрат етіп, ерлік пен адамгершілік ізгі қасиеттерді ардақ тұтқан отаншылдық рухтағы фольклорлық және ежелгі әдеби мұраларды қазіргі дамыған ғылым жетістіктері мен техникалық, ақпараттық құралдарды тиімді де кеңінен пайдалана отырып таныту, насихаттау, рухани кәдеге жарату қазіргі кездегі ғылым мен мәдениет саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі болуға тиіс деп ойлаймыз.
Әдебиеттер
1. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. – Алматы: Ана тілі. 1991.
2. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – Алматы: Жазушы, 1985
3. Марғұлан Ә.Х. Қазақстан халықтары мен тайпаларының VІ-ХІІ ғасырлардағы мәдениеті. Қазақ ССР тарихы. – Алматы: Қазақ мемлекеттік баспасы, 1957. – І т.
4. Қыраубаева А. Ежелгі әдебиет. 5 томдық шығармалар жинағы. 2-том. – Алматы: Өнер. 2008.
5. Бердібай Р. Эпос мұраты. – Алматы: Білім, 1997.
6 Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет мәселелері. – Алматы: Қазмемкөркем әдебиет баспасы, 1958. – 1-т.
7. Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. – Алматы: Ғылым, 1993.
Түйіндеме
Бұл еңбекте ел тәуелсіздігін, бірлігін, Отан қорғауды, отаншылдықты, ерлікті арқау еткен қазақ әдеби туындыларының бастаулары болып саналатын ежелгі фольклорлық жанрлар мен әдебиет үлгілері, олардың танымдық, тәрбилік мәні, таныту мен насихаттаудың маңызы қарастырылған.
Резюме
В этой работе рассматривается познавательное, воспитательное значение древних жанров фольклора и образцов литературы, в которых воспевается независимость, единство, героизм народа, призывают к патриотизму и защите Отечества.
The article considers the ways, how to cheer up the independence, unity of people calling to the patriotism and defence of Motherland.
Достарыңызбен бөлісу: |