Карл Эрнст Браунер, Қазақстан-Герман сауда-экономикалық жұмысшы тобының тең төрағасы
Евродақтың да осы пікірді ұстанып отырғанына кәміл сенімдімін. Евродақтың Орталық Азияға қатысты жасаған стратегиясы да соның айғағы. Осы елдердің ішінде Қазақстан шешуші әрі басты орынға шығатыны даусыз. Біз сіздердің кластерлік саясат жүргізу бағыттарыңызды толық қолдаймыз. Қазақстанның шикізаттық емес саланы дамытуға да толық мүмкіндігі бар екендігін атап өткім келеді.
Экономикалық мәліметтер тізбегіне көз жүгіртер болсақ, Германия Қазақстанға тауар шығарушы мемлекеттердің қатарынан нық орын алады. Тіпті, неміс тауары ұлттық экономикамызға елеулі ықпал жасап отырған қозғаушы күш деп айтуға болады. Федеративтік республика бес жылдан бері әлем бойынша тауар шығару жөнінен алдына өзге елді салған емес. АҚШ-тың өзі тізімде немістерден кейін тұр. Көлік, электр тауарлары, өндіріске қажет сан алуан жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сыртқа шығарылады. Тауар шығаруды негізінен орта және шағын бизнес міндетіне алған. Жылдар бойы нақтылы бір жабдық шығаруға дағдыланған отбасылық бизнестер де Германияда белең алған.Бұл ел Қазақстаннан мұнай, металл, химиялық шикізаттарды сатып алып отыр.
Инвестициялық саясатта екі елдің де мүддесі бір арнаға тоғысады.Қазақстан кәсіпкерлері Герман экономикасына 1 миллард АҚШ долларынан астам қаржы салса, немістер Қазақстанға 2 миллардқа жуық инвестиция салған.Екі ортадағы алыс-беріс негізінен ауылшаруашылығы саласына, тау –кен өндірісі, құрылыс индустриясы, көлік және коммуникацияға бағытталып отыр. Форумға қатысушылар бұл байланыстың аясын одан әрі кеңейтуге болатынын айтты. Нақты ұсыныс жасады.Мәселен, жоғарғы технологиялар бойынша Германияның мүмкіндігі мол. Неміс жетістігін кластер ретінде индустриялық аймақтарға, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға енгізуге әбден болады.
Қазақстан Республикасы мемлекет басшысының көмекшісі Әсет Есекешов экономиканы ырықтандыру мақсатында осы форумда Қазақстанның әр аймағының мүмкіндігін барынша немістің бизнес ортасына көрсетіп қалуға шақырды. Тиімділігін, оның мүмкіндігін шетелдік инвесторлар өздері өлшеп-пішеді. Немістер әсіресе Каспий теңізі маңында мұнай өңдеу өндірісін салу жобасына қатысты ерекше қызығушылық танытты. «Самұрық» мемлекеттік холдингінің басқарама төрағасы Қанат Бозымбаев бұл форумда неміс кәсіпкерлерінің Қазақстанның бизнесіне қалай кіретіні туралы толық мәлімет алғанын жеткізді. Көз ұзамай форумда өз нәтижесін берді. Түс ауа қазақстандық делегация жетекшілері қандай жобаларды бірлесе жүзеге асыратыны туралы мәлімдеме жасады.
Ал, осы елдегі Дойчебанк пен Қазақстан Республикасы мемлекет басшысы жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі Петер Тиллс Қазақстанның қаржы саласына неміс банктерінің жетістіктерін енгізуге ұсыныс жасап отыр.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар да өз мүмкіндіктері мен инвестиция салуда жасалатын жеңілдіктерін бизнес ортаға түсіндірді. Форумға немістер жағынан 150 ден астам компания қатысты. Қазақстан Республикасының Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов экономика саласында ғана емес саяси бағытта да немістердің ықпалы қажеттігін айтты. Федеративтік Республика Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда Ұйымына мүшелікке өтуіне тілектес. Соны саяси мәселелер шешілетін алқалы жиындарда Германия өз тарапынан жие көтергені жөн. Германияның Евроодаққа энергетикалық сұранысын қамтып отырғанын ескерсек саясат пен экономиканың жолы бір арнаға тоқайласатын аңдау қиын емес. Жақын күндері Гамбургте Қазақстанның экономика күндері өтеді. Ал маусым айының басында Германияның экономика министрлігі Астанада өтетін форумға қатысады. Бірнеше облысқа сапар жасайды. Сонымен бірге Қазақстанға Германияның президенті Хорст Келер келеді деп жоспарланып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |