ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Орталық Азияның XVI ғасырдағы атақты тарихшысы, әдебиет майталманы Мұхаммед Хайдар Дулаттың (1499-1551) өмірі мен шығармашылығын зерттеу мен зерделеу әдебиеттану, тарих, философия, дінтану, лингвистика ғылымдары алдындағы үлкен міндет.
Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінің құндылығы оның қазақ тарихы мен әдебиетін және мәдениетін өткен түркілік дәуірмен, исламдық тарихи кезеңмен сабақтастыра алуы болды.
Тақырыптың өзектілігі. «Тарих-и Рашидидің» әдеби-көркемдік жағы әлі де болса толық зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Еңбекті зерттеген ғалымдардың көпшілігі оған әдеби шығарма ретінде емес, тарихи еңбек ретінде қарап, бағалады.
Фольклортанушы, академик С.Қасқабасов: «Жыраулар өз шығармаларында идеалды әміршінің бейнесін жасады, -дей келіп, – өздерінің монолог түріндегі айтылатын толғауларында жырлаулар маңызды мемлекеттік мәселелермен қатар заман мен қоғам, адам мен заман, тұлға мен тобыр, сондай-ақ имандылық пен қайрымдылық, өмірдің өткіншілігі мен адамның опасыздығы, өлім мен өмірдің қайшылығы сияқты моральдық, этикалық, фәлсафалық проблемаларды көтеріп, қоғаммен байланыстыра жырлап отырады» деп жазған болатын [3, 8 б.]. Осы айтылған ғұлама пікірдің Мырза Хайдар шығармашылығына түгелдей қатысы бар. Өйткені, ХVІ ғасырда өмір сүрген Асан Қайғы да, Қазтұған да, Шалгез де Мырза Хайдардың замандасы, ұлысы басқа болғанымен ұлты бір қандастары. Олар да Мырза Хайдар Дулат секілді Әз Жәнібек хан, Битемір, Ораз-Мұхаммед сынды қазақ хандары мен Ноғай әмірлерінің сарайы маңында тіршілік етіп, әміршісі мен заманының күрделі де келелі мемлекеттік маңызды тақырыптарын сөз етті.
Мырза Хайдар «Тарих-и Рашиди» еңбегінде 1346-1546 жылдар аралығындағы Орталық Азия, Тибет, Ауғанстан, Кашмир, Иран, тіпті Иракқа да қатысты көптеген тарихи оқиғаларды, сондай-ақ автор өзі өкілі болып табылатын қазақ өмірінің де бірқатар деректерін сол дәуір шындығына сай баяндайды. Ғұмырнамалық әдеби еңбегін жазу барысында Мұхаммед Хайдар қоғамдық шындықты басты принцип ретінде ұстайды, сонымен бірге өз шығармасының көркемдік-әдеби жағына мұқият назар аударады. Ислам дінін дәріптеуде мадақ, мінәжат сынды әдеби тақырыптарды молынан пайдаланады. Оқиғалардың, адамдардың психологиялық мінез-құлқын ашуда Құран-кәрімнің қағидаларын, әдеби детальдарды пайдалана отырып, психологиялық талдау жасайды. Рубаи, мүфрәд, ғазал, қита, суырып салу (фи бәдаиһ) сынды шығыстық жанрларды да тиімді пайдаланады. Еңбектің тағы бір ерекшелігі: парсы тілінде жазылғанымен араб және түркі өлеңдерін әңгімесіне арқау еткен. Бір ғажабы шығармада қазіргі уақытқа дейін сол қалпында, сол мағынада қолданылып келе жатқан көптеген қазақ сөздері де кездеседі.
Еңбек шығыс әдебиетінің тәзмин және тәлмиһ сынды тәсілдерін пайдаланғанымен де ерекшеленеді. Сонымен қатар біз еңбекте жоғарыда аталған әдеби ерекшеліктерімен қатар шығыс әдебиетінің жұлдыздарымен де таныса аламыз. Өйткені, «Тарихи-и Рашидиде» сопылық әдебиеттің өкілдері Қожа Ахмет Иасауи, Нәжмеддин Кобра, Нәқшбәнд және қазақ топырағының перзенті Атаи және түрік халықтарының рухани өкілдері Сәккаки, Лүтпі, Әлішер Науаи, парсы тілді ақындар Әбдіраман Жәми, Фердауси, Сағди, Әнвари сынды ақындардың шығармаларын пайдаланады. Біздің аталған еңбекке әдеби шығарма тұрғысынан қарап, ғұмырнамалық-әдеби шығарма ретінде бағалауымыз да осыдан.
Ғұмырнамалық шығармалар әлем әдебиетінде өзіндік орын алады. Мәселен, француз жазушысы Сен-Симонның (1675-1755) «Естеліктері», американдық саясаткер ғалым Б.Франклинның (1706-1790) «Менің күй-жайым», германиялық жазушы-ақын И.В.Гетенің (1742-1832) «Поэзия және ақиқат», Мырза Әлихан Әмин-әд-дауленің (қайтыс болған жылы 1909) «Саяси естеліктері», Абдолла Мостуфидің (1876-1950) қажарлар билік еткен кезеңнің қоғамдық және басқару тарихына арналған «Менің өмірбаяным», орыс жазушысы А.И. Герценнің (1812-1870) «Былое и думы», С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың (1908-1973) «Менің мектептерім», Д.Қонаевтың (1912-1993) «Өтті дәурен осылай» атты еңбектері ғұмырнамалық әдеби шығармалар қатарына жатады.
Иран ғалымы доктор Хұсейін Рәзмжу мемуарлық әдебиетке идеологиялық, саяси және қоғамдық құны бар шығарма ретінде қарай келіп, «егер парасатты автор естеліктерінің қыр-сырын көркемдеп бере алса, ол айрықша тартымды болары анық. Сондай-ақ басқа деректерде табылмайтын тақырыптар қарапайым шынайы түрде жазылса, оның артықшылығы одан әрі арта түсері де шындық» деп жазды [4, 208 б.].
Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде өзі өмір сүрген тұстағы тарихи-саяси ахуал, ислам дінінің сол дәуірде түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне жасаған ықпалы анық көрінеді. Әдебиет – заманның көркем шежіресі десек, әр дәуірдің әдебиеті өз кезіндегі тарихи оқиғалар мен сол қоғамның саяси-идеологиялық өрісінен оқшау қала алмайды.
XV–ХVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясындағы дидактикалық, саяси-әлеуметтік сарынды, сондай-ақ, ХІХ-ХХ ғасыр басындағы діни-ағартушылық ағымды әдеби дәстүр жалғастығы тұрғысынан қарастыру да бүгінгі күннің қажеттілігі.
Жұмыстың зерттелу деңгейі. Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» шығармасы тұңғыш рет тарихи дерек ретінде ирандық ғалым Әмин Ахмет Рази 1593 жылы жазған «Һәфт ықлым» еңбегінің Кашмир, Қашғар және Хотанның жағдайы, билеушілері мен тарихы туралы тарауларында пайдаланды [5].
Әкбар шахтың (1556-1605) тапсыруы бойынша, пайғамбардың қайтыс болған жылынан бастау алатын ислам әлемінің жалпы мың жылдық тарихын баяндаған «Әлфи тарихы» (Мың жылдық тарих) атты тарихнамасында пайдаланды [6]. Осыдан бастап Үндістан тарихына қатысты зерттеулерде Мырза Хайдардың еңбегі негізгі әдебиеттер қатарында ғылыми айналымға түсті. Солардың бірі – Мұхаммед Қасым Үндішах Истерабади Феріштенің Үндістанның жалпы тарихына арнаған «Тарих-и періште» (Гүлшән Ибраһими) атты еңбегі еді.
Еуропада «Тарих-и Рашидиді» аударуды алғаш қолға алушылардың бірі – ағылшын ғалымы Вилиям Ерскин болды. Сондай-ақ, француз зерттеушісі Рене Гроссе, орыс ғалымдары В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Бартольд еңбектерінде Мырза Хайдар Дулат шығармалары жөнінде бірқатар бағалы пікірлер жазылды.
Қазақ ғалымдары арасында «Тарих-и Рашиди» мен оның авторы туралы тұңғыш ғылыми көзқарас білдірген Шоқан Уалиханов екені мәлім. Бұдан соңғы уақытта С.Аспандияров, Ә.Марғұлан сынды ғалымдардың зерттеулерінде Мырза Хайдар қазақ халқының төл тарихшысы ретінде бағаланды.
ХХ ғасырдың 60-жылдары Кеңес одағындағы – «Қызыл кезеңнің» идеологиялық қиын жағдайына қарамастан халқымыздың тарихын зерттеуде Қазақстан шығыстанушылары С.Ибрагимов, В.П.Юдин, М.Минегулов, Т.Султанов, К.А.Пищулиналар өздерінің еңбектерінде Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» шығармасының қазақ халқының тарихы үшін аса құнды еңбек екендігін көрсетті.
Кеңес дәуірінде өзбек оқымыстыларынан Р.Г.Мукминов, С.Ә.Әзімжанова, Х.Хасанованың және тағы басқалардың үлкенді-кішілі зерттеулері жарияланды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегін өзбек ғалымдары А.Урунбаев, Р.П.Джалилов, Л.М.Епифанова парсы тілінен орыс тіліне аударды.
Мырза Хайдар Дулаттың өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған еңбектердің анықтамасы «Өмірбаяндық-библиографиялық, анықтамалық» атты құнды жинақта топтастырылып жарық көрді. Онда негізінен 1829-1999 жылдар аралығында қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрік, парсы, орыс тілдерімен қатар ағылшын, неміс, француз тілдерінде жарық көрген әдебиеттерді қамтыған бұл кітап Қазақстанда шығыстану ғылымының негізін қалаушы ғалым Ә.Дербісәлінің еңбегінің арқасында баспадан шыққан-ды [7].
Сонымен қатар, Б.Қожабекұлы, Т.Омарбеков, Б.Көмеков, Б.Кәрібай, Н.Келімбетов сияқты ғалымдар мен жекелеген зерттеушілердің еңбектерінде Мырза Хайдар шығармашылығы тарихи-әдеби тұрғыдан сараланғанын көреміз. Қазақ фольклортанушылары С.Қасқабасаов, Р.Бердібайдың ғылыми-зерттеу мақалаларында осы тақырыпқа қатысты түйінді ойлар ұшырайды.
«Тарих-и Рашиди» еңбегінен Қазақстан тарихшылары Мингулов пен Пищулина үзінділер аударды [8, 4 б.]. Ал, «Тарих-и Рашиди» парсы тілінен тікелей қазақ тіліне Өзбекстан нұсқасы бойынша тәржімаланды.
Ғалым Ә.Дербісәлі «Қазак даласының жұлдыздары» атты еңбегінде көлемді тарау арнаған. Әрі «Жаһаннаме» атты дастанын көне түрік (шағатай) тілінен қазақ тіліне тәржімалап, оның түсініктемелік сөздігін де жазып, шығарды [36].
Ғалым Үндістанның Кашмир штатындағы, Сринагар қаласындағы «Мазар-и-Салатин» (Сұлтандар мазары) қабірстанынан Мырза Хайдардың мазарын тауып, оны «Ислам және Заман» атты еңбегінде егжей-тегжейлі жазып, оның зерттеу жұмысына зор үлес қосты [9].
Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Зерттеуіміздің негізгі мақсаты Мырза Хайдар Дулаттың еңбегінің ғұмырнамалық шығарма ретінде әдеби ерекшеліктерін айқындау, исламдық шығыс әдебиетінің түркі әдебиетімен байланысын нақтылау, олардың қазақ әдебиетіндегі сабақтастығын анықтау болып табылады. Осы және басқа да мақсаттарға жетуде төмендегідей міндеттер шешімін табуы қажет:
Мырза Хайдардың ғылыми ғұмырнамасын жасау;
Мырза Хайдардың шығыс әдебиетімен танысуы, оның көркемдік, стильдік тәсілдерін меңгерудегі шеберлігін айқындау;
Мырза Хайдардың исламдық дүниетанымының шығармаларындағы көрінісін анықтау;
«Тарих-и Рашиди» еңбегінде автор тоқталған шығыстың әдеби-рухани әлемінің белгілі қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын толықтыра зерттеу және олардың Мырза Хайдар шығармашылығына әсерін анықтау;
1346-1546 жылдар аралығында өмір сүрген Шағатай, Әмір-Темір, Шейбани, Дулат әмірлігі, қазақ хандығы жайындағы авторлық деректер мен түпнұсқа деректерді, әлемдік зерттеу жұмыстарын және қазақ ғалымдарының зерттеулерін салыстыра отырып нақтылау;
- Шығармадағы ислам қағидасының негізінде пайда болған шығыс әдебиетіндегі жанрлар мен әдеби тақырыптардың және исламдық әдеби стилдің ерекшеліктерін айқындау;
- Шығармада қолданылатын түркі өлеңдерінің және қазақ сөздерінің көркемдік, философиялық, психологиялық мәнін ашу;
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыста Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегіне стильдік, жанрлық, мазмұндық, тақырыптық және көркемдік тұрғыдан талдау жасала отырып, төмендегідей мәселелер қарастырылды:
Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегі ғұмырнамалық әдеби шығарма екендігі анықталды;
Қаламгер еңбегінде қамтылған тарихи кезеңдегі (1346-1546) саяси биліктегі ағымдардың және ғалымдардың түрік халықтарының мәдениеті мен әдебиетіне ықпал-әсері анықталды;
Қаламгер еңбегіндегі рубаи, мүфрәд сынды шығыстық жанрлар және мінәжат, мадақ секілді әдеби тақырыптар зерттеле отырып, олардың қазақ әдебиетімен байланыстары анықталды;
Мырза Хайдар шығармасында кездесетін түркі өлеңдерінің авторлары, олардың жанрлық, тақырыптық, көркемдік ерекшеліктері талданды;
Шығармада кездесетін және қазіргі уақытқа дейін өзгеріссіз қолданылып келе жатқан қазақ сөздері анықталды;
Мырза Хайдардың исламдық дүнеитанымы зерделенді және исламдық шығыс әдебиетінің стиліне тән әдеби тәсілдері нақтыланды;
Мырза Хайдар еңбегіндегі сөздік қорына сүйене отырып, түрік халықтарының ежелгі тарихы мен қалаларына шолу жасалды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- Мырза Хайдар шығармасы өзінің ғұмырнамалық сипатымен қатар әдеби жанрлық және стильдік қасиеттерді бойына сіңірген энциклопедиялық туынды;
- «Тарих-и Рашидидің» лексикасы қазақ хандығы дәуіріне тән және сол кезеңдегі тарихи-саяси, мәдени, әдеби үрдістердің шынайы әрі көркем шежіресі болып табылады;
- Мырза Хайдар еңбегінде кездесетін тарихи мәліметтер қазақ тарихы мен мәдениетінің және діни-ағартушылық әдебиетін басты қайнар көздерінің бірі;
- «Тарих-и Рашиди» еңбегі әдеби-эстетикалық тұрғыдан Мырза Хайдардың суреткерлік шеберлігінің айқын айғағы;
- Мінәжат пен мадақтың әдеби тақырып тұрғысынан алғанда түркілік әдебиеттің дәстүрлі үрдісі және бұл құбылыс қазақ әдебиеті тарихындағы діни-ағартушылық ағым өкілдерінің мұрасымен толық үндеседі;
- Мырза Хайдар шығармасының поэтикалық деңгейі жоғары, ол тек қана прозашы емес, ақындық дарыны да, кемелденген қаламгер ретінде саналады;
- Еңбектегі түркі өлеңдерінің қазақтың тілі мен әдебиетіне қатыстылығы даусыз, бұған бұлтартпас дәлелдер жетерлік;
- Шығыстық рубаи, мүфрәд сияқты жанрлардың қазақ әдебиетіндегі көрінісі тиісті мысалдар негізінде әдеби, тарихи – салыстырмалы түрде талданады, ғылыми тұжырымдар жасалды;
- Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» ғұмырнамалық тарихи шығармасы стильдік, жанрлық тұрғыдан алғанда өз дәуірінің озық туындысы және ол әдеби-тарихи һәм эстетикалық құнары мен маңызы жөнінде де әлемдік өркениет пен мәдениеттің алтын қорына қосылатын аса бағалы мұра.
Жұмыстың теориялық және методологиялық негізі. Көрсетілген мәселелердің шешімін ғылыми тұрғыдан зерттеуде және әдіснамалық тұрғыдан шетел зерттеушілері мен шығыстанушы ғалымдардың, тарихшылардың, сондай –ақ, қазақ әдебиеттанушылардың еңбектері басшылыққа алынды. Атап айтқанда, З.Қабдолов, Ә.Дербісәлі, М.Мырзахметұлы, Р.Бердібай, Н.Келімбетов, С.Қасқабасаов, С.Қирабаев, Ө.Күмісбай, А.Сейдімбек, М.Жолдасбеков, Ә.Қоңыратбаев, С.Исаев, Н.Оңдасынов, А.Байтұрсынұлы, Х.Сүйіншәлиев, А.Егеубай, М.Мағауин, М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, Ш.Елеукенов, Ә.Нарімбетов, Б.Омарұлы, Ж.Ысмағұлов, Ә.Ісмақова, Р.Сыздықова, З.Қинаятұлы, М.Қойгелді, Т.Омарбеков, Қ.Салғараұлы, Б.Көмеков, Ш.Елеукенов т.б. ғалымдардың зерттеулеріне сүйендік.
Сондай-ақ, ирандық ғалымдар Хұсейін Рәзмжу, Қазы Ахмет Тәтәви, Асефхан Кәзвини, Әмин Ахмет Рази, Әта Мәлек Жовейни, Рашид-ед-дин Фәзлолла Хамадани, Сирус Шәмиса, Шарафеддин Әли Иәзди, Хамедолла Мостуфи, Фәзледдин Рузбеһан, Хафиз Таныс Әл-Бұхари, Риза Шабани, Әбділәзим Резаи, Мұхаммед Тақи Жафари, Мұхаммед Мүйін, Хұсейін Шәһиди Мазандерани, Жәлел Достха, өзбек ғалымдары М.М.Хайруллаев, Азамат Зия, А.Урунбаева, ұйғыр ғалымдары Әюпжан Илиюп, Рахматолла Жары, француз ғалымы Р. Гроссе, ағылшын ғалымдары В.Ерскин, Росс, американ ғалымдары В.М.Такстон, А.Текин орыс ғалымдары В.Бартольд, В.В. Вельяминов-Зернов, Т.И.Сұлтанов, әзірбайжан ғалымы Әзиз Мирәһмедов, үнді ғалымы Мұхаммед Қасым Үндішах Истерабади Феріште еңбектерін басшылыққа алдық.
Зерттеудің әдісі. Жұмыс барысында жүйелі сипаттау, салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы-салғастырмалы талдау әдіс-тәсілдері қолданылды. Сондай-ақ, әдебиеттанудағы көркем шығарманы талдаудың мұраты идеалық-образдық бірліктің табиғатын кең көлемде зерттеу, жекелеген туындыны қарастыруда туындының мазмұндық сипатын, ал мазмұнды тексергенде оның көркемдік сипатын тұтастықта тану принципін негізге алынды. Автордың туындысын жан-жақты талдау барысында текстологиялық саралау әдісі кеңінен қолданылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Қазіргі заманғы қоғамдық өзгерістер ұлттық әдебиетке жаңа көзқарас-пайыммен келуді міндеттеп отыр. Сондықтан қазақ әдебиеті мен тарихын өткен қоғамның саяси жолы және стильдік тәсілдерін тану арқылы қазіргі қазақ әдебиетінің өзіндік ерекшелігін тарихи тамырларымен сабақтастыра зерделеу жұмыстың теориялық және практикалық маңызы болып табылады. Зерттеу еңбегінде Мырза Хайдар шығармасының исламдық шығыс әдебиетінің түркі-қазақ тарихымен сабақтастыра қарастырылуы осының бір дәлелі.
Жұмыстың нәтижелері мен тұжырымдарын жоғары оқу орындарына, мектептерге арнап оқу құралын, оқулықтар жазуда, қазақ әдебиеті пәні бойынша арнаулы курстарды жүргізуде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының дерек көздері. Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінің Тәжікстан, Өзбекстан, Иран қолжазба қорларындағы қолжазба нұсқалары, сондай-ақ шетелдік және ТМД ғалымдары жүргізген текстологиялық жұмыстардың нәтижелері және олардың зерттеу еңбектері негізге алынды.
Жұмыстың жариялануы және сарапталуы. Ғылыми зерттеу жұмысына өзек болған мәселелер бойынша диссертанттың жеке өзі және авторлармен бірлесе «Қазақ-Иран мәдени байланыстарының өткені мен болашағы» (Қазақстан республикасы, Қазақтың мәдениет және өнертану институты, Алматы, 2001, 163 бет.), «Деректану» (Қос авторлар, Қазақстан республикасы, Қазақтың мәдениет және өнертану институты, Алматы, 2002, 172 бет), «Көне Тараз» (Алматы, “Санат” баспасы, 2002, 215 бет), «Тараз – парсы ақындарының жыр шумақтарында» (Алматы, “Зерде”, 2002, 32 бет), «М.Х.Дулат шығармалары хақында» (М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Ғылыми-зерттеу орталығы. Бірінші кітап, Тараз, 2004, 71 бет) атты монографиялар, «Иран тарихы» (Алматы, “Зерде” баспасы, 2002, 287 бет), «Мұхаммед Хайдар Дулати. “Тарих-и Рашиди”» (Алматы, “Тұран”, 2003, 614 бет), «Молда Мәди Меркішұлы шығармалары. «Тоһфәтол-Жимһурият». (Шағатай тілінен қазақ тіліне тәржімаланған. Алматы, ЖСО Издательство «LEM».2005 ж. 304 бет), «Мұхаммед Хайдар Дулат. “Тарих-и Рашиди” [Үзінді]» (Қазақ прозасы, Хрестоматия. Алматы, Ғылым, 2001, 272-319 бет) аудармалары, «Қазақша-парсыша,парсыша-қазақша сөздік» (Алматы, “Санат” баспасы, 1994, 320 бет), «Парсыша-қазақша сөздік» (Алматы, “Зерде” баспасы, 2003, 447 бет) сөздіктері, «Түрік халықтары әдебиеті тарихы» (Оқу құралы Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ, «Түркітану орталығы» баспасы, 2006), «Түрік халықтары әдебиеті тарихы» (Хрестоматия Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ, «Түркітану орталығы» баспасы, 2006) атты оқу құралдары жарыққа шықты.
Ғылыми жұмыстың негізгі қорытындылары республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарда, жоғарғы оқу орындарының хабаршыларында жарияланды. Жұмыс М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемелекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында, сондай-ақ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының Ежелгі әдебиет бөлімінің мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Ғылыми зерттеу жұмысы кіріспеден, алты бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдістері, практикалық маңызы, сарапталуы және қорғауға ұсынылатан тұжырымдар айқындалып көрсетілді.
Бірінші бөлім «Тарих-и Рашиди» - мәдени мұра» деп аталады.
1.1 «М.Х.Дулаттың өмірі мен шығармашылық ортасы» деп аталатын тарауда Мырза Хайдардың шығу тегі мен «Тарих-и Рашиди» шығармасының жазылу тарихы, ғұламаның әдеби ортасы жан-жақты талданады.
Әкесі өлгеннен кейін, Мырза Хайдар Кабулға 1509-1512 жылдар аралығында келіп, Бабыр сарайында тұрақтайды. 1512 жылы Мырза Хайдардың нағашы ағасы, Моғолстан ханы Сұлтан Саидхан Бабыр патшадан Мырза Хайдарды өз қолына алады.
Сұлтан Саид хан 1533 жылы қайтыс болды. Оның ұлы Әбдірашид хан таққа отырғанда, дулат әмірлерін мемлекеттік істерден шеттете бастады. Бұл кезде Тибетте соғыс жорығында болған Мырза Хайдар бұдан хабардар болып, Моғолстанға қайтып оралуға батылы бармай, біраз уақыт Бадахшанда жүрді. Содан ол жерден Лаһурға, Бабырдың ұлы Камран Мырза хұзырына, 1539 жылында Аграға, Һомаюн қызметіне кірді. Оның Ширханмен жүргізген шайқасына кездейсоқ тап болып, қатысуына тура келді. Содан кейін Камран мырзаның құптауымен Кашмирді жаулап алып, сонда билік құрды. Ақырында 1551 жылы беймәлім кісілер тарапынан ұйымдастырылған қастандық нәтижесінде мерт болды.
Шығарманың бірінші бөлігін жазғанда Мырза Хайдар Әлиаддин Атамәлек Жовайнидің «Тарих-е-жаһангошай», Шәрәфеддин Әли Иәздидің «Зафарнама» еңбектеріне сүйенген. Сондай-ақ Саһиб Қыран Әмір Темірдің Мауароннәһрде дербес мемлекет құруын, оны сыртқы жаулардан қорғап, Моғолстан ханы Тоғлық Темір (1360 жылдар), тіпті кейінірек те тегі Дулат Әмірлерінен шығып билікті қолға алған Қамареддинге қарсы жорықтары түгелдей «Зафарнамадан» алынған. Мұндай жағдайларда автор «Зафарнамадан әңгіме» деп оқырманды хабардар етеді. Жовейнидің «Тарих-е-жаһангошай» еңбегінен алынған кейбір үзінділердің алдында да осындай ескерту береді. Зәһиреддин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» еңбегі де Мырза Хайдар үшін дерек көз қызметін атқарған.
Бұлардан тыс, Мырза Хайдар жастары жүзге талған қариялардан, әкесінен, немере ағаларынан, нағашыларынан және басқа сенімді замандастарынан естіген хикаяларды да мәлімет ретінде пайдаланады. Өз дәуірінің сопылық ағым өкілдерінің Рисалелерінен (трактат), әдеби шығармаларынан да үзінділер келтіреді. Бірақ, «Тарих-и Рашидидің» екінші дәптерін жазуда автор негізінен өзінің естеліктеріне арқа сүйейді.
«Тарих-и Рашидиді» оқығанда, автордың өмірлік, философиялық көзқарасын, өз дәуірінің рухани-мәдени дүниетанымын да сезіну, ұғу қиын емес. Ол оқып, еңбектерінде пайдаланған алпыстан аса шығармаларды назарға алсақ, тарихшының білім деңгейі өз дәуірі үшін жоғары дәрежедегі ғұлама, білімді кісілер қатарында болғанын көрсетеді.
Мырза Хайдар өз еңбегінде Моғолстан хандары мен сұлтандарының билік үшін тынымсыз таласын баяндап берді.
Мырза Хайдар «моғолдар» деп атап кеткен халықтар қазіргі кезде басқаға сіңісіп, солардың атымен аталып жойылып кеткен, не бірінің арасына бірі сіңіп кеткен. Моғолстан және оған тәуелді аумақтар қазіргі кезде Қазақстан, Қырғызстан, Қытайдың Шыңжаң ауданы және Батыс Моңғолияның жерінде орналасқан» [13,7-9] деп жазған. Моңғол және моғол сөздері туралы Шоқан Уәлихановтың да «Моғол Четені: (Жетені) моңғолдармен шатастыруға болмайды, олар мұсылман дініндегі түркі тілдес тайпалар» [14,273] деп нақтылай түскен жазбаларын мойындамаудан басқа амал қалмайды.
«Тарих-и Рашидидің» қолжазба нұсқалары Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Пәкістан, Иран, Қытай, Ұлыбритания, Франция елдерінің қолжазба қорларында сақтаулы тұр.
1.2 «Тарих-и Рашидидің» зерттелу тарихы» деп аталатын тарауда Мырза Хайдар Дулат шығармасының дүние жүзі ғалымдары тарапынан зерттеліп, еңбектің тарихи-мәдени тұрғыдан бағалануы сөз болады.
Екінші бөлім «Мырза Хайдар және Моғолдар дәуірінің саяси-мәдени ахуалы» деп аталады.
«Дулат әмірлігі» деген тарауда М.Х.Дулаттың әулеттері мен олардың Моғол билеушілерімен арадағы қоғамдық-саяси қатынастары сарапталған.
«Қазақ хандығы – Мырза Хайдар шығармасында» атты тарауда «Тарих-и Рашидидегі» Қазақстан тарихына қатысты деректердің саяси-әлеуметтік және әдеби қырлары сөз болады.
Үшінші бөлім «Тарих-и Рашидидің» әдеби сипаты» деп аталады.
«Шығарманың мемуарлық сипаты» атты бөлімде М.Х.Дулат еңбегінің әдеби тұрғыдан құндылықтары, оның жанрлық ерекшеліктері талданады.
“Тарих-и Рашиди” – тарихи шығарма, ғылыми тұрпатта жазылған ғұмырнамалық баян екендігі даусыз әңгіме. Дегенмен, аталған еңбектің жанрлық ерекшеліктері туралы біраз ойланып, ізденетін жақтары да жоқ емес. Өйткені, бүгінге дейін қазақ ғалымдарының көпшілігі шығарманың тарихи мән-мағынасына баса назар аударып келеді. Солардың бірі әдебиеттанушы Ш.Елеукенов: «Қазақстан тарихына қатысты жайларды солтүстікте Қадырғали Жалаири баяндап берсе, оңтүстікте тарихымыздың және бір маңызды беттерін Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің “Тарих-и Рашиди” атты еңбегінде төгілтіп жазып берді» [19, 45 б.] деп жазған-ды.
“Тарих-и Рашиди” шығармасының жанры туралы сөз болғанда ежелгі әдебиет тарихының маманы профессор Н.Келімбетовтың: “Жанрлық тұрғыдан келгенде, “Тарих-и Рашидиді” ғылыми еңбек әрі түркі тілдес халықтардың шынайы шежіресі, сондай-ақ, тарихи тақырыпқа жазылған көркем туынды” [20, 310 б.], – деген пікірлерінің жаны бар.
Бұл орайда Ә.Дербісәлі бастаған шығыстанушылар да осындай пікірде. Ал қазақ әдебиетіндегі шежірелік шығармалардың тарихилығы және жанрлық, стильдік ерекшеліктері жөнінен диссертация қорғаған А.Оразбаева: «М.Х.Дулатидың “Тарих-и Рашидиі”– қазақ әдебиетінің әуезе текті жанрлары (шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме) тұтастана, бірін-бірі толықтыра жазылған шығарма», – дей келе, оны әлем халықтарының әдебиеттеріндегі күнделік, эссе, мемуар, өмірбаян, сынды көркем тарихнама жанрларымен поэтикалық үндестігімен танылатын туынды ретінде санайды [21, 11 б.]. Алайда, зерттеушілердің көбі Мырза Хайдар еңбегінің парсы тілінде жазылғанын, сондықтан негізінен оның Иран әдебиетіне жақындығын ұмытып кетіп жатады. Былайша айтқанда, Мырза Хайдарды түрік тілді ұлт мәдениеті мен тарихы туралы жазған парсы тілді қаламгер екені белгілі. Сондай-ақ, оның “Жаһаннама” атты дастаны түркі тілінде жазылғанын ескерсек, Мырза Хайдар екі жаққа да ортақ талант иесі болып шығары анық.
Жалпы, жазушы өткен заманның, болмаса өзі өмір сүрген дәуірдің тарихи шындығын бейнелейтіндіктен, соған сәйкес шығарманың да жанры мен стиліне біраз өзгерістер енері даусыз.
Қазақтың көркем прозасының жанрлық даму құбылысы туралы зерттеуші профессор А.Ісмақова сахара көшпелілерінің ерте замандардан-ақ аңыз, қисса, эпикалық жанрдың басқа түрлерінің жоғары деңгейде дамығанын айта келе: «Орта ғасырлар кезеңі бұл әдебиеттің ұзақ уақытқа созылған ең жемісті заманы болды» [23,18] деп пайымдайды. Расында, ХІV– ХVІ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихында көркем проза үлгісі саналатын бір ғана “Тарих-и Рашиди” болмаса керек.
Шығарманың басты идеясы туралы біршама тұжырымдар жасауға болады. Жалпы ИДЕЯ дегеннің өзі орыс ғалымы Л.Тимофеев жазғандай, автордың мақсатты ойы мен шығармашылық жұмысының барысында тууы мүмкін. Бұл идеяны жазушы өз оқырмандарына “жеткізуге” тырысады. Алайда, автордың идеясы оның шығармадағы материалдарын толық саралаған соң барып, сыншының салыстырмалы түрдегі бағасымен белгіленеді. Яғни, бұл – объективті идея [24, Б.151-152]. Осы пікірге сүйенсек, “Тарих-и Рашиди” авторының идеясы – өзі айтқандай, Сұлтан Саид хан мен оның ізбасары Әбдірашид ханды ұлықтап, есімдерін мәңгілікке қалдыру, сондай-ақ, Исламды тұңғыш қабылдаған моғол ханы Тоғлық Темірді мадақтау һәм тоқтаусыз соғыстардан саны азайып кеткен моғол халқына да, ескерткіш ретінде «сөзден сарай тұрғызу» болған. Дегенмен, бұл айтылғандар бар болғаны – “тақырыптық идея”. Шығарманы тұтастай оқып қарағанда, Мырза Хайдардың бұл кітабының ішкі мазмұндық, сюжеттік, қала берді дидактикалық, философиялық, т.б. көптеген мәнді идеялары бар екендігіне көз жеткіземіз.
Мырза Хайдар шығармасы негізінен Орта ғасыр әдебиетінде, әсіресе, ақсүйектер мен хан сарайы жанында ғұмыр кешкен оқыған, зиялы қаламгерлерге тән. Біздіңше, хандық билік, мемлекеттік идея, ұлттық және діни бірлік, моғол-түрік әскерінің жеңімпаз рухымен қоса әміршілер сарайының салтанатын ұлықтай отырып, Мырза Хайдар өз дәуірінде белең алған классикалық үрдістің ықпалында болғаны даусыз. Сонау Алып Тоңға (Афрасияб), одан берідегі Шыңғыс ханнан тараған Барша хан әулетінің белгілі өкілдерін, олардың мұрагерлері мен түркі әмірлерінің билеген хандықтарын және Әмір Темір, Хорезм шаһ, Жәнібек, Қасымхан, Ахмет хан, Сұлтан Саид хан, Шейбани хан, Ұлықбек, Бабыр шаһ сияқты жаһангер ақсүйектердің жеңімпаздық жорықтарын сұлу да сырлы сөзбен көркемдей отырып, автор әміршілер әлеміндегі “билік интригасын” – тақталастар мен бақталастар арасындағы бітіспес қайшылықтарды шынайы бейнелейді.
Кең құлашты, эпикалық сарыны мол көркемді туындының бойынан реалистік және романтикалық стильдің де айқын белгілерін табамыз.
Мырза Хайдар өз шығармасының негізгі кейіпкерлеріне әдеби және тарихи тұлға ретінде мінездеулер мен жеке портреттер жасай отырып, оларды даралап, мінез-құлықтарын ерекшелеп көрсетуге ұмтылған. Әсіресе, автордың өзіне, Әбдірашид хан мен оның әкесі Саид ханға, Әбу Бәкір мен Әмір Құдайдатқа, Бабыр сұлтан мен Шейбани ханды сипаттайтын портреттер сәтті бейнелеуге толы.
Ол автор ретінде ғана емес, тарихи процестердің тікелей қатысушысы болғандықтан, әрдайым “ат үстінде” шытырман ситуациялар жағдайында жиі оқырманмен ұшырасады. Сол себепті, жазушының автопортреті, шығармада айрықша әсерлі, барынша жарқырай ашылған.
Достарыңызбен бөлісу: |