Жиі енеді түсіме бұрынғы ауыл, Ойнақ салып, құлын-тай қырында жүр



Pdf көрінісі
Дата10.03.2024
өлшемі450.92 Kb.
#494888
Мұқағали-Мақатаев-өлеңдер-жинағы



Туған жер жайлы өлендер
ЖИІ ЕНЕДІ
Жиі енеді түсіме бұрынғы ауыл,
Ойнақ салып, құлын-тай қырында жүр.
Сүттен бұлақ ағызып, сиырлы ауыл
Іркіт иісі келеді мұрынға бір.
Ойнамай жағасында құрақпенен,
Жалығып әзер аққан бұлақ көрем.
Мал өрістен қайтқанда кешке қарай,
Жамыраған қозы мен лақ көрем.
Қырық түтін шығады қырық тамнан,
Қырық торғай ұшады шыбық, талдан.
Қырық әже күзетіп отырады,
Қырық ұлдың орынын суып қалған.
Қыр басына қырық шал жиналады,
Бір-біріне тартуы — сый қабағы.
Бір-біріне отырар басу айтып,
- Қайтесің, — деп тәңірдің қимағанын.
Тауларым да тұрады қалқан болып,
Соны көріп қалады арқам кеңіп.
Өлі ұйқыдан осылай оянамын,
Оянамын, көңілім талқан болып.


ҚАРАСАЗ
Мен бақыттымын,
Бақытты жерде туылдым.
Айналайын Қарасаз,
Қасиетінен суынның!
Сенің әрбір бұлағың —
Менің әрбір қан тамырым емес пе?
Қасиетті тұрағым,
Қасиетінен суыңның!
Көктемде үйрек ұшып, қаз қонып,
Караушы едім тырналарға мәз болып.
Жыр қыстап туылмас ем, сірә, мен,
Жаралмасаң өзің Қарасаз болып.
Сонау жатқан жасыл тауды көлденең
Алғаш рет ес білгенде көрген ем.
— Асқар таудың ар жағында ел бар, — деп
Әжем айтса, әй, сәбилік, сенбегем.
Қарасазым!
Айтылмаған сезім ең,
Мен іздеген бақыттың сен әзі ме ең?
Сенің ғажап табиғатынды кімге айтам,
Кім құмартса, өзі көрсін көзімен...
БІЗДІҢ ЖАҚТЫҢ ІҢІРІ


Әлдеқашан жасырынды, күн батты,
Ауыл үстін алаң-елең түн жапты.
Сонау егіс даласында колхоздың,
Қызған еңбек әлі-дағы тынбапты.
Жарқырайды түнгі ауылдың оттары,
Адам даусы, пысқырынған аттары.
Қызыл сәуле бір көрініп, бір сөніп,
Белден асып машиналар кетті әрі...
Дүбірлеткен кешеміздің жан-жағын,
Дыбыстары машинаның, арбаның.
Қалтырайды қойлы ауылдың оты да,
Жағасында тасып жатқан арнаның.
...Күндегіден әлдеқайда жай тіпті.
Қыр астынан әрең-әрең Ай шықты.
Жатағынан кешеу қалған топ үйрек,
Жаңа ғана жайылымнан қайтыпты.
Көз алдымда оның кейпі, сыр, түсі,
Сыпайы бір ашық-жарқын күлкісі —
Ар жағында қарауытқан қыраттың,
Әндетеді менің досым жылқышы.
Өсекшіл жел сыбырлайды алыстан,
Сырын ұрлап жастардың да табысқан.
Әлі қарап, мен де тұрмын бір үйге,
- Жұмысынан келді ме? - деп таныс жан...


Жалаң аяқ жар кешіп,
Қызыл аяқ қыр кешіп,
Қыр гүлімен бірге өсіп,
Қыр желімен бірге есіп,
Торғайлармен тілдесіп,
Торы тайға мінгесіп,
Тобын жазбай топ бала
Жүретін ек гулесіп.
Орман, таулы туған жер —
Ортақ бізге бір бесік.
Оны да біз атқардық,
Жігіт болдық, мақтандық,
Тартып мініп ат жалын,
Жеке-жеке аттандық,
«Өнерімізді» ақтардық,
Өршелендік мақтан ғып,
Өкініші сол ғана
— Өзді-өзіміз таң қалдық.
...Орақ мұрын, қыр мандай,
Маңғаз жігіт жүр бүгін.
Өзі ұстап тұрғандай
Туған жердің түндігін.
Сақтап қалса, жарады,
Азаматтың тірлігін,
Сәби шақтың бірлігін...
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық рақат табылмайды.


Бұлдырасын өткен күн сағымдай бір,
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы.
Қар да ілігіп қалған-ды тау басына,
Мұз тонды ма бұлақтың жамбасына?
Суық келіп, суыр да жатқан шығар,
Қамдап алып азығын қамбасына.
Төрт түліктен төгілген шалқар әнді,
Ұзатқан-ды, жайлау да тарқаған-ды.
Ескі жұртты тіміскіп, қорқау әлгі
Қажалап та жүрген-ді қаңқаларды.
Сағыныштай сарғайып жанды ма күз,
Сары шәйі жамылып алды ма тұз?
Қурайларын сыңсытып сыбызғыдай,
Қаңбағы ұшып, каңырап калды ма аңыз?
Әңгімеле тауын да, даласын да,
Қырқасын да, сайын да, саласын да.
Ақбоз үйдің түндігін желпілдетіп,
Қонды ма кеп қойлы ауыл Қарасуға?
Қарасуға қосылып тұна барып,
Жатқан болар іргеде бұлақ ағып?
Арып келіп, тойынып қайтқан болар,
Топ тырналар аспанға сына қағып?
Апырым-ай,
Туған жер-ай!


Теңдесер кім,
Бұл жерге сен болмасаң, келмес едім.
Кіндігімді байлаған қазығым-ай,
Сен болмасаң, бұл маңды көрмес едім.
Жат көзімен қарайды адамдарың,
Жақын тартар құрбы да таба алмадым.
Жас отаудың есігін ашып қалып,
Айлам құрып, қайыра жаба алмадым...
Кел демеді немесе кет демеді,
Несін маған, білмеймін, өкпеледі?!
Сені сұйген жүректі, туған өлкем,
Сен өсірген біреулер жек көреді.
Туған елім,
Көрмесем сағынамын,
Кетсем ізім өзіннен табылады.
Жасыра алман, інінің отауынан,
Ыстық маған атаның шаңырағы.
АЙХАЙ, ДАЛАМ
Аһ, далам, айхай, далам, сағым далам,
Бір бұдыр жоқ-ау көзге шалынбаған;
Аспан құлап кетсе де тарынбаған,
Бір ғаламат бойында сабыр бар-ау.
Аһ, далам, айхай, далам, сағым далам!
Төсінде атылмаған жанар таулар,
Вулканын тұншықтырып, дамылдаған.


Боз далам, күрең далам, жасыл далам,
Кісі емес саған келіп бас ұрмаған.
Құныға құшырым бір қанбай койды-ау,
Қалай ғана құшармын ғашық-далам?
Құшақтан шығармаспын деген едім,
Дәрменсіз ғып жараттын неге мені?
Өзіндей алып болып тумаған сон,
Адам болып жүрудің не керегі...
Сонда да сүйіп өтем, сүйіп өтем,
Сүйе тұра құша алмау - күйік екен.
Алыптан алып болып тумаған соң,
Адам болып жүру де қиын екен...
Туған жер сағындырды, келді есіме,
Өзім кепіл енді оны көрмесіме.
Тағыдай тауда өскен тарлан едім,
Таңылдым емхананың бөлмесіне.
Кім кепілдік береді өлмесіме!
О, дәурен неткен ғажап сүйікті еді!
Жайылған жасыл маңда киіктері.
Отырған оңашада, биіктегі,
Таңғы самал жататын сүйіп мені.
Ойнатып омырауда таң самалын,
Мен алғаш шыққан күнді карсы аламын.
Мәнгілік сол биікте калып коймай,


Несіне бұл тірлікті аңсағамын?!
Қасқа бұлақ, қасыннан неге кеттім?!
Не деген жел айдаған көбелекпін.
Еркіндік, еркелікті місе тұтпай,
Тасқа әкеп өзімді-өзім шегелеппін...
Пай, пай! Пай!
Сағындым-ау, сағындым-ау!
Талықсып, тар төсекке таңылдым-ау!
Қапыда қалтылдаған жаным мынау,
Жаратқан, нағылдым-ау, нағылдым-ау?!
Еш нәрсенің керегі жоқ!
Керегі жоқ, шаршадым!
Басымда ұйып тұрып алды әлемдегі бар сағым,
Өніп-өскен топырағыма апарындар,
Тастандар.
Тауларымды,
Қара суды, Қарасазды аңсадым.
Енді емделсем,
Туған жердің топырағымен емделем,
Ескек желмен ентігімді
Басқанымды жөн көрем.
Неге керек сән-салтанат, ию-қию, той-думан,
Таудың ерке тағысымын, тағысымын
Мен деген.


Тіптен маған керегі жок, керегі жоқ еш ненің.
Белгісіз-ақ болсын, мейлі, өткенім де өшкенім.
О, киелі шаңырағым!
Айналайын астанам,
Алдында егер айыбым мен күнәм болса,
Кеш менің!
ЕСКІ АУЫЛДЫ ЕСКЕ АЛУ
Сарала қаздар саздағы,
Сардала — сағым,
Маздады.
Бүлкілдеп жүзген үйректер,
Қанқылдап ұшқан қаздары.
Бала да, қарт та мәз — бәрі,
Ауылдың қайран жаздары!
Қаршыға тиіп кептерге,
Қанатын үзіп кеткенде,
Қалқып бір ұшқан найзадай,
Тырналар ұшып өткенде,
Саршаның күні жеткенде,
Үркітуші едік қуалап,
Жайылып жүрсе дуадақ,
Адырда, қырда, бөктерде.
Өрісте қозы шулаған.
Сусындап тұнық тұнбадан,
Тай-құлын жүрсе тулаған,


Бұралып жап-жас келіншек,
Су алып жатса жылғадан,
Тіршілік бір сәт тынбаған,
Ғажап қой, ғажап бұл далам!
Бір жерге байлап кіндігін,
Сағынып таулар бір-бірін,
Бұлттардан жаулық бұлғаған.
Қуантушы еді көктем кеп,
Көктем жоқ, жаз кеп өктем боп,
Жасытып бізді кеткен жоқ.
Жас жігіт — жазғы бидайдың
Сіп-сирек мұрты көкпеңбек.
Сипайды самал еппен кеп.
Қара су бойы талдарға,
Сайрауық құстар қонғанда,
Құбылтып әнге салғанда,
Тұп-тұнық, мөлдір бастаудан,
Сусының әбден қанғанда,
Жастығың қайта басталған,
Басталған басқа арман да...
Момақан ауыл бөктерде,
Арқасын тіреп тауларға.
(Алатын жау жоқ жалғанда!)
Сайлардан салқын есті жел.
Салбырап, баяу кеш кірер.
Сумұрындарын шақырған,
Әжелер даусы естілер.
...Осылай еді ескі ауыл,


Осылай еді ескі жер...
Сиыр айдап өріске ертеңменен,
Баратын ек тоғайға еркемменен
Тал басына шық тұрып, күннің нұры
Мың бояумен тоғайды көркемдеген.
Қарасаздың шыбығын жел тербеген,
Жел тербеген шыбықты мен тербегем.
Ойласамшы, сол шыбық терек болып,
Өзегімді бір кезде өртер деген...
Қарасаздың шыбығын жел тербеген
Жел тербеген шыбықты сен тербеп ең.
Сонда менің ойымда мұң бар еді,
Өзі келіп, бір күні серпер дегем.
Жақын өсіп жас шыбық бала талға,
Оянатын екеуі ала танда.
Тағдырымды сонда мен табыстаппын,
Сезімі бар, сенім жоқ алақанға...
Қарасаздың шыбығын сен тербеп ең,
Сен тербеген шыбықты мен тербегем.
Ойласамшы сол шыбық бір кездерде,
Өзегімді өзің боп өртер деген.
Сол тоғайға барып ем ертенменен,
Қарсы алдымда терек тұр жел тербеген.
Бір тоғайда бірге өскен егіз едік,


Неге ғана шошыдын, еркем, менен?!
ТУҒАН ЖЕРІМ
( қысқы көрінісі)
Түнерген кейуана Қарасазым!
Қойпында өткізіп ем өмір жазын.
Болса да бір шақырым жүрмін алыс,
Амал не, алла ісіне бар ма лажым?
Сылдырап бауырында бұлақ аққан,
Сыңсыған ну орманың мүлгіп жатқан.
Сылаңдап өзен суы әзілдесіп,
Сылқылдап әлденеге езу тартқан.
Қарасаз, кіндік қаным саған тамған,
Жолдасым бірге келген сенде қалған.
Шыбықтан ат қып мініп, балық аулап,
Өзен мен орманында асыр салғам.
Бұл күні қысқы тұман бүркеп алған,
Көрсетпей тоғайыңды қырау шалған.
Аязды түн жамылған қарт жылқышы,
Ыңырсып қайғы-мұңлы әнге салған.
Аязды сағым ойнап кырлы далаң,
Сұлқ жатыр, жансыз бейне болмай алаң.
Өткізген сол далаңда өмірімді,
Қайғыра, тебірене есіме алам.


Әне тұр менің туған жаман тамым,
Сол тамда көргем тұңғыш өмір шамын.
Есігін өмірімнің сонда ашып,
Іңгәлап мен де өмірге ұмтылғанмын.
Жиегінде өзеннің ол тұрады,
Қарасам, көзді жасқа толтырады.
Қымбат маған көзімнің қарасындай,
Ол тамның әрбір түйір топырағы.
Ұшырған ұясынан Қарасазым,
Айттым мен, ұқшы сен де көңіл назын.
Аяңнан еш уақыт алыс кетпен,
Әкетсе тағдыр айдап бар ма лажым?
ШИБҰТ ШЫҢЫНДА
Үкің-бұлт, найзатасың көкке тиген,
Аймалап ақ басыңды бұлт сүйген.
Аспанның дауылпазы долы борап,
Көркіңді күндегендей тұман үйген.
Отырмын үстінде мен найзатастың,
Жасырып жан сырымның мұңын аштым.
Шибұт, сенің шыңында жас жүректің,
Арманын терең ойлап, мауқым бастым.
Отырмын, ой тұманы шытырманды,
Басымды бейуақыт қоршап алды.
Туылған тұл тұрмыстан әлсіз шабыт,


Азырақ әлдиледі сәби жанды.
Тигендей төбем тұнық бұлтты көкке,
Көрінед көлденең бел сонау шетте.
Солдаттай сапқа тұрған қарағайлар,
Мелшиіп қара тастар жатыр текке.
Төменде мұз астында ерке бұлак,
Тұншыға деміп алып жатыр жылап.
Тыпыршып, тыншыға алмай нәзік толқын,
Сылқ етіп тілсіз тасқа төсін ұрад.
Көрінед көлбеп жатқан сонау жалдан,
Ақ бурыл қарағайлар қырау шалған.
Бұл күні еркін жатқан тау деңгейін,
Ақша қар ақ көрпемен қымтап алған.
Көрінед көз ұшында көмескі Іле,
Жыландай жылжып барад иіріле.
Қаңғырып қияда жүр ақсақ елік,
Адасып қосыла алмай үйіріне.
Отырмын басымда - бұлт, астымда - тас,
Айланды ұршықтайын бір ғазиз бас.
Қайғылы қара көзден шыңырауға,
Мөлт етіп бұршақтайын төгілді жас.
...Жылап аққан өзені,
Мұңлы ма еді, қандай ед?...
Жасырын жүрек сезеді


Көз жасы оның балдай ед.
Түнекпен тұтып көңілді,
Тұнжыраушы едің сен ғажап.
Алыс бір арман өмірді
Қайғыртушы едің ойға сап.
Адасқан кейде ақша бұлт,
Қонақтаушы еді басыңа.
Ойымнан қайғы боп ұмыт,
Отырушы едім тасыңа.
Толқын беріп шалғынға,
Толықсушы еді самал жел.
Күн батардың алдында,
Көгілдір тартып асқар бел.
Сағынам, Шибұт, сені мен,
Аяулы, жалғыз жанымдай.
Сағынам адал көңліммен,
Өзіңді сүйген жарымдай.
Ауыр бір ойда отырып,
Жазғанда сәлем еліме.
Көзімді жасқа толтырып,
Сағынам, Шибұт, сені де.
* * * * * * * *
Өскен жер жылы жүрекке,
Шибұттан мен де адастым.


Жақын да болса алыстап,
Ауыр бір халге жанастым.
Лебің ыстық - өз елім,
Биіктесің өмірімде.
Қоштасқанша көз жұмылып,
Сақталарсың көңілімде.
1950 ж.
СҮЙЕМІН, ӨСКЕН ОТАНЫМ!
Сүйемін мен жерімнің
Топырағын, тасында.
Сүйемін думанды елімнің,
Кәрісін және жасын да.
Бұлтсыз, айсыз, жылы леп,
Сүйемін салқын кештерін.
Бетті аймалап уілдеп,
Толассыз соққан ескегін.
Шаңдатып жота, қырларын
Жылқы ойнаса біріндеп.
Мен сүйемін тұрғанын
Жылқышының күлімдеп.
Сүйемін гүлге нәр берген
Нөсерді жауған сіркіреп.
Жарқ-жұрқ етіп әр жерден
Сілкінсе аспан күркіреп.
Бұлт ойнаған бетінде,
Сүйемін көкшіл аспанын.


Ауылдың оқшау шетінде,
Асыр салған жастарын.
Байқасам кейде тұра қап,
Тәтті бір сырды сеземін.
Сүйемін суды қуалап
Сарқырап жатқан өзенін.
Сан алуан гүл өскен
Далаңды сүйем сұлаған.
Төбелестен, күрестен,
Балаңды сүйем жылаған.
Сүйемін, өскен Отаным, 
Жылысып өткен жылыңды. 
Қарыздармын сондықтан 
Берермін талай жырымды
ОТАН ТУРАЛЫ
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жөндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: “Отан!” - деп сыбырлаған
Жаным менің, Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.


Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен...
1966 ж.
Елім!
Саған ғашықпын.
Ғашықпын саған:
Құмарымды қандырмап едім.
Батыр болып, бақ қонып, асып тұрса адам,
Қаруы жоқ құлың ғой алдыңда сенің.
Мен іздеп жүрген жер-көкте,
Арманым менің, ақылым менің.
Елім - уілдеп жатқан жөргекте –
Сәбиім менің, батырым менің.
Өмірдің қосын доғарып,
Бітсе екен сенің туында демім.
Жүз рет өшіп, жоғалып,
Қайыра тағы оңалып,
Табылған елім!
Бауырмал елім!
ТУҒАН ЖЕР ТУДЫРҒАН ОЙ
Болмады қайта тағы кішірмеске,
Болмады ойға өткенді түсірмеске.
Анамның аймалаған ілебіндей,


Ескегің ежелгіні түсірді еске.
Өскен жер әлі ойымда, ұмытпадым,
Ежелден аңсаушы едім, жуықтадым.
Егерде жырламасам, риза емес
Кешегі бірге өскен шыбық, талым.
Мені жырла дегендей қара суың,
Мені жырла дегендей қалың нуың.
Мені ойыңнан қалайша шығарасың,
Деп маған айтқан да еді талай ұлың.
Өскен жер, өн бойыңа тұрсам қарап,
Өзіме, өлеңіме бітер қанат.
Құшуға сыйдыра алман құшағыма,
Сондықтан жырым кетсін сені аймалап.
Анамның мені өсірген аясындай,
Әкемнің мені сүйген санасындай.
Өскен жер, қамқоршымдай қарайсың сен.
Өзіммен бірге туған жанашырдай.
Шаттанам шыбығыңды сүйемін де,
Балқиды ішім емес, сүйегім де.
Есігін дүниенің ашқан едім
Кішкентай өзеніңнің жиегінде.
Өзеннің жағасында, тозған тамда,
Туылу қандай қымбат мендей жанға.
Жыртық там жүруіме сүйеу болған
Талпынып, мен өмірге ұмтылғанда.


Орап ап мені шоқпыт бөстегіне,
Қуана күн-күн сайын өскеніме.
Мен үшін менің ғазиз ата-анам,
Өмірдің тозақ отын кешпеді ме?
Өткізіп талай түнді ғазиз анам,
Ақ сүтін аймалатып берген маған.
Сол тамда түн үйқысын төрт бөлген-ді,
Бесікте даусымды естіп шырылдаған.
Әкемді неге ұмытам кетпенімен,
Жалаң аяқ жұмысқа кеткенін мен.
Мен үшін, менің алғы күнім үшін
Өткен-ді талай азап өткелінен.
Әйелі: “Маған киім әпермедің! ~
Деп жылап, - маған неге әкелмедің?”
Үрпиіп от басында мен отырсам,
Қиналып күрсінген-ді әкем менің
Қайғы мен қапада өсіп, шаттанбай-ақ,
Сазына тұрмысының батқандай-ақ.
Елестейді Қарасаз құм-тасынан
Әкемнің азап жолы жатқандай-ақ.
Қарасаз менің алтын бесігімдей,
Бір күндік өмірімнің бесініндей.
Сенен татқан алғашқы бие емшегім
Өмірдің тұңғыш берген несібіндей.


Бойына қара судың шығып қалың
Бірге өскен бауырымдай шыбықтарың,
Шиіңді от, шілігіңді қорған етіп,
Асыр сап аралында шыныққамын.
Жаныма сусын болып бал бұлағың,
Киіктей орманында қарғыладым.
Жерінде жетімек боп қалғанымда,
Суыңа сырымды айтып зар жыладым.
Әне тұр соған куә жар қабағың,
Жағалап сонда жүріп зарлағамын.
Мейірбанды әкемнен мені айырған
Өлім еккен соғысты қарғағамын.
Баса алмай өксігімді құспап па едім,
Шыдамай шыбығыңды кыспап па едім.
Сілем қатып бір сәтте жата қалып,
Тасың менен құмынды құшпап па едім.
Туған жер, тұлғаң жібіп сонда сенің,
Жұбатып, жұпар құйып, ескек желің,
Әкемнің сақалындай көк балаусаң
Жасымды сүртпеп пе еді сүйіп менің.
Сәбиді жетімекке теңеместен,
Туған жер, асыраған сен емес пе ең?
Қармақ сап, балық аулап, бақ-бақ теріп,
Өспеп пе ем жоқшылықты елеместен.
Туған жер, тұлғаң сенің шықпас естен,


Болсам да ойы сараң, үміті өшкен.
Сүйемін, шын сүйемін өлкеңді мен,
Себебі: балапанмын сенен өскен.
Анамның маңдайындай аспаныңа,
Қарасам, азық алам жас жаныма.
Сенделіп сендегі өткен күндерімді,
Теңеймін өмірімнің асқарына.
Жағасында жайқалып жасыл құрақ,
Көз жасындай төсінде көкшіл бұлақ,
Өмірден көп өкініш көрген жапдай
Өксігін тоқтата алмай жатыр жылап.
Әне сонау алыста, қиыр шетте,
Жасыл орман жабырқап жатыр текке.
Немене, неге қаулап өсе алмай тұр?
Шырпысын өрт шалған ба ертеректе?
Жатыр мүлгіп кең далаң мұң басқандай,
Жапырағы дірілдеп ымдасқандай.
Баяу соққан толассыз ескек желмен
Сары селеуің сыбырлап сырласқандай
Басқаның бай өлкесін, ауданын да,
Алмаймын сенің кедей аумағыңа.
Дамылдап бұлттар жатыр бура жалды,
Көз салсам өркеш-өркеш тауларыңа.
Жалғыз түп таудағы өскен балашығың,
Аяулы-ау айналайын қарашығым.


Төгілген төмен қарай бүрі ғана
Өмірдің ұтқаңдай-ақ бар асылын.
Аңсатқан талай жанды, таңырқатқан,
Көз салшы Шалкөдеге көлбеп жатқан.
Арқада аңыз болғап Бурабайды
Ұтпай ма мына біздің Есекартқан?
Көз жетпес көк тіреген шыңырау құз,
Жалтырап жазы-қысы жамылған мұз.
Әлпі мен Елбұрыстан кем түепейтін
Міне тұр Хан тәңірі мен Тәншәніңіз.
Жақып тартпас жан қалай өз еліне?
Өз елін сақтамай ма өзегіне?
Жылғасып Текес пенен Байынқолдың
Теректің теңгермес ем өзеніне.
Жабырқап, жалтармас ем жастығыма,
Еріксіз еңкеймес ем бастығына.
Бермес ем Бердібектің “Бұлағын” мен
Тайырдың тәкәппәрлі “Тасқынына!”
Япырмау, не айттым мен, кімді естідім?
Бишара-ау, неге қозды күндестігің?
Сезгенше Тайыр ағаң ендігі жыл,
Сыртынан таласа бер, білмес бүгін!
(Бұл шумақ үстінен сызылған - Сарашы).
Отырмын ортасында өз елімнің,
Ішімнен сөзін жұптап өлеңімнің.


Сұрауға судың сырын ебін таппай,
Шетінде қарап тұрмын өзеніңнің.
Өзенім сүйсіндірді, таңырқатты,
Наз, еркелі сұлудай сылаң қақты.
Жағада күбірлеген мені байқап,
Сылқылдап, келекелеп күліп жатты.
Толқынды толқын қуып бұлаңдады,
Адастым тәтті ойымнан, су алдады.
“Қарғам-ау, нені күтіп отырсың?” - деп,
Еңкейді анам менің су алғалы...
Туған жер, шаттығың мен күйігіңе
Ортақпын. Жырым айғақ сүюіме.
Аралыңда адасқан аққуыңды
Тапсырсаңшы ертерек үйіріне!
Жабырқатпай, жасытпай жігерімді,
Егерде қабыл алсаң тілегімді,
Шынымен керек десең, берер едім
Данкоша жұлып алып жүрегімді.
1950 ж.
ШИБҰТТА
Асыр сап қойыныңда өспесем де,
Шаттанып шалғыныңды кешпесем де.
Көркіңді сенің сұлу жыр етпекпін,


Төселтіп тіл түйінін шешпесем де.
Келгелі жылдан асты осы жерге,
(Жат елде күнелткелі мен шерменде).
Дос тұтып сыр ашамын, мұң шағамын,
Осынау көлбеп жатқан кербез белге.
Кеудең-кең, жотаң-алып, тасың-найза,
Аспанда төбең тиген алтын айға.
Тулатып толқындарын тасқа соғып,
Тасқындайды ерке өзенің терең сайда.
Домалап тастан аққан әлсіз бұлақ,
Сылдырап ағып жатыр ол да құлап.
Өзеннің ерке үнімен тербеледі,
Жағада жапырақ пен көкше құрақ.
Көкте күн он бойына нұр себелеп,
Гүлденіп, бүршік жарған тал мен терек.
Самалмен салқын соққан қарағайлар
Толықсыйды жамылып ап жасыл желек.
Қырқада құлпырғанда қызғалдағың,
Қия алмай мен де күндеп қызғанамын.
Қыйқулап жыл құстарын әндеткенде,
Шабыт туып жүректе, қызған жаным.
Балауса балдырғаның гүл атқанда,
Шаңқ етіп тау қыраны тіл қатқанда.
Мен де сол таң нұрынан нәр алғамын,
Ұйқыдан таң шолпаны оятқанда.
Шыңың мен, Шибұт, сенің асқарыңа,
Шыңыраудан көз салам тастарыңа.
Мүмкін, сен ақылымның арқауы боп,
Өмірімнің жазыларсың дастанына.


5.IV. 1950 ж. Шибұт.
Махаббат жайлы өлендер
МАЙ - МАХАББАТ
Май - Махаббат.
Аспанда да, жерде де,
Айдын шалқар көлде де,
Жатқан сонау көлденең
Асқар-тауда, белде де
Ынтызарлық кернеген,
Махаббат жүр шөлдеген.
Май - Махаббат.
Жерге ғашық сұр аспан,
Жер де ғашық, жете алмай,
Екі ғашық жыласқан,
Қосылысып кете алмай,
Кедергіден өте алмай.
Май — Махаббат.
Адамдар да, андар да,
Шыбықтар да, талдар да,


Жәндіктер де, малдар да
Ғашық болып қалған ба?!
Малынады арманға,
Махаббат жүр орманда,
Махаббат жүр тауларда.
Бірін-бірі іздеген
Ғашықтар жүр жалғанда.
Жеңгетай Май жел беріп,
Желпінтеді бәрін де —
Кәрісін де, жасын да...
Махаббатқа зәру ме
Мына дүние, расында?!
Май — Махаббат.
Жайнасын
Араша боп ар, мұңға!
Ей, ғашықтар, қайдасың?
Махаббатың бар мұнда.
Тағзым ет те, и басың
Май айының алдында.
Жүректерге от тасып,
Май — Махаббат,
Бағала!
Бір-біріне боп ғашық
Өтсін біздің замана!
Өзді-өзімен оттасып,
Өшіккендер соттасып,
Мал боп кетсін, оттасын!
Махаббаттан садаға!


Май айынан садаға!
Ат суара барғанда жылғаға мен,
Ашаң жүзің ашылып, бір қарап ең.
Құлағында ай сырғаң дір-дір етіп,
Енді үзіліп кетердей тұрған әрең.
Қимыл сайын майысып бос буының,
Асылып тұр арқаңа қос бұрымың.
Құла бесті құлағын тіге қалды,
Қыз көрмеген мақұлық, осқыруын!
Жақындатпай жанына үрікті кеп,
Тарпаң неме тулап тұр бүлік тілеп.
Жолбарыстай атылып тізгінді алдың,
Отты, өжет қыз едің, жігіт жүрек.
Тарпан неме тайсалды қуатыңнан,
Қулай түстім қасыңа құла атымнан.
Ерге қондың. Жөнелдің ен далаға,
Артыңда тек шаң қалды шұбатылған.
Құла сайтан барады оқтай ағып,
Шыт көйлегің алаулап оттай жанып,
Әудем жерге жеткенде бурылдың да,
Қол бұлғадың артыңа тоқтай қалып.
Кім болды екен жолыңды торып жүрген
Біреу барды қасыңа торы мінген.


Тентектердің өзімдей бірі ғой деп,
Жақсылыққа әйтеуір жорыдым мен.
Қырға тарттың құйын боп екеуің де,
Құла кетті торының жетегінде.
Құмды құшып, дәрменсіз қала бердім,
Қуатым жоқ еңсемді көтеруге.
Айналамда дүрлікті ауыл болып,
Адастырдың басыңа бағың қонып.
Құйын болып жылғадан бастадың да,
Сардалада жоғалдың сағым болып.
Қидым саған құна аттың тұяқ күшін,
Қарғамаймын, демеймін ұяттысын.
Сағым болып алыстап кеткеніңмен,
Самал боп оралатын сияқтысың.
Серігіңмен сен асқан жұмбақ қырдан,
Жұмбақ қырдан - жүрекке мұң қаптырған
Сағым жүрсе, телмірем сен екен деп,
Жете алмай орамалын бұлғап тұрған.
9.XI1.1966 ж.
Ғашықпын!
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба!?
О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын!


Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?!
Ғашықпын,
Қайтіп оны жасыра алам,
Бір алтын оның әр тал шашы маған. 
Сағынайын, таусыла сағынайын, 
Сағынышқа жаралған ғашық адам.
Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге, 
Ақ қанат құсым менің, кеткенің бе? 
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып, 
Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе?
Сарғайған сағынышты басып толық,
Бар үміт, бар сенімді шашып болып, 
Өтермін сірә да мен бұл өмірден, 
Мәңгілік қалармын мен ғашық болып.
Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,
Шашың сенің - жан баспаған жапандағы қара орман.
Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!
Әсем басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,
Шие дейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.
Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен,
Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен?


Күлкің сенің шашылған нұр, сөзің кәусар, бал ма екен,
Бұл ғаламда сенен артқан, сірә, біреу бар ма екен!?
Бұл ғаламда сенен артқан жан бар деуге сенбеймін,
Сен солайсың, Ләйлім менің, сенбе маған, сен мейлің.
Бұл ғаламда сенен артқан бір жан болса егерде,
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін.
Зәмзәм суы сенен арзан, тата алмаған кәусарым,
Сенің әсем мүсініңді сөзбен қалай таусамын?!
Мың Мәжнүн мендей, сірә, тебіренбеген шығар-ау,
Аппақ құсым, қайдасың сен?Аңсадым-ау, аңсадым...
Қарғам-ау, қайдасың сен, жүрсің бе есен?
Хабар бер қасиетімді білсін десен.
Зіл батпан көкірегім көтертпейді,
Демігіп әлсін-әлі күрсінбесем.
Енжарлық, көңілсіздік, езілемін,
Қалғандай қара жаяу сезінемін.
Егер де осы өмірде бақыт болса,
Сол бақыт менің үшін өзің едің.
Есімде ақырғы үн, ақырғы леп,
Ақ моншақ жанарыңнан атылды кеп.
Үндесерге тіл келмей, амал қанша,
Қош дедік алғашқы рет, ақырғы рет.
Қайдасын, хабарын жоқ, өтті уақыт,


Сан жылдар жігерімді кетті уатып.
Жетім құлын секілді көшке ілескен,
Сенімен кетті жастық, кетті бақыт.
Көңілде ән, көгімдегі Күн көруші ем,
Барғанда маған ылғи гүл беруші ең.
Жалт етіп жай отындай көкжиектен
Әттең-ай, маған енді бір көрінсең!
Кетер ем бұлтпен бірге араласып,
Көрер ем найзағаймен жағаласып.
Артыңнан ақша бұлт боп жүзер едім,
Көзіме бір көрінсең бала-ғашық.
Сандал тау, сайдан соққан самалым-ай!
Ой-санам құлайды кеп саған ұдай.
Әлдеқандай күн кешіп жүр екенсің,
Сүттен ақ, судан таза, адалым-ай!
Сап-сары сағынышпен жағаласып,
Жастық өмір басымнан барады асып.
Көзіме бір көрінші, тынайын мен,
Қайдасын, қайдасын сен, бала-ғашық!..
Жамылып сағыныштың сал шекпенін,
Сарғайып сенің үшін зар шеккемін.
Зарықтыр, о, тәңірім, жалықтырма?
Мәңгілік ғашықпын мен, ант еткемін!


Көзіме көрінбесең, көрінбе сен,
Күнім боп тұра бергін көгімде сен.
Өлді деп ойлай бергін сонда мені,
Бұлт болып шуағынды тұтып алып,
Нөсер боп селдетіп мен төгілмесем.
Көкке емес, жерге сонда құлайды арман,
Сел болып ағар, мүмкін, лайланған.
Сен сол кез кезбе бұлтқа бір қарап қой,
Сол — менмін көктің жүзін шыр айналған.
Білем саған жете алман, ғарыштасың,
Белгілі мәңгілікке табыспасым.
Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің,
Сен маған сағыныш боп жабысқасың.
Қайтсем екен сені ұстап қалу үшін?!
Сен маған шексіз дала сағымысың.
Мен өтермін, өтермін, өтермін мен,
Мәңгілік сен қаласың, сағынышым!!!
МАХАББАТ МОЛАСЫ
Аяқтап болып,
Махаббат дейтін сапарды,
Қозы мен Баян моласы, міне, атанды.
Қалауын қанша тапқаныменен, қара тас,
Қайырымсыз ата Қарабайдайын қатал-ды.
Басына бардым,
қасында тұрмын солардың,


(Қозыдай маңырап,
сүймеген, сірә, болармын...)
Егіз жүректі екіге бөліп мола тұр, 
Тұмсығы үшкіл қанжарындай-ақ
Қодардың.
Төрт жанардың да
тауысып түгел көлдерін,
Төрт бұлақтарынан
төге де жүріп селдерін.
Ескерткіш етіп,
қос Ана тастап кеткен бе?!
Аялап жатқан Аякөз сынды белбеуін.
Жол түсіп, ұрпақ,
Таңсықка барсаң тегінде,
Бір соқпай кетпе
күмбезге сонау көрінген.
Қазақтың осынау
қасқайып тұрған төрінде,
Бабаларыңның
махаббаттары көмілген...
Махаббат,
Сенен келсін деуші едім ажалым,
Сүйе алмайды екем,
Тарқапты менің базарым.
Шаршапты көңіл,
Шаршатты бәрі, шаршатты,
Қош енді


Менін ажалым менен азабым!
Сергелдең болма,
Сен енді мені іздеме,
Іздеме қыста,
Іздеме көктем, күзде де,
Шәйі жамылғыш;
Шәлкездеу желпіп қалғанда,
Лып етіп сөнген
Шырақтың нұры — біз деген...
МЕН СЕНІ САҒЫНҒАНДА...
Мен сені сағынғанда,
Қарамай жауындарға, дауылдарға,
Қарсы қарап жүземін ағындарға,
Кеудемде қимылдаған жаным барда,
Мен сені сағынғанда,
Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.
Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап,
Тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық,
Ана-қыран,
Алыстан келеді ұшып мұзбалағың.
Тәкаппар ең, өрлікке бола туған,
Жет тездеп,
Дауыл тұрғыз қанатыңнан.


Сен — мендік, мен — сендікпін, ана-қыран,
Қыранбыз, қырандардан жаратылған!
Сағыныштың сағымын жамылғанда,
Қарамай қара нөсер қағынғанға,
Саған ұшам,
Қалмайды сабыр жанда,
Мен сені сағынғанда, сағынғанда...
БАЙҚАЛМАЙ ӨТКЕН МАХАББАТ
Қысқы түн.
Аяз.
Ай жарық.
Төңірек тегіс қалғуда.
Басқаға көңіл бұрылмай,
Тұратын едім байланып,
Терезеңнің алдында,
Желідегі құлындай.
Қадалып жарық кең үйге,
Арманым - сені бір көрсем.
Сырттағы байғұс не күйде
Тұрғанын әсте, білмеуші ең.
Ызғарын аяз төккенде,
Терезең кеткен қыраулап.
Арыда-бері өткенде,
Көленкең ғана жүр алдап.


Бөз қырау аты кірпідей,
Келетін әкең жұмыстан.
Тазыдан қашқан түлкідей,
Ініме мен де жылысқам.
Махаббат өткен байқалмай,
Бұл шақта бәрі ұмытылған.
Сүйем деп саған айта алмай,
Сүйсініп жүргем сыртыңнан...
СҮЙГЕН ЕРІН...
Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Сүй, жаным!
Сүйкімді бір күйге енемін.
Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,
Ағытшы бешпетіңнін түймелерін?
Сүй, жаным!
Сүйе бергін, кім біледі...
Бір кезде еске аларсың түнді, мені.
...Жалт етіп өте шыққан баяғыда,
Жастықтың талықсыған бір күні еді.
Ұялып, барады өтіп бұлақ — бала,
Бұйығып, үн қатпайды жылап қана.
Баланың мандайынан сипалаған,
Дірілдеп айдан тамған шуақ қана.
Тау-аталар түкситіп қабақтарын,


- Ар аттадын, - дегендей, - қарақтарым...
Сүйген жүрек қалады есеңгіреп,
Есеңгіреп, білмеппіз таң атқанын.
Сүйген ерін сүйгісі келе берер,
О, жастық! Махаббаттап, көгере бер!
Сүйгемін жоқ, өлгемін — дер едім мен,
Сүйдің бе деп сұраса менен егер...
СЕН
Сен көрікті едің...
Көріктісің!
Баяғы бойыңдағы желік-күшің.
Не істеймін десең-дағы еріктісің,
Себебі көріктісің, көріктісің!
Сен ақылды едің...
Ақылдысын!
Тал бойыңда талмаған ақыл-күшін.
Ерке мінез, есен-сау жатырмысың,
Жатырмысың, жаныма жақын құсым?!
Жаратқан қолдан соққан асыл мүсін.
...Алдыңа келу қандай қиын маған!
О, менің ақ бақытым, бұйырмаған.
Саусағыңнын ізіне көзің салшы,
Шым-шытырақ шимаймен шиырлаған,
О, менің ақ бақытым, бұйырмаған.


