Киiз туырлықты, ағаш уықты Қазақы бала бала емес, өзбекi мал мал емес деген мақал қазақтар мен өзбек сарттардың аралас-құралас отырған аймағында пайда болған, — деп түсiндiредi ғалым Ә.Қайдар. Ташкенттiң базарына базарлауға барған қазақтардың асты-үстiне түсiп қызмет iстейтiн өзбектiң жас балаларына риза болып қайтатын қазақтар, өз ауылдарына келiп олардай «пысық емес» балаларына риза болмай айтылған бұл мақалдың мәнi — қазақ балалары, аяғынан тiк тұрып базарлап барғандарды күтiп алатын, сауда-саттығына жәрдемдесiп, малының басын ұстап, қызмет көрсететiн өзбек балаларындай емес дегендi, ал өзбектен сатып алған тұрмыстық заттар бұйым сияғы жоқ, сапасы нашар дүниелер дегендi аңғартып, мақалға айналып кеткен. Кейiнiрек Кеңес үкiметi кезiнде ауылдан келiп орыс тiлiн нашар бiлiп, қала жағдайындағы өмiр-тiршiлiк ыңғайын бiлмей, кейiншектеп тұратын балаларға немесе ынжықтау балалардың iсiне көңiлi толмағанда қазақы бала бала емес деген бiрiншi бөлiгi айтылатын. Қала балаларына тән қақаң-соқаңды бiлмей өскен ауыл баласына қойылар бiр кемшiлiк — осы деп санаудан туған пiкiр.
Қазақ мал танымас, сарт шай танымас. Мақалдың бiрiншi бөлiгi қазақтың жыл он екi ай бағып-қағып, ыстығына күйiп, суығына тоңған малын топырлатып Тәшкенттiң базарына айдап апарып, оны қаншаға сату керектiгiн бiлмей, яғни сауда нарқын, сауда заңын бiлмей, өзбек делдалдың қолына бере салатындығынан, екiншi бөлiгi қызыл күрең шайды ұнататын қазақтың, өзбек ағайындардың сүйiп iшетiн көк шайын менсiнбегендiгiнен туған.
Қазақ байыса қатын алады, өзбек байыса там салады. Қазақтың ертеден келе жатқан көне салты бойынша, байлығы асып, дәулетi таси бастаса болды үйленiп, көп әйел алуға талпынатын, ал саудамен айналысатын өзбектердiң үй-ауласын кеңейтуге талпынатын әдетiн сынаудан туған. Қазақтың бұл салтын Ы.Алтынсарин өзiнiң «Қазақтың үйлену тойы» атты еңбегiнде былай түсiндiредi: «Бай қазақтарда «бiр еркектiң төрт әйел алуына болады» дейтiн ислам шариатын негiз етiп көп әйел алушылық салты бар. Оған дiннiң жол беруiн былай қойғанда, басқадай не себептерi болды. Әйелiн өзi сүйiп алмай, ата-аналарының қосуымен алған қазақтар мұндай әйелiнен өзi сүйетiн қасиеттердi әрқашан таба бермейдi, содан кейiн күйi көтерсе екiншi әйел алады. Егер екiншi әйел жөнiнен де қателескен болса, онда үшiншi әйел алады. Көп әйел алуға қазақтың ойынша, мысалы, әйелiнiң мұрагер болатын ұл таппауы сияқты себептер болады. Қазақтарда өздерiнiң көп әйел алуының мақсатын айтпай-ақ түсiндiретiн бiр мақал бар — Байтал көп болса, құлын да көп болады, — дейдi қазақтар». Әйтсе де мақалдың мазмұнында байқалатын кекесiн, елдiң бәрiне солай iстей беруге болмайтынын ескертiп тұрған секiлдi. Мақал-мәтел жинақтарында бұл мақалдың Қазақ байыса қатын алады, орыс байыса там салады деген варианты да кездеседi.
Қазақ, қалмақ бiр кiсi, ноғай, қазақ бiр кiсi деген нақыл сөз бар деп жазады Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса» атты еңбегiнде. Ертедегi Алынша хан заманында қазақ, қалмақ, ноғай бәрi бiр тақтың иелегiнде болған, бәрi «Алынша ханның елi» деп аталған. Ол ел Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темiр дәуiрiнен кейiн ыдыраған, нақыл сөз сол заманнан қалған деп түсiндiредi. Қазақ домбырашыларында «Ноғай-қазақ айырылған күн» деген сол заманда шыққан өте зарлы күй бар. Ш.Уәлиханов ауыз әдебиетi туралы ойларын ортаға сала келiп «Ноғайлы жырлары» деп аталатын эпикалық аңыздауларға ерекше көңiл бөледi. Ол кезде «ноғай» деген атау Орта Азияның түркi және моңғол тектес руларының жалпы есiмi болған деп пайымдайды. Бұл жәй Шәкәрiм шежiресiнде де айтылады: «Әз Жәнiбек қазақты алып ауарда, Ноғай аталған туысқандарымыздың жақсылары қазақтың жақсыларымен көрiсiп, амандасып жылапты. Соны бiздiң қазақ домбырашылары ноғай-қазақ айырылғандағы жылау күй деп, домбырамен «Ел айрылған» атты зарлы күй тартады. Жыршылар:
Орманбет хан өлген күн,
он сан ноғай бүлген күн,
Қазақ пен Ноғай айрылды,
қазақ сартқа қайырылды —
деп басталатын жыр айтады. М. Тынышбаев та бұл тарихи жағдай жайлы мәлiмет берiп, «маңғыт руынан шыққан атақты би Орманбет Едiгенiң алтыншы ұрпағы Дiнахмет баласының өлiмiмен жарты ғасырға созылған Едiге ұрпақтарының арасындағы билiк таласы аяқталды», — деп жазады. Бұдан бес ғасыр бұрын iргесi ажырамай, бiр Орда астында бiр жұртты жайлап, кейiн бөлiнген ноғай, қазақ халықтарына ортақ рухани жәдiгерлер де көп.
Қазақ жаманы сарт болар, сарт жаманы порт болар деп сауда-саттықпен айналыса бастаған қазақтарға арнап айтылған мақал. Сауда-саттықты қазақтар аса ұнатпай, төмен қол жұмыс деп, саудагерлер алдау-арбаумен, арам ақша табумен айналысады деп есептеген. Саудамен айналыса бастаған қазақтарды саудагер, сарт деп келемеждеп, ал сарттардың айтқан бағасынан түспей, айтқанға көнбей тұрып алатын мiнезiн «порт» болар деп айтса керек.
Жолдасың қазақ болса, жолдан адаспайсың (Өзбек мақалы). Қазақ жерiнен напақа iздеп келген өзбектерден өзiн қондырып, ат-көлiгiн жемдегенi үшiн ақы-пұл алып көрмеген, оның ақ тiлек батасын артық деп бағалағандығынан, яғни қазақтың дархан көңiлiнен көп жақсылық көрген өзбек ағайындар — достыққа, жолдастыққа берiк қазақтың алдау, қулық жасау дегенге жолай қоймайтынын мойындап, бағалағанының айғағы.
Балаң сұлу болсын десең, әйелдi сарттан ал, балаң батыр болсын десең, әйелдi қазақтан ал. (Түркмен мақалы). Қазақтың батыр, рухы жоғары халық екенiн, қазақтардың ел қамын ойлаған батырларының көп болғанын көршi халықтардың да мойындағанын осы мақалдан көремiз. Қазақтың атақты батырлары түркмен халқымен жер үшiн көп шайқасқан, батырлығын мойындатқан.
Қазақ-қырғыз бiр туған, өзбек сартты кiм туған. Қазақ пен қырғыз халықтарының тiлдерiнде бар мақал ертерек саудамен айналысқан өзбек ағайынның өз пайдасын көбiрек ойлап, тауарын өткiзу үшiн жылпостанатын мiнезiн жақтырмайтынын, сонымен қатар қойы қоралас, ауылы аралас тату өмiр сүрген, Тiрiде базары бiр, өлiде мазары бiр, қырғыз-қазақтар бiрiн-бiрi өзбектерден гөрi жақынырақ тұтатынын бiлдiрiп тұр. Қырғыздар мен қазақтар кәсiптес (көшпендi малшылар) болғандықтан да ортақ ерекшелiктерi сақталған. Ал өзбектердiң қонысы, кәсiбi бөлектенiп, (отырықшы дихандар) ирандықтар мәдениетiн бойына көбiрек сiңiрген. Сондықтан қазақ пен қырғыздың арасында, тiлiндегi болмашы айырма болмаса, еш бөтендiк жоқ. Сарт сөзi бiр кезде өзбектiң жанама аты ретiнде айтылып келдi.
Қазақ, қырғыз, қатаған — бiр атадан тараған (Қырғыз мақалы). Қырғыздарда қазақты құрамында бар көптеген рулар кездеседi. Қырғыздардың мақтанышы болып саналатын «Манас» жырында да қыпшақ, қаңлы, арғын, қаракесек, алшын, алаша, тама, үйсiн, қаңлы, найман, керей т.б. рулар туралы айтылады.
Қазақ қайың сауғанда — қырғыз Ғиссар ауғанда — мәтелiнiң шығуына белгiлi тарихи оқиға себеп болды. ХVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншлыығы кезiнде елiнен, жерiнен ауып, қуғын көрiп ашыққан «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» деген қасiреттi атпен енген нәубетте, қазақтар қайың қабығын сорған, қырғыздардың тәжiк тауларын паналап, Ғиссар қаласына қарай ауған кездерiнде туған. Көш жөнекей iшерге сусын, жерге ас таппай ашыққан жұрт: «Қайыңды қақтай шауып сауушы едiк. Қара нар қанын сорып алушы едiк», — деп сол заманның күн көрiсiн жыр еткен. Бұл мақалдың ауыспалы мағынасы «қиын қыстау кезең туғанда» дегендi бiлдiредi.
Еттi турауды қырғыздарға бер, жеудi қазақтарға бер. Қазақ, қырғыздың сүйiктi асы еттi қырғыздардың майдалап нарын етiп турайтыны жұртқа мәлiм. Ал ет жегеннен қазақтан ешкiм аса алмас. Сүйiктi ұлттық асымыз ет жеу туралы да ел арасында мәтелдер бар. Албанша турап, адамша жеймiз бе? Қызайша турап, құмайша жеймiз бе? Керей жапырақтап, әлемтапырық жеймiз бе? Әзiл болса да негiзi бар бұл мәтелдер ет турауда да әр жерде әр түрлi салт бар екенiне дәлел болады.
Қазақ олжалы болса қырғызға байлайды, қырғыз олжалы болса қазаққа байлайды. Атақты Ноғайбай бидiң дуалы аузынан шыққан осы сөз қазақ-қырғыздардың айта жүретiн мақалына айналып, екi халықтың достығын көрсетедi. Тауасар ұрпағы Ноғайбай Дәулетбақұлы шешен, халық қамын ойлайтын, жастардың мәдениетке, бiлiмге ұмтылуына ықпал еткен адам. Ерен шешен бидiң қырғыз, қазақ, орыс және өзбектер арасында да ықпалы зор болған. Оның атасы Малдыбай би де Жетiсудағы қырғыз-қазақ елiне ұран болған. Төсекте басы қосылған, төскейде малы қосылған көршiлерiмен сыйластықты насихаттау үшiн айтылған оның бұл сөзiн қазақ пен қырғыз жүрегiмен қабылдағаны көрiнiп тұр.
Райхан Атаханова,
Филология ғылымдарының кандидаты