Кәсібің қаламгер болғандықтан да, үнемі жүрек түкпіріне сақтап, алыстан қайырып, жаныңа жақын тартып, өзіңнің көңіліңнің жұбанышы үшін, өмірдің бар бояуымен асықпай бабымен жазармын-ау деп жүрген оқшау сырың болады



Дата16.06.2016
өлшемі51.55 Kb.
#139270
БЕРЕКЕ ИЕСІ

Кәсібің қаламгер болғандықтан да, үнемі жүрек түкпіріне сақтап, алыстан қайырып, жаныңа жақын тартып, өзіңнің көңіліңнің жұбанышы үшін, өмірдің бар бояуымен асықпай бабымен жазармын-ау деп жүрген оқшау сырың болады. Соның бірі достарың, соның ішінде бозбалалықтан тартып сақалың бозқырау тартқан шағыңа дейін қанжығаласып қатар ғұмыр кешкен курстатстарың. Бұл өзі таусылып бітпейтін сыр мен жырға толы, базына мен назға толы, еркелігі мен еркіндігі мол, ешқандай алаңы мен айласы жоқ, көңіліңе көлеңке жасырып қалмайтын қамсыз күндер мен сәттердің шапағатты жиынтығы. Ата сақалымыз ауызымызға түссе де әлі де бас қосып, шүйіркелесе қалсақ, құрдың ойнағындай құрқылдасып, екі езуіміз жиылмай, күлкіміз тиылмай, қалжыңымыз таусылмай, құмарымыз қанбай тарқасамыз. Ертеңінде кешегі күлкіден қарысқан жағымыз ашылмай, не айтқанымыз есімізге түспей, әйтеуір мәз күйімізде қайта хабарласып жатамыз.

Бірақ күнде кездесетін «күлтөбедегі кеңестің күні өткен», бәріміз де сол баяғы бір-бірімізге риза, бәріміз де сол баяғыдай бірі-бірімізді сағынған күйде, бәріміз де сол баяғыдай бір-біріміздің қосалқы аттарымызды атап, көрмегенге сәлем айтысып тарқасып жатамыз. Бұл дәстүрдің де өзгермегеніне тура қырық жылдан асып келеді. Сабақтастарымыздың арасында тағдырдың тырнағына ілінгендері болмаса, саяқ кетіп, салқын қабақ танытқандары жоқ, Сонау бір алпыс тоғызыншы жылы тамыз айында Қорғастың түбіндегі жүгері жинауға барғанда алғашқы басы қосылған кездегі ақжарма қалпымыз.

Бастапқыда курстағы елу бір адамның елуі ақын еді, қазір Асқар марқұм дүниеден қайтқаннан кейін екеуі ғана ұйқас іздеп басын қатырып жүр. Қалғанымыз бірінші курста, ерінбегеніміз отызға аяқ басқанда, Құнанбай атам айтқандай, мұндай «шайтандық машақаттан» ертерек құтылып алғамыз. Ал соның ішінде әлгі «шайтандық өнер» қонбаған, яғни, ақындықпен басын әу бастан ауыртпаған таза ақылдың иесі осы Намазәлі Омашев болды. Бірақ «қураған көк өрікке гүл бітіріп», қырғыздың айылындағы көзжақсы қыздары мен алма бағын есіне күніне ұш уақ алып, гитарасын сыңсытып әуенге қосатын еді.

Сомбреросын басына киіп, оның тамақ бауын иегінің астына іліп алып, «Көкөрікті, дегенде, көкөрікті, ойнамаған, күлмеген не көріпті» - деп сұңқылдата жөнелгенде, сол көк өріктің гүлдегенін былай қойғанда, өзін әлі көрмеген, «ойнаудан, күлуден» енді дәметіп жүрген Жанболат екеуміз сияқты шикіөкпелерге Намазәлі кәдімгі сақа, мәтқапысыз жігіт көрінетін. Кейін сол сақалығына лайық сақа сайладық, яғни, топтың ауылнайы болды. Біз де оның айналасына үйіріліп тұрдық, әлі де үйіріліп келеміз, шамамыз жетіп, шалдыққанша үйіріле беретін де шығармыз.

Өйткені сөз де, қалжың да, қонақтың реті де, тасқаяқтың бәсінің мөлшері де Намазәлінің ырқына бейімделеді. Кей-кезде ертедегі стипендия таратқан жомарт күндері еске түсіп кете ме, ойда-жоқта шүленсіп қоятыны да бар. Сондайда, Намазәлінің бойындағы бір қисынды мінезі шаң беріп қалады. Қанша айтқанмен пайғамбарымның ақ жолындағы салих сейіттің сарқыты емес пе, ұтпайтын немесе үнемі ұтылатын Несіпбек екеуміздің де қанжығамыз майланып, әлденені байланып қалатынымыз бар. Әттең тоны қысқа... Әйтпесе, қолынан келсе қонышынан басып, бізге жұмыс істетпей, Несіпбекке өлең, маған кітап жаздыртып қойып, үйде жатқызатын жомарттық мінез Намазәлі де бар. Сондайда, осы Намазәліні шынымен жақсы көріп, бір кезде ауылнай сайларда «оппозицияға» ілеспей, дауыс бергенімізді сүйініп еске алатынымыз бар.

Шынына көшсем, біз сол кезде курстың старостасын емес, курстың береке басын сайлаппыз. Өйткені сол күннен бастап біз стипендия, жатақхана, емтихан сияқты «қосалқы басы артық шаруалардан» құтылдық, тапсыруын біз тапсырғанмен, қалғанын үйлестіретін өзі. Кейде бір аптаға дейін стипендияны алуды «ұмытып» кетсек, ешкімнің қолына түсе бермейтін сары портфелін сүйретіп жүріп, соңыңнан қуып жүріп санап береді. Сондай-ақ, біздің өмірімізге кейіннен араласа бастаған той-томалақ, жиын-терін, жиым-терім, отыз, қырық, елу, алпыс дегенді есімізге алып, өзі ұйымдастырып, өзі өткізіп, өзі қарсы алып, өзі шығарып салып, өзі ауыртқан басты өзі жазып жүргені. Яғни, әу баста оғана жіліктің басын дұрыс ұстатқан екенбіз. Біздің бітіреріміз, Намазәліден патшаның пәрменіндей пәрменкелсе бітті, жемге үйірілген шымшықтай боп қазақ даласының әр түкпірінен шүпірлесе қаламыз.

Міне, сол біз ұстатқан тізгінді тура қырық жыл бойы қатты ұстап келеді. Сол тізгіннің ұшымен жалғасып журналистика факультетінің ноқта ағасы болды. Қайран Хайрекеңнің – қазақ журналистикасының «ақ бас бурасы» Хайыржан Бекхожиннің, тарлан Таукеңнің – Тауман Амандосовтың, темір Темкеңнің – Темірбек Қожакеевтің, абзал Әбекеңнің - Әбілфайыз Ыдырысовтың, әбілхаһаят бастауы Әбдул-Хамит ағамыздың, лебізді Ләфаңның – Ләтифа апайдың, тұрлаулы Тұрымтай апайдың орынын басып, тәлімін жалғастырды.

Соның арқасында біздің де берекеміз қашпай, қайта ұйып, кафедрамен байланысымыз үзілмеді. Қайта оралып, қайырылып келіп жүріп біраз курстастарымыз өзінің адал еңбегімен доцент, профессор, ал кейбіріміздің балаларымыз магистрант, аспирант, кандидат, бас редактор боп тәрбиеленіп шықты. Көлгірсімей-ақ қояйық, сол үрпекбастардың «еті де, сүйегі де» Намазәлінікі болды. Біз де ол жағына қамсыз жүрдік. Расында да неміз бар: «Бала өзіңдікі, не қылсаң да өзің біл? Аулақ жүр», - дейсің. «Ей! (Бұл араға кез-келгеніміздің аты-жөнімізді қоюға болады, мейлі менің-ақ атымды, не Несіпбектің атын қойыңыз) Мынауың аспирантураны бітіріп ап, дайын тұрған диссертациясын қорғамай газетке кетемін дейді. Құтыла алмай жүрген қу болса қуанар едім. Қайран еңбегім!», - дейді. «Еңбегің кетпес далаға...», - дейміз емеуірінмен.

Намазәлінің сол шәкірттері айдалаға кеткен жоқ, сол өзінің айналасына үйіріліп, қазақ баспасөзінің қолтығынан демеп жүр. Тіпті алысқа кеткені әр саладағы мекемелердің баспасөз жағының шылбырын ұстап отыр. Ендеше оның өкпелейтін, біздің қызаратын жөніміз жоқ. Бәрі де қалам ырысын қазақ елінің игілігіне жұмсап жатыр. Мен өз басым, курстың сақасы марқұм Айтмұқаштың Абайын тәрбиелеп, бауырына басып, бас бармақтай оқытушы етіп тәрбиелеп шыққанына қатты ризамын. Бұл жағына келгенде Намазәлінің бауырмалдығы шынайы. Өз бауырларын қалай жарылқап жатқанын білмеймін, біздің бауырларымыздың басынан сипалмай қалғаны жоқ. Оған жалғыз-ақ мысал келтірейін. Тура отыз бес жылдан бергі қазақ университетінің журналистика факультетін бітірген қазақ-орыс бөлімдерінің шәкірттерінің өзі орта есеппен алғанда үш мың адамнан асады екен. Солардың әр қайсысының сынақ кітапшасында Намазәлінің қолы бар.

Сондықтан да қазіргі ең жауынгері көп сөз сардарының бірі де осы Намазәлі. Оның төр мен төрағалыққа бойын үйреткені сондай, ректорлар мен министрлерден жоғары отырады. Тек, кей-кейде, біз менсінбейтін академиктер мен дәбірлерді өзінен жоғары шығарып, біз тағзым ететін академиктер мен ағаларды өзіне қызмет еткізіп қоятыны бар. Мысы басып тұрған адамға ол да жарасымды. Өзінің орынын білмейтін адам Намазәлі емес. Ол сыйлай да, сыйлата да алады. Яғни, оны біз де ебін тауып «жұмсаймыз», ол да «есебімен жұмсайды». Әйтпесе, кілең Асқар Егеубаев, Жүрсін Ерманов, Несіпбек Айтов, Жанболат Әуіпбаев, Есен Сафуани, Қосылған Әбжанов, Сәулебек Жәмкенов, Бақытжан Майтанов сияқты қазақ таныған көкжалдарды уысында ұстап отырудың өзіне де мыс пен пыс керек. Әр қайсысы бір-бір министрге кеудесін алдырмайтын шамшыл тарландар. Солардың барлығы да Намазәлінің алдынан кесіп өтпейді. Намазәлі де оларды шамдандырмай жалынан сипаудың амалын біледі. Оның басты құпиясы – қашанда достарының берекесінің басында жүреді. Бұл заманда бұл да әркімнің қолынан келе бермейтін қасиет. Бұл жолы асығыс қалам алып, бар жақсы сөзді кейінге қалдырып, курстың атынан едел-жедел білдірген пікірім осы болды.

Ал қазақ радиосының тарихы мен жанрын ғылыми ізге түсірген Намазәлінің еңбегі менсіз де әспетталып жатқан шығар. Ол заңды да. Менің ойымша, ұстаздардың ұстазы – профессор деген сөзден артық мақтау жоқ. Ал Намазәлі нағыз профессор. Мінез профессоры.

Міне, Намазәлінің «Арқаның ару қызы», курстасымыз Кларамен қол ұстасып Астанаға, Жәмкенов айтқандай, «қайындап келіп қалғанына да» жыл толып қалды. Ортамыз толып, біріміздің кезегіміз келіп, біріміздің кезегіміз келмей, кейіміз кергіге түсіп, мәре-сәре болып қалған жайымыз бар. Сарыарқаның ауасы жүрегіне дауа боп қонсын. Қалған тіршіліктің баянын тілеймін.

Тұрсын Жұртбай.


-

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет