Жастардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселелері
Еліміз егемендік алған жылдардан бастап қоғам өмірінде түрлі саяси, тарихи, экономикалық күрделі өзгерістер, сан-салалы бағыттарды қамтып, бүгінгі таңда әр түрлі этникалық топтар мен түрлі діни ағымдағы қоғамды қалыптастырды. Бұл Конституцияда жазылған азаматтарға берілген діни наным-сенім бостандығының жемісі. Өйткені, дін атаулының қоғамдық сананың қалыптасуы мен дамуында орны мен рөлі ерекше. Дін мәселесін тек қана құдайды танып, оған ғибадат жасау ғана деп түсіну жеткіліксіз. Қазіргі таңда мемлекетіміз дін мәселесінің күрделілігі мен маңыздылығын түсініп, діни қатынастарға, яғни дінге байланысты маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені, қандай да бір ұлттың басты құндылығының бірі, оның діни сенімі болып табылса, онда дін мен халықтың бірлігі бір-бірімен тікелей байланысты екенін уақыттың өзі дәлелдеді.
Қоғам өмірінде дін рөлінің артуы, діни ұйымдар белсенділігінің күшеюі мен қанат жаюы жағдайында жастардың дінге деген қызығушылығы артып келеді. Олар үшін әлемдік дәстүрлі діндердің рухани-адамгершіліктік мұрасы, оның мазмұны мен мәні үлкен мәнге ие. Бұған адамзаттың өркениетті дамуы мен рухани жаңғыруына қатысты күйіп тұрған мәселелерге анық та нақты жауаптардың болуы керектігін талап ететін, әлемдегі қалыптасқан тәртіп те ықпал етуде.
Қазіргі кезеңде мемлекетіміз үшін азаматтар бойындағы өзіндік қасиеттерге нұқсан келтірмей, жаңа қасиеттерді, дербестікті және таңдау мен шешім қабылдау жағдайындағы жауапкершілікті тұлға аралық барабар қарым-қатынас орнатуға, қоғамдағы тиімділікті арттыруға әсер ететін білім, білік, дағдыларды ұлттық мәдениет аясында қалыптастыру мәселесі тұр.
Бүгінгі біздің қоғамымыздың өткір мәселесінің бірі – діни экстремизм. Экстремизмнің қандай бір түрі болмасын, ол мемлекеттің тұтастығына, ұлттың қауіпсіздігіне, азаматтардың құқығына және бостандығына үлкен қауіп төндіреді. Кез келген ел үшін діни экстремизмнің ең қауіпті түрі дін атын жамылып, ұлттар және діндер арасына от салу. Мұның арты үлкен қақтығыстарға алып келетіні мәлім. Экстремистік әрекеттер мен ұйымдар Қазақстанда да пайда болып, өз лаңды істерін» атқарумен» көзге түсуде. Осы орайда Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында дін мәселесіне ерекше мән беріп, бірқатар тапсырмалар мен жауапкершіліктерді жүктеді. Атап өтсек:
- мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс;
- діни радикализм мен экстремизмнің пайда болуын бейтараптандыру мақсатында заңдарымызды күшейтуіміз керек;
- жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейту, өйткені кейбір сыртқы экстремистік күштер жастарымызды дұрыс жолдан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда.
Осыған байланысты, жастар арасында толеранттық мінез-құлық қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оған қарсы әрекет ету шаралары негізінде қазіргі көп ұлтты елімізде түрлі шаралар ұйымдастырылып, жүзеге асырылуда. Мемлекет жүргізіп отырған халықаралық келісім мен ұлтаралық бірлікті дамытуға бағытталған нақты саясат аға буын мен кіші буын арасындағы өзара түсіністікті, ең бастысы, ата-ана мен бала арасындағы бірлікті, жастардың ішкі мәдениетінің дамуын, ұлттық сана-сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық құндылық тұрғысынан қамтиды.
Қазіргі таңда деструктивті, кей жағдайда тіпті радикалды исламдық ағымдардың белсенді әрекеті елдің ұлттық өзіндік ерекшелігінен айырылып қалу қаупіне апарып соғуы мүмкін. Ол ең алдымен діндар жұртшылықтың біздің төл қазақ дәстүрлерінен бас тартып, оны жоққа шығарып, фундаменталды және радикалды идеялардың күшеюінен көрінісін табады. Сондықтан да мемлекеттің алдында тұрған басты мақсаттардың бірі - қоғамымызда діни процестердің саясаттануына жол бермеу.
Осы орайда, маңызды болған мәселенің бірі, бұл – дәстүрлі емес діни қозғалыстардың қызметтерін ретке келтіру. Себебі, олардың әрекеттері қоғамда кереғар көзқарастар туғызып келеді. Өйткені, қазіргі таңда ұлт және дін, тарих және дін, дәстүр және дін мәселесі де терең байыпталмай келеді. Дінді салтпен, дәстүрмен шатастырушылар көбейді.
Сондықтан жастарға рухани адамгершілік тәрбие беру басты назарда болуы тиіс. Жаңа жас буынның дүниетанымын қалыптастыру мен тәрбиелеуде ұлттық дәстүріміздегі адамгершілік пен ар-ұят ұстанымдарын бүгінгі заман талаптарына сай тиімді түрде қолдана алсақ, бұл ұлтжанды және иман жүзді ұрпақ қалыптастырудың негізі болады.
Жаңа қоғам қалыптастырудың жалпы әлеуметтік мәдени механизмінің мәнді бөлігі ретінде дәстүршілдік көрінеді. Этномәдени дәстүрді қайта жаңғырту, мәдени мұраны сақтау, ұлттық өзіндік ерекшелік және жалпыадамзаттық құндылықтардың арақатынасы бағдарламалары түбегейлі маңызға ие. Мәдени шындықтың өзі адамның өзіндік бірегейлігін айқындайды. Қазіргі заманауи өркениет жағдайында этникалық мәдениет ұлттық мәдениеттің ерекшелігін айқындайтын қабат болып табылады.
Жастардың рухани әлемінің жағдайы жастар үшін ғана емес, бүкіл қоғам өмірі үшін де маңызды орын алады, өйткені жастар біздің болашағымыз. Жастардың рухани мәдениетін құраушылардың бірі құндылықтық бағдарлар болып табылады яғни, белгілі-бір мәндерді өмірді ұйымдастырушы бастамалар ретінде қабылдау және өзін соған сәйке ұстау.
Адамның адамгершілігі – оның жоғары қасиеті. Оның негізгі белгілерінің бірі – өзі үшін ғана емес, ел, қоғам үшін өмір сүру, адамдық ар – намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға дайын болу. Арлы адам – ардақты адам. Адамгершіліктің асыл қасиеттері: Отансүйгіштік, мейірімді, адал, еңбекқор, ақылды, әділ, парасатты жас ұрпақтарымыздың бойынан табылуы тиіс. Басқаша айтқанда, бүгін біз тек өзара түсіністік пен сыйластықтың, бір-бірімізге деген құрметтің арқасында ғана тіршілігімізді жалғастыра алмақпыз. Бұл үдеріс біздің әрқайсымыздың өз дінімізді, дәстүрімізді құрметтеуге, дәріптеуге кедергі болмайды. Өйткені, әрбір дін – ақиқатқа деген ұмтылыс.
Сондықтан да, еліміздің болашағы үшін жастарды тәрбиелеуде рухани құндылықтардың маңызы зор және біз күнделікті өмірде оларды қолданудың аясын кеңейтіп, үнемі назарда ұстап отыруымыз қажет.
Қорыта айтсам, жастарымыздың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық, әдептілік, ибалылық, төзімділік сынды қасиеттерді арттырып, олардың жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды толыққанды түсініп, өмірлік жолдарында ұстануына септігін тигізуге әсер етуіміз керек.
Дін істері агенттігінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының ғылыми қызметкері С.Б.Оспанова
http://baq.kz/kk/news/38207
Достарыңызбен бөлісу: |