Жас қазақ. 2014. №40 Тілеубай Т. Іргелі реформа керек



Дата09.06.2016
өлшемі54.45 Kb.
#124503
Жас қазақ.- 2014.- №40

Тілеубай Т.

Іргелі реформа керек

Соңғы кездері өркениетті елдердегі жоғары оқу орындарын автономдық жүйе арқылы басқару тәсілін елімізге енгізу туралы мәселе жиі көтеріліп жүр. Бүгінгі күннің осынау өзекті тақырыбы туралы жуырда Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев «Жас қазаққа» арнайы сұхбат берген еді. 

Жас қазақ: Білім сапасын көтеруге мемлекет тарапынан ерекше басымдық беріліп отыр. Осы орайда қазақстандық жоғары оқу орын­дарының жүйесі туралы ой-пікіріңізді білсек. Сіздің ойыңызша, еліміздегі жоғары білім беру жүйесі жаңа бағытқа бет бұруға дайын ба?

Ақылбек Күрішбаев: Өздеріңіз көріп отыр­ған­дай, дәл қазіргі таңда отандық жоғары білім беру жүйесі толығымен реформалауды қажет етеді. Еліміздің экономикасы 20 жылдан бері нарық талаптарына қызмет еткеніне қара­мастан жоғары білім беру жүйесі сол баяғы күйін­ше орталықтандырылған және әкімшілік-жос­парлы әдіспен басқарылады. Әлемнің дамы­ған елдерінде университеттердің автономды моделі бұрыннан қалыптасқан. Соның нәти­жесінде іргелі ғылыми-зерттеу мен сапалы білім үдерісі қамтамасыз етілген. Отандық жоғары білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеру үшін бізде бұдан былай ғаламдық үрдістен тыс қала алмаймыз. Қазақстан осы тәжірибені үйре­ніп, жедел оған бейімделуі қажет. Сөйтіп әлемдік ғылым-білім қоғамдастығының бір мүшесі болуы керек. 
Жас қазақ: АҚШ университеттеріне жоғары білім стандартын сақтап тұруға қандай жағдай ықпал етуде?

Ақылбек Күрішбаев: Бұл жетістікке АҚШ университеттері кездейсоқ жеткен жоқ. Ол мемлекеттік саясаттың мақсатты, жоспарлы жүр­гізілуінің нәтижесі. Университеттердің ба­сым бөлігі коммерциялық ұйым емес, сон­дық­тан олар салық төлеуден босатылған. Түс­кен пайда ішкі қажеттіліктерді өтеуге, мәселен білім беру қызметі сапасын көтеруге, ғылыми зерттеу мен инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталады. Бұдан бөлек университеттерге инвестиция тартушы бизнес үшін мемлекет қолдауымен арнайы салықтық жеңілдіктер қарас­ты­рылған, яғни бұл да қосымша қар­жы­ландыруға мүмкін­дік береді. АҚШ-та жо­ға­ры оқу орындарына академиялық еркін­дік берілген, яғни олар біре­гей, өзіндік оқу-бағ­дар­ламаларын қалыптастыра және енгізе ала­ды. Жаңа білім беру әдістерін қолдануға құ­қық берілген. Бұл өз кезегінде икемді білім беру қызметтерін көрсетуге, жаңа ғылы­ми бағыт­тардың тууына, сонымен қатар оқыту­шы­лардың кәсіби және ғылыми мамандандырылуын еңбек нарығында динамикалық дамыту талаптарына да жауап береді. Сонымен қатар АҚШ универси­теттері ауқымды басқару мен автономды қаржы­лан­дыруға негізделген. Бұл ретте университетке өкілеттікті табыстау төмендемейді, керісінше қаржы саласындағы шығындарды бақылауды күшейтеді. Бірінші­ден, университеттерге тиімді қаржы ме­недж­мен­ті енгізілген: бюджетті басқа­ру стра­тегия­лық жоспарды дамыту негізінде қатаң жүр­гі­зіле­ді. Екіншіден, ішкі және сыртқы қар­жы­лық тек­серіс тәжірибесі қалыптасқан. 
Жас қазақ: Бүгінгі таңда АҚШ-тың универ­ситеттері көптеген функцияларға ие. Мұндай жағ­дай ректордың өкілеттігіне қаншалықты әсер етеді?
Ақылбек Күрішбаев: Автономды университет ректорлары мүмкіндігі шексіз жетекші емес, оған ешқандай қауіп жоқ. Керісінше, олар бел­гілі бір уақытқа таңдалып, тағайындалады. Сон­дай-ақ, ректордың өкілеттілігінің артуы оның мемлекет пен қоғам алдындағы жа­уап­кершілігін де арттырады. Қабылданған шешім­дердің нәти­желі болуы үшін университетте директорлар кеңесі немесе қамқоршылар кеңесі құрылады. 

Жас қазақ: Сіздің ойыңызша, осыған ұқсас қағидаттар бойынша елімізде жоғары білім жүйе­сін құруға бола ма? Бұған қаншалықты қажеттілік бар?
Ақылбек Күрішбаев: Әрине, әлемдегі дамы­ған елдердің табысты тәжірибесін сараптай келе, біз Қазақстандағы жоғарғы білім беру жү­йе­сіне осыған ұқсас қағидаттарды енгізуіміз керек. Озық адам капиталын дамытуда бұдан басқа жол жоқ. Тек осы шешім ғана отандық жоғарғы білім берудегі сапаны көтеруді түбе­гейлі шешуге және тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Олай болмаған жағдайда, осы уақытқа дейін келе жатқан мемлекеттік жоғарғы білімді реттеу жүйесі сақталатын болса, қаржыны қан­ша жерден ұлғайтсақ та, біз бастапқы нәти­жемен қалып қоямыз. Егер біз алға қарай қадам басатын болсақ, бізге жоғарғы білім жүйесін әлемдік стандартқа сәйкес бейімдеуіміз қажет. Ол үшін әлемдік тәжірибедегі жоғарғы білім-ғылым жү­йесіндегі реформаны пайдаланып қана қой­май, жетекші ғылыми университет­термен бар­лық дең­гейде, соның ішінде оқыту және зерттеу жүр­гізуде белсенді байланыс орнату қажет. 

Жас қазақ: Ендігі кезекте еліміздегі ауыл шаруашылығы мен техникалық маман­дық­тар бойынша маман дайындайтын ең ірі универ­ситеттің басшысы ретінде агроөнер­кәсіптік кешенге қажетті кадр даярлау барысына тоқтал­саңыз?
Ақылбек Күрішбаев: Егер ауыл шаруашылығы саласы туралы айтар болсақ, қазіргі таңда жаңа технология мен өндіріске қабілетті жас мамандар қажет. Бұл үшін жаңа ғылыми мектеп, заманауи білім беру бағдарламасы керек. Өйткені біз басқа озық әлемнен айтарлықтай артта қал­ған­быз. Біз үнемі фермерлерді ғылымға тартуды, оларға біздің зерттеуді сіңіруді айтып келе­міз, бірақ осы уақытқа дейін тиімді алға жыл­жу­шылықты көрмедік. Фермерлер ғылымға өздері сүйенген кезде, тіпті ғылыми зерттеу жұ­мыстарын қаржыландырғанда ғана ғалымдар шын мәнінде ауыл шаруашылығы өндірісін да­мы­туға қажетті тиімді шешімдерін ұсына алады. 
Жас қазақ: Сіздің университет осы бағытта нақты қандай жұмыс атқаруда?
Ақылбек Күрішбаев: Айта кетерлігі, биыл маусым айында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университеті мен Дэвистегі Ка­лифорния университетінің арасында оқу орнымызды Назарбаев университеті үлгісіндегі аграрлық-зерттеу университетіне айналдыру туралы әріптестік келісімшартқа қол қойылды. Осы орайда атап айтқым келетіні, Дэвистегі Калифорния университеті әлемдегі аграрлық саладағы жетекші оқу орны болып табылады. Оның тәжірибесін озық университеттер үлгі тұтады, оның жетістіктері көптеген елдерде ауыл шаруашылығы саласы мамандарын да­йын­даудағы негізгі темірқазық болып отыр. Біз аграрлық және техникалық ғылымдарды мең­гер­ген әлемнің озық профессорларын әріп­тес­тік тәжірибе алмасуға тарта отырып, білім беру жұмысын ұйымдастыруды жаңа жолға қойып, жаңа бағытта дамытуға қол жеткіземіз. Дэвистегі Калифорния университетінің білім беру жүйе­сін толық енгізе алсақ, біз үшін тиімді, жаңаша даму жолы болары сөзсіз. Себебі бұл универ­си­теттің ғалымдары жас мамандар үшін қажетті білім беру мен тағылымдамадан өткізудің бар­лық тетігін айқындаған. Дәл осы тәжірибе негі­зінде елімізде аграрлық жоғары оқу орында­рындағы білім беру жүйесін реттесек, білім, ғылым, инновациялық кеңістіктегі артта қалу­шы­лықты жоюға қол жеткізер едік. 
Жас қазақ: Қазір әлемнің өзге елдерінде мұндай бағыт қолданыла ма?
Ақылбек Күрішбаев: Иә, мысалы, бұл стратегия көптеген дамушы елдерде тиімді қолда­нылуда. Мысалы, Малайзия және Сингапур осы­ған ұқсас тәжірибелерді енгізе отырып, қарқынды экономикалық дамуға жол ашты. Олар жоғары білім беру жүйесін әлемдік стан­дарт­қа сәйкес құру арқылы, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізумен, әлемнің жетекші университеттерімен ынтамақтастық орнату арқылы, білім мен ғылымның жеке құзыреттілі­гін өсіру нәтижесінде тұрақты дамуға қол жет­кізді. Бүгінде Қазақстанның алдында ауқымды инновациялық даму стратегиясын іске асыру мақсаты тұр. Ал бұған қол жеткізу үшін, бірінші кезекте, жоғары оқу орындарына реформа жасауымыз қажет. Бұл бағытта біздің университет­теріміз әлемдік білім-ғылымға, тәжірибелерге есігін айқара ашып, халықаралық ғылым-білім қауымдастығына толыққанды мүше болуы керек. Ол үшін біз әлемдік қолданыстағы жаңа ережелерді қабылдағанымыз абзал, яғни уни­верситеттің дербестігі қағидасынан бастап, ғы­лыми этиканы мүлтіксіз сақтау қағидаттарына дейін. Болон процесіне мүше болу арқылы Қа­зақстан бүгінгі таңда бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды бастап та кетті және алдағы бағындырар белестеріміз де көп. Бізде Назарбаев Университеті сынды қол жеткізген нақты көрсеткіш те бар, ендігі кезекте бұл тәжірибені еліміздегі басқа да оқу орындарына жеделдете енгізу қажеттілігі тұр. 
Жас қазақ: Сұхбатыңызға рахмет айтамын. 




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет