Жас қазақ.- 2014.- №40
Тілеубай Т.
Іргелі реформа керек
Соңғы кездері өркениетті елдердегі жоғары оқу орындарын автономдық жүйе арқылы басқару тәсілін елімізге енгізу туралы мәселе жиі көтеріліп жүр. Бүгінгі күннің осынау өзекті тақырыбы туралы жуырда Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев «Жас қазаққа» арнайы сұхбат берген еді.
Жас қазақ: Білім сапасын көтеруге мемлекет тарапынан ерекше басымдық беріліп отыр. Осы орайда қазақстандық жоғары оқу орындарының жүйесі туралы ой-пікіріңізді білсек. Сіздің ойыңызша, еліміздегі жоғары білім беру жүйесі жаңа бағытқа бет бұруға дайын ба?
Ақылбек Күрішбаев: Өздеріңіз көріп отырғандай, дәл қазіргі таңда отандық жоғары білім беру жүйесі толығымен реформалауды қажет етеді. Еліміздің экономикасы 20 жылдан бері нарық талаптарына қызмет еткеніне қарамастан жоғары білім беру жүйесі сол баяғы күйінше орталықтандырылған және әкімшілік-жоспарлы әдіспен басқарылады. Әлемнің дамыған елдерінде университеттердің автономды моделі бұрыннан қалыптасқан. Соның нәтижесінде іргелі ғылыми-зерттеу мен сапалы білім үдерісі қамтамасыз етілген. Отандық жоғары білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеру үшін бізде бұдан былай ғаламдық үрдістен тыс қала алмаймыз. Қазақстан осы тәжірибені үйреніп, жедел оған бейімделуі қажет. Сөйтіп әлемдік ғылым-білім қоғамдастығының бір мүшесі болуы керек.
Жас қазақ: АҚШ университеттеріне жоғары білім стандартын сақтап тұруға қандай жағдай ықпал етуде?
Ақылбек Күрішбаев: Бұл жетістікке АҚШ университеттері кездейсоқ жеткен жоқ. Ол мемлекеттік саясаттың мақсатты, жоспарлы жүргізілуінің нәтижесі. Университеттердің басым бөлігі коммерциялық ұйым емес, сондықтан олар салық төлеуден босатылған. Түскен пайда ішкі қажеттіліктерді өтеуге, мәселен білім беру қызметі сапасын көтеруге, ғылыми зерттеу мен инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталады. Бұдан бөлек университеттерге инвестиция тартушы бизнес үшін мемлекет қолдауымен арнайы салықтық жеңілдіктер қарастырылған, яғни бұл да қосымша қаржыландыруға мүмкіндік береді. АҚШ-та жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілген, яғни олар бірегей, өзіндік оқу-бағдарламаларын қалыптастыра және енгізе алады. Жаңа білім беру әдістерін қолдануға құқық берілген. Бұл өз кезегінде икемді білім беру қызметтерін көрсетуге, жаңа ғылыми бағыттардың тууына, сонымен қатар оқытушылардың кәсіби және ғылыми мамандандырылуын еңбек нарығында динамикалық дамыту талаптарына да жауап береді. Сонымен қатар АҚШ университеттері ауқымды басқару мен автономды қаржыландыруға негізделген. Бұл ретте университетке өкілеттікті табыстау төмендемейді, керісінше қаржы саласындағы шығындарды бақылауды күшейтеді. Біріншіден, университеттерге тиімді қаржы менеджменті енгізілген: бюджетті басқару стратегиялық жоспарды дамыту негізінде қатаң жүргізіледі. Екіншіден, ішкі және сыртқы қаржылық тексеріс тәжірибесі қалыптасқан.
Жас қазақ: Бүгінгі таңда АҚШ-тың университеттері көптеген функцияларға ие. Мұндай жағдай ректордың өкілеттігіне қаншалықты әсер етеді?
Ақылбек Күрішбаев: Автономды университет ректорлары мүмкіндігі шексіз жетекші емес, оған ешқандай қауіп жоқ. Керісінше, олар белгілі бір уақытқа таңдалып, тағайындалады. Сондай-ақ, ректордың өкілеттілігінің артуы оның мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін де арттырады. Қабылданған шешімдердің нәтижелі болуы үшін университетте директорлар кеңесі немесе қамқоршылар кеңесі құрылады.
Жас қазақ: Сіздің ойыңызша, осыған ұқсас қағидаттар бойынша елімізде жоғары білім жүйесін құруға бола ма? Бұған қаншалықты қажеттілік бар?
Ақылбек Күрішбаев: Әрине, әлемдегі дамыған елдердің табысты тәжірибесін сараптай келе, біз Қазақстандағы жоғарғы білім беру жүйесіне осыған ұқсас қағидаттарды енгізуіміз керек. Озық адам капиталын дамытуда бұдан басқа жол жоқ. Тек осы шешім ғана отандық жоғарғы білім берудегі сапаны көтеруді түбегейлі шешуге және тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Олай болмаған жағдайда, осы уақытқа дейін келе жатқан мемлекеттік жоғарғы білімді реттеу жүйесі сақталатын болса, қаржыны қанша жерден ұлғайтсақ та, біз бастапқы нәтижемен қалып қоямыз. Егер біз алға қарай қадам басатын болсақ, бізге жоғарғы білім жүйесін әлемдік стандартқа сәйкес бейімдеуіміз қажет. Ол үшін әлемдік тәжірибедегі жоғарғы білім-ғылым жүйесіндегі реформаны пайдаланып қана қоймай, жетекші ғылыми университеттермен барлық деңгейде, соның ішінде оқыту және зерттеу жүргізуде белсенді байланыс орнату қажет.
Жас қазақ: Ендігі кезекте еліміздегі ауыл шаруашылығы мен техникалық мамандықтар бойынша маман дайындайтын ең ірі университеттің басшысы ретінде агроөнеркәсіптік кешенге қажетті кадр даярлау барысына тоқталсаңыз?
Ақылбек Күрішбаев: Егер ауыл шаруашылығы саласы туралы айтар болсақ, қазіргі таңда жаңа технология мен өндіріске қабілетті жас мамандар қажет. Бұл үшін жаңа ғылыми мектеп, заманауи білім беру бағдарламасы керек. Өйткені біз басқа озық әлемнен айтарлықтай артта қалғанбыз. Біз үнемі фермерлерді ғылымға тартуды, оларға біздің зерттеуді сіңіруді айтып келеміз, бірақ осы уақытқа дейін тиімді алға жылжушылықты көрмедік. Фермерлер ғылымға өздері сүйенген кезде, тіпті ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландырғанда ғана ғалымдар шын мәнінде ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қажетті тиімді шешімдерін ұсына алады.
Жас қазақ: Сіздің университет осы бағытта нақты қандай жұмыс атқаруда?
Ақылбек Күрішбаев: Айта кетерлігі, биыл маусым айында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Дэвистегі Калифорния университетінің арасында оқу орнымызды Назарбаев университеті үлгісіндегі аграрлық-зерттеу университетіне айналдыру туралы әріптестік келісімшартқа қол қойылды. Осы орайда атап айтқым келетіні, Дэвистегі Калифорния университеті әлемдегі аграрлық саладағы жетекші оқу орны болып табылады. Оның тәжірибесін озық университеттер үлгі тұтады, оның жетістіктері көптеген елдерде ауыл шаруашылығы саласы мамандарын дайындаудағы негізгі темірқазық болып отыр. Біз аграрлық және техникалық ғылымдарды меңгерген әлемнің озық профессорларын әріптестік тәжірибе алмасуға тарта отырып, білім беру жұмысын ұйымдастыруды жаңа жолға қойып, жаңа бағытта дамытуға қол жеткіземіз. Дэвистегі Калифорния университетінің білім беру жүйесін толық енгізе алсақ, біз үшін тиімді, жаңаша даму жолы болары сөзсіз. Себебі бұл университеттің ғалымдары жас мамандар үшін қажетті білім беру мен тағылымдамадан өткізудің барлық тетігін айқындаған. Дәл осы тәжірибе негізінде елімізде аграрлық жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесін реттесек, білім, ғылым, инновациялық кеңістіктегі артта қалушылықты жоюға қол жеткізер едік.
Жас қазақ: Қазір әлемнің өзге елдерінде мұндай бағыт қолданыла ма?
Ақылбек Күрішбаев: Иә, мысалы, бұл стратегия көптеген дамушы елдерде тиімді қолданылуда. Мысалы, Малайзия және Сингапур осыған ұқсас тәжірибелерді енгізе отырып, қарқынды экономикалық дамуға жол ашты. Олар жоғары білім беру жүйесін әлемдік стандартқа сәйкес құру арқылы, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізумен, әлемнің жетекші университеттерімен ынтамақтастық орнату арқылы, білім мен ғылымның жеке құзыреттілігін өсіру нәтижесінде тұрақты дамуға қол жеткізді. Бүгінде Қазақстанның алдында ауқымды инновациялық даму стратегиясын іске асыру мақсаты тұр. Ал бұған қол жеткізу үшін, бірінші кезекте, жоғары оқу орындарына реформа жасауымыз қажет. Бұл бағытта біздің университеттеріміз әлемдік білім-ғылымға, тәжірибелерге есігін айқара ашып, халықаралық ғылым-білім қауымдастығына толыққанды мүше болуы керек. Ол үшін біз әлемдік қолданыстағы жаңа ережелерді қабылдағанымыз абзал, яғни университеттің дербестігі қағидасынан бастап, ғылыми этиканы мүлтіксіз сақтау қағидаттарына дейін. Болон процесіне мүше болу арқылы Қазақстан бүгінгі таңда бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды бастап та кетті және алдағы бағындырар белестеріміз де көп. Бізде Назарбаев Университеті сынды қол жеткізген нақты көрсеткіш те бар, ендігі кезекте бұл тәжірибені еліміздегі басқа да оқу орындарына жеделдете енгізу қажеттілігі тұр.
Жас қазақ: Сұхбатыңызға рахмет айтамын.
Достарыңызбен бөлісу: |