ДАЛА ДАТЫ
Келешектің құны немесе
рухани абақтың азабы
Құлтас ДОСТАНОВ
Кеңестің кезеңін сынап-мінеп, көкезуленуге құмармыз. Сөз жоқ, «Біреудің боданында болудың несі игі?» десек те, кешегі кеңесте денсаулық пен білім салалары сутегін еді. Қазір небәрі 16 млн түтіннен аспайтын айғырдың тезегіндей аз жұртпыз, жеріміз кең, кеңнің қойнауы ытқылаған қара алтынға, одан қалса, біреулердің түсіне де кірмеген өте сирек кездесетін құнды қазбаларға лық толы, тәулігіне 24 сағат бойы қара алтынымыз трансұлттық құбырлар арқылы тынбай ағып жатыр. Есесіне шетелдік ірі банкілердегі есепшоттарымыз қаржылары сыймай, қақырап кетуге тиіс болатын...
Бірақ, олай болмай тұр. Ой жетіп, сана саралайтын жақын кезеңде болмасы да белгілі...
Қазіргі қазақ денсаулығын бір Құдайға тапсырғалы қашан?!.
Ал, білім дегеніміз – ұлттың келешегі, елдің болашағы. Атқамінерлер мен шалқып жүргендер ұлттың ертеңіне елеңдемесе, құндары көк тиын. Бүгінгі кеп осыған саяды. Билігі барға өзінің құнынан гөрі – оқудың бағасы артығырақ болып тұр. Өйткені, санасы толық, шамасы бар кезкелген қазақ баласына білім бергісі келеді, ілім ілгісі келеді. Мұны түсінген бишігеш оқу бағасын жыл сайын өсіріп, қалтасын томпайтуға бейіл...
Қазақстан жоғарғы оқу орындарындағы оқу бағасының мөлшерін анықтау мақсатымен «Әділ баға» бағдарламасымен таяуда зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сөйтсек, еліміз бойынша, қалтаға жиятын, санаға сиятын төмен баға белгілеуде жалғыз ғана – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінің оқу бағасы ғана «мұсылманшылық – әсте-әсте, кәпіршілік – бір пәсте» дейтін қанағатшылдыққа аз-кем жақындайды екен.
Басқа жоғарғы оқу орындары күні кешегі Лондон Олимпиядасында алтын алқаға таласқан спортшылардай бір-бірімен текетіресіп, жан алысып-жан беріскендей, оқу ақыларын қымбаттатудан алдарына жан салмауда.
Әйткенмен, бұл зерттеулердің де ешкімнің нұсқауынсыз, ештеңенің ықпалынсыз әділ де адал жүргізілгендігіне күмәніміз зор. Мысалы, қазақ білімінің қарашаңырағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің бағасының «ақылға сиятындығын» дәлелдеуге тырысқан зерттеушілер, шын мәнісінде, мұндағы жылдық оқу бағасының қазірге дейін жыл сайын жарты миллион теңге болғандығынан әрі биылдан бастап тағы да көтерілгендігінен бейхабар сияқты сыңай танытады.
Менің ойымша, еліміздегі қай-қай зерттеулер де жекеменшік банкілері мен зауыттары бар олигархтардың мүмкіншілігі деңгейімен емес, ең алдымен, қазақ ұлтының, яғни, қарапайым ауыл қазағының мүддесі тұрғысынан жүргізілуге тиіс. Сол себепті, жыл сайынғы жарты милиион ақшаны ауыл қазағының 99 пайызы анық таба алмайды. Мұның өзі «Жыл өткен сайын ауыл қазағының баласы жоғарғы білім алу арманынан айырыла береді» деген сөз...
Өйткені, «Қуырдақтың көкесін – түйе сойғанда көресің» демекші, КИМЭП пен Халықаралық бизнес Академиясы тәрізді жекеменшік оқу орындары оқу бағасы әсіре аспандап, жеті атасының байлығы жетпейтін құн сұрайды.
...Қазақ түрмені «абақты» дейді. Ол – «абақ» деген сөзден шыққан. Абақ – аң ұстауға арналған, талдан тоқылған қапас. Жабайы аң-құс қапастағы жемге шүйліккенде, тордың қақпағы жабылып, ашкөз аңның өзі жемтікке айналады...
Қазақтың баласын да, санасын да абақта тұқыртпақ мысықтілеу емеурін байқалады. Сірә, қазақ баласының сауаты ешкімге қажет емес секілді. Дегенмен, үш ғасырға жуық қасастық пен қапастықтың – құрышты шынықтырып қана қоймай, темірді ерітіп те жіберетіндігін ұмытпаған жөн-ау...
Достарыңызбен бөлісу: |