Жүкті және емізулі әйелдердің оразасы туралы
Әйелдер жүктілік немесе бала емізу себебімен ұстамай қалған оразаны өтеу керек пе?
Біз Оны ғана мадақтайтын және Одан ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Біз Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына күәлік береміз және Мухаммад – Аллаһтың құлы және Оның Елшісі екеніне куәлік береміз.
Содан соң:
Жүктілік немесе бала емізу себебімен орындалмай қалған оразаны өтеу мәселесінің төңірегіндегі келіспеушіліктерге байланысты көптеген мұсылман әйелдерін «Жүкті және емізулі әйелдер не істеуге міндетті?» деген сұрақ мазалайды. Олар ораза ұстауға міндетті ме, әлде жоқ па, әрі олар оразаны қалдырған жағдайда оны толықтыруға тиісті ме?
Аллаһтың рұқсатымен, бұл сұрақтар барлық жақтардың дәлелдерін келтірген түрде қаралатын болады.
Жүкті және емізулі әйелдер қажеттілік болғанда оразасын тоқтата алатындығы туралы
Әнастан (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны хабарланады: «Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ сапардағыларды оразаның ауыртпалығынан және намаздың жартысынан, ал жүкті және емізулі әйелдерді оразаның ауырпалығынан босатты». Әт-Тирмизи 715, Абу Дауд 2408, ән-Нәсаи 2277. Имам Абу Иса әт-Тирмизи хадисті хасан деді, ал шейх әл-Әлбани оны сахих деп атады.
Жүкті және емізулі әйелдер өздері немесе балалары үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады. Алайда, егер олар ораза ұстай алса, онда оларға оразаны қалдыруға тыйым салынады, өйткені Аллаһ Тағала: «... ал сендер үшін ораза ұстау жақсырақ, сендер білсеңдер еді!» (әл-Бақара 2: 183), - деді.
Ибраһим ән-Нәһа’и былай деп баяндаған: “Бірде бір әйел Әлқамаға келіп: «Мен жүктімін, бірақ ораза ұстай аламын, ал күйеуім ораза ұстауыма тыйым салады», - деп айтты. Сонда Әлқама оған: «Аллаһқа мойынсұн да, (осы мәселеде) күйеуіңді тыңдама!», - деді”. ‘Абдур-Раззақ № 7566.
Имам Ибн ‘Ақиль былай деген: “Егер жүкті әйел жатырындағы нәресте үшін және емізулі әйел баласы үшін қауіптенсе, онда олар ораза ұстамаулары керек, ал егер олар қауіптенбесе, онда оларға ораза ұстамауға тыйым салынады!” Қз.: “әл-Инсаф” 7/382.
Шейх Ибн ‘Усаймин былай деген: “Жүкті және емізулі әйелдерге қажеттілік болған жағдайдан басқа кезде ораза ұстамауға рұқсат етілмейді!” Қз.: “Фәтауа әс-сыям” 161.
Сөйтіп, жүкті және емізулі әйелдер, көпшіліктің ойлайтынындай, жай жүктілігі мен бала емізетіндігі себепті емес, баласы үшін не өзі үшін қауіптенген жағдайда ғана ораза ұстамауына болады.
Ескерту:
Егер жүкті әйел ұрығының басы немесе қолы сияқты дене мүшелері қалыптасу кезінде түсік тастап қойса, онда мұндай жағдай босанғаннан кейінгі қан келу ретінде қарастырылады да, осындай әйел ораза ұстамайды. Егер түсік тастау жүктіліктің ертерек кезеңінде (сексен күнге дейін) орын алса, онда әйел кісі истихада (яғни ауруға байланысты қан келу) жағдайында болып саналады да, ол оразасын қалдырмай ұстайды. Қз.: “Фатауа әл-Ләжна әд-даима” 10/224.
Жүктілік және бала емізу себебімен қалып қалған ораза күндері толықтырылады ма?
Осы мәселеге қатысты ғалымдардың арасында бес белгілі пікір бар, ал олардың дұрысы тек біреуі ғана, өйткені ақиқат біреу ғана, ал қарама-қайшы келіспеушіліктердің оған қатысы жоқ. Имам Мәлик былай дейтін: “Аллаһпен ант етемін, ақиқат біреу ғана, әрі екі өзара қарама-қайшы пікірдің екеуі де бірдей дұрыс болуы мүмкін емес!” Қз.: “Жәми’уль-баяниль-‘ильм” 2/82.
Барлық тараптардың пікірлерін жан-жақты қарап шығайық:
Бірінші пікір: жүкті және емізулі әйелдер оразаны толықтыруға және қалдырылған әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандыруға міндетті. Бұл Мәликтің, әш-Шәфи’идің және Ахмадтың пікірі болатын. Қз.: “Тухфатуль-ахуази” 3/402. Алайда кейбір шәфи‘илер мен ханбалилер: «Егер олар өздері үшін қауіптеніп ораза ұстамаған болса, онда кедейді тамақтандырусыз, жай қалып қалған ораза күндерін толықтырулары ғана қажет», - деп санаған. Қз.: “Сахих фиқху-с-Сунна” 2/125.
Екінші пікір: Жүкті әйел қалып қалған ораза күндерін ғана толықтырады, ал емізулі әйел оразасын толықтырады және әрбір қалдырған күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Бұл имам Мәликтің және көптеген шафи‘илердің пікірі. Қз.: «әл-Мәжму’» 6/273.
Алғашқы екі пікірдің Құранда да, Сүннетте де, сахабалардың біреуінің сөзінде де негізі жоқ. Имам Абу ‘Абдуллаһ әл-Мәррузи былай деп айтатын: “Біз екі үкімді, яғни кедейді тамақтандыру мен оразаны толықтыруды біріктіру қажет екендігі туралы имам Мужаһидтен басқа ешкімнен сенімді түрде жеткізілетінін білмейміз”. Қз.: “әл-Истизкар” 3/364.
Үшінші пікір: жүкті және емізулі әйелдер кедейлерді тамақтандырмай, қалып қалған ораза күндерін жай ғана толықтыруға міндетті. Бұл Әбу Ханифаның, әл-Әуза’идің, Суфьян әс-Сауридің, Әбу Саурдың және Әбу ‘Убайданың пікірі. Қз.: “Бидаятуль-мужтаһид” 1/446. Сондай-ақ бұл пікірді шейх Ибн Баз бен шейх Ибн ‘Усаймин де таңдаған. Олар Аллаһ Тағаланың шариғатындағы негіз – бұл әрбір мұсылман адамның ораза ұстауға міндетті екендігін, әрі осы (үкім) жүкті және емізулі әйелдерге де қатысты, өйткені олар үшін ешқандай ерекшелеу жоқ екендігін айтқан. Әрі осыған орай жүкті және емізулі әйелдер де, орынды шариғи себеп бойынша ораза ұстай алмаған кез келген адам сияқты, қалдырған күндерін толықтыруға міндетті.
Сондай-ақ олар келесі қиястарды дәлел ретінде келтіреді: «Ұлы және Құдіретті Аллаһ сапардағыларды оразадан және намаздардың жартысынан, ал жүкті және емізулі әйелдерді оразадан босатты» деген хадис.
Олар: «Жүкті және емізулі әйелдер хадисте сапардағы адаммен бір қатарда аталады, ал сапардағы адам қалдырылған оразаны толықтыруға міндетті», - дейді.
Сондай-ақ олар жүкті және емізулі әйелдерді науқас адамдармен теңейді де: «Өйткені науқас адам өзі үшін қауіптенгендігі себепті ораза ұстамайды, бірақ сонымен қоса ауруынан жазылғаннан кейін оразасын толықтыруға міндетті», - дейді.
Төртінші пікір: жүкті және емізулі әйелдер оразаны өтемейді және кедейлерді тамақтандырмайды. Бұл имам Ибн Хазмның пікірі, әрі оны шейх Хамад әл-Ансари де таңдаған. Қз.: “әл-Мухаллә” 6/263, “Тухфату әс-саил ‘ан саум әл-мурды’ уәл-хамил” 138.
Олардың пікірі Аллаһ Тағаланың шариғатында жүктілік және бала емізу себебімен ораза ұстамауға деген рұқсаттың бар болуына әрі Құранда да, Сүннетте де олар оразаны өтеуге тиістілігіне ешқандай нұсқау жоқ екендігіне негізделеді. Аллаһ Тағала тек бес санаттағы адамдарға оразаны өтеуді бұйырды, олар: сапардағы адам, науқас адам, әдейі құсығын шақырып құсқан адам, етеккірі және босанғаннан кейінгі қаны келген әйел. Осыны атап кеткен соң Ибн Хазм: “Бірде-бір адам Құран мен Сүннетте тиісті мәтіні келмеген нәрселермен немесе сол туралы бірауызды келісім (ижма`) жоқ нәрселермен міндеттеуге құқықты емес!», - деді де, соңынан келесі аятты оқыды: «Ал кім Аллаһтың шектерінен шықса, расында, ол өзіне қастық еткен болады» (әт-Тәлақ 65: 1).
Бесінші пікір: оразасын жіберіп алған жүкті және емізулі әйелдер оны толықтыруға міндетті емес, олар әрбір қалдырған күні үшін бір кедейді тамақтандыруға тиісті. Бұл Ибн ‘Аббас пен и Ибн ‘Умардың пікірі болатын, сондай-ақ осы мәселеде оларға Са’ид ибн әл-Мусайиб, Са’ид ибн Жубайр, Қатада, Қасим ибн Мухаммад, Исхақ ибн Рахауайх, Сайд Сабиқ және әл-Әлбани ілесті. Қз.: “әл-Имам би ахками-с-сыям” 300-301, “Сахих фиқху-с-Ссунна” 2/125.
Ибн ‘Аббас «Оразаға қиналып күші келетіндер міскінді тамақтандыруға тиісті» (әл-Бақара 2: 184) деген аятқа қатысты: «Ол ораза ұстау бұйрығымен күші жойылған», - деп, кейін: «Әрбір қалдырылған күн үшін кедейді тамақтандыру (үкімі) ораза ұстауға шамасы келмейтін шал-кемпірлер, сондай-ақ (балалары үшін қауіптенетін) жүкті және емізулі әйелдер үшін бекітілген», - деп қосты». Әл-Бәйһақи 4/230, Ибн әл-Жәруд 381. Сенімділігін имам ән-Нәуауи, шейх Ахмад Шәкир және шейх әл-Әлбани растаған.
Ибн ‘Аббас сондай-ақ былай деген: “Егер жүкті әйел өзі үшін қауіптенсе, ал емізулі әйел баласы үшін қорықса, онда олар рамазан айындағы оразаны қалдырады да, әрбір қалдырылған күні үшін бір кедейді тамақтандырады, әрі олар оразасын толықтыруға тиісті емес”. Әт-Табари 2758 және басқалар. Иснадының сенімділігін хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр “әл-Истизкарда” 3/364, Ибн Хажар “әл-Маталибул-‘алияда” 1/258 және шейх әл-Әлбани “Ируа әл-ғалилде” 4/19 растаған.
Сондай-ақ Ибн ‘Аббастың жүкті әйелге: “Сіз қиналып ораза ұстай алатындардансыз, сондықтан да сіздің мойныңызда толықтыру емес, кедейді тамақтандыру”, - деп айтқаны да жеткізіледі. Әл-Баззар 1/365. Имам әд-Дарақутни және хафиз Ибн Хажар сенімділігін растаған.
Бірде Ибн ‘Умар да жүкті әйеліне ораза ұстау қиын болып жатқанын көріп, оған: “Оразаны қой, өйткені сен оны орындай алмайтындардансын. Сондықтан да әрбір күнің үшін кедейді тамақтандыр да, оразаңды толықтырмай-ақ қой”, - деп айтқан екен. Нәфи’ Ибн ‘Умардың тура осыны өзінің жүкті қызына бұйырғаны туралы баяндаған. Әд-Дарақутни 2/207/10. Иснадының сенімділігін имам әд-Дарақутни және шейх әл-Әлбани растаған. Қз.: “Ируа әл-ғалил” 4/20.
Тура осыны табиғиндерден Са’ид ибн Жубайр және Қатада сынды атақты имамдар да айтып: «Нәрестесі үшін қауіптенген жүкті әйел де ораза ұстамайды, әрі нәрестесі үшін қауіптенген емізулі әйел де ораза ұстамайды. Олар әрбір жіберіп алған күні үшін бір кедейді тамақтандыруға тиісті әрі олар оразасын толықтырмайды», - деген. ‘Абдур-Раззақ 7555, 7556.
Қорытынды
Көріп тұрғанымыздай, аталған бес пікірдің ішіндегі бесінші, яғни «жүкті және емізулі әйелдер оразаны толықтыруға тиісті емес және ол әрбір өткізіп алған күні үшін бір кедейді тамақтандырады» деген пікір ең күштісі әрі дәйектісі болып табылады.
Бұл пікір келесідей себептермен ең күшті пікір болады:
Біріншіден, ол Құранның түскеніне куә болған және оның мағынасын басқалардан жақсырақ білген сахабалардың пікірі болып табылады. Олардың арасында ол туралы Ибн Мәс’уд: «Құранның ең жақсы тәпсіршісі – бұл Ибн ‘Аббас!», - деп айтқан Ибн ‘Аббас бар. Әт-Табари 1/89. Иснады сахих.
Екіншіден, Ибн ‘Аббастан келтірілген «бекітілген» деген сөзде бұл оның жеке пікірі немесе оның Құранды түсінуі емес, ол мұны Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінен білетіндігіне нұсқау бар, өйткені сахабалар дінде еш нәрсе орнатпаған. Қз.: “Ируа әл-ғалиль” 4/38.
Үшіншіден, сахабалардан біреу аятты тәпсірлеуі және оның түсірілгенінің және күші жойылғанының себебі туралы айтуы осы нәрсе оның жеке пікірі емес, шариғат бекіткен үкім екеніне нұсқайды, әрі хадистану ғылымында бұл ұстаным жақсы белгілі. Қз.: “Тадриб әр-рауи” 1/192, «‘Улюмуль-хадис» 1/24.
Төртіншіден, тіпті бұл пікір Ибн ‘Умар мен Ибн ‘Аббастың пікірлеріне сүйенсе де, олардың пікірі басқаларға қарағанда ілесуге көбірек лайықты. Бұдан қалса, осыда оларға бір сахаба болса да қайшы келгені туралы сенімді деректер жоқ, ал сахабаларға Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басқа ешкімнің пікірін қарсы қоюға рұқсат етілмейді! Әһлю-Сунна имамдарының барлығы, солардың ішінде төрт имам да, «егер сахабалардың арасында белгілі бір мәселе бойынша екі пікір болған болса, онда бұл мәселе бойынша ешкімге үшінші пікірді енгізуге рұқсат етілмейді» дегенге келіскен. Сол сияқты, егер сахабалар бір мәселеде біріккен болса, оларға қайшы келуге болмайды. Қз.: “әр-Рисалә” 595, “әл-Ихкам” 4/561, “әл-Усул” 1/318.
Бірде Са’ид ибн әл-Мусайибқа белгілі бір мәселе бойынша оның пікірі қандай екендігі туралы сұрақ қойылғанда, ол: «Бұл мәселеде Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары әртүрлі пікірде болатын, әрі олардың арасында менің пікіріме орын болмау керек!», - деп жауап берді. Ибн ‘Абдул-Барр “Жәми’ул-баянил-‘илмде” 1423.
Сондай-ақ егер бір сахабаның сөзі немесе амалы оның ижтиһадының салдары болмаса және сахабалардан өзге біреу осыда оған қайшы пікір айтқаны белгісіз болса, онда бұл қабылдануға тиіс шариғи дәлел болады, әрі «ижма’у сукути» деп аталады! Осы ережеге қатысты аш`арилер, му`тазилилер, пәлсапашылар және кейбір шектен шыққан ханафилер сияқты ақиқаттан ауытқыған адамдардан басқа барлық табиғиндер мен имамдар бірауызды келісімде болған. Қз.: “әл-Ихкам” 4/120, “ат-Тахсыль” 2/319.
Имам Абу Ханифа: “Егер мен Аллаһтың Кітабына қайшы келетін бір нәрсе айтсам, менің сөздерімді тастаңдар да, Аллаһтың Кітабына ілесіңдер", - дейтін Одан: “Ал егер олар Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан сөзіне қайшы келсе ше?", - деп сұрады. Ол: “Менің сөздерімді тастаңдар да, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисіне ілесіңдер", - деп жауап берді. Одан тағы да: “Ал егер олар оның сахабаларының сөздеріне қайшы келсе ше?”, - деп сұрады. Ол: “Менің сөздерімді тастаңдар да, сахабалардың сөздеріне ілесіңдер”, - деді. Қз.: имам әл-Бәйһақи “әл-Мәдхал илә-с-Сунаниль-кубра” 203-204 және “Фатхул-Мәжид” 241.
Ибн Мәс’уд былай дейтін: “Өз дініңде адамдарға еліктеме, бірақ осылай істеуіңе тура келсе, онда тірілерге емес, қайтыс болғандарға (яғни сахабаларға) елікте!” әл-Хатыб 1/438, әл-Ләләкаи 131. Иснады хасан.
Кейбір күмәндарды түсіндіру
Үшінші пікірге және жүкті немесе емізулі әйелді сапардағы неме ауру адаммен қияс жасауға жауап: біріншіден, сапардағы және ауру адамдардың оразаны өтейтініне Аллаһ Тағаланың Өзі: «Ал біреу науқас, не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын» (әл-Бақара 2: 185), – деп нұсқаған. Алайда емізулі және жүкті әйел оразаларын өтеу керек дегенге Құранда да, Сүннетте де ешқандай нұсқау жоқ.
Екіншіден, «хадисте жүкті және емізулі әйелдер сапардағы адаммен бір қатарда аталған және осыдан олардың да оразаларын өтеу керектігіне қияс келіп шығады» деген дәлелге қатысты айтар болсақ, онда мұндай қиястың дұрыстығы күмәнді-ақ. Бұл хадисте жүкті және емізулі әйел сапардағы адаммен бір қатарда аталғандығының мағынасы осы адамдар ораза ұстаудан босатылатынында ғана. Бірақ тіпті осы хадистен бір жақтан сапардағы адаммен ал екінші жақтан жүкті немесе емізулі әйелмен қияс жасасақ та, онда былай айтуға болады: Сапарда намаздарын екі ракағаттан қысқартып оқитын жолаушы сапардан оралған соң осы қысқартқан намаздарын қайта толықтыруға міндетті емес қой. Тура сол сияқты: «Сапардағы адамды хадисте жүкті және емізулі әйелмен бір қатарда атау олардың барлығы бірдей оразаларын толықтыруға міндетті екендігін білдірмейді», - деп айтуға болады. Қз.: “Ахкаму-н-ниса” 37, “Сахих фиқху-с-Сунна” 2/125.
Төртінші, яғни «жүкті және емізулі әйелдер оразаны да толықтырмайды және кедейді де тамақтындарымайды» деген пікірге жауап: бұл пікірді, егер сахабалардан оған қарама-қайшы келетін басқа нұсқау болмағанда, қабылдауға болар еді. Олардың жүкті және емізулі әйелдің кедейді тамақтандыруы және оразаны толықтырмауы туралы жеткізген нәрселері – бұл жай олардың пікірі ғана емес, олар «марфу`», яғни Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінен жеткізілетін сөздердің үкіміне ие.
Әрі қарай, кейбір ғалымдар «Ибн ‘Аббас «Ал қиналып ораза ұстай алатындар кедейді тамақтандырулары керек» (әл-Бақара 2: 184) деген аяттың күші жойылмаған деп санап, басқаларға қайшы келді», - деп айтады.
Іс жүзінде Аллаһ Тағала оразаны мұсылмандарға әмір еткенде, Ол: «Ал қиналып ораза ұстай алатындар кедейді тамақтандырулары керек» (әл-Бақара 2: 184), - деп, оларға не ораза ұстауға, не қалдырылған әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандыруға рұқсат етті.
Ораза (алғашында) мұсылмандар үшін әдеттенбеген жат нәрсе еді әрі сондықтан да аса Рақымды Аллаһ бұлтартпас бұйрықтың орнына өз құлдарына ораза ұстау мен кедейді тамақтандырудың арасында таңдау мүмкіншілігін берді. Кейіннен Аллаһ: «Ал ораза ұстау сендер үшін жақсырақ, егер білсеңдер! - және, - Кім осы айға жолықса, ораза ұстауы керек!» (әл-Бақара 2: 184, 185), - деп, ораза ұстай алатынның әрбірін ораза ұстаумен міндеттеді.
Бұл туралы деректер Ибн ‘Умар, Му’аз және Зайд ибн Әслам сынды көптеген сахабалардың хадистерінде жеткізілген. Қз.: “Сыфату-ссаум ән-наби” 82.
Алайда істің мәні Ибн ‘Аббасқа да осы аяттың күші жойылғандығы белгілі болғанында болып тұр. Ол былай дейтін: “Кедейді тамақтандыру туралы айтар болсақ, онда ол «Кім осы айға жолықса, ораза ұстауы керек!» (әл-Бақара 2: 185), деген аятпен күші жойылған. Алайда ораза ұстай алмайтын карт әйел мен қарт еркекке, сондай-ақ (балалары) үшін қауіптенетін жүкті және емізулі әйелдер үшін әрбір қалдырылған күні үшін бір кедейді тамақтандыру бекітілді”. Әл-Бәйһақи 4/230, Ибн әл-Жәруд 381. Сенімділігін имам ән-Нәуауи, шейх Ахмад Шәкир және шейх әл-Әлбани растаған.
Сөйтіп бізге Ибн ‘Аббаспен өзге сахабалардың арасында кедейді тамақтандыру туралы аяттың күші жойылғандығына қатысты ешқандай келіспеушіліктер болмағаны айқын болды, әрі біз оған бұл нәрселер басқаларға белгілі болғандай белгілі болғандығын да көріп тұрмыз. Алайда, сонымен бірге, ол жалпы ережеден тыс ерекшелеуге, яғни дәл қандай санаттағы адамдар үшін бұл аяттың күші жойылмағанына нұсқады.
Сондай-ақ бұл Му’аз ибн Жәбалдің былай деп баяндаған хадисімен расталады: “Оразаға қатысты айтар болсақ, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға (көшіп) келген соң әр айда үш күн және Ашура күні ораза ұстайтын. Кейін Аллаһ: «Әй, иман келтіргендер! Сендерден бұрыңғыларға ораза парыз етілгендей, сендерге де ол парыз етілді – әрине, тақуа боласыңдар» (әл-Бақара 2:183), - деп, оған Рамазан айының оразасын парыз етті. Кейін Аллаһ «Рамазан айында адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын» (әл-Бақара 2: 185) деген басқа аятты түсірді. Әрі Аллаһ сау адам үшін оразаны бекітті де, сапардағы және науқас адам үшін жеңілдік жасады. Әрі Ол ораза ұстай алмайтын қарт адам үшін кедейді тамақтандыруды бекітті”. Абу Дауд 507, Ахмад 5/246. Хадис сенімді. Қз.: “Ируа әл-ғалил” 4/20.
Біз Му’аздың да ораза ұстау туралы жалпы бұйрықтың құрамынан қарт адамды шығарып жатқанын көрудеміз. Ал ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі адам ораза ұстамайтыны әрі әрбір ораза күні үшін бір кедейді тамақтандыратыны туралы ғалымдар арасында ешқандай келіспеушіліктер жоқ. Тура соны жүкті және емізулі әйелдерге де жатқызуға болады, өйткені олардың жалпы ережеден тыс шығарылатыны туралы Ибн ‘Аббас айтқан. Осы аяттың күші жойылғандығы туралы хабар жеткізілетін Ибн ‘Умар да жүкті және емізулі әйелдер оразаны толықтырмай, кедейді тамақтандыруы керек екендігін айтқан.
Сахабалардан жеткен осы аяттардан шыға келе, біз кедейлерді тамақтандыру туралы аяттардың күші жойылғандығын көрудеміз, алайда олар ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі кісіге, жүкті және емізулі әйелдерге қатысты өз күшін жоймаған. Сахабалардан жеткен, оразаны толықтыруды кедейді тамақтандырумен ауыстыруды рұқсат ететін аяттың күші жойылғандығы туралы деректер жалпылама болып табылады, ал кәрі кісі, жүкті және емізулі әйелдер туралы хабарлар жалпы бұйрықты нақтылайды және жалпы бұйрықтан ерекшелеу жасайды. Имам әл-Қуртуби былай деген: “Ибн ‘Аббастан (кедейді тамақтандыру туралы) бұл аяттың күші жоғарыда аталған санаттағы адамдарға (карт адам, жүкті және емізулі әйел) қатысты жойылмағандығы жеткізіледі. Әрі бұл аяттың күші жойылғандығы туралы пікір де дұрыс. Алайда бұл жерде ерекшелеуі бар аяттың күші жойылуы туралы айтылуда”. Қз.: “Тафсир әл-Қуртуби” 2/126.
Жалпы үкімнен осы ерекшелеу шығаруды сахабалардан ешкім Сүннетке сүйенбей жасай алмайтын еді, әрі бұл ереже шариғатта жақсы белгілі. Қз.: “әл-И’ләм” 1/35, “әл-Мууафақат” 3/118.
Қалайша Ибн ‘Умар мен Ибн ‘Аббас басқа сахабалар сияқты осы аяттың күші жойылғандығын біле тұра, жүкті және емізулі әйелдерге: “Сіздер «қиналып ораза ұстайтындар» қатарына жатасыңдар”, - деп айтты екен!? Тек Сүннетте ораза ұстауға қиналатын кәрі кісі үшін ерекшелеу келгендей, жүкті және емізулі әйелдер үшін де ерекшелеу келгендігі себепті ғана!
Осы мәселеге қатысты тағы бір күмән – бұл сахабалар арасында осы мәселе бойынша келіспеушілік болғанын айтатын ғалымдардың сөздері. Осы орайда олар имам әл-Жәсастың өз тәпсірінде: “Сәлафтар бұл мәселеде үш пікірге бөлінген. ‘Али: «Жүкті және емізулі әйел оразаны өтеуге міндетті, әрі олар кедейді тамақтандыруға тиісті емес», - деген. Ибн ‘Аббас: «Олар өтеуге тиіс емес, бірақ кедейді тамақтандыруы керек», - деп айтқан. (Ал) Ибн ‘Умар былай деген: «Олар кедейді де тамақтандыруы, оразаны да толықтыруы (өтеуі ) қажет!»”, - деп айтқанын дәлел ретінде келтіреді.
Алайда имам бұл хабарлардың иснадтарын (жеткізушілер тізбектерін) атамай кеткен. Ибн ‘Умардың жүкті және емізулі әйелдер оразаны да өтеуге, кедейді де тамақтандыруға тиісті деп санаған иснады бар хабары бар, бірақ одан жеткен бұл иснадтар сенімсіз. Ал одан сенімді түрде жеткізілетіні - олар оразаны өтеуге тиіс емес, әрбір қалдырылған күні үшін бір кедейді тамақтандыруы керек екендігі. Қз.: “әл-Истизкар” 3/365.
Ал ‘Алиден жеткен иснады бар хабарлар мүлде жоқ. Бірақ тіпті ‘Алиден жеткен «Жүкті және емізулі әйелдер оразаны өтеулері керек, әрі олар кедейді тамақтандыруға тиісті емес» деген хабар сенімді болғанда да, оған Ибн ‘Аббастан жеткен марфу` үкіміне ие хабардың және «Бекітілген!» деген сөздердің алдында басымдық берілмейді. Ал іс жүзінде, бұл туралы имам Ибн Қудама хабарлағандай, сахабалардан біреу болса да осы мәселеде Ибн ‘Аббасқа және Ибн ‘Умарға қайшы келгені мүлде белгісіз. Қз.: “әл-Муғни” 3/21.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылап, Ибн ‘Аббастан және Ибн ‘Умардан жеткен жүкті және емізулі әйелдер кедейлерді тамақтандыратындығы туралы айтылған хабар марфу` (яғни Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізілетінен хабар) үкіміне ие екенін тағы да бір рет айтып кеткен жөн. Әрі мухаддис ғалымдардың арасында Құранды тәпсірлеуде жалпы үкімнен ерекшелеуге нұсқайтын сахабалардан жеткен осындай хабарлар олардың жеке пікірлері емес екендігіне келіспеушіліктер жоқ. Осы дәлелдерге қияс та, ижтиһадқа сүйенетін ғалымдардың сөздері де тең дәрежеде қарсы тұра алмайтынына еш күмән жоқ.
Бұл пікір барлық пікірлердің арасындағы ең дәйектісі және әділеттісі.
Кедейді немен тамақтандыру керек?
Кәрі адам, жүкті және емізулі әйелдер кедейді тамақтандыру мәселесінде бірдей. Олар қалдырған әрбір ораза күні үшін бір кедейді жарты са` немесе бір мудд мөлшердегі тамақпен тамантандыруға міндетті, ал бұл шамамен 1,5 кг. тамаққа сәйкес келеді.
Ибн `Аббас: “Кәрі адам ораза ұстай алмаса, ол әрбір күні үшін бір кедейді бір мудд1 тамақпен тамақтандырады”, - басқа риуатта, - “Жарты са`2 бидаймен”, - деп айтқан. Әд-Дарақутни 1/249, имам әд-Дарақутни және әл-Әлбани сенімділігін растаған. Қз.: “Ируа әл-ғалиль” 4/18.
Мәликтен Нафи’ Ибн ‘Умардың баласы үшін қауіптенетін жүкті әйелдің оразасы туралы сұраққа: “Ол ораза ұстамайды, әрі әрбір күні үшін кедейді бір мудд бидаймен тамақтандырады”, - деп жауап бергені жеткізіледі. Әл-Бәйһақи 4/230. Иснады сенімді.
“Әнас қартайған және ораза ұстауға шамасы келмейтін шағында сарид дайындап, отыз кедейді шақырып, олардың барлығын тамақтандырған», - деп хабарланады. Әд-Дарақутни 2/207. Иснады сахих.
Имам әл-Бухари былай деген: “Егер қарт адам ораза ұстауға шамасы келмесе, онда ол кедейді тамақтандырады, мұны қартайған шағында әр ораза күні үшін кедейді ет және нанмен тамақтандырған Әнас істегендей ”. Қз.: “Сахих әл-Бухари” 2/345.
Сөйтіп кедейлерге кез келген тамақ таратуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ бір кедейге бір күндік те одан көбірек күндерге өтеу болатын тамақты берсе болады. Кедейлерді рамазан айының басында да, ортасында да, немесе соңында да тамақтандыруға болады. Қз.: “Фатауа Ибн Баз” 15/203.
Ал егер адамда кедейді тамақтыру мүмкіншілігі болмаса, онда оның мойнынан мұндай міндеттеме түседі. Имам Ибн Қудама былай деп айтатын: “Егер карт ер немесе әйел кедейді тамақтандыра алмаса, онда олар еш нәрсе істеуге тиісті емес, өйткені «Аллаһ адамға оның шамасынан тыс нәрсені жүктемейді» (әл-Бақара 2: 286)”. Қз.: “әл-Муғни” 4/396.
Тура осы қалдырылған оразасы үшін кедейді тамақтандыра алмайтын жүкті әйелдерге де, емізулі әйелдерге де қатысты.
Тамақтың орнына ақша беруге болмайды!
Бұл үкім тек азық-түлікпен төлененуге тиісті зәкат әл-Фитрдің үкіміндей.
Шейх Салих әл-Фаузан былай деген: “Кедейді осы мекенде тұтынатын тамақтың жарты са` мөлшерімен тамақтандыру қажет, ал жарты са` - бұл орташа есеппен бір жарым килограмм. Кедейді дәл тамақпен тамақтандыру керек, әрі оған ақшалай бермеу керек, өйткені Аллаһ Тағала былай деген: «Оразаға қиналып күші келетіндер міскінді тамақтандыруға тиісті» (әл-Бақара 2: 184). Әрі Кұранның мәтіні дәл тамақтың өзіне нұсқайды”. Қз.: “әл-Фатауа әл-Фаузан” 3/140.
Әрі соңында әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ!
www.ToIslam.com сайтының редакциясы;
қазақ тіліне орыс тілінен аударған www.oraza.kz сайтының редакциясы;
аударма мәтінін редакциялаған www.abuhanifa.kz сайтының редакциясы.
Достарыңызбен бөлісу: |