Шығарма.
Жойылсын қаһарлы сөз «соғыс» деген!
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Ол ақшаға сақтан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен де ұстап жүрген жоқ,
Қолыңдағы таяғын.
Әбу Сәрсенбаев
Жоспар.
І Күркіреп күндей өтті бір соғыс
ІІ Отты жылдар айғағы
1. «Кекті бала» балладасы – Ұлы Отан соғысының айнасы.
2. Кекті бала – типтік кейіпкер.
ІІІ Ерлік елеусіз қалмасын
Соғыс... Қандай қаһарлы, қандай ызғарлы, қандай қорқынышты сөз! «Соғыс» деген сөзді естігеннен – ақ көңілім мұздап, жүрегім түршігеді. Көз алдыма қанға боялған бейкүнә жас сәбилер, баласынан айырылған ана, ата – анасынан айырылған бала, жұбайынан айырылған әйел, толассыз келген қара қағаздар, отағасының, туыстарының бұл дүниеде жоқ екенін естіртетін суық хабар, қара ниетті, жауыз, жүрегі тасқа толған жау әскері, кекті, көкірегі ызаға толған жастар, қызыл қанға боялған, сұлулығынан айырылған табиғат елестейді. Құлағыма жаңғырған зеңбіректің дауысы, шыбын жаны шырқыраған адамдардың дауысы естілгендей болады. Ал сол жойқын соғыстан халыққа тиер пайда бар ма? Соғыстың болғаны кімге қажет? Әрине, ешкімге. Себебі бұл соғыс адамзаттың қанының судай төгілуіне, қырып – жоюға бағышталған. Әдетте, соғысты қанішерлік, әділетсіздік, жауыздық бастайды. Ол – сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған бұл соғыс ешқашан жеңбек емес.
Таң алдында, тәтті ұйқыда алаңсыз, бейқам жатқан Отанымыздың шекарасына жау әскері кіріп, халықтың тыныштығын бұзып, адам баласы тарихында болмаған ғаламат соғыс туғызды. Талай жастарымыз, өрімдей ер жүрек қыздар мен жап-жас бозбалалар соғысқа кетіп, талайы қыршын кетті. Олардың барлық армандары көкке ұшты. Ішінде ақын да, әнші де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең, дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен...
Міне, соғыс аяқталды, қорқынышты күндер бітті. Сұм соғыстың аяқталғанына жетпіс жыл да өтіпті. Бірақ соғыс талай жыл ғасырлар бойы жасалған материалдық және мәдени қазынаны құртты. Сондықтан адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек. Осыдан жетпіс жыл бұрынғы жеңіс – сонысымен қымбат. 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Ғасырды оятып, соғып өткен соғыстың ащы шыңдығы да, қасиетті мен қасіреті осындай.
Соғыстың айбынды ызғары ақын-жазушыларды да бейжай қалдырмады. Соғыс туралы кино да түсіріліп, соғыс жайында өлеңдер, мақалалар, шығармалар да шықты. Сұрапыл соғыстың зардаптары мен кемшіл тұстарын, ғасырлық қасіретті көркем де шебер суреттеген ақын, жазушылар аз емес. Олардың қаламынан туған дүниелер жүректі тербеп, әр адамды терең мұңға салары сөзсіз.
Қыран қанаты талатын қияғы шырқап шығу үшін өнер адамына табиғи дарыны мен қоса, үлкен парасатылық пен қажыр-қайрат керек. Ондай қасиет Қайнекей Жармағамбетовтен табылады. Ақын шығармалары өз көзімен көрген, өзі талай куә болған оқиғалардың тірі шежіресі іспеттес. Қоғамда осындай өзіндік өрнегімен, өзіндік кескінімен шығармашылық әлеміне келген тұлғалардың бірі, белгілі ақын, жазушы, әдебиет зерттеушісі, педагог, қоғам қайраткері Қайнекей Жармағамбетов 1918 жылы Торғай облысының Жангелдин ауданына қарасты «Шилі» деп аталатын жерде шаруа отбасында дүниеге келіпті.
Әдебиет саласында өз қабілеті мен дарынын поэзия, проза, публицистика саласында анық танытқан Қайнекей Жармағамбетов бастапқы қадамын өлеңнен бастады. Оның қаламынан жыр боп туған алғашқы өлеңдерінің бірі - «Ана хаты» деп аталады. Соғыс жылдарында ол «Кекті бала» өлең-балладасы арқылы қаламы төселіп қалғанын байқатты.
«Кекті бала» - шынайы туынды. Соғыс әкелген қасірет айқын сезіліп тұрған, жаудың шексіз қатігездігін көз алдымызға әкелетін туынды. Балладаның басы:
Толқынды Днепрдің жағасында,
Туған жер Украина даласында,
Жорықта жүрді біздің партизандар,
Түн қатып қалың орман арасында, -
деп басталады. Оқиғаның негізгі өткен жері – Днепр өзенінің бойы. Ғаламды сұм соғыс қаптаған кез. Барлық біздің партизандарымыз бен басқа да, солдаттарымыз түн демей, күн демей ата жауымызбен айқасып жатырған кез, яғни майданның қызған шағы.
Адасып, шаршап, шалдығып, ұйықтамай, еш тамақ ішпестен, орманда жалғыз өзі ғана келе жатқанда, соғыс майданыңда жүрген ормандағы партизандарды көреді. Ол шығармада:
Жас бала жалғыз түнеп ну орманда,
Кезіп жүр ұйқы көрмей ұзақ таңға.
Бір күні жадап-жүдеп келе жатып,
Жолықты ормандағы партизанға,-
деп бейнеледі.
Баланың партизан қандастарын көргендегі көңіл күйі, қорқынышы мен қуанышы – шығармада айқын көрінеді. Әрине, соғыс қай-қайсымызға болса да жауыздығымен, жан түршігерлік адам өлімімен қаһарлы. Сондай жауыздықты көзімен көрген бала қатты шошып, жан дүниесі алай-дүлей болады. Автор бұл тұсты шығарма да жіпке тізген моншақтай ретпен, шебер жеткізіп тұр. Онда бұл кез:
Көргендей болып бала ата – анасын,
Бір сығып қуанғаннан көздің жасын.
Айта алмай тұрды біраз кекті бала,
Сұмдардың селодағы оқиғасын, -
деп берілген. Баланың бұл оқиғаны жеткізуде қатты қиналғаны тайға таңба басқандай еді. Себебі өзінің отбасындағы адамдардың жауыздықпен өз шаңырағында жауыздықпен өлтірілгенін көру балаға оңай соқпады. Бала үшін ата-анасынан айырылудан артық қандай қайғы бар?! Ауырып жатқан туған әкесінің атылғанын көргенде бала қорықты, жүрегі тулай бастады, асқар таудай әкесін өлімге қимады. Ал анасының ары төгілгенін көргенде, баланың жүрегі қарс айырылғандай күйде болды. Өзінің туған інісінің тірілей отқа өртенгенін көргенде, баланың жаны шығып кеткендей болды, жауыздарға деген өшпенділік сезімі одан әрі өрши түсті. Автор оны шығармада былай берген:
Жендеттер ауылды өртеп, елді шапты,
Аурудан әлсіз жатқан әкемді атты.
Анамның көз алдында арын төгіп,
Інімді отқа тастап шырқыратты.
Анасы аса ауыр жауыздықпен, асқан қатыгездікпен өлтіріледі. Анасының ақ төсін қылышпен шауып тастайды. Бұл не деген жауыздық? Бұл не деген сұмдық? Әйел адамды мұнша қорлағаны несі? Жауыздық жасаған адамдарға жарық дүние сыйлаған адам осы әйел заты емес пе? Ондай адамдар өмір сүруі тиіс емес. Бұл – соғыстың жан түршігерлік көрінісі. Ал бүлдіршіннің тірілей отқа тасталуы – жауыздықтың шектен шыққандығы. Бұл жауыздық адамдарды мұнша азаптауы не деген қасірет?! Бұл қасірет озбырлықты тудырған жойқын соғыстың жолы әрмен болуын тілеймін.
Баланың қос жанарына жас толады, қанды жас сорлап ағады. Өлім мен өмір арасында болып, жүрегі жараланып, кішкентай жүрегіне үлкен дақ түседі. Көкірегі ыза мен кекке толады. Араннан айла тауып, амалын қарастырып қашып шығады. Бұл оқиға оны ерте есейтіп жібереді. Балалық шақтың бал дәмін татқыздырмайды. Оған дәлел бұл шығармада:
Араннан айла тауып қашып шықтым,
Қауіптің алдымдағы бәрін де ұқтым.
Кернеді көкіректі ыза мен кек,
Қоштастым салтыменен балалықтың, -
делінуі. Иә, сұрапыл соғыс баланың балалық шағын ұрлағаны анық.
Жендеттер жас баланы іздейді, жан-жақты түгел қарастырып шығады. Бірақ еш бір жерден таба алмайды. Баланың үйін ойраңдап, тонап, кетіп қалады. Түн болған кезде, жер бетіне қараңғылық түскенде өз үйіне ұрланып кіреді. Анасының өлі денесін құшақтайды, ақ төсін аймалап ұзақ отырады. Інісін қара күйік күйінде көргенде жаны ышқынып кетеді. Ол:
Ақ төсін өлі анамның аймаладым,
Бір сорайын, ақ мамаң қайдаладым.
Інімді қара күйік көрген шақта,
Бойым мұздап, ышқынды шыбын жаным, -
деп суреттеле бейнеленіп берілген. Әкесінің өлі денесін құшақтап бала отырады. Әкесінің қаны жарға, маңдайына қатып қалады. Әрине, өте аянышты сәт. Бала туған әкесін, анасын, інісін қалай көмусіз қалдырсын? Өз отбасын тулаған Днепрдің ағысына тапсыруды ол жөн деп табады.
Днепр өліктерді құшып сүйіп,
Үшеуін құшағына алды жиып.
Бұрқылдап қанды көбік езуінен,
Долданды толқын шашып бұлтқа тиіп,-
деп, Қайнекей ақын әдемі де шебер суреттеп өтеді.
Жүрегі жаралы, көкірегі ыза мен кекке толы жас бала көзін жасқа малып, Днепрге ұзақ қарап,онымен мұңдасып көп тұрады. Бала: «Жалғыз өзім не болам? Не бітіремін? Одан да жау қолында өле салайын»деп ойлайды. Бұл баланың ешбір жанашыры жоқ, қиналған, мұңайған, ызалы кезі еді. Сол оймен қатерлі іске басын тігіп, үйіне келеді. Үйіне келгендегі мақсаты-әкесі көзінің қарашығындай сақтаған гранатты алу. Бар ойы қанішер, жауыздардан кек алу болды.
Бір күні бұрынғы Сельсоветтің мекемесі болған жерде сол сұмдар бас қосып, сауық кеш жасап жатырған екен. Сол сәт балладада:
Бұрынғы Сельсоветтің мекемесі,
Сұмдардың сонда бүгін сауық кеші.
Алыстан үй сыртынан терезеден,
Қарадым, отыр бәрі кеткен есі, -
деп суреттелген.
Алдына арақ – шарап, үйіткен тауық қойған жендеттер еш қауіп – қатер күтпестен алаңсыз отырады. Олардың ойында еш нәрсе жоқ еді, әсіресе, жас баладан еш қауіп күткен жоқ. Бала әкесін атқан жендетті бірден тани кетеді. Жыртқыш тәріздес хайуаннан ешбір артықтығы жоқ, адам деген атқа лайық емес, талай адамның қанын мойнына жүктеп, қарғыс арқалаған сұмды көргенде, ыза мен кегі одан әрі өрши түседі. Оған дәлел ретінде шығарманың мына жолдары айғақ болады:
Қолға алып гранатты, белді будым,
Дедім мен: «Кек алмасам, неге тудым?».
Сөйтсе де дір еткендей болды денем,
Сезімді қорқынышты тағы қудым.
Терезенің алдына жақындап, өз-өзі қайрап, белін бекем буып, терезеге гранатты жаудыра жөнеледі. Сол кездегі баланың жан дүниесінде қандай төңкеріліс, қандай майдан болды десенші!
Оқиғаның шарықтау шегінде бала селодан қашып шығып, орманға қарай жанталаса жүгірумен суреттеледі. Артынан қаптаған жау әскері куа жөнеледі. Олар өздерінің оқтарын жаудырады. Баланың гранатынан жендеттердің біразы өледі. Ал жендеттердің оқтары балаға тимейді. Біреуі жетпей, біреуі асып кетеді. Сірә, «періштесі қақты» деген осы болар.
Солай бала орманға да кіріп кетеді. Аз ғана тынығып, жүре береді, алға қарай жүре береді. Сөйтіп жүріп үш күн, үш түн тынымсыз, дамыл көрмей кезіп жүріп, партизандарға, яғни қандастарына әрең кездескенін айтып бала егіле жылайды.
Бауыржан атамыз: «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» демекші, жүрегі кекке толған бала ақыр соңында қашып жүріп кек алғанша, бетпе-бет келіп кек алғанды жөн көріп, майдан шебіне қосулымен аяқталады. Ол шығармада:
«Сен үшін азаппенен өлген ана,
Сен үшін жараланған орман дала.
Сен үшін туған елім»,- деп серт беріп,
Жорыққа кетті аттанып кекті бала,-
деп тұжырымдалған. Баланың кек алу әрекетін мен нағыз ерлік деп санаймын.
Шығармадағы кекті бала қайғысы – бір ғана баланың қайғысы емес, сұрапыл соғыс қасіретін көрген барша балалардың басында болған оқиға. Ақын бір ғана кейіпкердің тағдырын ала отырып, сұм соғыстың қоғамдағы ащы шындығын көрсеткесі келді. Меніңше, ақынның бұл балладада өте ұтымды шыққан секілді. Жас ұрпаққа өтімді ой тастаған шығарма екені даусыз.
Ұлы Отан соғысы – ғасыр күмбірі, ғасыр мұңы. Бұл соғыс - ғасыр азабы! Оның аяқталып, жеңіс тойын тойлап отырғанымызға биыл – жетпіс жыл. Бізге осындай бейбіт өмір сыйлап кеткен ата – әжелеріміздің ерлігін ұмытуға біздің қақымыз жоқ. Әр жыл сайын жеңіс күнін ұлы мереке ретінде атап, оларға лайықты құрмет көрсетіп, оны дәріптеу - біздің перзенттік парызымыз. Батырларымыз өлсе де, олардың елесі санамызда мәңгі жаңғырып тұрары сөзсіз. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмақ емес. Ұлы тұлғалардың ерлігін біз естен шығармауымыз керек әрі олар сыйлаған бейбіт өмірді қорғауға тиіспіз! Мен өзімнің еліме:
Соғыстың жолы болсын әрмен енді,
Ерлігі аталардың ел есінде.
Көк туым көк аспанда желбіресін,
Көгімде ұшсын бейбітшілік көгершіні!-
деп өз тілегімді білдіргім келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |