Жоңғар шапқыншылығы ауызша деректерде.
Ауызша тарих айту дәстүрі қазіргі таңда ұлттық тарихты зерттеушілердің ерекше назарына іліккен мәселелердің бірі. Дәл осындай тарихи деректер арқылы зерттеушілер тұтас бір ұлттың дүниетанымын ашуға, оның тарихи уақыт пен кеңістіктегі ұлттық және әлеуметтік-мәдени дамуының нәтижесін көрсете алады. Әлемдегі кез-келген ұлттың тарихы жайлы ақпарат алу үшін бірінші кезекте олардың ауыз әдебиетінің туындыларымен және фольклорымен танысқан дұрыс. Әдебиеттану терминімен айтқанда, әр түрлі жанрмен (тұрмыс-салт жырлары, эпос, аңыз-жырлар, шежіре, т.б.) сипатталатын ұлттық деректер жазба мәдениетке дейінгі және ол тұрақты немесе кең таралмаған кезеңдердегі халықтың өзі жайлы мағлұматтар беретін ең басты дерек көзі болып саналады1. Қазақ халқында көшпелі өмір салтын ұстанған басқа да халықтар сияқты жазу, кітап шығару ісі кенже қалған. Осыған байланысты тарихи оқиғалар, ұлы адамдардың өмірі, тұрмысы, салт-дәстүрі көбінесе ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіліп отырған. Сондықтанда еліміздің тарихын зерттеуде осы жағдайға көңіл аударған дұрыс. Көптеген жылдар бойы қазақ тарихындағы ауызша деректерге жеткілікті мән берілмей келді. Олай дейтініміз осы күнге дейін ауызша тарихтың деректерінің маңыздылығы көп мән берілмей, ескерілмей қалып жатыр. Бұл дегеніміз, түптеп келгенде тарихи білімінің негізін ауыз әдебиеті мен шежірелерде сақталған қазақ халқының ауқымды да терең тарихын зерттеу жолындағы ең бірінші есепке алуға тиісті мәселе болуы керек еді. Сонымен қатар халқымыздың ауыз әдебиеті мұраларын тек әдебиеттану ғылымына теліп қойғандығымыздан, ел тарихын зерттеудің үлкен бір деректер көзі толық ашылмай жатыр деп айтуға болады. Қазақтың белгілі этнограф ғалымы Ақселеу Сейдімбек: «Қазақтың миф, эпос, ертек, аңыз, жыр, шежірелік әңгімелер сияқты рухани мұраларына бірыңғай әдеби-фольклорлық немесе этнографиялық материал тұрғысынан қарамай, сонымен бірге этникалық тарихтың айғағы ретінде де қарау керек» - деп айтады2. Сондықтанда еліміздің ғалымдары «ештен, кеш жақсы» дегендей осы мәселеге мойын бұрып, ауызша айтылған тарихтың жазбаша тарихтан еш кем еместігін түсініп зерттеу еңбектерінде көбірек қолданса, тарихымыз тағы да біраз тың мәліметтермен толығар еді.
Төл тарихымыздың ауызша дереккөздердің ұзақ уақыт көлеңкеде қалуының тағы да бір себебі, оның патша үкіметі кезінде бұрмаланып, ал Кеңес үкіметі кезінде қазақтардың ауызша тарихы ол болмаған нәрсе деп қатардан шығарылып, сызылып тасталуы еді.
Осы мақаламызда ауызша деректердің тарихи жырлар, тарихи аңыздар, тарихи өлеңдер және топонимикалық аңыздарды сияқты қазақ фольклорының жанрлары қарастырылған. Аталған шығармалардың ішінен ХVIII ғасырдағы қазақ халқының басынан өткен қасіретті кезеңдердің бірі жоңғар шапқыншылығына қатыстыларын қарастыратын боламыз. Мысалы, қазақ ақын-жырауларының шығармаларында аласапыран заманда халықтың басын біріктіріп, елін, жерін қорғауға ерекше үлес қосқан батырлармен қатар ел билеген хандар, қара қылды қақ жарып әділ билік айтқан билер туралы да шығармалар көптеп кездеседі. Тарихи жырлар, олар белгілі бір оқиғаларды шындыққа жақынырақ мадақтау немесе айыптау түрінде лирикалық субъективті бағалаудың үлкен мазмұнымен жырлайды. Эпосты зерттеу өте қызықты, өйткені ол ұлттың өткен өмірін халықтың жадында қалай сақталғанын көрсетеді. Онда біз қазақтардың қоғамдық және тұрмыстық қатынастары, сол кездегі ұстанған әдет-ғұрыптар, нанымдар мен қоғамдық идеалдар туралы мәліметтерді табамыз. Тарихи жырларда қазақтардың көрші халықтармен қарым – қатынасы, соғыстар, одақтық қатынастар, тұрғындардың тайпалық құрамы, мәжбүрлі қоныс аудару оқиғалары сипатталады. XVIII ғасырдағы шығармаларда негізінен жоңғар-қазақ соғыстары, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Әбілқайыр, Әбілмамбет, Абылай хандар, Қарақерей Қабанбай т.б. батырлардың ерлік істерін сипаттайды. "Абылай хан", "Олжабай-батыр", "Жасыбай батыр", "Қабанбай-батыр", "Өтеген-батыр" және тағы басқалар сияқты бірегей туындыларда- ұлы күйзелістер кезеңін, мысалы, халық жадында "ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" атымен қалған жоңғар шапқыншылығының уақытын суреттейді.
Жырау мен жыршы атқарған әлеуметтік-мәдени қызметті осы шежірелік жады мен дәстүрлі тарихи сана арқылы іске асырған. Сол тарихи дәуір шындығын жырға салған атақты Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Қожаберген, Үмбетей, Бұқар сияқты тарихты шежіре еткен жыраулар болған. XVIII ғасырда қазақ даласында орын алған негізгі тарихи оқиға қазақ-жоңғар арасындағы соғыстарға байланысты болған. Абылай заманындағы жаугершілік туралы әңгімелер тақырыпшалардан құралған: «Ақтабан шұбырынды», «Қалмақ қырылған», «Талқан соғысы» және т.б. Осы кездегі қазақ батырларының данқты ерліктерін сипаттаумен қатар, көптеген ежелгі жыр-аңыздарда кездесетін мұндағы адами мінезді көрсету фактілерде өзінше құнды. Соның бірі Абылай ханның өзінің іс-әрекеттері арқылы, оның қол астындағы батырларының ерлік пен өрлік, намысқойлық қасиеттерін сынауы. Осы Абылай заманындағы тарихи әңгімелердің бір тобы батырлардың әскери соғыс өнері мен әскери тәртіпті сипаттайды: Даңқты батырлардың ішінде Олжабай, Жасыбай, Малайсары, Жазы, Бөгенбай батырлар туралы деректер әсіресе толық. Ол туралы архивтік деректер орыс ғалымдарының еңбектерінде, қазақтардың шежірелері мен батырлар жырларында бар3. Ауыз әдебиетінің осындай үлгілерінен біз қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын ғана көріп қоймай белгілі бір тарихта болған оқиғалар мен адамдар жайлы нақты деректерді көре аламыз. Мысалы: тарихи оқиғаларға негізделіп құрылған аңыздарға сүйене отырып М. Тынышпаев «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасының басталу уақытын, яғни 1723 жылдың сәуір айы деген қорытындыға келеді. Бұл жерде М.Тынышпаев өз руының аңыз-әңгімелерінің бірнешеуін дәлел ретінде келтіріп өтеді4.
ХVIII ғасырдағы тарихи жырлардың ішінде ең бір кең таралған кейіпкер деп Абылай ханды айтуға болады. «Абылай хан», «Сабалақ», «Абылай туралы жыр», «Қалдан Серен Абылайды тұтқынға алғаны», «Абылай хан әңгімесі», «Сабалақ—Абылай хан», «Абылай мен Олжабай» «Сабалақ», «Абылай хан... Ақ атан» - аталған шығармалардың қай-қайсында да тарихи фактілер көптеп кездеседі. Әсіресе «Қалдан Серен Абылайды тұтқынға алғаны» жырында нақты тарихта болған жайт, яғни 1742 жылы Абылай ханның тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түскені жайлы айтылады.
Қазақ даласында жоңғар шапқыншылығына қатысты деп саналатын жер-су атаулары баршылық. Ол атаулардың барлығында шығуы туралы аңыздары бар. Жалпы аңыз жанры тарихи шындық, тарихи факт негізінде қалыптасқанымен, оның ауыздан ауызға айтылуы барысында өзгеріске ұшырап, жаңа эпизодтармен толығып отыруы заңды құбылыс деуге болады.
Бейнелейтін оқиғаларына, кейіпкерлеріне, жалпы тақырыбы мен мазмұнына қарап, тарихи аңыздарды шартты түрде мынадай топтарға бөлуге болады:
а) оғыз-қыпшақ заманынан елес беретін аңыздар (оларға Қорқыт, Ахмет Иасауи және Арыстан Алып туралы әңгімелерді енгізуге болады. VIII – XII ғғ.);
ә) моңғол шапқыншылығы мен Алтын Орда оқиғалар жайындағы аңыздар (Шыңғыс, Жошы, Тоқтамыс, Темір есімдеріне байланысты әңгімелер. XIII–XVғғ.);
б) Қазақ хандығы тұсындағы оқиғалар мен қайраткерлер туралы аңыздар (Жәнібек, Асан Қайғы, Жиреншелер жайындағы әңгімелер. XV–XVII ғғ.);
в) қалмақтарға қарсы соғыс-ұрыстарға байланысты туған аңыздар (Абылай, Қазыбек, Әбілқайыр, Бөгенбай, Қабанбай аттарына қатысты әңгімелер. XVIII ғ.);
г) Сырым, Исатай мен Махамбет, Жанқожалар бастаған шаруалар көтерілісіне байланысты туған аңыздар (XVIII–ХІХ ғғ.);
д) ХХ ғ. басындағы ұлт-азаттық қозғалыс туралы баяндайтын аңыздар5.
XVIII ғасырдағы орын алған оқиғаларға байланысты аңыздарға тоқталатын болсақ, «аталған кезең туындыларының» негізгі мазмұны негізінен жоңғарлардың басқыншылық әрекеттеріне қарсы қазақ халқының көрсеткен ерлік күресі туралы және Қазақ Ордасының мемлекеттілігін, халқының тәуелсіздігін сақтап қалуда ерекше рөл атқарған Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты ел тұтқасы тарихи аңыздар болған кемеңгер билердің ел тұтастығын, руаралық ынтымақ-бірлікті сақтаудағы ерен еңбектерін, дау шешудегі әділдігін, қайраткерлік тұлғаларын сомдайтын, Абылай сынды айбынды ханның көзсіз ерлігін, қолбасшылық, ұйымдастырушылық қабілетін, ел басқарудағы өзіндік қырларын, дипломатиялық іс-тәжірибелерін ашып көрсететін, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Мүйізді Өтеген, Шақшақ Жәнібек, Сүйіндік Олжабай, Малайсары, Балтакерей Тұрсынбай секілді даңқты батыр-қолбасшылардың жорық жолдарын баяндайтын аңыздар енгізілді. Бұл туындыларды «Кемеңгер үш би туралы аңыздар», «Абылай ханға байланысты аңыздар», «Батыр-қолбасшыларға қатысты аңыздар» деп топтастыруға болады. Солардың ішінде нақтылы оқиғаны баяндайтын аңыздар да көп. Бұл шығармалардың басты ерекшелігі – нақты болған оқиғаға негізделгендігі. Тағы да бір айта кететін нәрсе аңыздардың көпшілігінде бірнеше нұсқаларының болуы. Мысалы, Қазыбектің «қаз дауысты» аталуына байланысты, Абылай ханның (Сабалақтың) жекпе-жекте алғаш көзге түсуі жайлы, болмаса ханның өлімі туралы және т.б. Бұндай нұсқалардың негізгі мазмұнында ұқсастық, жүйелілік болғанымен кейіпкерлерінде, эпизодтарында біраз айырмашылықтар кездесіп тұрады.
Тарих көрсеткеніндей ел, мемлекет өмірінің әр кезеңдерінде болған тарихи тұлғалар, оқиғалар мен құбылыстар өмірге жаңа жер-су атауларын тудыратынын білеміз. Қазақ жеріне көптеген топонимдер әкелген сондай оқиғалардың бірі XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы десек қателеспейміз. Енді осы атаулардың тарихты зерттеп, зерделеудегі рөлі қандай деген мәселеге тоқталсақ. Бұл жерде ескере кететін бір нәрсе сол кезеңде пайда болған топонимдердің көпшілігі нақты болған шайқастардың қатысушыларының аттарына (Қаскелең, Шамалған және т.б.) немесе нәтижесіне байланысты қойылғанын (Аңырақай, Қалмаққырылған) байқаймыз. Ары қарай енді осы атаулардың бірнешеуіне тоқталып өтсек. Қанжуған атауының пайда болуы жайлы аңызда сол кезеңде өмір сүрген нақты тұлғалар (Райымбек батыр, Лама-Доржы және т.б.) мен шынайы болған оқиға жайлы біле аламыз. Қапал тауы, Қарқара, Қарқаралы аңыздарында осы қатарға жатқызуға болады. Топонимикалық аңыздардың басты мақсаты жер-су атауының қайдан пайда болғанын айту емес, сол жерде болған оқиғаны баяндау. Бұл аңыздардың бір ерекшелігі олар тарих аңыздарға қарағанда көркемдік жағы басымдау болады және оқиға өткен уақыттан алыстаған сайын тарихи негізі көмескіленіп, жаңа эпизодтар қосыла бастауы мүмкін.
Тарихи өлеңдердің айтары да – қазақ ұлтының бастан кешкен түрлі деректі оқиғалары, тарихи ірілі-ұсақты ел басына қиын-қыстау күн туғандағы қайғы-қасіреті, мұң мен шері, қуанышы мен келешек өмірге деген үміті .. Өкінішке қарай көбіне ауызша айтылып, суырыпсалмалық дәстүр үлгісінде тарағандықтан, көне дәуірлерге қатысты өлең-жырлар ұмытылып үлгерген.Тарихи өлеңдер дастандар мен эпостардан көлемі жағынан шағындығымен және атқаратын міндеттерімен ерекшеленеді. Бұларда эпикалық кең ауқым және әңгімелеу қарқынының өзгеріп отыруы кездеспейді. Тарихи өлеңдер халық өміріндегі нақты оқиғаларға қатысты дүниеге келді және сол уақыттың шындығын дәл көрсетті. Тарихи өлеңдердің жарқын үлгісі болып "Қаратаудың басынан көш келеді", "Қап қағылған", "Шаңды жорық" өлеңдері табылады6. М.О.Әуезов: «Ел ескілігінің бір алуаны тарихи өлеңдер», — дей отырып, «Тарих өлеңдері ең алдымен ел тіршілігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады»7, — деген, тарихи өлеңдердің басты сюжеті бүкіл халықтың басындағы мәселеге арналып, халықтың арман-тілегі, қасіретті тағдырымен байланыстырылады. Бірінші орында ел мен жердің тағдыры қойылады. Негізінен нақты болған немесе болып жатқан нақты, шынайы тарихи оқиғаға арналып, сонымен байланысты болады. Осы жерден тарихи өлеңдегі басты ерекшелік тікелей деректік мәселеде жатқанын көруге болады. Өлеңнің лирикалық түрінде жеке адамның басындағы жағдай өлеңнің өзегі болса, тарихи өлеңдерде бүкіл халықтың тағдыры, кешкен қиыншылығы суреттеледі. Бұл жерден тарихи өлеңнің негізі ел басынан өткерген үлкен оқиғадан келіп туындайды деп айтуға толық негіз бар. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасына байланысты туған тарихи өлеңдер. Қаншама уақыт өтсе де халықтың жадында сақталып қалған «Елім -ай» — ел басына түскен қанды қырғынның нақты куәгері. Ұлтымыздың сол бір ұлы қасіретінің әнұранына айналған, бұл әннің сөзі мен әуені халықтың зар заманындағы көңіл-күйін, өкінішін, мұң — зарын айқын бейнелейді. Зерттеуші А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Е.Ысмайылов т.б. тарихи өлеңдердің айтушылары сол оқиғаны көзбен көріп, көңілге түйген ақындар екен деген пікірлері дәлелді айтылған. Қожаберген Толыбайсыншыұлы жырау 1723 жылғы “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған iрi апатты өз басынан өткерiп, көзiмен көрген, қырғынның жуан ортасында болған қарт баһадұр.
Атсыз қап жұрт жүрiсi шабан болды,
Халқыма аштық, соғыс жаман болды.
Басталып ел сұлауы Алакөлден,
Ақтабан шұбырынды заман болды.- деген өлең жолдары бұған куә.
Тарихи өлеңдердің айтары оқиға қалай, қашан болды, оның себебі мен салдары халықтың қандай күйге түскендігін жеткізу дәстүрге айналған8.
Қорыта келе айтарымыз, фактілерінің шындыққа жақындығы жағынан жазбаша дереккөздерден кем түспейтін қазақтың ауызша деректері тарихы әлі күнге дейін толық зерттеліп, зерделенді деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Осы кезге дейін жазбаша тарихи деректерге ғана сүйеніп, ауызша бай тарихы бар елдерді тарихы болмаған, жабайы деп санап келген көзқарастардан құтылатын уақыт жетті деп ойлаймыз. Шындап келгенде осы ауызша тарихтың деректерінің шетелдік мұрағаттардағы жазбаша деректерден кем түспейтіні де дәлелденген факт. Сонымен бірге халқымыздың ғасырлардан ғасырларға, ұрпақтан ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап жеткізіп отырған мұрамызды елге таныту қазіргі тарихшы ғалымдардың ең бірінші кезекте айналысуы тиіс жұмыстары болуы керек. Халқымыздың ауызша тарих айту дәстүрін зерттей отырып тағы да бір көз жеткізген мәселе, ол ел тарихындағы кез-келген бір айтулы оқиға болсын, тарихи тұлға болсын тарихта қалып ауызша деректердің арқасында бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Кешегі қылышынан қан тамған Кеңестің тұсында рас ауызша тарихымызды зерттеген көптеген ғалымдарымыз қуғынға ұшырағаны рас, бірақ қазір еліміз тәуелсіздік алып, жеке мемлекет болғандықтан осы мәселеге көбірек көңіл бөлу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |