ХАЛЕЛ
1.
Ххх
2.
1933 жылы 8-29 желтоқсан аралығында Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған кеңес өтті. Сонда сөйлеген шешендердің пікірлері мынадай:
З.А.Порядин, институттың директорының орынбасары Сталиннің:
«Кеңес өкіметінің қуат-күшінің артуы өліп бара жатқан таптардың ең соңғы қарсылығын тудырады».
Молотовтың: «...Сондықтан да, ең алдымен ұлыдержавашыл, антисемитшіл шовинистерге, сонымен қатар жергілікті жерлердегі – петлюровшілерге, алашордашыларға, муссаувтшілерге қарсы күресті күшейту керек», – деп нұсқау берілді.
Кеңес те осы бағытта өтті. Брайнин мен Шафиро тарихи әфсанасына негізінен жандармереяның тыңшылық құжаттарын пайдаланғандықтан да, жинақтың тек қана айыптау бағытында жазылғаны түсінікті. Мұны Ш.Шафиро:
«Осымен қатар басқа бір мәселені қозғай кеткім келеді. Айтушылар бізді: тек қана жандарм мекемесінің құжаттарын пайдаланды – деп айыптайды, мұның да жөні бар. Мәселе: бұл құжаттарды пайдалануға бола ма, жоқ па, – деп қойылып отырған жоқ, мәселе – бұл құжаттарды қалай пайдалануда», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 73-бет) қысылып-қымтырылмастан ашық мойындады
Ххх
Ә.Бөкейханов: «Қазақтың жеріне қазақтан басқа ешкімнің де қол сұғуға қақысы жоқ: қазақ даласы – қазынаның меншігі, оған мұжықтар мен казактарды сұраусыз қоныстандыра беру керек – деген заңдар алынып тасталуы керек», – деді «Қазақтар» атты мақаласында.
3. Ххх
Н.Гредускула қазақ депутаттарын Думада: «Тіл құқығы, дін құқығы, ұлттық мектептер, ұлттың өзін өзі билеуі мен тәуелсіз дамуы, бір сөзбен айтқанда, ұлттың жанын ауыртып отырған нақты мәселе, халықтың нақты ұлттық тілегі туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 86-бет) күстаналады.
Ххх
4.
1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскерм министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын. Сондықтан да «Қазақ» газеті:
«Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз», – деп жазуының астары осында.
Ххх ххх ххх
Бұл мақсаттың тонын Брайнин теріс айналдырып: «Біздің қолымыздағы және ішінара жұмысымызға пайдаланған құжаттарға жүгінсек, олар Уақытша үкіметтің отарлау аппаратында қазақ еңбекші бұқарасының баскесер жендеті міндетін ар-ұятымен (за совесть) атқарған. Бөкейханов Торғай облысындағы көтерілісті жанышты, ал Тынышбаев Шкапскиймен қосылып Жетісудағы қазақ пен қырғыз бұқарасын талқандады», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 93-бет) арсыздықпен баяндады.
Ххх
5.
Айтмұхамед Мусин, «Социалды Қазақстан» газетінің бас редакторы алғашқы күнгі екпінмен: «Бұлардың баяндамаларының басты кемшілігі – олар алашорда зиялыларының өткендегі обьективтік-революциялық орынын жоққа шығаруды басты міндет етіп қойғандығында... Шафироның: Алашордашылардың обьективтік-революциялық қызметін мойындау – қазақ халқының революциялық мүмкіндігін жоққа шығарады-мыс деп мәселе қоюы мүлде қате. Бұл мүлдем жаңсақ тұжырым, тіпті, надандықпен айтылған пікір...Бірінші мәселе: алашорда зиялыларының төңкеріске дейінгі обьективтік-революциялық қызметін мойындау керек. Шафиро мен Барйнин жолдастар айтқандай, бұл Алашорданың өткендегісін мадақтау ма, жоқ па? Менің ойымша, олай емес. «Алашорданы» мадақтау үшін бұл қозғалыстың обьективті-революциялық орынын мойындап отырғамыз жоқ, керісінше, бұл қозағлыстың тарихын маркстік көзқарас тұрғысынан талдау үшін мойындауымыз керек...Бұл қозғалыстың бағытына, идеологиясына, оның құрамына қарамастан, егерде ол қозғалыс самодержавиеге қарсы, имперализмге қарсы (дұрыс) бағытталса, олардың позициясын әлсіретсе, онда оның обьективті-революциялық маңызы бар болғаны – деп түсіну қажет. Ал сіздер деректерді – олар самодержавиенің позициясын нығайтқан сияқты етіп пайдалануға тырысқансыздар. Бізде де біраз құжаттар бар, соларды да «Алашорда» өзінің өмір сүрген тұсында тек қана контрреволюциялық әрекетпен айналысып келе жатқандай тұрғыда пайдаланасыздар ма? Басқаша айтқанда, зиялылардың бұл қозғалысы царизмді қолдау үшін құрылған деп көрсетпексіздер ме?..Ең соңында айтарым мынау: бұл қозғалыс – Бөкейханов, Байтұрсынов, Тынышбаев, Қаратаев, Дулатов, Ғаббасов және т.б. сиқты ірі алашордашылардың ғана қозғалысы емес. Бұл қозғалыс – жас қазақ буржуазиясының қозғалысы, қазақтың буржуазиялық-демократиялық жүздеген зиялыларының қозғалысы. Сондықтан да бүкіл қозғалыстың алатын орынын оның оншақты көсемінің сатқындық әрекетімен (олай айтпасқа амалы да жоқ еді – Т.Ж.) бағалауға болмайды», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 102-бет) мәселені бір бүйірден шаншудай қадап қойды.
Бұл – сол заман үшін өте батыл әрі «обьективті-революциялық» пікір еді. Өкінішке орай, заман талқысы А.Мусинді де сескендірсе керек, келесі 26 желтоқсан күнгі отырыста өзінің жоғарыдағы пікірінде асығыс тұжырымдар барлығын «мойындап», райынан қайтты. Алайда ең қажетті сөзді айтып қалды. Бір таңданарлығы, осы пікірді С.Меңдешев те қорғаған сыңайда, өз өмірінен, А.Кенжин мен Б.Қаратаевтің іс-әрекетінен мысал келтірді.
Тағдырдың мына тоғысын қараңызшы. Марксизм-ленинизм ғылыми институтының аға ғылыми қызметкері Әзкен Жұмағұлов сол мәжілісте «Социальды Қазақстан» газетінің бас редакторы Айтмұхамед (Әйтеке) Мусинді қолдап сөйлеген үзілісте танысып, екі күннен кейін оның мақаласын жариялайды. Бұл таныстық оларды қызмет жолында ғана қосақтап қана қоймайды, ату камерасына да бірге апарады. 1937 жылғы 3 қараша күнгі тергеуші Бернерге берген жауабында Ә.Жұмағұлов:
«Кеңес өкіметіне қарсы қазақ ұлтшылдарының ұйымына мені 1935 жылдың басында сол кезде Қарағанды облысының хатшысы болып істейтін Әйтеке Мусин тартты. Мен Мусинмен Адматы қаласында, 1934 жылдың басында (нағында 1933 желтоқсанында– Т.Ж.) Брайнин мен Шафироның «Қазақ буржуазиядық-ұлттық партиясының тарихы» атты баяндамасын талқылау кезінде таныстым...Сіздер тәргілеген ұлтшылдардың кеңес өкіметіне қарсы әдебиеттерін жинап, өзімнің кітапханамды жасақтадым. Мысалы мен Мусиннен 1913 жыл қазақ буржуазиялық ұлтшылдары шығарған «Айқап» журналының 13 санының тігіндісін алдым», – деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 41-42беттер) көрсетінді берді.
Соның нәтижесінде осы мәжілісте пікірлес болған институттың директоры Әзімбай Лекеров, Аймұхамет Мусин, Әзкен Жұмағұлов, Ізмұхан Құрамысов, Санжар Асфандияров бір іске тіркеле қосақталып, ату жазасына бұйырылды. Сол мәжілісте Санжар Асфандияров та алдыңғылардың пайымдауларын ғылыми ұстаныммен қостай сөйледі. Төраға І.Құрамысов:
«Асфандияров жолдастың сөзінің дені өткен жолғы кеңестегі сөйлеген жолдастардың қателігін қайталады. Сондықтан да біздің ең білімді тарихшыларымыздың бірі Асфандияров жолдас келесі жолы қайыра сөйлеуге дайындалуы керек деп ойлаймын. Біраз мәселге тоқталып жатпаймын.Асфандияровта бейдиалектикалық қарама-қайшылық бар. Ол өзінің сөзін: барлық интеллигенцияны кадеттермен теңестіресіңдер деген желеумен бастады да, ал өзі барлық интеллигенцияны алашордашыларға қосақтады. Яғни, Асфандияровтың пікіріне жүгінсек, 1917 жылға дейін «Алашорда» обьективті түрде прогрессивті болған, ал 1917 жылдан кейін аяқ астынан өзгеріп шыға келген...Асфандияров жолдасқа қатысты айтарым, оны «есептен шығарып тастаудың», сәл де болса басын қатерге тігудің қажеті жоқ, оны сақтай білуіміз керек. Бұл мәселе жөнінде мен де қателіктер жіберген болатынмын... Асфандияров жолдастың сөзінің әсерінен кейін, оған неге сөз бердім екен, алдыңғы шешеннен кейін жарыссөзді неге тоқтатпадым екен – деп өкініп отырмын. Сондықтан да Асфандияров пен Федоров бұл мәселе жөнінде қайталап сөйлеуі тиіс. Ал біз олардың не дейтінін тыңдайық, оларға өз қателерін түзетуге көмектесеміз, қажет болса, ұрсып та аламыз», – деп өкініш білдірді.
Оның бұл сөзіне қарағанда А.Мусинді алдыңғы пікірінен бас тартуы үшін екінші отырысқа ырқынан тыс алып келгені байқалады.
Ххх
6.
Міне, Брайнин мен Шафироның «жалған жіпсімесінің» салдарынан осындай жанкешті жанашырлықтың барлығы да «жендеттік, қарақшылық» болып көрсетілген. Сондықтан да Асфандияровтың:
«Дау тудыратын мұндай айғақсымақтар бізге пайда әкелмейді. 1905 жылдан бергі ұлт-азаттық қозғалыс туралы Брайниннің баяндамасында методологиялық қателіктер жіберілген. Бұлардың тұжырымымен келісу дегеніміз – Қазақстан халқы өзінің бостандығы үшін күресті деген тарихи шындықтан бас тарту, демек, бұл – Қазақстан мен Орта Азиядағы Қазан төңкерісін қызыл армияның штыгіне сүйенген текек орыс пролетариатының бір өзі ғана орнатты деген тұжырыммен келісу. Қазақстанның отарлық қанауда болғанын, импералистік елде буржуазия ешқандай да төкерісшіл әрекетке бармайтынын, ал отар елдердегі буржуазия белгілі бір межеге дейін революциялық іс-қимылға баратынын ұмытпау керек».
28-29 желтоқсандағы кеңесте С.Асфандияров өзінің пікірін одан әрі тереңдетіп әрі-сәрі күйде: «Ұлттық қозғалыс неден басталады?.. Қазақстанда қалай басталды? Әуелі буржуазия пайда болды. Жадидизм пайда боды, бұл –мектеп үшін, әдеби тіл үшін күрескен жалпыға ортақ қозғалыс. Ол патшалық құрылымға қарсы күрескен жоқ. Алашордалық интеллигенция да бұл күресте патша өкіметіне қарсы шыққан жоқ... Импералистік соғыс кезінде бұл зиялылар бұқараны күйреуік көңіл-күйде ұстады. Тек жалғыз Тынышбаев қана: Германияға қарсы майданда «ақ патшаны» қолдаңдар, германдықтар келсе, ауылдарыңды тонайды – деген мағынала үгіт жүргізді. Кезінде мен Тынышбаевқа: бұлай деуге қалай дәтің барады, – дегенім есімде. Анығын айтсақ, қара халық бұл майданда Түркияның жеңіп шығуын қалады.Міне, жалпы жағдай осындай болатын...Бұл қозғалыс революциялық емес, ұлттық-реформистік қоғалыс», – деп пікір білдірді.
Ххх
7.
Әзімбай Лекеров өнеркәсіптік-тауарлық қарым-қатынастың көшпелі қоғамдағы орынын асыра бағалауға болмайтынын ашық айтып: «Мұндай әсіре бағалаушылықтың салдарынан біз бүгінгі күннің өзінде коллективизация науқанында асыра сілтеуге жол беріп алдық. Бұл мәселеге орай жіберілген саяси қателіктер – Өлкелік комитеттің ҮІ пленумының шешімінде ашып көрсетілді. Алайда феодализмді де дәріптеуге болмайды. Жұмағұлов жолдас бізде феодализм үстемдік құрды деді.Ал «Алашорда» ұлттық федализмнің көрінісі. Консервативтік, реакциялық тұлғасы ашық айқындалған қозғалыс. Бүкілодақтық халықаралық жағдайды ескере отырып, біз «Алашорданың» прогрессивтік тұстарын ашық айтуға тиістіміз. Бұл жай авторларды алаңдатпай-ақ қойсын... Бөкейханов – белгілі бір әлеуметтік қабаттың көсемі. Сонымен қатар: 1917 жылға дейін «Алашорда» болған жоқ, жекелеген қайраткерлер ғана шықты – дейді, бұл дұрыс емес. «Алашорда» саяси ұйым ретінде 1917 жылдың ақпанынан кейін құқықтық тұрғыдан тіркеуден өтсе де, саяси ағым ретінде одан әлдеқайда бұрын қалыптасты. Бөкейханов (Тынышбаев та – Т.Ж.) І мемлекеттік Думаның мүшесі болды. Ал думаға айдаладағы адамды кіргізбейді...», – деп «Алашорданың» тәргілеу мен мойынсерік мәселесі жөніндегі бағыт-бағдарының дұрыстығын 1931-1932 жылға ашаршылықты емеуірін ете отырып, ескерте кетті.
Бұл да орайын келтіріп айтқан орынды пікір болатын. Осындай саяси емеуіріндер арқылы тарихи шындықты жеткізу жалаң идеологияның тұсындағы «саяси шешендіктің» бір тәсілі болатын.
Айтыс пен тартыс барысында бүгінгі Ақмола – Астана тағдыры да қозғалады. Қ.Жұбанов: «Алашордашылар Шоқанды қазақ халқының қорғаушысы етіп көрсетті. Шындығында мүлде олай емес. Шоқан саяхатшы болды, Синьцзянға барды, Іле Алатауын жазды, Алтынсарин осылай деп жазды. Бөкейхановтың Потанинмен, сібірлік казак-орыстармен достасуы кездейсоқтық емес. Бөкейханов: миссионерлік (шоқындыру – Т.Ж.) саясатын міндетті түрде қолдау қежет деп есептеді. Алайда Бөкейханов Потанинен де сорақы, реакцияшыл болды. Потанин өзінің 1904 жылғы хатында: Ақмола қаласында мемлекеттік университет ашылса – деп армандады, ал Бөкейханов оған басын қатырғысы келмеді. Оқулықтар құрастыру, қазақ тілін жүйелеу – бұл «Алашорданың» революциялық орынын анықтауға негіз қалай алмайды, бұл іс миссиоенрлерге тиесілі бастама», – деген екіұшты пікір білдірді.
Иә, Потанин: қыр елінің болашақтағы астанасы – Ақмола болуы тиіс, онда университет ашылатын күн де туады – деп армандады. Ал Бөкейханов: бұл келешектің ісі. Дәл қазір оған Ақмола дайын емес, – деп есептеді. Араға тура тоқсан жыл салып барып қос дегдардың болжамы шындыққа айналды.
Ххх
8.
Әлжанов: «Алашорданың» ықпалы туралы. Брайнин мен Шафиро: бұл компрадорлық, келісімшіл қозғалыс – деп мәлімдеді. Шындығында келсек олар өздерін қалың бұқаралық қозғалысты бастаған көсем ретінде көрсетті. Қазақ бұқарасы «Алашорданың» реакцияшылдық бағытын сезіне алмады. Олар әлеуметтік маңызы жағынан емес: – Ахмет, Әлихан деген аттары үшін ғана соңына ерді.Мұндай бұлдыр елесті ашу қажет. Маңызды-маңызды деректерді келтіру керек. Әйтпесе, олармен күрес – бос сөз боп шығады. Қазақстандағы барлық қозғалыстың тарихы – қараңғы күйінде қалады. Ұлттық сананың сәулесі соңынан ғана жылтырайтын болады. Яғни, шындығында да: Қазақстан қазан төңкерісіне мешеулікпен келді, ол қызыл армияның штыгімен келді – деген қисынға саяды. Бұл: ұлттық-революциялық қозғалыста өзіндік белсенділік болмайды – деген троцкистік қисынға шекарасы жақын ұғым. Қозғалыстың өткендегі тарихын сендер ғана жазып отырған жоқсыңдар. Голощекин де айтқан. Ол барлық қозғалыс атаулыны «Алашордаға» әкеп тіреді. Сіздерде де ұрлық (плагиаттық) көп. Сілтемелрді ұқыпты пайланып, орынымен қою керек, өздеріңді «біз» деп, өзгелердің бәрін «ортодокстар» деу, бұл сіздердің пайдаларыңызға шешілмейтін тәсіл. «Алашорданы мадақтайтын ұлтшылдар шықты, – деген өсек те шығып жүр», – деп, Брайнин мен Шафироның ғылыми алаяқтығын, оларға тапсырма беріп жаздырып отырған Қужақты әшкереледі.
ххх
9.
Брайнин өзінің ғылыми дәрменсіздігін сезініп, тікелей саяси шарпысу мен шапшуға көшті: «Федоров жолдасқа біздің ұсынып отырған талдауымыз ұнамайды екен. Мысалы, Қарқаралыдағы Петицияны бағалау турасындағы пікірлеріміз. «Сіздер – бұл петициядан коммунизмді талап етесіздер. Бұл – демократиялық талап. Бұл – ұлттық-реформаторлық». ,– дейді Федоров жолдас. Жоқ, мұның барлығы ойдан шығарылған далбаса...Мусиннің екінші сөзін алыңыз. Большевикке тән мінезбен өзінің қатесін мойындаудың орынына, ашық тұрған есікке басын соғып, міңгірлеп, өзгені кінәлай бастады...Момынов өткен жолы көзінің жасын көлдетіп, Байтұрсыновқа жоқтау айтты... Асфандияров бұрынғы сөзінде Мусинді қостап, бәрін де жайдақтатып жібергенсіңдер деді... Мен сендерге жайдақтатудың қандай екенін қазір көрсетейін. Ол өзінің сөзінде: «Жәдидтер – «Алашорда» қозғалысының бастауы», – деді. Көрдіңдерме, жәдидтер «Алашорданың» бастауы екен... Одан әрі: «Қазақстанда пайда бола бастаған бүржуазиялық-демократиялық қозғалыс – обьективті-революциялық қозғалыс...Алайда ұлттық интеллигенцияның келісімпаздық сипаты барған сайын анықтала бастады», – дейді. Демек, Қазан революциясына дейін ол қозғалыс революциялық болғаны ғой!..Және бұл алашордашылардың кадеттермен тізе қосқан, Тынышбаевтің ІІ мемлекеттік Думадағы кадеттер фракциясына ашық кірген кезеңі туралы айтылып отыр...Біз Бөкейхановтың Торғайда, ал Тынышбаевтің 1916 жылы Куропаткинмен бірге тәржімашы ретінде, ал нағында патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасының жендеті ретінде Жетісуда не айтқанын жақсы білеміз. Мұның барлығын алашорданы мадақтау демей, жайдақтау демей басқаша қалай түсінуге болады? Басқаша түсіндіріп көріңдерші қане...», – деп кіжінді.
«Басқаша түсіндіруге» әбден болатын. Ол үшін Брайниннің бөртпе бүркемесіне емес, М.Тынышбаевтің 1919 жылы 16 көкек күні «мәртебелі билеуші Колчакқа» жолдаған (Жетісу облысындағы қазақтардың жұтқа ұшырауы» атты баянхатындағы:
«1916 жылы тамыздың басында майдандағы қара жұмысқа адам алу туралы жарлыққа қарсы қазақтар көтеріліске шықты, ол Пржевальский, Пішпек, Жаркент, Верның уездерін қамтыды. Оларға қарсы Ташкент, Ферғана және Семей қалаларынан жазалау отрядтары жіберілді. Жазалау отрядының екі айдан астам уақытқа созылған қүғынынан соң 200 000 қазақ (облыстағы қазақтардың 20 %) қазан айында қарлы шыңды асып қытай жеріне ауды. 1916-1917 жылдың қысында босқындар ашаршылыққа ұшырады. Әйелдері мен балаларын сатты. 1917 жылы ақпан мен наурыз айларында босқындардың арасында сүзек індеті тарады. Көкек айында жаңа өкіметтің кешірімін естіп отанына жаяу-жалпылап, аш, жалаңаш жетті. Крестьяндардың оларға өшіге қарап, астығын сатпай қоюдың кесірінен... індет үдей түсті...Аштық Түркістан, Каспий, Сырдария, Жетісу, Лепсі, Қапал уезіне қамтыды...1918 жылы аштықпен қоса іш сүзегі Семей, Ақмола, Торғай облыстарын жайлады...Одан Әндіжан...Ташкентке тарап, Сібірге ойысты. Сібір уақытша үкіметі Жетісуға баруға тиым салды...Верныйдан жолдаған оннан астам жеделхатқа қарамастан Петроград тек 1917 жылдың қазанында, большевиктердің төңкерісі қарсаңында, Жетісуда мәлім мөлшерде ғана ақша қалғанда қаражат босатты. Персидан келген 2-казак полкінің көмегімен большевиктер облыстағы үкіметті тартып алғанша (1918 жылы ақпанда) Қазақтарға бөлінген 5 000 000 сомның тек 1 000 000 сомын ғана жұмсап үлгерді. Большевиктерге қарсы күрескен белсенді қызметкерлердің біразы қашып кетті, олардың кейбіреуі қолға түсіп, атылып кетті «Мысалы, үкімет комиссары Шкапский т.б.)... Қапал және Лепсі уездеріндегі «контрреволюциялық» әрекеттерді басу үшін 1918 жылы мамыр айында облысқа аты шулы Мамонтов (Мақаншы ауылындағы ұрыс кез жолай Верный, Қапал, аркент, Лепсі уездерін қырғынға ұшыратып, тонады...1918 жылы маусым айында Сібірдегі төңкерістің хабары жеткенде (Семей қаласынан жіберілген «Алашорданы» арнайы адамы арқылы) Қапал мен Лепсі уездерінің қазақтары бас көтерді, қазақ қайраткерлері бірнеше жасақ құрып, Семейден келген жасақтарға қосылды... Бұл оқиға қызылдардың ызысын оятып, қарусыз қазақтарды жаппай қырып, шаруашылығын ойрандады. Тек қана Лепсі уезінің Садыр болысының бес ауылынан ғана 5000 ересек адам өлтірілді, ал уез бойынша қаза тапқандардың саны 8000-нан асты. Менің әкемнің ауылындағы 6 жастан жоғары еректердің бәрі де өлтірілді, қыстақтары мен киіз үйлері өртелді, 15 әйел мен 17 бала тұл боп қалды… Жоғарыдағыны мәлімдей келе Сіздің құзырыңыздан:1. Ашаршылық пен қайыршылыққа ұшыраған қазақтарға 510 000 пұт астық... 2. Большевиктерден азат етілген қазақ шаруашылығына 5100 соқа, 51 000 орақ, 25 5000 шалғы, 10 000 балта, 1000 ара босаттырсаңыз екен … 3. 1918 – 1919 жылға тиесілі барлық алым-салық, ақшалай салғырт алынып тасталса екен… 4. Қазақтардан ат жинау тоқтатылсын… 5. Жаз шыға қайыршыланған қазақтар өзінің шаруашылығын қалпына келтіру үшін қыстақ пен киіз үй салу үшін орманнан ағаш кесуге рұқсат берілсін… 6. Большевиктерден босатылған қазақтардың түтін басына 150 сомнан қайтымсыз көмек берілсін, большевиктерден босатылған қазақтарға жиыны 7 650 000 сом, ал большевиктердің қол астында қалған қазақтарға 18 450 000 сом, барлығы 261 000 000 сом қаржы босатылуы қажет. 7. Дәрі-дәрмектің, дәрігерлердің жетімсіздігіне байланысты қауіпті індет ауруы таралып кетпес үшін дәрігерлер мен фельдшерлер жіберілсін… 8. М.Төлебаев сияқты қазақ қайраткерлері тұтқыннан босатылсын…»,– деген бұлжытпайтын шындыққа жүгінсе жетіп жатыр еді.
Мұхамеджан Тынышбаевтің «патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасына жасаған жендеттігі» осындай болатын. Азаматтық ұятын сақтап қалған Санжар Асфандияров қана бұл кезде «кесімді жазасын өтеу үшін» жер аударылып кеткен «жендетке» араша түсу райымен:
С.Асфандияров: «Дұрыс деректің өзін, Брайнин мен Шафироның қолдан құрастырып отырғанындай, тарихи оқиғаны дұрыс түсінуге бөгет жасайтын «деректермен» толықтырудың қандай қажеттілігі бар еді? Мысалы, 1917 жылы Тынышбаев пен Шкапский қазақ ауылын тас-талқан етті – деген жорамалды неге ұсынған? Мен де сол жылдары Жетісуда қызмет еттім, сондықтан да, ондай қырғынның болуы мүмкін емес, болған жоқ деп толық сендіре аламын. Жетісуда қазақ-қырғызды қырып жатыр – дегенді 1917 жылы Петроград қаласында өткен Демократиялық кеңесте әйгілі Топчыбашев айтты, бірақ ол қанқұйлы істі Шкапский емес, қоныстанушы кулактар жүзеге асырды. Ол сондай бір сұрғылт тұлға еді...
Брайнин: Алайда ол Уақытша үкіметтің комиссары болды емес пе?
Асфандияров: Қазақтарды қырып салуға Тынышбаев еш қашанда бармас еді.
Брайнин: Ол демонстрацияға шығушыларға қарсы сөйледі.
Асфандияров: Тынышбаев Қытайдағы қазақ босқындарына келмей тұра тұруды өтініп, Қытайға өзінің агенттерін жіберді (Жетісуда жаппай қырғын мен ашаршылық жүріп жатқан – Т.Ж.). Оның Жетісудың кулактарының алдында тізе бүккені рас, бірақ оның қазақтарға қырғын ұйымдастырғысы келді деу – өтірік».
Иә, Барйнин мен Шафиро халық қамқоршысынан – «халық қасапшысы мен қарақшы» жасап шығарғысы келді. Тынышбаев пен Шкапскийдің Уақытша үкіметтің алдында жанталасып жүріп мәселе қоюының нәтижесінде:1. Он алтыншы жылғы ұлт –азаттық көтеріліске байланысты жаппай қырып-жоюдың зардаптарын анықтап, жазықсыз жандарды қырып салған жазалау отрядының командирлерін жауапқа тарту үшін тергеу комиссиясын құрғызды. Бұл, сол тұстағы ең үлкен ерлік іс еді. Тергеуден сескенген қоныстанушылар мен әскери жасақтар «әскери серуеннен» бой тартып, қазақ-қырғыздың өз отанына қайтып келуіне дес берді. 2. Отанына қайтып оралған қырғыздарды қоныстанушылар ата мекеніне қайтадан жолатпады. Қыстауларына қондырмады. Олардың мал-мүліктерін тартып алды.Астықтық бағасын үш жүз есеге көтере сатты. Соның нәтижесінде қазақ-қырғыз жаппай аштыққа ұшырады. М.Тынышбаевтің Жоңғар қыраттарындағы босқын елдің әзірше елге қайтпай, толастай тұруын өтінуінің осындай мәні бар еді. Сондай-ақ, аштар мен баспанасыз қалғандарға және егіндік тұқым алу үшін Уақытша үкіметтен 11 миллион сомнан астам қаржы бөлгізді.
Ал оның қосалқы серігі Ш.Шафиро: «Қазақстандағы ұлттық қозғалысты мадақтау орын алып отыр ма, жоқ па? Егерде мұндай бағыт Украинада орын алып отырса, онда Қазақстанда неге болмауы тиіс?.. «Алашорда» туралы Мартыненконың кітабі ерекше орын алады. Бір кезде «Алашорданың(« өмір сүргенін жоққа шығарған адамдар болған. 1923 жылы Кенжин: Алашорданың бағдарламасы дегеніміз – Құрылтай кеңесінің депутаттарына берген тапсырыс, – деп жазған болатын. Әлі есімде, 1929 жылы Қызылорда қаласында Мартыненко маған жүгіріп келіп, сондай бір мәз-мәйрам күйде өзінің «Алашорданың» мөрін тапқанын айтып еді. Мөр! Енді «Алаштың» өмір сүргенін ешкімде жоққа шығара алмайды...Біз осы арада Байтұрсыновты халықтың қамын жеген азап иесі ретінде көрсеттік, ол дұрыс емес. Кейде түрмеде отырудың өзі Байтұрсынов үшін пайдалы болды...Алашорда зиялыларының халық арасында беделі өте күшті болды.Бұқараның қозғалысқа ілескені анық, бірақ бұл революциялық қозғалыс емес еді. Сондай-ақ, бұқараға алашордалықтардың ықпалы күшті болғанымен де, мұны революциялық емес деуге де келмейді. Біз өзіміздің зерттеуімізді Жетісудағы азамат соғысының тарихын жазу үшін бастағамыз, сол кезде алашордашылардың қозғалысы туралы мәселеге тап келдік те, «Алашордаға» және оның бастау көзіне арнайы зерттеу жазғымыз келді. Бар мәселе осыдан келіп шығып отыр», – деген мазмұнда екі жағын кезек-кезек қамшылады.
Қос автордың кереғар ұстанымдарын дәл аңғарған І.Құрамысов: «Алашорда туралы үнемі айтып отыру керек, бір минутта мұны естен шығаруға болмайды...Ол туралы, ауыл тағдыры туралы айтып отыру керек...Ауылдың – малды жыртқыштарша қыру, қозғалыстың Орта Азияға ауысуының кілті сонда...Бұл кітап бізге көп нәрсе берді. Біршама кемшіліктері мен қателіктеріне қарамастан, мәселенің батыл қойылуы – авторлардың табысы. Бұл тек қана олардың ғана емес, институттың, ұжымның – әзірше екіұшты ұжымның – Брайнин мен Шафироның табысы, қорыта айтқанда бәріміздің де жетістігіміз», – деп тұжырымдады.
Мұндағы «екіұшты – двузначного» деп астарлап отырғаны Шафироның жоғарыдағы ұстатпайтын екіұшты сөзі ғана емес, сонымен қатар «Алашорда» туралы да болса керек. Қаншалықты «қызылданып» кетсе де, ұлт тағдырына қатысты тарихи құжаттардың жариялануына «екіұштылар» да мүдделі еді. Қалай дегенмен де, отызыншы жылдардағы үкімет қайраткері тоқсаныншы жылдардағы идеолог ғалымнан гөрі мәселені терең түсінгені анық танылады. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда алаш қайраткерлерінің өмірі мен ұстанымы туралы салыстырмалы түрде толығырақ пікір қозғауға мүмкіндік туды. Кеңесте сөйлеушілерге, оның ішінде «екіұшты» төрағалық етіп отырған Орталық комитеттің екінші хатшысы І.Құрамысовқа да:
«Мен сендерге жайдақтатудың қандай екенін қазір көрсетемін», – деген Брайнин, айтқан уәдесінде тұрып, шынымен де І.Құрамысовқа көресіні көрсетті.
Ол өзінің Н.Тимофеевпен қосарланып жазған «Большевик Казахстана» жураналының 1937 жылы қыркүйектегі санында жарияланған «Жапон – Герман барлауының ұлтшыл агенттері туралы» атты мақаласында:
«Тура дәл осы кезде (1919 жылы – Т.Ж.) оңбаған (мерзавец) және алашорданың асыранды шпионы Құлымбетов қызыл армияның Ырғыздағы отрядына барып сіңіп алды да, оларды да сатып, ақтарға қосылып кетті», – деп «қарымтасын қалжасымен қосып» қайырып алды.
Саясатты бүркенген саяси сатқындық кеңес идеологтарының сүйікті тәсілі болды.
Ххх
10.
Тергеушіге берілген жауаптағы бұл көрсетінді 1921 – 1922 жылғы астыртын ұйымның емес, «Алашорданың» мемлекет билігі туралы басты құрылымдық ұстанымы болатын. Онда:
«Россия – демократиялық федеративтік республика болуы тиіс. Федеративтік республиканың құрамындағы әр мемлекет өзінше дербес және әр қайсысының өзін-өзі тең дәрежеде билеу мен мүддесін қорғау құқы болуы керек. Үкіметтің басында Құрылтай кеңесі тұрады, дүбаралығында – Құрылтай кеңесі мен мемлекеттік Дума белгілі бір мерзімге сайлаған Президентбилейді. Президент Министрлер кеңесі арқылы басқарады, ол Құрылтай кеңесі мен мемлекеттік Думаның алдына жауап береді. Заң шығарушы өкімет тек қана мемлекеттік Думаның қолында болады, ол үкіметті бақылауға алу құқына ие болады. Тегіне, дініне, жынысына қарамастан барлық азамат сайлау құқына ие. Депутаттарды сайлау бәріне бірдей ашық және жасырын жүргізіледі, – деп көрсетілген болатын.
Ххх
11.
1927 жылы ақпанда БКП(б) саяси бюросының мәжілісінде «Қазақстандағы байларды тәргілеу науқанын жүргізудің жоспары арнайы талқыланды. Оған Сталиннің өзі төрағалық етті. Қазақ Өлкелік халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Ф.И.Голощкин мен оның идеологиялық қолбаласы О.Исаев бұған қатты «намыстанып», өздерінің әріптестерін «байлардың құйыршығы» деп айып тақты. Мұның соңы немен аяқталғаны мәлім.
(І.Құрамысовтың сөзі осыдан соң берілсе...)
ххх
12.
Ал Сталин Қазақстанға жаңа келген Мирзоянға: «Ұлыорыстық шовинизммен тек қана жергілікті партия ұйымдары ғана күресіп жатқан жоқ, бәрінен бұрын БКП(б) орталық комитеті жаппай шұғылданып отыр. Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі – ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес. Бұқараны интернационалистік тұрғыдан тәрбиелеу жұмысы Украинаға қарағанда Қазақстанда қарқынды жүргізіліп жатыр деп айтуға болмайды. Қайта керісінше шығар. Егерде, бұған қарамастан, дәл қазіргі кезеңде Қазақстан үшін ұлтшылдық басты қауіп болмаса, оның басты себебі – Украинаға қарағанда қазақ ұлтшылдарының шетел интервенттерімен байланыс жасауының қиындығында. Алайда Қазақстан үшін қолайлы мұндай жағдай қазақ коммунистері қазақ ұлтшылдығымен және оларға іштартушылармен күресті босаңсытпауы тиіс. Керісінше, қазақстандық ұлттар бұқарасының санасына лениндік интернационализмді сіңіруге барлық жағдайды жасау үшін жергілікті ұлтшылдықпен күрес барынша ауқымды түрде күшейту қажет. Басшылықа аалу үшін БКП(б) орталық комитетінің Тәжікстан туралы қаулысын жолдап отырмыз» , – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 442-бет) нұсқау берді.
Мұндай нұсқау кезінде Қужаққа да – Голощекинге де беріліп, алашордашыларды жаппай жазалау науқаны басталған болатын. Мирзоян да сол жолдан ауытқыған жоқ. «Алашорданың» контрреволюциялық іс-әрекетін әшкерелейтін жинақ құрастыртып, оны талқыға салған ғылыми кеңес өткізді. Ал төрт жыл өткен соң Мирзоянның өзін де ажал сыбағасы күтіп тұрды.
Ххх ххх
13.
Сабырлы азамат, салмақты жазушы қатарындағы Сабыр Шарипов «Алашорданы» әшкерелеуге ерте қамданыпты. Ол өзінің 1922 жылы маусым айында «Степной правда» газетінде жарияланған «Шығыс Қазақстандағы революциялық қозғалыстың тарихы» атты мақаласында алаш қозғалысын жексұрын етіп қана көрсеткен жоқ, сонымен қатар:
«Алаштың көсемі боп тұрған кезінде, 1918 жылы шілде айында Бөкейханов «Сарыарқа» газетінде №42 санында жарияланған: кеңеске қатысы бар барлық қазақтарды тұтқындау, олардың балалары мен әйелдерін таланға салу туралы өзінің атақты №1 бұйрығын шығарды. Соның салдарынан бұрынғы қызылармияшы Жәнібеков және басқалар тұтқындалды. Комитеттің көрнекті жетекшілері Әуезов, Сәдуақасов, Байділдин және басқалар болды. Бұл комитет ресми түрде мәдени-ағарту сипатында жұмыс істеді, бірақ та олар Алашорданың саяси үйірмесінің ізбасары ретінде ұлттық рухта әрекет етті», – деп «әшкерелеп», оларды қанды қол жазалаушы етіп шығарды.
Алаш идеясы мен «Алаш» партиясының ыстық-суығы басылмай, «әшкерелеу науқаны» басталмай тұрған өліарада С.Шәріповтің «қаламұшын бұлай асыра сілтеуінің» себептері түсініксіз. Оны осы тұстағы Н.Ежовтың Семей губерниясының Қазақстанға қосылуына қарсы белсенді әрекетімен, С.Сәдуақасовтың ол басқарып отырған губкомды таратып жіберуімен, М.Әуезовтің губкомның төрағалығына сайлануымен, Ә.Байділдиннің бұл шешімді қолдап мақала жазуымен ғана түсіндіруге болады. Сонда Сабыр Шәріповтің ұстанымы қандай болғаны? Демек, қазақ жерінің тұтастығына мойынсынбаған – деген күмән ұялайды.
Ххх ххх
14.
Ақтөбенің Елек ауданын Орынбор облысына беру туралы шешімге орай Қазақ халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов:
«Егер орталық жеке аудандардың тағдырын осылай шеше беретін болса, онда келешекте Қазақ республикасының сақталып қалуы мүмкін емес», – деді.
Ал Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев:
«Сөз әзірге біз ұға қоймаған, бірақ болашақта алдымыздан шығатын мәселе туралы болып отыр... Мен өзім орталық мекемелердің тек орыс шаруаларының мүддесіне деген ерекше қамқорлығын бірнеше рет байқадым... Ендеше, неге сіздер қазақ шаруалары Қазақстан өкіметіне талап қоя алмайды деп ойлайсыздар? Егер білгілеріңіз келсе, айта йын, қазақьардың жағдайы күн сайын нашарлап барады. Олар: «Біздің жерімізді неге алып жатыр?», – деп сұрайтыны анық. Біз болсақ ол жердің тұрғындарының басым көпшілігі орыстар дейміз. Оған олар: «Патшалық Ресейдің біздің жерімізді тартып алып, оған өзінің отаршылдарын қоныстандыр деп кім сұрапты?», – десе, не дейміз... Қазір ел арасында: «Қазақстанда кім бұқараның жағдайын көтеруге қатты күш салса, сол адам өкімет басында көп тұрмайды – деген қауесет сөз бар. Бұл, әрине, қазақ қызметкерлеріне қатысты айтылған. Мейлі, солай-ақ болсын дер едік, бірақ қазақ бұқарасының алдында масқара болып қалар жайымыз жоқ. Осында Боярский жолдас менен: «Сіздің басыңыз ауырды ма?», – деп сұрайды. Мен: «Жоқ, басым емес, жаным ауырады», – деймін. Шынымен де ауыратындай себеп жеткілікті», – деп күйіне айтты.
БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов:
«...Біздің республикамыздың тұла бойы тұнған ұлттық проблема (мәселе)...Мәселенің ұлттық тұрғыдан қойылуынан тайсақтап, ең құнарлы экономикалық аудандардан айырылып отыра бергіміз келмейді.Қазіргі кезде қоныстандырудың қарқынды жүргізіліп жатқаны байқалады... Менің пікірімше, Қазақ республикасын бір өлке немесе Ресейдің бір ауданы есебінде емес, өзінше мемлекет ретінде сақтап қалу және оны одан әрі нығайту тұрғысынан келу қажет...Кейбір жолдастарға ерік берсек, олар бұл республиканы таратып жіберуге құлышынып отырған сияқты», – деді (Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита.А.2004, 268-бет).
Достарыңызбен бөлісу: |