ЖОҢҒарды жеңген бөгенбайлар қаратаев Төреғали, проф., т.ғ. к



Дата24.02.2016
өлшемі98.84 Kb.
#16999
ЖОҢҒАРДЫ ЖЕҢГЕН БӨГЕНБАЙЛАР

Қаратаев Төреғали, проф., т.ғ.к.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Тарих беттерін ақтарып отырсаң, Бөгенбай, Бөкенбай есімді батырларға жиі кезігесің. Керей Бөгенбай Маянбайұлы (ХVІІ ғ.), Қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлы (ХVІІІ ғ.), Шақшақ Бөгенбай Қожекеұлы (ХVІІІ ғ.), Табын Бөкенбайұлы Қарабатырұлы (ХVІІІ ғ.) тағы басқалар...

Жай адам түгіл, тарихшылардың өздері де кей-кейде осы батырлардың аражігін ажырата алмай, жаңсақ пікірлерге ұрынып қалып жүр. Мен өзім де сол шырмауықтардың ішіне түсіп кетіп, шыға алмай көп жүрдім. Нәтижесінде Бөгенбай, Бөкенбай есімді батырлар хақында бірқыдыру мәлімет таптым. Сол тапқандарымды салыстыра алып, оқырманға ұсынып отырмын. Мұнымды «шындықтың шыңы» дей алмаймын. Дәлелі мығым өзге пікірлер болса, құлағым түрік.

Бөгенбай батыр Ақшаұлы (Бөгенбай батыр Ақшаұлы (1685-1765) – Орта жүздегі «Ортаншы Арғын» тайпасының ақсопы тармағының қанжығалы деген руынан шыққан. Абайлар тараған Тобықты мен осы Қанжығалы ағалы-інілі адамдар. Қанжығалы Бөгенбайдың ата-қонысы осы күнгі Ақмола облысының Ерейментау өңірі болған. Ерейментау қаласының кіре берісінде Бөгенбай батырдың ескерткіш белгісі қойылған.

Бұқар жыраудың (1668-1781):

Қара керей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Қаз дауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек,

Ормандай көп Орта жүз,

Содан шыққан төрт тірек, - (1)

Деп Орта жүздің асылдарын аузына алғанда, солардың қатарында Қанжығалы Бөгенбайдың да аты аталуы батырдың тарихи тірек тұлға болғанын айғақтайды.

Бөгенбайдың түр сипаты:

Саусағы бақандай

Қолына күші егер тұтқасы болса, жерді иіргендей қарулы

Түрі қара сұр, түсі суық

Айбаты шошытады келсең жуық

Күшіне ақылы сай тым кемеңгер

Атадан жаралған ғой үздік туып

(Ж.Омари «Бұқар жырау» 1994, 259б)

Абылай хан жас кезінде жауынгерлік тәжірбиені осы Бөгенбайдан үйренген көрінеді. Тарихи жырлар, жазыпты М.Мағауин, Сабалақ әуелде Қанжығалы Бөгенбайдың соңына еріп, тұтқиыл, шағын жортуылдарға қатысқанын айғақтайды (2). Кейін Абылайдың ержүрек батырларының ішінде биік беделге жеткен. Оған Үмбетей жыраудың (1706-1778) Абылайға Бөгенбай өлімін естірткендегі мына сөздері куә:

Ей, Абылай, Абылай,

Сөзімді тыңда тағы да-ай!

Өзіңнен біраз жас үлкен,

Дөмпеш таудай басы үлкен,

Жасыңда болған сырласың,

Үлкен де болса құрдасың,

Сексеннен аса бергенде,

Қайырылмас қаза келгенде,

Батырың өлді Бөгенбай! (3)

Бөгенбай батыр ақылы кең, алымы зор, ұзын бойлы, дәу қара сұр өңді, қыр мұрынды, иегі шығыңқы, биік қабақты, көзі өткір кісі екен дейді. Албырт Абылай жоңғар батыры Шарышқа жекпе-жек шығам деп рұхсат сұрағанда, қолбасшы Бөгенбай өзінің Нарқызыл тұлпарын жас батырдың тақымына тартқан, беліндегі нар кескен қылышын, үстіндегі ақ сауытын, қарындағы қалқынын шешіп ұсынған, «Әруақ қолдасын!» деп бата берген. Абылай Шарышты найзамен түйреп түсіріп, қылышпен басын шауып тақымына басқан.

Осы Нарқызыл тұлпар туралы әңгіме бар. Абылай әскері қалмақтармен бірнеше күн соғысып, бірін-бірі жеңісе алмай тұрғанда, қалмақтың қолбасшысы: «Жекпе-жекке Жәнібек шықсын» деп Шақшақ Жәнібектің атын атап талап қояды. Ертен жекпе-жек. Түнде Жәнібек бір жаман түс көреді. Түсінде қалмақ мұны аударып түсіріп, бауыздағалы жатыр екен. Шошып оянады.

Ертеңіне Жәнібек Абылайға барып, көрген түсін айтады. Сонда Абылай жадырай күліп:

- Сөз болғаныңа! Түстің құдіреті көруінде емес, жоруында екенін білмеуші ме едіңіз? Мынауыңыз қамығып жүдейтін түс емес, әруақ асырып үдейтін түс қой. Мұнан жақсы түс бола ма ? Түсіңізде ол сізді шаншып түсірсе, өңіңізде сіз шаншисыз, түсіңізде қанжарын ол дайындаса, өңіңізде сіз дайындайсыз, барыңыз жекпе-жекке! –дейді. Осыны айтады да Абылай хан Сейісбек деген атшысын шақырып алып, «жаман түске садақа, жақсы түске де садақа, ер мерейі үстем болсын» деп, баяғы Қанжығалы Бөгенбай батыр сыйлаған Нарқызыл атты Жәнібек батырдың жолына құрбандыққа шалдырыпты.

Жәнібек батыр қалмақты аттан жұлып алып, енді бауыздағалы жатқанда, анау:

Тоқтай тұр. Сен көрген түсті мен де көріп ем. Бірақ сенің түсіңді бір қасиетті кісі жорыған екен. Сен содан жеңдің әйтпесе іс басқаша еді. Ал енді бауыздай бер, - дейді.

Жәнібек қалмақты босатып жіберіпті.

Қанжығалы Бөгенбай 1723-1729 жылдарда бүкіл қазақ әскерінің бас қолбасшысы ретінде жоңғар соғысында ірі-ірі жеңістердің ұйытқысы, дем берушісі болған (4).

Қанжығалы Бөгенбай мен Шақшақ Бөгенбай батыр бір-біріне бажа. Біріншісі Әбілқайыр ханның Бәтима деген апасына, ал екіншісі Әбілқайырдың Мақпуза деген қарындасына үйленген. Әбілқайыр ханға Шақшақ Жәнібек те (1693-1751) (Бөгенбайдың туған інісі) күйеу: тағы бір қарындасына үйленген.

Бөгенбай (Қанжығалы) қазасына Абылай хан өзі барып көңіл айтқан. Әруағына арнап дұға оқытқан. Бөгенбайды Түркістанға апарып жерлеуге байлам жасаған . Ол үшін мәйіткке тұз ерітіп құйдырып, өзге де амал –әдістер қолданып, Түркістанға аттандырған. Есіл өзенінің осы Бөгенбай батыр мәйіті өткен өткелді халық «Қараөткел» деп атап кеткен. Ақмола қаласының бұрынғы «Қараөткел» деген аты осы оқиғаға байланысты қойылған (5).

2. Бөкенбай батыр Қарабатырұлы (1691-1742) – Кіші жүздегі жеті аталы Жетіру тайпасының Табын деген руының Жылқышы деген атасынан шыққан. Табын Бөкенбай – қолбасшы, мәмілегер (дипломат), саясаткер және батыр.

Қазақтың ірі тарихшысы Ермұхан Бекмаханов (1915-1966) «батыр» деген сөз түрікше «Баhадұр» деген сөзден шыққан, «күрескер», «айбынды», «қаhарман», «ержүрек», «батыл», «қайсар» деген ұғым береді дей келе, 1730 жылы Кіші жүз қазақтарының жоңғар шапқыншылығына қарсы аса сұрапыл шайқасында «Бөкенбай» мен Есет ерлігі ерекше көзге түсті, халық екеуін батыр деп атады», деп жазды (6).

1710 жылы Сыбан-Раптан қазаққа шабуыл жасауға отыз мың әскер әзірлейді. Жоңғар қимылдарының аңсын-аңдап отырған Тәуке хан бұл қатерді бірден сезеді. Дәл осы жылы Қарақұмда бүкіл қазақ ордасының құрылтайын шақырады. Соны күтіп отырғандай, жоңғарлар лап қояды.

Құрылтайда сан пікір сарапқа түседі. Біреулері жоңғардың бодандығына кірейік десе, енді біреулері үдере көшейік дейді. Бірақ көпшілік ойратпен қасық қанымыз қалғанша соғысамыз деген пікірге тоқтайды. Бас қолбасшыға Бөгенбай батырды сайлайды. Қазақ тарихында тұңғыш рет бас сардар болу хан, сұлтанға емес, қара халықтың қара қылыш батырына тапсырылады.

1710-1711 жылдарда Бөкенбай бастаған сарбаздар қалмақтың бетін кейін қайырады. Онысымен шектелмей 1712 жылы жау басып алған жерлердің біразын кейін қайтарып алады.

Қалмақтың келесі жылғы шабуылы да сәтсіз аяқталды. Бірақ қазақ жағында ауызбіршілік кеми берді. 1715 жылы әз-Тәуке дүние салғаннан кейін, бұрынғы бірліктің тек көлеңкесі ғана қалды.

Қартайыңқырап қалған бірінші Қайып Құдаймендеұлы хан тағына отырады.

Қайыптың беделі Тәукедей болмайды. 1717 жылы Қайып пен Әбілқайыр бастаған отыз мың қол Аягөз маңында жоңғарлардан жеңіліп, қатты шығынға ұшырағаны, тіпті Қайып Ордаға келгенде қасында екі-ақ кісі болғаны әдебиетте бар (7).

1718 жылы Қайып хан кісі қолынан қаза тапты. Бұл жылы хан тағына ең лайықты тұлға – Әбілқайыр еді: атақ-абыройы де әскери тәжірбиесі де, жігер-қуаты да жеткілікті. Бірақ сұлтан- шонжарлар бақай есепке салып, Тәукенің дарынсыз да енжар, бос арқау ұлы Болатты хан көтерді (хан болған жылдары 1718-1730). Сылтауы – Әбілқайыр әз-Жәнібек ұрпақтарының тақ тимеген буынынан екен (Әбілқайыр әз-Жәнібектің тоғыз ұлының ішіндегі сегізінші ұлы Үсектен (Сүйік деп те айтады) тараған). Бұған дейін хан болғандар – Қасым, Әтік, Жәдік ұрпақтары (Шығай, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке, Болат) таққа бірінен соң бірі отырған.

Кеше жан қысылғанда бүкіл қазақ әскерінің тізгінін Бөкенбай сынды қара бөрік батырға тапсырған сұлтандар бүгін талғампаз бола қалыпты.

Әбілқайыр Кіші жүзге көшті. Халық оны өзіне хан сайлап алды. Хан төңірегіне тайпа көсемдері мен беделді батырлар топтасты. Бөкенбай солардың ішіндегі бірегейі еді.

Бөкенбай батырды бодандық төңірегіндегі қимыл-әрекет, әңгіме-кеңес, елшілік барыс-келістерішінен жиі көруге болады. Бұл турасында аңыз-әңгіме де, дерек-мәлімет те аз емес. Профессор Ж.Артықбаев «Этнос және қоғам» кітабында мынадай әңгімелерді келтірген.

Патша елшісі Тевкелев Ресейге Кіші жүзді бодан болуға көндіру үшін әуелі хан төңірегіндегі ру басыларына сый-сыяпат үлестіреді. Бірақ аналар сыйға таласып, тіпті төбелеске дейін барады. Тевкелевтің башқұрт серіктері «мыналардан ештеме шықпайды, Жетіру елінің Бөкенбай деген айбынды басшысы бар, сонымен жақындас» деп ақыл айтады.

Тевкелев Бөкенбайға да сый ұсынады. Хан жинаған билеріндей емес, Бөкенбай сыйлықтан бас тартады, елші ұсынған 500 сомдық тауарды алмайды. «Мен дүние үшін сатылмаймын, қажет шаруаны тегін-ақ атқаруға бармын» деп мәрттік көрсетеді (8).

1731 жылдың 19 ақпанында Анна Иоановна патша бодандық громотаға қол қойғаннан кейін, Әбілқайырдан ант алуға Тевкелев 60 кісілік елшілікті бастап, желтоқсанның басында хан ордасына келеді. Бір топ ру басылары «бізбен неге ақылдаспаған» деп Әбілқайырды да, Тевкелевті де өлтіруге байлам жасайды.

Сонда Бөкенбай батыр өзінің абырой-ықпалымен ондай қауіпті қадамға барғызбайды, ірі державаға сүйкенуден сақ болуға шақырады. «Жапалақты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да – жапалақ өлетінін» Бөкенбай батыр жақсы білген.

Тевкелев Бөкенбаймен жақын қарым-қатынаста болыпты. Тіпті батырдың отбасында болып, дәм татысып жүреді екен. Құжаттарда мынадай мәлімет бар: 1732 жылы сәуір айының басында елші Әбілқайырдың өз ордасында, кейін Бөкенбай батырдың үйінде айттап қонақ болады. Бопай бәйбіше Тевкелевті жасы үлкен кісі ғой деп «қайынаға» атандыруы осы кез болса керек (9).

Осы 1732 жылы Кіші жүзге Еділ қалмақтарының ішінде Ресейге қарсы пікірдегі Лобжы тобынан елші келді.Еділ қадмақтары бұл кезде Черен Дондук (16…-1735) билейтін. Лобжылар: «Шерен Дондук Ресейдің қолшоқпары болып кетті, біз оған қарсы көтеріліс бастадық, сіздерден көмек дәметеміз, бодандықтан бас тартыңдар, одақ болайық» деп ұсыныс айтады(10). Көтерілістің басшысы – Лобжының әкесі Доржы екен.

Қазақтар 20 мың жігіт береміз дейді. Доржы жағы Жем өзеніне көшіп келеді. Одақ болуды неке қатынаспен бекіту көзделеді. Әбілқайыр ханның бір үлкен ұлына Лобжының қызын ұзату, Бөкенбай, Есет батырлардың әрқайсысына 200 жылқы,100 түйеден сыйлық беру көзделеді. Қалмақтардың үгіт сөздері тым әсіре шықт: «орыстарды құлағынан тышқанша сүйреп кетуге болады, жалпы орыстар сарт секілді сужүрек, соғысқа бейімсіз халық, Лобжы орыспен соғысқанда оларды қырып тастағаны сондай – қалмақтар жермен емес, орыстың үстімен жүрді» деп сайрады олар (11).

Алайда Тевкелев қулығын асырып кетті. Орыстар одақ боламыз деген қалмақтарды қиратып салды. Онысымен қоймай, қазақ пен қалмақ арасына от тастады. Тек 1741 жылы ғана қазақ-қалмақ арасында бітімге қол қойылды. Осы оқиғалардың басы-қасында Бөкенбай батыр жүрген. Әбілқайыр хан Еділ қалмақтары мен башқұрттардан тыныштық болмаған соң, қол жиып, күшпен бағындырған кезде губернатор Татищев Әбілқайырдан сескене бастаған. Ел ішінде «Татищевтің маңында сегіз мыңдай Еділ қалмағы бар екен» деген қауесет тарайды. Анық-қанғын білу үшін хан бұл жолы да Бөкенбай батырын жұмсайды. Ақыры Татищев Әбілқайырды ерекше құрмет жасап қабылдауға мәжбүр болыпты (12).

Бөкенбай батырдың мәмлегер, бітімгер, саясаткерлік қасиеттері әсіресе бодандық келіссөздер кезінде барынша бедерлі көрінгені талай еңбекте көрініс тапқан. Тевкелевтің өзі «шын мәнінде Ресей бодандығын Әбілқайырдан бұрын бірінші болып «жасырын түрде» қабылдаған осы Бөкенбай» деуінде көп мән жатыр (13).

Бір ескертетін нәрсе – бодандыққа тек Кіші жүз ғана, тек Әбілқайыр мен Бөкенбай ғана ұмтылмаған. 1732 жылы – Батыр сұлтан (Хиуа ханы), 1733 жылы – Сәмеке хан (Орта жүз), 1734 жылы – Қодар, Төле би, Сатай, Ханкелді (Ұлы жүз), 1738 жылы – Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан (Орта жүз), 1735 жылы – Барақ сұлтан (Орта жүз) Ресей бодандығын қабылдауға өтініп келіссөздер жүргізгені тарихи шындық.

Табын Бөкенбай батыр 1742 жылы көктемде түрікмендермен соғыс кезінде 100 жолдасымен қаза тапқан. Бүкіл өмірін өз халқының ұлттық мүддесі үшін сарп еткен заңғар тұлғаның ғұмыры – кейінгілерге өнеге.

Бөкенбай батырдың ұлы Тіленші әкеге тартып айтулы батыр болған, жерін қорғап, торғауыт қалмақтармен, Хиуа тонаушыларымен көп соғысқан, ұлт намысын жауға таптатпаған, сонысымен ел есінде мәңгі сақталып қалған. Тіленшіден туған Жоламан батыр Еенесарымен бірге Ресей отаршылдарымен шайқасқан. Тіленші кезінде Жетірудың аға сұлтаны болып, 1800 жылы қайтыс болған (С.Мәшімбаев «Патшалық Ресейдің отаршыл саясаты» 1994,32б).

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының жерінде Бөкенбай батырдың ерен ерлігінің мәңгі ескерткішіндей болып, «Бөкенбай шоқысы» деген шоқы көгілдір көкке асқақ емініп, елін – жерін қырағы күзетіп тұрғандай.

Осында аттары аталған Бөкенбайлардан өзге ХVІІ ғасырда Керей Бөгенбай батыр Маянбайұлы өткен, ХҮІІІ ғасырда «Кіші Арғынның» Қараман руынан шыққан Бөгенбай батыр Қожекеұлы өткен. Оны кейде Шақшақ Бөгенбай деп атайды.

Керей Бөгенбай батыр жөнінде мәлімет қолға түспеді. Керей руының кестесінде (шежірелерде) Маянбай, Бөгенбай жауға шапқанда Маянбайлап шабады екен. Профессор Жамбыл Омари (Артықбаев) бір жырдан Қанжығалы Бөгенбайды сипаттаған үзінді келтіріпті.

Салалы жұмыр келген ұзын саусақ,

Ауыр жүк зор денесі атқа салмақ.

Айбарлы дауысынан жер сілкінер,

Шақырса ұран салып «Маянбайлап!»- деген жолдардан Маянбай есімді батыр Керейде емес, өз атасына сыйынуы заңды ғой. Автор бұл шумақты өзінің «Бұқар жырау» атты іргелі еңбегінде келтіріпті (14). Бір өкініштісі – сілтемесі жоқ, сірә, Бұқар жыраудікі болар.

Жалпы, Арғын тайпасы үшке бөлінеді. «Үлкен Арғын» - Ергүл бәйбішеден, «Ортаншы Арғын» - Момын анадан, «Кіші Арғын» - Айнагөз анадан (Қазақ шежіресі. 1994, 35-бет). Қанжығалы Бөгенбай да, Шақшақ Жәнібек те, Қараман Бөгенбай Қожекеұлы да – Арғыннан шыққан батырлар. Біріншісі – «Ортаншы Арғыннан» болса, қалған екеуі – «Кіші Арғын» Тәнбісопыдан.



Маянбай, Бөгенбай деген есімдер Арғын шежіресінде бар екенін айттым. Оны Зайыр Сәдібеков деген шежіреші 1994 жылы Ташкенттен шыққан кітабында (104) таблицамен былайша келтіріпті: Арғын – Кенжесопы, одан Қанжығалы мен Тобықты, Қанжығалыдан – Бекбауыл мен Маянбай. «Керей» деп жүрген Бөгенбайымыз осы Маянбайдың ұрпағы болуы мүмкін. Оны зерттей түсу алдағы күннің еншісінде.
Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том Алматы,1989,100- бет

  2. Мағауин М. Қазақ батырларының әліппесі Алматы, 1994, 143- бет

  3. Бес ғасыр жырлайды Бірінші том Алматы,1989, 79 -бет

  4. Джон Кэстль 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапары туралы Алматы, 1996, 90- бет

  5. Қозыбаев М. Ақтаңтақтар ақиқаты Алматы,

  6. Қозыбаев М. Ақтаңтақтар ақиқаты Алматы, 1992, 258-259 беттер

  7. Бекмаханов Е.Б. Присоединнение Казахстана к России Москва, 1957, 43- бет

  8. 1995, 169 бет

  9. Сонда, 152-153 беттер

  10. Сонда, 192- бет

  11. Сонда

  12. «Қазақ әдебиеті» 16.12.1998

  13. Джон Кэстль 91-бет

  14. Омари Жамбыл Бұқар Жырау Қарағанды, 1994, 120-бет


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет