ЖЫЛЖЫМАЛЫ ЖАБДЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕПІЛДІКТЕР ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯҒА АВИАЦИЯЛЫҚ ЖАБДЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ХАТТАМА
ОСЫ ХАТТАМАҒА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕР,
Жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияның (бұдан әрі «Конвенция» деп аталатын) авиациялық жабдыққа қатысты бөлікте және Конвенцияға кіріспеде жазылған мақсаттарды ескеріп орындалуын қамтамасыз ету қажет деп ЕСЕПТЕЙ ОТЫРЫП,
Конвенцияны авиациялық қаржыландырудың ерекше талаптарына бейімдеу және Конвенцияға авиациялық жабдықты сатып алу-сату шарттарын енгізу есебінен оның қолданылу аясын кеңейту қажеттігін ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП,
1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның қағидаттары мен мақсаттарын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП,
авиациялық жабдыққа қатысты төмендегі ережелермен КЕЛІСТІ:
I тарау
Қолдану аясы және жалпы ережелер
I бап. Анықтамалар
1. Мән-жайлар өзгеше талап ететін жағдайларды қоспағанда, осы Хаттамада пайдаланылатын терминдер Конвенцияда айқындалғандағыдай мағынада қолданылады.
2. Осы Хаттамада мынадай терминдер төменде көрсетілген мағынада пайдаланылады:
a) «әуе кемелері» Чикаго конвенциясының мақсаттары үшін айқындалғандай әуе кемелерін білдіреді және авиациялық қозғалтқыштар орнатылған планерлерді не тікұшақтарды білдіреді;
b) «авиациялық қозғалтқыштар» әуе кемелерінің реактивті қарқынмен қозғалысқа келтірілетін немесе турбиналық немесе поршеньдік технология пайдаланылатын қозғалтқыштарын білдіреді (әскери, кеден немесе полиция қызметтері пайдаланатындардан басқа), олар:
i) реактивті авиациялық қозғалтқыштар тартысы кемінде 1750 фунт немесе басқа бірліктердегі барабар шамада болады;
ii) барлық модульдері және басқа да орнатылған, монтаждалған немесе
қоса берілген керек-жарақтары, бөлшектері мен жабдықтары бар, сондай-ақ соларға қатысты барлық деректері, нұсқаулықтары мен жазбалары бар жиынтықта турбиналық немесе поршеньдік авиациялық қозғалтқыштардың біліктегі ең төменгі ұшу қуаты кемінде 550 ат күші немесе басқа бірліктердегі барабар шамада болады;
c) «авиациялық объектілер» әуе кемелерінің планерлерін, авиациялық қозғалтқыштарды және тікұшақтарды білдіреді;
d) «әуе кемелерінің тіркелімі» Чикаго конвенциясының мақсаттары үшін
жалпы тану және тіркеу белгілерін тіркейтін мемлекет немесе өкілетті орган жүргізетін тіркелімді білдіреді;
e) «әуе кемелерінің планерлері» тиісті авиациялық қозғалтқыштар орнатылғаннан кейін құзырлы авиациялық өкілетті органдар оларға:
i) экипажды қоса алғанда кемінде сегіз (8) адамды, немесе
ii) барлық орнатылған, монтаждалған немесе қоса берілген керек-жарақтары, бөлшектері мен жабдықтары бар (авиациялық қозғалтқышты қоспағанда), сондай-ақ соларға қатысты барлық деректері, нұсқаулықтары мен жазбалары бар жиынтықта салмағы 2750 килограммнан аспайтын тауарларды тасымалдауға жарамдылығын куәландыратын тип сертификаты берілетін әуе кемелерінің планерлерін білдіреді (әскери, кеден немесе полиция қызметтері пайдаланатындардан басқа);
f) «уәкілетті тарап» XIII баптың 3-тармағында айтылған тарапты білдіреді;
g) «Чикаго конвенциясы» 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны оған енгізілген өзгерістерімен және оған Қосымшаларды білдіреді;
h) «жалпы тану және тіркеу белгілерін тіркейтін өкілетті орган» тіркелімді Чикаго конвенциясының 77-бабына сәйкес жүргізетін және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Кеңесі 1967 жылғы 14 желтоқсанда қабылдаған ұлт және халықаралық пайдалану агенттіктерінің әуе кемелерін тіркеу туралы қарарға сәйкес құрылатын өкілетті органды білдіреді;
i) «әуе кемесін тіркеуден алып тастау» әуе кемесін тіркеу туралы жазбаны Чикаго конвенциясына сәйкес авиациялық тіркелімнен алып тастауды немесе әкетуді білдіреді;
j) «кепілдіктерді қамтамасыз ету туралы шарт» кепілгер ретіндегі тұлғамен жасалған шартты білдіреді;
k) «кепілгер» міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету туралы шарттың немесе қандай да бір өзге шарттың негізінде қандай да бір міндеттемелердің кредитордың пайдасына орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кепілдеме беретін немесе алғашқы талап ету бойынша кепілдік беретін, резервтегі аккредитивті немесе кредитті қамтамасыз ету туралы қандай да бір құжатты шығаратын тұлғаны білдіреді;
l) «тікұшақтар» ауадан ауыр болатын ұшу аппараттарын білдіреді (әскери, кеден немесе полиция қызметтері пайдаланатындардан басқа), олар негізінен ауаның күш беретін қондырғының көмегімен білікті айналатын, шамамен вертикалды етіп орнатылған бір немесе бірнеше негізгі винттермен өзара әрекеті есебінен ұшады және құзырлы өкілетті органдар оларға:
i) экипажды қоса алғанда кемінде бес (5) адамды, немесе
ii) барлық орнатылған, монтаждалған немесе қоса берілген керек-жарақтары, бөлшектері мен жабдықтары бар (негізгі винттерді қоса алғанда), сондай-ақ соларға қатысты барлық деректері, нұсқаулықтары мен жазбалары бар жиынтықта салмағы 450 килограммнан асатын тауарларды тасымалдауға жарамдылығын куәландыратын тип сертификатын береді.
m) «дәрменсіздікпен байланысты оқиға»:
i) дәрменсіздік бойынша рәсімдердің басталуын немесе
ii) кредитордың борышкерге қатысты дәрменсіздік бойынша рәсімді қозғау немесе құқықтарын қорғау амалдарын пайдалану құқығы Конвенцияға сәйкес мемлекеттің тиісті әрекеттерінің нәтижесінде тоқтатыла тұрған немесе заң бойынша іске асырылуы мүмкін емес болса, борышкердің төлемдерді тоқтата тұру жөнінде мәлімдеген ниетін немесе төлемдерді нақты тоқтата тұруын білдіреді;
n) «дәрменсіздікке қатысты бастапқы юрисдикция елі» егер өзгеше дәлелденбесе, борышкердің негізгі мүдделері шоғырланған және осы мақсат үшін борышкердің заңнамада көзделген штаб-пәтерінің орналасқан жері болып есептелетін немесе, егер бар болса, борышкер тіркелген немесе құрылған Уағдаласушы Мемлекетті білдіреді;
o) «тіркеу органы» Уағдаласушы Мемлекетте әуе кемелерінің тіркелімін жүргізетін және Чикаго конвенциясына сәйкес әуе кемелерін тіркеу және тіркеуден алып тастау үшін жауап беретін ұлттық өкілетті органды немесе жалпы тану және тіркеу белгілерін тіркейтін органды білдіреді;
p) «тіркеу мемлекеті» әуе кемесіне қатысты ұлттық тіркеліміне әуе кемесі туралы тіркеу жазбасы енгізілетін мемлекетті немесе әуе кемелерінің тіркелімін жүргізетін, жалпы тану және тіркеу белгілерін тіркейтін өкілетті орган орналасқан мемлекетті білдіреді.
II бап. Конвенцияны авиациялық объектілерге қатысты қолдану
1. Конвенция авиациялық объектілерге қатысты осы Хаттаманың ережелеріне сәйкес қолданылады.
2. Конвенция және осы Хаттама «Авиациялық объектілерге қолданылатын жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенция» деген атауға ие болады.
III бап. Конвенцияны сатуларға қолдану
Егер халықаралық кепілдікті құратын немесе көздейтін келісімге сілтемелер сатып алу-сату шартына сілтемелер болса және егер халықаралық кепілдікке, шартты халықаралық кепілдікке, борышкер мен кредиторға сілтемелер тиісінше сатуға, шартты түрде сатуға, сатушы мен сатып алушыға сілтемелер болса, Конвенцияның төмендегі ережелері қолданылады:
3 және 4-баптар;
16-баптың 1-тармағының а) тармақшасы;
19-баптың 4-тармағы;
20-баптың 1-тармағы (сатып алу-сату немесе шартты түрде сату шартын тіркеуге қатысты);
25-баптың 2-тармағы (шартты түрде сатуға қатысты);
30-бап.
Сонымен қатар, сатып алу-сату және шартты түрде сату шарттарына 1-баптың, 5-баптың, IV–VII тараулардың, 29-баптың (XIV баптың 1 және 2-тармақтарымен ауыстырылған 29-баптың 3-тармағынан басқа), Х тараудың, XII тараудың (43-баптан басқа), XIII тараудың және XIV тараудың (60-баптан басқа) жалпы ережелері қолданылады.
IV бап. Қолдану аясы
1. Конвенцияның 3-бабының 1-тармағына залал келтірілмей, осы Конвенция егер мұндай тіркеу келісім жасасу кезінде қолданыста болған деп есептелген әуе кемесін тіркеу туралы келісімге сәйкес жүргізілсе, тіркеу мемлекеті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттің әуе кемелері тіркелімінде тіркелген тікұшаққа немесе әуе кемесінің планеріне де қолданылады.
2. Конвенцияның 1-бабында қамтылған «ішкі мәмілені» айқындау мақсаттары үшін:
а) планер өзі тиесілі болатын, әуе кемесі тіркелген мемлекетте болады;
b) авиациялық қозғалтқыш өзі орнатылған әуе кемесі тіркелген мемлекетте немесе егер ол әуе кемесінде орнатылмаған болса, өзі нақты тұрған мемлекетте болады;
с) тікұшақ тиісті кепілдік соның негізінде туындайтын немесе сол бойынша көзделетін келісімді жасасу кезінде өзі тіркелген мемлекетте болады.
3. Бір-бірімен қарым-қатынастарда тараптар жазбаша түрде ресімделген келісімді жасасу жолымен IX баптың 2-4-тармақтарының ережелерін қоспағанда, осы Хаттаманың кез келген ережелерінен бас тарта алады немесе олардан шегіне алады. Жазбаша түрде келісім жасаса отырып, тараптар ХI баптың қолданылуын жоюы мүмкін.
V бап. Сатып алу-сату шарттарының формальды белгілері,
салдарлары мен оларды тіркеу
1. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:
а) жазбаша түрде жасалған;
b) сатушының билік ету құқығы бар авиациялық объектіге қатысты;
с) осы Хаттамаға сәйкес авиациялық объектіні сәйкестендіруге мүмкіндік беретін шарт сатып алу-сату шарты болып табылады.
2. Сатып алу-сату шарты бойынша сатушының авиациялық объектіге қатысты кепілдігі осы шарттың талаптарына сәйкес сатып алушыға өтеді.
3. Сатып алу-сату шартын тіркеу мерзімсіз болып табылады. Шартты түрде сатуды тіркеу оның күшін жойғанға дейін немесе егер мұндай жайт көрсетілген болса, тіркеу кезінде атап көрсетілген уақыт кезеңі аяқталғанға дейін күшінде болады.
VI бап. Өкілдердің өкілеттіктері
Кез келген тұлға авиациялық объектіге қатысты келісімді жасаса алады немесе оны сатуды жүзеге асыра алады және оған қатысты халықаралық кепілдікті тіркей алады немесе мұндай объектіні агент, сенім білдірілген тұлға ретінде немесе кез келген өзге де өкілдік сипатта сатуды жүзеге асыра алады. Мұндай жағдайда бұл тұлға өзінде Конвенцияға сай құқықтар мен кепілдіктердің болуы туралы мәлімдей алады.
VII бап. Авиациялық объектілер сипаттамасы
Жасап шығарушының сериялық нөмірін, жасап шығарушының атауын және модельдің белгіленуін қамтитын авиациялық объекті сипаттамасы Конвенцияның 7-бабы с) тармағының және осы Хаттаманың V бабының 1-тармағы с) тармақшасының мақсаттары үшін объектіні сәйкестендіруге қажетті және жеткілікті болып табылады.
VIII бап. Қолданылатын құқықты таңдау
1. Осы бап Уағдаласушы Мемлекет ХХХбаптың 1-тармағына сәйкес мәлімдеме жасаған жағдайда ғана қолданылады.
2. Тараптар келісімде немесе сатып алу-сату шартында немесе кепілдіктерді қамтамасыз ету туралы солармен байланысты шартта немесе міндеттемелер бағыныстылығының тәртібі туралы келісімде соларға сәйкес олардың шарттық құқықтары мен міндеттері толық немесе ішінара реттелуге тиіс құқыққа қатысты уағдаласа алады.
3. Егер өзгеше келісілмесе, алдыңғы тармақта тараптар таңдап алған құқық туралы атап көрсету аталған мемлекеттің ішкі мемлекеттік құқық нормаларына немесе егер бұл мемлекет бірнеше аумақтық бірліктен тұрса, көрсетілген аумақтық бірліктің ішкі құқығына сілтеме жасауды білдіреді.
II тарау
Міндеттемелерді орындамау кезінде құқықтарды қорғау тәсілдері, басымдықтар мен цессиялар
IX бап. Міндеттемелерді орындамау кезінде құқықтарды
қорғау тәсілдері туралы ережелерді өзгерту
1. Конвенцияның III тарауында көрсетілген құқықтарды қорғау тәсілдеріне қосымша ретінде кредитор мұнымен борышкер қай уақытта болсын келіскен көлемде және осы тарауда көрсетілген мән-жайлар туындаған кезде:
а) әуе кемесін тіркеуден алып тастауды талап ете алады;
b) авиациялық объектіні ол тұрған аумақтан әкетуді және физикалық тасымалдауды талап ете алады.
2. Кредитор алдыңғы тармақта көрсетілген құқықтарды қорғау тәсілдерін
осы кредитордың тіркелген кепілдігінің алдында кезектілік тәртібімен есепте тұрған қандай да бір тіркелген кепілдікті иеленушінің алдын ала жазбаша келісімінсіз пайдаланбайды.
3. Конвенцияның 8-бабының 3-тармағы авиациялық объектілерге қолданылмайды. Конвенцияда авиациялық объектіге қатысты көзделген кез келген құқықтарды қорғау тәсілі коммерциялық тұрғыдан ақылға қонымды түрде пайдаланылады. Егер құқықтарды қорғау тәсілі мұндай ереже айқын түрде қисынсыз болып табылатын жағдайларды қоспағанда, келісімнің қандай да бір ережесіне сәйкес қолданылса, ол коммерциялық тұрғыдан ақылға қонымды түрде пайдаланылуда деп есептеледі.
4. Мүдделері тұлғаларға болжанып отырған сату немесе лизингке беру туралы жазбаша хабарламаны он немесе одан да көп жұмыс күні бұрын ұсынған кепіл ұстаушы Конвенцияның 8-бабының 4-тармағында қамтылған «ақылға қонымды мерзімде алдын ала хабарламаны ұсыну» туралы талапты қанағаттандырушы болып есептеледі. Жоғарыда айтылған ереже кепіл ұстаушы мен кепіл берушінің немесе кепілгердің арасындағы алдын ала хабарламаның одан да ұзақ мерзімі туралы уағдаластыққа келуіне кедергі болмайды.
5. Уағдаласушы Мемлекеттегі тіркеу органы ұшу қауіпсіздігі саласында қолданылатын заңдар мен қағидаларды ескере отырып, егер:
а) мұндай өтінішті уәкілетті тарап тіркеуден алып тастауға және әкетуге арналып тіркелген кері қайтарылмайтын өкілеттікке сәйкес тиісті түрде ұсынған болса;
b) уәкілетті тарап тіркеу органына, егер мұны осы орган талап етсе, осы өкілеттік соның пайдасына берілген кредитордың тіркелген кепілдігінің алдында кезектілік тәртібімен есепте тұрған барлық тіркелген кепілдіктердің қанағаттандырылғанын немесе мұндай кепілдіктердің иеленушілері тіркеуден алып тастауға және әкетуге келіскенін растаса, объектіні тіркеуден алып тастау және әкету туралы өтінішті қанағаттандырады.
6. Әуе кемесін 1-тармаққа сәйкес, сот қаулысының негізінен өзгеше болатындай тіркеуден алып тастауды және әкетуді талап етпек болған кепіл ұстаушы ақылға қонымды мерзімдерде болжанып отырған тіркеуден алып тастау және әкету туралы алдын ала хабарламаны:
а) Конвенцияның 1-бабы m) тармағының i) және ii) тармақшаларында көрсетілген мүдделі тұлғаларға;
b) Конвенцияның 1-бабы m) тармағының iii) тармақшасында көрсетілген және кепіл ұстаушыға өз құқықтары туралы тіркеуден алып тастауға және әкетуге дейін ақылға қонымды мерзімдерде хабар берген мүдделі тұлғаларға жазбаша түрде ұсынады.
Х бап. Құқықтарды қорғау жөніндегі уақытша шараларға
қатысты ережелерді өзгерту
1. Осы бап Уағдаласушы Мемлекет XXХ баптың 2-тармағына сәйкес мәлімдеме жасаған жағдайда ғана және сол мәлімдемеде көрсетілген көлемде қолданылады.
2. Конвенцияның 13-бабы 1-тармағының мақсаттары үшін қорғауға ие болу тұрғысынан «кідіртпей» деген сөз қорғауға алу туралы өтініш берілген күннен бастап жұмыс күні санының осындай өтініш берілген Уағдаласушы Мемлекетте жасалған мәлімдемеде көрсетілгендей болып өтуін білдіреді.
3. Конвенцияның 13-бабының 1-тармағы d) тармақшасынан кейін бірден мына мәтінді қосу арқылы қолданылады:
«е) егер кез келген уақытта мұндай жайт борышкермен және кредитормен нақты келісілген болса, сату және одан түсетін ақшаны пайдалану туралы», ал 43-баптың 2-тармағы «d) тармақшасының» деген сөзден кейін «және е)» деген сөздерді қосу арқылы қолданылады.
4. Борышкердің меншік құқығы немесе алдыңғы тармаққа сәйкес сату кезінде өтетін қандай да бір өзге құқығы Конвенцияның 29-бабының ережелеріне сәйкес кредитордың халықаралық кепілдігінің оған қатысты басымдығы болатын кез келген басқа кепілдікпен ауыртпалық салудан бос болып табылады.
5. Кредитор мен борышкер немесе кез келген басқа мүдделі тұлға кез келген уақытта Конвенцияның 13-бабының 2-тармағы ережелерінің қолданылмайтыны туралы жазбаша түрде келісім жасаса алады.
6. IХ баптың 1-тармағында көрсетілген құқықтарды қорғау тәсілдеріне қатысты айтатын болсақ, онда:
а) оларды Уағдаласушы Мемлекетте тіркеу органы және қажет болғанда басқа да әкімшілік органдар кредитор осындай органдарды IX баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес немесе шетелдік сот қорғауға алған жағдайда, осындай Уағдаласушы Мемлекеттің соты оны мойындаған жағдайда қорғауға алу туралы және кредитордың Конвенцияға сәйкес осындай құқықтарды қорғау тәсілдерін алуға құқығы бар екені туралы хабардар еткен соң бес жұмыс күнінен кешіктірмей көрсетеді;
b) құзырлы органдар ұшу қауіпсіздігі туралы қолданыстағы заңдар мен нормативтік ережелерге сәйкес осындай құқықтарды қорғау тәсілдерін пайдалануда кредиторға жедел ынтымақтастық пен жәрдемдесуді көрсетеді.
7. 2 және 6-тармақтардың ережелері ұшу қауіпсіздігі туралы қандай да бір қолданыстағы заңдар мен нормативтік ережелерді қозғамайды.
XI бап. Дәрменсіздік жағдайында құқықтарды қорғау тәсілдері
1. Осы бап дәрменсіздікке қатысты бастапқы юрисдикция елі болып табылатын Уағдаласушы Мемлекет XXХ баптың 3-тармағына сәйкес мәлімдеме жасаған жағдайларда ғана қолданылады.
А нұсқасы
2. Дәрменсіздікпен байланысты оқиға туындағаннан кейін дәрменсіздік бойынша басқарушы немесе тиісті жағдайларда борышкер 7-тармақтың ережелерін ескере отырып, авиациялық объектіні төменде тізбеленген күндердің ең ертесінен кешіктірмей, кредитордың иелігіне береді:
а) кейінге қалдыру кезеңінің аяқталуы;
b) осы бап қолданылмаған жағдайда, кредитордың авиациялық объектіні иелену құқығы басталатын күн.
3. Осы баптың мақсаттары үшін «кейінге қалдыру кезеңі» дәрменсіздікке қатысты бастапқы юрисдикция елі болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттің мәлімдемесінде атап көрсетілген кезеңді білдіреді.
4. Осы бапта «дәрменсіздік бойынша басқарушыға» жасалған сілтемелер аталған тұлғаға жеке тұрғыдан емес, ресми тұрғыдан қатысты болады.
5. Егер кредиторға 2-тармаққа сәйкес иелену мүмкіндігі берілмесе:
а) дәрменсіздік бойынша басқарушы немесе тиісті жағдайларда борышкер келісімге сәйкес авиациялық объектіні сақтайды, күтеді және құнының төмендеуіне жол бермейді;
b) кредитор қолда бар қолданыстағы құқыққа сай кез келген басқа да құқықтарды қорғаудың уақытша нысанын беру жөнінде жүгінуге құқылы.
6. Алдыңғы тармақтың а) тармақшасы авиациялық объектінің сақталуын, күтілуін және құнының төмендемеуін қамтамасыз етуге бағытталған жағдайларда осы авиациялық объектіні пайдалану мүмкіндігін жоққа шығармайды.
7. Дәрменсіздік бойынша басқарушы немесе тиісті жағдайларда борышкер, егер ол 2-тармақта атап көрсетілген күнге дәрменсіздік бойынша рәсімдердің басталуымен туындайтын міндеттемелерді бұзудан басқа барлық міндеттеме бұзуларды жойса және болашақта барлық міндеттемелерді келісімге сәйкес орындауға келісімін берсе, авиациялық объектіні өзінде сақтап қала алады.
Осындай болашақ міндеттемелерді сақтамауға қатысты кейінге қалдырудың екінші кезеңі қолданылмайды.
8. IX баптың 1-тармағында көрсетілген құқықтарды қорғау тәсілдеріне қатысты айтатын болсақ, онда:
а) оларды Уағдаласушы Мемлекетте тіркеу органы және тиісті жағдайларда әкімшілік органдар кредитор мұндай органдарды осы Конвенцияға сәйкес осындай құқықтарды қорғау тәсілдерін алуға құқығы бар екені жөнінде хабардар еткен күннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей көрсетеді;
b) құзырлы органдар ұшу қауіпсіздігі туралы қолданыстағы заңдар мен нормативтік ережелерге сәйкес осындай құқықтарды қорғау тәсілдерін пайдалануда кредиторға жедел ынтымақтастық пен жәрдемдесуді көрсетеді.
9. 2-тармақта көрсетілген күннен кейін Конвенцияда немесе осы Хаттамада рұқсат етілген құқықтарды қорғау тәсілдерін пайдалануда кедергілер немесе кешіктірулер жасалмайды.
10. Борышкердің келісім бойынша ешбір міндеттемелері кредитордың келісімінсіз өзгертіле алмайды.
11. Алдыңғы тармақтағы ешбір жайт, егер мұндайлар бар болса, дәрменсіздік бойынша басқарушының қолданылатын құқыққа сәйкес келісімнің қолданысын тоқтатуға арналған өкілеттіктерін қозғайтындай болып түсінілмеуге тиіс.
12. 39-баптың 1-тармағына сәйкес жасалған мәлімдемеде тізбеленген санаттардың біріне жататын шарттан тыс құқықтардан немесе кепілдіктерден басқа ешбір құқықтардың немесе кепілдіктердің дәрменсіздік бойынша рәсімдерде тіркелген кепілдіктерге қатысты басым күші болмайды.
13. Осы Хаттаманың IX бабымен өзгертілген Конвенция осы бапқа сәйкес
кез келген құқықтарды қорғау тәсілдерін пайдалану кезінде қолданылады.
В нұсқасы
2. Дәрменсіздікпен байланысты оқиға туындағаннан кейін дәрменсіздік бойынша басқарушы немесе тиісті жағдайларда борышкер кредитордың өтініші бойынша Уағдаласушы Мемлекеттің XXХ баптың 3-тармағына сәйкес жасаған мәлімдемесінде көрсетілген мерзім ішінде оған:
а) дәрменсіздік бойынша рәсімдердің басталуынан туындайтын міндеттемелерді бұзудан басқа барлық міндеттеме бұзуларды оның жоюы-жоймауы және келісімге және мәмілемен байланысты құжаттарға сәйкес барлық болашақ міндеттемелерді орындауға оның келісуі-келіспеуі немесе
b) қолданылатын құқыққа сәйкес авиациялық объектіні иелену мүмкіндігін кредиторға беруі-бермеуі жөнінде хабарлайды.
3. Алдыңғы тармақтың b) тармақшасында айтылған қолданылатын құқық сотқа кез келген қосымша шаралар қабылдауды немесе кез келген қосымша кепілдіктер ұсынуды талап етуге рұқсат бере алады.
4. Кредитор өз талаптарының дәлелін және оның халықаралық кепілдігінің тіркелгенін растауды ұсынады.
5. Егер дәрменсіздік бойынша басқарушы немесе тиісті жағдайларда борышкер 2-тармаққа сәйкес хабардар етпесе немесе егер дәрменсіздік бойынша басқарушы немесе борышкер кредиторға авиациялық объектіні иелігіне алуға мүмкіндік беретінін мәлімдеп, бірақ оны жасамаса, сот кредиторға авиациялық объектіні сот белгілейтін шарттарда иеленуге рұқсат бере алады және кез келген қосымша шаралар қабылдауды немесе кез келген қосымша кепілдіктер беруді талап ете алады.
6. Авиациялық объект сот тиісті талап қою мен халықаралық кепілдікке қатысты шешім қабылдағанға дейін сатылмайды.
XII бап. Дәрменсіздік жағдайында көмек көрсету
1. Осы бап Уағдаласушы Мемлекет XXХ баптың 1-тармағына сәйкес мәлімдеме жасаған жағдайда ғана қолданылады.
2. Авиациялық объект тұрған Уағдаласушы Мемлекеттің соттары осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес шетелдік соттарға және шетелдік дәрменсіздік бойынша басқарушыларға XI баптың ережелерін орындауда барынша мүмкін болатын ынтымақтастықты көрсетеді.
XIII бап. Тіркеуден алып тастауға және әкетуге өкілеттік
1. Осы бап Уағдаласушы Мемлекет XXХ баптың 1-тармағына сәйкес мәлімдеме жасаған жағдайда ғана қолданылады.
2. Егер борышкер тіркеуден алып тастауға және әкетуге арналған кері қайтарылмайтын өкілеттікті негізінен осы Хаттамаға қоса берілген нысанға сәйкес келетін нысанда берсе және тіркеу үшін мұндай өкілеттікті тіркеу органына ұсынса, бұл өкілеттік тиісті түрде тіркеледі.
3. Өзіне осындай өкілеттік берілген тұлға («уәкілетті тарап») немесе ол ресми түрде тағайындаған тұлға IX баптың 1-тармағында көрсетілген құқықтарды қорғау тәсілдерін пайдалануға құқылы және осы өкілеттікке және ұшу қауіпсіздігі жөніндегі кез келген қолданылатын заңнамалық немесе нормативтік ережелерге сәйкес түрде ғана осылайша әрекет ете алатын дара тұлға болып табылады. Мұндай өкілеттікті борышкер уәкілетті тараптың жазбаша келісімінсіз кері қайтара алмайды. Тіркеу органы уәкілетті тараптың өтініші бойынша өкілеттікті тіркелімнен алып тастайды.
4. Уағдаласушы Мемлекетте тіркеу органы және басқа да әкімшілік органдар IX бапта көрсетілген құқықтарды қорғау тәсілдерін пайдалануда уәкілетті тарапқа жедел ынтымақтастық пен жәрдемдесуді көрсетеді.
XIV бап. Басымдықтар туралы ережелерді өзгерту
1. Авиациялық объектіні сатып алушы тіркелген сатып алу-сату шарты бойынша осы объектіге құқықтарды кейінірек тіркелген кепілдікпен және тіркелмеген кепілдікпен салынған ауыртпалықтан бос түрінде, егер сатып алушыға мұндай тіркелмеген кепілдіктің бар екені жөнінде белгілі болса да иеленеді.
2. Авиациялық объектіні сатып алушы осы объектіге құқықтарды бұл құқықтарды иелену кезіне тіркелген кез келген кепілдікпен салынған ауыртпалық ескеріліп иеленеді.
3. Авиациялық қозғалтқышқа меншік құқығы немесе өзге де құқық немесе кепілдік оны әуе кемесіне орнату немесе одан шешіп алу нәтижесінде қозғалмайды.
4. Конвенцияның 29-бабының 7-тармағы әуе кемесінің планерінде, авиациялық қозғалтқышта немесе тікұшақта орнатылған, объектіге жатпайтын компоненттерге қолданылады.
XV бап. Цессия туралы ережелерді өзгерту
Конвенцияның 33-бабының 1-тармағы b) тармақшасынан кейін мынадай мәтін қосылғандай болып қолданылады:
«с) келісімнің цессияны жасасқанға дейін берілгеніне-берілмегеніне не цессионарийді нақты көрсету арқылы берілгеніне-берілмегеніне қарамастан, борышкер жазбаша түрде келісім берсе».
XVI бап. Борышкерге қатысы бар ережелер
1. Конвенцияның 11-бабының мағынасында міндеттемелерді орындамау фактісі болмаған кезде борышкердің:
а) борышкер құқықтарды Конвенцияның 29-бабының 4-тармағына сәйкес кепілдік ауыртпалығынан бос түрінде иеленетін жағдайда немесе егер борышкер өзгедейге келіспеген көлемде болса да, борышкер осы Хаттаманың XIV бабының
1-тармағына сәйкес сатып алушы ретінде шыққанда, өз кредиторына және кез келген кепілдікті иеленушіге;
b) борышкердің құқықтары немесе кепілдігі Конвенцияның 29-бабының
4-тармағына сәйкес ауыртпалықты болып табылатын немесе борышкер осы Хаттаманың XIV бабының 2-тармағына сәйкес, бірақ егер мұндай жайт орын алса, осындай иеленуші сонымен келіскен дәрежеде ғана сатып алушы ретінде шыққанда, кез келген кепілдікті иеленушіге қатысты объектіні келісімге сәйкес кедергісіз иелену мен пайдалану құқығы болады.
2. Конвенциядағы немесе осы Хаттамадағы ешбір жайт кредитордың келісімді қолданылатын құқыққа сәйкес осы келісімнің авиациялық объектіге қатысты болу көлемінде кез келген бұзғаны үшін жауапкершілігін қозғамайды.
III тарау
Авиациялық объектілерге қатысты халықаралық кепілдіктерді
тіркеу жүйесіне қатысы бар ережелер
XVII бап. Бақылаушы орган және Тіркеуші
1. Жылжымалы жабдық туралы конвенцияны және авиациялық хаттаманы қабылдау үшін Дипломатиялық конференция қабылдаған қарармен белгіленген халықаралық ұйым Бақылаушы орган болып табылады.
2. Егер алдыңғы тармақта айтылған халықаралық ұйым Бақылаушы орган ретінде әрекет ете алмаса және оның әрекет ету ниеті болмаса, басқа Бақылаушы органды белгілеу үшін қол қойған және Уағдаласушы Мемлекеттердің конференциясы шақырылады.
3. Бақылаушы орган және оның лауазымды адамдары мен қызметшілері өздеріне қатысты халықаралық ұйым нормаларымен немесе өзге де түрде қолданылатындай сот немесе әкімшілік әрекеттерден иммунитетті пайдаланады.
4. Бақылаушы орган кандидатураларын қол қойған және Уағдаласушы Мемлекеттер ұсынған және қажетті құзыреті мен тәжірибесі бар адамдардың қатарынан сарапшылар комиссиясын құра алады және оған Бақылаушыға органға
өз функцияларын орындауда көмек көрсетуді тапсыра алады.
5. Бірінші Тіркеуші Халықаралық тіркелімді осы Хаттама күшіне енген күннен бастап бес жыл бойы жүргізеді. Содан соң Бақылаушы орган Тіркеушіні тұрақты негізде бесжылдық мерзімге белгілейді немесе қайта белгілейді.
XVIII бап. Бастапқы қағидалар
Тіркеуші орган бастапқы қағидаларды олар осы Хаттама күшіне енген кезден бастап қолданыла бастайтындай етіп қабылдайды.
XIХ бап. Ақпарат енгізудің белгіленген пункттері
1. Уағдаласушы Мемлекет 2-тармақтың ережелерін ескере отырып, кез келген уақытта өз аумағындағы ұйымды немесе ұйымдарды ақпаратты енгізу пункті немесе пункттері ретінде белгілей алады, олар арқылы Халықаралық тіркелімге
40-бапқа сәйкес, екі жағдайда да басқа мемлекеттің заңнамасына сәйкес туындайтын ұлттық кепілдік туралы хабарламаны немесе құқық немесе кепілдік туралы хабарламаны тіркеумен қатар, тіркелуге қажетті ақпарат берілуге тиіс немесе берілуі мүмкін.
2. Алдыңғы тармаққа сәйкес жүргізілген белгілеу авиациялық қозғалтқыштарға қатысты тіркеу үшін талап етілетін ақпаратты енгізу үшін белгіленген пунктті немесе пункттерді пайдалануға жол беруі мүмкін, бірақ оны міндеттемеуі мүмкін.
XX бап. Тіркелімге қатысы бар ережелерді қосымша өзгерту
1. Конвенцияның 19-бабы 6-тармағының мақсаттары үшін қайталануды болдырмау үшін қажет болғанда басқа деректермен толықтырылып отыратын авиациялық объектіні жасап шығарушының атауы, оны жасап шығарушының сериялық нөмірі және модельдің белгіленуі ол үшін іздеу критерийлері болып табылады.
Мұндай қосымша ақпарат қағидаларда атап көрсетіледі.
2. Конвенцияның 25-бабы 2-тармағының мақсаттары үшін және онда сипатталған мән-жайлардың болуы кезінде тіркелген шартты халықаралық кепілдіктің немесе тіркелген халықаралық кепілдіктің шартты цессиясының иеленушісі не шартты түрде сату соның пайдасына тіркелген тұлға өз өкілеттіктерінің шегінде осы тармақта көрсетілген талапты алғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, тіркеудің жойылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды.
3. Конвенцияның 17-бабы 2-тармағының h) тармақшасында айтылған алымдар Халықаралық тіркелімді құрумен, жүргізумен және реттеумен байланысты ақылға қонымды шығындардың, сондай-ақ Бақылаушы органның Конвенцияның
17-бабының 2-тармағында көзделген функцияларды атқарумен, өкілеттіктерді жүзеге асырумен және міндеттерді орындаумен байланысты ақылға қонымды шығындарының орны толтырылатындай етіп белгіленеді.
4. Халықаралық тіркелімнің орталықтандырылған функцияларын Тіркеуші тәулік бойы жүзеге асырады және атқарады. Ақпарат енгізудің әртүрлі пункттері өз функцияларын жұмыс уақытында өздерінің тиісті аумақтарында жүзеге асырады.
5. Конвенцияның 28-бабының 4-тармағында айтылған сақтандыру немесе қаржылық кепілдіктер сомасы әрбір оқиғаға қатысты авиациялық объектінің тым болмағанда Тіркеуші орган белгілеген ең жоғары құнына тең болады.
6. Конвенциядағы ешбір жайт Тіркеуші Конвенцияның 28-бабына сәйкес олар үшін жауапты болмайтын оқиғаларды жабу үшін Тіркеушіге сақтандыруды немесе қаржылық кепілдіктерді алуға кедергі келтірмейді.
IV тарау
Юрисдикция
XXI бап. Юрисдикция туралы ережелерді өзгерту
Конвенцияның 43-бабының мақсаттары үшін және Конвенцияның 42-бабын ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттің соты осы мемлекет тіркеу мемлекеті болып табылған жағдайда да юрисдикцияға ие болады.
XXII бап. Егеменді иммунитеттен бас тарту
1. 2-тармақтың ережелері ескеріліп, Конвенцияның 42 немесе 43-баптарында айтылған соттар юрисдикциясынан егеменді иммунитеттен бас тарту немесе Конвенцияға сәйкес қандай да бір авиациялық объектіге қатысты құқықтарды мәжбүрлеп орындатуға және кепілдіктердің сақталуына байланысты міндетті болып табылады және осындай юрисдикцияны немесе осындай мәжбүрлеп орындатуды жүзеге асырудың басқа да талаптары сақталған жағдайда, мән-жайларға қарай, юрисдикцияны жүзеге асыруға құқықтар мен мәжбүрлеп орындатуға рұқсаттар беру бөлігінде жарамды болып табылады.
2. Алдыңғы тармақта көзделген бас тарту жазбаша түрде ресімделуге және авиациялық объектінің сипаттамасын қамтуға тиіс.
V тарау
Басқа конвенциялармен байланыс
XXIII бап. Әуе кемелеріне құқықтарды халықаралық мойындау туралы конвенциямен байланыс
Осы Конвенция 1948 жылғы 19 маусымда Женевада қол қойылған Әуе кемелеріне құқықтарды халықаралық мойындау туралы конвенцияның тарабы болып табылатын Уағдаласушы Мемлекет үшін аталған Конвенцияны осы Хаттамада айқындалғандай әуе кемелеріне және авиациялық объектілерге қатысы бар бөлікте ауыстырады. Алайда, осы Конвенция қамтымайтын немесе Конвенция оларға қолданылмайтын құқықтарға немесе кепілдіктерге қатысты Женева конвенциясы ауыстырылмайды.
XXIV бап. Әуе кемелерін ескерту үшін тұтқындауға қатысы бар
кейбір қағидаларды біріздендіруге арналған конвенциямен байланыс
1. Осы Конвенция 1933 жылғы 29 мамырда Римде қол қойылған Әуе кемелерін ескерту үшін тұтқындауға қатысы бар кейбір қағидаларды біріздендіруге арналған конвенцияның тарабы болып табылатын Уағдаласушы Мемлекет үшін аталған Конвенцияны осы Хаттамада айқындалғандай әуе кемелеріне қатысы бар бөлікте ауыстырады.
2. Уағдаласушы Мемлекет – жоғарыда айтылған Конвенцияның қатысушысы осы Хаттаманы ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу кезінде өзінің осы бапты қолданбайтыны жөнінде мәлімдей алады.
XXV бап. Халықаралық қаржылық лизинг туралы
УНИДРУА конвенциясымен байланыс
Осы Конвенция 1988 жылғы 28 мамырда қол қойылған Халықаралық қаржылық лизинг туралы УНИДРУА конвенциясын авиациялық объектілерге қатысы бар бөлікте ауыстырады.
VI тарау
Қорытынды ережелер
XXVI бап. Қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу
1. Осы Хаттама жылжымалы жабдық туралы конвенцияны және авиациялық хаттаманы қабылдау үшін 2001 жылғы 29 қазан - 16 қараша аралығында
Кейптаунда өткен Дипломатиялық конференцияға қатысқан мемлекеттердің
2001 жылғы 16 қарашада Кейптаунда қол қоюы үшін ашық. 2001 жылдың
16 қарашасынан кейін осы Хаттама барлық мемлекеттердің Халықаралық жеке құқықты біріздендіру институтының Римдегі Штаб-пәтерінде ол XXVIII бапқа сәйкес күшіне енгенге дейін қол қоюы үшін ашық болады.
2. Осы Хаттаманы оған қол қойған мемлекеттер ратификациялауға, қабылдауға немесе бекітуге тиіс.
3. Осы Хаттамаға қол қоймаған кез келген мемлекет оған кез келген уақытта қосыла алады.
4. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу депозитарийге бұл туралы ресми құжатты сақтауға тапсыру жолымен жүргізіледі.
5. Мемлекет, егер ол Конвенцияның қатысушысы болып табылмаса немесе болмаған жағдайда, осы Хаттаманың қатысушысы бола аламайды.
XXVII бап. Өңірлік экономикалық интеграция ұйымдары
1. Егеменді мемлекеттер құрған және осы Хаттамамен реттелетін кейбір мәселелерге қатысты құзыреті болатын кез келген өңірлік экономикалық интеграция ұйымы да осы Хаттамаға қол қоюы, оны ратификациялауы, қабылдауы, бекітуі немесе оған қосылуы мүмкін. Бұл жағдайда өңірлік экономикалық интеграция ұйымы осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты осы ұйымның құзыреті болатындай көлемде Уағдаласушы Мемлекеттің құқықтары мен міндеттемелеріне ие болады. Уағдаласушы Мемлекеттер саны осы Хаттамада релевантты болып табылатын жағдайларда өңірлік экономикалық интеграция ұйымы Уағдаласушы Мемлекеттер болып табылатын оған мүше мемлекеттерге қосымша ретінде Уағдаласушы Мемлекет болып есептелмейді.
2. Өңірлік экономикалық интеграция ұйымы қол қою, қабылдау, бекіту немесе қосылу кезінде осы Хаттама реттейтін және соларға қатысты осы ұйымға оған мүше мемлекеттердің құзыреті берілген мәселелерді көрсете отырып, депозитарийге мәлімдеме жасайды. Өңірлік экономикалық интеграция ұйымы депозитарийге
осы тармаққа сәйкес жасалған мәлімдемеде көрсетілген құзыреттердің аражігін ажыратудың кез келген өзгерістері туралы, оның ішінде жаңа құзыреттер беру туралы дереу хабарлайды.
3. Осы хаттамада «Уағдаласушы Мемлекетке» немесе «Уағдаласушы Мемлекеттерге» немесе «қатысушы Мемлекетке» немесе «қатысушы Мемлекеттерге» кез келген сілтеме жасау контекст талап еткенде өңірлік экономикалық интеграция ұйымына бірдей дәрежеде қатысты болады.
XXVIII бап. Күшіне ену
1. Осы Хаттама осындай құжаттарды сақтауға тапсырған мемлекеттер арасындағы ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы сегізінші құжат сақтауға тапсырылған күннен кейін үш ай өткен соң келетін айдың бірінші күні күшіне енеді.
2. Басқа мемлекеттер үшін осы Хаттама ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы өз құжаты сақтауға тапсырылған күннен кейін үш ай өткен соң келетін айдың бірінші күні күшіне енеді.
XXIX бап. Аумақтық бірліктер
1. Егер мемлекеттің осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты
әртүрлі құқықтық жүйелер қолданылатын аумақтық бірліктері болса, ол ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу кезінде осы Хаттаманың күші оның барлық аумақтық бірліктеріне немесе олардың біреуіне немесе одан да көбіне қолданылатыны жөнінде мәлімдей алады және кез келген уақытта басқа мәлімдеме жасай отырып, бұл мәлімдемесін өзгерте алады.
2. Кез келген осындай мәлімдемеде осы Хаттама қолданылатын аумақтық бірліктер анық көрсетіледі.
3. Егер Уағдаласушы Мемлекет 1-тармаққа сәйкес мәлімдеме жасамаса, осы Хаттама мұндай мемлекеттің барлық аумақтық бірліктеріне қолданылады.
4. Уағдаласушы Мемлекет осы Хаттаманың күшін өзінің бір немесе бірнеше аумақтық бірлігіне қолданатын жағдайларда осы Хаттама бойынша жол берілетін мәлімдемелер әрбір осындай аумақтық бірлікке қатысты жасалуы мүмкін және
бір аумақтық бірлікке қатысты жасалған мәлімдемелер басқа аумақтық бірлікке қатысты жасалған мәлімдемелерден өзгеше болуы мүмкін.
5. Егер 1-тармаққа сәйкес мәлімдемеге байланысты осы Хаттаманың күші қандай да бір Уағдаласушы Мемлекеттің бір немесе бірнеше аумақтық бірлігіне қолданылатын болса:
а) егер ол Конвенция мен осы Хаттама қолданылатын аумақтық бірлікте қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылған немесе қалыптастырылған болса ғана немесе егер оның тіркелген мекемесі немесе заңнамада көзделген штаб-пәтері, әкімшілік орталығы, шаруашылық қызметті жүргізу орны немесе Конвенция мен осы Хаттама қолданылатын аумақтық бірлікте әдеттегі тұру орны болса ғана, борышкер Уағдаласушы Мемлекеттің бірінде тұратын болып есептеледі;
b) объектінің қандай да бір Уағдаласушы Мемлекетте орналасуын көрсететін кез келген сілтеме объектінің Конвенция мен осы Хаттама қолданылатын аумақтық бірлікте орналасуын көрсетеді;
с) осы Уағдаласушы Мемлекетте әкімшілік органдарға жасалған кез келген сілтеме Конвенция мен осы Хаттама қолданылатын аумақтық бірлікте юрисдикциясы бар әкімшілік органдарға жасалған сілтеме ретінде қарастырылады, ал осы Уағдаласушы Мемлекетте ұлттық тіркелімге немесе тіркеу органына жасалған кез келген сілтеме Конвенция мен осы Хаттама қолданылатын аумақтық бірлікте немесе бірліктерде юрисдикциясы бар қолданыстағы авиациялық тіркелімге немесе тіркеу органына жасалған сілтеме ретінде қарастырылады.
XXХ бап. Жекелеген ережелерге қатысы бар мәлімдемелер
1. Уағдаласушы Мемлекет осы Хаттаманы ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу кезінде осы Хаттаманың VIII, XII және XIII баптардың
кез келген біреуін немесе бірнешеуін қолданатыны жөнінде мәлімдей алады.
2. Уағдаласушы Мемлекет осы Хаттаманы ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу кезінде осы Хаттаманың X бабының ережелерін толық немесе ішінара қолданатыны жөнінде мәлімдей алады. Егер ол мұндай мәлімдемені
X баптың 2-тармағына қатысты жасаса, онда ол талап етілетін уақыт кезеңінің ұзақтығын атап көрсетеді.
3. Уағдаласушы Мемлекет осы Хаттаманы ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу кезінде X баптың А нұсқасының ережелерін толық қолданатыны немесе В нұсқасының ережелерін толық қолданатыны жөнінде мәлімдей алады және мұндай жағдайда, егер ондайлар бар болса, ол А нұсқасының ережелерін қолданатын дәрменсіздік бойынша рәсімдердің түрлерін және егер ондайлар бар болса,
ол В нұсқасының ережелерін қолданатын дәрменсіздік бойынша рәсімдердің түрлерін көрсетеді. Осы тармаққа сәйкес мәлімдеме жасайтын Уағдаласушы Мемлекет XI бапқа сәйкес талап етілетін уақыт кезеңінің ұзақтығын атап көрсетеді.
4. Уағдаласушы Мемлекеттердің соттары дәрменсіздікке қатысты бастапқы юрисдикцияны жүзеге асыратын Уағдаласушы Мемлекет жасаған мәлімдемеге сәйкес XI бапты қолданады.
5. Уағдаласушы Мемлекет осы Хаттаманы ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу кезінде XXI баптың ережелерін толық немесе ішінара қолданбайтыны жөнінде мәлімдей алады. Мұндай мәлімдемеде, егер тиісті бап ішінара қолданылатын болса, оның қандай шарттарда қолданылатыны немесе керісінше жағдайда уақытша сот қорғауының басқа қандай нысандары қолданылатыны көрсетіледі.
XXXI бап. Конвенцияға сәйкес мәлімдемелер
Конвенцияның 39, 40, 50, 53, 54, 55, 57, 58 және 60 баптарына сәйкес жасалған мәлімдемелерді қоса алғанда, Конвенцияға сәйкес жасалған мәлімдемелер,
егер өзгеше көрсетілмесе, осы Хаттамаға да сәйкес жасалған мәлімдемелер ретінде қарастырылады.
XXXII бап. Ескертпелер мен мәлімдемелер
1. Осы Хаттамаға қатысты ешбір ескертпелер жасалмайды, алайда XXIV, XXIХ, XXX, XXXI, XXXIII және XXXIV баптармен рұқсат етілген мәлімдемелер осы баптардың ережелеріне сәйкес жасалуы мүмкін.
2. Кез келген мәлімдеме немесе кейіннен жасалатын мәлімдеме туралы немесе осы Хаттамаға сәйкес жасалған мәлімдемені кез келген кері қайтарып алу туралы депозитарий жазбаша түрде хабардар етіледі.
XXXIII бап. Кейіннен жасалатын мәлімдемелер
1. Кез келген қатысушы Мемлекет өзі үшін осы Хаттама күшіне енген күннен кейін кез келген уақытта ол жөнінде депозитарийді хабардар ете отырып, Конвенцияның 60-бабына сай XXXI бапқа сәйкес жасалған мәлімдемеден басқа кейіннен мәлімдеме жасай алады.
2. Осындай кез келген кейіннен жасалған мәлімдеме депозитарий хабарламаны алған күннен кейін алты ай өткен соң келетін айдың бірінші күні күшіне енеді.
Егер хабарламада осы мәлімдеменің күшіне енуінің неғұрлым ұзақ кезеңі атап көрсетілсе, ол депозитарий хабарламаны алғаннан кейін осындай неғұрлым ұзақ кезең өткен соң күшіне енеді.
3. Алдыңғы тармақтардың ережелеріне қарамастан, осы Хаттама мұндай кейіннен жасалған мәлімдемелер осындай кез келген кейіннен жасалған мәлімдеме күшіне енген күнге дейін туындаған барлық құқықтар мен кепілдіктерге қатысты жасалмағандай болып қолданыла береді.
XXXIV бап. Мәлімдемелерді кері қайтарып алу
1. Осы Хаттамаға сәйкес Конвенцияның 60-бабына сай XXXI бапқа сәйкес жасалған мәлімдемеден басқа мәлімдеме жасаған кез келген қатысушы Мемлекет депозитарийге жазбаша хабарлама жіберіп, оны кез келген уақытта кері қайтарып алуы мүмкін. Мұндай кері қайтарып алу депозитарий хабарламаны алған күннен кейін алты ай өткен соң келетін айдың бірінші күні күшіне енеді.
2. Алдыңғы тармақтардың ережелеріне қарамастан, осы Хаттама мәлімдемені мұндай кері қайтарып алу кез келген осындай кері қайтарып алу күшіне енген күнге дейін туындаған барлық құқықтар мен кепілдіктерге қатысты жүргізілмегендей болып қолданыла береді.
XXXV бап. Күшін жою
1. Кез келген қатысушы Мемлекет депозитарийді жазбаша хабардар ете отырып, осы Хаттаманың күшін жоя алады.
2. Кез келген мұндай күшін жою депозитарий хабарламаны алған күннен кейін он екі ай өткен соң келетін айдың бірінші күні күшіне енеді.
3. Алдыңғы тармақтардың ережелеріне қарамастан, осы Хаттама мұндай күшін жою кез келген осындай күшін жою күшіне енген күнге дейін туындаған барлық құқықтар мен кепілдіктерге қатысты жүргізілмегендей болып қолданыла береді.
XXXVI бап. Ревизиялық конференциялар, түзетулер
және солармен байланысты мәселелер
1. Депозитарий Бақылаушы органмен кеңесе отырып, жыл сайын немесе мұны мән-жайлар талап еткенде қатысушы Мемлекеттер үшін осы Хаттамамен өзгертілген Конвенция құрған халықаралық режимнің іс жүзінде жұмыс істеу тәсіліне қатысты баяндамаларды дайындайды. Осындай баяндамаларды дайындау кезінде депозитарий Бақылаушы органның халықаралық тіркеу жүйесінің жұмыс істеуіне қатысы бар баяндамаларын ескереді.
2. Қатысушы Мемлекеттердің кемінде жиырма бес пайызының өтініші бойынша депозитарий Бақылаушы органмен кеңесе отырып, мынадай мәселелерді:
а) осы Хаттамамен өзгертілген Конвенция іс жүзінде орындалуын және
соның ережелерімен қамтылатын авиациялық объектілерді активтермен қамтамасыз етілген қаржыландыруға және олардың лизингіне жәрдемдесу ісіндегі оның тиімділігін;
b) осы Хаттаманың және қағидалардың ережелерін сот ісі тұрғысынан түсіндіру мен қолдануды;
с) Бақылаушы органның баяндамаларын ескере отырып, халықаралық тіркеу жүйесінің жұмыс істеуін, Тіркеушінің жұмысын және оның Бақылаушы орган тарапынан қадағалануын;
d) осы Хаттаманы немесе халықаралық тіркеу жүйесін қандай да бір өзгертудің орындылығын қарау үшін қатысушы Мемлекеттердің ревизиялық конференцияларын оқтын-оқтын шақырып отырады.
3. Осы Хаттамаға кез келген түзетуді алдыңғы тармақта айтылған конференцияға қатысатын қатысушы Мемлекеттердің тым болмағанда үштен екісі көпшілік болып бекітеді және ол сегіз мемлекет осындай түзетудің күшіне енуіне қатысы бар XXVIII баптың ережелеріне сәйкес ратификациялаған, қабылдаған немесе бекіткен жағдайда, оны ратификациялаған, қабылдаған немесе бекіткен мемлекеттерге қатысты күшіне енеді.
XXXVII бап. Депозитарий және оның функциялары
1. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттар
осы арқылы депозитарий болып белгіленетін Халықаралық жеке құқықты біріздендіру институтына (УНИДРУА) сақтауға тапсырылады.
2. Депозитарий:
а) барлық Уағдаласушы Мемлекеттерге:
i) тиісті күндері көрсетіле отырып, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатқа әрбір жаңа қол қою немесе осындай құжатты әрбір жаңа сақтауға тапсыру туралы;
ii) осы Хаттаманың күшіне енген күні туралы;
iii) тиісті күндері көрсетіле отырып, осы Хаттамаға сәйкес жасалған әрбір мәлімдеме туралы;
iv) тиісті күндері көрсетіле отырып, кез келген мәлімдемені кері қайтарып алу немесе өзгерту туралы;
v) тиісті күні және күшін жоюдың күшіне енген күні көрсетіле отырып, осы хаттаманың күшін жою туралы хабардар ету жөнінде хабарлайды;
b) барлық Уағдаласушы Мемлекеттерге осы Хаттаманың расталған түпнұсқалы көшірмелерін жібереді;
с) Бақылаушы органға және Тіркеушіге ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттың сақтауға тапсырылған күнін көрсете отырып, әрбір осындай құжаттың көшірмесін, әрбір мәлімдеменің немесе мәлімдемені кері қайтарып алудың немесе мәлімдемені өзгертудің көшірмесін және күшін жою туралы хабарламаның күнін көрсете отырып, әрбір осындай хабарламаның көшірмесін соларда қамтылған ақпарат жалпыға қолжетімді болатындай етіп береді;
d) депозитарийлер үшін әдеттегі болып табылатын басқа функцияларды да орындайды.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті түрде уәкілеттік беріліп, төменде қол қойған өкілетті өкілдер осы Хаттамаға қол қойды.
Екі мың бірінші жылғы қараша айының он алтысы күні Кейптаунда орыс, ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдерінде жалғыз түпнұсқалы данада ЖАСАЛДЫ, әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады, ол мұндай теңтүпнұсқалылыққа Конференцияның бірлескен хатшылығы Конференция Төрағасының өкілеттіктері шеңберінде осында көрсетілген күннен бастап тоқсан күн ішінде оларды бір-біріне сәйкес келтіру тұрғысынан тексергеннен кейін ие болады.
Қосымша
ТІРКЕУДЕН АЛЫП ТАСТАУҒА ЖӘНЕ ӘКЕТУГЕ АРНАЛҒАН
КЕРІ ҚАЙТАРЫП АЛЫНБАЙТЫН ӨКІЛЕТТІК НЫСАНЫ
XIII бапта сілтеме жасалатын қосымша
[Күні]
Кімге: [тіркеу органының атауы]
Мазмұны: тіркеуден алып тастауға және әкетуге арналған кері қайтарып алынбайтын өкілеттік
Төменде қол қойған тұлға тіркелген [пайдаланушы] [иеленуші] болып табылады* [әуе кемесінің планерін/тікұшақты жасап шығарушының атауы және модельдің нөмірі], жасап шығарушының сериялық нөмірі берілген [жасап шығарушының сериялық нөмірі] және тіркеу [нөмірі] [белгісі] [тіркеу нөмірі/белгісі] (барлық орнатылған, монтаждалған немесе қоса берілген керек-жарақтары, бөлшектері мен жабдықтары бар жиынтықта – «әуе кемесінің»). Осы құжат төменде қол қойған тұлға Жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияға Авиациялық жабдық жөніндегі хаттаманың XIII бабының ережелеріне байланысты [кредитордың атауы] («уәкілетті тараптар») пайдасына берген тіркеуден алып тастауға және әкетуге арналған кері қайтарып алынбайтын өкілеттік болып табылады.
Көрсетілген бапқа сәйкес төменде қол қойған тұлға осы арқылы:
i) уәкілетті тарап немесе осы тарап белгілеген тұлға:
а) 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның ІІІ тарауының мақсаттары үшін [тіркеу органының атауы] жүргізетін [әуе кемелері тіркелімінің атауы] әуе кемесін тіркеуден алып тастауды қамтамасыз етуге;
b) әуе кемесінің [елдің атауы] физикалық орын ауыстыруын қамтамасыз етуге;
ii) төменде қол қойған тұлғаның келісімінсіз жазбаша талап ету бойынша уәкілетті тарап немесе осы тарап белгілеген тұлғаның жоғарыда i) тармағында көрсетілген іс-әрекеттерді жасауы мүмкін екенін және мұндай талап қойылғаннан кейін [елдің атауы] өкілетті органдары осындай іс-әрекеттерді тез арада аяқтау мақсатында уәкілетті тараппен ынтамақтасатынын растауға құқығы бар дара тұлға болып табылатынын мойындауды сұрайды.
Уәкілетті органның осы құжатта белгіленген құқықтарын төменде қол қойған тұлға уәкілетті тараптың жазбаша келісімінсіз кері қайтарып ала алмайды.
* Ұлттық тиесілігін тіркеудің тиісті критерийін көрсететін терминді таңдау.
Құжаттың төменгі бөлігінде сол үшін бөлінген тұста тиісті жазба енгізу және осы құжатты [тіркеу органының атауы] беру арқылы осы сұрау салумен және оның шарттарымен келісетініңізді растауды сұраймын.
[Пайдаланушының/иеленушінің атауы]
______________________________
Келісілді және берілді [Қол қойған адамның тегі]
[Күні] [Қол қойған адамның лауазымы]
_______________________________
[Тиісті адресатты көрсету]
Достарыңызбен бөлісу: |