Жоба
Түпқараған ауданының
Форт-Шевченко қаласы мен ауылдарының
бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын
өткізу және жергілікті қоғамдастық
жиынына қатысу үшін қала, ауыл , көше,
көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің
санын айқындау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 «Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы» қаулысына және Түпқараған ауданының әкімі әзірлеген Түпқараған ауданының аумағында Форт-Шевченко қаласы мен ауылдардың бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін қала, ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау қағидаларына сәйкес, аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Түпқараған ауданының аумағында Форт-Шевченко қаласы мен ауылдардың бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін қала, ауыл, көше,көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы А.Қосуақов
Аудандық мәслихат хатшысы А. Досанова
«КЕЛІСІЛДІ»
Түпқараған ауданының әкімі
Т.АСАУОВ
сәуір 2014 жыл
Түпқараған аудандық мәслихатының
2014 жылғы 11 сәуірдегі
№ / шешімімен бекітілген
Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласы мен ауылдарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін қала, ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы қағидалар «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру мақсатында әзірленді және Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласы мен ауылдарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл тұрғындары өкілдерінің санын айқындау тәртібін белгілейді.
2. Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындары (одан әрі – Бөлек жиын) Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласы мен ауылдарының жергілікті қоғамдастығының жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлау мақсатында шақырылады және өткізіледі.
2. Бөлек жиынын өткізудің жалпы қағидалары
3. Қаланың, ауылдардың, көшенің, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлауға қатысуы ерiктi болып табылады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.
4. Қазақстан Республикасының азаматының қаланың, ауылдардың, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің аумағындағы тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелу дерегі оның бөлек жиынға қатысуына негіз болып табылады.
5. Жергілікті қоғамдастықтың мүшелері бөлек жиынға жеке қатысады және олардың әрқайсысы бір дауысқа ие болады.
6. Бөлек жиынға кәмелетке толмағандар, сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.
3. Бөлек жиынын шақыру және әзірлеу тәртібі
7. Бөлек жиынды қаланың, ауылдың әкiмі шақырады.
Аудан әкiмінің бөлек жиынды өткізуге оң шешімі бар болған жағдайда оны өткізуге жол беріледі.
8. Жергілікті қоғамдастық мүшелері бөлек жиынның шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабардар етіледі.
4. Бөлек жиынды өткізу және шешім қабылдау тәртібі
9. Қала, ауыл шегінде бөлек жиынды өткізуді қала, ауыл әкiмі ұйымдастырады.
10. Бөлек жиынды ашудың алдында оған қатысуға құқығы бар тұрғындар мен шақырылғандарды тіркеу жүргізіледі.
11. Бөлек жиын оған тиісті қала,ауыл тұрғындарының кемінде он пайызы қатысқанда өтті деп есептеледі.
12. Бөлек жиынды қала, ауыл әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.
Қала, ауыл әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жиынның төрағасы болып табылады.
Бөлек жиынның хаттамаларын рәсімдеу үшін ашық дауыс беру арқылы хатшы сайланады.
13. Бөлек жиында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды және ол қала, ауыл әкімінің аппаратына беріледі.
14. Бөлек жиынның шешімі, егер оған бөлек жиынға қатысушылардың жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
5. Форт-Шевченко қаласының, ауылдардың жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін тұрғындар өкілдерінің санын айқындау тәртібі
15. Форт-Шевченко қаласының, ауылдардың жергілікті қоғамдастығының жиынына қатысу үлесі ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үйлер сайлаушыларының бір пайызы негізінде анықталады.
16. Дауыс беру ашық түрде әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Бөлек жиынға қатысушылардың ең көп дауыстарына ие болған кандидаттар сайланған болып есептеледі
Достарыңызбен бөлісу: |