Мұхтар Мағауиннің «Шақан Шері» романы
Оқиғаның басталуы: Тұтқындағы шері (эпилог)
Оқиғаның дамуы: Шақанның бақытты отбасы
Оқиғаның байланысуы: Отбасынан айырылған Шақан
Оқиғаның шиеленісуі: Кек қуған Шақан
Оқиғаның шарықтау шегі: Шөнжік пен Шақанның кездесуі
Оқиғаның шешімі: Шерінің қолға түсуі
Мұхтар Мағауиннің «Шақан Шері» романы ерекше тақырыпта жазылған, идеясы мен мазмұны өзге шығармаларынан дараланып тұратын туынды. Иә, қазақ даласында бұрында жолбарыс та, аң патшасы арыстан да мол болған деседі. Жолбарыстар арыстанның айбатына қарамай, оларды жерімізден айдап тастаған. Жолбарыстың пысы өте күшті, ақырған даусын естігенде адамның төбе құйқасы шымырлайды екен.
Шығармада ең алдымен, жолбарыс, адам жейтін сойқан ретінде көрсетіледі.
Ал бұдан кейін оқиға тұла бойын кек пен ыза кернеген адам баласының жолбарыс тұқымын құрту мақсатын алға қоюымен өрби түседі. Шығармада қазақы аңшылық дәстүрдің сан қыры мен жолбарыс тектілігі анық
баяндалады. Адамға өздігінен тиіспейтін жыртқыштың неліктен кішкене бала мен жас әйелді жегеніне жауап іздегенде, алдымыздан адамның қастығы шығады.
Шақан ғылым-білім үйренбеген, оқу оқымаған болғанымен, аталардың айтқанын, ел аузындағы аңыздарды жадында мұқият сақтаған. Шу, Іле бойын түгел кезіп шығып, Сырдарияның алқабындағы шөлмен жүріп өткен жолында солардың бәрін есіне түсіріп, бағытынан жаңылмады. Себебі, автор атап өтетіндей: «аңыздың айтқаны – ақиқат, ғылымның айтқаны – шындық». Мұнда тарихи ақиқат, уақыт шындығы жатыр. Аңыздарда келтірілген жер-су атаулары, суреттелетін тау, өзен, қырат, шөлейт жердің барлығы да шын кезігеді. Сондықтан аңшылық өнер жайы айтылатын романнан бірнеше
аймақтың табиғаты, сол жерде тұрақтаған халық тұрмысы, дәл сол өңірде болған тарихи оқиғалар туралы ақпараттарға қанығамыз. Жолбарыс тұқымын құрту жолында көп қиындық көрген соң, Шақан табиғат пен адамның арасындағы тепе-теңдікті бұзып, табиғи заңдылыққа қарсы келгендігін түсінеді. Әуелгіде оны ел-жұртынан айырып, ен далаға қуған жолбарыс емес, адам екенін ұғып, бір кектің артында түз тағысының тағдыры жатқандығына көзі жетеді. Оны романдағы мына бір үзіндіден көруге болады:
«Кенет өзін осы жолға түсірген жалмауыз жолбарыс көз алдына келді. Балаға шапқан, әйелді шайнаған кезі емес. Өлім сәті. Өлгеннен соңғы бұтарлап шабылған сәті. Артқы аяққа шор болып байланған қорғасын оқ. «Жолбарыс өз бетімен кісіге тимейді». Құба-мерген айтқан. Қара-батыр айтқан. Атабек Ақсақал айтқан. Өзі де көрді. Сонда, жалмауыз кек қуғаны ма?! Бір кісіден көрген жапасын бір адамға артқан. Жүрген ізін қанды соқпаққа айналдырған. Бұл да қазаға ұшырады. Қорғасын оқ емес, тас қайғы– екі бірдей қаза жүрек басына түйітпектеліп жабысты. Бір жыртқыштың кінәсін тарғыл тонды барлық шеріге артыпты. Содан не тапты?
Бұл романнан оқырманның түйетіні: табиғи заңдылықты бұзу, құныққан үстіне құныға түсудің кей аңдардың жойылуына, тұқымының құруына әкеліп соғатынын есте сақтау қажеттігі. Мұндай шығармалар келешек ұрпақты тәрбиелеудегі табиғаттың рөлін, ондағы әрбір қыбырлаған тіршілік иесінің айрықша орны бар екендігін үйретеді. Аң аулаудың да өз жөні, шегі болатындығын әр аңшының біліп жүруге тиістілігін нақтылап, түрлі тарихи деректер мен топонимикалық атаулар жайлы мағлұмат берген бұл шығарма – қазақ әдебиетінің ғана асыл қазынасы емес, тарихтың, аңшылық өнердің мол мұрасы. Аңшылық туралы шығармалар өткенді қастерлеу, табиғатты сүю, жан-жануарға деген құрмет, аңшыға тән ұлы қасиеттер, жануарлар арасындағы тепе-теңдіктің сақталуы, аң аулаудағы ұтқыр тәсілдер сияқты пайдалы нәрселерді насихаттайды.
Достарыңызбен бөлісу: |