Сен сүйікті едің...
Сүйіктісің!
Сені көріп тағы да күйікті ішім.
Мен шыға алмас шың едің, шын бақытым,
Әлі де биікпісің?
Биікпісің?!
Қилы тағдыр қарсы алдымда тұрғанда,
Мен шорқақпын махаббатты жырлауға.
Өлеңде емес,
Өмірімде ат ізін,
Амал қанша, салғамын жоқ бұл маңға.
Он сегізге, жиырмаға толғанда,
Отау тігіп, ойнағам жоқ ол маңда.
Шын махаббат көрмедім мен,
Болғанда,
Даяр едім Отанымдай қорғауға.
Махаббатым өзімде деп ескерткем,
Кез болған жоқ құлай сүйіп, ес кеткен.
Кім біледі, сырт айналып кетті ме?!
Босана алмай жүргенімде бөстектен.
Қапелімде арты — өкініш, алды — мұң,
Қаламаймын махаббаттың қалдығын.
Содан болар...
Содан болар кім білсін,
Махаббатқа шорқақ менің жан-жырым.


Махаббатқа шорқақ менін өлеңім, 
Телісем де тели алмай келемін. 
Неге керек өзімді-өзім демеуім, 
Кімге керек сені сүйем дегенім?!
...Махаббат па?
Махаббат болған еді.
Таудың мен еркін жүрген тағысы едім,
Тапты да, түсірді ғой торға мені.
Махаббат па?
Махаббат болған менде.
Жиі барғам аққулар қонған көлге.
Ал, қазір тоңған жүрек, солған кеуде.
Ғашықтық па?
Ғашық та бола білгем.
Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен
Жанымменен сүйемін, жанарыммен.
Сағыныш па?
Қалай оны тауыса аламын.
Сағынғамын, шөлдегем, аңсағамын,
Ақыры шаршағамын, шаршағамын.
Сүйгенім бе?
Сүйгенім өмірде емес.
Ұйықтасам, түнде түсім, көңілде елес.
Өлгенше кетер емес көңілден еш...


МАХАББАТ
Құмартасың жете алмай, 
Қайғырасың сағынып.
Қыл көпірден өте алмай
Қиыласың табынып.
Жүрегіңді бос етіп, 
Жүдеп жүріп сүйерсің.
Өзіңе өзің қас етіп,
Өз отыңа күйерсің.
Өзіңе бал, басқаға у, 
Сезімдіге ең қымбат:
Қайғы, сүю, құмарту –
Ең бірінші махаббат.
З...ҒА!
Жарқ етіп найзағайдай сөне қалған,
Жастықтың тұңғыш нәрін сенен алғам.
Сәбилік пердеңді мен дал-дүл етіп,
Махаббаттың тәттісі саған тамған.
Күнәсіз сәбилікпен ойламаған,
Жасырып махаббатпен қайнамаған.
Жаныштап жетілмеген екі алмаңды,
Астынан тамағыңның аймалағам.
Хош, сүйіктім, есіңе ал сол бір күнді,
(Менен артық сүйсең де мейлі кімді).


Есіңе алсаң, егіліп жылағайсың,
Жайлауды, шулы өзенді, айсыз түнді...
МАҒАН ЫСТЫҚ
Жылуы жалыннан да өтімдірек,
Көңілімді керген сайын бекіндіред.
Шығарып махаббаттың асқарына
Шыңдайды, сүюімді жетілдіред.
Қайғырса, қам көңілі қыстан жаман,
Қуанса, лебі оттай алаулаған.
Көңілімнің сүйетіпі жалғыз-ақ жан,
Кедір-бұдыр кейпі оның ыстық маған.
Көңілсіз кейде оның томсарғаны,
Құдіретті көңілге ой салғаны.
Еркелеп, шалқығаны кейде күліп,
Мен үшін келер бақыт, бір зор үміт.
Жүрегімнің жұбайы - жалғыз-ақ жан,
Ол маған оттан да ыстық лаулаған.
МАХАББАТ ДИАЛОГЫ
- Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
- Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.


- Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
- Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
- Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
- Жел боп қуып, ақыры жетер едім.
- Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
- Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.
Табиғат жайлы өлендер
ГҮЛДЕР СЕМІП БАРАДЫ
Жер ылғалын, күн нұрын көріп толып,
Бал араға бар нәрін беріп болып,
Күннен күнге дерт женген нәрестедей
Гүл сарғайып барады семіп, солып. 
Көрік кеткен лала гүл, раушаннан, 
Жапырағын, сабағын қырау шалған. 
Сумандаған ұрыдай суық жел тұр, 
Жабырқаған гүлдерге лаң салған.
Ажарымен қоштасып, алаңымен, 
Гүлдер семіп барады сабағымен.
Түгі кетіп, жарғаққа айналған ба 


Көздің жауын алатын дала — кілем?
Күнде көрсең тұратын күнде өртеніп, 
Гүлдер сөніп барады,
Гүлдер сөніп.
Гүлдер семген,
Сарғайған дала мұнда,
Гүлсіз көркі шамалы қаланыңда! 
Сабағынан үзілген гүл раушан
Жазды әкетіп барады жанарында.
АПАЙ, КҮЗ, ТЫРНАЛАР
Соноу,
соноу кездерде суға барған,
Шөрегейлер ұшатын жылғалардан.
Мұңлы күздің әуенін еститінбіз
Жылы жаққа аттанған тырналардан.
Қарайтынбыз қанатты керуенге,
Қарасуда жүргенде серуендеп.
...Мұғалима назары қара жолда,
Алыс кеткен жолаушы көрінер деп.
Жалғыз өзі бір түспей жар басынан,
Көз ұшында көз алмай арбашыдан,
Айналайын, күтер де тұрар еді
Бейтаныс жан өткенше дәл қасынан.
Уақытын құры-босқа шығындайтын,


Бейтаныс жан ететін, бұрылмайтын.
Бір бозторғай көдеден көтеріліп,
Көз алдында апайдың шырылдайтын.
Шырылы да торғайдың тынар еді,
Жар басында жалғыз жан тұрар еді.
Керуеннен қап қойған жалғыз тырна:
- Ораламыз, шыдай түс, шыда! – деді
Және қайтып барасындар, тырналар, 
Ұзатып сап, уайымдап қыр қалар. 
Құрық мойын, ұзын сирақ мырзалар
Арттарында жылап жатыр жылғалар.
Тізбектеліп барасындар қай жаққа,
Сенсіз сән жоқ, мынау өлке, аймақта.
Жылап келіп жыл құстары табысып, 
Мауықтары басылғасын таймақ па?
Нөсерлетіп кеше сендер келгенде
Мынау өлке той жасаған сендерге.
Міне, бүгін қарсақ жортып барады
Сендер жүрген дөндер менен белдерде.
Қайда кетіп барасындар, қай манға,
Солдаттардай сап түзеген майданға?
Еркін құстар жаратылған сайранға,
Еріктісін, сайрандар, сайранда!
Жолын болсын, жолың болсын, керуен,


Еркін көшкен жерімен де көгімен!
Тек біздерде қанат жоқ қой, жоқ қанат,
Бірге көшіп кетер едік сенімен.
ТАУДАҒЫ КӨКТЕМ
Сай-саланы
Аймалады,
Жоталардан жел есті.
Көк қарағай
Көп баладай
Күбір-күбір кеңесті.
Қасқа бұлақ 
Тастан құлап,
Бара жатыр шапқылап. 
Шыңылдаған,
Сыбырлаған
Айқай тастар - саққұлақ.
Бір жүрекпен
Дір-дір еткен
Жасыл талдар, жас талдар.
Еміренген,
Тебіренген
Ақбас Ата — асқарлар.
Күннен — бөркі,
Гүлден - көркі,
Тау тамаша, тау алып.
Қатпар басын,
Шатқал, тасын


Көрген сайын жаңалық.
Айналаңа,
Сайға қара,
Шыңға қара ақ мандай.
Бала шағың,
Болашағың
Көктеп келе жатқандай.
ЖАЛҒЫЗ ТЕРЕК
Жас терексің жапырақ жая алмаған,
Біз — жолаушы саяңда аялдаған.
Біз кетеміз, қаласың, тұлдыр терек, 
Салқын бола алмады саяң жаман.
Сая бола алмайсын мына бізге,
Неге ғана біткенсің кұла дүзге?!
Тірі болсақ, соғармыз өскеніңде,
Біздің жақтан, әйтеуір, құлақ үзбе.
Біз кетеміз, бұл жерде сен қаласың,
Иемденіп қазақтың иен даласын.
Киелі ағаш, мүмкін, сен атанарсың,
Саялатып үш жүздің бел баласын.
...Жас терек,
Жалғыз терек жапандағы,
Жайқал, өс, киелі ағаш атан-дағы.
Ақтық байлар адамның есіне сал,
Жауынгерлер болған деп қатардағы


САП-САРЫ ЖАПЬІРАҚТАР
Сап-сары жапырақтар...
Сап-сары жапырақтар...
Саудырап құлап жатыр атырапқа.
Біреудің жанарында,
Біреудің табанында,
Сап-сары жапырақтар жоғалуда.
Каусаған қаңқасы тұр ағаштардың,
Жасыл бақ тоналуда, тоналуда.
Естілмей құстың әні,
Естілмей кұстың үні,
Жалғанның кетті сәні, ұшты гүлі.
Сырғасынан айырылған ақ қайыңның
Басына бар ғаламның түсті мұны.
Сап-сары жапырақтар,
Сап-сары жапырақтар,
Саудырап құлап жатыр атырапқа.
САМАЛ ЕСТІ
Самал есті, даладан, сай жақтан ба?!
Аппақ іңір тауларды ойлантқан ба?
Аспанға сүт әлдекім қайнатқан ба?!
Кілегей тұр меймілдеп қаймақтанған.


Жайлау еді,
Жайлы бір іңір еді,
Жұлдыз тамып кетердей кідіреді.
Өзеніне асыққан өрім-бұлақ,
Төмен қарай төскейден жүгіреді.
...Қай тұста еді, құдай-ау, қай манда еді?!
Маған құшақ сол жанның жайған жері?
Алғаш біздер ақ гүлін таптап кеткен,
Қай манда еді, жастықтың сайран-белі?!
Таулар да тұр, баяғы бұлақ та бар,
Өзің жоқсың, бірақ та сыр ақтарар.
Іздемей-ақ қояйын сол орынды,
Аттанам ғой ақыры, жылап қалар...
КҮЗГІ КЕШТЕ
Төңірекке тұрмын қарап,
Дымқыл сызды күзгі кеште.
Күн батарда қызыл жолақ
Әр нәрсе әкеп түсірді еске.
Күздің салқын күні батты,
Күрең тартты жер беті,
Тауларда өркеш бұлттар жатты,
Құдды қыстың келбеті.
Сол бұлттардың ызғарынан,
Түсіпті тауға жұқа қар.


Таудың шыңырау құздарынан,
Соққандай боп тұр зәрлі ызғар.
Күзгі кеште біраз тұрып,
Еске алдым сүйген жарымды.
Суреті келіп, сүйкімді қылық
Тербеді ұзақ жанымды.
АҚ ГҮЛ
Жаз болды. Көріктенді құлпырып жер,
Оранып көк көрпеге бар өңірлер.
Төсінде жер ананың толықсиды,
Сапсыз көп, сары, жасыл өсімдіктер.
Атқанда таң бозарып алтын арай,
Аралап өсімдікті жүрдім талай.
Ашығы сүттен аппақ жалғыз түп гүл,
Алдымнан болды пайда әлдеқалай.
Ақ гүлді қызықтым да алдым жұлып,
Орнаттым үйге әкеліп орнын құрып.
Бейне бір күнәсіз зат күлімдейді,
Тұрғандай жүрегімнің сырын ұғып.
Қараймын ақ гүліме күнде-күнде,
Көркінен айырылып кетті мүлде.
Ақ гүлім сарғыш тартып сала берді,
Мұңайып, назаланад әлдекімге.


ТҮНГІ ТАБИҒАТ
Іңірде тұрмын қарап ойға қалып,
Тәтті қиял тулайды жүрек жарып.
Ұйқтаған бар табиғат майда лебі,
Аймалап етіп жатты бетті шалып.
Ай қалқып, тұнық көкте жұлдыз да тұр,
Тау қалғып сақтағандай құпия сыр.
Шибұттың өзенімен үнін қосып,
Келеді жүрегіме бір тәтті жыр.
Тып-тыныш бар табиғат демін алып,
Тәтті бір ұйқыға енді төсек салып.
Өзені қос Шибұттың баяу ғана,
Жалығып үн шығарад талып-талып.
Толассыз соққан самал салқын леппен,
Өзеурей өліп-өшіп сүйді беттен.
Тамаша түннің тыныш табиғаты,
Еріксіз жүруіңе әуес еткен.
Әлдилеп түн бесігі тербетілген,
Ұйқының нұры ағып келбетінен.
Қалғытып адам мен аң, тау мен тасты,
Құпия сыр аштырмай жер бетінен.
Балбұл жанып сан жұлдыз, жымың қағып,
Түн көрпесін қуаттап тұрды бағып.
Жалықты ма, кім білсін, кейбір жұлдыз,


Бес минуттық із тастап кетті ағып.
Ай да батты, ақырғы иек қақты,
Рас түн қараңғылық енді жапты.
Қос Шибұттың не болды өзеніне?
Дамылсыз зар еңіреп жылап жатты.
Таң атуға таянып түрілді түн,
Естіледі ұйқыдан оянған үн.
Құлан иек таң атып алтын арай,
Шыға келді жарқ етіп, шашырап күн.
КӨҢІЛСІЗ КҮН
Күздің күні. Сұп-сұр бұлт,
Шытынып аспан тұнжырап.
Зәрлі боран тұрса ұлып,
Бар табиғат қыпжылад.
Боранмен бірге терезе
Үн шығарад сықырлап.
Қыс келді ме, немене,
Есік қағып: “Тұр-тұрлап!”
Жатып алды көсіліп,
Күннің көзін бұлт басып.
Суық боран есіріп,
Үрді де тұрды зәр шашып.
Қыс келді ме, япырмау!


Қарашы қардың ұшқынын!
Не ойлап тұрсың, батыр-ау,
Неге қашты ұсқының?
Терезеден қарайсың,
Қабағыңды түйініп.
Көзіңді неге қадайсың
Әлденеге күйініп?
Мұңаясың қарап тек,
Мұңайтқан сені немене?
Тоңдың ба әлде, інішек,
Суық тиіп денеңе?
Әлде, інішек, зарықтың ба?
Жағуға отын таба алмай.
Болмаса әбден жалықтың ба,
Су отынды жаға алмай?
Ешнәрсе жоқ тарынатын,
Қой, інішек, қапаланба!
Пеш жанына табынатын,
Аязды күн әлі алда.
20-21.Х. 1949 ж., Шибұт.
ТҮНГІ ЖОЛДА
- Сәтті болсын сапарың,
Тез орал қайта, сарғайтпа!
- Деп айтып менің жан жарым,


Жабырқап қарап тұрды артта.
Жол қатқыл, күздің түні еді,
Арба да даяр, жегілді.
Жалыққан күннің бірі еді,
Уайым басқан көңілді.
Ауыр арба, арық ат,
Шықыр-шықыр етеді.
Қиялдың құсы жалығады,
Көзім де қалғып кетеді.
Мазақтап, әлек қылғандай,
Аспанның әне жұлдызы.
Қиялы қарап тұрғандай,
Секілді жарым қырмызы.
Көңілсіз, үнсіз келемін,
Қалғып, кейде жығылып.
Жасқанған айды көремін,
Бұлтқа тұрған тығылып.
Ұйқыға кеткен кең дала,
Шығарып самал тынысын.
Келемін жортып мен ғана,
Кетіріп түннің тынышын.
Түн самалы азынап,
Сергітіп мені оятар.
Шыда, шыда азырақ!
Жарқ етіп қазір таң атар!
31.Х.1949 ж., Нарынқол.
ТАУДА


Шоғыр тас, құлама құз төніп тұрған,
Қарағай басып иіп тағзым қылған.
Бар тіршілік қойнына паналаған,
Алып дене құралған ұзақ жылдан.
Мүлгіген ну орманы сыңсып жатты,
Долы өзені долдана жылап ақты.
Суық соққан самалға шың жартастар,
Кере төсеп кеудесін аймалатты.
Жотада арқар жортқан, елік ойнап,
Қара тас бітпегендей мәңгі ойлап.
Қанатын кесе сілтеп құстар да жүр,
Тамаша табиғаттың тойын тойлап.
Алып жота, асқар шың, ұлы кеуде,
Көз жібердім көлбеген кербез белге,
Тауда тұрып тамаша сырын ұғып,
Бет сүйгіздім азырақ самал желге.
АЙ
Тұнық көктің төсінде,
Қалықтап қайда барасың?
Күндердің бір-ақ кешінде,
Талай сыр түйіп аласың.
Сүйеді сені жас жаным,
Жаңадан толып туған ай!


Сүйіскен ұрлап жастардың
Суреті сенде тұрғандай.
Кейде тұнық, мөлдір көктен
Сыршыл сәулең сырғанап.
Қыз-жігітке бірге кеткен,
Жымың егіп бір қарап.
Біраз минут бұлтқа бұғып,
Сәл ғайып боп кетесің.
Сол жастардың сырын ұғып,
Сәулеңмен сипап өтесің.
Сүйеді сені жас жаным
Жаңадан толып туған ай.
Сәулеңде сүйген калқамның
Суреті сенде тұрғандай.
БҰЛТ
Көнбеске көнген көк аспан,
Меңіреу, тілсіз жатты сұлқ.
Керуендей адасқан,
Келеді жылжып бір топ бұлт.
Дауылдың құлы-қошқыл бұлт,
Көмескі торға байланып.
Бойында күші... етпей былқ,
Барады алыс айдалып.


Бұлтты кенет буды ашу,
Бірақ дауыл сапырды.
Көк бетін кернеп у мен шу,
Найзағай оғы атылды.
Өксіді бұлт еңіреп,
Бұлтты айдаушы тынды жел.
Қайғылы жасын төгіп ед,
Қарық болды қара жер.
Кенет дауыл сап етті,
Қайта түсіп қалпына.
Бұлтты алыс әкетті,
Қаратпай қайта артына.
ШЫБЫҚ
Қорғапсыз, жалғыз жас шыбық,
Желменен баяу иіліп.
Аязға қыста тұншығып,
Ыстыққа жазда күйініп.
Рахымсыз, тілсіз табиғат,
Семдірмек болад шыбықты.
Бақытсыз, жүдеу нәзік зат,
Қауіпті жерге шығыпты.
Тамыры тасқа таңылып,
Нәрсіз, сусыз шөлдеген.
Әлсіз бүрін жамылып,


Солқылдайд соққан желменен.
Аллаң берген денеңде,
Аяулы жалғыз аманат.
Тамырың мықты тереңде,
Тапжылтпас сені ешбір зат.
Аязды, ыссы сағымның,
Бойыңа уы жұға алмас.
Такаппар, долы дауылдың,
Екпіні сені жыға алмас.
Қорғансыз, жалғыз жас шыбық,
Өсерсің келіп қалпыңа!
Беймаза күннен тыншығып,
Шашарсың бүршік артыңа!
Жападан жалғыз жас шыбық,
Басына дауыл төкті зәр.
Бойынан тұнық жас шығып,
Тамырына алды нәр!
ҚЫСҚЫ БОРАН
Соқты боран, ұшты қар,
Тікендейін үскірік.
Шыңылдаған зәрлі ызғар,
Күшінде тұр түшкіріп.


Лезде суып аяқ, қол,
Қырау тұрды кірпікке.
Тақтақ жатқан жайлы жол
Айналды қасат, күртікке.
Желпініп көкте бұлт тағы,
Жүйткіді дауыл қуалап.
Бұралқы иттей жұрттағы,
Ұлиды боран тұра қап.
ЖАБЫР ТАУ
Ұйқыда жатыр Жабыр тау,
Ақ көрпеге оранып.
Көде мен жусан жабырқау,
Қиыршық шыққа оралып.
Ақ көрпе әлі жыртылып,
Жабыр тау сергіп оянар.
Көде мен жусан құлпырып,
Алқызыл гүлге боянар...
ҚЫСТЫҢ КҮНІ
Күн күлмейді еркінше нұрын шашып,
Дамылсыз көк күмбезін бұлт басып.
Отыр міне қарт анам ойға шомып,
Таянып ұршығына, құты қашып.


Күн шығып, көп кідірмей қайта батқан,
Түншығып бұлт астында таулар жатқан.
Қар жамылған кең дала, асау өзен
Үстінде көкшіл меруерт мұзы қатқан.
Тәкәппәр қыс лебі неткен күшті,
Ақ қырау алыстағы орман үсті.
Иілтіп әлсіз дене жас шыбықты,
Ұлыған долы борап соға түсті.
Ұлпа қар кеше ғана жауып өтті,
Кіршіксіз аққа орап төңіректі.
Жүзінді бейне сұлу нұрға бөлеп,
Жабысад шытқыл аяз қарып бетті.
Ақша қар көз ұялтып, шағылысып,
Алтынның ұнтағындай жылт-жылт етті.
Ысқырып, аяз зулап кең далада,
Көркіне көз ілеспей қаққан сылаң.
Лебімен уын шашқан айналаға,
Тәрізді ысқырығы зәрлі жылан.
КӨКТЕМ
Ыстық нұрын төкті күн,
Жадырады қыр мен бел.
Сағынғандай аймалап,
Бет желпиді ескек жел.


Сабыр болып қар еріп,
Ақты өзенді қуалап.
Доп ойнап, көңіл көтеріп,
Балалар да қуанад.
Өскен жерге жыл құсы,
Сағына қайта оралды.
Жібіді жердің қыртысы,
Мейірімсіз тоңы жоғалды.
Жаршы боп бақыт таңына,
Жарқ етіп ертең жаз келед.
Нәр алып сәби жанына,
Гүл жарады жас терек.
РАҚМЕТ, ДАЛА!
Дала, рақмет саған,
Асырдың-ау даңқымды,
Қуанттың-ау халқымды,
Алып төсіңе алып қазан орнатып,
Сапырдың-ау алтынды.
Пай-пай, неткен маңғаз едің
Білмейтұғын шалқуды.
Тұрсаңшы,
Билесеңші бізбенен.
О, менің Жерұйығым.
Асан атам іздеген!


Қатыгез кездерінде
Қасиетті халқым сенен күдер үзбеген,
Сенен бақыт іздеген,
Тұрсаңшы,
Тойласаңшы бізбенен.
Тұрсаңшы,
Көрсеңші кеудеңдегі кереметті.
(Нелер келіп, басыңнан нелер өтті...)
Самалдап, бір жамбастап жатарсың тек,
Ырысқа орап қойып төңіректі.
Білесің бе, Дала?
Біз сені
Жүрегімізбен жылыттық,
Ашшы терімізбен суардық.
Сенің үшін бәрін де ұмыттық,
Ұмыта жүріп қуандық.
Дала, рақмет саған!
Білемін ғой, сүймейсің босқа шуды.
(Есімде, даурықпадан жалыққаның)
Қан төкпей-ақ тер төгіп достасуды,
Ұлы Далам, тағы да анықтадың.
Ұлы Далам, не деген керім едің,
Жаратқан ғой бағыма сені менің,
Дүбірлетіп, әнеки, бара жатыр
Алтын артқан шаңқан боз керуенін.
Дала, рақмет саған!


Ырыс қосып жатырсың ырысыма,
Ағыл-тегіл жүректен нұр ұшыра,
Алтыныңды толтырып уысыма,
Дала, рақмет саған!
БІЗДІҢ КӨКТЕМ
Көктем келді ауылға, мамырлап бұлт,
Таң-тамаша дүние, дабырлап жұрт.
Көктем келді. Өмірдің келешегі,
Көкпен бірге дүркіреп төл өседі.
Сағым қыздың ап қашып орамалын,
Асыр сап тентек жігіт-жел еседі.
Көктем келіп ауылға қыз көрікті,
Таң-тамаша дүние жүзге еніпті.
Асқар ала таулардан асып әрі,
Аяз атаң барады мұз бөрікті.
Көктем, көктем! Қыз-көктем ауылдағы!
Өлең-жыр, әзіл-күлкі ауыл маңы.
Тиянақ таппай ұшқан көк көбелек,
Көк гүлге қонды дағы дамылдады...
ТАҢ АЛДЫҢДА
Айдың да кеткісі жоқ көк бетінен,
Табандап жатып апты етпетінен.


Күп түнге таңнан хабар айтып еді,
Жұлдыздар үркіп кетті бет-бетімен.
Асылып ақ Шолпанға түн құшағы,
Қалуға таңмен бірге тырмысады.
Жердегі емес, көктегі ғұмырлар да
Қалайды-ау, сірә, бәрі Күнге ұқсауды...
КҮЗГІ ТАҢ
Сары түн, айлы аспан, суық ызғар,
Шық тұрған жер бетінде дымқыл сыз бар.
Суық соққан самалдан сәл сескеніп,
Тоңазып, тітіркеніп денең мұздар.
Түріліп түн көрпесі қойнын ашқан,
Әлемді маужыратып ұйқы басқан.
Күздің сары түнінің суығы өтіп,
Мыңқ етпей маңтөбеттер құты қашқан.
Тым-тырыс. Жұлдыз бенен тек көкте ай,
Олар да телміруден жалыққандай.
Тұрсаң егер күзетте міндетті боп,
Дер едің: “Мына түннің ұзағын-ай!”
Кезім ед Нарынқолға баратұғын,
Тәтті ұйқыдан амалсыз жаңа тұрдым.
Сескеніп күзгі түннің суығынан,
Телміре күтіп тұр ем таң атуын.


Шығыс жақтан бозалаң беріп ірең,
Баяу ғана түріліп қара кілем.
Сімірлеп, бірте-бірте көтеріліп,
Айнала боп барады ала күрең.
Ақ басты кәрия таужатты сұлап,
Ақ басып таң лебі өтті сылап.
Аймалап ала күрең болмап еді,
Күңірене бастады ұйқысырап.
Оянды ұйқысынан құмарлана,
Шырылдап емшек іздеп сәби бала.
Емізіп нәрестесін төсіне ала,
Оянды ұйқысынан мейірімді ана.
Күн күлді, ай ұялып бетін басты,
Жымыңдасып жұлдыздар тұра қашты. 
“Шашуым, міне, менің бүгінге!” - деп,
Күн сұлу жарқ еткізіп нұрын шашты.
КҮЗГІ ЖОЛДА
“Көндім” - деп жатқан қара жол,
Көтеріп бозғыл шаңдарды.
Ғасырлар бойы жатқан ол
Ұзатып талай жандарды.
Айналама қарадым:
Құйынмен ұшқан топырақ,
Құр сымпитып сабағын


Қурап біткен жапырақ.
Құла дүз ауыр мұң басқан,
Қызғалдақ басы мұңайып.
Сылдырлап шилер сырласқан,
Дегендей бірге жылайық.
Тұнжырап тұйық айнала,
Тау да тұр әне үһілеп.
Келемін жортып мен ғана,
Тебініп атты шу-шулеп.
Өмір жайлы өлендер
Мына дүние әділдіктен жаралған,
Өз орнында: жер де, күн де, тау, орман.
Бір-бірінен қуат алған, нәр алған,
Мына дүние әділдіктен жаралған.
Күн барады әділдігін арқалап,
Әділдігін бөлеп жатыр шартарап.
Әділдік деп жүргеніміз біздердің –
Бар ғаламға, әлемге ортақ салтанат.


Мынау өмір әділдіктің тұрағы,
Мынау дүние әділдіктен тұрады.
Ал Адам ше?
Адам неге жылады?
Біреулерден біреу неге ығады?
Біреулердің сағы неге сынады?!
Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан,
Су тартылған теңізден, жылғалардан.
Нелер ұрпақ аттанған қуған арман.
Не бар дейсің, өмірге тұлға болған
Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан.
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!
Өтеді ғой...
Өтеді барлығы да,
Күн арқалап кетеді танды мына.
Менін жаным ашиды барлығына:
Таң нұрына, адамның тағдырына.
Менін жаным ашиды өткендерге,
Жаңа ғана өмірге жеткендерге.
Ұран жазып аспанға қойсам ба екен,
Енді сендер өмірден өтпендер деп.


Бәрі өтуде
Күн батып, кеш кіруде,
Жаңаруда дүние, ескіруде.
Болашақтан - бейтаныс, ұрпағымыз,
Босат деп тұр орнымды,
Естідің бе?!
Пай, пай, Өмір!
Өтесің-ау бір күні.
Тиясың-ау қуанышты күлкіні.
Өмір деген — бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген - көк аспанның күркірі. 
Пай, пай, Өмір,
Өтесің-ау бір күні!
Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,
Кетеміз-ау, әй, кетеміз... пендеміз.
Ұрпақтарға береміз де кезекті,
Біз кетеміз. Кету үшін келгеміз.
Өмір деген — бұйым емес қолдағы,
Өмір дейтін - ұлы бекет жолдағы.
Қаның кеуіп қаталаған кезінде
Сусынынды қандырсан бір болғаны.
Мына күн де, мына аспан да, дала анау,
Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау!
Өмір дейтін — тағатсыз бір қозғалыс,
Өмір дейтін - өлемін деп қарамау.


АДАСҚАНДА
— Әлі жүріп келеміз бе, ей?
— Келеміз.
— Өстіп жүріп өлеміз бе, ей?
— Өлеміз...
Құзар тауда біз адасып келеміз,
Бір жылынып, бір суынып денеміз.
Бағыт-бағдар - барлығы да белгісіз,
Қап-қара түн, өзіңді өзің кергісіз.
Ат аяғын шалыс басса болғаны,
Құздан құлап, даяр жатқан көрді сүз.
Аспан мен тау қара кебін жамылып,
Үрей ұшты, құбыжықтар жабылып.
Біз келеміз, аңырып та жабығып,
Өлі, тірі аруақтарға табынып.
Аттарда да дәрмен қалмай барады,
Бір биіктен бір биікке сабылып.
Шүмектеп тұр жаздың тентек нөсері,
Жасын ойнап, жалт етеді, өшеді.
Кемсітсе де кеселі мен өсегі,
Қамсыз жүрген қайран күндер кешегі...
— Біздер әлі тіріміз бе, ей?
— Тіріміз.
Жөнсіз, босқа қырта бермей, жүрініз
— Мені ұнатпай келесін-ау, бастаушым,


Түсінбеймін, не болады күніміз?!
— Не болушы ед, қорқатұғын несі бар?
Өле кетсек, өлгендердің біріміз.
Корықпаныз, біз әзірге тіріміз!
АРМАНЫМ, ТІРІЛ, КӨЗ ІЛГЕН
Баяғы бала кезімде,
Әкем бе әлде өзім бе,
Әкелдік аппақ күшікті
Ашпаған әлі көзін де.
Өсірдім көңілін қалдырмай,
Мойнына қарғы салдырмай.
Әлжуаз аппақ күшігім 
Ақ тазы болды қанжырдай.
Әжуа, мысқыл, әзілмен,
Қайтейін онда ұятты,
Ойнаймын аппақ тазыммен,
Ұялас күшік сияқты.
Қар жауды, міне, алғашқы,
Ақ тазым менің қар басты.
Түлкі ұстатып берем деп,
Үлкендер келіп жармасты.
Біріне-дағы бермегем,
(Қайсар едім ғой мен деген)


«Бере ғой» деген әжемнің
Тіліне-дағы көнбегем.
(Көрмей-ақ кетсін көрмеген!)
...Сол жылы қыста, ақпанда,
Күн батып бара жатқанда,
Ойынға мені шақырып,
Ақ мүсін тұрды ақ қарда.
—Жынданба! — дедім, — желөкпем,
Үйге қайт, енді кеш кірді,
Осы бір сәтте кенеттен
Мылтықтың даусы естілді.
Ақ тазым менін қаңқ етті,
Қаңқ етті-дағы жалп етті.
Миыма менің қан тепті,
Көзімнің оты жарқ етті,
Ақ қарға тазым қан төкті.
... Соноу бір бала кезімнен
Жауыздық барын сезінгем.
Мұң төгіп алғаш көзімнен,
Бәрінен сонда безінгем.
Келемін бірақ төзумен,
Айыра көрме сезімнен,
Арманым, тіріл, көз ілген!
БІЗДЕР ДЕГЕН


Бай өлкенің ойынан, тау-тасынан
Біздер де арамыз ғой бал тасыған.
Шырын құйып жатамыз жүректерге,
Шымшып алып гүлдердің арқасынан.
Біз деген гүл қуалап, нәр іздейміз,
Шөп қажап шегірткедей дән үзбейміз.
Алты айшылық жол басып, арып-ашып,
Адам деген патшаға дәрі іздейміз.
Балға қоса, біздіҢ де уымыз бар,
Ұғыңыздар,
Гүл алып шығыңыздар,
Жабыла кеп жармасқан маса ғұрлы
Жабыла кеп талайтын жынымыз бар.
Ұямыз бар біздің де - омартамыз, 
Алмағайып бүлінсе сол ортамыз, 
Басымызды бәйгеге тігеміз де,
Көзімізді біржола жоғалтамыз.
Мықты болсан, ақын боп жаралып көр, 
Қолқасынан гүлдердің нәр алып бер. 
Ғұмыр бойы жол басып, арып-ашып, 
Адам деген патшаға дәрі алып кел!
ӨМІР ДЕГЕН БІРЕУ БАР


Жазықсызбын дей алман, жат көріндім,
Жазықтымын дей алман, ақ көңілмін.
Өмір деген біреу бар билік құрған,
Билігінен мен соның қақ бөліндім.
Желіктіріп, су бүркіп сайтан маған,
Кезім болды әділдік айта алмаған,
Батқан ерді арқама ауырсынып,
Жауыр болған құнандай қайқандаған.
Арыммен де оңаша қалып көрдім,
Жоғалғанын іздедім, тауып бердім.
Ар-ұят деп аталар нәрестені
Қызылшақа күйінде алып келдім.
Сайтанныңда, күнәсіз періштенің
Бал мен уын талғамай неге ішкенмін?
Періштенің қайғысын бөліспедім,
Сай ғанменен болса да келіспедім,
Не істермін, тәңір-ау, не істермін!?
Анқылдаған не таптым ақ көңілден,
Несіне ердім сайтанға жат көрінген?
Өмір деген біреу бар билік құрған,
Билігінен мен соның қақ бөлінгем!
КӨНЕМІЗ ДЕ....


Қайтер едің өмірге келмегенде,
Көнесің де...
Қайтесің көнбегенде?
Көресің де...
Қайтесің көрмегенде?
Көлден тамшы бұйырмас шөлдегенде.
Қадірлі дос,
Халінді ұғып тұрмын.
Күйзелттің ғой, бәрін де ұмыттырдың,
Нақ айыпты жандайын алдында мен
Не дерімді біле алмай, құрып тұрмын.
Не де болса, тәуекел — тең көрейік,
Әкел бері қайғынды - тен бөлейік!
Бірімізге біріміз дем берейік,
Бір арбанын астында дөнгелейік.
Қақ бөлесің кайғынды,
Келісеміз.
Алауын да, уын да тең ішеміз.
Кезбе бақыт кездесіп қалса бізге,
Тепе-тең ғып екіге бөлісеміз!
«Өлі балық жолығар өлмегенге!» 
Өлмегенге не жетсін, өлмегенге!
Өмір деген осылай, жаным менің,
Қайтер едік өмірге келмегенде?!
Көнеміз де...
Кайтеміз көнбегенде???


ТАНДАНБА, ЖАНЫМ, ТАНДАНБА
Орманға, тоғай, талдарға 
Оңаша жалғыз барғанда, 
Серігін іздеп жалғаннан 
Сұңқылдаса сұр көкек 
Отырып ескі тамдарда, 
Танданба, оған танданба!
Онаша сон-оу тауларға
Онаша өзін барғанда,
Құлақ сап көрші бар манға
Сыбызғы тартып сұр бұғы,
Маралын іздеп зарлауда,
Оған да, жаным, танданба!
Сорғалап соноу занғардан,
Шанқылдап қыран самғауда.
Серігін іздеп жалғаннан,
Оған да, жаным, танданба!
Үмітіңді артып арманға,
Адасып достан қалғанда, 
Өзін де, жаным, жалғызсың,
Өзіне-дағы танданба!
Өкінбе жалғыз жүрмін деп,
Несіне өмір сүрдім деп.
Бәрінің де аты - жалғыздық,


Келеді бәрі бір-бірлеп,
Кетеді бәрі бір-бірлеп.
Сағынып кеткенім-ай сол жылдарды,
Саялап, қуат етіп мол жылдарды.
Қосымды егістікке қондырғам-ды,
Шық қарып, табанымды тон да ұрған-ды.
Сонда да сағынамын сол жылдарды,
Сабанның арасында орным қалды.
Кешкісін оранып ап ақ сабанға,
Жатушы ек бой берместей атса жауға.
Таңертен жылы орынды қия алмаушы ек,
«Тұр, тұрлап!» бригадир қақсағанда.
Қарыма қаршадайдан құрық та астым,
Масақтан дән айырып, тұлып бастым.
Қайғылы, қуанышты қайран күндер,
Қалай да мен сендерді ұмытпаспын!
Келді де соғыс деген ала шапқын,
Сайранын быт-шыт қылды бала шақтын...
Түтінін жұтпағанда жер ошақтың,
Тәттісін татпас та едім Болашақтың.
Сонда да сағынамын қайран күнді,
Сонда да жаным менің сайрап жүрді.
Қуантып жатушы еді майдан кімді...
Жылан боп, аждаһа боп түске кірді.


Қабағы таудың қатулы,
Қар жауа ма, қайтеді?!
Бұлақтар мұнда батулы,
Мұз тұра ма, қайтеді?!
Ай туыпты шалқалап,
Шатынап аяз болар ма?!
Тыныстай қапты шартарап,
Шарқ ұрып дауыл соғар ма?!
Жапсан жап тауды, қыратты,
Жаусаң жау, ақ қар, үш апта!
Бұйығып жатқан бұлақты
Бұрқана келіп құшақта.
Дала, орман тегіс ілбіпті,
Соқсаң соқ, дауыл, серпіл бір!
Мына бір бейкам тірлікті
Желпіндір, дауыл, желпіндір.
Шалқадан туған Айды да 
Орақ қып көкке шаншып қой.
Жол ашсан мұңға, қайғыға
Тірлігін онда мансұқ қой.
Санаулы күн,


Санаулы ай,
Санаулы жыл.
Санай жүріп самайлар ағарды кіл.
Уақытты не пайда санағаннан,
Алатұғын өмірде бағаңды біл.
Қанша күнің,
Санап көр текке кетті,
Қанша жанды Санап көр, өкпелеттің.
Адамдықтан адасып қаншама рет,
Қаншама рет ауытқып, шетке кеттің?!
Қанша жүрек түбінде тұрақ тептің, 
Қанша жанның жүзіне шуақ септің? 
Қаншама рет қуанып бардың-дағы, 
Қанша адамның алдынан жылап кеттің.
Ал, қанеки,
Санап көр, санағышым!
Сарқылмастан тұрғанда сана-күшін.
Не жақсылық көрсетті адам саған?
Не жақсылық жасадың адам үшін?
Жоқ күндерім бар күндермен өтеліп,
Баршылыққа, таршылыққа ет өліп,
Күйігім мен қуанышым қолдасып,
Келе жатыр мені иыққа көтеріп.
Екі дүние, екі мінез әр алуан,


Екеуі де орын тапқан санамнан.
Бақыт деген осы ма әлде, кім білсін,
Қайғы менен қуаныштан жаралған?!
(Мен еріксіз екеуінен қаймығам)
Қуанамын, қуанам да қайғырам.
Күйініш те маған керек сияқты,
Күйінішсіз шаттығымнан айырылам.
Жоқ күндерім бар күндермен байыпты,
Бар күндерім жоқ күндерге айыпты.
Мәңгі-бақи шаттықта өту мүмкін бе?
Адаммын ғой, қайғыру да лайықты.
Аң емеспін, адаммын ғой, санам бар,
Шаттығымды бөлісіңдер, жарандар!
Көкте күнім тұрған сәтте нұр шашып,
Жай орнатқан бұлтыма да қарандар.
Заулап өткен заман-ай құр аттайын.
Сырғанаған күндер-ай сынаптайын.
Өксі, көңіл, өткізген сәттеріңе,
Өксі, көңіл, мен сені жұбатпайын.
Белгісіз, қыр аса ма, сай бара ма,
Асығады осы өмір қайда ғана?!
Көшін тартып барады шіркін жастық,
Оянғасын қарасам айналама.


Қалмасам деп сол көштен далбасалап,
Жалын тартып асаудың жармасам-ақ,
Адуын ат ауыздық салдыртпайды,
Қараң қалған мені бір жанға санап.
Әттең-ай, кұлағыңнан басып тұрып,
Басып тұрып арқаңды қасып тұрып;
Жастық көшін жалтартпай қуар едім,
Шалқыта көбігінді шашып тұрып...
Өксі, көңіл, мен сені жұбатпайын,
Өкси берші жалғыз тал бұлақтайын.
Күзден қалған күрең бір жапырақтай,
Жармасып ап жағанда шуақтайын.
Жарық дүние-ай!
Жарығың неткен жақсы еді!? 
Жаңылыспаспын,
жарым деп айтсам нақ сені!?
Құшаққа сыйсан,
құшырым қанып,
өбер ем,
Құшақтап тұрып, өлер ем.
Жарық дүние,
жанарым менің жайнаған!
Жап-жарық неткен айналаң!?
Нұрына сенің
миллион бояу ойнаған,
Құмартып кетер


қомағай көзім тоймаған...
Жасасаң қайыр,
қарыз деп айтпа,
жарқыным!
Қарыз ғып берсен,
қажет те емес алтының.
Өгіз боп саған,
өткерер менің жайым жоқ.
Өмірдің қалған тамтығын.
Ақ уыз берді,
қарыз деп Анам айтпады, 
Мойнымда әлі,
Әкенің қарызы қайтпады.
Қарыз демей-ақ,
қамқоршым болған дос қанша,
Қайтарар едім,
қайтейін, мені байытпады...
Еліме мәңгі
қарыздар едім қашаннан,
Өтермін қашан?
Кетермін қайда?
Қарыз деп айтпас,
қайырымды мынау өмірге,
Қарыздар болып жасалғам.
Қарыз деп айтпа,
жасасан маған қайырым,
Қайтара алмаспын,
белгісіз менің байырым...


Мен деген,
жолдас, жарлының жалғыз тайымын,
Ағытып болмас айылын!..
Жүрегіме жүк артып,
жүрегіме жүк артып,
Жүдедім бе?
Білмеймін,
Жүдедім бе мұнартып?!
Жігеріме, білмеймін,
Жібердім бе мұң артып?! 
Жүремін де, әйтеуір,
жүремін де құмартып,
Жүрегіме жүк артып.
Мен іздеген нұр-бақыт,
ұстатпаса, зуласын.
Тек жүрегім бір уақыт,
Жүксіз қарап тұрмасын.
Жүрек болып туғасын.
ӨМІР ДЕЙТІН
Өмір дейтін тайғанақ мұз-айдында,
Жырлап кетем, алдымен жылаймын да,
Сөредегі кермені кесіп өтсем,
Маған әлі жетпейді құдайдың да.
Мұң мен зарға ондайда шаң қаптырам,


Қайғы дейтін қаншықты қан жаптырам.
Ұры-уайым тиер деп қай жағымнан,
Секем алған киіктей аңдап тұрам.
Аттай жүріп өмірдің баспалдағын,
Бірі менмін қайғыдан қашқан жанның.
Көзім жасын көл етсем сөнер ме екен,
Көмейімнен лапылдап, шашқан жалын?!
Жөқ сөндірмен, сөндірмен, жыламан да,
Қуаныштан мұң жуық тірі адамға.
Дариясы өмірдің шайқалмайды,
Дәрмені жоқ бір пенде жылағанға.
Жүргемін жоқ қайғының жүгін артып,
Ер сүрінсе еңкеймес, жығылар тік.
Бөліп, жарған қайсыбір қуаныштан,
Ойландырған оңаша мұңым артық...
АЙЫҒЫП КЕЛЕМ
Айығып келем.
Айығып келем бәрінен.
Емделіп жүрмін,
Жақсылар берген дәрімен.
Мен үшін өмір тарылған емес, әлі кең,
Кеңістіктерге сапарға шығам әлі мен.
Сауығып келем,


Жинап та келем есімді.
Сағынып қалдым,
Саламат өмір кешуді.
Тағат таппастан,
Тартамын алға көшімді,
Жанып бітпестен жазбаған маған өшуді.
Қиын ғой Қиын...
Көшінді жолға доғарған,
Жана алмай бықсып, ошақта отың жоғалған,
Жаға алмай сөнсең жалын мен отты -
Сол арман,
Жалындап тұрып,
Өртеніп кетсең, жоқ арман!
Асығып алыс күндерге,
Бір белден асып, бір белге,
Адасып қалмай бір жерде,
Айсыз қара түндерде,
Отанында - іргенде
Не жетсін өмір сүргенге!
Алысар жерде алысып,
Табысар жерде табысып,
Жүгенсіз асау өмірдің
Жалына мықтап жабысып,
Жарысар жерде жарысып,
Жұртыңның көрғап намысын,
Халкыңмен бірге қауышып,


Не жетсін өмір сүргенге!
Отынды бірге жағысып.
Тыраштап босқа күн көрме
Тірлікте мына жүргенге!
Тыншығып қалма бір демде,
Тыншығып калма тіл, кеуде!
Жарыққа мына не жетсін,
Не жетсін өмір сүргенге!
Жарқырап шығып,
Қалтырап барып батар күн.
Қысқарып қалар тәулігі ұзақ сапардың.
Күн батқан жерге,
Қосымды мен де апардым,
Күнменен бірге дамылдап мен де жатармын.
Өмірім менің!
Күнменен бірге жылжыған,
Өте бер жәйлап,
Несіне саған қынжылам.
Ашылып күнмен,
Күнменен бірге тұнжырап,
Күнменен күліп,
Жыласа, бірге тұр жылап.
Күн шыққан жерде,
Күн батқан жерде тұрағым!
Кірлесе көңіл, нұрына соның жуамын.


Ақтарыл, менің шуағым!
Сөнбесең екен,
Сөнбесең екен, шырағым!!!
Кереметі-ай,
Мына жарық сәуленің!
Езу тартып барады, әне, әлдекім,
Алатау да жатыр, әне, сәнденіп,
Ал мен болсам,
Бір жаныммен әуремін.
Кереметі-ай,
Мына жарық сәуленің!
Қайта маған оралар ма әл-демім.
Қайда кеттің,
Қайда кеттің, дәрменім?
Қайда кеттің, сауық-сайран дәуренім?
КҮН АУЫСЫП БАРАДЫ
Күн ауысып барады түнге қарай,
Шығыста — кеш, Батысқа — кірген арай. 
Күн шыққан жерден әр кез түн келеді,
Маған солай, білмеймін, кімге қалай.
Сонғы шоғын сөндіріп арайлаған,
Күн кетті, тіршілікке қарайлаған.


Ай туды, нұрсыз да емес, нұрлы да емес,
Шашырап өлі сәуле шар айнадан.
Аспан да абыр-сабыр шамын жағып,
Құс жолы да төселді сағымданып.
Бар дүние тұрғандай дамыл бағып,
Тауым қалғып, ойымда бағым қалғып.
Түн мені күйзелтеді жынды қылып,
Бақты басып жатқандай, гүлді жұлып.
Күміс қанат бір құсқа мініп алып,
Кетсем бе екен артынан күнді қуып.
Неге мен үрейленем түнге қарай,
Маған солай, білмеймін, кімге қалай.
Күнде - өмір, түнде - дамыл, түсінбеймін,
Мойнымды бұрсам екен кімге қарай?!
Қай күні менің
Тәмамдалады дастаным?
Бітпесе екен,
Жаңадан ғана бастадым.
Биіктей берсін, биіктей берсін,
Өкінбен,
Мұнартып тұрған шындарым менен асқарым.
Сапарға сапар
Жалғана берсе екен деп,
Жалынам күнде,


Жазмышқа тағзым етем көп.
Адасу болар,
Таласу болар өмірде,
Жүрсем болғаны
Ата жерімді мекендеп.
Атақ-даңқтың
Керегі маған шамалы.
Қалады досым,
Қалады, бәрі қалады...
Қай күні менің тәмамдалады дастаным?
Уақыт өтіп,
Уақыт өтіп барады.
МЕНІҢ БІР ДОСЫМ
Ана бір жыл Алматыға келгенде,
Өз аузынан досым былай деп еді.
- Дүниенің барлығын да өлеңге
Сыйғызатын ақын болғым келеді.
Былтырғы жыл Алматыға келгенде,
Былай деген сөзін ұқтым батырдың:
- Шалқар ойым сыймайды екен өлеңге,
Алты актілі пьеса жазып жатырмын.
Биыл тағы Алматыға келіп ем,
Досым менің барлығын да тастапты.
Ақысы мол, өзі қалың, жолы кең,


Екі томдық романын бастапты.
ЖҮРЕК НЕГЕ ЗАТ БОЛЫП ЖАРАЛМАҒАН?
Қарғам менің!
Қарғам менің!
Аласарып барады арман-көгім.
Жалған десе, дүние жалған ба едің?!
Жараланған көңілім дал-дал менің.
Қауырсын ең үзілген қанатымнан,
Жанарымнан шуақ ең таратылған.
Қара басқа орнатып қара тұман,
Қайғым болдың ойымда дара тұрған.
Күйзел жан, күнірен жан, күнә басып,
Айығар сәтін сенін, сірә, қашық.
Жабығып жарығында бұл жалғанның,
Бір түйір қаным менің жүр адасып...
Мен жүрмін бақыт қуып, даңқ қуып,
Сайрандаған боламын сауық құрып.
Кінәсі жоқ қарғамды жабықтырып,
Жолай алмай құрыдым танып тұрып...
Карғам, сені жайым жоқ кем көретін,
Бимағұлым тағдырың сен көретін.
Зат боп неге жүрегім жаралмаған?!
Қарғаларым, сендерге тең бөлетін...


ҚЫЗЫҚ ӨМІР
Қалтарыс, бұлтарысы мың сан қабат
Қызық өмір, ақырын тұрсаң қарап.
Біреулердің еңбегі еш, тұзы сор боп
Біреулердің бақыты жүр сорғалап.
Қызық өмір, кім білсін, сонысымен,
Аласы мен құласы, торысымен.
Тағдыр түрлі болғанмен өмір біреу
Ұнатамын өмірді сол үшін мен.
Ұнайды өмір ынтымақ, күресімен,
Құр қалмайды ешкім де үлесінен.
Өліп-талып жеткенде бақытына,
Шорт үзіліп, кей тағдыр түгесілген.
Өміріме өзімнің танданамын,
Қалмайын деп қатардан қарманамын.
Бүгінімді өткізсем қиындықпен,
Ертеніме үмітпен алданамын.
Ұнатамын өмірдің ой-қырларын,
Сауық құрып, сайрандап, той қылғанын.
Өмір керек көлеңке, шуағымен,
Өмір керек!
Басқаның қойдым бәрін...


Батар күн,
Келер түн,
Атар таң,
Шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен,
осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен,
Сірә да, өлмейтін шығармын!
Жақындық сеземін –
Жерден де аспаннан,
Жылылық сезінем —
Мұздардан, тастардан.
Өмірім, сірә да,
әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы, мен,
өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын.
Ата-Ана жайлы өлендер


ӘКЕ АМАНАТЫ
(Еске алу)
Аттанарда алыс жолға,
Тапсырды әкем аманатын.
Серт етіп мен де алдым қолға, 
Әкемнің берген «асыл затын».
Сұстандырған суық лебі,
Соғыс жылы, қыстың кезі.
Әкем сонда аймалап мені,
Аманат еткен мынау ед сөзі:
«Тында, балам, тында, күнім 
Болуға жара қолғанат!
Кәрі анаң, сәби інің,
Барлығы саған аманат!
Мен де сенің он жасында,
Атадан жетім қалғанмын.
Аса ақылды болмасам да, 
Аманатын алғанмын.
Санамда сіңіп, сақталып,
Әкеңнің сөзі елмеген. 
Болғанша қашан ақталып, 
Тұратын бел боп көлденең.


Талпын өмір шыңына, 
Жетіп те мүмкін қаларсың! 
Анаңның ауыр мұңына 
Сергіткіш себеп боларсың!
Сен жас буын, жаңа тал, 
Гүлің де өсіп шашырар. 
Сарылып оқып, білім ал, 
Сөнгенше сәулең асырар».
Деп жан әкем аттанып 
Кетті қайта айналмай.
Тек сол сөзі жатталып, 
Жүрегімде қалғандай.
ӘКЕМЕ
Сонымен құладың ба, тас қамалым? 
Қалмады күйініштен басқа амалым.
Зиратың аяқ асты болмасын деп,
Бұзылған қорғанымнан тас қаладым.
Шынымен құладың ба, шым қорғаным, 
Шынымен өртендің бе, нулы орманым? 
Әке, сенің өмірінді жалғамасам,
Құрып кетсін жер басып, ұл болғаным!


ӘКЕ
Әке, сенің жасыңнан асып барам. 
Кезі-кезі келгенде тасып та алам, 
Кезі-кезі келгенде жасып қалам, 
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң.
Құры алақан емеспін қуаныштан, 
Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан.
Бір арыстан өмірден өткенімен,
Өмір сүріп келеді тірі арыстан.
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.
Әке, сенің тастап кеткен мұранды,
Төрт немерең көрген шақта қуанды.
Терің сіңген тақияға жармасып,
Алма-кезек бірінен сон бірі алды.
Иіскейді танауларын шүйіріп,
Шешем отыр тәуба жасап сүйініп.
Мазалаған әлдеқандай бір сезім,
Тұрды менің алқымымда түйіліп.
Кейіс пішін. Келінің де тұр қарап,


(Сәбилер-ай, сәби кімді тындамақ.)
Сездің бе, әке, сенен қалған мұраны
Ұрпақтарын жатыр әне жұлмалап.
Сезбейсің-ау, сезбейсің-ау, ардағым,
Осыншама артында ұрпақ қалғанын.
Пай, пай, шіркін. Орталарында отырсаң,
Ию-қию базар болып жан-жағың.
(Сезбейсің-ау өшпегенін отыңның...)
Ортасында өзің шашқан қоқымның,
Өзің жоқсың.
Өзіңе ұсап отырмын.
ӘКЕМ ТУРАЛЫ СӨЗ
Әке, әке, әке қымбат, әрине,
Сол қамқоршы семьяға, әр үйге.
- Көп жыл болды, ол өмірден кеткелі,
Бірақ менде елесі жүр әлі де.
Ол жас еді, Октябрьмен бірге өскен,
Ол емес-ті күнін босқа түгескен.
Оның өмірі күреспенен басталып,
Оның өмірі аяқталды күреспен.
Отан үшін, семья үшін, мен үшін,
Аямады ол не өмірін, не күшін.


- Тәрбие ал, - деп, қалдырыпты ол маған
Коммунистік ерлік ісін, жеңісін.
Әрқашанда қарапайым кіші еді,
Менің әкем міне осындай кісі еді.
Есіме алам... Есіме алсам, мақтанам:
Коммунистік партияға ол мүше еді!
Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптін,
Сабағындай шырмайды шырмауықтың.
Үмітпенен, арманмен, күдікпенен,
Өтіп жатыр зымырап зырлауық күн.
...Шешем менің еңкейіп бара жатыр,
Қай күні келер екен нала «батыр».
Жел маған сыбырлайды аят оқып:
«Бір күні айырыласың, қара да тұр».
Кім білсін, көніл, қандай күй кешеді,
Қаңырап қалуы оңай үй кешегі.
Аландаймын алтыным жоғалғандай,
Анамнын көрінбесе кимешегі.
Шешем менің — иілген сұрау белгі,
Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді.
Қалай ғана қалпына келтірерсің,
Дауылдар майыстырған мынау белді.


Ұлың сені ұжмаққа бергісі жок,
Ұжмағың да тамұқ қой — кергісіз от.
Осылай көз алдымда жүре берші,
Сұраулы сөйлемдердің белгісі боп.
НЕГЕ ЕРТЕРЕК СУАЛДЫҢ
Неге ертерек суалдың, жаным Анам?
Қалжыраған қозыңның халы жаман.
Өзің берген уызды іздеуде әлі,
Жетім қозы күзетке маңыраған.
Таста тұнған тамшының сынабынан,
Татып көрсе таудың да бұлағынан;
Бір кезде өзін иіскеп қоюшы едің,
Тартады енді біреулер құлағынан.
Бар айыбы - сусынын басқаны ма?!
(Барлық жердің шөлі тұр баста мына).
Барлық жердің іздеді аспанынан,
Тәтті уызың шынымен тастады ма?
Іздей-іздей еріні кезергенде,
Еміп көрді көлден де, өзеннен де;
Еріп кетті ақыры болмаған соң,
Емін-еркін жүретін көзелдерге...


Олар оны бастады ойға-қырға,
Мұрша бермей отыру, ойлануға.
Сұйық заттын бәрінен сүт іздеймін,
Ақ уызды ащы су жойғаны ма?!
Неге ертерек суалдын, жаным Анам?
Ақ уызды қай жерден тауып алам?
Азаматпын арда емген деп жүруші ем,
Жан екем уыздыққа жарымаған!
ЖҮРЕККЕ НӘЗІК ТІЛ БІТТІ
Шыр етіп шығып анадан,
Іңгәлап біраз жаттым тек.
Кешікпей анам мені алған:
“Бақытты бол, жаным!”, - деп,
Қос бұлақ ағып төсінен,
Аузыма келді тәтті сүт.
Сол сүтті еміп өсіп ем,
Жетектеп бақыт, зор үміт.
Әліппе оқып “а”, “б” - деп,
Түйінін шештім тілімнің.
Сәби жүрек лүпілдеп,
Сағаты соқты білімнің.
Еліктеп шаттық заманға,
Мектепте оқып ер жеттім.


Еркелеткен заманда,
Еркіммен жырлай бермекпін.
Он сегізге толды жасым,
Болдым мен де комсомол.
Бақытқа неге апармасын.
Ұлы Ленин салған жол.
Бақыттың биік асқарына,
Ұлы Ленин бастап барады.
Жазылып өмір дастанына,
Өшпейтін орын алады.
Туғанда алғаш анадан,
Келешек бақыт күн күтті.
Шешіліп сөйлеп жаңадан,
Жүрекке нәзік тіл бітті.
Жүректен шыққан тұпық жыр –
Бүршіктенген жаңа гүл.
Түйдектеп талай шындық сыр,
Жаттықпақ әлі нәзік тіл.
АНАМА!
Түсінбеймін, қашан сенің ақ сүтің
Ақталады, менен күткен үмітің...


Аяулы анам, қасіретті, шерлі анам,
Тұл тұрмыстың торы сені шырмаған!
Тілегіңе жетемін деп көздеген,
Тентімеген жерің бар ма, кезбеген?
Ғазиз анам, мейрімді анам, мен деген,
Бақыт дәмін тата алмай бір шөлдеген.
Жанарыңдай үміт етіп аңсаған,
Жақсылықтан не көрсеттім мен саған.
Ақтай алмай сенің төккен теріңді,
Арқалаттым күйігім мен шерімді.
Көрген сайын самайыңнан ағыңды,
Жасырып ой жей береді жанымды.
Көзім түссе мандайыңның сайына,
“Сорлы” деген сөз келеді ойыма...
Жоқ, Анажан! Сені мұндай қорлыққа
Тастамаспын, ап шығармын жарыққа!
(Сүтіңменен бірге сіңген санама...)
Ақ сүтіңнен адал қаным садаға!
Сенгін, ана! Сенгін, ана, балаңа!
Ақ үмітің текке кетпес далаға!


Аяулы анам, асыл анам, мен деген,
Өтті-ау өмірің қасіретпен, шерменен.
Сенсің, апам, бақытым да, барым да!
Тастамаспын сені от пен жалынға!
АПАМА
Өмірімнің елестетіп бақшасына,
Қараушы ем үлпілдеген ақ шашыңа.
Тынымсыз зыр айналған ұршығыңмен
Отырып ойнаушы едім тап қасыңа.
Анам маған: “Үлкенді сыйла!” - деген,
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем.
Атамнан қалған мұра - ізеттілік,
Арымды соған қойған күзеттіріп.
Адалдық - менің сәби Айбарым ғой,
Маңдайынан жүргені жүз өптіріп.
АНАШЫМ
(Оқу бітірген студент хатты)


 Анашым!
Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам.
Алыс жолда жүрсем де арып-ашып,
Ағат ойлап түсірмей жаныңа шық,
Оқытып кешеу барған хаттарымды
Отырмысың үрпиіп, жаның ашып?
Өткізіп талай жылды, ай, аптаны,
Оқуын ұлың жақсы аяқтады.
Анашым, білем сені, қарсы емессің
Кеттім мен тың даланы оятқалы.
Анашым!
Қайда жүрсем сен - күш, арым,
Сүйемін дидарыңды, мен құшамын.
Қайда барсам, өзіндей қарсы алады
Кең байтақ Отанымның кең құшағы.
Анашым!
Жаратылдың бағыма шын
Білемін көңілсізсің, сағынасың.
Қайда жүрсем, қамқоршым Отаным бар.
Қапа болма мен үшін, неғыласың...


АРУ АНА (поэма)
Бас бәйге
Бір төбеде бір топ тұр а құдайлап,
Бір төбеде бір топ тұр Абылайлап.
Мысық мұрт бағзы біреу аллалайды,
Ала бесті тағдырын қабыл ойлап.
Ала бесті иесі - аты Кұрман,
(Ол емес-ті бұл тойға шақырылған).
Жанын алған жатқанның қарақшы еді.
Алты болыс Албанды запы қылған.
Қарақшы еді мал тапқан ат жалынан,
Қарғыс атқан өмірі қатпа қылған.
Жортып өткен Құрманның жолдарынан
Жойқын-жойқын әлемет ақтарылған.
Сұрапылдай сұсты еді суық тағы,
Бұрыс жолдан тағдыры бұрылтпады,
Құрақ ұшып Құрманнан қорқатұғын
Туған елдің сықырлап уықтары.
Мекені жоқ, елі жоқ тұрақ қылған.
Жерді төсек, жұлдызды шырақ қылған.
Кезбе өмірі делбе етіп кер кедейді
Кез келген қиырларға лақтырған.
Кұрман сол той ішінде аялдады,


(Бәйгі аттар оралуға таяу қалды).
Бай отырған төбеге бетін түзеп,
Кәнігі кәззәп бөрі аяңдады,
Барды да, байға былай баяндады.
- Байеке, озады атым, бәс тігемін,
Тұлпарыңды тұғырым басты менің.
Алты болыс Албанды дүрліктіріп,
Құнанында бәйгі алған тас түлегім.
- О, сәуегей, әулие, көріпкелім,
Құдайдан құжат алып келіп пе едің?!
Қастерлеп, қанат байлап жіберсең де,
Тұлпардан тұғыр озбас, желікпегін!
Қайдан білдің ат әлде бап шабарын,
Қалай-қалай бөсесің, қатпа жаным?!
Жөніңді айтқын әуелі, елірме олай,
Қайдан жүрген пендесің, бәтшағарым?
- Жұртым — жер, руым — көк, далада өстім,
Қорлық көріп байлардан, нала кештім.
Бәс тігемін, байеке, бәйгемді бер.
Бәйгемді бер, озады ала бестім.
Бәс тігем де, қаласаң, жамбы атамын,
Қиырға қой киікті, қандатамын.
Шығаршы шымыр дене палуаныңды,
Аяғыңның астына аунатамын!..


Атып тұрды құр белбеу, саптама етік,
(Алып ұрып, кетпекші аттап өтіп).
Апыл-ғұпыл Құрман да ұстай алды,
Қолын қару, кеудесін қақпақ етіп.
Қос дүлей ұмар-жұмар түйдектелді,
Сығады қабырғаны күйреткелі,
Бай намысын қорғаған пақырыңды
Әп-сәтте-ақ Құрман пері илеп берді.
Алып ұрды алдына, шыдатпады,
Жолбарыстай атылып, бір аттады.
Қыз-келіншек қымсынып, бетін шымшып,
Мәрт жығылған палуанды ұнатпады.
Барлық назар Құрманда, таң көреді,
Сүмбедей сұңғақ бойлы, паң денені.
...Осы сәтте ойпатта үздік-создық,
Шуатылғап шудадай шаң келеді.
Жұрт дүрліге ойысып, ұрапдады,
Аруақтарын шақырды, тұра алмады.
Қою шаңнан үзіліп жалғыз қара
Жалғыз дара ойнақтап, қылаңдады.
Жалғыз қара үзіліп суырылды,
Қара жолдың апшысы қуырылды.
Айтып-айтпай не керек, сол бәйгеде
Тұлпарлардың енесін тұғыр ұрды...


Дүрліктіріп, тандантып рулы елді,
Ала бесті сөреге бұрын келді.
Бай алдында ала атпен ойқастаған
Жұрт жабыла қарап жүр жырынды ерді.
- Байеке, бәйгем қайда, атым келді,
Бас бәйгені байлану қақымда енді.
...Бұғыбай нөкерлерін жиып алып,
Өзара сойлесуді мақұл көрді.
- Жолаушы тойсын менің жұғыныма,
Қыз бермеймін кедейдің тұғырына.
Сары атанды бас қылып мал беріңдер,
Жетер сол да пақырдың ғұмырына.
Жалғыз атты жолаушы қара қасқа,
Адуынды неме екен алақашпа.
Еліме күшік күйеу болам десе,
Атын әкеп байласын мамағашқа.
Жақыным болам десе жатсынбаған,
Астындағы Аласын сатсын маған.
Құйын қуған келімсек кер кедейді
Алласы асыра деп тапсырмаған!
Есітіп мұны Құрман жалынбады,
Жалынбады және де қабынбады.
Сипай соққан самалға бетін төсеп,
Ала аттың арқасында дамылдады.


- Байекеңе айт, естісін, Құрман-атым,
Зауқым жоқ заңды олжадан құр қалатын.
Табиғаттың тауда өскен тағысымын,
Тақыр кедей мен емес құл болатын.
Кесір бай кесе алмайды қанатымды,
Бар малына бермеймін ала атымды.
Заңды олжамды алдыма тарт көлденең,
Байыңа айт, тауыспасын тағатымды.
Сұр қашты хабаршыдан сумаңдаған,
Сыбыр мен үрей жетті “Құрмандаған”.
Құрман есім құлаққа тигенінде,
Байдың да мысы құрып, тұр қалмаған.
- Байеке, екі айтпаған тұқымыңыз,
Төніп тұрған түлейді тұқырыңыз.
Жетім қызды артына мінгестіріп,
Қызыл көзді пәледен құтылыңыз.
Елден безген есерсоқ, соқпа құрғыр,
Арыстандай айбат қып шапқалы тұр.
Қарғап қойған кұдайдың шатпағы бір,
Ала атыңмен адасып отқа кіргір...
Талқан болды Бұғыбай тас қамалы,
Жұлқа тартып тәсбиғын тастады әрі.
Жеңіп алған жендетке бас бәйгеге
Қыз беруден қалмады басқа амалы.


...Тамашалап тобыр топ дуылдайды,
Қол ұшын беріп біреу бұрылмайды.
Ей, өлепат ит өмір, естисің бе?
Торға түскен торғайың шырылдайды.
Көзің қайда, көк аспан, көремісің,
Жарылсаңшы, осыған көнемісің?
Қара құс кеп қарлығаш балапанын
Қағып кетіп барады қорегі үшін.
Ар-намысы жаншылып, қараң қалып,
Зарлайды он бес жасар Жамал налып.
Туылмаған нәресте!
Мінгестіріп,
Бір жырыңды барады Ананды алып.
Өмірге келме, сәби, шақырмаймын,
Шықпаған күнім болшы, аһ ұрмаймын.
Қарақшыға мұрагер болғаннан да,
Қапымда қалғаныңды мақұлдаймын.
Қара жер жемсауында нала барда,
Осылай құс іледі қара қарға.
Сор-Жамал сорасы ағып зарланады,
Заңына замананың шара бар ма?
- Ағажан, ажыратшы ақ-қараны,
Жетімек ем, өмірдің ақ табаны.
Арыздасып қалайын атыңды бұр,
Артымда сорлы бауыр қап барады.


Кеше ғана екеуміз гүл қарап ек,
Ағажан, анау қырға бір қарап өт!
Болайық біріміз - құл, біріміз - күң,
Ағажан, екеумізді бірге ала кет!
- Ағажан, солай бұршы атың басын,
Артымда қап барады ақылдасым,
Шер жүрек, шерменде бір ғазиз еді,
Қуарып, құса кешіп, аһ ұрмасын,
Ағажан, солай бұршы атың басын!
Қыз даусын Құрман тыңдап желкесімен,
Зекиді оқта-текте келтесінен.
Қос құлағын қайшылап ала бесті,
Қояндайын жымады жер төсімен.
- Тәйт әрі, неткен ащы сұм дауысың!
Мен бе екен жыртатұғын күң намысын?!
Берілмеген қос құлақ ер жігітке
Әйелдің бақырғанын тыңдау үшін.
Өз-өзінен таусылып өшкені не?!
Анаң қыз, атаң ұл боп өспеді ме?!
Ағасы нес-с... Әлде сол әке-шешең
Бірі ерім, бірі әйелім деспеді ме?!
Қашаннан қас әдетін ұмытпапты,
Қарақшы жатағына суыт тартты.
Қыза-қыза өртеніп шоқтанған күн


Нарттай жанып, батуға жуықтапты.
Сарыла ойлай-ойлай иі қанған,
Тұншықты Жамалдағы тұйық арман.
Күн батты. Ал батыста талауранып
Тапжылмай жатып алды ұйыған қан.
Ауыздықпен алысқан ала бесті,
Апырай, қайда сенің қараң өшті?!
Құзар тау, құлама өзен, ну қарағай,
Сыпырып сай-саланы самал есті.
Бұлықсып былдыр бұлақ сайда аунады,
Бұралып бұйра талдар Айды алдады.
Қарағай сыбдырымен қалғып-мүлгіп,
Суып тұр ала бесті байлаудағы.
Шыңыраудан үн шықты шырылдаған:
- Өлдім-ау... өлдім,.. апа,.. Күнім қараң!..
Қарақшы, сұм қарақшы... затың құрсын!
Өлдім, апа... естімей жатырмысың?..
Ай кетті бір орныңда шыр айналып,
Тояттап төбеде отыр құмай барып.
Әлгіндегі жап-жасыл ашық аспан
Әлемет боп барады лайланып...
Сәбилік сөнді... тауда қала берді...
Ей, өмір, балаң емес Жамал енді!
Арман-өмір, аманат тек өзіңе,


Алдыңа ашулы Ару-Ана келді!
ҚҰЗДА
- Үш жыл өтті, бас ием, тұтқындадың,
Өміріңнен еш дерек ұқтырмадың.
Бөлтіріктей бағасың бейбағыңды,
Ұрлап әкеп жазықсыз жұрттың малын.
- Жап аузынды! - деп Құрман шатынады.
Қатын деген пенденің ақымағы...
Сабыр, сабыр, жарқыным, қаласаң, жұт,
Сен - бір атан, мен - шөлдің жапырағы.
Жалмарсың да жұтарсың, тұрыппын ғой,
Жас күнімді кәрі еттің, суыттың бой...
Тағдыр қосқан тәңірім емес пе едің,
Адамша тілдесуді ұмыттың ғой.
Жалтармаймын, жарқыным, жалақтама,
Көретінім сені мен ала ат қана.
Мен де өзіңдей адамның баласымын,
Теңгермейсің көлдегі шабаққа да.
Елің бар ма, әміршім, елің қайда?
Ел-жұртың, дос-бауырың, теңіңді ойла.
Қашаңғы қарақшы боп күнелтеміз,
Адамша күн кешейік, белің байла!


- Сендей заржақ көрсемші бұл жасымда,
Апырай, іштен оқып туғансың ба?!
Сәби керек! Тек сонда жөн түзеймін,
Тумаған тұл қатын да ұрғашы ма?!
Нөсері жоқ дауылдай бұрқанасың...
Перзент керек және де ұл табасың!
Тағдырымды тау-таста қуалаған
Атам қазақ менен де ұрпақ алсын!
Елім шетін көремін қай бетіммен,
Жапа шегем, жан күтем айла етумен. ... 
Ақ патшаның ордасы опат болып,
Бұ күні шаруа күйреп, бай кетілген.
Осы еді сенен бүккен сырым ғана,
Босуда елің Қытайға, Қырымға да,
Аңысын аңдиық та, күн кешейік,
Сөзіңді маған енді шығындама.
Төртінші қыс таудағы, үңгірдегі,
Ай сығалап, нұр шашып күн кірмеді.
Төртінші рет тұншығып мұз астында
Бұлықсыған бұлақ-күй күмбірледі.
Төрт жыл болды тау-пері тарлан үкі
Таста отырып, тапжылмай міңгірледі.
Төрт жыл өтті, ал Жамал дым білмеді.


Ақиреттей аяз тұр жалаң қағып,
Үңгіріне қисайды Жамал барып.
Жолбарыстай тояттап Құрман жатыр,
Жортуылы жаздайғы тамамдалып.
“Осы үңгірде мың рет өксідім-ау,
Осы үңгірде мың рет арамдалып.
Еркек біткен егерде болса осылай,
Жалғаңдағы неғылған жаман халық. ...
Өлтірігі қашсам ба екен...
Қайда барам?..
Қарсы алар ата-анам жоқ аймалаған...
Жөн сілтеп, жол көрсетер бір пенде жоқ.
Әлде су, әлде құзда, сайда қалам.
Ақ патша дегені кімі тағы?!
Құдай білсін, өзіндей ұры тағы...
Ой, сұмдық-ай, пенделер жұмыр басты
Қалайша елі-жұртын ұмытады?!
“Босуда елің Қытайға, Қырымға да?!” -
Деді-ау маған, ой, тоба... Зұлым жаңа.
Аң мен құс аждаһаның мекенінде
Өлем бе жабайы боп, шынында да?!
Жалған-ай, тынысымның тарылғаны-ай!
Бақытсыз басым қара жамылғаны-ай...”
Қалғып кетті.
Келеді шыңға өрмелеп,
Шатынап шанағынан жарымжан Ай.
Құзар тау, құлама құз, боз жотаны


Астына ап аяз бейбақ боздатады.
Сайларда сайтан боран көкпар тартып,
Көкесін қорқыныштың қоздатады.
Құздарда пері жортып, жын аунайды,
Шынарда тозақ оты алаулайды.
Бораннан сауға сұрап қарағайлар,
Жезөкше келіншектей бұраңдайды.
Жарқ етпей жанындағы асыл үміт,
Жалт етпей жанарында жасы бұғып.
Тотысы иесіз таудың ерке бұлақ
Қалыпты мұз астында жасырынып.
Сетінеп бара жатыр түн жиегі,
Ақ басын Ата тау да түнге иеді.
Үрейлі үңгірдегі май шам ғана
Үмітсіз аурудай ілмиеді.
Хандайын тояттаған ханшасынан,
Қорылдап Құрман жатыр шалқасынан.
Кеңсірігін кенеп бір жібергенде,
Демінен тас үгіліп, шаң шашылған.
Үстіне асқар таудың тасын үйіп,
Жамал жатыр жаны - өрт, басы - күйік.
Заман-ай, өлі ұйқының өзінде де,
Қалыпты төңіріне басын иіп.
Ала ат тұр ұйқылы-ояу, күркешікте,
Ол да тұтқын, басы байлау, кілт есікте.


Қара тағдыр үшеуін ұмар-жұмар,
Әкеліп қамағаны-ай бір тесікке.
Таң атты, күн де шықты құлақтанып,
(Тіршілік өз міндетін жүр атқарып).
Жылайды қапастағы қайран бұлақ
Қайрымсыз әлдекімге мұң ақтарып.
О, таулар, таулар, таулар басы бұлт,
Тындың ба түні бойы тасың ұлып?
Түнімен асыр салған перілерің
Қалды ма шың-құзыңа жасырынып?!
Түнде ғана тұр едің сұрапылдай,
Тасың қалған қалайша уатылмай?!
Енді міне, аязың аппақ шыны
Маңдайдан шертіп қалса сынатындай.
- Ал, қатын, мосыңды іл, асынды қой,
Тысқа шық, түнгі әлемет басылды ғой.
Не деген бетпақ еді салдақы түн,
Адамның берекесін қашырды ғой.
Тұр, қамда тірлігіңді, жарамайды,
Жатқанды алла пендеге баламайды.
Асың әзір болғанша мылтығымды ап,
Бір аралап келейін қарағайды.
Ыққан аң түнгі дауыл түнегінен
Паналайды тоғайды, білемін мен. 
Бұйрық болса, сергиік жас сорпа ішіп,


Сыбағамыз бар шығар бұл өмірден.
Жамалға қарады да қиық күліп,
...Ол кетті бердеңкесін иыққа іліп.
Жамал бей-жай, көтерді әзер басын,
Ұйып жатып төсекте, ұйып тұрып.
Түн өтеді, қайтадан күн келеді,
Күн өтеді, тағы да түн келеді.
Ғазиз Жамал төсскке сүт боп еніп, 
Айран болып ертесі түрегеледі.
Ол байлаулы құлынды желі-күнге,
Екіталай енші жоқ ерігінде.
Жанын жеген жалғыз ой Жамалдағы:
“Осы мен тірімін бе, өлімін бе?!»
Ойлайды да, өзегі өртенеді,
Өзіне өзі ібіліс, жеркенеді.
Ғазиз жанның өткені бүгін болып,
Бүгінгісі сорлының ертеңі еді...
ТОЛҒАҚ
Болар-болмас желбіреп боз жалауы,
Шың басында бір нүкте қозғалады.
Талма түсте талаурап өртенген Күн
Сексеуілдің шоғындай қозданады.


Өшіріп, өмір дейтін шырай қалып,
Бас имекші өлімге құлай барып.
Тау тағысы пендені күзеткендей,
Төбесінен төнеді шыр айналып.
Құз жартастың құлама қиясында,
Балапандар шулайды ұясында.
Шыныменен, ей, Жамал, мына өмірді
Ажалдың ақымына қиясың ба?!
Қарашы жан-жағыңа ғажап қандай,
Бар тірлік саған қарап наз атқандай.
Тыйыл мынау ойыңнан, тиянақ тап,
Албастыға-ажалға мазақ болмай.
Қарашы анау масаты сай-саланы,
Саған қарап күнәсіз жайқалады.
Саған арнап, ей, Жамал, сезесің бе?
Сан рет бұлбұл әнін қайталады.
Қара орманға қарашы қалғып тұрған,
Қайрымдылық күтеді барлық қырдан.
Сінлің-бұлақ әнеки, жылай-жылай
Сынғыр үнін сылқ үзіп, қарлықтырған.
Болар-болмас желбіреп боз жалауы,
Шың басында бір елім қозданады.
Шың басында, Ананың құрсағында,
Басталмаған бір өмір қозғалады.
Бір өмір тұр құрсақта оянғалы,


(Опат болды Жамалдың ой-арманы).
Құшағына құз қанша тартқанымен,
Екі бірдей өмірді жоя алмады.
Ақ кебінін ажалдың жамылмады,
Ақ шырағы өлімнің жағылмады.
Қайта оралып ғайыптан ғазиз Ана
Жатағына келді де дамылдады.
Құрман отыр, отыр ол сесі биік,
Құрап отыр жас талдан бесік иіп.
-Жарқыным, неменеге тұнжырайсың?
Ұрыдан ұрпақ қалса, несі күйік?!
Несіне түнересің, аһ ұрасың?!
Түнерме, тұңғиыққа батырасың.
Қиядан қыранымды ұшырмасам,
Қара жер қарс айрылып қақырасын!
Несіне түнересің, аһ ұрасың?!
- Белгілі енді сенен айнымасым,
Ей,батыр, қашан маған қайрыласың?
Енді маған ел шетін көрсетпесең,
Менен де, сәбиден де айрыласың.
Қарама ондай кейіппен ұнатпаған,
Ит емен босағаңда шуақтаған.
Иесіз таудың елігі емеспін ғой,
Кез келген жыраларда лақтаған.
Ғашық етіп ғаламды келбетіне,


Жаз жамырап болған кез жер бетіне.
Аспанның астындағы алып бесік
Асқар тау абдырап тұр тербетіле.
Жалаң аяқ самал жүр сай-салада, 
Шыңылдаған шыңдар бір қайсар аға. 
Бұлдыраған бұлақтар - бұйығы іні,
Жасыл өңір, жалпақ жаз - жайсаң Ана.
Бұл аймақтан күн нұрын аямайды,
Сағым болып желпиді, аялайды.
Жер бетінде тыныштық болса егер,
Осынау тауға келіп саялайды.
Шыңдарында найзағай дамылдаған, 
Құздарыңда қорқыныш мамырлаған.
Талма түсте тау ару ұйқыдағы,
Боз көрпесін бойына жамылмаған.
...Талма түс...
Тастөбеге күн шығады,
Тар үңгірде әлдекім тұншығады.
Ет жүрегін Құрманның езіп ұстап,
Арын келіп әлдене шымшылады.
Ол үңгірге беттейді, бата алмайды,
- Әрі кет! - деп ары оны бақандайды.
Берекесін қашырған берместердің 
Берен-мылтық, мінеки, от алмайды. 
Құрақ ұшып Құрман тұр, елеңдейді,
Құлын даусы Жамалдың бебеулейді.


Ол өмірден түскен бір пенде еді ғой,
Пенде еді ғой... Апырау, неге өлмейді?!
Ғазиз Жамал құлындай шыңғырады, 
Құз шатынап, талықсып, шың жылады. 
Бебеулеген бейбақтың беймаза үні
Тас жігерін Құрманның құм қылады.
Бір түседі атынан, бір мінеді,
(Не сыйлайды тағдыры, кім біледі?!)
Тайыншадай теңселіп тентек болғаң,
Телміреді, бір сәтке ділгіреді.
Бір дел-салдық басып тұр тау-алыпты, 
Бар тыныштық осында қамалыпты. 
Құжыр-құжыр жартастар ұмсынады, 
Ұғатындай ұлы бір жаңалықты.
Самал да жоқ сайдағы сыбырлаған,
Қалт кідірді құрақ та қыбырлаған.
Құздан құзға сол сәтте жаңғырығып,
Үні шықты сәбидің шырылдаған.
Таң-тамаша табиғат аңырады, 
Таң-тамаша таудың да тағылары, 
Құрбысының үніне құлақ асып
Қуанып тұр арқардың ақ лағы.
“Иә, алла, көрдім бе, көрмедім бе?!
Иә тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!
Шырылдаған үніңнен айналайын,


Шыныменен өмірге келгенің бе?!
Қызым болсаң, қырымда құралайсың,
Ұлым болсаң, ұлы бір мұрадайсың.
Естисің бе, есі жоқ, ей, дүние,
Менен неге сүйінші сұрамайсың?!
Қызым болса, қырмызы қызғалдағым,
Ұлым болса, түнекті бұзған жалын.
Бақытыңды осы бір, ей, дүние,
Қи маған, қырын қарап қызғанбағын!”
Шарасында шатынап, көзі жайнап,
Көңілінде дауыл тұр, сезім ойнап.
Алақанға арманын алды дағы,
Өзі кесті кіндігін, өзі байлап.
Жаба қойып бетіне орамалды,
Жамал тынды, тым-тырыс бола қалды.
Құрман жалғыз жейдесін дар айырып,
Қуанышын құндақтап орап алды.
“Қашан менің тағдырым тыным көрді,
Қан қақсатқан бөрі едім рулы елді.
Ұрпағым бар, дүние, енді менің,
Естисің бе, ей, өмір, ұлым келді.
Жалғыз едім таста өскен шыршадайын,
Жабырқаушы ем дауылда сынса қайың.
Су боп кетпей неге тұр қос шырағым,
Ну боп кетпей неге тұр қу самайым?!


Жанарыңнан айналдым, жаным Жамал,
Жарым болып мәңгілік жанымда қал!
Келешегің, бақытың келді, міне,
Көгершінім, көтеріл, қабылдап ал!
Шолпаным боп шоқтанған таң атарда,
Ақ қанатты құсым бол алақанда.
Тәңірім бол табынып, бас иетін
Ұшып шығар ұя бол балапанға.
Жапырақсыз, бұтақсыз қу бас едім,
Жалғыздықпен жалғанда сырлас едім.
Ей, дүние, неге сен қуанбайсың,
Күйің келмей күйігіп тұр ма сенің?!”
Арқаңдаулы ала тұр шыбындаған,
Күйбең-күйбең Құрман жүр қыбырлаған.
Көкейінде бір ой жүр шымырлаған:
“Адам тек азап үшін туылмаған,
Өмір жоқ ең өзгертіп құбылмаған.
Өкінішпен өткерген сәттерім-ай,
Өмір, сенің өзіңнен құнымды алам!”
Алып келді ала атты арқандағы,
(Қабыл болсын қашанғы қарт арманы.)
Бердеңкесін соққылап қара тасқа,
Ұңғысын уатты да, талқаңдады.


“...Жанып барам, Жамалжан, жанып барам,
Қарақшы деп ат қойды халық маған.
Қарабет боп мәңгілік қалсам дағы,
Екеуіңді еліме алып барам!”
Солай бастап сезімі қаралы ерді,
(Қандай жаза болса да бара көрді)...
Құлазыған құзар тау бөркін бұлғап,
Қоқыс үңгір қоштасып қала берді.
Өз өмірін өткерген өгей Құрман
Өзге өмірді еліне ала келді.
“Қан қақсатқан кешегі рулы елді,
Мекендеген тау-тасты жырыңды еді.
Қаласаңдар қағыңдар, басым міне,
Есенбісің, ел-жұртым, ұрың келді...
Қандай менің аяйтын тағдырым бар,
Суға тастап иә отқа жандырыңдар.
Тек бір ғана тілегім, ағайындар,
Ұрпағымды артымда қалдырыңдар!
Алдыңда тұр, ағайын, қаңғыбасың,
Қаласаңдар, мінеки қанды басым.
Аманат қып аранда қалдырамын,
Жаңа өмірдің жазықсыз қарлығашын...”
Салтанат құрмағанмен салқында өсіп,
Алтын бесік ел іші, алтын бесік.
Жаңа өмірді біз осылай бастап едік,


Тентегімнің қылығын халқым кешіп.
Қалғамыз жоқ опық жеп, ойрандап оқ,
Бай да жоқ, басымызда байлау да жоқ.
Ел қатарлы күнелттік еркімізбен,
Егін салып, мал бағып, жайлауда боп.
Тәрік етіп бар күшін, бар амалын,
Орындады ол елінің қалағанын.
Қайта туған, өмірге қайта келген,
Жер қайыспай қайыспас қара нарым...
ЭПИЛОГ
- Ана, армысың!
- Уа, бар бол, балам, саумысың?
Сәл сабыр ет, қарағым,
Інішегің қалғысын.
Далада өскен емес пе бабаларың,
Талпынады далаға інішегің.
...Пай, пай, қандай мына бір самала күн!
Есен-саусың, қарағым, тыныш елің?..
Сайрады жасыл бақтың кенті - бұлбұл,
Уыз сәби ұйқыда елтіді құр.
Тентек самал әжейдің шәй жаулығын
Бүлк еткізіп, абайлап желпіді бір.


Жапырақтар жайылған алақандай,
Жәудірейді бұтақтан, тағат алмай.
Жасыл жәннәт. Ақ үрпік әжей отыр,
Ұядан жаңа шыққан балапандай.
Саялатып самал тұр жасыл бақты,
(Ақ жаулығы әжейдің қасын жапты.
Кәрілікке әлі де бас ұрмапты,
Ақша жүзін әлі әжім жасырмапты).
Мен де отырмын, алқызыл айналам гүл,
Айналам гүл. Жалпақ жаз. Жайнаған нұр.
Салауатпен сал әжей жалт қарады,
Қос жанардың қуаты таймаған бір.
- Оңаша осы баққа күнде келем,
Балам, сені осыннан күнде көрем.
“Түсі жылы, түңілме” дейді ғой жұрт,
Түсің жылы бала екен, білмеген ем.
- Күнде түсті осында өткеріп ем,
Мен де сізді осыннан көп көріп ем.
Үлкен адам болғасын, сәлем беріп,
Парызымды өтейін деп келіп ем...
- Күнде осыннан шұбырып ел де өтеді
Қалмаған-ау кішілік елде, тегі...
Жөн-жөн, балам, әмәнда осылай бол,
Сәлемдесіп жүргенге нең кетеді?!
...Әңгімеден әңгіме қозды-ай дерсің,


Сері самал теректі қозғай берсін,
Әлдеқайда асыққан жүрдек пойыз
Ботасы өлген інгендей боздай берсін...
Уыз сәби ұйқыда балбырасын,
Жайып құшақ жәннәт бақ албырасын.
Ертегідей өмірін еске ап әже,
Ет жүрегі езіліп, қан жыласын...
(Сауал қойдым әжейге тұрған бойда),
- Құрман ше, Құрман... әже, Құрман қайда?
- Оқ тиіп қан майданда қайтыс болған,
Соры бір арылмаған қу мандайға...
Сол тұңғышым осында дәрігер-ді,
Қалғандары, қайтейін, бәрі де өлді.
Қайсібірін айтайын, қалқам, саған,
Білесің ғой кешегі әбігерді...
Мына біреу немерем...
Қарғам менің!
Шүкіршілік аллаға, арманда едім.
Айта берсе, қалқам-ау, арман көп қой,
Бұл өмірде армансыз жан бар ма еді...


Достық жайлы өлендер
Қадірлі дос!
Қайтесің, ренжіме,
Айтпай-ақ қой,
Халінді білем, білем!..
Таппай жүрсің сырласар сыңарынды,
Жібі түзу жан іздеп жылы өңдіден. 
Айтпасан да халінді білем, білем...
Жанның бәрін жаныңа дос санадың, 
Дос санадың...
Қалмады басқа амалың.
Ал, жүрегің?..
Жүрегің тулап жатыр,
Қирата алмай кеуденнің тас қамалын.
Бәрі де алдыма бас иер менің,
Бір құдірет қолыма тиер ме еді, 
Қызылшақа сәбидей жүрегінді, 
Босатып ап түрмеңнен, сүйер ме едім.
ШӘМІЛГЕ ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН
Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді...


Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең, қайта қарып жүрсе мені?
Бір дертке ұшырадым бұл күнде мен, 
Қоштастым сауығыммен, күлкімменен. 
Жүрегім жерік болған жағдайы бар,
Бір пәле жатыр білем бүлкілдеген.
Ынтығып ыңқылменен, күңкілменен, 
Жеткізіп айту қиын құр тілменен.
Бүгін маған жиырма керек боп жүр
Алдында хор қызының іркілмеген.
Белгілі саған менің маубастығым, 
Сабырсыз, аузы күйген албастымын. 
Кесемді алдыменен үрлеп алам,
Ыссы шайды аузыма алмас бұрын.
Ойласам, талай-талай қыр басыппын,
Досым деп, «доңызбен» де мұндасыппын...
...Шәміл-ау!
Қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен,
Шын ғашықпын!!!
Ғашықпын!
Ғашықпын деп білдірмедім,
(Белгілі: білдіргенім — бүлдіргенім).
Жарқ етіп жайдың оты шашылғанда, 


Жалт беріп, қарауға да үлгірмедім...
2
«Достардың» ортасына түсіп қалдым...
(Шәміл-ау!
Осы мені ұшықтар кім?)
Желдеріне желігіп пысықтардың,
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым.
Бардым-дағы отырдым қарсы қарап,
Ол да отыр.
Түрі жоқ хал сұрамақ.
Сұқтанған жат көздерден жасқандым да,
Тайып тұрдым.
Қашанғы әл шыдамақ.
Тіл қатып, тіс жармадым, үндемедім, 
Білмеймін білгенін де білмегенін.
...Мен деген — саудам біткен саудагермін, 
Керегім бола қойсын кімге менің?!
О, шіркін!
Қайран күндер!
Сайран күндер!
Қанатын бақыт құсы жайған күндер! 
Жалт бұрылып, оқыс бір қарағанда, 
Жүзіңнен жүрексініп, тайған кімдер?!
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, айызым тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па? 


Өз-өзінен жүрегім ән салады.
Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегінді өртеп дерт, жаншымай ма?
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын, Шәміл-ау!
Шәмші қайда?
Шәмші қайда?
Шәмшіге айт,
Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын! 
Мәнгі өлмес Махаббатым айта жүрер 
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!
3
Махаббат бүгін және қарамады, 
Қарамады...
Жанымды жаралады.
Шәміл-оу!
Білесің бе?
Шын махаббат
Осылай қарамаудан жаралады!
Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болсын, кішірмесін.
Бастан ауып баратқан тал түсіме 
Тағдырым көленкесін түсірмесін. 
Ескермесін, білмесін,
Кете берсін.
Бұл фәниден алаңсыз өте көрсін! 


Дәрменсіз менің мылқау махаббатым, 
Сірә да, өміріммен өтелерсің...
4
Шәміл-оу!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?
Махаббат сәулесіне ұрындым мен, 
Махаббат өмірімді ойран етті.
Қазір түн.
Көктем түні маужырап тұр.
Отырмын жазбай, сызбай қалжырап құр. 
Алдында тереземнің — кәрі қайың, 
Көктей алмай бұтағы саудырап тұр.
Ақ нөсер аңырап кеп дүркін-дүркін, ашылар,
Кәрі қайың көктер бір күн.
Махаббат мені, сірә, дауалар ма,
Бет алып бұрылмасқа кеткен шіркін.
Көшелердің көзінен қан атылып,
Қала жатыр,
Қазір түн.
Дала тұнық.
Махаббатты күзетіп, кірпік ілмей,
Бүгін және отырмын таң атырып.
5


Шәміл, Шәміл!
Айналдым жазылмасқа.
Күйрейтүғын түрім бар жазым бассам.
Қазір менен сауық пен сайран қалған,
Жайына жыр да қалған жазылмастан.
Ойға өріс таппаған, тілге - дерек,
Ойнақы жырым менің кімге керек?
Тулайды тұтқындалған ак тиіндей,
Шығыршықты айналып шыр көбелек.
Жоқ, Шәміл,
Менің ойым бөлек еді,
Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді...
Құл болғам Махаббатқа, менде ерік жоқ,
Еріксіз өмір маған не береді?!
Махаббат түсінбеді, аулақтады,
Арманым кетті мені алдап тағы.
Сая іздеп құр бекерге сабылыппын,
Табыныппын сағымға әр жақтағы.
...Қазір түн.
Сыртта нөсер.
Сәуір айы.
Көктеген әлдеқашан көрі қайың.
Сәлден кейін тағы да таң атады,
Тағы да...
Сары уайым...


6
Шәміл,
Шәміл!
Шаршадым, қалжырадым.
Ет жүрегім езілді, қан жылады.
Жырым менің - науқастың сандырағы,
Күным менің — тазынын қарғыбауы.
Темір емес, мен-дағы адаммын ғой,
Аңнан емес, адамнан жаралдым ғой!,
Шәміл-ау!
Тұңғиыққа қамалдым ғой!
Қайтермін?!
Қайда барып жазармын бой?!
Тағы түн.
Тағы менен ұйқы қашты.
Қайтемін қаныраған күйкі басты?
...Алдымда мынау фәни тыржалаңаш,
Шығарып тілін маған, сиқын ашты.
Махаббат менен кеткен,
Бөлекте жүр.
Мен де бір — жасын түскен терек те бір.
Тіршілік махаббаттан таралған ғой,
Шәміл-оу!
Енді маған керек пе өмір?!
ШӘМІЛДІҢ ПӘЛСАПАСЫ


Жігіттер, осы Шамкаңның
Айтқанының жаны бар.
Тесігі болса қалтаңның,
Ақшанды қолға алып ал.
Жыртыла қалса шұлығың,
Әйеліңе алғын тіктіріп.
Шақыра қалса ұлығың,
Алдынан табыл, тік тұрып.
Шәркейің тозып баратса,
Армянға бар да, шегелет.
Мәрттігің ұстап қазақша,
Артық күмісті бере кет.
Қарының ашса, ет жегін,
Шөліркеп кетсең, су ішкін.
Сыра іздеп алыс кетпегін,
Ақырын күтпей жұмыстың.
Шаршасан, жатып дамылда
Кереуетіңнің үстіне.
Ауырсан-дағы ауырма,
Ойлайды, ойбай, ішті деп.
Галстук байлап жейдеңе,
Жақсылап тұрып қырын да,
Жұмысқа барғын, сөйлеме,
Сөйлеген жанға бұрылма!


...Айта берсең, табылар
Тағысын, тағы, тағылар.
Жігіттер, осы Шәмілдің
Пәлсапасының жаны бар...
Дос болам десең,
Досымды сыйла, қымбаттым!
Досыңа сонда,
Досыммен ғана қымбатпын.
Дос болам десен,
Мендегі доспен достасқын,
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын.
Достарың көп пе?
Апырау неткен жақсы едің?
Досым аз менің...
Досым-ау менің, тапшы емін?
Достарыңменен достастыр мені, асылым,
Достастыр мені?
Болайын құлың нақ сенің!
Достыққа жүрмін,
Достыққа жүрмін құмартып!
Өлгелі жүрмін,
Өзіме-өзім мін артып...
Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан,
Достардың барып, ауласында өлген мың артық.


Досым, саған сенемін. Сеніп өтем!
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген — адамның көрігі екен,
Достық деген адалдың серігі екен.
Қыран күлкі-тамаша — бәрі осында,
Отырмын думан-тойдың арасында.
Береке бойдан асып жатқанымен,
Олқы тұр көңілім менің, нанасың ба?
Ұйытқып жатыр көңілде құйын-дауыл,
Неге сен келе алмадың жиынға бұл?!
Жыраққа жалғыз мені жібермеші
Жаныңа жаманшылық бұйырмағыр!
Әне, жұрт өзді-өзімен, сөйлеседі,
Өзімсіп: — Ей! — деседі, — өй! — деседі.
Шіркіндер-ай, даурығып тындар емес!
Есіме ап, тост көтерсем, кейде сені.
Сенсіз көңіл қашан да хош тұрған ба?
Сенсіз думан — қызылсыз бос қырман да.
Әсіре ойнап қайтемін, әсіре күліп,
Сенін орның құлазып, бос тұрғанда.
Ненді сенің аңсаймын, бала шағым?
Бұлдыраған айналаң ала сағым.


Ала сағым ішінде — болашағың,
Болашағың - болашақ алашағың.
Сенің қандай аңсаймын «тамашанды?»
Соғыс келді:
Жүрекке жара салды,
Шапан еттім төсенген алашамды,
Қамқор тұтып, қауқарсыз қара шалды.
Сағынам ба суың мен талқанынды?!
Суығынды, сұрқия қаңтарынды.
Әжем байғұс мезгілсіз ораза ұстап,
Бізге беріп талқанын қаңтарылды.
Сағынам ба түстерің, кештерінді?!
Жалаң аяқ таңғы шық кешкенімді.
Өшкенімді білдірмей, өскенімді,
Жүре бердім жамылып бөстегімді.
Сағынбаймын,
Сағынсам мұңайтады...
Мұңайсам, көңіл тағы лайтады.
Әнуарды, Шәмшіні, Шәмілдерді
Күн өткізген солай деп кім айтады?..
САБЫРХАНҒА
Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен,
Іздеген жан біздерді табар ма екен?


Адасармыз адассақ, қарамай-ақ,
Кел, екеуміз кезейік жалаң аяқ.
Қасиеттеп қадірлі жерімізді,
Қалдырайық, басайық мөрімізді.
Әуестемей әлдекім салған ізді,
Өзімізше сызайық таңбамызды.
Адасармыз мықтаса құм шағылда,
Тынығармыз Қызылқұм құрсағында.
Тек ізіміз...
Ізіміз өшпесе екен,
Құйын тұрып,
құм басып, кешпесе екен.
Өшсе, өшер,
өшкенге қарамай-ақ,
Қызылқұмды кезейік жалаң аяқ.
Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен,
Іздеген жан біздерді табар ма екен?..
ДОСЫМА!
Қамығып көңіл сарғайды,
Аласұра бір жүрек.


Өмір әлде алдайды,
Көз жетпейді, кім білед!..
Сонау бір бала шағымда,
Қол ұстасып өскен ем.
Өмірдің рахат таңын да,
Сенімен бірге кешкен ем.
Сұрапыл соғыс бірақта,
Амалсыздан айырды.
Ауыр жағдай шыдатпай,
Дос жүрегін қайырды.
Соғыс бітті. Жаңарды өмір,
Жүректің кірі жуылды.
Алып-ұшып достық көңіл,
Табысар күн туылды.
Қайда менің тату досым,
Көріселік, бермен келші!
Ізгі достық сыры болсын,
Арманыңды айта берші!..
Келші, досым, келші бермен!
Еске түссін балалық!
Асыр салып жүрген жермен,
Адасқан күнді табалық.
Әлденеге жабығамын,
Адасқан достық сырын айтып.
Ойымнан неге жаңыламын,


Өткен өмір келмес қайтып.
Суысқалы достық жүрек,
Талай жылдар болды міне.
Ұшқанша ол қайта түлеп,
Күні шығар жаңа дүние.
ДОСЫМА ХАТ
(Жүрек жайы)
Уай, өмір! Көрсеткенің осы ма?
Тыйым салшы көздің мына жасына!
Мінажат қып күн-түн демей зарласам,
Бақыт құсы келер ме екен қасыма?
Тында, досым! Тында жүрек жұмбағын,
Мұңлы досты есіңе ала тыңдағын.
Мына өмірдің тұйығына тұншығып,
Қайғылану, жабығудан тынбадым.
Есіңе алшы кешегі өткен күндерді,
Жасырып бақ ойнап жүрген түндерді.
Сол балалық бақытымнан арылтып,
Дуыр арман мені басып үлгерді.
Ауыр арман желі гулеп, азынап,
Ақ қағазға арыз болып жазылад.
Қайғыланып, қапаменен қан жұтқан,
Жас жүректің сырын ұққын азырақ.


Мен бақытсыз, өмірім тұман, қараңғы,
Сәуле орнына қайғы басты санамды.
Өзің көрген қасіреттің қанжары,
Қарс айырып көкірекке қадалды.
Өз-өзімнен жара салдым жаныма,
Білте өткізбей жас жүректің шамына.
Шырмауынан шыға алмай тұрмыстың,
Көндім, міне, табиғаттың заңына.
Ақыл айтар бір адамды таппадым,
Жалынсам да ешбір жанға жақпадым.
Әлі бастан қуғын көріп өмірден,
Көңілімді көр ішінде сақтадым.
Үмітім зор, мақсатыма жетермін,
Мұндай күнді мен де ұмытып кетермін.
Мүмкін, өмір қуғынынан құтылмай, 
Мәңгі бақи жылауменен өтермін.
Сен оқисың, бақыттысың сондықтан,
Оқу деген - маған болды енді таң.
Баянсыз бір тіршілікке алданып,
Бұл өмірден мешеу қалған мен бір жан.
Бақыттысың, пісер сенің жемісің,
Көгересің еңбек етіп ел үшін.
Сенің сондай оқушылық өмірің,
Өте қымбат, тәтті қиял мен үшін.


Иә, мен де сен сияқты өскен ем,
Тіл түйінін мектепке оқып шешкен ем.
Менде де үміт бар сияқты, бірақта
Дәл қазіргі өмірімнен сескенем.
Оқу десем, ет-жүрегім қан жылап,
Ғазиз басым мең-зең болып қайғырад.
Дел-сал болған жігерімді жетектеп,
Қиял кұсы алып-ұшып қаңғырад.
Сүйем мен де тіршіліктің дәм-тұзын,
Деп тілеймін: “Бар өмірім болса ұзын!”
Арман етед жас жүрегім шырылдап,
Көрсем-ау деп бақытты өмір жұлдызын.
Түсін, досым! Шермендеңнін зар үнін,
Сыртқа шықпай, ішті өртеген жалыным.
Сонау алыс шыңырауда - бір сәуле,
Сол сәуленің күтіп тұрмын жарығын.
Достым, мені неге болса көнді де,
Талай-талай “тамаша” күн көрді де.
Асқақтаған арманына жетпесе,
Мезгілі жоқ жас жүрегі сенді де.
(Жас жігерім, жасымашы болып дал),
Егер ертең алса мені сұм ажал.
Шын дос болсаң, қабіріме сонда кеп:
- Ерте сөнген бауырым! - деп есіңе ал!


САБЫР ЕТ, ДОСЫМ, АЗЫРАҚ!
Налыма, досым, налыма!
Неге жүзің солғын тартты?
Тікенек кіріп жанына,
Жас жүрек-досым жылап жатты.
Шырылдап шығып шыңыраудан,
Тартымсыз, әлсіз, нәзік үн.
Тапсырардай ажалға жап,
Ыңырсып тұрды күні-түн.
Кейде өктем, кейде солғын,
Кейде судай тасыған.
Қайран досым, өлер болдың,
Әлденеден шошыған.
Сия етіп қанын жас жүректің,
Қағазға халім жазылад.
Кепкелі солар көкіректің,
Сабыр ет, досым, азырақ!
ДОСТАРҒА
Достарым, риза емен мен сендерге,
Аспаннан айды алып берсеңдер де.
Қайтейін қалған көңіл қабыл алмас,
Айламен неше түрлі келсеңдер де.


Дос болмай садаға кет сенің бәрің,
Сыр ұрлаған сұмпайы өңшең зәлім,
Сыртыңнан өліп-өшіп тұрғаныңмен,
Білемін, бықсып жатыр, ішің-мәлім.
Әуелден сырларыңды ала алмағам,
Сол үшін торларыңа арандағам.
Айламен алуға бар, беруге жоқ,
Жанкеспе қасқырсыңдар жалаңдаған.
Бұйымға жарамайтын жапырақтар,
Сендермісің дос деген атын ақтар?
Шаң басқан топтарыңнан енді аулақпын,
Өздеріңмен өзің бол, ақымақтар.
МЕНІҢ БІР ДОСЫМ
Ана бір жыл Алматыға келгенде,
Өз аузынан досым былай деп еді.
- Дүниенің барлығын да өлеңге
Сыйғызатын ақын болғым келеді.
Былтырғы жыл Алматыға келгенде,
Былай деген сөзін ұқтым батырдың:
- Шалқар ойым сыймайды екен өлеңге,
Алты актілі пьеса жазып жатырмын.
Биыл тағы Алматыға келіп ем,
Досым менің барлығын да тастапты.


Ақысы мол, өзі қалың, жолы кең,
Екі томдық романын бастапты.
Досым менің, барады мезгіл өтіп,
Мезгіл өтіп барады, тоқтамайды.
Ұры өмірді уақыт - жел күзетіп,
Ұстамақ боп бір сәтке ноқталайды.
Жылдар ағып барады, жылдар ағып,
Аударылып теңіздің арнасында.
Жылап-сықтап әнеки тұр балалық,
Біз теңізге секірген жар басында.
Шыдармын ба бақытты таба алғанша,
Барады өтіп несібем кенде менің,
Амал қанша, досым-ау, амал қанша,
Жақсы еді ғой өмірге келмегенім.
Азамат едің тәп-тәуір,
Барасың болып жат бауыр,
Жалт беріп, сырғып кеткенің
Жаныма менің батты ауыр.
Айрылып достан жаны ізгі,
Ауырлық басты, сеземін.
Адасқан құлын тәрізді,


Апыр-ау, қайтіп төземін?
Көңілге салдық босқа кір,
Кіре алмай достық тыста жүр.
Қуатсыз қалған дос та бір,
Қанатсыз қалған құс та бір.
Бауырын бауыр қыя ма?
Табысайықшы қайтадан.
Қос апа бір-ақ ұяда,
Балапан едік шайқаған.
Азамат едің тәп-тәуір,
Барасың болып жат бауыр.
Толғанып кел де, тап бауыр,
Томсарып жүрер шақ па бұл!..
ЛАШЫНҒА
ЛАШЫНҒА
Бүгін де, кеше де, өткенде,
Іздесең, қателік көп менде.


Қауғадай басыма барлығы
Сірә да соқпай бір өткен бе...
Іздесең, қателік көп менде,
Сен бірақ түңілме, жек көрме!
Лайсаң жауыңдар, дауылдар
Болмай ма күншуақ көктемде?
Өмірде кең, даңғыл жол қайда...
Дауылдар, жауыңдар болмай ма?
Бас қорғап жататын ондайда,
Айтшы өзің, мен шымшық торғай ма?!
Лайсаң жауындар, жауыңдар,
Жауыңдар, жауыңдар, жауыңдар.
Лай су шаймайтын арым бар,
Дауылдан қорықпас жаным бар!!! .
Іздесең, қателік көп менде
Бүгін де, кеше де, өткенде,
Сен бірақ түңілме, жек көрме!!!
(Л-ҒА)
Көңілім менің басылды,
Шегіне жеттім төзімнің.
Сүйе де менің басымды,
Бұршағын аршы көзімнің!


Сүріндім, оңбай сүріндім,
Кінәлі мына бір басым.
Алдыңа келіп жүгіндім,
Ақылшым әрі сырласым.
Сүйеші мені, қасыңа ал,
Құлауға, міне, пәс қалдым.
Ақындық деген — ашымал,
Ашымалға елтіп, мастандым.
Адуын жүрдім қашан да,
Адымым алшақ, бекем бой.
Арындап кеткен асауға
Ауыздық керек екен ғой.
Күнәсіз, бейқам жас күнді
Сұрама менен, жоқтама.
Асауың, міне, бас білді,
Ауыздық сал да, ноқтала.
Белгілі рақат таппасым,
Басылды, бітті желігім.
Арқама ерің батпасын,
Аяшы мені, СЕРІГІМ!
КҮРСІНБЕШІ
Тағдырыма тура келген серігім,
Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?!


Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың.
Басқалардың барлығынан жерідім.
Ауырлықтың көтердің-ау көбін сен,
Сенен келіп қуат алдым жеңілсем.
Сен — жер болдың, нөсер болып төгілсем.
Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем.
Мен - түн болсам, сен - таң болдың жаңа атқан,
Мені — қола, сені — шойын жаратқан.
Мен — ашу да, сен - ақылсың нәрі аққан.
Сен — Адамсың, мен аждаһа зәр атқан.
Білемін ғой, білмейді деп жүрсің бе?
Түсінемін кеудеңдегі дүрсілге.
Оңашада, жұрт көзінен жасырын,
Күрсінбеші, жалынамын, күрсінбе!
Әлі екеуміз аттанамыз сан жылға,
Күрсінбеші, қуаныш көп алдында.
Күрсінбеші, жүрегімді тындашы,
Талай-талай кереметтер бар мұнда!..
ЖАНЫМ, СЕН ЖАСЫМАҒЫН
Көбейте берме, жаным, шашын ағын,
Жаным, сен жасымағын, жасымағын,


Нөсерлетіп, бір сәтте басыламын,
Шашылады шұғылам, ашыламын.
Ұшқындарын жан-жаққа шашыратқан,
Кездерім бар кей-кейде жасын атқан.
Қара бұлтқа қара да басымдағы,
Күн шығады деп ойла осы жақтан.
Жанымның жақсы емес тыншығаны,
Тыншығанда жүрегім тұншығады.
Жасынымнан, жаным, сен сескенбегін,
Жай отының артынан күн шығады.
Жай отымды алыппын бәсеңдетіп,
Есім кетіп қалыпты, есем кетіп.
Ақ жаңбырдың нұрына шомыла бер,
Нөсерлетіп алайын, нөсерлетіп.
Жаным, сен жасымағын, жасымағын!
Нөсерлетіп алам да басыламын.
Айқұш-ұйқыш бұлттардан жай атылмай,
Күн тымырсып тұрғанға ашынамын...
ЛЫКЕНГЕ!
Баруға бата алмай бықсық елге,
Өткізіп өмірімді жүрмін мен де.
“Япырай, сәулем қашан оралар”, — деп,
Күтумен сарғайдың-ау, жаным, сен де.


Әлі-ақ ертең жетермін сол бір елге,
Ақсақ қаз қонар барып ылай көлге.
Қуаныш пен қайғымды қабат алып,
Сырымды жеткізермін Лыкенге!
ЖАС АНА
(Лыкенге арнаймын)
Ұйқысыз жүдеу жас ана,
Бөбегін отыр тербетіп.
Көзіне тұнық жас ала.
Дейді ол: “Қалқам ер жетіп,
Ұмытпас, сүйіп асырар,
Төгілмес текке ақ сүтім,
Жүректің дерті басылар,
Алдамас күткен үмітім”.
Ол - оның тәтті тұңғышы,
Дүнияға келген жаңа адам.
Ол - оның ерке жыл құсы,
Қолына қонған жаңадан.
Ел ұйқыда, жас ана
Бөбегін баяу тербетер.
Көзіне мұңлы жас ала,
Жүрегінен күй шертер..


ЛАШЫНҒА
...Деген ойым, жаным, саған білдірмен,
Жел ме, күн бе жеткізіп те үлгірген.
...Деген ойым, жаным, саған білдірмен,
...Солай жағдай, түсін, менің асылым
Тірі де емес, өлі де емес жүрмін мен.
Есіңде ме, достасқанда сенімен
Жанымменен ант етіп, серт беріп ем!
Қарағанда қарапайым жүзіңе,
Адамдықтың қасиетін көріп ем.
Содан бері айлар емес, жыл өтті,
Арман ғана алдандырып жүректі.
Ой зарығып, үміт күтіп ертеңді,
Айлар өтті алып қашып тілекті.
Сәлем, досым, бір қуанып, бір күлген
Сәлемімді ал тірлігімді білдірген.
Ой зарығып, үміт күтіп ертеңді,
Тірі де емес, өлі де емес жүрмін мен.
Мен азғанмен, сен сертіңнен айныма,
Бізге ортақ қуаныш та, қайғы да.
9.42 минут. Түн.
19.03.1953 ж., Алматы.


Сәлем, сәулем, бір қайғырып, бір күлген
Сәлемімді ал, тірлігімді білдірген.
Ой зарығып, үміт күтіп ертеңді
Тірі де емес, өлі де емес жүрмін мен.
Саған, досым!
Қайсыбірін санаймын,
Өмірді ұрлап өтіп жатыр талай күн.
Сен айтқандай: “Бақыт деген қайда?” - деп,
Туар ай мен шығар күнге қараймын.
20.03.1953 ж., Алматы.
ӘЙЕЛДЕР-АЙ!
Әйелдер-ай!
Әйелдер-ай!
Қандайсың?!
Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.
Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,
Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.
Әйелдер-ай!
Әйелдер-ай, қандайсың?!
Әйелдер-ай!
Әйелдер-ай, қулар-ай,
Жанарлардың жауып алып тұрғаны-ай!
Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,


Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.
Әйелдер-ай!
Әйелдер-ай, қулар-ай!
...Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай,
Ойбай!..
Бола берсін көп мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді...
ЕЙ, АҚЬІНДАРДЫҢ ЖАРЛАРЫ!
Ей, ақындардың жарлары!
Ақын деген табиғат қой,
Қысы, күзі, жазы бар,
Көктемі бар шуақты,
Аймала да, ақыныңды жазып ал,
Кеше біреу жылатты.
Ақындарын бұлттанғанда сөкпендер,
Нөсерлетсін бір керім.
Ақын жасын абайландар, төкпендер,
Көзелерге құйындар да,
Сіміріңдер, күндерім!
Ақындардың жалғыз тамшы жасынан,
Жанға шипа табылар.
Себебі онда адам ұлы бас ұрған,


Адалдықтың нәрі бар,
Ей, ақындардың жарлары!
Бақыт деген қастарыңнан кете алмай жүр айналып,
Кете алмай жүр, қона алмай жүр бастарына байланып
Әне, ақының келе жатыр ұлан-ғайыр пайда алып.
Ұлан-асыр ойланып, ұлан-асыр қайғы алып,
Кешіріңдер, ақын деген, міне, осындай бай халық.
БАЛАЛАРЫНА
МАЙГҮЛІМЕ
Бірінші өлең
Ол өмірге келгенде көктем еді,
Жер гүлін, көк те нұрын төккен еді.
Саялатып сал самал өпкен еді,
Сол өмірге несіне өкпеледі?!
Сол өмірге несіне өкпеледі?!
Ал өмір оны сыртқа теппеп еді.
Қайғырмаймын, жырым ғой жазылмаған,


Күрсінткені болмаса текке мені.
Күрсіндіріп кетті ғой текке мені...
Дей алмаймын өмірге ол өкпеледі.
Қойшы, тәйірі, осынау ит өмірге
Текке келіп, адамдар текке өледі.
Жер астына жем керек түзден кейде,
Жүздер өтіп өмірден, жүз келмей ме?
Қойшы, тәйірі, даланың раушаны
Көктемде өсіп, осылай күзде өлмей ме?!
Екінші өлең
Түсіме енді ап-арық қызым бүгін,
Қызым бүгін... Жұлынған қызыл гүлім.
Бақшамдағы балбырап пісіп тұрған
Үзіп кетті, апыр-ай, жүзімді кім?...
Түсімде қызым мені шақырады,
Өзеннің ар жағында отыр, әні...
Ғафу, балам, ғафу ет, бара алмаймын,
Мен деген - жер бетінің «ақымағы».
Мен деген — жер бетінің «ақымағы»,
Алдымда асқар асу жатыр әлі.
Сабыр, балам, қай жаққа қашар дейсін
Сені жапқан қара жер топырағы...
Дей көрме әзір маған «жаныма кел», 
Тағдырдың дегеніне бағына бер.
Түбінде бір жол бізді табыстырар,


Қайтейін, сағына бер, сағына бер...
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Жиылып досың тұрғанда,
Жиырып сені жентектер,
Жымысқы қайғы-мұң бар ма,
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Қызығы тайып, қызы өлген,
Жалғыз-ақ сен бе бұл маңда?!
Қыс қайтып, жасыл көктемде, —
Қызғалдақ өсер қырларда.
Өкініш айтып өткенге,
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Сары алтын дейді сабыр іс,
Тепкілей берме, өкпемді.
Қыз деген құрғыр сағыныш,
Сағынту үшін кеткен-ді.
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
МАЙГҮЛГЕ
Қалақтай едің,
Қабіріңде қалақ тұр.
Туғаныңды, өлгеніңді санап құр.
Сенін аңқау құлағындай қалқиып,


Қыр басынан қала жаққа қарап тұр.
Қызым менің,
Гүлім менің,
Аяулым!
Жатыр молаң жотасындай қоянның.
Құлпытастың кұны маған бес тиын,
Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?!
Қойман, ботам.
Керегі не көк тастың.
Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.
Өзің келген май айында ақ нөсер,
Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын.
Керегі не көк тастың.
ТАҒЫ ДА МАЙГҮЛГЕ
Қайтсем сенің құтылам елесіңнен?!
Отырасың қасыма келесің де.
Сен өлгенсің, жаным-ау, мен тірімін,
Мен тірімін.
Тірімін!
Көресің бе!!!
Көнген жаным жазаға, қазаға да,
Өкпелеме,
Сен енді жазалама.
Шын болса, табысармыз ахиретте,
Әзірше, жаным, мені мазалама!...


Мен деген - тірі жанмын,
Сен — елессің.
Білесің ғой, өлтірген мен емеспін.
Мен үшін артық емес сенен ешкім,
Бірақ та сен — елессің,
Сен — елессің!
Араша тұра алады кім өлімге,
Жата бер мені күтіп түнегінде.
Әзірге тірі жүрсем бұл өмірде,
Сенің орның оңаша жүрегімде.
Майгүлім, гүлім менің, көгім менің!
Жүрегін қияр дейсің өлімге кім.
Сен — менің жүрегім ең.
Дегенменен,
Елессің, енді маған көрінбегін...
Біздің үйге көктем келді, қыз келді,
Қызығың да, тамашаң да бізде енді.
Неғып жатыр, Әнуар, - шұжық, балқаймақ,
Нөкерімен шауып кетпей біздерді...
Біздің үйге Шолпан келді, Шолпаным!
Шолпым менің...
Қызыққа енді шолпамын.
Мінезіңнен...


Мінезіңнен қорқамын,
Лашынға тартқан-ау деп жортамын.
Қызым менің - күлкім менің, сауығым,
Базарым да, бауырым да, ауылым.
Қандай ғажап, қарақаттай көзіңде.
Қарап тұрған мен өзімді таныдым!
МЕНІҢ КІШКЕНТАЙ КҮНІМ
Көтеріп сені батырып,
көтеріп сені шығарам,
Кішкентай күнім, сенсіз мен
өмір де сүріп шыдаман.
Кішкентай күнім,
сені мен арқалап жүріп айығам
Табанға кірген шегеден,
миыма қаққан сынадан.
Қондырам-дағы ұяңа,
отырам өзім күзетіп,
Әлдекімдерден қызғанып,
әлсіреп жүрек дыз етіп,
Керімсал түннің кей-кейде
кетеді маған сызы өтіп,
Отыра берем сонда да
өмірдің кілтін түзетіп.
Қара аспанымнан кей-кейде
қара нөсерлер боратса, -
Самалдатқаным мен сені,


қапырық болып баратса.
Кішкентай күнім, кеш мені,
барлығы-дағы сен үшін
Иілмес емендерге мен
иілсем кейде садақша?
Бата ғой, күнім, дөңгелеп,
Шыға ғой, күнім, дөңгелеп,
Тірліксіз болмау үшін де,
титімдей күнім,
сен керек!
ҰЛЫМА
Жүре-жүре мен өмірге қанықтым,
Өмір сырын жаңа біліп, жаңа ұқтым,
Қызбатаптық күндерімді ұзатып,
Енді, міне, әке боп та қалыппын.
Сен өмірге басқа жолмен бас қадам,
Әкең жүрген соқпақтардан қаш, балам!
Ұғып ал да, сақ болып өс, айтайын,
Өмір жолын әкен былай бастаған.
Мен әкемнің тәрбиесін көрмедім,
Ал анамның ақылына көнбедім.
Тіпті, кеше оқушылық кезде де
Тізгінімді ешбір жанға бермедім.
Өмірімде бір иілген емеспін,
Менмендігі менен өткен жоқ ешкім.


Боламын деп «жалын жүрек, от кеуде»,
Бола алмай, қуыс кеуде боп өстім.
Енді, міне, ұлым маған қарайды,
Өткір көзін өнменіме қадайды.
Көп қателік жіберіппін, амал не?
Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды!
ҚЫЗЫМА
Қарағым!
Мен тағы үйлену тойыңа барамын.
Мен бүгін тағы да
Өзіңнен адасып қаламын,
Қарағым!
Шараптың уы ұрып қаныма,
Отырам
Бейтаныс біреудің жанына.
Көкешім, налыма,
Мен сені ұзатам тағы да.
Тұман боп жанары.
Әкең де, шешең де қалады.
Достарың күңіреніп,
Еңліктің әніне салады.
Әкең де қалады,
Шешең де қалады.
Баласын
Баласы әкетіп барады.


Көкешім!
Мұңайып не етесің?!
Сен бүгін тағы да
Ұшасың, кетесің,
Көкешім!
Әкеңнен әкеңе жетесің,
Мұңайма, Көкешім!
АРМАНДА, ҰЛЫМ!
Кім боласың,
Қандай өмір сүресің,
Ол — көзіңнің үлесің.
Ақылымды тында, мейлің тыңдама,
Тілегім бар бір ғана:
Шығып ал да арманыңның шыңына,
Сосын, мейлі, ұшып ел де, сырғана.
Болса ақылың біл мынаны: жалғанда
Жолай көрме арманы жоқ жандарға?!
Арманда, ұлым, арманда!
Арманда, ұлым, ақтық демің қалғанда!
Бүкіл өмір, бүкіл дүние, бар жалған,
Жадында, ұста, жаратылған арманнан
Өмірінің аяғы жоқ, басы жоқ,
Өлген артық армансыз боп қалғаннан.


Айтқанымды жөн де, мейлі, жөн деме,
Арманда, ұлым, қия деме, өр деме,
Шығып ал да арманыңның шыңына,
Қира мейлің, күйре мейлің, дөңгеле.
М. Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер
САРЖАЙЛАУ
Әнін жазған Н. Тілендиев
Жазира, жасыл кілем өрнектеген,
Туған жерге, дариға, жер жетпеген!
Кең өлкем, әлдилей бер, сен деп келем,
Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем.
Қ а й ы р м а с ы:
Саумал бұлақ — балдай дәрім,
Салқын самал — баурайларың.
Саялаған, беу, туған жер,
Сағындырған Саржайлауым.


Армысың, ата-қоныс, жасыл мекен! 
Ұлыңмын, мен сенің қасыңда өтем.
Басқаның жерұйығын неғылайын,
Жерұйығы өзімнің қасымда екен!
Қ а й ы р м а с ы.
Жадырап, жұтайыншы тау самалын,
Осы еді ғой сағынып аңсағаным.
Гүлдерім, шыршаларым, аршаларым,
Бөріңе арнап мен бүгін ән саламын.
Қ а й ы р м а с ы.
Жанымды жырға бөлеп таң атырған,
Әнім едің ақ таңда жаратылған.
Төліңнен айналайын жаңа туған!
Айналайын еліңнен дара тұрған!
Қ а й ы р м а с ы.
КҮРЕҢ КҮЗ
Әнің жазған Г. Дәукенова
Күп-күрең менің реңім,
Қош енді, қош бол, күрең күн!
Жаз келер және жап-жасыл,
Жақсылық тағы тілермін.
Жадырап өмір сүрермін,


Қош енді, қош бол, күрең күз!
Қайырмасы:
Қош енді, қош бол, күрең күз
Күрең мұң саған жібердім.
Күлермін деп ем түнердің.
Білермін қалай, білермін.
Жыртылып жатыр күрең жер,
Күрең жер - тозған кілемдер.
Күрең тау анау, күрең бел,.
Күрең бел - жиған кілемдер.
Жаз келер және жап-жасыл,
Жасауын жердің түгендер.
Қайырмасы:
Қош енді, қош бол, күрең күз!
Ақ қысты тездеп жібергіз.
Ақ қыстай әппақ бір елміз,
Ширығып біраз жүрерміз.
Қош енді, қош бол, күрең күз,
Шынығып өмір сүрерміз.
Қайырмасы:
СӨНБЕЙДІ, ӘЖЕ, ШЫРАҒЫҢ
Әнін жазған Н. Тілендиев


Жарқырап екі көзің шамдай жанған,
Күтуші ең жалғызыңды қан майданнан.
Жалғанда күту деген қандай жаман,
Ақыры қаза болдың сарғайғаннан.
Қ а й ы р м а с ы:
Сөнбейді, әже, ошағың,
Өзіңді әнге қосамын.
Жеті қат жердің астына,
Жетпейді-ау бірақ осы әнім.
Қоштасып жалғызыңның хаттарымен,
Сапарға оралмайтын аттанып ең.
Жадырап жеңіс қанат қаққанында.
Жалғызың кеп қалар деп шаттанып ең.
Қ а й ы р м а с ы:
Сөнбейді, әже, ошағың,
Өзіңді әнге қосамын.
Жалғызың кеп қалар деп,
Өзіндей мен де тосамын.
Жалғызың оралмады, оралмады,
Қиын ғой тірі жанның жоғалғаны.
Бір жерде тірі болса жүрген шығар,
Болса өлі, өзіңменен болар мәңгі.
Қ а й ы р м а с ы:
Сөнген жоқ, әже, шырағың,
Арналды саған бұл әнім.
Сарқылмас сенің бұлағың,


Сынған жоқ әлі шынарың.
Отыз жыл содан бері таң атуда,
Әлемге шұғыласын таратуда.
Сағынып жалғызыңның салған әні,
Аққудың аспанда ұшқан қанатында.
Қ а й ы р м а с ы:
Сөнбейді, әже, шырағың,
Арналды саған бұл әнім.
Бойында сенің тұмарың, 
Ұшырып жалғыз қыранын,
Сөнбейді, әже, шырағың.
ДАРИҒА ДОМБЫРАМДЫ БЕРШІ МАҒАН
Әнін жазған Т.Рақымов
Дариға, домбырамды берші маған,
Жаныма келші, жарым, келші балам!
Бейуақ, іңірдегі көңіліме,
Күй болып, күңіреніп енші, далам.
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес едім.
Өсірген өнерімді қызыр-бабам,
Үніңнен айналайын бұзылмаған!


Киелі пернеңе бір қол соқпасам,
Ішектің жетімсіреп ызыңдаған.
Домбырам, досым менің күй аңсаған,
Өзімді, өмірімді қиям саған.
Шағымда шабыттанған, қиялдаған,
Шанағың бар шаттығын құяр маған.
Ерке назым менің де, сазым менің ,
Шыбынсыз, шуақ шашқан жазым ба едің?
Дариға, домбырамды берші маған,
Айналып ұшсын аққу-қазым менің.
ҚАРЯЛАР АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР
Әнін жазған Құрманәлиев
Ақиқатты айқындап жариялар
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бұлқ етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар...
Қ а й ы р м а с ы:
Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр.
Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетімдік басымызға.


Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп,
Бір күлшесін бөліскен ашымызға.
Қ а й ы р м а с ы:
Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір ауылда.
Қ а й ы р м а с ы:
ТОҚТА, БАЛАМ, АТАҢ КЕЛЕДІ АРТЫНДА
Әнін жазған С.Оразбаев
Тоқта, ботам! Атаң келеді артында!
Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға.
Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын,
Айырбастап ала алмай жүр алтынға.
Тоқта, ботам!
Атаң келеді артында!
Жүзе жүріп, жүз құбылған сағымда,
Жастық дейтін көктеменің шағында.
Өскен едік сенің анаң екеуміз,
Осы қарттың мәпелеген бағында.
Қарттың бағын жайлайтынбыз иен тегін,
Тыңдайтынбыз алуан-алуан ертегін.


Жинап алып жүрер еді жарықтық,
Күллі ауылдың елтеңі мен селтеңін.
Ей, болашақ!
Қарт келеді зиялы,
Кейімесін ата-қыран ұялы.
Сен сыйласаң сәби шақтың бір сәтін,
Атаң саған ұзақ өмірін қияды.
Ақылыңа айырбаста күлкіңді, 
Қайтесің сол күлкі дейтін шіркінді?!
Бейқам күліп өспеген соң өз басым,
Бос күлкіні ұнатпаймын бір түрлі...
Тоқта, ботам!
Атаң келеді артында!
Тоқта, ботам!
Атаң келеді артыңда!
Дария шалқар даналығын, ал, тында!
Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын,
Айырбастап ала алмай жүр алтынға.
Токта, батам!
Атаң келеді артында!
ЕСІҢЕ МЕНІ АЛҒАЙСЫҢ
Әнін жазған Л.Әбдіхалықова
Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды


Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың. 2 рет
Қазбауыр бұлттар маңғанда,
Орманға жазда барғанда,
Арманда мені, арманда!
Мен бар деп мына жалғанда,
Есіңе мені алғайсың. 2 рет
Қараша келген шақтарда,
Құлазып тұрған бақтарда,
Жапырақ жайрап жатқанда,
Қурайлар сыңси қаққанда,
Есіңе мені алғайсың. 2 рет
Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып атқан ақ танда,
Бозарып тұрып ақпанда,
Есіңе мені алғайсың 2 рет
АРУЛАР
Әні Т. Төлендиевтікі
Жимайды бір шашылған шуақтарын,
Келеді аясында шуақтағың.
Қиярсың жамандыққа қалай ғана,
Жайнаған бір-бір үйдің шырақтарын.


Асыл жандар,
Асыл жарлар,
Арулар —шуақ болып шашылғандар.
Арулар — асыл жандар, сағыныштар,
Құшақтар, өтініш пен жалыныштар.
Жек көрсе ол жүрегін мұз жасайды,
Балқытып жақсы көрсе жаныңа ұстар.
Қа й ы р м а с ы.
Арулар — аяулылар, ардақтылар,
Өмірге жылу болып қалмақ бұлар.
Арулар — тіршілікке күре тамыр.
Өмірді бір-біріне жалғап тұрар.
Қ а й ы р м а с ы.
Арулар әрбір үйдің шаңырағы
От болып, әрбір үйден жағылады.
Таң болып әрбір үйден атса тағы,
Сәуле боп әрбір үйден жамырады.
Қ а й ы р м а с ы.
АҢСА ЖАНЫМ
Әні Т. Төлендиевтікі
Мен тілейін жарқыным сен де тіле,


Орнасын де жақсылық жер бетінде.
Аққу тіле айдынның келбетіне,
Айдын тіле аққуды тербетуге. 2 рет
Мен аңсаймын, сен-дағы аңса жаным,
Жайлап өскен жақсыдан жан самалын.
Аңса жаным, зарығып шарша жайым, 
Қанша ғұмыр қалса да қанша амалың. 2 рет
Мен сағынсам, сен-дағы сағын жаным.
Тек жақсылық адамнан табылғанын.
Алакөзсіз, ашусыз бауырлардың,
Алқам-салқам аңсаймын қауымдарын. 2 рет
Болсадағы көңілім қанша жарым,
Білінбейді солармен шаршағаным.
Жәйлап ескен жақсыдан жан самалын,
Аңса жаным, жабықпай, аңса жаным. 2 рет
ФАРИЗАҒА
Әні Ә. Тінәлиевтікі
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Біріміз бірімізден арылармыз,
Ақыры шыдай-шыдай жалығармыз.
Қ а й ы р м а с ы:


Біздерді жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жан екем жаралмаған күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Қ а й ы р м а с ы:
Бірі итеріп кеудемнен бірі шалып, 
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Қ а й ы р м а с ы:
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Біріміз-бірімізден арылармыз.
Дүкендерде том-том боп тұрмасақ та,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Қ а й ы р м а с ы:
Біздерді жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.


ЖҮРЕК ДЕРТІ
Әні Ә. Оспановтікі
Жүрегіме жүк артып жүргенімде,
Қажыдың ба, байғұсым, білмедім бе?
Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген,
Уландың ба, білмеймін, кірлендің бе?
Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде,
Дәрігер-ау, арқалап жүремін бе?
Сорлайтындай соншама кім едім мен,
Неге аяныш атасың іреңіңнен?
Айтып өлтір, қайтесің босқа ойланып,
Жүрек дерті өлімге бастай ма анық?
Адасам ба өмірден жастай қалып?
Ет жүрегім кете ме тасқа айналып?
Пері соққан пендедей есі жарым,
Тамырымда тулайды есіл ағын.
Бұл жүректің білмеймін, несін алдым,
Несі жоғын білмеймін, несі барын.
Қаным қайнап барады, қаным қайнап,
Бір амал тап, дәрігер, халімді ойлап.
Алауыртқан ақынның қолын байлап,
Әкетпесін ажал кеп, өлімге айдап.
...Жоқ!
Дәрігер!


Орнатпа басқа жүрек!
Басқа лүпіл жасама, басқа леп.
Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,
Білдірмей доғдыр алып тастады деп?
Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,
Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?
Сыйыңа рахмет, қайран Адам!
Өзімнің жүрегімдей қайда маған.
СӘБИ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ
Әні Т. Рахимовтікі
Құс та болғым келмейді қанатым бар,
Қанатым бар күмістен жаратылған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Бұл өмірден хабарсыз жаңа туған.
Тар бесігі — кең жаһан, тарылмаған,
Біреуге бар, біреуге табылмаған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Ана сүті аузынан арылмаған.
От та болғым келмейді жылуым бар,
Жылуым бар, керек пе, жылыныңдар.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Күн сәулесі ойнаған тұлымымда.
Қанат қағып өмірге ұшарымда,


Кесілмесе бәрібір тұсауым да.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Сәбиі жоқ ананың құшағында.
ОТЫЗДАН АСЫП БАРАМЫН
Терме
Сұқтанып тұрып жанарың.
Сұрыма неге қарадың?
Солай да, солай қарағдың,
Отыздан асып барамын.
Шашымның санап әр ағынғын,
Таңырқай берме, қарағым.
Санаулы басқан әр адым,
Отыздан асып барамын.
Белгісі тұр ма ағаның,
Бетіме неге қарадың?
Бақытын тілеп баланың,
Отыздан асып барамын.
Қуанып кейде қаламың,
Қуарып кейде қаламын.
Аттанған ата-ананың,
Артынан кетіп барамын.
Әзілің қайда, қарағым,
Әжімге несін қарадың?
Артымда қалып аларым,
Отыздан асып барамын.
Солай да, солай қарағым,


Көңілдің таппай қалауын.
Жастықтың жықпай жалауын,
Отыздан асып барамын.
ӨМІР СҮРЕЙІК АЛМАСЫП
Терме
Жапырақ жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?
(Көрінер, мүмкін, кімге ерсі),
Өмірінді маған бір берші!
Дүрбелең мына дүниені,
Адам көзімен бір көрші.
Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймәлім маған өмірге,
Қайың көзімен қарайын.
Сен-дағы жерден нәр алдың,
Мен-дағы жерден нәр алдым.
Біреуден сен де жаралдың,
Біреуден мен де жаралдым.
Тілің жоқ, жанды қайың сен,
Айырмашылығым - Адаммын


Мендегі бары бір жүрек,
Беріпті жүрек саған мың.
Сондықтан ұзақ жасайсың —
Құрдасы келер заманның.
Бар-жоғы менде бір жүрек,
Ол өлсе — мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің,
Тіршер қайта дүркіреп.
Жапырақ жүрек жас қайың!
Жанымызды айырбастайық. 
Адам боп жүрсең қасқайып,
Тәуекел, айырбастайық!
Өмірге өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып.
Бірде адам, бірде қайың боп,
Сүрейік өмір алмасып...
МЕН ДЕП ОЙЛА
Әні Төлеген Мұхамеджановтікі
Сағындым ғой дедің-ау, жаным, маған,
От көрдің бе таулардан мамырлаған?
Сол менің ақ жанымның ақжалыны,
Аулақта ауылымнан дамылдаған.
Қайырмасы:


Мен деп ойла самал боп есіп өткен,
Мен деп ойла нөсерді есі кеткен.
Мен деп ойла өзіңді әр күн сайын,
Мен деп ойла, өзіңді мен деп ойла.
Естідің бе аспанның күрсінгенін,
Сол менің саған деген тылсым демім.
Ұйықтап жатса, оянсын,
Ояу болса, күңіренген жанымды білсін дедім.
Қайырмасы:
ТУҒАН ӨЛКЕ
Әні Тұрсынжан Шапайдікі
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң,
Анау жерде құрбылармен алысқам.
Анау жерде құрбыжанмен табысқам,
Жолдар анау шұбатылып, шаңы ұшқан.
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.
Қайырмасы:
Айналайын, атамекен, ақ мекен,
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен.
Айналайын, атамекен, ақ мекен,
Туған өлке тәтті екен ғой, тәтті екен.
Шабындықтар, егістіктер, тоғайлар,
Төбелердің төбесінде көк айдар.


Ақша бұлтпен араласып аулаққа,
Сағым болып бара жатыр көп ойлар.
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.
Қайырмасы:
ҰНАТАМЫН МЕН СЕНІ
Әні Т.Досымовтікі
Ұнатамын мен сені дегенменен,
Көрмегенді өзгеден сенен көрем.
Өз обалың өзіңе, өзіңнен көр,
Ғайып болсам бір күні егерде мен.
Қайырмасы:
Ұнатамын мен сені,
Арманымдай еңселі.
Өмірімнің өлшемі,
Ұнатамын.
Ұнатамын мен сені,
Арманымдай еңселі,
Бақытымның бөлшегі.
Ұнатамын, ұнатамын мен сені.
Ұнатамын мен сені, бірақ-бірақ,
Сезіміңді қайтемін жылап сұрап.
Ұнатамын дегенім – жасандылық,
Саған деген жүрегім құрақ-құрақ.


Қайырмасы:
Дегеніңнің бәрін де жасап жүріп,
Көрсетпеймін зәредей асау қылық.
Сенің ғана ырқыңа бас алдырып,
Бұға берем, не деген жасандылық?!
Қайырмасы:
ШЕШЕ СЕН БАҚЫТТЫСЫҢ
Әні М.Жәтіковтікі
Шеше, сен бақыттысың, жыламағын,
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңмен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын.
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам, саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым сөз басына.
Қайырмасы:
Аспанға жазам сенің есіміңді,
Сен бақыттысың, мен бақыттымын.
Шеше, тербетебер бесігімді.
Бармын ғой, тірімін ғой, қасыңдамын,


Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмаған,
Байырғы мерекеңді қашырмаған.
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам, саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым сөз басына.
Қайырмасы:
ЖАРЫҒЫМ-АЙ!
Тұман торлап жүзіңді қалды ма-ай!
Деуші еді ғой: «жалғыздың жары Құдай»,
Неге таси береді қаным ұдай?!
Жалт етеді бір үміт, тайып беріп,
Жалынамын жанымды жайып көріп.
Қаным сыймай барады арнасына,
Қосылғандай Ілеге Жайық келіп.
Селдеткенде, екі өзен тасығанда,
Тал қармаймын, жағаға асылам да.
Шыңыраудан шыға алмай шыдам кетіп, .
Тағдырыма шынымен бас ұрам ба?!
Қорқып тұрам орнымнан, қорқып жатып,
Толқын кетіп барады, толқынды атып.


Бәрі келіп, тоғысып,
Жүрегімнің
Жағалауын төбеді солқылдатып.
Соққанда кеп миымның жар қабағын,
Бір минуттық тынымға зар боламын.
Менің жарық дүнием, шуағынды
Ала кетсем деймін де, қарманамын...
БАҚЫТЫНДЫ ЖЫРЛАЙДЫ
Жыламашы, шырағым,
Күніренген қобыздың
Бұрамашы құлағын.
Ұмыт болып мына күн, сейіледі мұнарың.
Жыламашы, шырағым,
Шашыратып шуағын,
Мен білемін мына күн шұғыламен тынарын.
Аттанады мына күн, ашылады аспаның,
Шашылады аспанға сенің жаһұт тастарың.
Сонау алыс асқарға асылады шашбауын, 
Шашырайды басқа нұр, қосылады бастарың...
Шаттық пенен қуаныш,
Өкініш пен мұң-қайғы
Өмір бақи тұрмайды, алма-кезек зулайды.
Жыла, жаным, жылай бер...
Мен де мәңгі тұрмаймын.


Зарыңды кім тыңдайды?
Ертең келіп басқа ақын, бақытынды жырлайды.
ЖАМЫЛЫП САҒЫНЫШТЫҢ САЛ ШЕКПЕНІН
Жамылып сағыныштың сал шекпенін,
Сарғайып сенің үшін зар шеккемін.
Зарықтыр, о, тәңірім, жалықтырма?
Мәңгілік ғашықпын мен, ант еткемін!
Көзіме көрінбесең, көрінбе сен,
Күнім боп тұра бергін көгімде сен.
Өлді деп ойлай бергін сонда мені,
Бұлт болып шуағыңды тұтып алып,
Нөсер боп селдетіп мен төгілмесем.
Көкке емес, жерге сонда құлайды арман,
Сел болып ағар, мүмкін, лайланған.
Сен сол кез кезбе бұлтқа бір қарап қой,
Сол — менмін көктің жүзін шыр айналған.
Білем саған жете алман, ғарыштасың,
Белгілі мәңгілікке табыспасым.
Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің,
Сен маған сағыныш боп жабысқасың.
Қайтсем екен сені ұстап қалу үшін?!
Сен маған шексіз дала сағымысың.


Мен өтермін, өтермін, өтермін мен,
Мәңгілік сен қаласың, сағынышым!!!
СИЫР АЙДАП ӨРІСКЕ ЕРТЕҢМЕНЕН
Сиыр айдап өріске ертеңменен, 
Баратын ек тоғайға еркемменен 
Тал басына шық тұрып, күннің нұры 
Мың бояумен тоғайды көркемдеген.
Қарасаздың шыбығын жел тербеген, 
Жел тербеген шыбықты мен тербегем. 
Ойласамшы, сол шыбық терек болып, 
Өзегімді бір кезде өртер деген...
Қарасаздың шыбығын жел тербеген 
Жел тербеген шыбықты сен тербеп ең. 
Сонда менің ойымда мұң бар еді,
Өзі келіп, бір күні серпер дегем.
Жақын өсіп жас шыбық бала талға, 
Оянатын екеуі ала танда.
Тағдырымды сонда мен табыстаппын, 
Сезімі бар, сенім жоқ алақанға...
Қарасаздың шыбығын сен тербеп ең, 
Сен тербеген шыбықты мен тербегем. 
Ойласамшы сол шыбық бір кездерде, 
Өзегімді өзің боп өртер деген.


Сол тоғайға барып ем ертеңменен,
Қарсы алдымда терек тұр жел тербеген.
Бір тоғайда бірге өскен егіз едік,
Неге ғана шошыдың, еркем, менен?!
АҚҚУЛАР, ҚОШ БОЛЫНДАР
Аттанып бара жатыр аққу-қаздар,
Қош енді, қош болыңдар, гәкку-наздар!
Кеудемде күңіренген дастан қалды,
Киелі қанатымен аққу жазған.
Аққулар, кешіріндер, жазықтымын!
Қараймын керуеніне қажып бүгін.
Адасып кетті-ау бірге сендерменен,
Алапат күшім менен нәзіктігім!
Сыңқылдап соғылғанда қанаттарың,
Таба алмай қалды менің тағат жаным.
Үзілген жолдарыңа, қарақтарым,
Үзілген жанарымды сабақтадым.
Ақ көлдің айдын төсін шимайлаған,
Сұлулар, жатыр сені қимай далам.
Аққу боп неге ғана жаралмадым,
Адам боп өзіме-өзім сыймай барам.
Аққулар, алданыш па ең, арман ба едің?


Қош енді, қанатым жоқ самғар менің!
Нуларым сыңси жылап қалды-ау менің,
Суларым жетімсіреп қалды-ау менің!..
ӨКПЕ-НАЗ
Мына алла шыныменен қарғады ма?
Рахымсыз тұрмысым алдады ма?
Өмірлік досым деген мына адамға,
Беделім бес тиындық қалмады ма? Яу!
Көңіл қымбат алтыннан,
Білмес оны қандай жан.
Мен - бақытсыз бала құс,
Қанаты отқа шарпылған!
Ойым - қыс, жүрегім - жаз, көңілім - көктем,
Басым - бұлт қар жаудырып, нөсерлеткен.
Қамқоршым - қағаз, қалам, жүйрік қиял,
Жабырқау жас жүректі еңіреткен. Яу!..
Сайра, сайра, қызыл тіл!
Ерік сенде, өзің біл!
Деуші едің ғой, қалқажан:
“Өмір - күрес, көңіл - гүл!”.


ПОЭМАЛАР
АҚҚУЛАР ҰЙЫҚТАҒАҢДА
І
Өзен де жоқ сыймаған арнасына,
Жылға да жоқ даламен жалғасуға.
Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,
Қалай біткен мына көл тау басына?!
Мөлдірейді, қарайды қарға, шыңға,
Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірә.
Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман?
Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам?
Қанша шырша есті екен, құлады екен,
«Жетім көлге» қараудан шаршамаған?
«Жетім көлден» су ішкен қанша марал,
Қанша киік қалды екен сай-салада?
Қанатынан үзіліп ән-самала,
Қаншама аққу кетті екен — аңсаған ән?
Ортаймаған «Жетім көл» толмаған да,
Болған өмір ұқсайды болмағанға.
Сызат та жоқ бетінде, сызық та жоқ,
Айдынына аққуы қонбаған ба?!
Қызғыштары қиқулап, қорғағанда,


Сорлағанға ұқсайды, сорлағанға,
Шүрегейлер айдынын қорлағанда,
Көкқұтандар қанатын қомдағанда...
Беу, дүние-ай, аққулар оралғанда,
Айдын көлдің иесі жол алғанда.
Жетісіп бір «Жетім көл» қалушы еді-ау,
Тынушы еді-ау, теңселген қара орман да.
Таянғанда аққулар қонар маңға,
Басушы еді-ау, байызын бар арман да!
Қанатынан аққудың балапандап,
Ән ұшатын сымпылдап тан атарда.
Сүйінші бер дегендей бір толықсып,
Сыбырлайтын «Жетім көл» Алатауға.
Тына қалып бұлбұл да жаға-талда,
Қарайтұғын айдынға, ақ отауға.
Таң мен күннің арасы таянғанда,
Таудың басы алаумен боялғанда,
Тірілетін таудағы бар тіршілік,
Қанатынан аққудың оянған ба?!
Көмейінде тәтті үні былай қалып,
Жаға-талда жас бұлбұл тұр ойланып.
Жетті аққулар.
Түгендеп «Жетім көлін»,
Жағалауда ұшып жүр шыр айналып,
(Бірден көлге қонбайды құлай барып.)
Сондайтұғын, аққулар сондайтұғын,


Асығыстық оларда болмайтұғын.
Қомағай көкқұтандар секілденіп,
Жалп беріп, жағаға кеп қонбайтұғын.
Сондайтұғын, аққулар сондайтұғын,
Ақ мүсін айдынға кеп орнайтұғын.
Әлдилеп ақ төсінде, бермей тыным,
Ақ айдын ақ мүсінін тербейтұғын.
Бұл келте мылтық алған саятшы емес,
Тірі жан аяқ басып келмейтұғын.
Аққулар аман-есен қайтқанынша,
Суына «Жетім көлдің» шөлдейтұғын.
(Суымен сырқаттарын емдейтұғын.)
Ұрпақтан ұрпақ алып жалықпастан,
Сондай бір дәстүр бар-ды қалыптасқан.
Заманнан заман өткен, жаңарған жұрт,
Аққуын айдын көлдің налытпастан
Дәстүрін аттамаған, анық басқан.
Сондай бір дәстүр бар-ды жарық шашқан,
Бір ұрпақ бір ұрпаққа алып қашқан.
Қайсыбір қиын-қыстау ай, күндерде,
Шойырылтып, түссе-дағы қайғым белге,
Алаңсыз аққуымды атпасын деп,
Жатқа да дастарқанды жайдым төрге,
Аққулар ұйықтағанда айдын көлде...
...Оралмады аққулар осы маңға,
Жылдар өтті, байғұстар шошынған ба?
«Жетім көл» жетімсіреп қала берді.


Арман-ай, аққуымен қосылар ма?!
II
Бала жатыр төсекте, албыраған,
Әке жатыр еденде, қалжыраған.
Түн күзетіп ана отыр, қос жанары
Шарасыздан шаршаған, жаудыраған.
Түні мынау - тамыздың маужыраған,
Тауың анау — шымылдық салбыраған.
Биік барып жаралған жер бетінен,
Сол байырғы «Жетім көл» келбетімен.
Айдынында аққулар ұйықтап жатыр,
Сайдан соққан самалмен тербетілген.
Жер бетінде тыныштық, көл бетінде,
Қауышыпты қара орман, көл де, түн де
Бала жатыр төсекте күйіп-жанып,
Баласының ана отыр күйін бағып.
Қайдағы бір қатыгез, сұрқай ойлар,
Миын қарып барады, миын қарып.
«Сарқытыңдай өлімнің қалған қарға,
Екеу болса, дүние-ай, арман бар ма!..»
Арагідік назарын аударады,
Төрт бүктеліп еденде қалған жарға.
Қауіптеніп түндерге, таңдарға да,
Үн шығармай іш құса, зарлауда ана.
«Мана, күндіз, тәуіп шал не деп кетті?!


Әлде өтірік, әлде шын демеп кетті...
— Аққуменен баланы аластандар,
Деді-дағы жәйімен жөнеп кетті...»
— Тұрсаңшы,
таяу қалды таң атуға,
Неткен жансың санасыз жаратылған?!
Манағы тәуіп шалдың айтқан сөзі,
Ұмытылып кетті ме санатыңнан?
...Айналайын аққудың қанатынан,
Қайтеміз, ол да адамға бола туған.
«Жетім көлге» барып қайт таң жамылып,
Таң атқанша қалайда тауға ілік.
Біреулердің көзіне түсіп қалып,
Дүрліктірме жұртынды, салма бүлік!
Кім білсін, мүмкін, бәрі жалған үміт...
—Апыр-ай, қалай барам, қалай барам?!
Атармын аққу құсты қалай ғана?!
Айдынның аққулары ұйықтағанда,
Өрген мал, өскен шырша абайлаған,
Барлығы қасиетке қарайлаған,
Оқ атам қасиетке қалай ғана?..
Бармаймын, бара алмаймын, қалай барам?!
Адуынды жан екен алған жары:
—Жалғыз ұлдан артық па, жалған бәрі!
Балам өлсе, бақыттың керегі не?!
Топан су басып кетсін қалғандарын.
Перзент сұрап несіне армандадың?!


Құрысын онсыз сенің жанған бағың!
Мылтықты әкел!
Атты ертте!
Жалған бәрі!
...Оятып дүниені дел-сал қылып,
Тамыздың таңы да атты тамсандырып,
Сай-сайдан бошалаған бозала тан,
Таудағы тіршілікке ән салдырып,
Еміндіріп, еріксіз қарсы алдырып,
Бұлбұлға дүниеге жар салдырып,
Тамыздың таңы да атты тамсандырып.
Қасқа таң.
Бұлбұл үні.
Көл бетінде,
Аққулар ұйықтап жатыр тербетіле.
Бас бағып жағада отыр жалғыз ана,
Таңданып тәкаппар құс келбетіне.
Тығып ап тұмсықтарын мамығына,
Айдын — төсек, аспанды жамылуда.
Арша, шырша, жартастар жағадағы,
Сұғынып, бәрі көлге табынуда.
Аласұрып, қан ойнап тамырында,
Ана-жүрек тыпыршып, қабынуда,
Не қыларын біле алмай, жабығуда.
Асқар белден күн нұры шашырады,
Шашырап, ол да көлге бас ұрады.
Құс аппақ, айдын аппақ, нұр да аппақ,


Аппақ нұр — аппақ нұрға қосылады.
Көл — көкке,
көк — көлге кеп асылады,
Ұйқысы аққулардың ашылады.
Сұлулыққа сұқтанып, қашып әлі.
Ана-жүрек солқ етіп, басылады.
Қызғанып, қызғыш байғұс шыр айналды,
Абыржып ана-көңіл мың ойланды.
Ғазиздің көзінде емес, көңілінде,
Айдын көл астан-кестен лайланды.
Дәстүр, ырым, жәйімен құдай қалды,
Жалғыз ұлдан басқасы былай қалды.
Айдынның аққуының орынынан
Кергендей, көзі тұнып, құмайларды.
...Аққулар...
Аққу мойын, сүмбе қанат,
Алаңсыз тарануда күнге қарап.
Айдынның еркелері, білмей тұрмын,
Етермін тағдырыңды кімге аманат?!
Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу!
Бір мамығы майысса ауырсынып,
Тарақ етіп тұмсығын, тарайды кеп,
Тарайды кеп, тарайды қауырсынын,
Құм тұрса да бір түйір ауырсынып,
Жаны сұлу ақ еркем,
ары сұлу!


Ақ қанатын сабалап, асыр салып,
Бірде суға сүңгиді басын малып. ...
Ойнасыншы, ойнасын ерке құстар,
Тыныштығын олардың қашырмалық.
Мерген отыр жағада.
Ей, ақша бұлт,
Жаулығыңмен оларды жасыр барып.
Бас бағады шыршаның қалқасынан,
Қаруынан қолында қан сасыған.
...Ал, аққулар,
Аққулар тарануда,
Сусып түсіп, су моншақ арқасынан.
Қарайды ана шыршаның қалқасынан.
«Сірә, сорлы жоқ шығар менен еткен,
Құлынымның қасынан неге кеткем?!
Ошақ қасы, от басы, көрмеппін ғой,
Дүние-ау, сен осындай керемет пе ең?!»
Ана отыр,
Озбыр ойлар қамалауда,
Қамалауда, әлдекім табалауда.
...Аққулар ақ айдынды қалдырды да,
Тартты кеп, ана отырған жағалауға.
Шошымай шолжаң өскен батырларың,
Ана отырған шыршаға жақындады.
Көзі тұнған бейбағың, топ аққуға,
Білмей қалды мылтықтың атылғанын.
Көздің алды көк түтін, ақыл жарым,
Білмей отыр жанағы тыныштықтың,


Сүт ұйыған тегешін сапырғанын!..
Ию-қию көл маңы, астан-кестен,
Жер айналып, тау құлап, аспан көшкен.
Жаңғырығып, жар салып, жартастар тұр,
«Жетім көлдің» қайғысын бастан кешкен,
Көріп-біліп, таныпты тастар да естен.
Алып аспан астына сыя алмай бір,
Айдын көлін аққулар қия алмай жүр.
Мөлдіреген «Жетім көл» көкке қарап,
Мөлтілдеген кез жасын тыя алмай тұр,
Айдын көлін аққулар қия алмай жүр.
Сан айналып, сұңқылдап ұшты-дағы,
Сапар жолға мезгілсіз түсті-дағы,
Бетін түзеп, батысқа бағыт алып,
Қарғыс атқан мекеннен күсті бәрі.
Тау жаңғыртып, тамаша құстың әні,
Қош айтысып көлменен, ұшты бәрі.
Көл бетінде көлбеңдеп, жаралы аққу,
Ұша алмайды, ұшпақ боп күш қылады...
Сыңар қанат сынық құс байлауда тұр,
Тағы бірі айдында жайрап жатыр.
Қан аралас қалқыған мамығымен,
«Жетім көлдің» толқыны ойнап жатыр. ... 
Қасиетке оқ атып, жойған пақыр,
Қалай алып кетерін біле алмастан,
Сүле-сопа, жағада ойлауда құр.


«Жетім көлден» сән кетті мана тұнған,
Аққу кетті, ән кетті қанатында.
Асқар-асқар таулардан асып әрі,
Шын-құздардың үн қалды қабатында.
Аққу әні естілмей қалатын ба?
Алатаудан үзілтіп Қаратауға,
Жаңғырығып жартастар таратуда...
III
«Жетім көлдің» басында жылқы жатқан,
Дөңге шығып, қарт тұрған жылқы баққан:
«...Апыр-ай, бұл кім болды, таң сәріде,
Көргенсіз, көл басында мылтық атқан?!
Кұстардың зәре-құтын шырқыратқан,
Неғылған қаныпезер құлқы қатқан?!
Мылтықты атарлықтай көлге келіп,
Апыр-ай, жоқ еді ғой елде желік...»
Мылтық даусы, құстардың шулағаны -
Шыдамын алды қарттың, бермеді ерік.
«Бұл маңның адамы емес, сірә-дағы,
Білейін, табайын да бір амалын.
Қаруы бар кәззапқа құрықпенен
Ұмтылса, қалай қайрат қыла аламын?!
Жөн болар алыс тұрып сұрағаным...»
...Аққу үркіп,
батысқа бет түзеген,
Қамшы басты атына, шыдамады.


Алыс тұрып, ақырды қыр басынан:
«Берекесін бұл жердің кім қашырған?..»
Өнім бе, түсім бе деп танданады,
Көз алмай орамалды ұрғашыдан,
Көз алмай сүле-сопа тұлғасынан:
—Ей!
Кімсің?
Тірісің бе?
Жанын бар ма?
Аққуды неге атасың, арың бар ма?!
Тастағын қаруыңды, келгін бері,
Келгін бері, кеудеңде жаның барда!
...Байғұс әйел үн-түнсіз жылап тұрды,
Қарттың үні мең-зең ғып құлаққа ұрды.
Қолындағы мылтығын құлаштап кеп,
Бөгелмей, «Жетім көлге» лақтырды.
Қартқа қарай ақырын аяндады,
Қарусызға қарт келді, аянбады.
...Көзінен жас,
көңілінен зар төгіліп,
Болған жәйтті келіні баяндады.
—Әй, балам!..
Болмады ғой, болмады ғой...
Қасиет кетті көлден, сорлады ғой.
Тәуіптің айтқанының бәрі өтірік,
Атқа мін, ауылға қайт, олжаны қой!..


Мін атқа, қайт ауылға тағат қыл да,
...Білмеймін, сор аттың ба, бақ аттың ба?!
Аққуға кезенерде, ырым жасап,
Тым құрыса саусағыңды қанаттын ба?
—Әлек боп, арпалысып сор-қайғымен,
Жоқ, ата, жасамадым ондайды мен...
Жасымнан естігенім бар-тын еді,
Әйтеуір аққу атқан оңбайды деп...
—Солай, солай...
Аманат бір құдайға...
Қай-қайдағы түседі құрғыр ойға...
...Ат басын шұғыл бұрып, тайып тұрды,
Қарт тастап — нелер сұмдық сырды бойға.
Бәрі ұмыт: бақытың да, байлығың да,
Күлкі шаттық, күйзелткен қайғы, мұң да.
«Жетім көл» жетімсіреп қалып қойды,
Бір өлі, бір тірі аққу айдынында...
Бар өмірден көңілі шайлығуда,
Байғұс ана еркінен айырылуда.
Әлденеден сұм жүрек сескенеді,
Арагідік әлдене ес береді.
Табиғаттың, таудың да, аққудың да,
Байғұсқа болмай қалды еш керегі.
Келеді ана, сезбейді ештеңені.
Бай ұмыт, әлсіз жатқан бала да ұмыт,


Қайтқан құстай алыстап барады үміт.
Көліменен қоштасқан аққу үні,
Құлағына келеді арагідік. -
Өмір емес өмірі, қораштанған,
Байғұс ана тірліктен қалас қалған.
Келеді ана, қарабет қарақшыдай,
Ел мен жерден біржола аласталған.
Аппақ нұрды көре алмай ақ аспаннан,
Түн-түнекте бейне бір адасқан жан.
...Абыр-сабыр, үй маңы дүрбелен-ді,
Алғаш ана абыржып, білмеген-ді.
Ат үстінен түсе алмай қатып қалды
Мелшиіп, білмей тіл мен үн дегенді
Білмейді, қайда келді, кімге келді.
Өң бе, түс пе, әйтеуір таласуда,
Өлі менен тірінің арасында.
Отырғандай «Жетім көл» жағасында,
Аққу жатыр көзінің шарасында.
Аунап түсіп атынан, үйіне енді,
Есіне алып ерін де, баласын да.
Өліп жатқан ұлына қарасын да,
Қалсын ана «Жетім көл» жағасында,
Өлі менен тірінің арасында.
...Аппақ нұрмен шомылтып айналаны,
Ақ сәулемен айдынның ойнағаны,
Көз алдында...


Құлақтан кетер емес,
Танда бұлбұл тамылжып сайрағаны,
Көз алдында - аққудың жайрағаны.
Сынар қанат, сынық құс - жаралы аққу
Өлі аққудан кете алмай айналады.
Ақ төсек — аппақ айдын, аққу - бала,
Жаралы аққу секілді жаттың ба, ана?..
«...Мына жатқан «Жетім көл», мына аққуды,
Өз қолыммен өлтірдім, аттым жаңа...
Жоқ!
Мен емес...
Мен атпадым...
Кеше гөр, кешіре гөр, жаратқаным?!»
Ғазиз ана, ербеңдеп екі қолы,
Жиылған жұртқа қарап алақтады.
Күледі, бірде жылап, зарланады,
Көкке қарап, бекерге қарманады.
Бірде үнсіз, мелшиіп тың тыңдайды,
Құлағында аққудың арман-әні.
Алдымен жұрт үн-түнсіз танданады,
Қыбыр-сыбыр артынан жалғанады...
Бірде ана көкке жайып алақанын:
«Қазір, ботам...
Мінеки, таң атады...
Қазір, ботам, аққумен ұшықтаймын...
Жазыласың құлыным...
балапаным!


Қасиет!..
О, қасірет!
Осындай ма ең?!
Сорымның қалыңдығы шашымдай ма ен!..
Қасиет!..
Қасиеттер ұшып кетті,
Қасірет!..
Қасымдағы досымдай ма ең!..
Қасиет... Қасірет...
Қасірет... қасиет...»
Эпилог
...Сол кеткеннен мол кеттім, оралмадым,
Жерді аңсаймын...
Жалғыз-ақ сол - арманым.
Қиын екен, қимасың екі бірдей,
Көз алдында ғайып боп жоғалғаны...
Көрдің бе бір-біріне дөп келуін,
Бір қырсық бір қырсықпен шектелуін?
Балам-ай, мынау өмір-дарияның,
Білмейсің қайда екенін өткелінің.
Аққулар...
Аңыз көп қой олар жайлы,
Көзіңмен көргеніндей бола алмайды...
Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар,
Шошыса, екінші рет оралмайды.
* * * 
Орнында екен «Жетім көл», жоғалмапты,
Ортаймапты немесе тола алмапты.


Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз,
Қасиетті аққулар оралмапты.
АҚ ҚАЙЫҢ ӘНІ
П о э м а Ілия Жақановқа
Ей, күнәдан пәк жас жандар,
Қапелімде қателікке баспаңдар!
Қосыларсың қол ұстасып, саспаңдар,
Махаббатпен ойнағанды тастаңдар,
Ей, күнәдан пәк жас жандар!
Иә, жастық - ән, салтанат, күй, өмір,
Жастық дейтін - жанға мирас, ие бұл.
Махаббатқа тұрақсыздық - күйе бір,
Махаббатты құрметте де сүйе біл!
Ей, күнәдан пәк жас жандар,
Махаббатпен ойнағанды тастаңдар!
Қапелімде қателікке баспаңдар,
Ал оқыңдар, ол туралы дастан бар.
I
Неліктен тұта қалды қабақ қайғы?
Перделеп қос жанарды қаратпайды.
Жөргекте уілдеген уыз сәби,
Отырған қонақтарға алақтайды.
Бұп-бұлтық өкшеңменен тебінесің,
Ұмтыласың, шалқалап шегінесің.
Баданадай көздерің бақырайып,
Ей, өмірдің қонағы, не білесің?
Білесің бе, не болды маңайында?


Келесің бе, алдыма алайын ба?
Қолға түскен ұрыдай сүмірейіп,
Не көрінді отырған ағайынға?!
Сауық-сайран неліктен басталмайды?
Неге адамдар алдында асты алмайды?
Неге анау бұрышқа қойындасып,
Қалжыраған құтылар мас болмайды?
Отырғандар неліктен алаңды ойда,
Анаң қайда, қарғам-ау, Анаң қайда?
Ұстап тұрған ыдысын қиратты да,
Безіп кетті қалдырып жаман жайға.
Әкең неге соншама түнереді?
Алқымына ашуы тіреледі.
Қираған радио қобдишаны,
Тағы да періп-періп жібереді.
Ол қирады.
Ән бірақ қалықтайды.
Бұлбұл көмей сайраудан жалықпайды.
Бұл не пәле, қарғам-ау, білесің бе,
Бұл сиқырды енді кім анықтайды?!
Бұлбұл көмей бұралтып ән салады
Алыста адасыпты аңсағаны.
Қарт Атаң жұрт бетіне қарай алмай,
Қарт әжең әлсін-әлі тамсанады.
Ал ән ше?
Ән күнәсіз мамырлайды.
Әр жүректі бір шымшып дамылдайды.
Бұл не пәле, қарғам-ау, білесің бе,
Бұ не пәле, неғылған ауыр қайғы?!
Отыра ғой алдымда, қарақапым,


Мынау қолым, саусағың, алақаның.
Неге саған мына жұрт қарамайды?
Тойың өтіп жатқанда, балапаным.
Неге, неге?
Білмейсің.
Мен білемін,
Мен айтайын кезегім келді менің.
Ей, өмірдің даңғаза қуанышы,
Түсінерсің бір кезде, сендіремін.
Айтпай жаным сірә да, жай таба ма,
Мен айтайын сен тыңда, байқа, бала!
Жалыны мол жастыққа кенелгенде,
Ата-анаңның қатесін қайталама!
Әуелі әнді тыңда, ән өлмейді,
Әнсіз тамұқ, кең болсын әлем, мейлі.
Әлемді кезіп жүрген махаббат бар,
Ән соны әрқашан да дәлелдейді.
Әнсіз жоқ нөсерде нұр, дауылда күш,
Ән сая - адам жаны дамылдағыш.
Сол әнді сорғалатып құйып жатыр,
Қираған радиоқабылдағыш.
II
Аттай төрт жыл екеуі достасқалы,
Екінші жыл жүректі тот басқалы.
Апырай, Алматыдан аттанарда,
Бағдатпен Бану неге қоштаспады?!
Ой, арман-ай, не деген сағым еді,
Секілді ғой даланың тағы желі.
Ажырасқан ақ қайың панасына,
Бей-жай боп Бағдат бүгін тағы келді.


Өтті уақыт ақ қайың өзгермепті,
Ал арман ғайып болып, көзден кетті.
Ішпей-жемей масайып, балбыраған,
Балауса, бал-шырынды кездер де өтті.
Тентек жел ақ қайыңды аймалайды,
Телміріп бала қайың жәй қарайды.
Бану жоқ, жапырақпен ойнамайды,
Бағдат тұр, бойда - дерті, ойда - қайғы.
... Күз бопты, асқарды бұлт тұмшалады,
Жел келіп жез қияққа мұң шағады.
Қатулы қабағына қаһар бұққан,
Қарт тауға қара нөсер мұң салады.
Қара бұлт қаралы ару түнереді,
Қарағай қара аспанға тіреледі.
Қаптай кеп қарбаласта қара қарға,
Қарайды қара тауға түнегелі.
Қара тау қара күзді ұнатпайды,
Қарайды, қамқор болып жұбатпайды.
Қарманып, қалжыраған қара құс кеп
Қайыңның бұтағына шуақтайды.
Табиғатта тірліктің бәрі де егіз
Қыс пен жаз, күз бен көктем, ән, лебіз
Махаббатпен масайрап жүрген шақта,
Мән бермейміз олардың бәріне біз.
Солай, солай...
Бағдат та екеу еді,
Екеуін бір-ақ арман жетеледі.
Өмірде жол ашасы басталғанда,
Бағдат қалды, ал Бану кете берді.
Махаббатын қыз Бану күйеледі,


Бағдат барып қайыңға сүйенеді.
Керуенін тартыпты батыс жаққа,
Кер тырналар - аспанның түйелері.
Бура шуда бұлттар да жөңкіледі,
Маңа барды, әлгіндей мөңкімеді.
Жүректің шыңырауындағы әлгі бір ән,
Бағдаттың көзіне жас келтіреді.
Бұлт жөңкіліп барады, қарамайды,
Жел жетектеп барады қарағайды.
Әлсін-әлі жүректі дір еткізіп,
Санада сағыныш ән балалайды.
Бағдат тұр ұйып тыңдап әлденені,
Ән келеді, шымырлап ән келеді.
Нөсер тынды, қара құс бұтақтағы,
Қауырсыннан таранып, сәнденеді.
Өрекпіп жел әлсіреп, баяулады,
Асқарға кеп ақша бұлт аялдады.
Ақ қайыңның бір сипап маңдайынан,
Қырқадан Бағдат төмен аяңдады.
Аяңдады, артына жалт қарады,
Сырлы қайың сидиып қап барады.
Тұла бойды тұлпардай тықыршыған,
Бір жылы әуез жүректі ақтарады.
Бір келеді жылы әуез, бір кетеді,
(Жолағысы келмейді-ау тілге, тегі...)
Алатаудың адуын ақ өзені,
Бар аймақты барынша гулетеді.
Екінші жыл жүректі тот басқалы,
Неге Бану кетерде қоштаспады?!
Күйген жері күлдіреп, жазылмайтын,


Күй-көңілге қыз Бану от тастады.
Неге Бану сертінде тұра алмады,
Қандай ғана әзәзіл ылаңдады!
Алғашқы әнім эфирден шырқалғанда,
Неге, неге құттықтап, қуанбады?!
...Әлі есімде, жазы еді Алматының,
Аясы еді Алатау жәннатының.
Арқа сүйеп қырқада ақ қайыңға,
Отырып ек шат көңіл, жаида-тыным.
Ол сол күні мұңайып, көп қарады,
Айтпақ болып бір нәрсе оқталады.
Сала-сала сүйріктей саусағымен,
Шашымды сипайды да тоқталады.
Сол кезде қарағаны сондай бөтен,
(Әлде мені кімсің деп ойлай ма екен.)
Сонда білгем сезімнің құдіретін,
Сезімде қанағат жоқ, тоймайды екен...
Мен отырғам, бір нәрсе қиялдағам,
Бану өзі өпкен-ді, ұялмаған.
Соны білем, мойныма құлап қалған,
Құрметті кұшағын жия алмаған.
Әрі қарай не болды байқамадым,
(Дерт қайғысын қалай деп айта аламын)
Етпетімнен құлаппын есім жиып,
Бану деген есімді қайталадым.
Дерт қайғысын қалай деп айта аламын.
Жалтақтап жан-жағыма алаңдаймын,
Алаңдаймын, Бануды таба алмаймын.
Төңіректе дүниенің бәрі бөлек,
Өмірге жаңа келген адамдаймын.


Байқадым да бетімді жер сүргенін,
Табиғат, тажалынды келтір дедім.
Сонда сездім, күтіп ем, сонда сездім,
Өз білгенін істепті дертім менің.
Жоғалып махаббатым, барша тілек,
Отырдым ақ қайыңға арқа тіреп.
...Ақ қайың, арман қайың, амалым не,
Аяңда талай-талай бал татып ек...
Ақ қайың, сырлы қайың, арман қайың,
Ақ қайың, арман қайың, тарлан қайың!
...Артына композитор қарай берді,
Асылы сеңде бұғып қалғандайын.
Ақ қайың, арман қайың, ару қайың,
Саяңда сауық дайын, дамыл дайын.
Бағдаттың жүрегінде ән болып қал,
Ақ қайың, бала - қайың, Бану - қайың.
Махаббат, о махаббат салауатты!
Сені адам өміріне бағалапты.
“Ақ қайың” деп күбірлеп Бағдат міне,
Мың қайталап бір үнді бара жатты.
Сабыр, сабыр, ей, Бағдат, қысылма құр,
Әнің даяр, қарындаш ұшында тұр.
Мына күзде көз салшы жан-жағыңа,
Әр теректен мың жүрек ұшып жатыр.
Әніңді жаз, әнсіз жоқ дауылда күш,
Жел ызыңдап әкетсін Бануға алыс.
“Ақ қайыңды” эфирден ұстап алсын,
Ауылда радиоқабылдағыш...
ІІІ
Жылдан асты екі жас табысқалы,


Бәрі ортақ: арман, тілек, намыстары.
Елеусіз арасында екі өмірдің,
Бағдаттың бейнесі де алыстады.
(Деп жүрміз ғой қыздардан осал бар ма)
Қыз жүрегі сыр бүккіш қашаннан да.
Бану да құпиясын құмға көміп,
Жасырды жарым деген Асаннан да.
Сыр ашуды борышым деп санамады,
(Кім білсін, татулықты бағалады)
Кешегі махаббаттың орынында,
Жазылмайтын мерездей жара қалды.
Жасыратын жас гүлге жаққандай от,
Жасыратын Бағдатқа атқандай оқ.
Көрінетін құлаған әлсіз дене,
Ақ қайыңның түбінде жатқандай боп.
Бәрі есінде: Бағдаттың құлағаны,
Өзі шошып, аулақта жылағаны...
Құры сүлде қарманып қозғалғанда,
Тайып тұрған, көруге шыдамады.
Ол дерттің түсінбеген не екенін де,
Кете барған үрейдің жетегінде.
Жылдан асып барады Бану, міне,
Жар да сүйді, жайлы орын мекенінде.
Мекенінде, бірақ та ұмытпайды,
Күңдер өтсе, сол бір жай жуықтайды.
Қоныстанып жатты оның жүрегіне,
Қайдағы бір қайрымсыз суық қайғы!
Солай, Бану, адастың арманыңнан,
Аша жолда арбаң тұр аударылған.
Сезім дейтін істейді өз білгенін,


Жасырасың несіне жан жарыңнан...
* * *
Түс мезгілі, жұбайлар отырысты,
Тату-тәтті, “махаббат” оты күшті.
Әзір ғана әсерлі қос жұбайға,
Жайсыз жағдай тап болды өкінішті.
Отырысты, әр неден сыр ақтарды,
Бір-біріне жаудыртып сұрақтарды.
Асан күліп, орнынан тұрды дағы,
Радио құлағын бұрап қалды.
Ендігі сыр кешкіге аман қалды,
Жұбайлардың мылжыңы тамамдалды.
“Музыкасы: Мамыров Бағдаттікі,
“Ақ қайың”, - деп бір жаңа ән хабарланды.
“Ақ қайың, сырлы қайың, арман қайың,
Сырыңды айт, құр бекерге алданбайын.
Айналып неге саған келе берем,
Аяңда бір асылым қалғандайын.
Ақ қайың, арман қайың, ару қайың,
Сыр айтшы жанымменен қабылдайын.
Айтшы сен, махаббатым қайда кетті?
Көктемде самал қуған сағымдайын.
Арманың әлі менің жүр есімде,
Бар санам сағынышпен күресуде.
Апырау, қайда менің махаббатым,
Ақ қайың, айтшы маған білесің бе?”
Бөлме ішінде баяулап, қалқыды да,
Ән тынды, сөнген шамдай шалқыды да.
Банудың жанарынан жас парлады,
Қолқа, жүрек тығылып алқымына.


Жылауға да хақың бар, жыла,- Бану,
Жараңды жаза алса егер жылағаның.
Махаббат тәттісіне тойдың дағы
Адастың, ащысына шыдамадың.
Мен сені жұбатпаймын жыла, Бану!
Бану, сені аяймын, қиналамын,
Керек емес жасыңды тыймағаның,
Бір адамның басына бар бақытты
Қашап көрдің табиғат сыйлағанын?
Сен адал махаббатты күйеледің,
Сен даяр махаббатқа ие ме едің?
Аурумен арпалысып жатқанында,
Бағдаттың басын неге сүйемедің?
Шын сүйген шыр айналып кетпес еді,
Керек етсе, ажалмен шектеседі.
Асықпа әлі, “Ақ қайың” қайда жүрсең,
Арыңның алдына кеп беттеседі.
Жыла, Бану, мен сені жұбатпаймын,
Аяймын, жыла, жыла, қуаттаймын.
Халқым жазған махаббат дастанын ап,
Ақ қайың аясында шуақтаймын.
Асанда “бұл не?” деген сұрақ қалды...
Бәрін де айтты Бану, сыр ақтарды.
Содан бастап бұл үйге суық кіріп,
Терезенің алдында шуақ қалды.
Бірге келдің, ей, сәби, білемісің?
Екі адамның бір ғана жүрегісің.
Екеуінің бір ғана тілегісің,
Бірге келдің бүгін сен, білемісің.
Білемісің не болды ата-анаңа


Бықсып жанған ол қандай от арада.
Қуанышың еді ғой, балапаным,
Осылай да туған күн атала ма?!
Не әзәзіл бұл үйде ойнап өтті,
Не күш келіп бұл үйді ойран етті?!
Қуанышқа жиналған қауым қайда,
Қуанышты қонақтар қайда кетті?
Әкең жатыр неліктен төсекте аунап,
Сезім, сезім... Екеуін өш етті-ау, қап!
Білемісің, ей, сәби, қонақтардың,
Ауызынан барады өсек қаулап.
Не көрінген бұл үйдің адамына?!
Қуанбайды қаз басқан қадамыңа.
Неге сенің жан анаң бір күрсініп,
Ауық-ауық қарайды жанарыңа?!
* * *
Басың көтер, ей, Асан, көтерілгін,
Бану, сен, жар қадірін жете білгін.
Сен аман бол, ей, сәби, сен аман бол,
Сен межесі - тоғысар екі өмірдің.
Бұл өмір ғой, мұндай жай кезігеді,
Бадана көз батырым, сезін енді,
Сен барсың, сен тірісің әрқашан да,
Тек алғашқы махаббат, сезім өлді.
Қос өмірге меже боп көрінесің,
Сен осы үйге шуақ боп төгілесің.
Баданадай көздерің бақырайып,
Ей, өмірдің иесі, не білесің?..


МҰЗБАЛА
П о э м а Бауыржан Момышұлына
Екі тәулік өткен-ді,
Ата бүркіт аш қалды.
Қия тартып бөктерді,
Қия тінтті тастарды,
Күз ығысып кетті енді,
Қиямет қыс басталды.
Азық табу оңай ма,
Ақ иығын талдырды.
Аңдар ығып тоғайға,
Адырларды қалдырды.
Үңірейген сайларда,
Үлбіреген қар жатты.
Қан базарлы жайлауда
Тірі жәндік қалмапты.
Сонау өткен жазда бір,
Сонау қырдың төсінде,
Көк киікті, қаз бауыр,
Бүктегені есінде.
Басталысы қаңтардың,
Бас қариды мұз демі.
Адырлардан арқардың,
Ақ лағын іздеді.
Қалықтады Мұзбалақ,
Қансоқтаны аңсады.
Қарап шығып жүз қабат.


Қалжырады, шаршады.
Төмен, жерде, шатқалда,
Қорбаңдайды құмайлар.
Өлексені ақ қарда,
Жәукемдеген сыңай бар.
Бұғанасы бұлт беріп,
Атылғанда ақ иық.
Күшігендер сырт беріп,
Тоңқаңдайды далиып.
Қанаты бар дегенмен,
Ұша алмайды қорбаңдап.
Өлексеге кенелген,
Міне, осылай қор болмақ.
Қайқаң етті хас қыран,
Қайта көкке самғады.
Құмайлардың астынан,
Өлексені алмады.
Мұзбалақтар әсте бір,
Өлексеге түспейді.
Олардікі басқа өмір,
Басқа тірлік істейді.
Самғап күнін өткерер,
Самғамаса, кем болар.
Қорек болса көкте егер,
Қонбас еді жерге олар.
Қайта атылды хас қыран,
Қайта көкке самғады.
Шар аспанның астынан,
Шолмаған жер қалмады.
Дамылдаудан дүр безіп, 


Құз ылдида сырғанап;
Тау қойынын жүр кезіп,
Туырлықтай ту-қанат.
Қанша шолып өтсе де,
Тірі жәндік қаямапты.
Жылдағыдай текшеде,
Жайылымда мал жатты.
Ашуды аштық суарып,
Арпалысып бір кетті.
Қансоқтасын шығарып,
Жем табуға міндетті.
Көкке атылды, қағынған,
Қиядан кеп ілмекке.
Оқшау тұрған табыннан.
Жабағыны бүрмекке.
Шыңырау көкте шырқады,
Көз жіберді аймаққа.
Бұлаң етті бір тағы,
Жылқы жатқан сай жақта.
Кенет тұра қалды да,
Шұғыл кейін бұрылды.
Әлде байқап қалды ма?
Әйгілі сұм жырыңды.
Дауылдатып көктен бір,
Бәле келе жатқанда,
Арлан бөрі көктеңбіл,
Тіке тартты қапталға.
Жалғыз пана жан сақтар,
Қапталдағы қара орман.
Бірақ болат саусақтар,


Жауырынға қадалған.
Азулары ақсиып,
Арлан бөрі бұлқынды.
Болат тұяқ қақшиып,
Қақ тұмсыққа ұмтылды.
Жауырыннан, тұмсықтан,
Мыта келіп бүргенде,
Танауынан ыршып қан,
Әлсіреді бір демде.
Қос жанарын арланның,
Екі-ақ шоқып ағызды.
Жарығынан жалғанның,
Тарлан бөрі жан үзді.
Бір тағыны бір тағы,
Жөндеп жатыр, не керек!
Тағылардың ұрпағы,
Тайды құртса, не дер ек?!
Арланды әбден жұлмалап,
Қансоқтаға қанды да,
Тасқа қонды Мұзбалақ,
Енді ұшудан қалды ма?!
Топшылары керіліп, -
Қалжырапты айқаста.
Қона салды ерініп,
Балақтағы жәй тасқа.
Қырқалар - ақ, құздар - ақ,
Аппақ таудың қойнауы.
Қалжыраған Мұзбалақ,
Дамылдауды ойлады.
Сығырайып бір қарап,


Сылқым күн де асты қыр.
Сай-саладан сырғанап,
Сал тыныштық басты бір.
Таудың тентек бұлағы,
Тас тепкілеп жатқанда,
Үнсіз іштен тынады,
Қарағайлар қапталда.
Танымайтын аңқауға,
Табиғаттың сыры көп.
Қаһарланған қаңтарда,
Қайдан соқты жылы леп?!
Ақ атанға жүк артып,
Шынымен қыс өткен бе, ей?!
Керуенін шұбалтып,
Мына келген көктем бе, ей?!
Тамсанады қыран да,
Тамсанады күртік қыр.
Жылы аспаннан бұларға,
Жылы жаңбыр бүркіп тұр.
Көк аспанның астынан 
Төгілген нұр шаттандыр!
Қан сасыған хас қыран,
Рақатқа батты-ау бір!
Бойы сергіп бір түрлі,
Бойкүйездік құласын:
Қыран қатты сілкінді,
Сермеп қалып құлашын.
Қос дүрбісін Мұзбалақ
Бір ашады, бір жұмып.
Жылы жаңбыр жүз қабат,


Бар күнәсін жүр жуып.
Қауырсынын қақты да,
Бойындағы қаны ұйып,
Рақатқа батты ма?!
Қалғып кетті ақиық...
Ол оянды мұздақтан,
Айнала аппақ. Таң атқан.
Арқа-басы зіл батпан,
О, сұмдық-ай, жаратқан!
Алғаш ауырсынбады,
Қазір ұшып самғардай.
Әттең, қауырсындары...
Сауыт киіп алғандай.
Туырлықтай қанатта,
Туырлықтай сауыт мұз.
Әттең сорлы, балақта,
Шыңда болсаң, қауіпсіз.
Сайқал ұйқы бөктеріп,
Самұрық құс өкінді.
Ашулы арлан кектеніп,
Келе жатқан секілді.
Өлген арлан желігіп,
Жалмайтындай көрінді.
Төс сүйегін кеміріп,
Баурайтындай көрінді.
Жорғалаған жандарды
Жоғарыдан көргенде,
Талай рет таңданды,
Қапы қалған шерменде.
“Қанаты жоқ бейбақтар


Күнелтеді қалай”, - деп.
Мазақ етіп кей уақта,
Шошытатын талай кеп.
Қанатсыздың барлығын,
Қауқарсызға балайтын.
Жорғалаған жандыны,
Жемтігім деп қарайтын.
Көкте самғап өткен ер,
Отыр жерде, құр кеуде.
Қорек болса көкте егер,
Қонбас еді бұл жерге.
Құлақтанып шықты Күн,
Құз жотасына өрмелеп.
Құдіреті мықтының,
Құрт үзілді жерге кеп.
Қара орманға текшеден
Қайта оралды киіктер.
Қапсыра кеп бекседен
Халің келсе, тиіп көр.
Шаңқ-шаңқ етіп долдана,
Шырқау шыңға бір атыл.
Қайта төмен сорғала,
Халің келсе, сұрапыл.
Қайраттанып хас қыран,
Қайта-қайта қарманды.
Мұз сауыттың астынан,
Шолып отыр бар маңды.
Аспан ашық кірбеңнен,
Аспаннан бұлт тарқапты.
Салаң етіп бір белден,


Шыға келді салт атты.
Қырға шығып делдиіп,
Шолды дағы бар маңды.
Таста отырған ербиіп,
Мұзбалақты аңғарды.
Бұрылды да бүйірден,
Қиялады бөктерді.
Мұздан сауыт киінген,
Мұзбалаққа дөп келді.
Тасқа орнатқан мүсіндей,
Мұздан сауыт жамылып;
Кішігірім кісідей,
Отыр екен самұрық.
Шатынайды сынғалы,
Балақтары батпандай;
Қара тасты тырнағы
Жарып бара жатқандай.
Қалқан төсі далиып,
Қанатынан күш алмай;
Шойын топшы ақиық,
Шоңқайыпты ұша алмай.
Кебін етіп үстіне,
Киініпті ақша қар.
Шоршып тастан түсті де,
Шошаңдады бәтшағар.
Қалай күнін өткерер,
Қос аяқпен өрмелеп?
Қорек болса көкте егер,
Қонбас еді жерге кеп.
Олжа келсе алдына,


Адам тағат қылар ма,
Аткөрпесін алды да,
Жаба қойды қырапға.
Қайта қонып атына,
Тарта берді ақырын.
Қалғып кетіп қапыда,
Қолға түсті пақырың.
* * * 
Тұғырында жем берді,
Тұтқын бірақ татпады.
Аш өлуді жөн көрді,
Қыран атын сақтады.
Мынау тегін несіптен,
Бір шоқып та жемеді.
Көздей ғана тесіктен,
Көкке қарай береді.
Түгеп болып тағағын,
Бір сәт қалғып, қылжиып;
Туырлықтай қанатын
Бір созады, бір жиып.
Ұша алмайды серпіле,
Жалғыз томар - жайлауы.
Жібермейді еркіне
Балақтағы байлауы.
Қан ағызған кезімен,
Қош айтысқан саусақтар.
Ауық-ауық көзінен
Аунап түсті моншақтар.
“Босат, балам, қыранды.
Босағаңда қатырма.


Құс қой сорлы тұмарлы,
Бостандық бер пақырға.
Қанаттыны ұстар кім,
Қанаттыны қамама.
Қасиетті құстардың,
Қасиетін бағала!
Бар обалын жамылып,
Балам, қайтіп көктерсің. 
Көкті кезген самұрық, 
Көкте жүріп, көкте өлсін”,
Әйдік ұлы көнбеді,
Айтқанымен жүз қабат.
Ақжем болып шеңгелі,
Абақтыда Мұзбалақ.
Мекені боп мәңгі - жер,
Енді күні қараң ғой.
Әлсіздерді әлділер
Тұтқындаған жаман ғой...
РАЙЫМБЕК! РАЙЫМБЕК!
І
«Қара таудың басынан көш келеді».
Қара жорға шайқалып, бос келеді.
Қара күнді жамылып, қара қазақ
Қара түнді басынан кешкен еді.
Қара қайғы көрсетпей ештеңені,


Қара жауы қанатын кескен еді.
Шұлғау болып қыздардың кестелері,
Талай қара шаңырақ өшкен еді.
«Қара таудың басынан көш келеді!!!»
Қара жұртта бықсыған шала қалған,
Аналардан ес кеткен, балалардан.
Тал да таппай қармауға жағалаудан,
Ақыл қашқан адыра бабалардан.
Қандай қарғыс атты екен қайран елді?!
Қайда барып тығылар паналауға?!
Қайда барып, қалжырап жатыр екен?!
Қандай сордың сортаңын татар екен?!
Көр болса да болса екен қазақ жері,
Қазақ жері болғасын — Атамекен.
...Көш келеді, боздатып боз даланы,
Көз ұшында боз сағым қозғалады.
Әлдекімнің естілсе созған әні,
Әлдекімдер аңырап жоқтау айтса,
Әр кеудеде бір шемен қозданады
Әр қазақтың естіліп боздағаны.
«Қауқары жоқ қайран жұрт, қайран халық,
Сайран салып жатушы ең, жайлау барып.
Опат болып, ақ ордаң ойранданып,
Қара жауың әкеліп қара қайғы,
Тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып.
Аңырауды доғарып, аттан қазақ!
Алты жасар ұлыңды майданға алып».


Шұбатылған шаң көріп алыстағы,
Қабай жырау жар сала дауыстады:
— Жау келеді, жұртым-ау, жау келеді!
Жаудан қалған жемтікке жабысқалы,
Тағдырыңды біржола тауысқалы...
Сап түзеді қажыған нар боздақтар,
Қара жаумен қайтадан алысқалы,
Қайта қозып қазақтың намыстары.
Қайта шулап, жамырап қатын-бала,
Қанға шөлдеп, қанырсып жатыр дала.
Қайта жауып, жай оты шатырлаған,
Қайта төнген тамұқтың сотын қара.
Қара жауы қайтадан лап қойды,
Кезек бермей пақырға, батырға да.
Қазақ қанын сылқытып жатыр дала...
Қиқулаған қалың қол, құйын дерсің,
Қайтып оған шағын жұрт тыйым берсін,
Тозған жұртты топырлап, тапап кетті,
Қатыгез жау қайсыбір бұйым көрсін.
Боздақтардың желкесін шайнап кетті,
Қалған малды қайтадан айдап кетті,
Қанжығаға байланған қыз-келіншек,
Бозторғайы шырылдап, сайрап кетті.
Хас батырдың көзі еді қара жорға,
Қара жаудың астында ойнап кетті.
(Кім айдаса, соныкі түздің малы)


Қара жауға қатын боп қыздың бәрі,
Әр өлікке жалп беріп, қонып жатыр,
Даланың түндік қанат құзғындары.
Тұяқ та жоқ тігерге дым қалмаған,
Жау жалмаған, жабысып, құм жалмаған,
Сырлар бар-ау қойнында, туған далам,
Ақтарылған қанынан қазағыңның, 
Құзғыны да құдайдың құр қалмаған.
Сенде ме?..
Сенде сұмдық сыр бар, далам...
Қан сасыған далаға қарайды да,
Қуған боп жүр құзғынды Қабай жырау:
- Пәруәрдігер, неғылған сұмдық еді!
Өңім бе, әлде түсім бе, қалай мынау?!
Боздақтардың даланы бояп қаны, 
Құзғындар да әнеки тояттады...
Өңім болса, тәңірім, тарт жанымды,
Түсім болса, ұйқыңнан оятпағын?
Оятпағын, мәңгілік оятпағын?!
О, тәңірім!
Неғылған шаққа айналды?!
Бір өзіңе жалынып, жақ байланды,
Түнің тұтып, ақ таңың атпай қалды,
Не қылығы жұртымның жақпай қалды?!
Көлім кеуіп, өзенім ақпай қалды,
О, тәңірім!
Неғылған шаққа айналды?!


Қаусаттың-ау іргемді қара жауым,
Қан боп ақсын басыңа қара жауын!
Қатын, қызың күң болып әр есікте,
Құл боп өтсін мәңгілік балаларың!
Ордаң опат, айырыл елдігіңнен,
Босамасын басың бір шерлі күннен.
Тоз-тоз болып ұрпағың әр қиянда,
Билігіңнен айырыл, тендігіңнен!
...Байқап еді өліктің қозғап бәрін,
Бәрі де өлік, бірі де сөз қатпады.
Қабай жырау басы ауған жаққа кетті,
Құзғындарға қалдырып боздақтарын!...
Кете барған, артына бұрылмаған,
Аят оқып, ішінен сыбырлаған.
Қозы көш жер қырғыннан ұзағанда,
Құлын-дауыс естілді шырылдаған.
Аппақ нұрын жинап ап, тауға келіп,
Күн де батып барады қанға бөгіп,
—О, жасаған, кімдікі әлгі дауыс.
Тірілді ме артымда қалған өлік!?
Жетім қалған құлындай құлдыраған,
Көз ұшында бір қара бұлдыраған.
Тағат етіп тұруға дәрмен қайда, 
Аттың,басын сол жаққа бұрды баба.
...Есі кеткен алдында тұрды бала.


Ат үстінен баланы алдына алып,
Бір алданыш тапқандай шал жұбанып. 
Қырғын көрген қызыл Күн қырдан асты,
Қызыл-күрең қанына тауды малып.
- Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,
Мен де көпке бармаспын, сен қаласың.
Ойран болған ордаңның орнына кеп,
Отау тігіп, оттарын сен жағасың!
II
Дала жатыр.
Сағымы ширатыла,
Бара жатыр қырына, бұйратына.
Екі жетім, бұлақтың басындағы
Әулиенің бұрылды зиратына.
Бастарына іс түскен шақты ойлаған,
Ағашыңа пәнделер ақ байлаған.
Құлан жортса құтылмас құла-дала
Құлазыған, иесіз жатты айнала.
Керуен жол қасынан кесіп өткен,
Осы жерді әулие бесік еткен.
Мұсылмандар ғибрат етуші еді,
Мұндар-тірлік мұқалтып, ескі кеткен.
Әулиенің бас иіп мекеніне,
Мұсылмандық парызын өтеді де,
Қабай жырау қайтадан еріп кетті,


Қажап тұрған ойынын жетегіне.
«Жайлауымды жау алып,
Өрісімді өрт алып,
Өзегімді дерт алып,-
Келдім саған, әулие!
Боздақтарым жоғалып,
Боз кебінге оранып,
Маңдайымнан сор ағып,
Келіп тұрмын, әулие!
Қыздарымды қатын ғып,
Шаңырағымды отын ғып.
Отауымды топыр ғып,
Отанымды қоқыр ғып,
Ойран етті, әулие!
Қан сасыған даламның,
Қатын менен баламның,
Кегін қайтып алармын?
Жебеп жібер, әулие?!
Елінің есін кіргізер,
Жерінен малын өргізер,
Жауына зауал төнгізер,
Қырықпышақ хандарды,
Қылығына көнгізер,
Дегеніне сенгізер,
Соңынан жұртын ергізер,
Бар қазақтан — бір қазақ


Тумас па екен, әулие?!
Көкірегім күркілдеп,
Көзімнің асты көлкілдеп,
Ақ сақалым желпілдеп,
Кәрі басым селкілдеп,
Бас ауған жаққа барамын.
Іздесем кімді табамын?
Бағыт сілте, әулие?!
Айтса тілін алдырған.
Алмастан оғын жондырған. 
Ата-қазақ баласын
Алақанға қондырған.
Бар қазақтан — бір қазақ,
Табар ма екем, әулие?»
* * * 
— Армысың, Ата!
— Бар бол, балам, аман ба?
— Жолыңыз болсын?
— Жолдың несін сұрайсың, мына соқыр заманда.
Қайда барса, Қорқыт көрі қазулы тұр адамға.
Елде жүрген ескі аңызды,
Естіп пе едін, қарағым?
Мына біздің ғаріп жағдай еске соны салады.
Сыңар қанат екі құс жаралыпты жалғанда,


Бір-біріне жабысып алады екен самғарда.
Құдірет деп екеуі зарлайды екен толассыз,
Бірінің — оң, бірінің — сол қанаты болғанда.
Құдіреттің құсы деп аталыпты екеуі,
Қайда екені белгісіз жері, суы — мекені.
Сыңар қанат құстардың сыңайымыз, қарағым,
Тағдырымыз, білмейміз, қайда бастап кетеді...
Жерімізді жау алып, елімізді қырды ғой,
Қанатымыз қайрылып, топшысынан сынды ғой.
Ата-қазақ бір-бірін арашалай алмай-ақ,
Алауыз боп өзді-өзі құдай бізді ұрды ғой.
Қара жаумен іргелес ел едіндер, қарағым,
Ойран болып сендер де, бұзылды ма қамалын?
Мынау азған заманда, амал нешік, бұл қазақ,
Білуден де қалды ғой бір-бірінің хабарын.
Суырдайын күн кешіп әркім ойлап өз басын,
Тұлпарларды тұқыртып, тұғырлары озғасын,
Бүйрегіндей сиырдың бөлшектенген бұл қазақ,
Құмалақтай бытырап, қалай ғана тозбасын.
- Ата, біздің өлкені қара жаулар шаппады,
Жауларына біздің ел сәйгүлігін баптады.
Қойын сойып, қолдарын қусырды да, сорлылар,
Аяғына бас ұрды, бірі садақ тартпады.
Тартпаған соң олар да әуреленіп жатпады,
Алдыдағы аларын, белімізден аттады.


Батыр емес, қария, қатындар бар бұл елде,
Беруге әзір барлығын билігі асқан біреуге.
Батырлар жоқ бұл елде, қатындар бар бұл елде,
Әркім қара басының амандығын тілеуде.
- Жамандама жұртынды, жамандасаң, болмассың?
- Қатындардың ішінде өзім-дағы оңбаспын.
«Үні шықпас жалғыздың, шаңы шықпас жаяудың»
Мен де қатын болармын, сірә, батыр болмаспын.
- Нешедесің?
Кімнің сен тұқымысың, құлыным?
- Хангелдіден тараған бір тұғырдың ұлымын,
Мал соңына сап қойды, ұстатты да құрығын,
Жылқы жады әкеме жақпай қалып қылығым.
Жылым барыс, мінеки, асып барам он үштен,
Қатын алып берем деп, әке-шешем келіскен.
Адамынан айттырған ат-тонымды ап қашып,
Қатынды өзім табам деп, әкемменен керіскем.
- Осыншама ақылды кімнен, балам, үйрендің?
- Ішіндегі шалдардан, анау қараша үйлердің,
Бірін төре, бірін би етсем деген ойым бар,
Бабам қолдап, бір кезде маған билік тиген күн.
- Қара жауың қайтадан шапса елінді не етер ең?
- Хас батырын бауыздап, қанын судай етер ем.
Қатын болып күн кешіп жүргеннен де, қырқысып,
Қылша мойным талша боп, қанжығада кетер ем!


- Өзің бала болсаң да, сөзің дана, отты екен,
Ақ күн тусын алдыңнан, басқа айтарым жоқ бөтен.
Қалдым сенің ығында, мынау екі ғаріпке,
Барар жер мен басар тау, басқа пана жоқ мекен...
III
— Қарадай жерге қаратып кетті-ау, қағынды
Уатып кетті-ау, уатып кетті-ау тауымды!
— Қарадай неге түңіле қалдың, байғұс-ау,
Басында үйің, бауырында қазан, нағылды?
— Неғылушы еді!
Күшігің жерге қаратты!
Күлкі етіп мені күшігендерге талатты.
— Түңіле бермей, туралап айтшы мән-жайын,
Білейін мен де, естиін мен де, андайын?..
— Білесің әлі, атаңның басын андайсың?
Ұл емес, маған, жын таптың десем нанбайсың.
Ер орнына екесті ұлды туғанша,
Белгілі неге бедеу боп, қубас қалмайсың?
...Шағылып тауы, құлазып көңіл мекені,
Түкенің астан оралған осы беті еді.
Бәйгеде болған ұлының әбес қылығын
Ойласа болды, өрт қарып ішін өтеді.
Намыстан өліп кетердей, міне, үзіліп,
Өкпесі кеуіп, қуарып, өңі бұзылып.
Малдасын құрып жұдырығымен жер тіреп,


Бейкүнә, момын бәйбішені отыр қыжырып.
...Жатаған келген Түкенің жалдас күреңі,
Дүйім ел білген дүлдүлдің нағыз бірі еді.
Кешегі аста бәйгеге қосып жүйрігін,
Келерін біліп, қауіпсіз, бейқам тұр еді.
Көз ұшындағы көлденең жатқан қырқадан,
Көрінген кенет бәйгенің шаңы бұрқаған.
Ию да қию ұрандап тұрған рулы ел,
Жамырай тілеп, жақындай түсіп бір табан.
Тұяқпен турап, көлденең жатқан көк белді,
Кермені үзіп, сәйгүліктер де жеткен-ді.
Көре алмай Түке баласы менен күреңін,
Көзінің алды көлеңке тартып кеткен-ді.
Озғанды қауым қаумалап-киіп жатқан-ды,
Қалғандар кейін, озғандар гулеп, мақтанды.
Шорт сынған сағы, шошайып жалғыз Түке тұр,
Күңірентіп жүрген күрең ат қайда мақтаулы?!
Желпіне барып, желігін жұрт та басқан-ды;
Оқыс бір ғажап оқиға сонда басталды.
Жалғыз бір қара жұлдыздай ағып келеді,
Қараңғы түнде қақ жарып тілген аспанды.
Қу даладағы құйын ба дерсің, ойнаған,
Қыран ба дерсің, қылт еткен кұсты қоймаған.
Өз атын өзі ұрандап бала келеді,
Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған.


Жайына қалып, өлі аруақ пенен тірі аруақ,
Келеді бала, есімін өзі ұрандап.
Тірілер шошып, жағасын ұстап, тұр аулақ,
Өлгендер керде, түскен де болар бір аунап
Келеді қыршын есімін өзі ұрандап.
Доғара қойып, ойын мен дырду, сауықты,
Бір сәтке қауым ішінен тына қалыпты.
Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек,
Албанға алғаш есітіп өзін танытты.
Күрең ат тарпып, қара темірді шайнаған,
Қыбыр да жыбыр, күбір де сыбыр айнала.
...Асасын ұстап, Әлмерек дейтін би келді.
- Жеті бабасын жерге қаратқан қай бала?!
Е-е-е, Түкенің ұлы — түлейдің ұлы сен бе едің?
Осы болған ғой түлей әкеңнен көргенің.
Саскөкектей. Өз атынды өзің ұрандап...
Сырымбет пенен Хангелді сенен кем бе еді?!
Жетесіз туған, ант ұрып кеткір зәнталақ! —
Булығып тұрды, баланың көзі қанталап.
Қоқилана келіп, басына қамшы үйірді,
Ақсақалдар да, көксақалдар да анталап.
—Оу, ағайындар!
Жәбірлемендер баланы,
Жәбірлейтіндей қайсыңа тиді залалы?!
Бұл да бір асау, құрық көрмеген құлын ғой,


Желісін үзіп, сендерден қайда барады.
Бара да қоймас, ұзай да қоймас сендерден,
Сендермен бірге тағдырын тәңір тең бөлген.
Өз атын өзі ұрандағанның несі айып?
Аузына салып, періште шығар дем берген.
Жауына шапса өз атын өзі ұрандап,
Қолдамас па еді өлі аруақ түгіл тірі аруақ.
Есі бар тентек есейе келе ер болар,
Ерік беріңдер, неғыласындар бұғаулап...
Қарсы алдындағы қалқан боп тұрған Қабайды,
Қаршадай бала сүйеніш бәлкім санайды.
Санайды-дағы қауымға тіке қарайды.
Жүрегін жеген сөзін айтпақ боп талайғы.
Күреңіменен атылып шетке шықты да, 
Айғайлап тұрып, анықтап, нақ-нақ, ұқтыра:
—Дәрменсіз сорлы кедей-кепшікті бұқтыра,
Күшік тазыдай жылмандайсындар мықтыға!
Ата жауларың аркаңа бәлем, шықты ма,
Әкелеріңнің көріне, бәлем, тықты ма!
Қызынды сатып, қымызға мас боп жатындар,
Халықпысындар?!
Қазан аңдыған қатындар!
Қорқау қасқырдай бірісін-бірі талаған,
Бірісін-бірі тонаған, тозған пақырлар! —
Деді де, бала күреңіменен самғады,


Өз атын өзі ұрандауынан танбады.
Тетір де болса, тентек баланың аруағы
Шашылып жатқан ауылды тегіс шарлады.
...Кешегі аста Әлмерек бидің сөккені,
Түкенің мүлде есінен бір сәт кетпеді.
Теріс айналып, шөкті де қалды шал байғұс,
Талақ етті де бүгіні менен өткенін...
Түке өлген.
Он сегізде Райымбек,
Жүрген жоқ әке елді деп, уайым жеп.
Тіріге тізе бүгіп, бас имеген,
Тізесін бүктірмесе құдайы кеп.
Білігі, бітімі де бөтен екен,
Бар күні мал соңында өтеді екен.
Ерін — жастық, тоқымын төсеніш етіп,
Белін шешпей, қисая кетеді екен.
Ел арасы дау-шарға араласпай,
Лоқ беріп, ағайынмен жағаласпай, 
Қайсар болып, қатты боп өсті жігіт,
Қатыгез құмға біткен қарағаштай.
Қанағат қып әкеден қалған малды,
Бәленнен ассам деп те қамданбады.
Бозбасы сауыққа да алданбады,
Бойында болсам деген қалды арманы.
Қалқалап, қадір тұтып естілерді,


Талайды түйді жігіт, өсті, көрді.
Қазақтарды жау шауып жатыр деген,
Үзік-үзік хабарды естіген-ді.
Ойлап тұрса, сол жауы іргесінде,
Ойлап тұрса, сол жаудың түрмесінде
«Айламен алдарқатып кеткен дұшпан,
Кім кепіл қайта шауып кірмесіне?!»
Қиын екен өмірдің сұраулары,
Ойланды балаң-жігіт, біле алмады.
«Белінен дұшпан аттап баратқанда,
Біздің ел неге қарсы тұра алмады?!
Қайда жүр баяғыңның батырлары?
Бас қойып, неге ұранын шақырмады?!
Жігер тайып жігіттің жетесінен,
Сарқылды ма қарттардың ақылдары?!
Неге бірі садақ боп атылмады?!
Қойын сойып, қолдарын қусырды да,
Дұшпандарын жіберді ту сыртына.
Қақпа бола алмаған қайран елге,
Қауқары жоқ күндерің құрысын мына!
Әзірге аман тұрғанға малы-басың,
Сауық пенен сайранға салынасың.
Қазақ жылап жатыр ғой, қазақ жылап,
Неменеңе жетісіп, қағынасың?!
Қайта шапқан жауынды танығасын,


Құдайыңа шынымен табынасың,
Атамекен, жұртынды сағынасың.
Бұралқы боп, жат жерде зарығасың.
Құланыңды бауыздар желіге айдап.
Құраныңның өртенер соры қайнап,
Қайда барсаң Қорқыттың кері болып,
Қонысыңнан ауарсың «Елімайлап».
Қайтсем екен?
Аттан! — деп ағайынға,
Құрбандыққа басымды шалайын ба?!
Қабай жырау қайда екен, не дер екен?! 
Ақыл сұрап көрейін барайын да».
—Ар ма, ата!
Арнай келдім, батанды бер?
Қасыма баланды қос, қатар жүрер?
Жол сілте, асылынды айт, қысылғанда
Аятым болсын менің атап жүрер.
Сырымбет әулетінен таралғамын,
Хангелді қасиетінен нәр алғанмын.
Әкемдей малжанды боп, өріс күйттеп,
Жарамас жабағы үйде қамалғаным,
Жанымды тұншықтырған бар арманым.
—Айт, балам,
Арманыңды айт, жасқанбағын,
Көріп тұрмын, көзіңнен шашқан жалын.
Не айтам саған, көл едім, көлшік болдым, 


Көзі бітіп, суалған бастауларым.
Тыңдайын, арманыңды айт, жасқанбағын.
—Кенедейден көзімді ашқан жауым,
Еске түсіп, бойымды басқанға мұң,
Деген ой «жастығымды ала жатсам», —
Жоқтұғын менің мүлде басқа арманым.
«Арманда, балам, арманда,
Арманға толы жалғанда,
Армансыз, сірә, жан бар ма?
Армансыз жүрген жандарға
Алданбас, балам, алданба!
Арманда, балам, арманда,
Қапелімде, жауларда,
Ақырғы демің қалғанда,
Айырылып естен танғанда, 
Ақырғы рет қарман да,
Арманда, балам, арманда!
Ақылымнан танғанда,
Азуымнан шалғанда,
Кәрі қойдың жасындай,
Аз ғұмырым қалғанда, 
Нендей ақыл айтармын?!
Ата жауың қалмақ-ты,
Ел-жұртыңды зарлатты.
Ата-қазақ ұрпағын 
Аяқ асты қорлапты,
Аспаныңды торлапты,
Жазираңды шандапты,
Жазықсыз елді қандапты.


Жалғыз қайда барарсың?
Жауынды қалай табарсың?
Ауызданбаған арланым,
Абайсызда шабарсың,
Айлалы жаудың алдында 
Тұзаққа түсіп қаларсың!
Соңыңнан жұртың ермесе,
Қолының ұшын бермесе, 
Дегеніңе көнбесе,
Ауызданбаған арланым,
Жауыңа жалғыз бармағын,
Қиылып қалар арманың!
Халқыңа хабар арнағын,
Аужалын түйіп, андаған,
Кекке соққан қанжарым,
Кемтіліп жүзің қалмағын,
Жауыңа жалғыз бармағын!
Беліңнен бір-ақ аттаған,
Берекеңді таптаған,
Қулығын ішке сақтаған,
Құмырсқадай қаптаған,
Жауыңа жөнсіз ұрынбай, 
Ұрымтал жерден шап, балам!
Жауыңның күшін андамай,
Бетпе-бет ұрыс салмағай!
Ол көп-тағы, сен азсың,
Опық жеп, балам, қалмағай,


Алды-артынды барламай,
Орынсыз іске бармағай!
Тұтқиылдан лап беріп,
Томаға-тұйық шап келіп.
Жауыңның есі кіргенше, 
Қара түнді қақ бөліп,
Ізіңді жасыр жалт беріп.
Алды-артыңды аңғармай,
Айқаспай тұрып қорғанбай, 
Қолайлы жерде қамданбай,
Ашкөзденіп, мерт болма,
Қораға түскен арландай!
Шабарыңды білдірме,
Шаужайыңнан ілдірме!
Жекпе-жек күтіп, ділгірме!
Жер қайысқан жауынды
Жеңемін деме бір күнде!
Көзсіздік іске татыр ма?
Айласыз батыр батыр ма?!
Отырып қалар тақырға.
Күндіз ұйықтап, түнде жорт.
Қарасын күннін батыр да, —
Кегінді қайра ақылға,
Жалғыз жортып, шатылма
Аттанып жар сал, ер ұлым,
Ел-жұртыңды шақыр да.
Дүние — қоңыз, енші бер,


Соңыңнан ерген пақырға».
* * *
Бидің үйі,
Іленің жағасында.
Жақсы менен жайсаңның бәрі осында
Қарасақал, ақсақал — алқалы топ,
Алдына алып бір істі қарасуда,
Бірі көнсе, біреуі таласуда.
Бірі олай тартады, бірі былай,
Бірі өзінше патша, бірі құдай,
Бір сәтте ұйып, бір сәтте іруін-ай,
Қазекемнің осы бір ырымын-ай.
Бірі әріден, білгенсіп, мысалдайды,
Бірі өзінше түңіліп, құшар қайғы.
Жүз лоқсып, жүректе запыранын,
Бірі іштен тынады, құса алмайды.
Бидің бағып біреуі қас-қабағын,
Бұлқ етуден бишара жасқанады.
Бірде бәрі жабылып біреуіне,
Жемтік көрген бөрідей бас салады.
Екі ортаны біреулер андасады,
Жең ұшынан жеңгенмен жалғасады.
Бидің ығын қалайша табамыз деп,
Бір-бірімен жыланша арбасады.


Ұйқылы-ояу би отыр данасынып,
Қақ төріне қауымның дара шығып.
...Би билігін күтуде Райымбек,
Алып ұшып, жүрегі аласұрып.
Би дауысын бір сәтте кенеді де,
(Жұрт назарын аударсын дегені ме?!)
Қарт жырауға қаһарын атты келіп:
«Ылаң, дүбір саласың неге еліме?!
Атыспай да шабыспай тірлік құрып,
Тыныш жатқан жұртымды дүрліктіріп,
Арандатпай, жәйіңе жүрсең еді,
Иман сұрай алладан, құлдық қылып.
Тіршілікке тірек қып дін-арманын,
Жақсылығын күтуші ек бір алланың.
Кедей менен кепшікті айдап салып,
Келдің-дағы сен, бейбақ, ыландадың!
Бас білмейтін байғұсты еліктіріп,
Қолтығына су бүркіп, желіктіріп...
Амал қанша, ұялам сақалыңнан,
Таспа алар ем жоныңнан керіп тұрып!
Бет алыпсың, халайық, бұрылмасқа,
Қалауыңды қақым жоқ ұғынбасқа.
Бір шартым бар «батырға» қоятұғын,
Жамыраспа, бет алды шуылдаспа.
Басын тартпас, «батыр» ғой несі кетсін,


Басын тартса, сөз басқа, есі кетсін.
Топ ішінен тандаған атын мініп,
Мына жатқан Ілені кесіп өтсін!
Кесіп өтсін, қайтадан оралсын да,
Дуылдасқан дау-шарды доғарсын да,
Ақ күн тусын алдынан, тарта берсін,
Тандап-тандап елінен қол алсын да.
Шартым - осы!
Осыған шыдайсың ба?
Шыдамасаң тынасың, құлайсың да.
Болсаң сосын боларсың, қол бастарсың,
Алдыменен бағыңды сынайсың да.
Шыдайсың ба?
Бағынды сынайсың ба?..
Оны да біл, құнын жоқ суға кетсең,
Күнәлі өзің, жанынды құрбан етсең! 
Қайда жүрсең аманат бір құдайға,
Аман-есен осынау сыннан өтсең».
«Болса болсын, тәуекел, шыдап бағам,
Болашағым белгісіз сұрақ маған,
Өлсем өлдім, өзіме өз обалым,
Ахиреттен орнымды бір-ақ табам.
Қайда барсаң, бәрібір, кірерің кер,
Қабылдайды қойынына түнеріп жер.
Қапталына түсіріп күреңімнің,
Қамыс артып, жігіттер, жіберіндер?»


Жарлы менен жақыбай намысты ойлап,
Артып берді екі тең қамыс байлап.
Тілсіз жауға тірексіз тура тартса,
Жылым жұтып, жігіттің бағы ұшпай ма?
Райымбек мінді де күреңіне,
Келді өзенге, жетпек боп тілегіне,
Шым-шым қайнап, ширыға шұбатылған,
Тылсым дүлей алдында — Іле міне.
Оңтайлау жер осы-ау деп өтпек елі,
Осқырынып күреңі беттемеді.
Жағада жұрт, жаны ашып, жамырасып,
— Қайтсаңшы, өлесің ғой текке, — деді.
Тұрғанда ашу, намыс, сезім арбап,
Тоқтасын ба, қауымның сөзін аңдап,
Қамшы басып күреңге суға атылды,
Өз есімін айқайлап, өзі ұрандап.
Кәрі мен жас ұстасып жағаларын,
Жамырайды, білмейді не боларын.
— Кеш, аруақ, — деп, — тентекті, жалынады.
Жаудырады иманын, тобаларын.
Артқан қамыс тірліктің белгісі боп,
Демеу жасап, жылымға бергісі жоқ.
Ақ айдыннан екі бас көрінеді,
Адамның да, аттың да өлгісі жоқ.
Күрең жүзіп барады өлгісі жоқ.


Жұрт назары — осынау ақ айдында,
Екі басқа еміне қарайды да,
Аруақтарды көрінен шақырады,
Талай аят оқылып, талай дұға.
Күрең менен жігіттің бағын ойлап,
Жалынады жағалау «а, құдайлап».
Екі басты қақпақыл қағып алып,
Әлдеқайда барады ағын айдап.
Ағынменен күрең ат жалдап кетті.
— Кетті!
— Өлді! — жағалау зарлап кетті.
Бір кісінеп жануар жіберді де,
Ағын айдап, есен-сау ар жаққа өтті.
— Дауасы жоқ жан екен, оты жанған,
Ілесіндер осыған оты барлар!
Су жол берген батырға мен жол бермей.
Қамауда ұстап қыранды отыра алман.
Барындар, әкеліндер салға салып,
Сынайын сырттанынды жауға салып.
Қияннан құйылып кеп, қиратсын бір,
Қатарын бөрілердің қан жоса ғып.
Дауасы жоқ жан екен жаратылған,
Тұлпар екен тұғырдан дара туған.
Қамауда ұстап қыранды отыра алман, 
Ұшсын, кетсін жай атып қанатынан.


Хангелдінің сауытын кигізіндер,
Қыннан алып, қылышын сүйгізіндер.
Сырымбеттің туының алдына әкеп,
Тәубе еткізіп, басын да игізіндер.
Шауламаған шабыты бала қыран,
Балалықпен қапыда қалары бар.
Баптап өзін, батырды қалауына ал,
Бас болғайсың балаға, дана-жырау.
Қашаннан би кесімі бір кесулі,
Көнсең де, көнбесен де үйлесімді.
Білгеніңнен жаңылтып бидің десі,
Білдіретін кезі ғой білмесінді.
Би кесті.
Қара халық қабылдады,
Қару алып, қол жимақ қабырғалы.
Жорыққа әзірленіп жатты қауым,
Қасынан Райымбек табылғалы.
Ақтабан шұбырынды.
Ақтабан шұбырынды...
Қадарсың қайда барып тұғырынды?!
Қазақ жері — алып бір қара қазан,
Қазанда қайран жұртым қуырылды.
Ақтабан шұбырынды.
Қарғаған кім болды екен ғұмырынды?
Жортпай тұрып, үйрендің жығылуды,


Шаппай тұрып, үйрендін тығылуды.
Ақтабан шұбырынды,
Ақ туың жығылулы.
Олақ қатын тоқыған алашадай,
Өрмегіңнің арқауы суырылды.
Жәннатынды жамсатып жау орнады,
Жатқаны анау өртеніп қара орманың.
Туырлығы туралып, тоқым болып,
Қаңқасы тұр қалқиып қара Орданың.
Ақтық байлап, табынып тал-қайыңға,
Өтті күнің, сор қатып маңдайында.
Кетті қымыз жауыңның тандайында,
Кетті қызын жауыңның борбайында.
Ақыныңа, серіңе, батырыңа,
Туысыңа қимаған, жақыныңа,
Тұяғымен ор қазған тұлпарларың,
Тулап кетті жауыңның тақымында.
Нәлет айтып, кеш кірген ақылыңа,
Ана сүтің аузыңа татыды ма?!
Ертіс, Есіл, Жайық, Жем, Сағызға бар,
Бәрібір, пана болмас ауызға алар.
Бәрібір, монғол шапсын, жоңғар шапсын,
Әйтеуір, қазақ алдымен бауыздалар.
Тобыл, Шу, Сыр мен Іле, Нұраға бар,
Арнасында наласы жылап ағар.


Қандай жаудың болса да қарауылы -
Қазақ байғұс.
Қалқайып тұра қалар.
Өзіңнің тұрмағасын уысында,
Өз жерің өзіңе жат, құрысын да!..
Жер шетімен шекараң шектелсе ғой.
Жатса ғой алып мұхит шығысында.
...Жалғанның жартысындай мынау өлкең,
Кім білсін, сорың ба, әлде ырысың ба?!
Пайдаланып былығың-шылығынды,
Жауың кеп, шырылдатты шыбынынды.
Жау да, өзің де ластап тұнығынды,
Жаяу ұстап қолыңа құрығынды,
Қайда босып барасын, қайда, қайда?
Ақтабан шұбырынды!
Ақтабан шұбырынды!!!
Ақтабан шұбырынды!!!
...Боса берген.
Артына қарамаған.
Өзіне жат өз жерін аралаған,
Тау қуысы, өзенді сағалаған.
Бірі барып құл болып Хиуаға,
Екіншісі орысты паналаған.


Ей, Өмірім,...
ӨМІРІМЕ
Қысқа өлең сияқтанып қысқа болар
Деп ойлап ем,
Ұзын болдың, өмірім.
Ұрдым-пердім ұлым болар
Деп ойлап ем,
Ұзатылар қызым болдын, өмірім.
Қара аспаннан жалт еткен бір
Жасыным ба деуші едім.
Қара көздің мөлт еткен бір
Жасымын ба деуші едім.
Қара қарға ғұмырымен неге мені өлшедің?
Неткен жанмын таусылмайтын талқаны мен кеусені?
Ей, Өмірім,
Түсінбеймін,
Түсінбеймін мен сені!!!
ТҰНҒЫШЫМ
(Бірінші жарыққа шыққан өлеңім үшін)
...Не болар екем, япырай!


Қызбысың әлде ұлмысың?
Болмады тыныш көңіл жай,
Туғанша қашан тұңғышым.
Бебеулеп ұзақ толғаттым,
Қиналдым, қайтем, туа алмай.
Жаныммен әлек боп жаттым,
Жүрегім күліп қуанбай.
Шыр етіп кенет түңғышым
Ашты дүние есігін.
Сайраған сәби жыл құсым,
Іңгәлап іздейді несібін.
Тұңғышым, ер жет, қанаттан,
Өмірге жаңа сый әкел!
Қақ қанатты, талаптап!
Не болса да тәуекел!
ХАЛЫҚҚА ХАТ
Туған халқым!
Қатемді кешір менің.
Сенің арқаң — сескенбей, есіргенім.
Егерде жырың болмай, ұрың болсам,
Алақанға саласын несін мені
Жоқ!
Менің жүрек емес төсімдегі
Ол бір от сенің ұлы көшіндегі


Өзіңнің жандырғаның, өшіргенің
Әзірге тастаған жоқ есім мені,
Уа, жұртым!
Кешір мені!
Кешір мені!
Зәредей қылығың жоқ мен сенбеген,
Жасудамын жаныммен көрсем деп ем.
Жасымнан жамандықты жеңсем деп ем,
Жасырмай бәрін айтып берсем деп ем.
Жамандық көре алмайсын сенсең менен,
Өзіңнің қалыбыңмен өлшенген ем,
Аманат бір өзіңе өлсем денем. 
Аманат бір өзіңе жырым-сырым,
Аманат Асан-жүрек жырым-жырым,
Жолсызбен жортамын деп,
Орта жолда
Жете алмай жетеріне жығылды ұлын,
О, менің
Желпілдеген туырлығым!
Желбіреп, жетіле бер Туың бүгін!
Ой-қырыңа мың сәлем мен көрмеген,
Шөлдер менен тауларға, көлдерменен.
Құмда отырған қойшының қараша үйін,
Қайсыбір сарайлардан кем көрмеп ем.
Жетім қалған қозыға жем берген ем...
Жетіліп, жетісіп ем сендерменен,
Кешір менің жанымды емделмеген!


Самал сырын жеткізіп, бұлақ сөзін,
Болсам деп ем өзіңнің құлақ-көзің.
Бастап кетті басқаға шуақ-сезім,
Шуақ-сезім — секірген лақ кезім.
Менде өзіңдей болмады тұрақ-төзім.
Неге бұлай?
...Білесің бірақ та өзің.
Несін білдім өмірдің, несін көрдім?
Көз жазып қалмайын деп көшіңе ердім.
Туған ел, көз жасы үшін кешір мені,
Кешегі жетімдер мен жесірлердің?
Ортасында өшу мен өсулердің
Таяғын тарттым талай кесірлердің,
Туған ел, сол үшін де кешір мені!
Жаманын да болса егер жатсынбадым,
Мен жақсы көрдім, мені жатсынғанын.
Мен сеземін жаманын, жаксың барын,
Барлығы үшін, бәрібір, ақсын қаным.
Барымды ойымдағы тапсырмадым.
Бәрін де бір өзіңе аманаттап,
Кеудемде тыныш ұйықтап жатсын жаным.
Туған халқым!
Қатемді кешіре гөр!
Кешіре гөр!
Кеш қылмай несібе бер.
Ақынды ая,
Өмірге ақын бергін!


Көрікті болсын десең көшің егер Ал мені...
Кешіре гөр!
Кешіре гөр!..
ШЫДА, ШЫДА
Шыда, шыда!
Шыдай түс, шыда тағы!
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Үміттің құлан иек құла таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады...
Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,
Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге,
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге.
Түсінемін жаныңның ауырғанын,
Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын.
Иогтардың тәсілін қабылдағын,
Басқасына бас ұрып, табынбағын.
Шыда, шыда!
Шыдай түс, тағы шыда!
Тау құлатқан тасқынның ағысына,
Кір жуытпай, кіршіксіз намысыңа, 
Қарысуға болады, алысуға...


ЖЫЛДАРЫМ МЕНІҢ, ЖЫЛДАРЫМ
Жылдарым менің, жылдарым,
Жазылмай қалған жырларым.
Айтылмай жүрген сырларым,
Ақтармай жүрген мұңдарым,
Жылдарым, қайран, жылдарым
Жылысып өткен жылымды,
Жоғалтқан өмір дер едім.
Айта алмай қамап мұңымды,
Шерменде болып келемін.
Көргенім ылғи өгейлік,
Қуанам неге тоқсынып.
Жыл өткен сайын кедейлік,
Жыл келген сайын жоқшылық.
Кедейдің көңілін жасытып,
Мұң басады екен мұндайда,
Дәулетімді тасытып,
Бақытқа бөлер жан қайда?
Жылдарым менің, жылдарым,
Айтылар ма екен сырларым.
Ашылар ма екен мұңдарым,
Жазылар ма екен жырларым.
МЫНА ҚАСҚА..


Қор болған жылдарым-ай, күндерім-ай!
Асауға ауыздықсыз мінгенім-ай!
Мына қасқа бәрін де біле тұрып,
Мына қасқа бірін де білмеуін-ай!
Шынымен түсінбей ме мына қасқа,
Мына - көз, мына - жүрек, мына - басқа?!
Мына қасқа шынымен түсінбей ме,
Бұлбұлдың қонбайтынын қу ағашқа?!
Мына - жүрек, мына - көз, мына баста,
Ненің барын біледі мына қасқаң...
Сезгіштігін білдіріп алам ба деп,
Тас жүрегін жасырар қына басқан.
Аламын деп қасқаның тас қамалын,
Тас жүрекпен қашанғы тас боламын.
Тас жүрекке табынтып, тастамағын,
Жүрегін бер, тәңірім, жас баланың!
Сағындым сені, сәби кездерім-ай,
Сандалтып, мені тастап безгенің-ай.
...Мына қасқа бәрін де сезіп тұрып,
Мына қасқа бірін де сезбеуін-ай!
ӨЗІММЕН ӨЗІМ
(Басқаларға қатысы жоқ)
Өзімнен өзім аса алмай,
Өзімді өзім баса алмай,
Ауыздық салған асаудай,


Барар жер, басар ізім жоқ,
Бұғалықтан босанбай,
Байлауда тұрам қашанғы-ай?!
Өзіммен өзім алысып,
Болмайтын жерде қарысып,
Жаны игі жақсы жандардың
Жағасына жабысып,
Жамандықпенен табысып,
Жабыларменен жарысып,
Секілді күндес абысын -
Өләпат менің намысым.
Өзімді өзім танымай,
Өзгеге көңіл жарымай,
Жақсылығыма қорымай,
Жамандығыма налымай,
Тауыққа шашқан тарыдай
Таусылар болды шаруа-ай!
Өзіммен өзім жүз жыртып,
Өзіме өзім мұз бүркіп,
Өзімнен өскен балуанға
Өз мойнымды үздіртіп,
Табынтқан мені тағдыр-ай,
Өзгеге кезді сүздіртіп!..
ЖИЫРМА


Келгелі жиырма жыл мен өмірге,
Қызығын жиырманың көремін бе?
Кім білсін, жасай алмай енді бес жыл
Жабығып жайбарақат өлемін бе?
Жиырма!
Қуанамын келгеніме!
Бірақ сен айналдырма ермегіңе.
Аллама тәуба етейін әлде қалай...
Ырзамын бұл өмірді бергеніңе.
Жиырма!
Тағы мені шиырласа,
Қайтемін еш қуаныш бұйырмаса?
Тез жойып оннан өткен қателікті,
Өмірді бастар ма екем жиырмаша...
ПЕНДЕЛІК
Арылайын десем де пенделіктен,
Арылатын болмадым - ол неліктен?
Жүгіріп те көрдім ғой, жығылып та,
Ұрынып та жүрмін ғой, бұғынып та.
Жаныма өгей жасанды қылығымен
Жағынып та көрдім ғой, жұғынып та...
Жауыма да жатсың деп айта алмадым,
Бала қаздай алдында байпандадым.
Талай-талай сөзімнің әкесі өліп,
Талай сөздің кезегін қайтармадым.


Жақсылық та етпедім адамға көп,
Жамандығын айтпадым жаманға кеп.
Пенделіктің іргесін қалай бердім,
Қапелімде құлатып алам ба деп.
Ашу да айтып көрмедім, басу да айтып,
Ақиқатын, шындығын жасырмайтын.
Ақыл сұрар адамды таба алмадым
Пенделіктің алдында бас ұрмайтын.
АЖАЛҒА
Менің досым, болсаңшы кешірімді,
Сабыр етші, тауысайын несібімді.
Басталмаған ісім көп. Аялдашы!
Қақпашы тым ертерек есігімді.
(Алам десең, пендеңнің жаны дайын)
Тоқташы, тіршіліктен жалығайын.
Рақатқа белшемнен батпасам да,
Қалтам толы сорымнан арылайын.
Осынау азын-аулақ тәтті өмірді
Қайтер еді өткізсем сәл көңілді!
Аялдашы, бой жазып, бір түзейін
Өкінішпен ұзатқан күндерімді.
Баянсыз жылдарым бар текке кеткен,


Бишара жандарым бар өкпелеткен.
Әлде мені тірлікте масқаралап,
Өмірдің азғыны боп өт демек пе ен?!
Қапаста жатса-дағы күрсінбеген,
Жомарт менің жүрегім дүрсілдеген.
Міне, соның жасырмай алуан сырын,
Ақтарайын, ел-жұртым білсін деп ем.
Риза етіп досым мен қастарымды,
Жастанайын сонан соң жас қабірді.
Тым болмаса сөнейін бір жарқ етіп,
Қишы маған әзірше жас жанымды.
КЕШІРІҢДЕР
Кешіріңдер, туыстар,
Кешіріңдер, ағайын,
Өр көкірек бейбаққа өкпеледің талайың.
Кірсіз көңіл ақ туын
Жоғары ұстап, ағайын,
Ақ киімге оранып, алдарына барайын.
Кешіріңдер, жарандар,
Қошақаның болайын.
Сый сұрағам жасыңнан,
Мейір күткем қартыңнан.
Еркелеп ем сендерге,
Емін-еркін шарқ ұрғам,


Екенмін ғой антұрған.
Сөз өргізіп артымнан,
Арыла алмай келемін
Бала күнгі қалпымнан.
Кешіріндер, достарым,
Кешіріңдер, қастарым.
Есім кіре бастады,
Мен-мен емес, басқамын...
Еркелікті тастадым.
Естеріңе алғайсың еркін жүрген қалқаны.
...Сонымен күндер өтті,
Күндер өтті...
Кімдер кеп, кімдер етті?
Жонынан майы тамған жомарт елім
Бәрін де қабылдапты, күндемепті!
Күндемепті бәтірің, талғамапты,
(Өмір үшін адамдар қанға батты.)
Кеткендердің артында айғыз-айғыз
Біреуден із, біреуден таңба қапты.
Біреулерден із емес, жол қалыпты,
(Өмір жолын олардың оңғарыпты.)
Артында тұғыры жоқ пақырлардың
Алдында апандайын ор қалыпты.
Өтті күндер, кетті кім құрағынан,
Ит өлімді еріксіз мұра қылған.


Адамдардың өмірі жаралсашы
Радийдің өзінің шуағынан...
Өкпелетті дей алман өмір мені,
Кейбір ойым ұшқанда көңілдегі
Салауат боп, сал денем жеңілдеді.
Қуантты да дей алман өмір мені,
Кезбе бұлттай кей ойлар көгімдегі
Нөсерлетіп, қайтейін, төгілмеді.
Өкпелетті дей алман өмір мені,
Барды-жоқты бөлістім елімдегі,
Соны көрдім, көрсе егер елім нені...
Қуантты да дей алман өмір мені,
Көп несібем құныға желінбеді,
Жалтақ бақыт жалт етіп көрінбеді.
Өмірімді несіне жек көремін,
Ауыр-жеңіл болса да өткеремін.
Өмір қашып барады құсқа мініп,
Мен артынан жетем бе деп келемін.
Тағдырыма несіне өкпелейін,
Мойын бұрмай келіп ем көпке дейін.
О, өмір, ұстатпаған уың бар ма?


Әкел, әкел, оны да жеп көрейін!
ӨЗІМНІҢ ЕСЕБІМШЕ...
Өзімнің есебімде
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі...
Ендігі қалған өмір
Неше жылға жетерін,
Неше күнге?
Ұмыт болып есебің, есегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде
Қырықтың бесеуінде.
Адал едім,
Артынан «арам» болдым,
Адам едім,
Ақыры «надан» болдым.
Жиылып бұл жалғанның жамандығы
Ақыры маған қонды.
Жаман болды...
Айтындар,
Қайсысың бар ардақтаған,
Таразыға тен қойып, салмақтаған?
Басылған мандайыма қарғыс танба,
Қарауға жан батпаған.
Жапалақ емеспін мен жалбақтаған,
Қыранмын екі көзін қан қаптаған!


Егерде айта алмасам айтарымды,
Алжыдым.
Ақылымды сайтан ұрды.
Қынына қылышымды салам онда,
Ақ жүзі алмасымның қайтарылды.
Егерде айтып кетсем айтарымды,
Ақылым арнасына қайта кірді.
Қынынан қылышымды алам онда,
Қағамын албастынды, сайтанынды!
Бітті серт, кегім менің қайтарылды!
...Ырқыңа сенің деген көніп келдім,
Енді сен ерік бергін, ерік бергін!
Сөзден өлген атамды тірілтпесем,
Қос мені қатарына өліктердің.
Бәріміздің бабамыз сөзден өлген,
Өнердің кереметін сөзбен өрген.
Мен тынбаймын солардың кегін алмай,
Сен мені салыстырма өзгелермен!
Қалай да айтарымды айтып өлем,
Айта алмасам, жасайды қайтіп өлең?
Тәңірім мені қоңсы қондырмағай
Тіл білмес дуанамен, шайқыменен.


НЕНІ КӨРДІМ
Не көрмедім демеймін,
Нені көрдім?
Маған, өмір,
Көрсін деп нені бердің?
Ештеңе де көргем жоқ,
Көрмей, білмей,
Жөніме елгім келеді, жөніме елгім.
Көргемін жоқ қуаныш, қайғыны да,
Қуануға мұрса жоқ, қайғыруға.
Жоқшылық та жат маған, байлығың да,
Қонысым бар қос жолдың айрығында.
Махаббатты білмеймін, сүюді де,
Сүймей өмір өткерген күйім міне.
Жүрегіме біреулер ғашық болып,
Иілді ме, білмеймін, күйінді ме?
Жақсылығын біреудің, қорлығын да
Көргемін жоқ, білмеймін барлығын да. 
Қуанышым белгісіз, зар-мұңым да,
Таң нұры да белгісіз, тағдырым да.
Не көрмедім демеймін,
Не көрдім мен?
Көрермін деп бәрін де келер күннен,
Айрығына қос жолдың қосым тіктім, 
Қос еркешті түйемді шөгердім мен.


Толқын-көңіл тоқырап, таусылуы-ай,
Тасып-тасып басылған тау суындай.
Жетім жүрек жастықтың жұртында қап,
Ұлиды кеп берінің қаншығындай.
Қырық күздін қырқада бұлты аунайды,
Қырық көктем келсе де жылыта алмайды.
Қылын шертсен күмбірлеп күй төгетін,
Қырт көңілден бұл күнде дым тамбайды.
Қырқасына шыққанда қырық белдің,
Мойынымды артыма бұрып көрдім.
Жатыр екен жиырма мекенінде,
Мен несіне қырықты қуып келдім?!
Қырық...
Қырық...
Қай жерге тоқтар екен,
Жайлауында жастықтың жоқ па мекен?!
Жастық — өлең, жігіттер,
Жастық — өмір,
Қалғанының барлығы оттау екен!
Бәрібір,
Бізді ішкіш деп жүр ғой,
Аяулым,


Ішіп қайталық,
Басына барып Һәйәмның.
Көземіз майға,
Көзіміз жасқа кенеліп,
Азан салайық:
- Оянғын, баба, оянғын.
Хан менен бектен,
Молда мен шонжар, күштіден,
Дейді ғой Сізді қиянат көріп ішті деп.
Оянғын, баба,
Отырайық бір кәйіп қып,
Біздің шараптар
Сіздің майлардан күштірек.
Сіз көрген, баба,
Қиянаттарды көрмей біз,
Рақаттарды кешіп жүріп-ақ шөлдейміз,
Тірі пенденің тілін алмаймыз, көнбейміз.
Қоймайтын болдық,
Өзіңізге ұсап өлмей біз.
Көрдіңіз қиянат,
Көрмей-ақ біздер ішеміз.
Басымыздағы бақыттардан да күсеміз,
Қазылған орға өзіміз іздеп түсеміз.
Қайтеміз енді?
...Бәрібір бізді,
Ішкіш деп жүр ғой, аяулым,
Көтеріп жібер,


Көңілің неден қаяулы?
Не деген екен?
Несі бар осы заһардың?
Оқышы тағы, оқышы Омар Һәйәмды.
ОРТА ЖОЛДА
Көңіл де пәс, пәс кеуде,
Аэропортта даң-дұңмен
Затым кетті Мәскеуге, 
Ақтөбеде қалдым мен.
Алдан шығып достарым,
Тоса берді тостағын.
Ұсынғасын тостағын,
Сілтеп-сілтеп тастадым.
Адал ас пен көңілін 
Қалай қиып кетерсің?!
...Айхай, менің өмірім,
Армансыз-ақ етерсің!
Маған жоқ-тын жат, дұшпан,
Бәрі бауыр, тұстасым.
Қалып қойдым ақ құстан
Ақтөбеде, қысқасы.
Көңіл, неге мұздадың?
Асықпа, әлі жетерсін.


Қазағынның тұз-дәмін 
Қалай қиып кетерсің?!
Қарсы алар ма бір адам
Сонау алыс шалғайда?
Мына көңіл, мына дәм
Бола ма алда, болмай ма?!
Бірге күліп, жыласқан
Пәк көңілдер бір жүрсін.
...Мына дала, мына аспан 
Қимай тұр ма, кім білсін?!!
МЫҚТЫМЫН ҒОЙ ДЕГЕНМЕН..
Мықтымын ғой дегенмен
Қорғасындай бір салмақ кетер емес денемнен.
Басады кеп төбемнен. Қош айтысып өлеңмен,
Терезеге төнем де Алатауды көрем мен
Басы қарға бөленген.
Бауыры көкке кенелген - Алатауды көрем мен.
(Қорғасындай бір салмақ арылмайды денемнен.)
Мықтымын ғой тегінде!
Қорқытарың өлім бе, оранарым кебін бе?!
Түкірдім мен оларға!
Ей, жүрегім, жеңілме!
Ана тұрған көгінде - жұлдызың бар сенің де,
Басын иген өлімге, түкірдім мен өмірге!


Ей, жүрегім, жеңілме!
Ей, жүрегім, жеңілме!
...Мен несіне жерінем?!
Қорқатыным өлім бе?!
Қорықпай-ақ берілем
Өкінішті...
Амал не...
Өлмейтіндей келіп ем...
Мына жарық дүнием бірге туған менімен
Бірге өледі менімен!!!
Қысқа жіп келмей күрмеуге,
Қысқа жіп келмей байлауға,
Қысылып жүрген құр кеуде
Қыжылдап босқа қайнауда.
Өзімді бітеп өз демім,
Өзді өзін сезім қамауда.
Өткізген сәтсіз кездерім
Өрт болып ішті жалауда.
Қамықпа дейсің сен маған,
Қамықпай қалай тұра алам?
Жел айдап, алға самғаған
Қайықты қайтіп бұра алам?
Қамықпа дейсін, жарқыным,
Қамықпан, мақұл, қамықпан.


Қамыққан жүрек, ал тыным,
Ал тыным, жүрек жалыққан.
КЕТЕР МЕ ЕКЕМ...
Бірде олай ауытқып, бірде бұлай,
Бір байламға келе алмай жүргенім-ай.
Таулы аймақтың ауасы секілденген
Аумалы да төкпелі күндерім-ай!
Аяз қарып, аптаптың жандыруы-ай,
Бірі шаттық, бірі мұң қалдыруы-ай.
Не туары белгісіз жүкті әйелдей
Не болары белгісіз тағдырым-ай!
Өз-өзінен өзегім өртенгенде,
Өз-өзімнен түңіліп, жеркенгенде,
Сары ауру сарғайтқан науқастайын
Үміт күтем бүгіннен, ертеңнен де.
Нені күтем,
Не керек осы маған?
Аяқ-қолым, жанарым, басым аман.
Шаруаның баласы емес пе едім
Күшіменен тамағын асыраған?!
Өмір деген осынау майданда бұл
Қолбасы да, қорқақ та сайрандап жүр.
Өмір менен өлімнің ортасында
Кетер ме екем келе алмай байламға бір?!


АЛДАМА МЕНІ, АҚ САҒЫМ
Алдама мені, ақ сағым,
Арбама енді алыстан.
Өзімше мен де патшамын,
Өзімше мен де данышпан.
Алдағын, мені арбағын,
Жалғанды кезер жоқ жайым.
Сыбаға сенен алғанмын,
Ілессем енді онбайын!
Алданып саған тау асып,
Алданып саған құм бастым.
Хайуандарменен санасып,
Айдаһарлармен сырластым.
Тұяғы күйген құланның
Шөлдерде мені қалдырдың.
Ысқырған ұлы жыланның
Уымен сусын қандырдым!
Арбама енді,
Алдадың!
Алданып саған барғамын.
Адасып өлмей жапанда,
Қалайша тірі қалғанмын?!


ТАНЫС ӘУЕН
Сірә, бізге тыныштық жоқ тұрмыста,
Іздеме оны,
Табамын деп тырмыспа.
Тыныштық жоқ,
Тыныштық бар - мәңгілік,
Тындырып бақ, ғұмыр қысқа, күн қысқа.
Тіршілікте тыныштық жоқ тұрмыста.
Демалыс ап, Кавказ, Қырым барғанын -
Бәрі өкініш,
Өзіңді өзің алдауың.
Қалай үзіп, қайда тығып, тыншисың,
Тыным бермес ойларынның жалғауын!?
Тіршілікте анау жүрек, мынау бас
Сая бағып, сірә, тыныш тұра алмас,
Желік көңіл,
Жетім ойлар тұрғанда,
Тыншып бейқам сауық-сайран құра алмас.
(Бұл — қағида қайталаған тіл біткен)
Тыныштық жоқ!
Тыныштық жоқ тірлікте!
Тыныштық сол —
Үлкен жердің үстінде
Өткен ғұмыр,
Біткен сөйлем,


Бір нүкте...
ЖОЛЫМ МЕНІҢ БОЛМАЙ ЖҮР
Жолым менің болмай жүр көпке дейін,
Тағдырыма сондықтан өкпелеймін.
Алды тартып, өмірдің арты теуіп,
Ығыстырып тастайды шетке, кейін.
Айбын, ашу, жоқ менде адам қанау,
Менде жоқ жағымпаздық - табан жалау,
Менде - төзім,
Сірәда, жүйкем менің
Өгіздің терісінен жаралған-ау.
Жо, жоқ!
Менің өкпем жоқ тағдырыма,
Өміріме, өзіме — барлығына.
Нан батырып жесем де ризамын
Көз жасымның бір тамшы қалдығына.
Жүректе қан, кеудеде жан тұрғасын,
Көңілден күй, көзден жас сарқылмасын,
Көз жасымен тағдырым суарылып,
Жарқылдасын өмірім, жалтылдасын.
Көтеріліп көңілім шарқ ұрғасын,
Көз алдымда тағдырым қалтылдасын!
Ішек үзілсін, домбыра сынсын мейлі


Шер тарқатар шемен күй тартылғасын!
ШАЛҚЫ, МЕНІҢ ШҰҒЫЛАМ
Тағы, тағы,
Тағы да, тағы да кел,
Ағыла бер, жырларым, ағыла бер,
Бағына гөр, жүрегім, бағына гөр.
Анда-санда қаныңды бір тасытқан
Сағына гөр жырыңды, сағына бер.
Мазалай бер, мазала,
Тыным берме.
Әбігерге сала бер, ұрын кел де.
Желпіп жібер шаттықтың шәйісімен,
Бүкіл мына ғаламның мұңын бер де.
Үйіп-төгіп басыма, жұбанышым,
Бүкіл мына ғаламның қуанышын,
Жарамасаң, жүрегім, жарылып кет,
Қуанышым алдында кінәлісің.
Сок, соқ, жүрек!
Соқ, жүрек, қозғал, миым,
Ми қозғалмай, ойды да қозғау қиын.
Жырсыз өмір — мен үшін өмір емес,
Жырсыз өмір — мен үшін тозған бұйым.
Шалқы, менін шұғылам, көк белдеуде,


Көпір бол да, тартып ал, көк пен жерге.
Нөсерлетіп, сөндір де таста мені,
Баяу жанып баратса от кеудемде.
ЕСТІ КҮНДЕРІМ
Көңілде
Көптен бері мен
Өмірді көктем көріп ем.
Енді-енді түсініп келем,
Өткенде өткелдерінен.
Кей-кейде жығылып барып,
Кей-кейде жығылып та алып,
Өмірдің сырын ұқпадық,
Ол бізден бұғынып қалып.
Тыңнан жол таппақ та болдық,
Тыңнан нәр татпақ та болдық...
Ақыры батпаққа қондық,
Сонан сон ақ мақта болдық.
...Беу, менің есіл күндерім,
Білмедім есім кіргенін.
Әйтеуір, есіп жүргенмін,
Өмірді кешіп жүргенмін.
Әйтеуір, есті білмедім,
Білмедім кештің кіргенін.


Қош енді, ескі күндерім!
Келе ғой, есті күндерім!!!
СІРӘ, МЕН БАЙҚАМАСПЫН
Сірә, мен байқамаспын, байқамадым,
Қайтейін, айтарымды айта алмадым.
Шындықтың көзі шығып кете ме деп,
Әлі де тайқудамын, тайқудамын.
Осынау шуақ шашқан кең өлкеде,
Сірә, мен қаламын-ау көлеңкеде.
Шынымен жұртым маған шын өкпелеп,
Із-түзсіз мәнгілікке жөнелте ме?
Өлемін деп өкініп, сескенбеймін,
Өлмек парыз, өмірден өшсем мейлі. 
Айта алмаған сөзім бар, арманым бар,
Арманымды қалдырып кетсем деймін.
Түсінем, Қасым-тағдыр қасымда жүр,
Басымда жүр, көзімнің жасында тұр.
Тым құрыса қалса екен бір шумағым
Басымдағы туған жер тасында бір.
Қайтейін, айыптымын алдарында,
Айта алмаған сөзім бар, арманым бар.
Достарым, жаман ақын жазған жырдың
Тым құрыса бір парағын аударындар!


ЖАНАШЫРҒА
Білем...
Білем...
Сендерді, туыстарым!
Өзімсініп дұрыс қой ұрысқаның.
Көкпар тартсаң өзімді — өздерің біл,
Жырларымда болмасын жұмыстарың!
Жырым менің - өзімнің асау жаным,
Іздемей-ақ қой оның осал жағын.
Жырым менің алтын да, асыл да емес,
Білесің бе не заттан жасалғанын?!
Келесін сыртымнан тон пішуменен,
Жеңбексің желеуменен ішу деген...
Ақын ба от пен суды түсінбеген?!
Ақын ба жанына ақау түсірмеген?!
Ішу деген, шынында, осал жағым,
Осал жақтан іле бер, шошандағын. ...
Құлы болсаң өмірдің — өзің болғын,
Қара басым құлдықтан босанғамын!
Сөз сенікі, сөйлей бер, нан табарым,
Әлі-ақ ертең әләуләй тарқар әнің.
Тұғырыңды бәйгеге қоссаң — сен қос,
Тұлпарымды қор қылмай, қаңтарамын.


Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,
(Ұйықтасын сапарларын тамамдаған).
Алдымда сапар жолы тарам-тарам,
Ұйықтасам, барлығынан қаран қалам.
Түн менің ұйқым үшін жаралмаған,
Түн келсе, түйсік түсіп, алаң болам.
Іздеймін жоқтарымды таба алмаған,
Аңсаймын жерлерімді бара алмаған.
Алдандырып, әлдилеп кеше-бүгін,
Неше жылым өтті екен, неше күнім?
Қаншама ойлар қалды екен қаза болып
Жастығымның астында, төсегімнің?
Түкілдірігі түсімнен сиқыр ашқан,
Қаншама ойлар қалды екен ұйқы басқан?
Қанша сәттер ғажайып Ғайып болды
Оянғанда сүренсіз сиқы қашқан?
Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тен шала-жансар өлімменен.
Қанша менін өлді екен уақытым
Ақ төсек, ала жастық кебіндеген?!
ЖЕР БАСЫП ЖҮРГЕНІҢДЕ...


Құрып кетпей, жер басып тұрғаныңда
Қалай ғана жағарсың бұл қауымға?
Талай рет мойныма арқан салып,
Талай рет шақ қалдым жындануға.
Біле тұра бірісі білмегендей,
Теріс қарап кетеді, тілге келмей.
Жабыла кеп жармасып, олжалайды,
Жаудан түскен түйені жүндегендей.
Түйткіл ой жүр түнерген көкейімде, 
Қайтсем екен!
Жоқ болып кетейін бе?!
Сырымды да жырымды ашпай барып,
Қалсам ба екен қап-қара тасқа айналып!
Қалай ғана жағармын бұл қауымға,
Бірдемесін бүлдіріп, ұрладым ба?
...Қандай еді серінің салған әні —
«... Бектергінін қор болған тырнағында»...
Жиылып ой қазағы, қыр қазағы,
Ақын боп Алматыда жыр жазады.
Біреулер жырыменен сарай салып,
Біреулер жырыменен ін қазады.
Әйтеуір бір келер деп дүр етер күн,
Алданып мен де босқа жүр екенмін.


Атаққа алан болған, тиынға күл,
Өзім де ақымақтың бірі екенмін.
Қалай да қатарымнан озамын деп,
Қатындай күндестігім қозады кеп.
Сабылтып, сайқал үміт қолын бермей,
Көзін қысып, саусағын сөзады тек!
Несіне?
Несіне мен? Несіне мен?
Жазды екем, жанды қинап, несіне өлең?!
Жүрегіме жүк арттым несіне мен,
Жүре бермей өмірдің кешіменен?!
Соры қалың жан екем, соры қалың,
Сірә да, көп кешікпей, торығармын.
Несіне жолды қумай, сөзді қудым?
Сірә, мен бір пәлеге жолығармын!
Егін салдым,
Мал бақтым,
Тас қаладым,
Сағынам да,
Жұртты да басқарамын.
Жалығам да,
Жабырқап, пәс қаламын.
Жырды бірақ,
Жырды мен тастадым,
Жырдан бөлек қалмады басқа амалым.


Аласартты тағдырым, биіктетті - Бәрі өткінші.
Қуаныш, күйік те өтті.
Екіталай кезеңде еңсем бұққан
Күйсандыққа саусағым тиіп кетті.
Күйсандықтан күңіреніп үн шығады,
Күй аңсаған қу көңіл тыншығады.
Қарғып шығып кетердей аласұрып,
Тұтқын жүрек кеудемде тұншығады!
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар — бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар — бусанып терлегенім.
Аспанындай кей сәтте күрсінемін,
Жас талындай жауқазын бүршік едім.
Кең дүние, керемет қалпыңменен,
Жүрек болып кеудеме кірші менің.
Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,
Секілді бөрі менен көз алмаған,
Кең дүние кенде етсең сыбағамнан,
Шырылдаған сәбидей мазаңды алам.
Кем болып жаралғам жоқ мен ешкімнен,
Кейбіреуге қарыздар емеспін мен.


Пейілімді теңізбен таластырып,
Тереземді аспанмен теңестірем.
Досқа сыйын, заһарын шашар жауға,
Қарыздармен халқыма қашаннан да.
Қабырғасы қайысып қарт әжемнің,
Қалай тұрам, көзіне жас алғанда.
Қайғы түссе басына бір ағаның,
Қалай ғана шыдап мен тұра аламын.
Жасын сүртіп солардың, бірге жылап,
Бірге күліп солармен, жұбанамын.
Ести тұра шырылын жас баланың,
Қалай ғана алшандап, мастанамын.
...Тік көтеріп сәбиді уатпасам,
Сәби-халқым, саған мен масқарамын.
Сәби-халқым, сарыла сыр ақтарам,
Жалған ой, жасырын күй жырақ маған.
Сенің үнің мендегі, сенің жырың,
Сенің ойың санамда тұрақтаған.
ЖОҚ, ДӘРІГЕР
Жүрегіме жүк артып жүргенімде.
Қажыдың ба, байғұсым, білмедім бе?
Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген,
Уландың ба білмеймін, кірледің бе?
Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде,


Дәрігер-ау, арқалап жүремін бе?
Сорлайтындай соншама кім едім мен,
Неге аяныш атасың іренінңен?
Айтып өлтір, қайтесің босқа ойланып,
Жүрек дерті өлімге бастай ма анық?
Адасам ба өмірден жастай қалып?
Ет жүрегім кете ме тасқа айналып?
Неге айтпайсың, тұрғанша босқа ойланып?
Пері соққан пендедей есі жарым,
Тамырымда тулайды есіл ағын.
Бұл жүректің білмеймін, несін алдым,
Несі жоғын білмеймін, несі барын?
Қаным қайнап барады, қаным қайнап,
Бір амал тап, дәрігер, халімді ойлап.
Алауыртқан ақынның қолын байлап,
Әкетпесін ажал кеп, өлімге айдап.
...Жоқ!
Дәрігер!
Орнатпа басқа жүрек! 
Басқа лүпіл жасама, басқа леп.
Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,
Білдірмей доғдыр алып тастады деп?!
Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,
Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?
Сыйыңа рақмет, қайран Адам!
Өзімнің жүрегімдей қайда маған?


Алмастырам!?
Дедің-ау, алмастырам!..
Сірә, менің жұлдызым жанбас бұдан.
Өзімнің жүрегімді жерлеп келіп,
Өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?
Тула, Жүрек!
Өкінем мен несіне!?
Туған жүрек,
әрине,
өлмесін бе?
..Жоқ!
Дәрігер!
Қозғама,
дамылдасын,
Әрбір жүрек өзінің кеудесінде!
Ойым бар менің,
Ойым бар менің ерекше.
Жақсылық жауып,
Дүниені мынау сел етсе,
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын
Көрге алып кетем керексе.
Адамның бүкіл айыбын
Арқалап алып,
Азабын өзім көрер ем.
Жамандық басқан денемен,
Жандырып жатқан,


Тондырып жатқан тамұққа
Жамандығыммен төнер ем.
Бүкіл дүние жамандықтарын
Артындар маған, көтерем!
Қарызым болсын өтеген,
Жауыздық біткен менімен ғана бірге өлсе,
Бүгін-ақ өліп кетер ем.
Армансыз барып,
Көрімнің аузын жапқасын,
Дүниедегі тірілер
Жамандық іздеп бақпасын!
Жауыздық жатқан,
Арамдық жатқан көрімнің
Қақпасын келіп қақпасьін!
Санаулы менің сағатым,
Санаулы менің күн, айым.
Асығам қалмай тағатым,
Асықпай қайтіп шыдайын.
Шау тарта жаным бастады-ау,
Айларды қуып жылдарым,
Айтылмай қалса масқара-ау,
Ашылмай жүрген сырларым.
Күні ертең өліп кетердей,
Жастыққа қорқа бас қойдым.


Өмірім босқа кетер ме ей,
Өруін таппай таспа ойдың?!
Күндер-ау, күндер, көктемдер,
Қасымнан менін кетпендер?!
Әуелде неге жараттын,
Көпсінсең мені көк пен жер?!
ШАРШАДЫМ БІЛЕМ
Шаршадым білем.
Жантая кеткім келеді.
Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі!
Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,
Аузымнан түссе адыра қала береді.
Өлеңі құрысын,
Таппадым одан миятты,
Жазбай-ақ қойдым,
Жазғаным енді ұят-ты.
Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние,
Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.
Өткізіп жылдар,
Өткізіп айлар,
Бекер күн,
Болғансып ақын,
Мұрнымды несін көтердім?!
Өлмей-ақ жүр ғой,


Өлең жазбаған адамдар,
Өлеңсіз мен де,
Өмірді бірдене етермін.
Жанды да жансыз,
Көрінген заттан сыр бағып,
Өлетін болдым,
Өзімнен-өзім ұрланып.
Шаршадым білем,
Жатпасам енді болмас-ты.
Жұрт кетіп жатқан
Қара теңізге бір барып...
АВТОГРАФ
Көрер едің,
Шаламын ба, отпын ба,
Білер едің,
Ақынмын ба, жоқпын ба?..
Кектендірген хан Жәнгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
Түсінер ең,
Езбін бе, әлде ермін бе,
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?..
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!


Сырым да — осы,
Жырым да — осы,
Алдында.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
...Махандар жок,
Махаңдардың сарқыты - Мұкағали Макатаев бар мұнда!
Бір күні,
Бір жылдары,
Бір заманда,
Уақыт қуатымды ұрлағанда,
Шабыттың ақ бастауы құрғағанда,
Шынымен қалам алып, жыр жазам ба!?
Жүректе от,
Ойда жасын қалмағанда,
Тағы да жыр жазам деп қарманам ба?!
Жастықта жазып кеткен жырымды оқып,
Танданам ба, кім білсін, алданам ба?!
О, Муза!
Мәңгі жастық!
Қайран досым!
Қай күні ауар екен сайран қосым.
Поэзия — жастық қой жалын ұшқан,
Жас күнде жазғанындай қайдан болсын.
О, Жастық!


Сен өлгенде, мен өлемін,
Сенсіз мен қиылған бір бөренемін.
Көнеремін, білемін, көнеремін.
Көгере бер мәңгілік сен, өлеңім!..
Жырсыз менің өмірге не керегім,
Жырдан басқа жұртыма не беремін.
СЕЗІМ
Арпалысып ақылмен, төзімменен,
Бір сәт те дем алмайды сезім деген.
Шыр етіп жерге түскен шілдехана,
Келеді дүниені кезуменен.
Жанымды тыншытпайды сезім деген,
Қалай жүр, япыр-ау, төзіп денем?!
Қаншама күндер өтті дамылдамай, 
Қаншама түндер өтті көз ілмеген,
Білмеймін, не іздейді сезім менен?!
Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы,
Белгісіз, қайда апарып соқтырары.
Не, сезім, мені бір күн от қылады,
Не, сезім, мені бір күн жоқ қылады!..
Қаншама көлдененнен өтті қарғып,
Әлемге өмір беріп, етті жарлық.
Ғаламдық зандылықты мойындамай,
Жүргені, барды жоқ қып.


Жоқты бар ғып.
...Адамның сезімінен сезіктенбе,
Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де.
Ақыл менен парасат бұғынады,
Шынайы шын сезімге кезіккенде...
Жаз едім кеше,
Айналып күзге барам ба!?
Жалын жоқ,
От жоқ, жасыған мынау жанарда.
Ауытқып кетті аймалап тұрған самал да,
Кеулеп тұр міне,
Дауыл ма, әлде боран ба?
Бұлттанып кеттім,
Бусанып, әлде жауам ба?!
Жел айдап, әлде жердің түбіне ауам ба?!
Қалса екен нәрім ауамда, мына даламда,
Түспесе екен көлеңкем тірі адамға.
Күз болса, болсын!
Үмітімді әсте үзбен мен.
Көктемнің сепкен жемісін маған күз берген.
Сырласып тұрам,
Орылған алқап,
Сыбызғы тартып қурайдан,
Қуарған құла түздермен.
Күз болып тұрып,


Бақтарды ойға батырам.
Күз болып келіп,
Қасыңа, калқам, отырам.
Отырам-дағы, жазынды сенің шақырам,
Аймалап тұрып,
Сөйлеймін жаздың атынан.
Айтатын саған сырым бұл,
Ертеңім менің бұлынғыр.
Әлсіреп, дымым құрып жұр.
Адасып менен кеткен бе?
Айналайын құлын-жыр.
Айтатын саған сырым бұл,
Бастаудың мұздай суымен
Мерт бола кетсем жуындыр.
Өртенген жанды суындыр.
Ерте келіп, ерте өліп,
Шарамды таусып, төңкеріп,
Кетем бе деп қорқамын,
Өз отыма өртеніп.
Бұлақтың мұздай суымен
Жуындыр мені, жуындыр.
Қауышып жаным жырыммен,
Алайын сосын тыным бір...


Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен,
Не пайда дәтке қуат бекінгеннен,
Алайда, емханада көз жұмғаннан,
Жақсы еді ғой майданның өтінде өлген.
Құрбан ғып жастығымды, жас ғұмырды,
Жауымнан жасыра алмай қастығымды.
Жанымды аямаған жауларымнан,
Ала жатар едім ғой жастығымды.
Өкінбен, мұңайман да, өксімеймін,
Өмірім, осылай-ақ өтші мейлің.
Алайда, аласапыран тіршіліктің,
Алдында күресе алмай тек сілейдім!
Күнін көріп жүргем жоқ жетім құлдың,
Бірақ та не бітірдім, не тындырдым.
Шөп жинаған ініне суырдайын,
Әйтеуір тіршілікке бетім бұрдым.
Қара саз, қара шалғын өлеңде өстім,
Қырға шығып ырысқа кенелмеспін...
Өлсе өлер Мұкағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім!
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.


Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»
Әйтеуір қазбас былық-шылығымды.
Жоқ жанды қиған емес жамандауға,
(Сол үшін рақмет адамдарға!!!)
Білемін, әйтеуір бір замандарда,
Жүреді жүз жыл жасап жаман қарға...
Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз оның бәрін пешенеден.
Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе -
Кешеді өлең немесе өшеді өлең!
...Қулары, таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар, біздің үйдің кірпіші дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер!?
Өзгеден емес,
Өзімнен қорқам,
Сезем мен.
Көзімнен қорқам,
Ернімнен қорқам кезерген.
Мінерге көлік, ұшарға қанат жоқ менде,
Дариға-ай, шіркін!
Қалдырып бәрін безер ме ем...


Басым бір шойын, аяғым менің қорғасын,
Мерзімі толмай ілгері кетті он жасым.
Неге сезбесін?!
Сезеді жаным, сезеді,
Баяғы жылдар қайтадан енді болмасын.
Тұйыққа келіп,
Тіреліп тұрмын бір түрлі.
Көзімнің нұры — көңілімде қалды іркулі.
Жылай да алмаймын, күле де алмаймын,
О, досым!
Тауып әкелші ұмыт қалдырған күлкімді.
Өзімнен қорқам,
Өлтірген өзімді өзім ғой...
Басымда ми жоқ,
Тиянақ таппай кезуде ой.
О, досым менің!
Күлкімді тауып әкелші,
Сүретін өмір, күлетін нағыз кезім ғой...
ЖҮРЕК АРЫЗЫ
Оу, ием менің,
Өзіңнен бұрын жаралғам.
Алдымен — менмін,
Сонан соң — сенсің жаралған.
Басың мен миың, ақылың, есің, кимылың,


Аяқ пен қолың —
Барлығы менен нәр алған.
Балғын шағында, өмірге жаңа аттанған,
Бағыңа бастар адамдық жолға ап барғам.
Кезім де болды қайғырған әрі шаттанған,
Кезің де болды, қайтейін, маған дақ салған.
Келеді сенің кей-кейде мені мұз еткің,
Бәріне көндім,
Қателігіңді түзеттім.
Төсек тартқызып, төнгенде қатер басыңа,
Айнымай соқтым, аялап сені күзеттім.
Жалындым саған жақыны бол деп баршаның,
Жан-ием, сенің жақсылығынды аңсадым,
Өткіздім сені қаншама қауіп-қатерден
Ал енді, маған, демалыс берші, шаршадым!..
...Қақың жоқ сенің дем алуға да соқпауға,
Қарсы барамыз оқтарға, әлі оттарға.
Қақым жоқ менің демалыс саған беруге,
Қақың жоқ сенің қалдырып мені тоқтауға!!!
СЫР
Күрсініп көкірегім, жылайды ішім,
Өсем бе, өшемін бе құдай білсін. 
Қанды дағын жүректің қалдырайын, 


Қаласа біреу-міреу сұрай жүрсін.
Көрсін де жүрегімнің, аққан қанын,
Ақ қағазда жол-жол боп жатқан дағын,
Байқап бір қарасын да, іздегендер,
Жаудырсын мақтауларын, даттауларын.
Еркелеп мен өмірді кешіп жүрем,
Шаттығым, мұңым да бар,
Несін бүгем.
Кей-кейде сүріндім де, түңілдім де,
Алайда, жоғалтпадым есімді мен.
Жақпадым жауыздықпен аққа қара,
Жатсынып жапқаным жоқ жатқа нала.
Гаваньға құлап түскен ақ шағала —
Жарымды тірілтем деп әурелендім,
Мастанбай ақын деген атқа ғана.
О, Муза!
Тағдырыма иемісің?!
Күрсініп көкірегім, күйеді ішім.
Мен сені жаңартам деп келгенім жоқ,
Сен мені жаралғансың сүйеу үшін.
АРЫЗ ЖАЗЫП КЕТЕИІН
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!


Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау - шапан,
Мынау - атың, мін» демей.
Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргемін бе, әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
Айтамын деп қуанышың, мұңынды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,
Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.
...Тойланбаса тойланбасын,
Не етейін.
Той кермей-ақ, сый кермей-ақ етейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін...
МЕНІҢ МАҚСАТЫМ


Мен жырламаймын,
Сырласамын.
Сыры бар замандаспен мұңдасамын. 
Асыққан уақытпен,
Адымымды
Абайлап, анда-санда бір басамын.
Көгендеп жыр қосағын,
Келмейді жыр жасағым.
Бөгендеп бетонменен қоя алмаймын,
Өзінше емін-еркін туласа ағын.
Ғайыптан пайда болған сайтандайын.
Жыр туса, қайтармаймын.
Улатып май тандайын,
Ащы тіл ақиқатын айтар дейім.
Жаныңнан жалындаған өрт кетпеген,
Жалықпай өзімді-өзім зерттеп келем.
О, жүрегім!
Орныңнан қобалжыма,
Жарамсақ жалғандыққа беттетпеген!
Тіптен де мен емес-ті,
«Мен» дегенім,
Сендірмеймін,
Сенбеңдер сенбегенің.
Басқаның жаны-сырын ұғу үшін,
Өзімді зерттегенді жөн көремін.
Мендегі бар,


Сенде бар, онда да бар.
Демек, сенің,
«Менің» де сонда қалар...
Өз жаныңды алдымен жайып таста,
Жақсылықтың көкесі сонда болар.
Не шығады бәрін де сүйем деуден?
Бәрін де сүйемін деп, иемденген.
Бәрін де мен де сүйем,
Айтпан бірақ,
Отырып оңашада күйер кеудем...
Күйер кеудем...
Сондықтан күйінемін.
Жасырман, жырым да сол жиі менің,
Жыр жазу, кім біледі, ермек шығар?!
Ақын болу —
Неғылған қиын едің!!!
Жырым көп әлі менің жазылмаған.
Кенім көп әлі менің қазылмаған.
Қалдырып болар-болмас қазынамды,
Неліктен бір күні мен жазым болам?!
Қуалап тіршіліктің көбелегін,
Қап қойды қапелімде көп өлеңім.
Жалғызым, жаным менің — жырым менің,
Қалдырып сені артыма неге өлемін.


Жазайын, жалықпаймын, жасырмаймын,
Қашан қалғып кеткенше басылмаймын.
Ая деп ажалға мен бас ұрмаймын,
Шоқ шайнап, от бүріккен Қасымдайын!
ҚИЬІН НЕ БАР?..
Мың құбылған қуаныштан, дерттерден, 
Қиын не бар, адам жанын зерттеуден?
Мен келемін өз жанымды зерттеумен,
Бірде аяз, бірде жалын, өрт кеудем.
Арзан не бар ойнау менен күлуден, 
Қымбат не бар, адам сырын білуден?
Мен әуремін, өз сырымды білумен,
Кеше бұзып, өкінемін бүгін мен,
Жылдарымды еске аламын бүлінген.
Адамдардың жаны менен жүрегін,
Ойлайтын ем, бір кісідей білемін...
Ажырата алмай шуақ, түнегін,
Танығанға мәз болыппын іреңін.
Ертең басқа, бүгін жақсы көргенім,
Өз көзіме өзім,
Ғажап!
Сенбедім.
Кесірткедей ауыстырған өңдерін,
Түсінбеймін қылығына пенденің.


Жылдар бойы бірге жүріп, бір күлген,
Жақыныңның жат боларын кім білген.
Адамдарды зерттей алмай жүрмін мен,
Оны зерттеу мүмкін емес, білдім мен...
ӨКІНБЕЙМІН
Өшем деп өкінбеймін, жыламаймын,
Жыласам да жұбат деп сұрамаймын.
Қыранның құдіретін қимасандар,
Қайтейін, тағдырын бер құралайдың.
Тағдырын бер, тағдырын құралайдың,
Қашан атып алғанша құламаймын.
Сусындатып тұп-тұнық тау бұлағы,
Жанарымда жайнаған тұнады айдын.
Сайрандаймын сайларда, қырды асамын
Сынсыған ну орманмен сырласамын.
Қарауылға іліксем, ілігейін,
Құзғынға ұқсап келмейді мың жасағым.
Өшем деп өкінбеймін, қайғырмаймын,
Өткен өшті.
Енді оған қайырылмаймын.
Қыран да, құралай да болмақ емен,
Атымнан адам қойған айырылмаймын.


...Арпалысып жүргенде өмірменен,
Қай-қайдағы әкетпес көңіл деген.
Өлсем өлем, өзімнің жерімде мен.
Қалсам қалам, өзімнің елімде мен!
Жыламаймын, сондықтан көңілденем.
БӘРІНЕ ДЕ ТҮСІНЕМ
Бәріне де түсінем,
Бәрін білем,
Бірақ білмен өзімнің әлімді мен.
Пайдам да жоқ ешкімге, зияным да,
Ұялтуға қақым жоқ, ұялуға.
Жаяулатып жүріп-ақ, дәмем күшті,
Құрық салам құланға қиялымда.
Қалқасында жүріп-ақ қалтарыстың,
Күшім бар деп, күшіндей Алпамыстың,
Келсін шамам келмесін, шаруам жоқ,
Геркулеспен келеді арпалысқым.
Олай көрем өзімді, бұлай көрем, 
Өзімді-өзім патша, құдай көрем.
Кесілмеген тұсауы нәрестедей,
Кездескеннің бәрінен құлай берем.
Шабыт, ашу, шаттық, мұң, ұят қалып,
Жүрген жай бар, осылай күй ақтарып.


Билей алмай жүрмін мен бір басымды,
Роботы біреудің сияқтымын.
Бәріне де түсінем,
Бәрін білем,
Бірақ білмен өзімнің әлімді мен...
СОҚ, ЖҮРЕК!
Қалай-қалай соғасың, қан жүрегім?!
Соғасың, әлі өмірің бар білемін.
Дем ала ғой, байғұсым, дем ала ғой,
Бұл тірлікте құмарым қанды менің.
Мазалама кеудемді, ойнақ салып,
Хал жоқ менде көнетін қайраттанып.
Қаншама рет суындын қайнап барып,
Қаншама рет тірілдін жайрап барып?!
Мен сені әлсіретіп алдым білем,
Болмашы нәрселерге айдап салып...
Өртенбей қалып едің от-жалыннан.
Көздеп атқан кімдердің оқтарынан.
Қорқамын, қорқам сенің, қан-жүрегім,
Қалжырап ойпы-тойпы соққаныңнан.
Түсінемін сенің қажып тұрғанынды,
Соқ, жүрек!
Бұзбай соққын ырғағынды!


Сыңғырлаған сиқырлы үн естиін,
Бұрап қой босап қалған сымдарыңды.
Қалай-қалай соғасың, қан-жүрегім?!
Білмеймін, қанша өмірім қалды менің.
Торға түскен торғайдай боп барасың,
Қаршығадай самғаған алғыр едің...
Мен бүгін көп қиналдым,
Еш нәрсе жаза алмадым.
Бірдеңе мазамды алды, мазамды алды...
Көңілім қоқыстан бір тазармады,
Қоқыс сатқан жандайын базардағы.
Елегізіп, еске түсіп қай-қайдағы.
Көңілдің іріп кетті бал қаймағы.
Кегі кеткен жандайын әлдекімге,
Іш өртеніп, қайнайды қан бойдағы.
Сам жамырап, келеді құлап іңір,
Мен ойлаймын ананы-мынаны бір.
...Алыста, Абайлардың жайлауында,
Жайылып поэзия пырағы жүр.
Жүрсін, жүрсін жануар...
Жүрсін, мейлі
Әлі жеткен жан ұстап, мінсін, мейлі.
...Мен бүгін көп қиналдым, көп қиналдым,
Неге?!
Неге жүрегім дүрсілдейді!?


Өміріммен өтер болды-ау бұл өлең,
Бір маза жоқ, кілем тоқып, гүл өрем.
Асқар тауға ақша бұлт боп қонақтап,
Қара жерге қара аспандай түнерем.
Өміріммен өтер болды бұл өлең.
Таңмен атып, күнмен бірге жатамын,
Таусылмайды, бітпес сірә сапарым.
Өзегінде өлең ағып жатпаса,
Өгейситін сияқты осы Отаным.
Өлеңімсіз өмір сүрмес болыппын,
Өлеңімсіз өмір де жоқ, борықпын.
Ақындық бір жазылмайтын дерт екен,
Ақындық бір ауру екен, соны ұқтым.
Ақын деген лапылдаған өрт екен,
Ақындардың жанып өту — серті екен.
Бықсымаспын, шалам қалмас артымда,
Жана алмасам, ерте келдім, ерте өтем.
Жанып өтем, жанбай қайтіп тірі өлем,
Жаумай қайтіп, жаумай қайтіп түнерем.
Тіл тиылмай, жүректынбай тынбайтын,
Өміріммен өтер болды бұл өлең...
ҚАЗЫНАМ БАР


Қазыным бар.
Біреуге берсем бе екен?!
Өкпелейді-ау бермесем,
Берсем, - бөтен.
Бар байлықты қойныма тығып алып,
Әлде мына құмдардай өлсем бе екен?!
Қазынам бар,
Біреуге қисам ба екен?!
Ренжиді-ау қимасам,
Қисам, - бөтен.
Әлде мына даладай бар байлықты
Бір өзім иемденіп, жисам ба екен?!
Қазынам бар.
Тәуекел, сатсам ба екен?!
Өзіңдікін өзгеге сатсаң, - бөтен.
Әлде мына таулардай бүркеніп ап,
Бүк түсіп, теріс қарап жатсам ба екен?!
Қазынам бар.
Қисапсыз шектеледі.
Қызғанады біреулер, жек көреді.
Бермеймін де сатпаймын, көрсетпеймін!
Алам десең,
Алдымен зертте мені...


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет