Ұйымдарды басқару аппараты қызметкерлерінің
үлгілік құрылымын және штаттық нормативтерін
әзірлеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды
бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 қарашадағы № 1159 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 10-тармағы 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ұйымдарды басқару аппараты қызметкерлерінің үлгілік құрылымын және штаттық нормативтерін әзірлеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бекітілсін.
2. Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті (А. А. Сарбасов) осы бұйрықтың Министрліктің веб-сайтында жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министр Г. Әбдіқалықова
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің
2010 жылғы 15 қарашадағы
№375/1-ө бұйрығымен
бекітілген
Ұйымдарды басқару аппараты қызметкерлерінің
үлгілік құрылымын және штаттық нормативтерін
әзірлеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар
Жалпы ережелер
1. Ұсынымдар ұйымдарды басқару аппаратының құрылымын оңтайландыру жөніндегі жұмыстарды жүргізу, оның қызметкерлерін басқару деңгейі бойынша бөлу, түрлі білікті қызметшілер санаттары арасында оңтайлы ара қатынасты белгілеу, олардың санын жоспарлау және басқа да мақсаттарға арналған.
2. Ұйымды басқару аппаратына алдында тұрған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ұйым қызметінің барлық тараптарын функционалды басқаруды жүзеге асыратын басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер жатады.
Басқару аппараты қызметкерлерінің қатарына өндіріс процесімен тікелей айналыспайтын және өндірісішілік құрылымдық ұйым бөлімшелерінің, сондай-ақ ғылыми және нормативтік-зерттеу, конструкторлық, жобалау, технологиялық, метрологиялық бөлімшелердің штатында есептелетін басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер жатпайды.
3. Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер санатына жатқызу ұйымдық-құқықты нысанына қарамастан экономикалық қызметтің барлық салаларына ортақ болып табылатын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілетін басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілердің біліктілік анықтамалығына сәйкес жүргізіледі.
4. Ұйымның басқару аппараты жұмысының мазмұнын айқындау кезінде еңбек, қаржы және материалдық ресурстардың негізінде әлеуметтік-экономикалық дамудың белгіленген жалпы параметрлері мен тапсырмаларын орындау жөнінде ұйым қызметін қамтамасыз етуге қажетті басқару функциялары кешеніне сүйенген жөн.
5. Осы ұсынымда мынадай түсініктер қолданылады:
- басқару аппаратының үлгілік құрылымы (бұдан әрі - құрылым) – бұл басқару, функционалдық құрылымдық бөлімшелердің деңгейлерінен және (немесе) олардың саны мен тәуелділігін көрсете отырып басшылардың, мамандардың, басқа да қызметшілердің жекелеген лауазымдарынан тұратын ұйым бөлімшелері мен қызметкерлерінің арасындағы өзара іс-әрекет пен үйлестірудің белгіленген тәсімі;
- басқару аппараты қызметкерлерінің штаттық саны – бұл ұйым қызметінің бағыттары мен сол ұйым үшін белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму параметрлерін ескере отырып қызметкерлерге сан нормативтері бойынша есептелген экономикалық негізделген сұраныс;
- басқару аппараты қызметкерлері санының штаттық нормативі (бұдан әрі - норматив) – бұл нақты ұйымдық-техникалық жағдайларда басқару функцияларын немесе жұмыс көлемін орындауға қажетті белгілі бір кәсіптік-біліктілік құрамдағы қызметкерлері санының ұйым қызметкерлерінің жалпы санына белгіленген ара қатынасы (қызметкерлердің жалпы орташа тізімдегі санына басқару аппараты қызметкерлері санының үлес салмағы).
6. Ұйымның басқару аппаратының құрылымдық бөлімшесі деген ұғым бір немесе бірнеше функцияларды, не басшы жетекшілік ететін басқару функцияларының бөлігін орындайтын ресми бөлінген оның ерекше бөлігі дегенді білдіреді.
2. Басқару функциялары құрамын айқындау
7. Қалыптасқан қызметшілердің еңбегін бөлуге сәйкес басқару аппаратының қызметін басқарудың жекелеген функцияларына бөлуге болады.
8. Құрылым және нормативтерді әзірлеу кезінде ірілендірілген мынадай басқару функцияларына бөлу ұсынылады:
- жалпы басшылық;
- өндірісті дамыту және техникалық дайындығы: өндіріс конструкцияларын, технологиясын, ұйымын жетілдіру және тағы басқалар;
- экономикалық функциялар: қаржы-шаруашылық қызметті болжамдау, жоспарлау, талдау; қызметкерлердің еңбекақысын ұйымдастыру;
- бухгалтерлік есеп және қаржы қызметі;
- техникалық саясат: ғылыми-техникалық дамыту, стандарттау, сертификаттау, сапасын бақылау, еңбекті қорғау және басқалар;
- персоналды басқару: кадрларды жинақтау, кадрларды даярлау және қайта даярлау және басқалар;
- маркетинг, материалдық-техникалық қамсыздандыру және өнімді өткізу;
- іс жүргізуді және шаруашылық қызмет көрсетуді басқару және басқалар.
9. Басқару функцияларын бөлшектеу немесе бірлестіруді ұйымдар өндірістің өзіндік ерекшеліктеріне, қызметшілер санын айқындаудың орындылығына және объективтілігіне қарай жүзеге асырады.
10. Нормативтерді әзірлеу кезінде мынадай негізгі факторларды ескеру ұсынылады:
- өндірістік персоналдың жалпы саны;
- жұмысшылар саны;
- құрылымдық бөлімшелердің саны;
- шығарылатын өнімнің (көрсетілетін қызметтердің, орындалатын жұмыстардың) номенклатурасы;
- өнім берушілер мен тұтынушылардың жалпы саны;
- орнатылған жабдықтардың бірлік саны;
- жұмыс орындарының жалпы саны;
- ұйым жұмысының ауысымдылығы және басқалар.
3. Басқару аппаратының үлгілік құрылымын әзірлеу
11. Құрылымды әзірлеу кезінде басқарушылықтың мынадай нормаларын ескеру ұсынылады:
- департамент қызметкерлердің саны оның штатында (басшылардың лауазымдарын қоса алғанда) он бес адамнан кем болмағанда құрылады;
- басқарма, қызмет олардың штатындағы қызметкерлердің саны (басшылардың лауазымдарын қоса алғанда) кемінде жеті адам болғанда құрылады;
- бөлім басшылардың лауазымдарын қоса алғанда, оның штатындағы қызметкерлердің саны кемінде төрт адам болғанда құрылады;
- сектор (бюро, топ) басшылардың лауазымдарын қоса алғанда, оның штатындағы қызметкерлердің саны кемінде үш адам болғанда құрылады;
- қажеттігіне қарай құрылымдық бөлімшелердің құрамында жоғарыда аталған басқарушылық нормаларын ескере отырып:
департаментте – басқармалар (қызметтер);
басқармада (қызметте) – бөлімдер, секторлар (бюро, топтар);
бөлімде – секторлар (топтар) құруға болады;
- бас директордың (президенттің) лауазымы егер ұйымның өз құрылымында еншілес кәсіпорындар, оқшауланған бөлімшелер (филиалдар мен өкілдіктер) және қызметкерлердің жалпы саны кемінде бір мың адам болған жағдайда енгізіледі;
- ұйым басшылары орынбасарларының саны қызметтің жүзеге асырылатын түрлері мен бағыттарының, құрылымдық бөлімшелердің санына, қызметкерлердің тізімдемелік саны мен орындалатын функцияларына байланысты белгіленеді;
- бас маман лауазымы (бас инженер, бас бухгалтерді қоспағанда) егер қызметкер басқарушылық функцияларын орындаған және оған ұйым қызметінің тиісті бағыты бойынша құрылымдық бөлімше бағынысты болған жағдайда енгізіледі;
- құрылымдық бөлімшенің бастығы орынбасарының лауазымы бір орынбасарға бағынысты оның штатындағы қызметкерлердің саны кемінде бес адам есебінен енгізіледі.
12. Заңнамада не жергілікті актілерде өзге басқарушылық нормалар белгіленгенде, бірақ осы Ұсынымдардың 11-тармағында көрсетілген нормалардан төмен емес болған жағдайларда, олар құрылымды әзірлеу кезінде ескеріледі.
4. Басқару аппараты қызметкерлері санының штаттық нормативтерін айқындау
13. Басқару аппараты қызметкерлерінің санын жалпы ұйым қызметкерлерінің орташа тізімдегі санының 15 пайызынан аспайтын мөлшерде белгілеу ұсынылады.
Аталған нормативтерді нақты ұйымдар бойынша саралауды тиісті қызмет саласының уәкілетті мемлекеттік органы жүзеге асыруына болады.
14. Тиісті саладағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісілген норматив қызметінің негізінде басқару функцияларын ескере отырып қызметкерлер санын әзірлеу және бекіту ұсынылады.
|