Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Филология, журналистика және өнер факультеті
Журналистика кафедрасы
ЖУРНАЛИСТ ӘДЕБІ
журналистика мамандағы бойынша сырттай
оқитын студенттерге арналған
әдістемелік нұсқаулық
Павлодар
УДК 070 : 17 (07)
ББК 76. 01Я7
С.Торайғыров атындағы ПМУ-нің Ғылыми Кеңесі ұсынған
Пікір жазғандар:
Қ.М.Алдабергенов – тарих ғылымдарының докторы, профессор, журналистика кафедрасының меңгерушісі.
А.Ф.Зейнуллина – филология ғылымдарының кандидаты, профессор, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі.
Құрастырушы Ж.Қ.Бижан
ПЗО Журналистика әдебі: әдістемелік нұсқаулық. – Павлодар, 2007. – 21 б.
Әдістемелік нұсқаулықта шығармашылық әдіс сипатына қарай журналист қызметінің әлеуметтік ұстанымы - журналистиканың қоғамдық қызметінің үлгісі қамтылған.
Әдістемелік нұсқаулық журналистика факультетін сырттай оқитын студенттерге арналған.
УДК 070 : 17(07)
ББК 76. 01Я7
© Бижан Ж.Қ., 2007
© С.Торайғыров атындағы Павлодар
мемлекеттік университеті, 2007
Кіріспе
Адамның кез келген қызметі, әркімнің кәсби жұмысы күн өткен сайын тәжірибе түрінде жекеден жалпыға, оңайдан қиынға ұласып, жетіле түседі. Журналистің кәсіби шеберлігі де осындай толассыз үрдістерді барынша байыптап, зерделеп, пайымдаудың негізінде қалыптасады. Қоғамдық әдет-ғұрыптардың саналуан реңінде адамдардың кәсібіне қатысты әдептік белгілері болады. Әртүрлі кәсіпте өндірістік, гуманитарлық талаптар адамдардың қызметтік бағытына әсер етеді. Алайда, қоғамдағы барлық кәсіптердің өзіндік жеке дара моралі болмайды. Өйткені, кәсіби мораль басқа қоғамдық өнегенің модификациясынан ерекшеленбейді. Тек қана адамдардың әдет-ғұрып санасына және дағдыларына олардың кәсіптері бойынша атқарылатын қызметтеріндегі ерекшеліктер өзіндік әсер етеді. Мәселен, әртіс сахнада да, одан тыс жерлерде де өз рөлін атқарады, ұстаздар да аудитория да ғана емес одан тыс барлық жерде де педагогика ғылымының негізінде ұстаздық қызметін жүргізеді. Адамның қоғамға және басқа адамдарға қатысты міндеттерін анықтайтын адамгершілік өнегесі, нормалар жүйесі мораль деп аталады. Ол - қоғамдық сананың түрлерінің бірі. Мораль, адамгершілік туралы ілім, қоғамдық сананың бір түрі - әдеп (этика) болып саналады. Моральдің кәсіби ерекшелігін зерттейтін ғылым кәсіби әдеп деп аталуы осындай өмірдің даму заңдылықтарын бағамдаудан, пайымдаудан туады.
Егер қоғамдағы барлық кәсіби мамандықтарға кәсіби әдеп мәнінде зерделей қарайтын болсақ, адамдардың тағдыры мен рухани әлеміне жақын тұратын кәсіп иелері өзгелерден оқшау көрінеді. Кәсіп сөзінің алғашқы мәні - болмысымен қызмет көрсету болып саналған. Орта ғасырда кәсіп сөзінің мәні сопылық, тақуалық ант беру болды. Сондықтан, діни тұлғалармен бірге заңгерлер, дәрігерлер және әскерилер кәсіби шеберлер қатарында саналды. Қоғамның өркениеттенуіне байланысты журналистер дәрігерлермен, ұстаздармен, діни тұлғалармен, заңгерлермен, саяси қайраткерлермен қатар қоғамды дамытуға араласатын болды. Ендеше - журналистиканың қоғамдағы атқаратын қызметі ерекше.
Біріншіден, журналистика - құрамына газет, журналдар кітап баспасы, телерадио редакциялары, интернет жүйесі кіретін, олардың техникалық, ақпараттық, ұйымдастыру-басқару, оқу және ғылыми орталықтар сияқты инфрақұрылымдары бар қоғамдағы әлеуметтік институттің бірі.
Екіншіден, журналистика – ақпарат жинайтын, оларды іріктейтін және әлеуметтік мәніне байланысты өңдейтін, оларды тарататын қызмет түрлері.
Үшіншіден, журналистика - осындай қызметтерді аудиторияға жеткізетін баспасөзде редактордан, журналистерден бастап, корректорге дейінгі, телерадиода ұжым басшысы, бас продюсер, бас редактор, редакторлардан бастап режиссер, оператор, дыбыс режиссеріне, бейне инженерге т.б. дейінгі кәсіптер жиынтығы.
Төртіншіден, журналистика – журналистер жасайтын шығармалар жүйесі. Журналистика туралы айтылғанда қазір БАҚ-тар (бұқаралық ақпараттар құралы), ЭАҚ-тар (электронды ақпарат құралдары – телерадио, интернет), масс-медиа сияқты ұғымдар қатар жүреді. Олай болса, журналистиканың ғылымдағы орны – бұқаралық ақпарат тарату болып саналады.
Бұқаралық ақпараттар таратылғанда журналистка қызметінің әлеуметтік ұстанымы - журналистиканың қоғамдық үлгісі - шығармашылық әдісі сипатына байланысты бұқаралық ақпараттардың ерекшеліктері ашылады. Одан кейін журналистиканың журналистика аудиториясымен қызметі – қызметінің нәтижесі анықталады. Осындай қызметті атқаруда журналистке қойылатын талаптар мен жасалатын жағдайлар мәселесі, атап айтқанда, журналист бостандығы – журналист жұмысының сапасы - құқығы – әдебі – жауапкершілігі турасындағы мәселелерге мән беріледі. Ең соңында хабарлар, ақпараттар тарату үшін қажетті бағдарламалар, каналдар, тарату жүйелерінің өзара іс-қимылдары журналистика қызметінің аудиториямен интерактивтілігін қамтамасыз етуге дәнекер болады.
Бұқаралық ақпараттар тарату, БАҚ-тардың саяси-тәрбиелік мақсаты, ақпараттар тараттудағы белсенді іс-қимыл журналистиканың қоғамдық рөлін айқындайды.
Қоғамдық жауапкершіліктен туындайтын талаптар негізінде жұмсалатын ақыл-ой мен тәжірибе кәсіби шеберлікке жеткізеді. Тақырыпты таңдау, ақпарат ала білу, ақпарат көзін табу, оларды қайдан, кімнен, қалай және қай негізге сүйеніп алуды білу, фактілерді іріктеу, жариялау мақсатын анықтау, осы орайда жағдайға дұрыс көзқараспен қарау, тіпті материалдың тақырыбы, мәтіні, идеясы, композициясы, стилі, мазмұны сияқты технологиялық үрдістер журналистің кім туралы және не туралы жазатынын анықтайды. Олай болса, журналистің адамгершілік қатынасы оның жұмысының мәнімен өріледі. Адамгершілік, әдеп журналист қызметінің басынан аяғына дейінгі сипатын көрсетеді. Сондықтан, адамның осы қызметке өте қажетті адамгершілік деңгейін анықтап алмай оған журналистік кәсіпке сай қызмет жасай алады деп баға беруге болмайды.
1 Әдеп және журналистика
Бұл тақырып бойынша студенттер әдеп және оның журналист кәсібіндегі мәні туралы білім бағыты айқындалады. Журналистика әдебіне байланысты алғашқы ағыс XX ғасырдың басында Еуропа мен Америкада газет шыға бастаған кезде басылымдарды қоғам өміріндегі өзгерістердің кейбір қалтарыстарын бұқараға жеткізуде айла әрекекеттер жасаудың құралы ретінде пайдаланудан басталды. Деморкратиялық жұртшылықтың, оның ішінде журналистердің қоғамдағы жайсыздықтарға қарсылығын реттеу және мұндай жағдайлардан оқырмандарды оқшаулау мақсатында XX ғасырдың 20-жылдарында көптеген елдердің журналистік бірлестіктері кәсібіи әдеп бойынша алғашқы кодекстерді дайындағанына зер салу тақырыптың мәнін ашуға студенттерге зор ықпал жасайды.
Одан кейін студенттер қазіргі кезеңде журналист әдебінің қоғамдағы практикалық жағдайларға байланысты күнделікті қызметте аса қажеттігін білуі тиіс. Байланыс каналдарының өсуі жаңа инновациялық технологияның қажеттігін және бұқаралық ақпарат құралдарын жетілдірудің өміршеңдігін көрсетті. Сондықтан, XX ғасырдың 70-жылдары әлемдік қауымдастықтың алдында, оның ішінде құрамында Қазақстан болған бұрынғы Кеңес Одағының алдында БАҚ-тар қызметінің құқықтық және әдептік проблемеларын реттеу өзекті мәселенің бірі болып саналды.
«Кәсіби әдеп» термині екі өзгеше ұғымда қолданылады:
1) Журналистің кәсіби әдебінің еркешелігі туралы ғылым.
2) Күнделікті жұмыста «кәсіби әдеп» термині журналистің кәсіби әдебінің нормалары мен ережелерінің жиынтығы ретінде қалыптасқан ұғым, журналист кодексі деген сөздің синонимі ретінде айтылады.
Бұл пәнді оқытудың негізінде журналистиканың шығу тарихымен байланыстылығын таныстыру, журналистика саласының қоғам өміріндегі сан салалы қызметтегі ерекшеліктерді бағамдау және осыған байланысты кәсіби әдептің қалыптасуындағы толассыз үрдістерді бағамдау бар.
Қазіргі Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту және қорғау кезеңінде әлеуметтік жағдайларды түбегейлі жақсарту жолында БАҚ-тар қызметкерлері саналуан проблемалармен бетпе-бет келуіне орай журналист әдебін реттеудің мәні айқындала түсуде. Әрине, шығарамашылқ қызметті қатаң шектеуге болмайды. Стандартта шығармашылық жұмысқа шектеуді барынша азайту арқылы журналист қызметінің адамгершілік мотивін реттеу оңайға түседі. Қоғамдық оқиғаларға тәуелділік қазіргі жаһандасудың кенеттен болатын әсеріне байланысты туындайды, сондықтан, шешім қабылдауда жаңашылдық бағыт қажет болады.
Ақпарат жинау және оларды тарату барысындағы ғылыми-техникалық ілгерілеудің нәтижесінде адамгершілік деңгейіндегі моральді-психологиялық жағдайлар пайда болып отырады. Мәселен, ақпараттарды қазіргі заманғы электронды техникалардың көмегімен дайындаудың нәтижесінде бұрынғы ескі технологиялардың орнына жаңа инновациялық технологиялар алмастырылып, материалдың сапалы болуы негізінен журналистің кәісби парызы және арына тікелей қатыстылығы анықталды.
Жалпы журналистикада әдеп мәселесі басқа салаларға қарағанда кенже туындады және дәстүрлі мәні де үздік-создық жағдайда болды. Мәселен, XX ғасырдың өзінде А.Петров, К.Ушинский, А.Макаренко және т.б. негізін салған педагогикалық этиканың ауқымды дәстүрі қалыптасты. Ал журналистикада басталған этикалық дағдылар 1918 жылы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының нұсқауымен бұрынғы дәстүр жалғаспады. Большевиктік партияның жұмыс стиліне орайластырылған журналистика әдебі бұрынғы классикалық, халықтық мұраларға тежеу жасады. Жеке тұлғаның нақты шындықты ашатын ақпараттар алуына және оның осы мағынада таратылуына ресми қарсылық болмағанымен тосқауыл жасаудың түрліше амалдары қолданылды. Кеңестік кодекстер абстаркты гуманизм баспасөзіне лайықталып өзгертілді. Журналистерге БАҚ-тарға тек бір партиялық басшылық ұстанымы және журналистердің партиялық жауапкершілік идеясы бойынша қызмет ету талабы қойылды.
Тек қана 1988 жылы Кеңес Одағының журналистер одағы қатысуымен бірінші Журналист әдебінің халықаралық ұстанымдары жазылып, жарыққа шықты. 1990 жылғы тамыз айында КПСС-тің монополиясы және цензура тоқтатылғаннан кейін, оның БАҚ-тарға билік жасауы, журналист бостандығына жасалатын кедергілер жойылды. Алайда, бұл үрдіс көпке бармады. 1992 жылы энергия қуатының, қағаздың, бояулардың және полиграфикалық жұмыстардың бағасы ырықтандырылуына байланысты газеттердің, журналдардың бағалары екі есеге өсіп, телерадио хабарларының шығыны көбейіп, олардың бірқатарына жабылу қаупі төнді. Мәселен, Павлодар облыстық телекомпания қызметкерлерінің 60 пайызы қысқартылды, ал, облыстық радио республика бюджетінен облыстық бюджетке ауыстырылды. Оқырмандардың газеттерді сатып алу, телерадио хабарларын көру-тыңдау мүмкіндіктері төмендеді.
Рыноктық экономикаға бизнесмендерге жақындасқан БАҚ-тар ғана төтеп бере алды. Олар оқырмандарға, көрермендерге және тыңдармандарға прагматикалық ақпараттар, дедективті-эротикалық материалдар ұсынды. Сол кезеңде көптеген тәжірибелі редакторлардың өздері қаржылық мұқтаждықтың салдарынан ірі бизнесмендердің немесе биліктің ықпалында қалды. Осылай күрт өзгерістер кезеңінде цензураны тоқтатумен ғана журналистік бостандықтың болмайтыны айқындалды, кедейдің бостандықта болған күні жоқ. Әрқашан экономикалық тәуелсіздік қажет, сонда ғана бостандыққа жол ашылады. Олай бломағанда БАҚ-тарға ие болып отырған алпауыт капиталистер өздерінің айтқандарын жасатады.
Кәсіби әдептің жалпы ұстанымы жоғарыда айтқанымыздай осыдан 84 жыл бұрын жасалды. Бұл халықаралық журналистің кәсіби әдебінің ұстанымдары немесе ережелері қазір де мәні жойылмаған сенімді құжаттар. Отандық журналист әдебінің нормалары мен ережелері де халықаралық құжаттар талабы деңгейінде сақталуы тиіс. «Қазақстан Республикасында 2007 жылғы сайлау науқандарын көрсетіп жариялауда этикалық нормаларды ұстану туралы хартия» осы негізде жасалды.
-
Тәжірибелік және өздік сабақтар
Студентердің этика және журналистика тақырыбы бойынша тәжірибелік және өздік сабақтарында этикалық белгілер, журналистикадағы әдеп мәселесі, журналист әдебі дегеніміз не? Кәсіби әдеп пен кәсіби моральдің айырмашалығы неде және баспасөз бостандығына орай мәселелерді сенімді баяндай білуі үшін БАҚ-тар («Саясат» журналы, «Парасат» журналы, «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Жас Қазақ», «Түркістан», облыстық «Сарыарқа самалы» газеті, Электронды ақпарат құралдарының хабаралары) материалдарына талдау жасау дағдылары қалыптастырылады.
2 Журналистің моральдық-этикалық ұстанымдары
Кәсіби мораль барлық қызметттегі жалпы адамгершілік нормаларының ерекшеліктерін нақтылау негізінде көрініс табады. Сондықтан, кез келген кәсібіи әдеп кәсіп иесінің өзіндік әлеуметтік рөліне қатысты жалпы адамгершілік талаптарды жүзеге асырудың нақты жағдайларын зерттеп алудың негізінде қалыптасады. Олай десек, студенттер бұл орайда кәсіби әдептің нормасы кәсіби топтардың заңдылық мүддесі мен жалпы моральдік талаптары олардың өндірістік міндеттерінің орындалу үрдісіндегі эмпирикалық тәжірибелер негізінде бағамдауға, зерттеуге талпыныс жасауы абзал. Әрине, мұндай кәсіби деңгейдегі талдау және пікірлерді іріктеу белгілі бір еңбек қызметін жетік білудің және әдептік ғылымның аумағында орындалады. Өйткені, ғылым мен практиканың тығыз байланысты қызметі ғана нақты жетістікке жеткізеді.
Бұл ретте студенттер кәсіби шеберлік пен әдепті қосып пысықтағанда жаңа білімнің қайнары бола ма? деген сауалға жауапты іздеуге талаптанады. Бұл сауалдың жауабы кәсіби әдептің сипатын ғылым негізінде анықтаудың мәнін айшықтайды. Осы мақсатта студенттердің іздену, зерделеу, пайымдау әрекеттері басталуы тиіс. Санаулан жағдайдағы құбылыстар мен оқиғалардан журналистің аудитория ойынан шығатындай шешімдер жасау жолындағы кездесулер мен ізденістерден туындаған кәсіби әдебі ғылыми негізге сүйенбей жүзеге аспайды. Бұл ретте біріншіден, барлық кәсіптерде жалпы адамгершілік талаптың нақтылануына, екіншіден, адамдар өміріне, олардың қоғамтану, өміртану деңгейлерін кеңейтуге қатысты қызметтерге қажетті өзіне тән моральдік міндеттердің пайда болуына байланысты кәісби әдептердің қалыптасатынына назар аударылады.
Барлық кәсіпке қатысты кәсіби моральдарды нақтылау дегеніміз сол кәсіптің ауқымында қызмет көрсетудегі қарым-қатынастарды реттеу негізінде кәсіби әдепті нысаналау болып табылады. Олай болса, бұл моральдарды кәсіби деңгейде сақтау арқылы кәсіби әдептің мәні ашылады. Бұл пікір журналист әдебіне қаншалықты қатысты екендігін анықтау барысында студенттер өздерінің тәжірибелік және өздік жұмыстарында тиянақталады. Аталған пікірден, біріншіден, орындалуы мүмкін еңбек үрдісіндегі міндеттердің лайықтылығы, екіншіден, ол міндеттерді басқа орындаушылар қандай көзқарасқа сай орындайды, үшіншіден, орындалатын міндеттердің қоғамдық қатынасқа тиіміділігі бар ма? деген сауалдарыдың жауабын табу барысында студенттер өз зерттеулерін тиянақтауы тиіс.
2.1 Тәжірибелік және өздік сабақтар
Кәсіби міндеттердің қоғамдық қатынастағы тиімділігін және пәрменділігін сезінудің, түйсінудің кәсіби әдепті сақтауға икемдейтінін түсіндіру үшін студенттерді БАҚ-тармен байланысын нығайтып, тәжірибелі журналистермен кездестіріп дөңгелек стөл және студенттердің кәсіби әдепке қатысты өздері байқаған қағидалар ауқымында семинар сабағына дайындалады. Оған бәрі жұмыла кірісіп, ықылас, ниет, сабырлылық, ұстамдық сияқты адам бойындағы игі қасиеттер, ғылыми негізде айтсақ философиялық категорияларды өз мәнінде саралай білгенде, жалпы белсенділік болғанда ғана жақсы нәтиже шығады.
3 Баспаөз бостандығы. Журналистің құқықтары мен міндеттері. Журналистер кодексі.
Бұл тақырып аясында студенттер қоғам мүшелері өздерінің ойлары мен сезімдерінің пәрменімен жүре бере алмайды, ондайда қоғамдық қатынастың мәні өзгеше, атап айтқанда, қоғамдағы айқай-шу, даңғазалық, тағы басқа қоғамның іріп-шіруіне жетелейтін бағамсыздықтар тудырады. Сондықтан, адамгершілік нормасы және одан асып кетпеу үшін шектеу белігілі бір жүйеде жеке индивидке ғана қатысты емес барлық қоғам мүшелері осы негізде қарым-қатынас жасауы қажет. Осындай негізде журналист моралі қоғамдық пікірді қалыптастыруға өзіндік ықпалын жасайды. Журналист бұл ретте аудиториямен тығыз байланыста жазылған және жазылмаған заңдылықтар, адамгершлік белгілеріне сай қызмет көрсетеді. Ал қоғамдық негізде журналист нақты стандарт аясында жұмыс істейді. Олай болса, журналист әдебі және адамгершілігі жайында айтылғанда алдымен журналист қызметінің кодексі ойға оралады. Студент осы орайда алғашқы кодекстің бір және бірнеше кәсіби топтардың өздерінің беделін қоғам мүшелерінің алдында түсірмеу үшін жазылғандығын және кәсіби топтардың қоғам игілігі үшін қызмет ету мақсатын бірінші қатарға қоятыны жөнінде пайымдауға талпыныс жасауы керек. Сонда ғана кәсіби ортаның қоғамдық пікірі қоғамның талабын орындауға кепіл болады. Ал бұқара мақұлдаған қоғамдық пікір журналистің кәсіби әдебіне кепіл бола алады. Студенттер мен ұстаздың ынтымақты жұмыстары негізінде алғашқы кодекстер қашан шықты, олардың журналист әдебін қалыптастыруға қаншалықты ықпалы болғаны анықталады. Мәселен, алғашқы кодекс 1923 жылы АҚШ-та «Журнализм каноны» деген атпен жарық көрді. Оны жасаушылар «Баспасөз бостандығы» ұстанымын басымдықта ұстады.
Кодексті мәні:
1. Баспасөз қоғамдық немесе жартылай қоғамдық институт болады.
2. Баспасөзге барлық азаматтың қолы жетуі қажет, қаржысы бар кез келген адам газет шығаруға құқылы.
3. «Идеялардың еркіндігі рыногында» шындықты көрсету қағидасы бойынша баспасөзге бақылау жасалады.
4. Баспасөзде жалақорлық пен әдепсіздікке жол берілмейді.
5.Баспасөз мемлекетте - төртінші билік.
Баспасөз қоғам алдында жауапты және жалпы қоғам атынан іс-қимыл жасайды. Олай болса, алғашқы кодексте сөз бостандығы және барлық адамдардың шындық мәнінде ақпарат алуға құқық беруге талпыныс жасалған. Алайда, аталған кодексте жұртшылықтың ақпарат алу құқығы, баспасөз ұжымы мен журналистердің өздері бұқара алдында моральдік міндеттер қабылдауы көрсетілмеді. Бірақ, XVII-XVIII ғаырларда шыққан жалынды осы кодекстің негізінде XX ғасырда «баспасөздің әлеуметтік жауапкершігі теориясы» деген жаңа теория көптеген кәсіби корпорациялар адамгершлік, намыс кодексін жасауға қол жеткізді. Солардың бәрінде журналист әдебіне елеулі орын берілген. Олар 1983 жылы Прага және Париж қалаларында өткен IV халықаралық және аймақтық Консультативтік кездесулерде қабылданды. Бұл құжаттар журналистің қоғамдық қызметін айқындады.
3.1 Тәжірибелік және өздік сабақтар
Баспаөз бостандығы, Журналистің құқықтары мен міндеттері, Журналистер кодексі тақырыптары бойынша БАҚ материалдарына талдау жасау мақсатында студенттер баяндама, реферат жұмыстарын әзірлейді және семинар сабағы өткізіледі. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде БАҚ-тар ел тәуелсіздігін нығайтудың алғашқы қадамдарында аудитория талабына сай интерактивті байланысты нығайта бастады. Осыған байланысты студентер 1990-1995 жылдары жарияланған БАҚ-тар материалдарына екі аптаның ішінде дайындалып талдау жасайды. Бұл жұмыс тренинг, пікір алмасу, дөңгелек стол іс-шаралары түрінде дайындалып, өткізіледі.
4 Журналистің аудиториямен қарым-қатынасы, өзіндік танымы. Ұлттық салт-дәстүр.
Адамның дүниетанымдық мүмкіндігі алдымен өзін-өзі тануға жұмсалуы тиіс, осы мақсаттта әр адам көрген, білгенін, оқиғалар мен құбылыстардың өзгерістерін пайымдауға ұдайы іс-әрекет жасап отырады. Журналист те өзінің қызметінде психологиялық заңдылықтарға ерекше зер салып, толассыз бағамдау, пайымдау үрдістерінде тиянақты болу керек. Өйткені, журналистің қызметі әлеуметтік үрдістер толассыз алмасуы уақыттың қысылтаяң, тапшы сәттерінде де аудитория сұранысын қоғамдық шындық, ахуал деңгейінде өтеуге тура келеді. Осындай, алмағайып жағдайларда журналист өзінің білімділігі мен парасат-пайымына сүйеніп іс-қимыл жасайды. Қазіргі жаһандасу дәуірінде әлемдік аудитория таныған ақпараттарды жеткізу журналистің кәсіби шеберлігіне тікелей қатысты. Оқиғалар мен құбылыстардың себеп-салдары айтылмаса, фактілерді тізбектегеннен олардың жағымды және жағымсыздығы бірден анықталмайды. Ендеше «журналист - аудитория» қарым-қатынасының адамгершілік мәні тек қана мазмұндық деңгеймен айқындалады. Қатынастың бұл түріне баға мынадай екі жағдайда беріледі:
1) Журналист шындықты жазды ма? Ол адамдарға қоғам өміріндегі жағдайларды түсінуге, бағамдауға, болжам жасауға бағыт-бағдар беруге қаншалықты әсерлі ақпарат бере алды?
2) Журналист өзі қарам-қатынас жасайтын адамдарды тұлғалар деп санай ма, әлде санамай ма немесе прагматикалық мақсаттарын жүзеге асыру құралы деп санай ма?
«Журналист-аудитория» қарым-қатынасындағы адамгершілік және кәсіби сапа бағасы осы екі мәселе шеңберінде қарастырылады.
Журналистің санасындағы әдет-ғұрып кәсіби шеберліктің жетілу деңгейіне орай орныға түседі және оның еңбегіндегі кәсіби әдеп түрінде көрініс табады. Бірақ, олар әмбебап болмайды, жеке жағдайларға байланысты өзгеріп отырады. Студенттер, болашақ журналистер бұл мәселеде өзін-өзі басқарудың мынадай үш түріне мән беруі керек:
1) Өзін-өзі жұмылдыру, мұның нәтижесінде журналистің нақты жағдайда материалдар дайындау стратегиясы қалыптасады;
2) Өзін-өзі басқару, бұл ретте журналист өзін-өзі бақылау арқылы атқарылатын міндеттердің, шешімдердің сапасын бағамдауға мүмкіндік алады;
3) Өзін-өзі реттеу, мұнда журналист эталон мен іс-қимылдың нәтиже аралағын бөлек қарастырады, өйткені, эталон мен іс-қимыл нәтижелерінің арасындағы қайшылықтарды жеңу өзін-өзі реттеу арқылы қалыптасады.
Журналист кез келген өзін-өзі басқару операциясын өзін-өзі тану негізінде жасайды. Сондықтан, мұндай сәтті журналист өзімен-өзі қарым-қатынас жасау деп түсінуі тиіс. Мұның да мәні айтарлықтай нәтиже береді. Ойымызды Абайдың: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», - деген отыз жетінші сөзіндегі ұғыммен нақтылаймыз. Ұлы Абай қол қусырып қарап отырмай, өмірді, қоғамды тануға талпынып, ізденісте болуды қалаған, істің дұрыс аяқталуы өзара қарым-қатынастан, диалектикалық бағамнан туындайтын үрдістерге орай реттелетінін осылайша түсіндірген. Сондай-ақ, «Заманына қарай амалы», «Біткен іске сыншы көп...», «Жеті рет піш, бір рет кес», «Ұлық болсаң кішік бол», - деген сияқты халық мақалдарына сүйеніп, адамгершлік, әдеп мәселесін жан-жақты ойластыруға мүмкіндік туады.
Ақпарат - міндетті тұтынушысы бар білім екендігіне еркше мән берілуі тиіс. Өйткені, білім аудиториямен интерактивті байланыс негізінде мәлімет алу сипатында ықпалды ақпаратқа айналады. Қазіргі жаһандасу заманында аудитория таныған әлемдік деңгейдегі ақпараттар тарату журналистің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Олай болса, студенттер «журналист - аудитория» қатынасының адамгершілік мәні тек қана мазмұндық деңгеймен ғана айқындалатынын ұдайы жадында ұстағаны абзал.
4.1 Тәжірибелік және өздік сабақтар
Журналистің аудиториямен қарым-қатынасы, өзіндік танымы тақырыбы бойынша дайындықты студенттер ұлттық салт-дәстүрді сақтаудың мәнін терең, әрі жан-жақты түсіне білу бағытында жасауы тиіс. Қазақтың үлкенді сыйлау, кішіге ілтипат көрсету ұстанымы негізінде ұлттық дәстүр адамның өзін-өзі басқара білуге, көрген-түйгенін пайымдауға, мемлекеттік қызметте, қоғамның қай саласында болмасын саналуан байланыста субердинация сақтауға бейімдейтін зор тәрбиелік мәнін бағамдауға жетуді қалыптастыратын семинар, пікір талас, дөңгелек стол, тренинг және т.б. есте сақтаудың, бейімделудің амалдары қарастырулары керек.
5 Білу құқығы. Жариялылық шекарасы
Шындықты, ақиқатты анықтау - құқығы адамның іздену, ақпарат алу, білу, тану, өз ойын еркін пайымдау сияқты өміртану, қоғамтану ілімінің негіздері, философиялық категориялар.
Кәсіби журналистік әдеп кодекстерін жасауда табиғи құқықтық пен жариялылық басты негізге алынады. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын Дж.Ст. Милль: «Жариялылық... егер қоғам өз ісіне көңіл бөлмесе жариялылық қырсыққа бөгет бола алмайды, жақсылықты да, оятпайды; бірақ, жариялықсыз қырсыққа тосқауыл қалай жасалады, жақсылық қалай құпталады?», - деп жазған (Дж.Ст. Милль. Размышления о представительном правлении). Бұл пікір баспасөз бостандығының теориясының негізіне енген. Осыған орай студенттер ақпараттты іздеу, алу және тарату мемлекеттік шекарадан тыс идеяларды сараптап, оны өз еліндегі мемлекеттік саясат, қоғамдық байланысқа орай салыстырып, тиімді ұсыныстарға тоқталып, аудиторияға ұсынуға құқылы болатындығы жөніндегі ұғымның өміршеңдігіне көз жеткізуге ұмтылуы қажет. Оны дұрыс түсіну мақсатында 1948 жылы «Адам құқығының Жалпы Декларациясының» 19-тармағында жазылған «Әрбір адам құқылы» деген ұғымды журналистика қызметінің негізгі бағыты болатындығына көз жеткізудің маңызы зор. Біздің журналистік қызметімізге бұл қағида Кеңес дәуірінде осы Декларация жарияланғаннан 40 жылдан соң, 1988 жылы «КПСС-тің Бүкілодақтық конференциясында «Жариялылық туралы» резолюцияда жазылған. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясының 22-бабында: «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», ал, 34-бабында «Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті», - деп атап көрсетілген. Студенттер Ата Заңның осы қағидасын пайымдай келе адамның білу туралы құқы басқалардың заңды мүддесі мен құқығына қарама-қайшы келмегенде ақталатындығына басты назар аударуды қажет. Мемлекетте де, тіпті жеке адамның өзінде де құпиялық болады. Конфиденциялдық болмаса мемлекеттік кейбір институттары өз дәрежесінде жұмыс істей алмаған болар еді, коммерциялық құпия болмаса экономикалық байланыстардың арнасы бұзылып, дағдарыс жиі қайталанар еді. Ал, жеке адамның құпиясын адамгершлік пен қоғамдық заң қорғайды. Сондықтан, мораль ақтайтын, журналистердің басым көпшілігі мойындайтын жариялылықтың нақты шектеуінің болуы өмірдің даму заңдылығынан туындайды. Бұл ретте Аристотельдің: «Адамзаттың бір кезде анықтаған шындығы бір рет қана емес, ұдайы қайта туындайды» («Звезды философии» 2-том, 162 бет), - деген сөзін танудың, ақпарат алудың, оны аудитория сұранымы деңгейінде таратудың, ой түйіндеудің тірегі ретінде пайдалану журналист қызметінің мазмұны мен сапасын айқындайды. Олай болса, студенттердің сөз бостандығы мен адамгершіліктің, Заңға қайшы келмейтін жағдайлардың ара жігін ажырату кеңістігінде журналист шеберлігі мен журналист әдебінің нақтылық мәндерін білу жолында біліктілік деңгейдің басымдығын тиянақтауда көп ізденіп, жұмыс істеу қажеттігі туындайды.
Бұл тұста студенттер журналистің мотивациялық саласы бірнеше тарамды немесе көп салалы болатындығына назар аударуы журналист әдебін меңгеру бағытындағы сатылардың бірі екендігін жете түсінуі қажет. Осы мағынадағы қажеттілік жалпылыққа байланысты болады. Алайда әлеуметтік қажеттілікке жетудің тура жолы жоқ. Шын мәнінде әлеуметтік жалпылықтың материалдық және рухани қажеттілігі индивидтің идеялық, мақсаттық, мотивтік санасының жетілуіне байланысты туады. Ол жетілген сана адамды іс-қимылға жетелейді. Осындай жетілген ойдан өрбитін сыртқы әлеуметтік фактор ғана істің тиянақтылығына жеткізеді. Мұнан әрі студенттер мотивтің – ішкі, субъективті – жеке ойдың жемісі болатындығын, оның тиянақталған ойды жүзеге асыруға ұмтылдыратынын жадында ұстай білуге талаптануы қажет болады. Мотивацияны зерттеушілердің айтуынша, кәсіби қызмет екі мән жасаушы мотив негізінде байиды:
1) біреудің қиындығы мен қуанышын тез қабылдайтын адамгершлік;
2) шығармашылық – мұнда материалды жасауды автор жеке өзі ойластырады.
Шығармашылықта адам ең алдымен өзінің кім екендігін танытады, өзінің барлық мүмкіндігін ашады, журналистика журналистке қызмет етеді. Ендеше, журналистің жеке тұлғалық деңгейі жоғары болуы шарт. Сонда ғана журналистің жұмысын жалпы аудитория ұтымды қабылдайды.
Жалпы мотив – адамның саналы жеке ізденуіне бастау болады. Журналистің шығармашылығы мотив негізінде жүзеге асады.
Неге жазып отырмын, журналист әдебін сақтап отырмын ба, мемлекеттік Заңға, дүниетаным заңдылығына, адамгершілікке қайшы келетін ой жазып отырған жоқпын ба? – деген сауалдарға жауап беруді мақсат еткен журналист өз қызметінің мотивін терең сезінеді. Осыдан шығарманың мақсаты мен болашақ жарияланымның болашақ моделі болжанып отырылады. Студент журналист әдебі пәнін оқып, үйренуде аса маңызды осы мәселелерге ұдайы көңіл бөліп отыруы зор мүмкіндік тудырады.
5.1 Тәжірибелік және өздік сабақтар
Білу құқығы және жариялылық шекарасы тақырыбы бойынша жергілікті БАҚ-тарда болып, тәжірибеден өтіп, газеттер мен электронды ақпарат құралдарының ұжымдарында өтетін ілездемелерге қатысып, өз пікірлерін айтуға дағыдыланады.
6 Журналист шеберлігі және әдебі
Журналист шеберлігін айқындайтын басты факторлардың қатарына журналистің ақпараттар алу және тарату кезінде фактілерді нақтылау, кейіпкерлермен кездесуде, пікірлесуде, сөйлесуде адамгершілік аясында өзара түсіністік қарым-қатынас жасау және ұлттық әдептерді сақтау сияқты әдеп түрлері жатады. Студенттер осы факторлардың бәрі адамдармен кездесуде, сөйлесуде нақтыланады. Бұл тұста журналист алғашқы сұрағын сұхбаттасының көңіл-күйін көтеріп, оның өзінен көзін алмайтындай жағдайда бергені абзал. Сөйлесіп отырған екі-үш адамды еске түсірсеңіз, олардың бір-біріне зер салып, көздерін көздеріне қадап отырғанын, сөздің ыңғайына, айтылуына, мазмұнына, оқиғаға орай еңкейгенін, кейде шалқайғанын, тік отырып қозғалмай қалатыын, екі көзі шарадай болып таң қалатынын, көзін бір нүктеге қадап ойланып отырғанын көз алдыңыздан өткізесіз. Осындай сәтте сұхбаттасыңның осындай көңіл-күй қалпын бұзбай мұқият болу адамгершілікті және жалпы әдепті сақтауды қажет етеді. Мұның өзі де журнаист шеберлігіне тікелей қатысты. Кейде сұхбаттасыңа журналист қызметінің аса жауапты, жеке тұлғаны көпшілікке танымал жасауда дәнекер болатындығын есіне түсріу үшін тосын сауалдар қоя білу де журналсит шеберлігін танытады. Мәселен, эстондық белгілі публицист Урмасс Отт белгілі актер Евгений Евстигнеевпен сұхбаттасқанда актердің намысына тиіп: «Сіз актерлер өздеріңіздің танымал болуларыңызға байланысты журналистерге риза болуларыңыз тиіс екенін білесіздер ме?», - деп сұрақ қойған. Осы сауалдар журналист мамандығының кез келген мамандық иесін көпшілікке танымал етіп, олардың іс-әрекеттерінің тиімділігін немесе олқы тұстарын ойластырып, сараптауға жол ашатынын байқауға болады.
«Журналист – аудитория» адамгершілік мәні қатынасы тек қана мазмұндық деңгейде өріс алуы тиіс. Ол мынадай екі жағдайға байнанысты өрбиді:
1) журналист шындықты жазып отыр ма, оның ұстанымы адамдарға жағдайдан шығуға көмектесе ала ма?
2) кейіпкері қоғамдық, елдік қатынасқа баға бере алатындай білікті ме, әлде журналистің өзінің бағдарламалық мақсатын орындауға қолайлы кейіпкер ме? «Журналист – аудитория» қатынасына адамгершілік, әдеп тұрғысынан баға беруде осы екі жағдай да ескерілуі керек.
Бірақ, ғалымға: «Неше жасқа келгенде ғалым болуға болады?», - деп сұрақ қою журналист әдебіне қайшы келетінін ұдайы есте ұстау қажет. Бұл мәселе де - журналист шеберлігіне тікелей қатысты фактор. Жалпы шеберлік қалай келеді? Атаулы сұраққа жауап берерде студенттер мына мысалға көңіл бөлген дұрыс. Тақтайға шегені қолына балға ұстаған адамның бәрі қағады. Бірақ, олар он рет қағып, соның жартысынан астамында қолын ұрып барып шегені тақтайға қадайды. Ал балташы бір-екі қаққанда шегені орнына отырғызады. Журналист шеберлігі де теория мен тәжірибенің тоғысында осылай қалыптасады.
Студенттер журналистің кәсіби шеберлігінің жетілуіне орай оның санасындағы әдет-ғұрыптың дағдыға айналып, күнделікті қызметінде кәсіби әдеп түрінде көрініс табатынына әрқашан назар аударып отыруы керек. Қоғамдық және жеке әдет-ғұрып санадан басқа кәсіби әдепке адамның жұмыстағы міндеттерін орындау барысындағы, кәсіби ортадағы қарым-қатынас тәртібі жатады. Олар әлеуметтік және іс-әрекеттердің объектіивтілігіне орай қалыптасады. Соның нәтижесінде журналистердің өз әріптестеріне және қоғамға қатысты тәртіп қатынасы қалыптасады. Бірақ, ол әмбебап болмайды, жеке жағдайларға, істің орын алатын кезеңіне, әдет-ғұрыпына байланысты өзгеріп отырады.
Жоғарыда берілген тақырыптар бойынша оқып, үйренуде:
-журналистің кәсіби-адамгершілік нормасы журналистің тәртібін қоғам талаптарына сай икемдеуге қабілеттілігі;
- кәсіби мораль нормасының қалыптасуы;
- «журналист пен аудитория» қатынасының адамгершілік және шынайылық мәні;
- журналист қызметіндегі объктивтілік;
- автордың өз кейіпкеріне әлеуметтік мән беру тұстарын аңдауы;
- журналистің адамгершілік таңдауы және кейіпкердің әлеуметтік бағасы;
- қоғамдық мүдде және қоғамдық қызығушылық;
- қоғамдық-саяси жұмыстарды жариялаудағы кәсіби шеберлік пен әдеп;
- БАҚ-тар туралы Заңның редакция ұжымының және журналист қызметтеріне кәсіби еркіндікке жеткізу мүмкіндігі;
- журналистік ынтымақтастық сияқты өзекті мәселелерге студенттер ерекше мән берулері қажет.
6.1 Тәжірибелік және өздік сабақтар
Журналист шеберлігі және әдебі тақырыбы бойынша жергілікті БАҚ-тардың жұмыстарын зерттеп, тәжірибелерін насихаттауға қатысу мақсатында осы тақырыпты жан-жақты ашу үшін семинар, дөңгелек стол, сараптамалар жасалып, реферат жазылуы қажет.
Әдебиеттер
1 Қзақстан Республикасының Конституциясы, 1998 ж.
2 Қазақстан Республикасының БАҚ-тар туралы Заңы, 1991 және 2006 ж.ж.
3 Байтұрсынов А. «Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер». («Тіл қисыны») -- Алматы «Жазушы», 1989ж. – 318 б.
4 Әуезов М. «Әдеби мұра және оны зерттеу». -- Алматы, 1961. – 230 б.
5 Мұқанов С. «Халық мұрасы». -- Алматы, 1964. –150 б.
6.Кенжебаев Б. «Қазақ баспа сөзінің тарихынан мәліметтер». -- Алматы, 1956. – 150 б.
7 Кенжебаев Б. «Қазақ баспа сөзінің тарихынан». -- Алматы, 1962. – 80 б.
8 Бекқожин Қ. «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі». -- Алматы, 1981. 230 б.
9 .Бекқожин Қ. «Қазақ баспасөзінің даму жылдары». -- Алматы, 1964. 310 б.
10 Барманқұлов М.К. «Журналистика для всех», Алматы, 1972г.
11 М.К.Барманқұлов. «Телевидение: Деньги или власть». Алматы. -- 1997. 160 с.
12 В.Корконосенко С.Г. «Основы журналистического мастерства» -- М.; «Аспект ПРЕСС» 1987. – 284 с.
13 Суханбердина Ү. «Дала уалаяты газеті» -- Алматы, 1988, 1991, 1992, 1994, 1996. 5 кітап.
14 Қожакеев Т. «Сара сөздің саралары». -- Алматы, 1995 . –
180 б.
15 Алдаберген Қ. Ж.Нұсқабайұлы. «Алты алаштың ардақтылары». -- Алматы, 1994. – 110 б.
16 Алдаберген Қ. Ж.Нұсқабайұлы. Ф.Оразай. «Қазақ журналистикасының тарихы». Қ. Алматы, 1994. Қ. Қ.356 б.
17 Тұрсынов Қ. «Көгілдір экран құпиясы». -- Алматы, 1998. – 230 б.
18 Отт Урмас. «Вопрос + ответ = интервью». -- М., Московский рабочий, 1991. – 195 с.
19 Аврамов Д.С «Профессиональная этика журналиста». -- Издательство Московского университета, 2003. – 272 с.
20 Ворошилов В.В. «Журналистика». -- Санкт-Петербург, 2004. – 700 с.
21 Ворошилов.В. .В. «Права и этика в журналистике»., Санкт-Петербург, 2004. – 320 с..
22. Чарлз «Шоқан» Уеллер, Абасова Д., Сайлауов Ғ. «Қазақ халқының ұлттық мәдениеті». -- Алматы, 2003. – 235 б.
Мазмұны
Кіріспе……………………………………………………………3
1 Әдеп және журналистика……………………………………….6
2 Журналистің моральдық-этикалық ұстанымдары....................8
3 Баспаөз бостандығы. Журналистің құқықтары мен міндеттері.
Журналистер кодексі....................................................................10
4 Журналистің аудиториямен қарым-қатынасы, өзіндік
танымы. Ұлттық салт-дәстүр......................................................11
5 Білу құқығы. Жариялылық шекарасы........................................13
6 Журналист шеберлігі және әдебі..............................................16
7 Әдебиеттер....................................................................................19
Достарыңызбен бөлісу: |