ҚОРЫТЫНДЫ
Сонымен «Алашорда ісінің» тергеуі толық аяқталып, соғыс жағдайында қолданылатын әскери-дала сотының үлгісіндегі «үштіктің» қарамағына жіберілген. Ал тергеу хаттамалары «өте құпия» деген бұрыштамамен қауіпсіздік мекемесінің мұрағатына жолданған. Сөйтіп, алды үш жылдан астам тергеу қысымын көрген жиыны 71 алаш азаматы қазақ үшін үш миллионға жуық адамынан айырылған ең қасіретті 1932 жылдың – ашаршылық пен азаптың табалдырығын аттады.
Олардың бұдан кейінгі тағдыры мәскеулік жазалау мекемелерінің ырқына көшті. Осы арада сәл ғана тыныс алып, шолақ өрт сияқты шолақ қана ойлануға мүмкіндік алғымыз келеді. Ендігі сұрақ: осы үштіктің коллегиясы тек тергеу ісінің айғақтары бойынша дербес үкім шығаруға құқы бар ма еді? Жоқ еді. Қанша құзырлы «саяси басқарма» болcа да, коллегияның қаулысы Орталық партия комитетінің бөлімдеріне жіберіліп, арнайы партиялық кеңесте қаралып, мақұлданатын. Сөйтіп, үкім шығаруға партия, үкімет (прокуратура), сот қызметкерлері, яғни, «үштік» шартты түрде ғана қатысатын. Әрине, Қазақстанда бұл істі «айналымға түсіріп», бұранданы бұрап не босатып отырған Голощекиннің өзі болатын.
Ал іс Мәскеудің қарамағына көшкенде олардың екпіні басылып қалған. Ол М.Дулатовтың түрмедегі «Қолхатынан» аңғарылады. Оның басты себебі – Қазақстанда жаппай ашаршылық жүріп жатқан тұста Голощекиннің қаққан қазығының түбі босап келе жатқан. Сол тұстағы қалыптасқан саяси жағдайға, партия мен мемлекет құрылымындағы жіктелу жүлгесіне, жазалау шараларының науқандық сыпатына, кеңес және алаш қайраткерлерінің өзара қарым-қатынасына, жалпы сол тұстағы тарихи-психологиялық барлығудан (стресске) мағлұмат беретін құпия құжаттардың мазмұнына назар салсақ, тура сол 1931-1932 жылдары кеңес өкіметінің айылы сәл босаң тартыпты. Жазалау машинасы іске қосылып кеткендіктен оның бетін қайтару мүмкін емес еді. Үштіктің ату жазасын жаппай қолдануы азайып, жоғары жазаны шоғырландырылған лагерьлерге ауыстыруға бет алғаны байқалады.
Міне, осындай босаңсыған «қас-қабаққа» қарамастан тергеу астындағы «екінші қатардағы» Х.Ғаббасовқа, Ж.Аймауытовқа, А.-С.Юсуповқа, Ә.Байділдинге, Д.Әділеевке қарата шығарылған ату жазасын орындатуға, әрине, Сталиннің қас-қабағына қарап, баспақтай амалдап, кімнің құзырлы мүмкіндігі болды? Мәскеуде «Алашорда» қозғалысы мен оның қайраткерлерін білетін, осы тергеу ісіне жақсы жағынан болсын, мейлі жазалау тұрғысында болсын, «кеңес бере алатындай» адам кім еді? Ең бірінші «Кене» – Ежов еске түседі. Ол Семейде губкомда жүргенде – М.Дулатов, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Орынборда қызмет еткенде – А.Байтұрсынов, С.Сәдуақасов, Қызылордада – С.Қожанов, С.Мыңбаев сияқты қазақ қызметкерлері оны «коммунист-колонизатор» ретінде әшкерелеп, иықтарымен ығыстырған еді. Әсіресе, Семей губкомын таратқан С.Сәдуақасовқа ерекше тісін басқан. Мәскеудегі орталық комитеттің қарамағына барып, құқық мекемелері дәргейіне көшкен соң «алашордашылардың» тергеу ісін желеу етіп «майданға еркін араласқан». Оған «Алаш ісіне» қатыстылар үштіктің үкімімен сотталып жатқан кезде Днепропетровскіден Кремльге «қызмет бабымен» шақырылып», таңертең аман –есен кіріп, кешке табытқа салынып шыққан, «кәсіптік улану» деп диагноз қойылған С.Сәдуақасовтың күдікті өлімі дәлел. Жұртты күдіктендірмес үшін М.Калинин сияқты «Кремльдің қаңбақ шалын» жерлеу рәсіміне қатыстырған. Бұл туралы С.Мұқановтың естелігінде нақты шындық айтылған. Әсіресе, Ежовпен ежелден ерегесі бар Х.Ғаббасов пен Ж.Аймауытовтың өзгелерден ерекшелініп атылып кетуінің өзі сондай күмән тудырады. Ал 1924 –1925 жылдардағы жер межелеу кезіндегі комиссия төрағасы ретінде қатысып, солтүстік облыстарды екінші рет Ресейдің құрамына кіргізуге ұмтылысының алдын кескен С.Сәдуақасов пен С.Қожанов бастаған қайраткерлер Ежов үшін «басмашы» ғана болатын.
Тергеудің үкіміне ықпал жасай алатын екінші адам Тұрар Рысқұлов еді. «Саяси бағдарын Сталиннің ырқына ықтап анықтайтын» (өз сөзі) саясаткердің Сталинге құпия түрде жазған жасырын мәлімдемелеріндегі:а) Алашордашылардың соңына тыңшы қоюды, ә) олардың З.Валидовпен астасқан жасырын ұйымдарын (өзін ақтай отырып) әшкерелеуді, б) С.Қожанов пен С.Сәдуақасовты саяси сақнадан шеттетуді, в) байларды тәргілеу мен колхоздастыруды тездетуді, г) Қазақстандағы партия мүшелерін тазалауды «жергілікті ерекшелікті ескере отырып қатаң жүргізуді», д) өзінің З.Валидовпен таныс екенін, Сұлтанғалиевпен хат алысқанын, Қазақстандағы қазақ қызметкерлерінің ұлтшылдық әрекеттерін дер кезінде «орталық комитетке, Сталин жолдастың жеке өзіне хабарламағанына» қатты өкінетінін, оған кездейсоқ оқиға ретінде қарауды өтінген «қолданба қызмет хаттары» әр қилы ойға жетелейді. Т.Рысқұловты: жиырмасыншы жылдары саяси-жазалау науқанынан кедейсоқ тыс қалды, таза ұлтшылдық бағыт ұстанды, ашаршылық тұсында қазақ халқының мүддесін қорғап хат жазды (нағында ол хат ашаршылық өтіп кеткеннен кейін, Голощекин орнынан түскеннен соң оның қызметтен алынуын негіздеуге тиісті партиялық тапсырмамен, ашаршылықты «абыроймен жүргізген» Ораз Исаевтің мәлімдемесі негізінде жазылған еді) – деген сияқты үгіт-насихаттық басылымдар нақты тарихи шындықтың бетін бүркеп кеткен жайлардың да бар екенін ескеруіміз керек. Өйткені мұнда бірдің, мыңның емес, миллиондардың тағдыр тауқыметі жатыр.
Үшінші адам, ОГПУ-дің коллегиясы қарсаңында Орталық комитеттің арнайы бөлімдерінде қабылдауда болған Смағұл Сәдуақасов. Тергеу барысына қарағанда тұтқындалғандардың барлығына С.Сәдуақасов пен С.Қожановтың астыртын ұйымға қатысын дәйектейтін сұрақтар берілген. Мүмкін, С.Сәдуақасов осы іске байланысты Кремльге шақырылған шығар. Бұл да кездейсоқ пікір бола қоймас. Әрине, солардың сыртында Ә.Бөкейханов та демін ішіне алып жүрді. Ә.Ермековтің «міндетті түрде Сталиннің қабылдауына кіріңіз» деуі алаш көсемінің жеке басының мүмкіндігін танытады. Оның өз басын арандатудан алып шығуы, шын мәнінде, «Алашорда» өмір сүрген кездегі кеңес өкіметіне қарсы күресін саяси айып ретінде тағуға мүмкіндік бермеген. Бұл да Ә.Бөкейхановтың Құнанбай айтқан: «Күресемін десең бопсаға шыда», – деген тәмсілін танытады.
Сондай-ақ тергеу аяқталардың алдында ғана 20 адам «қылмысы дәлелденбегені үшін», «айғақтардың жеткіліксіздігінен» бостандыққа шығарылады. Солардың ішінде тергеуде берген қорытындылары өте тиянақты, бар қылмысын мойындаған Иса Қашқынбаев та бар. Бұған пәлен деп жіп тақпасақ та, қаперге ала кетуге тура келеді. Мұның алдында И.Қашқынбаевтің «салпаңқұлақ» екендігі туралы таратылған қауесетті де назардан тыс қалдыруға болмас. Сонымен үштіктің үкімі шықты.
ЖАЛПЫЛАМА СИПАТТАМА
Сонымен, арасында аз үзіліс жасап барып үш жыл бойы қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан жинақтаған «Алашорда» ісіне қатысты тергеу ісін көшірген дәптердің соңғы беті де жабылуға жақын қалды. 1986 оқиғадан кейін КПСС орталық комитеті «қазақ ұлшылдығы» туралы қаулы қабылдап, желтоқсан оқиғасына қатысқан ұл мен қыздар жаппай қудаланып, партия, кеңес қызметкерлерінің арасынан да ұлтшылдар табылып, тергеу жүргізіліп жатқан тұста жасырын жазылып алынған (ішінара таспаға түсірілген) қатираның соңына әр томға, әр адамға, әр жауапқа қатысы қысқаша сипаттамалар жазыппыз. Зады, осынау «аса құпия құжаттарды» жариялаудың мүмкіндігі түптің-түбінде туатынына сенген сияқтымыз.
Сол күндердің әсерінен туған алаң ба, жоқ, бұл құжаттар қайтып қолға түспейтініне көз жеткендіктен бе, әлде аяулы алаш зиялыларының бейнесін жүректе сақтап қалуға деген шексіз ыстық сезім бе, кім білсін, түрме психологиясына қатысы бар-ау деген ойларымыз бен ескертпелерді де қағазға түсіріппіз. Қазір олар дәл сол кездегідей аңсарлы болмағанымен де, ұмытыла қоятындай жөні жоқ екен. Әсіресе, алаш зиялыларының тағдырына ықыласты зиялы қауым үшін танытар емеуіріні мен ашар астары бар екен. Сондықтан да салыстырмалы деректердің жиналуы мен жазылуы жиырма жылға созылған кітапты сол сипаттамалармен аяқтауды жөн көрдік.
Дінмұхамед (Дінше) Әділев тұтқынға түсісімен өзін «тұрақты мекені мен жұмысы жоқ», «әр топтың соңында жүрген», «жай бандит, тентек, бұзық емес», «қазақ ұлтының бастандығы үшін күрескен шыншыл саяси тұтқын» ретінде ұстаған. Соны дәлелдеу барысында қыза-қыза келіп камерада отырып саяси платформа жасап, ұйымның кестесін сызып, астыртын ұйымның «түрмедегі көсеміне» айналған. Жауаптарына және мінездеме берген адамдардың сөздеріне, біздің де жинастырған естеліктеріміздегі пікірлерге қарағанда қызба мінезді, өжет, қызықты да қиын оқиғаға құмар, әйтеуір ұлтжанды, бауырмал, «балалық тентектігі басылмаған» (М.Дулатов, С.Қожанов) ширақ жігіт. Оның көрсетінділерінің барлығын көшіріп шығу мүмкін емес. Менің қаламыма ілікпеген бір жауабында:
«Тұрар Рысқұлов Қызылорда қаласына келді. Кісілер кірі-шығып, асығыс жөн сұрасып жатты. Міржақып Дулатов екеуміз сәлем беруге бірге бардық. Міржақып мені ауыз үйде қалдырып, Рысқұлов екеуі оңаша бес минуттай сөйлесті. Іле бөтен кісілер келіп қалып, Рысқұлов соларды қарсы алуға шығып кетті де, әңгімелері үзіліп қалды. Сыртқа шыққан соң Міржақып Дулатов маған (Дінмұхамедке – Т.Ж.): «1922-жылғы Ташкенттегі ұйым туралы сөз бастап, енді түсіндіре бастап едім. Үлгермедім», – деді», – деген мағлұмат беріпті.
Бұған қарап Рысқұловтың астыртын ұйымға қатысы бар деп пікір тұюге бола ма? Мұндай дүдәмал деректер Д.Әділевтің әр көрсетіндісінде бар.
М.Тынышбаевтің жауаптары ұзақ әрі шашыраңқы болып келеді екен. Алғашқы көрсетінділерінде өзіне тағылған барлық айыптарды мойындайды. Бірақ та кейінгі жауаптарында одан бас тартып: «Менің ол жолы денсаулығым нашарлап тұр еді. Не айтқанымды, неге қол қойғанымды түсінбедім. Енді бәрі есіме түсіп отыр», – деген уәж білдірген. Ол: Жетісу өңіріндегі төңкеріске дейінгі оқиғаларға шолу жасап, Шкапскиймен бірігіп 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті жазалуға шыққан әскердің зардабын жоюға қатысқанын, атаман Анненковпен бір-екі рет кездескенін, оған қызмет көрсетуден бас тартқанын баяндайды. Ташкенттегі астыртын ұйымға: астыртын ұйым емес, пікірлестер мәжілісі – деп қарайды және Валидовпен кездескенін мойындайды. Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен бетпе-бет кездескеннен кейін алдыңғы көрсетінділерінен бас тартқан. Жандосов пен Рысқұловты туған бауыры есебінде санаған. Оларға шәкірт кезінде қамқорлық көрсеткен. 1914 жылы Тұрардың оқуын жалғастыруы үшін елден қаржы жиып беріпті.
Ең көп сұрақ-жауап алынғандар М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов және Ә.Ермеков. Олардың бұл жауаптары кейін айыптау үкімінде үзінді-үзінді ретінде пайдаланылған.
Тергеу: контрреволюциялық-террорлық, басмашылық ұйымның (жетекшісі Дінмұхамед Әділев); кеңес үкіметіне қарсы құрылған Орынбордағы астыртын ұйымның (жетекшісі Ахмет Байтұрсынов); шет ел интервенциясының күшіне сүйенген Ташкенттегі контрреволюциялық ұйымның (жетекшісі Мұхамеджан Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов) «қылмысты істерін» өзара байланыстырып, дабыл қағарлықтай әшкерелеу бағытында жүргізілген. Голощекин тергеу үрдісін бақылап отырған. Одан алынған мәліметтерді тергеу қорытындысы шықпай тұрып-ақ баяндамаларына пайдаланған.
Тергеу жауаптарынан тұтқындалған адамдардың арасындағы қарым-қатынас дәрежесі анық аңғарылады. «Алашорда» мүшелерінің жауаптары бір ыңғайда. Сөз арасына кездейсоқ адамдардың атын, жанама оқиғаларды кіріктірмеген. Идеясы, мақсаты, күрес жолы, сенімі мен пайымдары ұқсас. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатовтың сөздері бір жерден шыққан. Тергеушілер оларды «жүздік жақындықтарына» қарап (мысалы, бірінші топ – А.Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Елдес Омаров; екінші топ – Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов; үшінші топ – Мұхамеджан Тынышбаев, Ж.Күдерин, Біләл Сүлеев, О.Жандосв) топқа бөлген. «Қазақы қарға тамырлық» бұл адамдарға тән емес екенін тергеуші білмеген. Олар тергеушіге бір-бірін жек көретіндігі туралы айтқан. Мысалы, Х.Досмұхамедов пен Ә.Ермеков бір-бірімен сөйлеспейтіндігін көрсетсе де Ә.Ермеков ауруханада жатқанда Х.Досмұхамедов көңілін сұрай барып тұрғаны сөз арасында білініп қалады. М.Әуезов: «М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті «Сұғанақ сұр» атты шығармамда сынағанмын – дейді. Бұл: Жаһанша Досмұхамедов берген хатты оның рұқсатынсыз Қожановқа оқытып, оның тінту жүргізгеніне байланысты өмірлік шындықты арқау еткенін мекзегені. Сондықтан да мұндай көрсетінділерге абай болған жөн.
Жазба жауаптарына қарағанда: Х.Досмұхамедов – іскер, сөзге ұтымды, хат жазуға сараң. Жаһанша Досмұхамедов – өткір, орынды сөйлеп, мақал –мәтел қосып, тура кесіп айтады. Заңға жетік. Жазуы да ширақ, нақты.
Әлімхан Ермеков – қызба, күйіп-пісіп сөйлейді, күйіп-пісіп жазады. Өткір. Тергеушілерден жасқанбаған. Пафоспен сөйлеуге бейім. Оның кейін газетте жарияланған ашық хатының екі нұсқасы да тергеу ісінде сақталған.
Мұхамеджан Тынышбаев – аңғал, ойының етек-жеңі жиналмаған, Сөзі де, жазуы да созылмалы, немкеттілік басым. Оның саясаткерлігін ешқайсысы мойындамайды.
Иса Қашқынбаев – еркін сөйлеп, еркін формулировка жасайды. Жауаптарының барлығы да алдын-ала жөнделіп, өңделген сияқты әсер қалдырады.
Мұрзин Мұхтар – нағыз ер мінезді, тік сөйлеп, келте қайырады. Жауаптарының барлығы: мен тыңшы емеспін. Өсек жинамаймын Сондықтан да ештеңені есімде ұстамаймын – дегенге саяды.
Мұхтар Әуезов басында өзін сыпайы ұстаған. Тергеу соңында «жіби бастағаны» сезіледі.
Халел Ғаббасов – түрменің өзінде де күресіп, пікірін дәлелдеп, заңды талаптарынан бас тартпаған. Тергеушілер де ерегесіп, оны өзгелерден бөлек жеке камерада ұстаған.
Елдес Омаров – өзіне тағылған айыпты «өзінің жеке көзқарасы» ретінде дәлелдеген.
Жүсіпбек Аймауытов – шығармашылығы арқылы көркем көзқарасын жеткізуге ұмтылған. Бір өкініштісі, өзінің соңғы романы жаңа экономикалық саясатты бейнелейтінін, ондағы бай – капитализмнің тілін білетін бай,– деп көрсетеді. Сол қолжазбаны 1934 жылы Евгения Аймауытова Ғабит Мүсіреповке аманат етіп тапсырыпты. Ал ол қаламгердің тура сол тақырыптағы атақты шығармасынан Ж.Аймауытовтың жазу мәнері бірден байқалады. Өзі: «Менің ұстазым – Жүсіпбек. Ана романды соған еліктеп жаздым», – деп бізге де, басқаларға да, баспа жүзінде де айтып қалғаны бар еді. Күмәннан құдай сақтасын. Әйтеуір Аймауытовтың сол романы жоғалып кетті. Енді табыла қоюы неғайбыл. Ж.Аймауытовтың сол жылы атылып кетуіне «ежелгі ерегесі бар «Ежовтың» кесірі тиді ме. Әйтеуір Бекдуллаев деген шәкіртінің: «Шымкентте көтеріліске шақырып жазған үндеу Аймауытовтың қолтаңбасына қатты ұқсайды», – деген сөзі себепкер болғаны анық.
Мағжан Жұмабаев өзін түрмеде де ақын ретінде ұстаған сияқты. Оның көрсетінділерілеріндегі сөздерінің өзінен ыстық жалын шарпылып тұрады. «Алқа» әдеби үйірмесінің «Табалдырық» атты бағдарламасының суретке түсірілген қара қағазы (негативі) сақталған. Біз оны көшіріп алып жария еттік.
Жақып Ақбаевтың көрсетінділері тергеушілердің сұранысын қанағаттандырмаса керек. Бір-екі сараң да қысқа өмірбаяндық шолумен тәмамдаған. Бұдан әрі қазбалауға денсаулығы да мүмкіндік бермесе керек. Сантарлық бөлімде жатқан.
Әбдірахман Байділдин – Ғалым Ахмедов дегдардың айтуы бойынша ұшқалақ, жаңғалақ, шамшыл адам болған көрінеді. Сол рас сияқты. Әр көрсетіндісі машинкамен есептегенде 30–40 параққа жетіп жығылады. Қағазшыл, әсіре әсершіл, жанталасқан жан сияқты. Қалайда М.Әуезов пен С.Сәдуақасовты жек көріншті етуге тырысып, әшкерелеп баққан. Ол да жанына сая таптырмаған. Тергеушілер оған «Қалам» деп кекесінді ат қойған. Армансыз пайдаланған соң ату жазасына кесілген және үкім орындалған. Ол партия тазалауы жүрген кезде: «Мен бір кезде Колчактың қарсы барлауында істегемін», – деп мақтанып қалса керек. Сол сөзі өзінің түбіне жеткен.
Әрине, түрмедегі тұтқындардың жанын жалдап берген айғақтарының шындығына толық сенудің қисыны жоқ. Дегенмен де жиырма-отыз адамның пікірінің орайлас келуіне қарап, С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы шиеленістің себебі: Қазақстан мен Түркістанның қосылуы турасында екеніне көз жеткізуге болады. Алашордашылар бұл үш азаматты да бағалаған. Іш тартқан. А.Байтұрсынов оларды татуластырған. Бірақ кейіннене араларына Сталиннің өзі сына қақты. Голощекин өзінің республикадағы беделін нығайту үшін осы үш азаматты бір-біріне қарсы қойған сияқты. Т.Рысқұлов ортақ Түркістан республикасын құруды, ал С.Қожанов солтүстіктің халқын оңтүстікке қоныстандырып, Ташкентті астана етіп, тәуелсіз Қазақстан республикасын құруды, С.Сәдуақасов оңтүстік пен солтүстікті қосып Ресейдің құрамындағы дербес Қазақстан автономиясын құруды ұсынған. Орыс «коммунист-колонизаторлары» С.Қожановтың ұсынысын қолдап: солтүстік облыстарға референдум жүргізу арқылы жер межесін өткізіп, санақ жүргізіп, жергілікті ұлтты оңтүстікке ысырып, Сарыарқаны Ресейдің құрамында алып қалуды мақсат етті. Сол мақсатпен Ежов Мәскеуден арнайы келіп, комиссия құрды. Бұл шараға комиссия мүшесі С.Сәдуақасов пен Ә.Ермеков тойтарыс беріп, қазіргі Қазақстан территориясын сақтап қалды. С.Сәдуақасов Т.Рысқұловқа: «Сталинге арқа сүйеп, ұлттық мүдделерді ұмытты, әйтеуір Қазақстаннан басқа республика құру үшін жанын сап жүр, «Алашордашылардың» соңына тыңшы қойып, зиялы қауымды жікке бөліп жүр, коллективизацияны тездетуді жүзеге асырмақ, жергілікті өнеркәсіп орындарын ашуға құлықсыз, бәрін өзі отырған Мәскеуден шешкісі келеді», – деген кіна таққан.
Әрине, мұның барлығы жеке бастарының мүддесі үшін емес, елі үшін түскен ерлердің ерегесі еді. Үшеуінің де мүддесі бір, күрес жолы, амалдау тәсілі басқа. Бұл үшеуіне қарағанда Меңдешевтің, Сейфуллиннің, Нұрмақовтың көзқарастары мүлдем басқа. «Алашорда» қайраткерлерін әшкерелейтін «Тар жол, тайғақ кешудің» тура сол тергеу ісі жүргізіліп жатқан кезде жазылып, жариялануы кездейсоқ үндестік деуге жатпайды. Ол да өзінің үгіт-насихаттық міндетін атқарды. Саяси сақнаға О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты қолжаулықтар шықты.
Үшінші топ боп саналатындардың айғақтары жинақталған №06610 істің бірінші томы біздің қолымызға берілмеді. Соған қарағанда ол томға құпия орынның әр түрлі тәсілмен жиған мәліметтері, тыңшылар мен мағлұмат беруші куәлердің, жеке адамдардың «жымсымалары» тігілсе керек. Тергеу хаттамалары 420-беттен басталады. Онда тергеудің айғағы үшін жиналған «доностар» сақталып, кейін жойып жіберуі де мүмкін. Бұл топтағылардың жауаптары кейде үйлесіп, кейде үйлеспей, қарама-қайшы келіп жатады. Ол түсінікті де. Бірінің сырын бірі ашқысы келмеген, немесе не айтуы керектігін болжай алмаған. Мысалы, А.Байтұрсыновтың тобындағылардың бірде-біреуі З.Валидовпен байланыс жасағанын мойындамаған, ал екінші М.Тынышбаевтің тобындағылар бірде мойындап, бірде бас тартқан. Тек: «Өзара аразбыз», – дегенді ғана желеу еткен. Бұл оларды өзара арандатудан сақтаған. Әрине, ол да «астыртын ұйымның жұмыс әдісінің» бірі. Жоғарыдағы жайлардың анық-қанығын нақты анықтау үшін тергеу деректерін тарихи құжаттармен тиянақты түрде салыстырып барып пайым жасау қажеттігі туындайтыны өз-өзінен түсінікті. Бұл еңбектің ұзақ жыл жазылмай жатқаны да сондықтан.
Тергеу ісі төрт жылдан аса созылды. Мұны создырып отырған Голощекин екені анық. Сол төрт жылдың ішінде «Алашордашыларды» әшкерелейтін үш жинақ шығартты. Сонда да Мәскеуге жолданған сот үкімі:«тергеу барысындағы айғақтары жеткіліксіз» деген бұрыштамамен бір рет кері қайтарылған. Ерекше оқыс көрінетін және түсініксіз жайт: осы 71 айыпталушының ішінен Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің, А,Юсуповтің, Х.Ғаббасовтың, Ж.Аймауытовтың жоғары жазаға кесіліп, сол жазаның орындалып кетуі, яғни, атылуы. Қай жағынан алса да олардың салмағы А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтан басым түспейтіні, «айыптарының» өзі де олардан көрі жеңіл екені түсінікті. Үкімнің қаулысында: Д.Әділев – басмашылармен, Ә.Байділдин – Колчактың қарсы барлауымен байланысып, кеңес үкіметіне қарулы қарсылық жасамақ болғаны үшін, ал А.Юсупов – төтенше комитеттің «Алашорданың» ішіне кіргізілген тыңшысы бола тұра дер кезінде хабар бермегені үшін ату жазасына кесіліп, үкім шұғыл орындалған. Солардың қатарына Ғаббасов пен Аймауытовтың қосылып кетуі тағдырдың тәлкегі болса керек. «Аймауытов атылған жоқ. Түрмеде ауырып қайтыс болыпты-мыс» – деген қауесет те бар. Бірақ тергеу құжаттары оны растамайды.
Сондай-ақ: «Құмға сіңіп кетіп, қоныс аударушылармен соғыс ашпақ болған» С.Өтегенов пен барлық «қылмысын мойындаған» И.Қашқынбаев «айғақтары жеткіліксіз болғандықтан да» бостандыққа шығарылған. Жиыны біз қарастырған 14 томның кейбір беттері жыртылған екен. Онда қандай деректердің «қолды болғаны» белгісіз. Тергеу мекемесіне тыңшылық еткен «салпаңқұлақтардың» аттары көрсетілген мағлұмат болуы да ықтимал. Сондай әрекетке ұмтылып, жанталасып жүрген бір «қадірлі» зиялыны қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан көзіміз шалып қалғаны бар. Бұл деректер 1988-1992 аралығында Қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы ғимаратының солтүстік қанатындағы 2-қабатындағы 14-бөлмеде жазылды. Қауіпсіздік комитетінің полковнигі Қараби Мұхаметқалиев пен Шыңғыс атты азаматтар бізге барынша еркіндік берді. Сол үшін де оларға ілтипат білдіремін.
Сырт көзге түсіндіре кететін сыралғы сөзіміз осы. Қалғанын қаламның ұшына тапсырдық
Достарыңызбен бөлісу: |