Кертаева г. М. Педагогикалық деонтология негіздері қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі



бет7/14
Дата26.06.2016
өлшемі2.44 Mb.
#159682
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14

күнделікті өмір жағдайын деонтологиялық дайындыққа сәйкестендіру үшін университеттің зертханаларында, кафедраларында үлгілі деонтологиялық ахуал жасап, профессор-оқытушы студенттер арасында қарым-қатынасты, студенттердің өзара қарым-қатынастарын оқу орнының қызметкерлерінің өзара қарым-қатынастарын педагогикалық деонтология талаптарына негіздеу;

  • арнайы тәрбиесіне деонтологиялық тұрғыдан оңтайлы әсер ету үшін педпрактиканы педагогикалық деонтология ұстанымдарына сүйене атқаруды қадағалау, оқу-тәрбиелік іс-шараларды, қоғамдық-пайдалы жұмыстарды педагогикалық деонтологияға негіздеу, университетте ұстаздық парыздылық тақырыбында пiкiрталастар, семинарлар, кездесулер, ашық (жария) дәрiстер өткiзу, т.с.с. кәсіби-әдептілік, кәсіби-парыздылық тәрбиенің мүмкіндіктерін тудыратын іс-шаралар жүйесін жасау қажет.

    Студенттік кезінде жас адамда бірте-бірте өз бетімен іс тындыру, дұрыс әрекет ету қабілеті пайда болады, сонымен бірге онда өз іс-әрекеті үшін жауапкершілік сезімі де, өмірге деген парасатты көзқарасы да қалыптасады, адамдармен мәнді де баянды қатынас орнатуға, кәсіби міндеттерін бар ынтасымен және шығармашылықпен шешуге ұмтылысы байқалады. Сондықтан да жоғары оқу орындары беретін деонтологиялық тәрбиенің рөлі орасан зор.

    Осыған қоса болашақ мұғалiмнiң парыздылық сезiмiн дамыту үшiн, мiнсiз жұмыс ұстанымдарын iске қосуға көмектесетін кейбiр iс-шараларды келтiре кетуге болады.

    Ең бастысы, студенттің өз міндеттерін біліп, оларды мүлтіксіз орындауын талап ету. Бұл міндеттер талай педагогикалық әдебиеттерде (Р.В. Овчарова, Е.И. Рогов, Н.Н. Никитина, О.М. Железнякова, М.А. Петухов, К.М. Левитан, Л.И. Рувинский т.б.) талқыланып, қарастырылған. Соларды жүйелей келе және студенттің деонтологиялық жетілу қажеттілігін ескере отырып, төмендегідей педагог-студенттің міндеттерін айқындадық:


    • педагогикалық мамандықтың ерекшелігін түсіне біліп, соған сәйкес қасиеттерді жеке тұлға ретінде бойында тәрбиелеуге үйрену;

    • педагогикалық этиканың, деонтологияның ұстанымдарын танып-біліп, үнемі сақтау;

    • таңдаған мамандық бойынша теориялық білім мен практикалық дағдысын ұдайы және терең меңгеру;

    • өзінің идеялық-саяси, ғылыми және мәдени деңгейін арттыру;

    • көпшілік-саяси және тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру дағдысын қалыптастыру;

    • сабақтарға міндетті түрде қатысу және оқу жоспарлары мен бағдарламаларында көрсетілген оқу тапсырмаларының барлық түрін мерзімінде орындау;

    • қоғамдық-пайдалы енбекке белсене қатысу;

    • жоғары оқу орындарында еңбек тәртібін, студенттер жатақханасында ішкі ережелерді орындау.

    Құқылары мен міндеттерін саналы түрде жүзеге асыру – болашақ мұғалімдердің азаматтық және кәсіптік мамандығы бойынша қалыптасуының жақсы мектебі.

    Гиппократтың өсиеттерiнде, көне деонтологиялық кодекстерінде дәрiгердiң жүрiс-тұрыс мәдениетiне, оның өзiн-өзi ұстай бiлуiне көп көңiл бөлiнген: дәрiгер денi сау, ұқыпты, таза, жарасымды киiнген, артық көпiрме сөзсiз, сыпайы мәнерлi, ұшқыр ойлы, т.с.с. iзгi қасиеттi болуы қажет. Бала жаны, науқас адам жанындай әлсiз, нәзiк, елiктегiш, жұқтырғыш келедi. Сондықтан педагог өзі өмiр сүріп, еңбек еткен ортаға ықпал етуі дәрiгердiң әсерiнен кем емес.

    Осыған орай дәрiгерлердiң Гиппократ анты сияқты ұстаздардыңда жатқа бiлiп, ант ретiнде табынатын мемлекеттiң, халықтың алдында беретiн серттерi болу керек деп ойлаймыз. Әрине, оның мазмұнын көп болып ойланған дұрыс шығар, бірақ мағынасы төмендегідей біз ұсынған мәселелер төңірегінде болары даусыз.

    Жас педагогтардың мемлекеттің, халықтың алдында беретін антының жобасы:



    1. Өз мамандығын сүйетiн және ол жер бетiндегi барлық мамандықтардан артық, қасиеттi екенiн түсiнетiн тұлға болуға;

    2. Таңдаған мамандығыма берік болып, оның игілігіне сарқыла берілуге;

    3. Өзгелердің балаға мейірімді қатынастары үшін әрдайым күресуге, баланы түсіне білуге, оның «өзімділігін» сыйлауға қажымай, талмай үйренуге;

    4. Жаңашыл адам үлгісі болуға;

    5. Жоғары адамгершілікті, құлықты, білімді, өз ісіне сенетін, бақытты адам болуға;

    6. Терең және адамгершiлiктi бiлiмнiң жаршысы болуға;

    7. Өз бiлiмiн, білгірлігін жүйелi түрде жаңартып, толықтырып отыруға;

    8. Оқушы үмітін ақтайтын тірегі, ересек досы болуға;

    9. Ұстамды, шыншыл, қатал, бiрақ әдiл, кең пейiлдi болуға;

    10. Балалар психологиясын жетiк бiлiп, жанына, тәнiне зиян келтiрмей оқушы тұлғасының жан-жақты дамуына жәрдемдесуге;

    11. Оқушылар алдында жоғары абыройлы, беделдi болуға тырысуға;

    12. Белсендi қоғамгер, бiлiм таратушы болуға;

    13. Отаншыл, өз елiнiң нағыз азаматы, ұлтжанды болуға;

    14. Саяси және адамгершiлiк сенiмдердiң белсендi жаршысы болуға ант етеміз.

    Ұстаздық тәлім тәрбие беретін оқу орнында профессорлық-оқытушы құрамы деонтологиялық оқытулармен қатар, психологиялық комфорт атмосферасын сақтай отырып, педагогикалық деонтология ұстанымдары мен ережелерін әрбір студенттің жеке нанымына айналдырған уақытта, олар бұл ұстанымдарды сақтау ең негізгі және қажетті екенін түсінген жағдайда ғана осы антты саналы түрде бере алады.

    Ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың теориялық негіздері болатын, болашақ мұғалімнің кәсіптік сапасын арттыруға арналған талай ғылыми ізденістер баршылық. Атап айтсақ:



    • болашақ мұғалімнің білімділігі мен қабілет-қасиеттерін шыңдау (Кузьмина Н.В., Усова А.В., Құдайқұлов М.Ә., Хмель Н.Д., Грехнев В.С., Каргин С.Т., Шадриков В.Д., Успанов К.С., Сманова Г.Т., Зверева В.И. т.б.);

    • студенттерде кәсіби-техникалық бағыттылығын қалыптастырудың педагогикалық негізін қарастыру (Э.Ф.Зеер, Б.К.Момынбаев, Ш.Абдраман, Б.С.Безрукова, Т.В.Кудрявцева Казаков В.Г., Кондратьева Л.Л. т.б.);

    • болашақ мұғалімнің әлеуметтік бейімделу мәселелері (Мұқанова Б.И. Кенесарина З.У., Меңлибекова Г.Ж., Мудрик А.В., Василькова Ю.В., Василькова Т.А., Аминов Н.А., Морозова Н.А., Смятских А.Л., Ильин Г.Л., Лотон Д.т.б.);

    • қазақ халқының педагогикалық мәдениетін ұстаз тұлғасына ұялату мәселелері (Аймауытов Ж., Жұмабаев М., Жарықбаев Қ., Қалиев. С. ТәжібаевТ., Елікбаев Н., Ұзақбаева С.А., Наурызбаев Ж., Оршыбеков Ы. т.б.);

    • педагог-студенттердiң танымдық iзденiмпаздығын қалыптастыру (Әбiлқасымова А.Е., Джакупов С.М., Мажитова Л.Х., Зязин Б.П., Гапонова С.А. т.б.);

    • болашақ мұғалімнің кәсіптік дайындығының теориялық негіздері (Выготский Л.С. , Хофман Ф. , Асмолов А.Г., Хмель Н.Д. Шадриков В.Д., Тригубова Н.Н.т.б.) ;

    • болашақ мұғалімнің жалпы, этикалық, ізденушілік мәдениетін қалыптастыру ерекшеліктері (Хмель Н.Д., Куанышев Ш.Ш., Молдажанова А.А., Таубаева Ш.Т. т.б. );

    • болашақ мұғалімнің кәсіптік дайындығын адамгершілік тұрғыдан талдау (Сухомлинский В.А., Амонашвили Ш.А., Азаров Ю.П., Фридман Л.М., Бейсенбаева А.А.,Төлеубекова Р.К., КалюжныйА.В. Смелкова З.С., Брязгунов И.П. т.б. ) еңбектерінде қарастырылған.

    Бұлардың бәрінде ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың әртүрлі аспектілері акмеологиялық, аксиологиялық, мәдениетілік, гуманистік, біртұтастық т.с.с. әдіснамалық келістерге негізделген.

    Акмеологиялық келістер әрбір студенттің шығармашылық қабілеттерін дамытуға барынша мол жағдайлар жасап, кәсіптілік шыңына жетуге ықпал етудің факторлары мен заңдылықтарына сүйенетін деонтологиялық тәрбиелеуді көздейді.

    Аксиологиялық келістер болашақ ұстаздардың моральды санасы және мінез-құлқының сипаты ретінде құндылықты бағдарлығын зерттеп, қалыптастыруға негізделеді.

    Мәдениеттілік келіс педагогикалық қызметтің қыр-сырын меңгеру үдерісінде студенттің жеке бас мәдениетінің қалыптасуын естен шығармау қағидаларын негіздейді.

    Гуманистік келіс болашақ ұстаздардың деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда жеке тұлғалық қабілет қасиеттерін адамгершілік нормаларына сәйкестендіріп, әлеуметтік идеология мен имандылықты қамтуға негізделеді.

    Тұтастық келіс бойынша болашақ ұстаздарды оқыту, тәрбиелеу және дамытуды педагогикалық қызметінде іске асырудың біртұтастығын қамсыздандырады, педагогикалық үдерістің басқа да қатысушылармен қарым-қатынас жасауды, өз-өзін болашақ ұстаз ретінде сезінуді, кәсіби қызметте әртүрлі рөлдерде бола білуді деонтологиялық ұстанымдарға сәйкестендіріп, мұның бәрі біртұтастық жүйе ретінде ескереді.

    Ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастыру келесі ұстанымдарға негізделеді: қалыптастырудың әдістері мен мазмұнының ғылымилық ұстанымы, адамға әсер етудің жаңашылдық пен өзіншілдік ұстанымы, мөлшерлік ұстанымы, кәсіби қызмет тәжірибесін, ғылым жетістіктерін игерудің жүйелілік және бірізділік ұстанымы, студенттердің шығармашылық белсенділігі, саналылығы және дербестік ұстанымы. Оларға қысқаша сипаттама беріп көрелік.

    Болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың әдістері мен мазмұнының ғылымилық ұстанымы студенттерді қазіргі заманғы ғылыми білімдермен қамсыздандырып, тәрбиелеу және оқытудың өзара сабақтастығын ашып, сонымен қатар, болашақ ұстазды педагогикалық деонтологияның алғышарттарымен, даму тарихымен, кәсібіне сәйкес парызының мазмұнымен және осы саладағы қазіргі заманғы жаңа идеялармен, белгілі ғалымдардың зерттеулерімен таныстыру болып табылады.

    Әсер етудің жаңашылдық пен өзіншілдік ұстанымы студенттермен әрбір кездесуді ерекше есте қалдыруға мүмкіншілік жасайтын болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың құралдары мен амалдарын үздіксіз толықтырып, шеңберін кеңейту болып табылады.

    Мөлшерлік ұстанымы кәсіби қызметті іске асыру және ұйымдастыру үдерісінде педагогикалық құралдар мен амалдарды, шараларды қолдануда әрбір әрекеттің шегін біліп, сақтау, мөлшерінен асырмау, эмоцияға артық жол бермеуге, т.с.с. шектеулерге негізделеді.

    Кәсіби қызмет тәжірибесін, ғылым жетістіктерін игерудің жүйелілік және бірізділік ұстанымы бойынша жүргізілген жұмыстарға, студенттердің деонтологиялық дайындығын қалыптастыруға қажетті теориялық білімдер мен тәжірибелік дағдыларға жүйелілік сипат беру, сонымен қатар болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастыру үдерісінде бірізділік қағидасы ескеріледі.

    Деонтологиялық даярлықты қалыптастыру үдерісінде студенттердің шығармашылық белсенділігі, саналылығы және өзіндік ерекшелігі кәсіби парызды саналы сезініп, алған білімдері мен іскерліктерін жағдаятқа ұтымды қолдануға негіз болады. Сонымен қатар, бұл ұстаным студенттерді оқу және өзіндік жұмыс әдістерімен қаруландыруға, ұстаздық кәсіпке сәйкес парыздылық сана-сезімді бойда болдырып сенімге, нанымға дейін жеткізіп, мінез-құлықтарын, қабілет қасиеттерін реттеуге студенттің өзіндік танымдық белсенділігінің ұйымдастыруға негізделеді.

    Студенттердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыру үдерісінде жеткен жетістіктерінің беріктік ұстанымы саналы педагогикалық қызмет жүргізуге және ұйымдастыру кезінде қажетті білімнің, нанымның және қабілеттің, оқып үйрену материалын тұрақты есте сақталу нәтижесін көрсетеді.

    Сонымен жоғарыда сипатталған ұстанымдар ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастыру үдерісінде ақылменен ескерілсе, нәтиже ойдағыдай болары күмән тудырмайды.

    Болашақ ұстаздардың деонтологиялық даярлығын қалыптастыру тетігінің теориялық негіздеріне сүйене, оны іске асырудың төмендегідей әдістерін сипаттауға тоқталамыз: түсіндірме-иллюстративті; репродуктивті; мәселелік оқыту; шағын ізденушілік және зерттеу; жеке тұлғаның санасын тәрбиелеу әдістері; студенттердің мінез-құлқын және қызметтік іс-әрекеттерін реттеу әдістері т.б.

    Түсіндірме-иллюстративті әдістің негізгі мәні студенттердің білімді дайын күйде игеруін ұйымдастырудан тұрады, оқытушы ақпаратты ауызша (түсіндіру, әңгіме, дәріс) немесе басылым түрінде (кітап, оқулық, оқу-әдістемелік құрал) ұсынады, студент тыңдап, түсініп, жадыда сақтау әрекетін жасайды.

    Репродуктивті әдісте оқытушы ұсынған үлгі бойынша (мәтінді қайта айтып беру, репродуктивті жаттығуларды орындау, типтік есептерді шығару) студенттер теориялық материалды, оқу әрекеттерін бірнеше мәрте қайталайды. Мұнда студенттердің іс-әрекеті алгоритмдік сипатта болады, яғни үлгі бойынша ұқсас жағдайларға сай, ережелерге, инструкцияларға сәйкес орындалады.

    Түсіндірме-иллюстративті және репродуктивті әдістердің жағымды нәтижелеріне (қабылдау қабілетінің дамуы, есте сақтауды шыңдау т.с.с.) қарамастан болашақ ұстаздардың деонтологиялық даярлығын қалыптастыруға бұл әдістердің мүмкіншіліктері шектеулі, өйткені білім алушылардың шығармашылық белсенділігі мен инициативасының дамуына өте аз мөлшерде әсер етеді.

    Мәселелік оқыту әдісі бойынша оқытушы студенттердің алдына белгілі бір мәселені қойып, оның шешу жолдарын, үлгісін ұсынады, өздерін соған жұмылдырып, бірге іздестіреді, сол арқылы студенттің ізденушілік қызметін ынталандыруына жол ашады. Мұндай оқыту студенттің ғылыми тұрғыда ой-өрісін кеңістігін кеңейтіп, қоршаған ортаны танып білуге бірден бір ұтымды құрал. Сонымен бірге студенттерді атқарушы әрекеттен шығармашылық, зерттеушілік әрекетке жетелейді, оларға қызметінде қолдана алатын, саналы түрде қабылданған, қолданыс аясы анықталған білімдер жүйесін игертеді. Бұл әдістің артықшылығы міне осында.

    Шағын-ізденушілік әдісін қолданған кезде студент оқытушының көмегімен ғылыми зерттеудің жекеленген кезеңдеріне қатысады. Мұнда болашақ ұстаздардың ойлау қызметін өте жоғары деңгейге жеткізу көзделеді. Бұл әдістің нәтижесінде олар теориялық материалды түсініп, қолданыс аясын ашып, шығармашылыққа қолданады.

    Зерттеушілік әдіс студенттерге жаңа мәселелерді шешуге бағытталған ізденушілікті, шығармашылықты талап ететін әрекетті сипаттайды. Оқытушы әрекеті студенттердің зерттеушілік қызметін сауатты, ұтымды басқарумен шектеледі. Бұл әдісті қолдану болашақ ұстазға қажетті деонтологиялық құзырлықтарды қалыптастыруға және сол ғылыми ізденістердің өрісін кеңейтіп, іргелі ғылыми немесе ғылыми-практикалық зерттеулерді бастауға жол ашады.

    Болашақ ұстаздардың деонтологиялық даярлығын сипаттайтын қарым-қатынастың рационалды аясына әсер ететін жоғарыда жазылған әдістерден басқа жеке тұлғаның санасын тәрбиелеу жұқтыру, еліктету, сендіру арқылы іске асады (дәріс, әңгіме, түсіндіру, этикалық әңгімелесу, тәрбиелік жағдайлар сараптамасы, диспут, өзара ағартушылық әдісі).

    Дәріс – дәріскердің теориялық сипатты оқу материалын жүйелі, дәйекті, монологтық түрде баяндауы. Оқытуды ұйымдастыру формасы және оқыту әдісі ретінде дәріс жоғары мектеп үшін дәстүрлі болып табылады. Оның негізінде оқу жоспарының көптеген пәндері бойынша курстар қалыптастырылады.

    Әрбір дәрістің жалпы құрылымы мынадай: тақырыпты хабарлау, жоспарымен және өзіндік жұмыс үшін ұсынылатын әдебиетпен таныстыру, ал одан соң – хабарланған жоспар бойынша дәрісті баяндау.

    Дәріске мынадай негізгі талаптар қойылады:

    - хабарланатын ақпараттың ғылыми деңгейі жоғары болу керек, өйткені ол, әдетте, әдіснамалық, дүниетанымдық маңызға ие болады;

    - дәріс мазмұнды болу керек: ол анық, тығыз жүйеленген және әдістемеленген үлкен көлемді қазіргі ғылыми ақпараттан тұру керек;

    - дәрісте айтылатын ой-пікірлер дәлелді болуы тиіс;

    - дәлелді фактілердің, мысалдардың, мәтіндер мен құжаттардың саны жетерлік болу қажет;

    - дәріс тыңдаушылардың ойлау әрекетін белсендіруге бағытталады, сондықтан онда талқыланатын мәселелер бойынша сұрақтар қойылу керек;

    - қойылған мәселелерді шешудің сан алуан түрлері, көзқарастар, ұстанымдар талдану керек;

    - негізгі ой желілері, қағидалар түйінделу, қорытынды шығарылу керек;

    - енгізіліп отырған терминдер мен атаулар түсіндірілуі қажет;


    • студенттерге ақпаратты тыңдауға, түсінуге және қысқаша жазуға мүмкіндік берілу керек;

    • дәрістің мәтіні бойынша сұлбалы ақпараттың, қысқаша конспектің компьютерлік баламасын алдын ала беріп қою;

    - тыңдаушылар аудиториясымен психологиялық комфортты қарым-қатынас орната алу;

    - мүмкіндігінше дидактикалық материалдар мен техникалық тәсілдер қолдану керек;

    - мәтіннің негізгі материалдарын, конспекті, сұлбаларды, сызбаларды, кестелерді, диаграммаларды, басқа да графиктерді кеңінен пайдалану.

    Жалпы теориялық курстың және әрбір жеке дәрістің құрылымы, мазмұны, тақырыптары оқу жоспары бойынша анықталады. Дәріс жалпы теориялық курстың буыны болғанымен, әрбір дәрістің мазмұны ерекшеленіп, логикалық дербестігі болу керек.

    Жоғары мектеп тәжірибесінде дәрістердің бірнеше түрі қалыптасқан: кіріспе дәріс, дәріс-ақпарат, дәріс-шолу, проблемалық дәріс, визуалды дәріс, бинарлық дәріс, алдын ала жоспарланған қателіктері бар дәріс, дәріс-конференция, дәріс-кеңес т.б..

    Әңгіме – педагогикалық қызмет барысында, оның қатысушыларымен қарым-қатынаста, қызметтің кәсіби саласында тұтынушы, қатысушы, консультант рөлін игергенде кездесетін жағдайларды, оқиғаларды және белгілі бір имандылық ұғымдар сараптамасымен байланыстырып түсіндіру. Әңгімеленген жағдайларға студент бойында жағымды және жағымсыз қатынасын тудыру үшін, оқытушы материалды эмоционал ды түсіндіріп қана қоймай, болашақ ұстаздарды айтылған ақпараттың мазмұнын талқылап, бағалай білуге үйретуі қажет.

    Түсіндіру – жеке тұлғаның бойында белгілі бір қасиеттерді қалыптастыру, қажетті мінез-құлықты бекіту, белгілі бір әрекетке дұрыс қатынасын түзу мақсатында эмоционалды түрде, әсерлі сөзбен мәліметтеу әдісі.

    Этикалық әңгімелесу – кәсіби қызмет саласында әртүрлі рөлдерін игеруге, оның субъектілерімен қарым-қатынас үлгісін құруға, өзін болашақ ұстаз ретінде танып білуге, білімдерін адамгершілік ұғымдарын нақтылап, тереңдету мен деонтологиялық даярлыққа сәйкес көзқарастар мен нанымдар жүйесін қалыптастыру, әртүрлі жағдаяттарды сараптап, талқылауға сұрақ-жауап арқылы тарту әдісі.

    Ерекше тәрбиелік жағдаятты сараптау – кәсіби қызмет барысында кездесетін күтпеген жағдайлар, моральды қарама-қайшылықтардың алдын алу жолдарын сараптау мен көрсету әдістері.

    Диспут – студенттерді пікірталас жүргізуге, өздерінің көзқарастарын қорғауға, басқа адамдарды нандыруға, теріс түсініктер мен анықтамалардың түзілуіне қарсы күрес жүргізуге үйрететін әдіс. Диспуттар қоршаған ортадағы, сонымен қатар кәсіби саладағы құбылыстарды сапалы сынай білуге үйретеді.

    Өзара ағарту әдісі – деонтологиялық дайярлыққа сәйкесті білімдерін, көзқарастарын, нанымдарын басқа адамдарға насихаттауды мұқтаж ететіндей педагог пен студенттің қарым қатынасын сипаттайтын әдіс.

    Студенттердің деонтологиялық даярлығына сәйкес іс әрекеттерін шындауға қажетті арнайы педагогикалық әдістерді (жаттығулар, педагогикалық талап, тапсырма, үлгі, өзіндік бағдарлау, өзіндік сараптама, өзіндік бақылау, т.б. ) қолданған жөн.

    Жаттығу – талапқа сәйкес мінез-құлық әрекеттері мен жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында арнайы қызмет түрін бірнеше мәрте саналы түрде қайталап жасау.

    Педагогикалық талап – студенттің ұтымды жеке тұлғалық қасиеттеріне әсер ету үшін оқытушы оның санасына кәсіптік тәртіпті қамтитын, мінез-құлық, жүріс-тұрысты реттейтін қатаң ұсыныс түрде кейбір педагогикалық талаптарды сақтауды ұсынады. Кейде сол талаптар жағымсыз әрекеттердің алдын алуға, тоқтатуға немесе әлсіретуге жол ашады.

    Тапсырма беру – студенттерді жағымды әрекеттер жасауға үйрете отырып, деонтологиялық сипатқа қажетті жеке тұлғалық қасиеттерін дамытатын тапсырмаларды орындауды қажет ететін тәрбиелеу әдісі.

    Үлгі көрсету әдісі – сананы тәрбиелеудің нақты бір жолына еліктету. Бұл әдіс соған негізделген. Ұтымды мінез-құлық және қызмет ету үлгілерінің көмегімен студенттің деонтологиялық санасын қалыптастырудың әдісі. Еліктеу арнайы емес ұқсаудан арнайы ұқсауға өтуімен, мінез-құлқының өзіндік бағытын қалыптастыру үшін үлгінің көшірмесін қолданумен, рөлдік ойында өмір сүруге ұқсап бағумен, сыртқы ұқсап бағудан ішкі ұқсап бағумен жүреді. Студенттерге оқытушының өзі, сонымен қатар белгілі ғалымдар, педагогтар, телехабарға, теледидардағы жарыстарға және олимпиадаға қатысушылар үлгі бола алады.

    Өзін-өзі бақылау – өзінің ішкі жан дүниесіне үңіле қарап, өзін-өзі танып білуге жетелейтін әдіс. Педагогикалық қызметті орындау мен ұйымдастыру, оған қатысушылармен қарым-қатынас кезінде өзін болашақ педагог ретінде тану, әртүрлі рөлдерді игеру барысында өзінің жеке тұлғалық қасиеттеріне сыни тұрғыда мән беріп, өзінің өзгеруін, психикалық үдерістерінің мазмұнын, өзінің ішкі дүниесін жалпы көрінісіне мән беруге үйрететін әдіс. Бұл әдістің нәтижелері педагогқа студенттің жекелік мағынасы мен субъективті шындығын түсінуге мүмкіншілік жасайды.

    Өзіндік сараптама – жеке тұлғалық даму жоспарына, әлеуметтік талаптарға сәйкес болашақ ұстаздардың саналы өзгеруіне өздерін ұмтылдыратын әдіс. Бұл әдісті қолдану студенттен өзінің мінез-құлқын сынап, оны белгілі бір құндылықтармен салыстыруды талап етеді. Егер өзіндік бақылау – болып жатқан құбылысты бақылау болса, өзіндік сараптама – құбылыстарды бағалау және өзгерістердің себебін анықтау үдерісі.

    Студенттердің көңіл-күйі мен ерік-жігерін реттеу мақсатында ұтымды қызметке ынталандыру әдістерін (марапаттау, жазалау) қолдану тиімді.

    Сонымен осыған дейін болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың әдістері қысқаша сипатталды, енді үдерісті ұйымдастыру түрлеріне көңіл аударайық:

    - педагогикалық қызметтің қандай да бір түрін орындаушылардың саны бойынша: жеке, жұптық, топтық, ұжымдық;

    - болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастыруға арналған оқыту түрлері бойынша: студенттің оқытушымен өзіндік жұмысы, тәжірибелік және зертханалық сабақтар, дәрістер, курстық және дипломдық жұмыстар, кәсіби практика;

    -сабақтан тыс ұйымдастырылатын іс-шаралар түрлері: педагогикалық деонтология тақырыптары бойынша пікірталастар мен дискуссиялар, студенттердің, мектепке дейінгі оқу орындарының тәрбиешілері мен студенттері, жалпы орта мектеп мұғалімдерінің шығармашылық топтарының жұмыстары, газеттер шығару, ғалымдардың қатысуымен педагогикалық деонтология тақырыптарына арналған дөңгелек үстелдер, әртүрлі деңгейдегі конференциялар, Интернет-конференциялар, педагогтардың кәсіби парызын атқарумен байланысты мәселелер бойынша ғылыми журналдардағы басылымдарды талқылау, педагогикалық деонтология мәселелерімен айналысатын ғалымдар еңбектерінің, кітаптардың, сәйкес тақырыптар бойынша жасалынған студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерінің көрмесі, педагогикалық деонтология тақырыбы бойынша кураторлық сағаттар, ауызша журналдар және т.б.

    Болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастыруды ұйымдастырудың мұндай түрлері жоғарыда жазылған ұстанымдар талабына сәйкес және оның құралдары мен әдістерін ұштастыра отырып жүргізгенде ғана тиімді. Әйтпесе, оларды қолдану формальды түрде, кездейсоқ болып, студенттердің санасы мен сезіміне ойдағыдай әсер етпесе, тіпті жағымсыз жағдай тудыра жүруі де мүмкін.

    Педагогикалық мамандық студенттерінің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда мына құралдарды қолданған жөн:

    - оқудың мәтіндік құралдары (оқулықтар, оқу құралдары, сөздіктер, анықтамалар, энциклопедиялар, ғылыми-әдістемелік журналдар, т.б.);

    - визуалды, көрнекі (муляждар, модельдер, карталар, кестелер, диаграммалар, сызбалар, құрал-жабдықтар, оқу коллекциялары, диапозитивтер, диапроекторлар т.б.);

    - аудиалды, дыбысты (дыбысжазушы және дыбысшығарушы аппаратура, т.б.);

    - аудиовизуалды (видеожазбалар, кинофильмдер, телехабарлар, бейне- және телевизиондық аппаратура т.б.);

    - автоматтық (компьютерлік техника, қолданбалы бағдарламалардың жиынтығы, т.б.);

    - іс-әрекет түрлері (оқыту, қарым-қатынас, іскерлік ойын, еңбек т.б.).

    Болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың әртүрлі құралдарын қолданудың артықшылығы олардың көмегімен біртұтас қызметтік ортаны жасаумен, сонымен қатар әрбір студентке өзінің мінез-құлқын саналы түрде таңдаған мамандығына сәйкестендіруге ынталандыруға көмекші екенінде.

    Зерттелетін даярлықты қалыптастырудың теориялық негіздерін ашып көрсетуде педагогикалық шарттар анықтамасына да ерекше көңіл бөлу қажет екеніне, көптеген ғалымдар (Л.С.Выготский [73], А.Н.Леонтьев [74], С.Л.Рубинштейн және басқалар) [75] сананы жалпы белгілі түсініктер мен категорияларды түсіну арқылы қоршаған ортаны танып-білдіру арқылы тәрбиелеу, кәсіби, шығармашылық ойлауды дамыту, белгілі бір білімдерді, дағдыларды игертіп, тәжірибелік қызметте қолдануға көңіл бөлу керек екенін дәлелдеген. Өйткені парыз сезімі - деонтологиялық сананың туындысы.

    Деонтологиялық сана - өзіндік ойлау, кез-келген іске шығармашылықпен қарау, жалпы адамзаттық құндылықтарды түсіне білу, қарама-қайшылықтарды жоюда болжамдар құра білу, білімге деген белсенді құштарлықпен оны сауатты игеру мүмкінділігімен сипатталатын тұлғаның интеллектуалдық мәдениетін қамсыздандырады, кез келген міндетіне парыздық сезім тудырады.

    Студенттердің деонтологиялық санасын тәрбиелеу, қажетті, белгілі бір іскерлікті, қабілеттер мен қасиеттерді игертіп, оларды тәжірибе жүзінде қолдану мақсатында «Педагогикалық деонтология негіздері», «Сабақта психологиялық комфортты жасау әдістері» және т.б. арнайы курстарды ендіру қажет. «Педагогикалық деонтология негіздері» арнайы курсын (3- кестеде) болашақ ұстаздардың өзінің кәсіби парызын саналы орындауға тәрбиелеу мақсатында бірінші курстан бастап оқыту қажет.

    3 - кесте «Педагогикалық деонтология негіздері» арнайы курсының тақырыптық жоспары



    р/с


    Тақырып атауы

    Сағат саны

    Дәріс

    Тәжір.сабақ

    СӨЖ

    1

    Педагогикалық деонтология ғылым ретінде

    3

    3

    6

    2

    Ұстаздың кәсіби мінез-құлқының, жүріс тұрысының этикалық, деонтологиялық нормалары

    7

    7

    12

    3

    Ұстаздың жеке тұлғасының қалыптасуында кәсіби-тұлғалық дамуы мен өзіндік жетілуі

    5

    5

    12

    Барлығы:

    15

    15

    30

    1 тақырып: Педагогикалық деонтология ғылым ретінде

    «Педагогикалық деонтология» ұғымының генезисі. Педагогикалық деонтологияның пайда болуының алғышарттары. Педагогикалық деонтология ғылым ретінде. Педагогикалық деонтологияның объекті мен пәні. Педагогикалық деонтологияның міндеттері. Деонтологиялық ғылыми зерттеулердің әдістері. Педагогикалық деонтологияның басқа ғылымдармен сабақтастығы. Педагогикалық деонтологияның негізгі категориялары. Білім беру орындарындағы оқу-тәрбие үдерісінде педагогикалық деонтологияның негізгі идеяларын қолданудың әлеуметтік-маңызды нәтижелері.

    2 тақырып: Ұстаздың кәсіби мінез-құлқының, жүріс-тұрысының этикалық, деонтологиялық нормалары.

    Педагогикалық этика, мораль, құқық және педагогикалық деонтология арасындағы байланыс. Біліктілігі әртүрлі деңгейдегі педагогтардың лауазымдық міндеттері. Педагогикалық деонтологияның талаптары мұғалімнің кәсіби еңбегінің саласындағы рухани санасы, рухани қызметі мен рухани қатынасы ретінде. Педагогтың деонтологиялық кодексі. «Оқытушы-болашақ ұстаз», «болашақ ұстаз-болашақ ұстаз», «болашақ ұстаз-мектеп оқушысы (мектепке дейінгі жастағы бала)», «болашақ ұстаз-мектеп мұғалімі (тәрбиеші)» жүйелеріндегі болашақ ұстаздың деонтологиялық мінез-құлқының ережелері мен қағидалары. Болашақ ұстаздың анты.

    3 тақырып: Ұстаздың жеке тұлғасының қалыптасуында кәсіби-тұлғалық дамуы мен өзіндік жетілуі.

    Студенттің жоғары оқу орнында және болашақ қызмет аясында тұлғалық және кәсіби өзіндік даму мен өзіндік жетілуі оның деонтологиялық санасын тәрбиелеу және өзінің белсенді тұлғалық позициясына тәуелді.

    Ұстаздың кәсіби қызметінің деонтологиялық аспектілері күрделі және көпжақты, олардың өзара сабақтастығы әлеуметтік-психологиялық факторлармен түсіндіріледі.

    Ұстаздың адамгершілігі, саналығы «Зиян келтірме!» ұстанымына негізделіп, алдына келген шәкірттің жан саулығы мен денсаулығын сақтай отырып, оның тұлғасының табиғатына, болмысына үйлесімді дамуын қамсыздандыруда көрініс табады.

    Ұстаздың педагогикалық шеберлігі мен деонтологиялық даярлығының көзге түсер көрсеткіші болатын оқушының денсаулығы мен жан саулығының күйінің өзгерісін анықтайтын индикаторлар жоқ. Бірақ сананың рационалды және иррационалды байланыс теориясынан алынған, соның салдары болып саналатын белгілер бар:



    • оқушылар білімінің сапасы;

    • танып білу үдерісіндегі оқушылардың белсенділігі;

    • жалпы даму деңгейінің күйі: мінезінің ашықтығы, ойларын дұрыс айта білуі, қарым-қатынас мәдениеті және т.б.;

    • оқушылардың өмірге деген ризашылығының, ақылдылығының, тапқырлығының асуы;

    • өзін-өзі бағалай, бақылай білуі, соның дағдыларын игеруі;

    • оқушылардың жан саулығы мен денсаулығын сақтай отырып, қоғам өміріне белсенді қатысуы, шығармашылық еңбекке даярлығы.

    Мектеп – мемлекет тiршiлiгiнiң айнасы, әртүрлi әлеуметтiк өзгерiстердiң бастапқы түйiнi. Сондықтан жаңа дәуiр талаптарына сай ұрпақ тәрбиелеу үшiн мектептiң болмысына жаңаша көзқарас қажет. Бiздiң пайымдауымыз бойынша, ұрпақты ынжық, ұрысқақ, жасық, жалқау, денсаулығы нашар қылмай – жаны сау, денi таза, еңбекқор, өзiнiң iшкi ресурстарын жаңа жағдайға бейiмдеуге дайын, жаңалыққа реакциясы жылдам, шеберлiк және iскерлiк қасиеттерi дамыған тұлға қылып қалыптастыру үшiн тәлiм-тәрбие үрдiсiн психологиялық тұрғыдан қамсыздандыру дидактикалық ұстанымдар қатарынан өз орнын алу керек. Психологиялық қамсыздандыру ұстанымының деонтологиялық ұстанымдарымен әбден үндестігі оның оқушының психикалық дамуына зиян келтiрмей әсер етуiнде жатыр. Бұл ұстанымдарды бұзу оқушының тұлғалық мүмкiншiлiктерiнiң дамуына кедергi жасаумен қатар психосоматикалық аурулардың пайда болуына негiз болады. Оған дәлел біздің зерттеуімізден басқа А. А. Дубровскийдің «Открытое письмо врача учителю», И. П. Брязгуновтың «Беседы о здоровье школьников», В. С. Ротенберг пен С. М. Бондаренконың «Мозг. Обучение. Здоровье» т.б. ғылыми зерттеулері.

    Ұлы ойшыл Әл-Фарабидiң төмендегi пiкiрi бойынша: “Жан мен тән бiрге дамиды, тәнсiз жан жоқ, жан - тәннiң тiрлiк қасиетi, адамда қатарынан екi жан болмайды, адамның тәнi де жаны да өткiншi, уақытша. Тән жанның дамуына, оның бiртiндеп қалыптасып, жетiлуiне әсер етiп отырады. Жанның дамуы үшiн тәннiң саулығы қажет. Тән саулығы жоқ жерде жан саулығы да жоқ”[125].

    Дана философтың осы айтқан ойларынан шыққан «Жан саулығы жоқ жерде, тән саулығы да жоқ» деген пiкiр бүгiнгi мектептiң өзектi мәселесiне әкелiп тiрейдi. Соңғы зерттеу көрсеткіштері бойынша оқушылардың 60% созылмалы ауруға ұшырағаны, бұл аурулардың көбі психосоматикалық түрдегі болуы және бұл құбылыстың өсу тенденциясы «балалардың тән саулығының осалдығы жан саулығының тапшылығынан» деген ұйғарымды тудыруға негіз болды.

    Психологиялық комфорт - оқушының денсаулығына, жан саулығына зиян келтірмей әсер етудің кепілі.

    Бұған дәлел бола алатын мектеп өмірінде жиі кездесетін келеңсіз жанға жайсыз жағдай көріністердің мысалдары мол. Психологиялық дискомфортта өмiр сүру балаларды:



    • психосоматикалық сырқаттарға әкелiп соғатын белді фактор;

    • ынжық, ұрысқақ, жасық, жалқау болуына себепші;

    • туберкулездiң кең тарауына, нашақорлық пен маскүнемдiк мәселелерiнiң күннен күнге нығайуына жол ашар амалы;

    • психикалық шыдамдылығын төмендетіп, интеллектуалдық мүмкiндiктерiн азайтып, эмоционалдық топастыққа ұшырататын айғақ деп анықтадық.

    Осыған орай Әл-Фараби атындағы Ќазаќ ¦лттыќ университетінің психологтарының зерттеулерінен келтірілген мәліметтер (5-6 сынып оқушыларының 6-26 % ойдағыдай бағаларын ала алмаған салдарынан өзін-өзі мерт қылу ойына шалдыққан, т.б.) бүгінгі мектептің денсаулық сақтау аясындағы теріс әсерін білдіреді.

    Біздің тәжірибелік-эксперименттік жұмыс барысында алынған (6-11 сыныптарынан 182 оқушы) сауалнамаларға жауаптарынан мектептің денсаулыққа әсері туралы оқушылардың пікірлері 4 - кестеде келтірілген.

    4 кесте – Мектептің денсаулыққа әсері туралы оқушылардың пікірлері


    Сұрақтар

    “Иә”,%

    “Жоқ”,%

    Мектептің денсаулықты нығайтушы әсеріне сенесің бе?

    5,3

    88,7

    Мектеп денсаулығыңа зиян келтіреді деп ойлайсың ба?

    67

    12,3

    Мектепке шын көңіліңмен, қуана-қуана барасың ба?

    23

    65,4

    Балалық шақты бақытты “балдай тәттi” кез деуге бола ма?

    8,1

    52

    Жоғары сынып үздiк оқушысы Дәулеттің 4 - кестеде келтірілген соңғы сұраққа жауабынан үзiндi: «Қайдан бақытты балалық шақ!?» (дауысынан жан жарасы сезiндi).


    «Түске дейiн мектептегi үстемдiк қарым-қатынас әсерi, түстен кейiн – барлық пәндерден үйге берген ұшаң-теңiз тапсырмалар жүгi бойыңды қара басып тұрғаны… Ал кешке ата-аналар да өздерiнiң толып жатқан талаптарын дәл мектептегi сияқты үстемдiк әсермен бiлдiредi. Осылай өтiп жатқан құйынды да, қиын күндер! Оған кiм «балдай тәттi балалық шақ» деп ат қойды екен!?»

    Балалардың осылай ашынған ащы үндерiн естiгенде бақытты балалық шақты ұрлағанның бiрi өзiңдей болып, қатты қиналасың.

    Дәулеттің жауабы үстемдiк, авторитарлы қарым-қатынастың дискомфортты әсерiн көрсетедi.

    «Бақытты балалық шақ!» – бұл әрине көп мәндi ұғым, бiрақ оның белгiлерiн қорытынды түрiнде былай көрсетуге болады:



    • бiрiншiден, материалдық қамтамасыздық;

    • екiншiден, жаңалық ашу мен табыстың қуанышты әсерiне бөленген, өз шамасына сай, жетiстiктi танып-бiлу еңбегi;

    • үшiншiден, үнемi сүйспеншiлiкпен, мейрiмдiлiкпен қарым-қатынас құратын, сүйкiмдi адамдар ортасы.

    Мұндай жағдай балалардың психологиялық тұрғыдан азат болуына сеп болады. Яғни баланың жан дүниесiнiң шеңберi кеңейiп, бойына жiгер, тапқырлық, сөз тапқыштық, көтерiңкi көңiл-күй ұялап, бiлiм, iскерлiк және дағдының талай табысына физиологиялық күш құрбандығысыз жетуге, жан-жақты дамуына мүмкiндiк туады.

    Қиын ештеңе жоқ сияқты: үлкендер баланың iшкi әлемiн түсiнiп, өздерiнiң педагогикалық iс-әрекеттерiнiң түпкi мақсатын сезiнiп, оған педагогикалық деонтологияның барлық ұстанымдарына сүйенген «қарым-қатынас → оқыту → өмiр тiршiлiгi» арқылы жетуге ынталануы талап етiледi. Ол үшiн баланы қоршаған ересектердiң педагогика, психология, этика, деонтология ғылымдары бойынша сауаттылығы болуы қажет. Ал қазiргi кезде мұғалiмдердiң педагогикалық, психологиялық бiлiмдерi шала сауат деңгейінде, ал ата-аналардың бұл саладағы сауаттылығын «жоқ» деуге болады (орта мәнде).

    Мектеп оқушысының денсаулығына қатысты ғылыми еңбектерге жасалған талдауымыз бойынша төмендегiдей бағыттар байқалды:


    • оқушының денсаулығына оқу және оқыту әрекеттерiнiң сипаты мен әдiс-тәсiлдер жүйесiнiң әсерi (В.С. Ротенберг, С.М. Бондаренко, С.М. Мартынов, А. А. Дубровский, Ѓ.М.Кертаева);

    • баланың денсаулығына қарым-қатынас аясының әсерi (Г.А. Жук, В.И. Кожокарь, И. В. Слюгарь);

    • жеке тұлғаның дене жетiлу процесiнде адамның санасы мен мiнез құлқының үйлесiмдi бiрлiкте болу проблемасы (Ш. А. Амонашвили, В. А. Сухомлинский, Роберт Т. Байярд, Джин Байярд, т.б.);

    • мектеп оқушыларының, жұртшылықтың салауатты өмiр сүруiнiң және денсаулығын қорғаудың педагогикалық, психологиялық, медициналық негiзi (Ю. П. Азаров, В. Кумарин, И. П. Брязгунов, т.б.);

    • баланың денсаулығына экологияның әсері (В.Б. Стрельцова, А.А. Дубровский, т.б).

    Бiрақ мектеп оқушысының денсаулығының ақауларының мұғалiмнiң деонтологиялық даярлығына тәуелдiлігіне ғылыми тұрғыдан көп көңiл бөлiнбегенi белгiлi.

    Бүгiнгi мектеп оқушысының денсаулығына көңiл бөлсек, арнайы өткiзiлген зерттеулер көрсеткiшi бойынша (Ю.П. Азаров, Т.И. Шамова, И.П. Брязгунов, Т. М. Давыденко, А. А. Дубровский және т.б.) 1сыныпқа қабылданған оқушылардың 70–80% денi сауы болса, 11сынып оқушыларының денсаулығы 0% жуық. Сонда бала денсаулығына керi әсер етушi мектеп болғаны ма?

    Қорыта келе, мектепте оқушылардың денсаулығына керi әсер етушi төмендегідей факторларды айқындадық:


    • оқу процесiнде сабақтағы психологиялық микроклиматқа дерлiктей көңiл бөлiнбеуi, яғни психологиялық комфорттың тапшылығы;

    • оқушылардың оқулық және басқа жүктемелiктерінің өте жоғары деңгейде болуы;

    • мұғалiмнiң оқушының мүмкiндiгiне сәйкес келмейтiн талаптармен балаларды жан қысылуына жиi ұшыратуы;

    • оқушылардың iс-әрекеттерiнiң бағасы – оларды көбіне бiр-бiрiмен үлгерiм көрсеткiштерi бойынша салыстыруға негiзделгенi;

    • мектеп бағдарламасы бойынша қолданылатын оқулықтардағы толып жатқан олқылықтар;

    мектептегi денсаулықты жақсартатын шаралардың босаң ұйымдастырылуы және жалпы бiлiм беру үдерiсiнiң ұйымдастырылуындағы кемшіліктер т.б.

    Жоғарыда келтiрiлген оқыту үдерісінің мазмұны мен ұйымдастыруындағы олқылықтар мектептiң жұмыс iстеу жағдайларындағы төмендегiдей факторлармен түсiндiрiледi:



    • ұстаздардың оқушы денсаулығын сақтауға, шынықтыруға бейiмделмеуi, оны кәсіби парызы деп санамауы;

    • ұстаздардың толып жатқан денсаулық сақтау технологияларын кеңінен қолдануға мұқтажданбауы;

    • мектеп мұғалiмiнiң валеологиялық мәдениетiнiң деңгейi төмен болуы;

    • медицина қызметкерлерiнiң оқыту процесiн ұйымдастыруға жеткiлiктi көңiл бөлмеуi;

    • оқушылардың денсаулығына қатысты көрсеткіштерге жалпы мектеп сипаттамасында мән берілмеуі;

    • мектепке спорт, дене шынықтыру жұмыстарын толық қамтитындай қаржы-қаражат бөлiнбеуi т.б.

    Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi – тәлім тәрбие беру мекемелерінде педагогикалық деонтологияның «Оқушының (тәрбиеленушінің) денсаулығына, жан саулығына зиян келтірмей әсер ету» ұстанымының ескерiлмеуi.

    Баланың денсаулығына керi әсер ететiн бұдан басқа да факторлар әрине көп: экология, дұрыс тамақтанбау, гиподинамия, тұқым қуалаушылық, зиянды дағдылар, т.б. Бірақ соның iшiнде ең басымы психосоматикалық сырқаттарға әкелiп соғатын фактор – жанға жайсыз жағдайда өмiр сүру. Дәрiгерлер мұны организмге салмақ түсiретiн қорқыныш, жек көру, дәйексiздiк, әртүрлi кикiлжiңдер сияқты керi эмоциялық күштер арқылы түсiндiредi. Медицина тұрғысынан қарастырғанда адам ағзасының әлсiреуiне жол ашатын жағдайлар: тоңу, ашығу, жан қысылуы (қайғыру, қорқу, ренжу, т.с.с.). Ал ағза әлсiреген кезде адамның төңірегінде, тiптi ауыз-мұрнының iшiндегi толып жатқан ауру қоздырғыш микробтардың ең әлдiлерi iске кiрiсе бастап, түрлi кеселге ұшыратады. Бүгiнгi күнде жанға жайсыз жағдайда, жандары қысылып жүрген балалар саны шексiз!

    Ғалым-ұстаз Құдайқұлов М.Ә. «Жаңаша ойлай білсең ғана – ұстазсың” атты «Егемен Қазақстан» газетіндегі (02.07.02) мақаласында «Осы уақытқа дейін тағы бір ескерілмей келген мәселе – оқушылардың қорғансыз халі: мектепте де, үйде де олардың ойын тыңдап, жан сезімін түсініп, сырласар адам таппауы; үлкендердің ұрсып, жекіп сөйлесуі; қызығушылық ықыласын не ыза-кегін айтып «ішін босататын» ұйым не мекеменің болмауы; ата-аналардың зорлық-зомбылығы мен әділетсіздігі; тәртіп сақтаушылардың ұрып, қорқытуы... Мұның салдарынан балалар өз үйінен, мектептен қашып, қаңғыбастыққа салынады»[120]. Осы жәйттерді ескеріп, біздер, «зиян келтірмей, жәрдемдесу» қағидасына сүйенетін «педагогикалық деонтология» (медициналық, биологиялық деонтология сияқты) деген жаңа ғылымды дамытуды мақсат етіп, талдау-зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз.

    Біздің зерттеулеріміз бойынша, (212 оқушының сауалнамасынан) оқушыларға мұғалімдердің несі ұнамайды деген сұраққа жауаптарынан үзінді келтірейік: «ұрысқақтығы», «жаман сөздермен балағаттаулары», «қол жұмсауы», «оқушыны менсінбеуі», «мазақтағаны», «жөнді сұрақ қоя білмейтіндігі», «өзіне ұнаған баламен ғана жұмыс істейтіндігі», «тәртіпке баға қоятындығы», «тәртіпсіздігі», «көрінгенге завучке шағым жасағандығы», т.б.

    Осындай мәлiметтердi қорыта келiп, мектептердегi жалпы психологиялық жағдайды елестетуге болады. Оқушылардың көңіл күйінің жайдарлы болмауының себептерi бiрнешеу: мұғалiмнiң қарым-қатынас жасау үлгісінің жанға жайсыздығы, оқушылардың сабақта «сұрайды-сұрамайды» деп қысылып-қымтырылуы, ұстазына деген iшкi өкпе-ренiштiң салмағы, үлкендердiң үстемдiктi қарым-қатынасы, әдiлетсiздiк қылықтары, оқушылардың өзара келіспеушілігі, т.с.с.

    Осының бәрiн болдырмаудың бiр жолы – мұғалiмнiң арнайы деонтологиялық даярлығын қажеттi деңгейге көтеріп, сапалы iске асыру; оның оқушы денсаулығына, жалпы даму деңгейiне деген құштарлығын кәсiби мораль аспектiсi тұрғысынан ынталандыру және мұны оқушы үлгерiмiне әсер ететiн фактор ретiнде бiлдiру.

    Деонтологияның “Зиян келтiрме!” ұстанымын назарынан тыс қалтырмай қарым-қатынас қалыптастыратын ұстаз сабағында «кикiлжiңсiз күн көруге» қолы жеткен оқушы, табиғи күшiн құрбан етпей, сапалы бiлiм мен сауатты тәрбиеге ие болары күмән тудырмайды.

    Ойымызды топшылай келе, оқушының, тәрбиеленушінің денсаулығына, жан саулығына зиян келтірмей әсер ету үшін педагог:



    • психосоматикалық ауруларға тосқауыл таба білуі;

    • денсаулықты сақтауға, шыңдауға, нығайтуға әрекеттер жасай білуі;

    • валеологиялық сауаттылықты игеріп, іске қоса білуі;

    • өзінің тұлғалық қасиеттерін (тілектестік, эмпатиялық т.б.) талапқа сәйкестендіре білуі;

    • педагогикалық ұжымда әдептік қағидаларын мұқият сақтай білуі – ең басты қажеттіліктер.

    Осының бәріне көмектесетін, бала жанына, тәніне зиян келтірмей әсер етудің маңызды алғышартының бірі – тәлім-тәрбие үдерісінде психологиялық комфортты жағдай тудыру деонтологиялық даярлығы қалыптасқан мұғалімнің қолынан келеді. Психологиялық комфортты жағдай психологиялық түйіспені (контакт) қамсыздандырады, ал психологиялық түйіспе ұтымды психологиялық ахуалдың (атмосфера) болуына жол ашады. Енді осы психологиялық ұғымдарға тоқтала кетейік.

    Л. Т. Охитина «Психологические основы урока» деген еңбегінде «Сабақты өткізуде мұғалімнің өзін-өзі ұйымдастыруын және оқушылардың танымдық әрекетін ұтымды басқара алуын ерекше атап айтып кеткен жөн. Мұғалімнің өзін-өзі ұйымдастыруының психологиялық компоненттеріне оның шығармашылық көңіл-күйі мен оқушылармен психологиялық түйiспе орната білуі жатады [99]» дейді.

    Психологиялық түйіспе балалардың психикалық дамуындағы ауытқудың алдын алып, жүйке ауруларына тосқауыл қою арқылы, оқушылардың денсаулығын сақтау, нығайту және ұжымдағы психологиялық ахуалды (климатты) тұрақтандыру үшін қажет.

    Психологиялық түйіспе деген не? Оны қалай жүзеге асыру керек?

    «Үлкендер мен жеткіншектердің арасындағы қатынас мынадай жағдайларда сәтті дамиды: егер жеткіншектер үлкендердің әрекеттеріне шын ниетімен қолғабыс көрсетсе; егер үлкендер жеткіншектерге үлгі бола білсе; егер үлкен адам жеткіншекті өзінің ісіне қатыстырып, керекті ептілікке үйретсе, қиындықтармен күресуге көмектессе. Сонда барып үлкен мен жеткіншек «қатар» емес, «бірге» өмір сүреді. Бәлкім осындай түйіспені «психологиялық түйіспе» деп атауға болатын шығар?»[121].

    Мұғалімдер психологиялық түйіспені оқу-тәрбие процесін өткізуге мүмкіншілік беретін тұрақты психологиялық ахуал деп санайды; ал жоғары сынып оқушылары болса оны бір әсерлі сезім жылулығын тудыратын, көпшілік арасында сирек кездесетін жағдай дейді. Шындап келгенде, психологиялық ахуалды психологиялық түйіспемен теңестіруге болмайды, өйткені бұл - оның басты алғышарты.

    С. И. Ожеговтың сөздігінде «түйiспе» мен «психика» деген ұғымдарға төмендегідей түсіндірмелер беріледі: «түйiспе» деген іскерлікті қамтитын, келісілген тығыз байланыс; «психика» – объективті болмыстың адамның сана сезімінде сәулеленуімен болатын көңіл күйіндегі әсерленушілік[122]. Осы түсіндірмелерді қорытқанда, «психологиялық түйiспеге» мынадай анықтама беруге болады: ол адамдарды біріктіріп, өте жақындататын көңіл-күй әсерлену арқасында жоғары деңгейлі келісушілікке сәйкес іскерлікті қамтитын тығыз байланыс.

    Осындай түйіспе жасау үшін мұғалім балалардың әр жағдайдағы қылықтарын, жүріс-тұрысын дұрыс бағалай отырып, соған өзінің әрекеттерін, тұлғалық сипатын сәйкестендіруі қажет. Балалардың сыртқы көрінісінен, қимыл белгісінен ішкі жан дүниесін түсініп, ойындағысын сезіну үшін мұғалімнің ерекше қабілеті және бай тәжірибесі болу керек.

    Осы арада мынандай сұрақ туады: дұрыс болжау-бағалаудың өлшемі қандай? Жеке адамның сыртқы көріністерінен ішкі жан дүниесін дұрыс түсінгеніміздің кепілі неде? Әрине, айқын кепілдік беру оңай емес, бірақ соған ынталанған адамда «өзі білдіретін» бір сезім, қасиет болады. Оны түсіндіретін бір көне қытай ертегісінен үзіндіні келтіре кетейік: «Ескі достар Чанг-цзе және Гуй-цзе көпір үстінде тұрып суда ойнақтап жүрген балықтарға көздері түседі: «Қарашы, мына балықтардың қандай қуанып жүргенін», – дейді Чанг-цзе. «Балықтың ішіне кіріп шыққандай, сен олардың қуанышты күйде екенін қайдан білесің?», – дейді Гуй-цзе. «Мен оны өзімнің суда жүзгенде алатын ләззатымнан, рахатымнан білемін!” – деп Чанг-цзе жауап қайтарады.

    Бұл аңыздан қорытынды жасау қиын емес. Балалардың жан дүниесін дұрыс ұғу үшін, мұғалім:



    • біріншіден, өзін баланың орнына қойып, дәл осындай жағдайдағы өзінің көңіл-күйін еске түсіру керек, яғни эмпатиялық қасиетке ие болу керек;

    • екіншіден, өзінің сезім әлемін молайтып, байытып отыру керек;

    • үшіншіден, бала психологиясы туралы терең білімді игеруге, үнемі толықтыруға жалықпауы керек.

    Бельгиялық психологтар М. А. Роберт және Ф. Тильман «Психология индивида и группы» атты кітабында бұл туралы «Егер де қоршаған орта баланы дұрыс ұғатын болса, оның бойында әлеуметтік қажетсіну дамиды. Ол ашық жүзді, жайдары, альтруист болып өседі. Өзінің біреуге деген агрессиясын көрсетуге себеп таппайды.

    Егер де қоршаған ортадағы адамдар баланы жақсы көрмей, еркелетпей, қатал ұстаса, ол балада қоғамға қарсы агрессиялық көңіл пайда болып, соған сәйкес әрекетке айналады, әлеуметке қарсы сипаттағы қажетсінулер дамиды. Ондай бала тұйық, енжар, жасық болады, не өмір бақи жәбірлік көргендей тәуелсіздікті, бостандықты аңсаған, авантюризмдық нышанды бала болып өседі» дейді[100].

    Бірінші жағдай – психологиялық байланыс құрудың алғышарты, алдын ала жақсы жағдай болып саналады; екінші – психологиялық шиеленісуге, невроз ауруларына шалдықтырып, денсаулықтың нашарлауына себеп болады.

    Сондықтан әрбір ұстаз оқушының денсаулығына, жан саулығына “Зиян келтірме!” деген деонтологиялық ұстанымды естен шығармай, сабақ үстінде, сабақтан тыс уақытта психологиялық жанға жайлы жағдай жасауға тырысу керектігі – ең киелі ұстаздық парыз.

    В. В. Кан-Калик жаңашыл педагогтардың қарым-қатынасы туралы еңбегінде былай деп жазады: «В. Ф. Шаталов сабақтарында жанға жайлы, психологиялық комфортты қарым-қатынасты қалыптастырып, оқушыларға өздерін еркін ұстап, ойындағысын, бойындағысын айқын, ашық көрсетуге мүмкіншілік туғызады»[123].

    «Психологиялық комфортты жағдай» деген ұғымға тоқтала кетейік. Ғылымда бұл ұғымға тұрақты анықтама қалыптаспаған.

    «Комфорт» деген сөз көбіне физиологиялық жайлы жағдайды сипаттауда қолданылады. Психологиялық сөздікте: “Комфорт – қолайлы жағдайлар жиынтығы, яғни жұмыс орнын бағалауының параметрі, оның әр көрсеткіштерінің (физикалық ортаның, сенсорлық және қозғалтушы өрістердің, жұмыс қалпының т.б.) эргономиканың талаптарына сәйкестігін анықтаушы» – делінген. Мұндағы «Эргономика (грек) – еңбек саласындағы адамның функционалдық қабілеттерін зерттейтін ғылым. Қызметкердің жоғары өндірісті, сапалы еңбектенуі, оның соған сәйкес қабілеттерін дамытуға қажетті мүмкіншіліктер мен заңдылықтарды айқындап, солардың талаптары бойынша үйлесімді жағдай жасау»[124].

    Сөздіктен алынған анықтамаларды психологиялық тұрғыдан қарастырып, психологиялық комфорттың анықтамасын нақтылауға болады: жан тыныштығын, эмоционалдық еркіндікті қамыту арқасында баланың психикалық дамуына, танымдық қабілеттерінің дамуына жайлы ахуал туғызатын қолайлы жағдайлар жиынтығы.

    Осыдан психологиялық комфорт психологиялық түйіспенің құрылымды бөлігі бола отырып, сонымен қатар оның туындауына түрткі болатын қажетті шарт екеніне көз жеткіздік.

    Психологиялық түйіспе - ұжымда позитивті психологиялық ахуалды қалыптастырудың алғышарты.

    Осындай жанға жайлы жағдай жасау үшін мұғалім өзінің іс-әрекетін оқушының жас ерекшелігіне сәйкестендіріп, психологиялық тұрғыдан қамсыздандыруы қажет екені білінді.

    Мұғалімнің әрбір қадамы, әрбір сөзі, қолданған тәсілі оның еркіне тәуелсіз белгілі бір психологиялық мәнге толы және оқушылардың жүрегінде, жан дүниесінде соған сәйкес психологиялық резонанс тудырады. Сондықтан мұғалімге өзінің оқу-тәрбиелік әрекетіне психологиялық талдау, таразылау, таңдау жасау үшін қажет болатын жалпы мағлұматтар мен дағдыларды игеру өте маңызды.

    Ұстазға қажетті дағдылардың ең маңыздысы – психологиялық көрегендік. Оны дамыту үшін белгілі бір жағдайда оқушы қылығының динамикасын болжай біліп, жағымды жаққа өзгерте отырып, жағымсыз себептер мен әрекеттерден сақтап қалуға жағдай жасау шеберлігін меңгеруі қажет. Ал бұл үшін оқушының сыртқы көрінісі арқылы ішкі жан дүниесінен қажетті «хабар» ала білу қабілеті керек. Мысалы, психологтардың айтуы бойынша, «ішкі шиеленісушілікті психомоториканың бұзылуынан байқауға болады – дене қимылы тежеліп, басқару тетігі қысылады. Мұндай жағдайға түскен кісінің қимылдары өкпек, қисынсыз, орынсыз, болып жатқан жағдаятқа үйлеспей қалады.

    Ішкі жан қысылуын психологиялық өзгеруден байқауға болады: оқушы назарының көлемі тарылып, оның таралуы мен басқа жағдайға ауысуы қиындайды; ол амалдардың орындалу реті мен тәртібін ұмытып, жағдайды дұрыс бағалай алмайды, қорытынды шешімге келуі тежеледі.

    Мұндай жағдай вегетативтік жүйке жүйесінің жұмысы бұзылуына байланысты келесі өзгерістермен қатар жүреді: беттің түсі өзгереді (не қызарады, не қуқылданады), дем алуы қысылып, жүрек соғуы жиіленеді, қол, аяғы қалтырайды, денесінде аса тершеңдік пен аузында құрғақтылық пайда болады т.с.с.

    Жанға жайлы психологиялық жағдай оқушылардың шығармашылықпен қатар қиялдану процестерін арттырады. Танып-білу әрекеті жоғары қанағаттанушылық күйінде өтеді. Психологиялық комфортты жағдай оқушыны қарым-қатынастың елеулі өнегесінде тәрбиелеп, жаңа ақпаратты меңгеруге дайындығын көтере отырып, жаңа білімді игеруге сананың барлық саңылауларын ашады.

    Әрбір сабақта оңтайлы эмоциялық орта жасап, танымдық процесін дұрыс бағыттау үшін тереңінен ойластырылған психологиялық ықпал жүйесі қажет. Себебі сезімталдық оның барлық компоненттеріне әсер етеді: түйсігіне, ұғынуына, қиялына, жадысына және ойлауына.

    «…Танымдық сезімталдықтан басталады,.. бейімделу кезінде интеллектуалдық «үстемелеу» ғана емес, білімге деген өлшеу де өткізіледі. Пәндік мағлұматтарды сезіммен игеруі де қатар жүреді. Ал танымға жағымды сезімталдық қажет. Білім алу процесі жалын, қорғаныш және үміттің жылулық аурасын тарататын, қуанышты болуы қажет»[125].

    Санаға сіңген сезім сарыны жағымды немесе жағымсыз болады. Сезімталдықтың әсері ұғымдылыққа таратылады: көңілі көтеріңкі кісі үшін қоршаған ортаның бәрі көңілге жағымды болып көрінеді, оқу да, шешетін мәселе де, қоршаған адамдар да; ал ашуланған адам тек өзін ушықтандырып, жағымсыз нәрсені ғана байқай отырып, өзінің жайсыз жағдайын ұлғайта түседі.

    Міржақып Дулатов бұл туралы былай деген екен «… Жылқы біткен дүлдүл болмайды, құс біткен бұлбұл болмайды, адам баласы да солай. Жұрттың бәрі шешен, әнбоз, ақын, данышпан болып туа бермейді. «Күйсіз көңіл жүгірмейді» деген бар. Дүлдүлге де күй керек, бұлбұлға да жайлы орын көңілді бақша керек. Адам баласы бәрінен де артық күй таңдайды. Тумысында зеректік болса да, ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді»[126].

    Көтеріңкі көңіл-күй есте сақтау процесін арттыра түсіреді. Сезімталдықты жады арқылы бұрынғы бастан кешкен оқиғалар мен соған байланысты ақпарат та есте берік сақталады. Осыдан сезім күйі мен ойлау сапасы арасындағы белгілі бір заңдылықтар байқалады: психологиялық комфортты жағдай танымдық мәселелерді шешуге мүмкіндік туғызады. Ал психологиялық дискомфортты жағдай оның орындалуын тежейді. Мейірімді, көтеріңкі көңіл-күймен істеген жұмыс қыза түседі. Психологтардың байқауы бойынша, көтеріңкі көңіл-күй еңбек өнімділігін арттыратын құдіретті фактор болып табылады.

    Ұстаздың ең басты парызы – сабақта көңіл қанағаттанарлық жағдай, көтеріңкі көңіл-күй, жалпыға бірдей өзара сыйластық кеңістігін қалыптастыру.

    Мұндағы ең қажеттісі - педагогтың өзінің эмоциялық күйін басқара білуі. Адам жаны жайсыз жағдайға ұшырап, күйзелген кезде, себепті, не себепсіз ашу қысқан кезде жақсылық не басқа оң бағытталған ой-әрекеттерiн жасай ала ма, әрине, жоқ? Өзiнiң керi эмоциялық күйiн сыртқа шығару үшiн ол бiрдеменi лақтырып, сындырып, бүлдiрiп, бiреумен ұрысысып, жаңағы ызасын кез-келген көзiне түскен затқа, не кездескен адамға жұмсайды. Халықтың “битке өкпелеп тонын отқа салған”, не «ит ашуын тырнадан алады» деуi осы жағдайды сипаттайды. Кез келген керi эмоция әсерiндегi кiсiнiң әрекетi осындай. Ал қызғаныш, не көре алмаушылық сезiмiне толы адам басқаны қанауға дейiн барып маңайындағыларды шыдатпайды. Бұл эмоциялық күйлер жағымсыз деп аталады, яғни адамның өмiр сүру деңгейiн төмендететiн ерен күйзелтетін күш болып табылады. Деонтологияның “Зиян келтiрме!” ұстанымы адамның бойында өзi, не маңайындағы басқа адамдардың осындай күйге ұшыраған кезiнде асқан қырағылықтың болуын талап етедi. Әсiресе балалар, жасөспiрiмдер ортасында және олармен қарым-қатынаста. Ересектер көбiне бұл эмоциялық жүгенсiз кетулерiнiң балаға зияны жоқ деп қателеседi. Тiптi анда-санда ата-аналар арасында осындай аффект күйiнiң болуының өзi балалардың өмiр сүру деңгейiн төмендетiп, организмдерiн әлсiретедi. Әсiресе еске сақтайтын жай, балалар маңайындағы болып жатқан жүрiс-тұрыс мәнерiн тез игерiп, соның iшiндегi өте әсерлiсiн оңай қабылдайды. Әрбiр жастың өзiнiң сезiну ерекшелiгi бар, бұл оның бiтiм өзгешеліктеріне тәуелсiз. Кереғарлыққа көп душар болған балалардың психикалық шыдамдылығы төмендеп, интеллектуалдық мүмкiндiктерi азайып, эмоционалық топастыққа ұшырайды. Бұдан артық қандай зиян керек?!

    Кез келген кiсiнiң көңiл-күйiн бұзу - оп-оңай, қалпына келтiру - қиын. Мәселе бұл процестер мен адам көңіл-күйінiң физиологиялық тетiгiнде. Жағымсыз күйлер организмнің биохимиялық қорын «жейдi». Ал жағымды эмоциялық күйдi қайта қалыптастыру үшiн сол ысырап болған биохимиялық қордың орнын төлеу қажет… Бұл үшiн уақыт керек! Сол уақыт iшiнде басқа адамдарға ызалы наразылықты, ашуды жұқтырудың тiзбектi реакциясы жедел өтiп жатады…

    Жұғымсыз эмоциялық күйлердi агрессивтi күйлер деуге болады: олар бiр адамнан екiншiге оңай ауысып, көпке дейiн жоғалмайды. Сондықтан бiр кiсiнiң жұғымсыз күйi басқа кiсiлермен контактқа келген кезде тек қана оның iсi болып қалмайды. Бiр кiсiнiң басқа кiсiге қатысы оған ғана байланысты емес, яғни мiнез-құлық жеке тұлғалық iс деу – ағаттық.

    Егер адам физиологиялық аффект әсерiнде қылмыс жасаса, сот оны еске алғанымен, жауапкершiлiктен босатпайды. Сондықтан әр адам өзiнiң құқықтық және басқа жауапкершiлiк мөлшерiн бiлiп өзiнiң көңiл-күйiнiң көрiнiсiне жауапты болуы қажет. әсiресе, балалар ата-аналарының және жақын ересектердiң сырт көзге көрiнетiн және көрiнбейтiн жұғымсыз сезiмдерiне ұрыншақ. Жұғымсыз сезiмдермен өмiр сүрiп жүрген адам ертелi кештi соның керi әсерiне ұшырайды. Керi әсердiң көбi балаларының сәтсiздiктерiнен көрiнедi: не олардың денсаулығы жиi кездесетiн жүйке жүйесi күйзелуiне тап болып, не әлеуметтiк адаптациялары төмендеуiнен залал шегедi. Кiшiнің үлкенге деген көзқарасында сенбеушiлiк, өкпе, тағы сол сияқты керi әсерге жетелейтiн сезiмдер ұялайды.

    Өзiнiң эмоциялық күйлерi мен сезiмдерiнде жауапкершiлiктiң мөлшерiн сезiнген адам бiрнеше есе күшейедi: ол құлдықтан босайды, өз сана-сезiмiне өзi қожа бола алады. Даналық қасиеттер пайда бола бастайды, ал өзiнiң сезiмiн, көңiл-күйiн өзi басқара àлмайтын кiсiге даналық жұқпайды. Сезiмталдықты жүгендей бiлу сезiм әрекетiн жүдетпейдi, не оның азаюына да себепкер болмайды, ол керiсiнше, кез келген психологиялық қиыншылықтарды жеңуге жәрдемдес және сырттан келген жұғымсыз әсерден қорғаушы болады.

    Адамның жан-дүниесiнiң күйiне денсаулығы тәуелдi екенiн бiле тұра, дұрыс қарым-қатынас жолдарын iздеп, соларды игерiп, бойын соған бейiмдеуге тырысу, өзiнен кiшiге өнеге болу әрбiр кiсiнiң мiндетiне айналуы керек. Ал мұғалiмдер мен тәрбиешiлердiң бұл кәсіптік парызы, этикалық нормасы деп есептейміз.

    Бiрақ мектеп оқушысының денсаулығының ақауларының мұғалiмнiң деонтологиялық даярлығына тәуелдiлігіне ғылыми, әдістемелік, басшылық тұрғыдан көңiл бөлiнбеуі ағаттық.

    Психологиялық комфортты жағдай психологиялық түйіспені (контакт) қамсыздандырады, ал психологиялық түйіспе ұтымды психологиялық ахуалдың (атмосфера) болуына жол ашады. Ұтымды психологиялық ахуал:



    • оқушылардың шығармашылықпен қатар қиялдану процестерін арттыруға;

    • оқушыны қарым-қатынастың елеулі өнегесінде тәрбиелеуге;

    • жаңа ақпаратты меңгеруге дайындығын көтере отырып, жаңа білімді игеруге сананың барлық саңылауларын ашуға;

    • танып-білу әрекетін жоғары қанағаттанушылық күйінде өтуге;

    • есте сақтау процесін арттыруға;

    • оқу еңбегін өнімді, сапалы болуына жетелейтін құдыретті фактор болып табылады.

    Атап өтілген жағдайлардың салдарынан ұтымды психологиялық ахуал балалардың психикалық дамудағы ауытқудың алдын алып, жүйке ауруларына тосқауыл қою арқылы, денсаулығы мықты, бiлiмi сапалы, адамгершiлiгi мол жас ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады.


    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




    ©dereksiz.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет