Жұмағали, С. Ғалымның аудармасы сахналанды / С. Жұмағали // Орталық Қазақстан. 2005. 9 сәуір



Дата07.07.2016
өлшемі35 Kb.
#182978
Жұмағали, С.

Ғалымның аудармасы сахналанды / С. Жұмағали // Орталық Қазақстан. - 2005. - 9 сәуір
Академик Е. Бөкетов сынды ғұлама ғалым ағамыз сахна өнері үшін де елеулі еңбек сіңірген адам. Көзі тірісінде С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театр ұжымымен өте-мөте тығыз байланыста болып, ақыл-кеңесін беріп, әр премьераны бос жібермей, талқылауға да ат салысатын. Сонау 70-жылдардың мұғдарында В. Шекспирдің «Макбет» драмасы қойылып, жүз жылда бір туатын дүлдүл актер Н. Жантөринді арнайы шақырып (қойған режиссер Ж. Омаров), кейін Алматыға апарып зиялы қауым мен өнертанушылардың талқысына салдырған да сол кісі. Оның үстіне шығарманы төл тілімізде сөйлеткен де Евней ағатын. Сол сапарда театр ұжымы дуалы ауыз театр сыншыларының жақсы бағасын алып, шоқтығы биік болып қайтқанды. Аударма туралы да жақсы баға беріп, тілінің өткірлігін, байлығын, ең бастысы автор ойымен сабақтасып жатқандығын тілге тиек еткен.

Міне, еңді сол ағамыздың өлшеусіз еңбегінің қарымын қайтарудың сәті түсіп, марқұм ағамыздың торқалы тойына тарту ретінде театр ұжымы, В. Шекспирдің сол кісі аударған «Юлий Цезарь» драмасын Қарағанды жұртшылығының назарына ұсынды. Бұл шығарма біздік театрда тұңғыш рет қойылып отыр. Әрине, бұған дейін Шекспирдің талай шығармаларын сахналаған театр ұжымы осы жолы да биік белестен көрінді.

Спектакльді сахналаған белгілі өнер шебері, К. Станиславский атындағы орыс театрынын режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Г. Огонесян, суретшісі Қ. Мақсұтов. Сөз жоқ, бұл қойылым ардақты ағамыздың аруағына бағышталғандықтан өресі кен, айтар ойы толысты, илеуі қанық, көрермендер көңілін көншітетіңдей дәрежеде шыққан деуге толық негіз бар. Ең бастысы аударманың тілі орамды, жатық.

Белгілі режиссер Г. Огонесяннің де табысты еңбегін атап өту ләзім. Сахна тарланы драманың ішкі дүмпуіне артық бояу қоспай, сол қалпында беруге тырысқан. Қойылымның музыкасы да, мизансценасы да, шарықтау шегі де, сценографиялық шешімі де көңілге қонымды. Әртістер режиссер анықтап берген мизансценадан ауытқымай, мақсаты мен қимыл-әрекетін, жүріс-тұрысын, ішкі иірімін, сыртқы болмысын айшықты етіп беруге тырысыпты.

Жасыратын несі бар, осы аталмыш қойылымда ойнап жүрген әртістердің бәрі сайдың тасындай, шоқтығы биік, өресі кең, азулы да «сен тұр, мен атайын» дейтіндей кілең жүйріктер. Қойылым барысында Генрих Сергеевич те тамаша актерлер ансамблімен табысқанына қуанып, өзі де ләззат алып, жұмыс істеген сыңайлы. Айтса айтқандай-ақ, қазақ театр өнерінің көш басында тұрған ақиық, жас талант ҚР еңбек сіңірген әртісі Рамазан Баймағанбетов осы жолы да шабысынан жаңылмай, нағыз талант екенін тағы мойындатып, бас кейіпкер Юлий Цезарьды биік өнер белесінен көрсетті. Бас кейіпкер деген аты болмаса, сахнада көп көрінбейді. Соған қарамастан айтулы актер, аз уақытта-ақ кейіпкерін шегелеп, нығыздап, жарқыратып кетті. Кей актер сахнадан түспей спектакльдің басынан аяғына шейін жүрсе де, түк бітірмей кететіні бар. Кей образдардың есте қалмайтыны да бар. Міне, актер шеберлігі, нағыз тарланның алымы мен шалымы. Балуанға оң-солы бірдей дегендей, шын таланттың күй талғамайтындығы, дараның аты дара екендігі осы болса керек.

Тағы қомақты бейненің бірі — Антоний ролі. Оны тағы бір сахна шебері, тамаша актерлеріміздің бірі, ҚР енбек сінірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенес Жұмабеков сомдады. Рас, бұл Кеңес ағамыздың сонау 90-жылдары ойнаған Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» драмасындағы бас кейіпкер Доктордан кейінгі табысты, келісті образы екеңдігі шындық. Тарланбоз актердің сахнаны сағынғаны, шөлдегені, көсілер сәтті тағатсыздана күткенін аңғардық. Мықты, әрі тісқаққан тәжірибелі актер барын салып бақты. Соның нәтижесінде Кенес безбендеген Антоний ролі толысты, сан қырлы,ішкі жан дүниесі бай, айтары асқақ, шалысы мол болып шыққан. Актер ағамыздың бабында екеніне көз жеткіздік. Тағы бір сәтті шыққан бейне деп, орталық кейіпкерлердің бірі Марк Брут образы деуге болады. Бұл бейнені сомдаған да шоқтығы биік актерлеріміздің бірі, республикалық театр фестивалінің лауреаты Қайрат Кемалов. Брут - Кемалов ірі, терең, қамкөніл, жарау аттай ширақ, адал. Қайраттың бұл жұмысы да көңілге қонымды, сәтті шыққан.

Тағы бір құптарлығы бұл шығарманың заман талабына сай екендігі. Осындай жайттар бүгінгі таңда да, күні ертен де кездесіп, ұшырасары ғажап емес.

Ойымызды қорыта келгенде, бұл қойылымның айтар ойы да, келешегі де бар екендігі сөзсіз. «Көш жүре түзелер» дегендей, аздаған кем-кетігін тәжірибелі саңлақтар алдағы уақытта орнына келтіретіқдігіне ешбір күмән жоқ.

Кассииді ойнаған Бекмұхамбет Киекбаев, Порция - Н. Жансүгірова, Кальпурния - Г.Рашқалиева, Каска - М.Садықанов, Деций - М.Қисықов т.б. да айшықты ойындарымен, шеберліктерімен көрінді. Әр қайсының спектакльдің сәтті шығуына қосқан үлесі зор екені талассыз. Олар ойнаған кейіпкерлердің мінез-құлқы да, бояуы да, іс-әрекеті де нанымды.

Осындай классикалық шығармалар актерлердің де ауқымын кеңейтіп, өресін арттырып, толысуына, шеберліктерін шыңдауына көп септігін тигізері анық.



С.Сейфуллин атындағы қазақ театр ұжымының табысты жұмысымен құттықтап, алдағы уақытта да көрермендер тебіреніспен тамашалайтын, мақтауға лайық қойылымдармен қуантатындығына бек сенімдімін. Оған театр әртістерінің қабілеті де, шеберлігі де жететіні даусыз.

Іске әрдайым сәттілік тілейміз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет