650-бап. Бақылау-касса машинасын пайдалану
1. Салық төлеушінің жауапты тұлғасы бақылау-касса машинасын пайдаланған кезде:
1) бақылау-касса машинасын пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес тауар, жұмыстар, қызметтер көрсету құнын енгізу операциясын жүзеге асырады;
2) электр энергиясы болмаған немесе бақылау-касса машинасында ақаулар болған жағдайда тауарлық чек толтырады және береді;
3) қолма-қол ақша есебінің кітабын толтырады;
4) ауысым аяқталған кезде бақылау-касса машинасының моделін дайындаушының техникалық талаптарына сәйкес ауысымдық есепті алу
(Z-есеп) жолымен «ауысым соңы» рәсімін орындайды.
Ауысымдық есептер, қолма-қол ақша есебі және тауарлық чектер кітаптары, сондай-ақ олар бойынша жою және қайтару операциялары жүргізілген жою, қайтару чектері мен бақылау чектерін салық төлеуші оларға мөр қойылған немесе толық толтырылған күнінен бастап бес жыл бойы сақтауға тиіс.
Сауда автоматтарында пайдаланылатындарды қоспағанда, бақылау-касса машиналары үшін ауысым кезеңі жиырма төрт сағаттан аспауға тиіс.
Сауда автоматтарымен жарақтандырылған бақылау-касса машиналары үшін ауысым кезеңін салық төлеуші айқындайды, бұл ретте ол күнтізбелік бір айдан аспауға тиіс.
2. Қате енгізілген соманы жою немесе орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін қолма-қол ақшаларды қайтару операциялары бақылау чегінің түпнұсқасы және қолма-қол ақша есебі кітабында жүргізілген жазба болған кезде бақылау-касса машинасының моделін жасаушының техникалық талаптарына сәйкес жүргізіледі.
3. Қолма-қол ақша есебі кітабының деректері тиісті күнге ауысым есептерінің көрсеткіштеріне сәйкес келуге тиіс.
4. Кассаның ағымдағы жай-күйі туралы есептің көрсеткіштері қолма-қол ақша есебі кітабында көрсетілген тауарларды өткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге байланысы жоқ қолма-қол ақшаны қабылдау және беру сомасы ескеріле отырып, есепті алған кезде кассадағы қолма-қол ақшаның сомасына сәйкес келуге тиіс.
5. Салық органының пломбасының бүтіндігін бұзбай жою мүмкін емес бақылау-касса машинасының техникалық ақауы болған жағдайда салық төлеуші ақау пайда болған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде бақылау-касса машинасы тіркеуге қойылған салық органына:
1) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасының нөмірін, берілген күнін және ақау болған күннің басындағы есептегіштің жиынтық көрсеткіштерін көрсете отырып, салықтық өтініш;
2) негізделген жөндеу жүргізу мерзімдері мен ақау себептерін көрсете отырып техникалық қызмет көрсету орталығының қорытындысын береді.
Салық органы салықтық өтінішті қабылдаған күні ақауды жою үшін бақылау-касса машинасы пломбасының бүтіндігін бұзуға рұқсат беру туралы немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Салық органының пломба орнатуға жауапты лауазымды адамы бақылау-касса машинасы пломбасының бүтіндігін бұзуға салық органының рұқсатын оны беру туралы шешім қабылдаған күні уәкілетті орган белгілеген нысанда береді.
Салық органы осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген құжаттар мәліметтерін бермеген немесе толық құрамда бермеген жағдайда бақылау-касса машинасы пломбасының бүтіндігін бұзуға салық органының рұқсатын беруден бас тартады.
Техникалық ақау жойылғаннан кейін пломба орнату үшін бақылау-касса машинасын салық органына табыс ету мерзімі техникалық қызмет көрсету орталығының қорытындысында көрсетілген жөндеу жүргізу мерзімінен кем болмауға, бірақ бақылау-касса машинасы пломбасының бүтіндігін бұзуға салық органының рұқсатын берген күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс
6. Бақылау-касса машинасы мына жағдайларда, егер:
1) басып шығармаса, анық баспаса немесе осы Кодекстің 649-бабында айқындалған бақылау чегіндегі деректемелер толық басылмаса;
2) фискальдық жадының деректерін алуға мүмкіндік болмаса;
3) салық органының пломбасы болмаса немесе бүлінсе;
4) дайындаушы зауыттың таңбасы жоқ болса техникалық ақаулы деп есептеледі.
7. Компьютерлік жүйе болып табылатын бақылау-касса машинасы осы баптың 6-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда техникалық ақаулы деп есептеледі.
8. Салық төлеуші қолма-қол ақша есебінің кітабы және (немесе) тауар чектерінің кітабы толық толтырылған жағдайда, не олар жоғалған (бүлінген) жағдайда оларды ауыстыру (қалпына келтіру) үшін бес жұмыс күні ішінде бақылау-касса машинасын есепке қойған жері бойынша салық органына:
1) салықтық өтінішті;
2) нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен расталған жаңа қолма-қол ақша есебінің кітабын және (немесе) тауар чектерінің кітабын;
3) осы Кодекстің 648-бабының 2-тармағында айқындалған құжаттарды табыс етеді.
Қолма-қол ақша есебінің кітабы толық толтырылған немесе жоғалған (бүлінген) жағдайда фискалдық есепті шығару үшін қосымша бақылау-касса машинасы беріледі.
9. Салық органдары қолма-қол ақша есебінің кітабын және (немесе) тауар чектерінің кітабын ауыстыруды салықтық өтінішті салық органында тіркеген кезден бастап бес жұмыс күні ішінде жүргізеді.
651-бап. Мемлекеттік тізілім
1. Уәкілетті орган бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізілімін касса машиналарының модельдерін мемлекеттік тізілімге енгізу (мемлекеттік тізілімнен шығару) жолымен жүргізеді.
2. Бақылау-касса машинасының моделін мемлекеттік тізілімге енгізу туралы мәселелерді қарау мүдделі тұлғаның салықтық өтініші негізінде жүзеге асырылады.
3. Салықтық өтінішке бақылау-касса машинасы моделінің эталонды үлгісі және бақылау-касса машинасы моделінің техникалық, функционалдық және пайдаланылу сипаттамасын беретін мынадай материалдар:
1) дайындаушы зауыттың паспорты;
2) дайындаушы зауыттың техникалық құжаттамасы;
3) фискалды және фискалсыз режимде бақылау-касса машинасымен дайынушы зауыт та, өтініш беруші де басып шығарған чектер мен есептердің үлгілері;
4) қағаз және электронды жеткізгіштерде бақылау-касса машинасын пайдалану жөніндегі нұсқаулық;
5) фискалды режим орнату, бақылау-касса машинасын қайта тіркеу, фискалдық есептерді, кассаның ағымдағы жай-күйі туралы есепті (Х-есеп) алу, сондай-ақ бақылау чегінде басып шығару үшін осы Кодекстің 649-бабында көзделген ақпаратты енгізу кезіндегі салық органы лауазымды адамының іс-қимылын толық сипаттап көрсететін қағаз және электронды жеткізгіштердегі салық органының лауазымды адамына арналған нұсқаулық;
6) дайындаушы зауыттың бақылау-касса машинасы моделін техникалық қолдау көрсету бойынша кепілдік міндеттемесі;
7) дайындаушы зауыттың құжаттамасында көрсетілген бақылау-касса машинасы моделінің техникалық сипаттамасының уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша негізгі техникалық талаптарға сәйкестігі туралы мәліметтер;
8) бақылау-касса машинасы моделінің сәйкестік сертификатының нотариат куәландырған көшірмесі;
9) бақылау-касса машинасы моделінің қағаз және электронды жеткізгіштердегі түрлі-түсті фотосуреті қоса ұсынылады.
Егер бақылау-касса машинасының моделі фискалдық тіркеуші болып табылса, салықтық өтінішке қосымша фискалдық тіркеушіні дербес компьютерге қосу үшін электронды жеткізгіште бағдарламалық қамтамасыз ету қоса беріледі.
Егер бақылау-касса машинасының моделі компьютерлік жүйе болып табылса, салықтық өтінішке ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның компьютерлік жүйенің техникалық талаптарға сәйкестігі туралы қорытындысы мен осы тармақтың 1), 2), 3), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген құжаттар қоса беріледі. Қорытындыны беру тәртібін уәкілетті органмен келісім бойынша ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
4. Бақылау-касса машинасының моделін мемлекеттік тізілімге енгізу бір мезгілде мынадай шарттар:
1) салықтық өтініш пен осы баптың 3-тармағында көрсетілген материалдардың болуы;
2) бақылау-касса машинасы моделінің уәкілетті орган белгілеген техникалық талаптарға сәйкестігі сақталған кезде жүзеге асырылады.
5. Бақылау-касса машинасы моделінің техникалық талаптарға сәйкестігін бақылау-касса машинасы моделінің мемлекеттік тізілімге енгізілуіне бастамашы болған тұлға өкілдерінің қатысуымен бақылау-касса машинасы моделінің үлгісін сынау (тестілеу) арқылы уәкілетті орган айқындайды. Бақылау-касса машинасы моделінің техникалық талаптарға сәйкестігін анықтау үшін уәкілетті орган өзге де мемлекеттік органдардан, басқа да тұлғалардан (бақылау-касса машинасы моделінің мемлекеттік тізілімге енгізілуіне бастамашы болған тұлғаларды және олармен байланысты тұлғаларды қоспағанда) сарапшылар тартуға құқылы.
6. Бақылау-касса машинасы моделін мемлекеттік тізілімге енгізу (енгізуден бас тарту) туралы шешімді уәкілетті орган өтінішті қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Бақылау-касса машинасы моделін мемлекеттік тізілімге енгізуден бас тартқан жағдайда уәкілетті орган бас тарту себептерін көрсете отырып, өтініш берушіні жазбаша түрде хабардар етеді.
7. Бақылау-касса машинасының моделін мемлекеттік тізілімнен шығаруды бақылау-касса машинасы моделі техникалық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда уәкілетті орган жүргізеді. Салық органы бақылау-касса машинасының моделін мемлекеттік тізілімнен шығару туралы шешім қабылданғаны туралы бақылау-касса машинасының осы моделін қолданатын салық төлеушіге мемлекеттік тізілімнен шығарғанға дейінгі алты айлық кезеңнен кешіктірмей хабарлайды.
652-бап. Бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібінің сақталуын салықтық бақылау
Салық органдары:
1) бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
2) салық төлеушінің салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша салық міндеттемесін орындауы жөнінде салықтық тексерулер жүргізу кезінде бақылау-касса машиналарының жадындағы фискалдық блоктарда сақталатын деректерді пайдаланады.
91-тарау. САЛЫҚТЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ ӨЗГЕ ДЕ НЫСАНДАРЫ
653-бап. Акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін таңбалау нысанында акцизделетін тауарларды бақылау және акциздік постылар белгілеурік постылар белгілеу
1. Салық органдары акцизделетін тауарларды өндірушілердің, импорттаушылардың, банкрот мүлкін (активтерін) өткізуші конкурстық және оңалтушы басқарушылардың борышкердің мүлкін өткізген кезде осы бапта айқындалған акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін таңбалау тәртібін сақтауы бөлігінде, сондай-ақ акциздік постылар белгілеу арқылы акцизделетін тауарларға бақылауды жүзеге асырады.
2. Шарап материалдары мен сыраны қоспағанда, алкогольді өнім есепке алу-бақылау таңбаларымен, темекі бұйымдары акциздік таңбалармен таңбалануға жатады.
3. Таңбалауды акцизделетін тауарлар өндірушілер мен импорттаушылар, конкурстық және оңалтушы басқарушылар борышкердің мүлкін (активтерін) өткізген кезде жүзеге асырады.
4. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасынан тыс жерге экспортталатын;
2) Қазақстан Республикасы аумағына «бажсыз сауда дүкені», «кеден қоймасы» кедендік режимдерінде әкелінетін;
3) Қазақстан Республикасының кеден аумағына «тауарларды және көлік құралдарын уақытша әкелу» және «тауарларды және көлік құралдарын уақытша әкету» кедендік режимдерінде жекелеген даналары жарнама және (немесе) көрсету мақсатында әкелінетін;
4) «тауарлар транзиті» кедендік режимінде Қазақстан Республикасының кеден аумағы арқылы өткізілетін;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген акциздік әкелу нормалары шегінде Қазақстан Республикасының кеден аумағына жеке тұлғалар әкелетін (жіберетін) алкоголь өнімдері есепке алу-бақылау таңбаларымен және темекі бұйымдары акциздік таңбалармен міндетті таңбалануға жатпайды.
5. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген акцизделетін тауарларды жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау немесе акциздік таңбалармен қайта таңбалау екі жылда бір реттен аспайтындай Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мерзімде жүзеге асырылады.
6. Осы тармаққа сәйкес:
1) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін таңбалау (қайта таңбалау) ережелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді;
2) акциздік және есепке алу-бақылау таңбаларын алу, есепке алу, сақтау және беру ережелерін уәкілетті орган бекітеді.
7. Салық органдары акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіретін салық төлеушінің аумағында акциз постыларын орнатады.
8. Уәкілетті орган акциздік постының қызметін ұйымдастыру тәртібін бекітеді.
9. Акциздік постының орналасқан жерін және қызметкерлерінің құрамын, оның жұмысының регламентін салық төлеушінің жұмыс режиміне сәйкес салық органы айқындайды.
Акциздік посты қызметкерлерінің құрамы салық органының лауазымды адамдарынан түзіледі.
10. Акциздік постыдағы салық органының лауазымды адамы:
1) салық төлеушінің акцизделетін тауарлардың өндірісі мен өткізілуін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауына;
2) салық төлеушіде тиісті қызмет түріне лицензияның болуына;
3) акцизделетін тауарлардың тек қана өлшеуіш аппараттары арқылы бөлінуіне немесе есепке алу құралдары арқылы өткізілуіне (құйылуына), сондай-ақ олардың пломбыланған түрде пайдаланылуына;
4) салық төлеушінің жекелеген акцизделетін тауарларды таңбалаудың тәртібін сақтауына;
5) акцизделетін тауарларға акциз ставкаларының дұрыс қолданылуына және бюджетке акциздердің уақтылы төленуіне;
6) акцизделетін тауарлардың өндірісі үшін негізгі шикізаттың, қосалқы материалдардың, дайын өнімнің, есепке алу-бақылау таңбаларының немесе акциздік таңбалардың қозғалысына бақылауды жүзеге асырады.
11. Акциздік постыдағы салық органының лауазымды адамы:
1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңмасының талаптарын сақтай отырып, салық төлеушінің акцизделетін тауарларды өндіру, сақтау және өткізу үшін пайдаланатын әкімшілік, өндірістік, қойма, сауда, қосалқы үй-жайларын зерттеп-тексеруге;
2) акцизделетін тауарларды өткізу кезінде қатысуға;
3) салық төлеушінің аумағынан шығып бара жатқан жүк көлік құралдарын тексеріп қарауға құқылы.
12. Акциздік постыдағы салық органы лауазымды адамының акциздік пост қызметін ұйымдастыру тәртібінде көзделген өзге де құқықтары бар.
654-бап. Трансферттік баға белгілеу кезіндегі бақылау
Салық қызметі органдары мәмілелер бойынша трансферттік баға белгілеу кезіндегі бақылауды Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырады.
655-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуға жататын) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінің сақталуын бақылау
1. Салық органы мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдыруға жататын) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінің сақталуын, ол сатылған жағдайда ақшаның бюджетке толық және уақтылы түсуін, сондай-ақ мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуға жататын) мүлікті уәкілетті орган белгілеген мерзімде және тәртіппен беру тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
2. Мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуға жататын) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
656-бап. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін бақылау
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық қызметі органдары, осы Кодекстің 89-тарауында белгіленген тәртіппен мүлікке, көлік құралдарына салынатын салықтардың және жер салығының, сондай-ақ бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің дұрыс есептелуі, толық өндіріліп алынуы және уақтылы аударылуы мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі осы баптың мақсаты үшін – уәкілетті мемлекеттік органдар) қызметін бақылауды жүзеге асырады.
Салық қызметі органдарының уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тексеруді тағайындау туралы шешімі уәкілетті органдардың бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің дұрыс есептелуі, толық өндіріліп алынуы және уақтылы аударылуы мәселелері бойынша бақылауды жүзеге асыру үшін негіз болып табылады, шешім мынадай деректемелерді:
1) шешімнің салық қызметі органдарында тіркелген күні мен нөмірін;
2) тексерілетін уәкілетті мемлекеттік органның толық атауын және сәйкестендіру нөмірін;
3) тексеру тағайындау негіздемесін;
4) тексеруді жүзеге асыратын салық қызметі органдарының лауазымды адамдарының, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес бақылау жүргізуге тартылған басқа да мемлекеттік органдар мамандарының лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын (олар болған жағдайда);
5) тексеру жүргізу мерзімін;
6) тексерілетін кезеңді;
7) басқа міндетті төлемнің түрін;
8) шешімді алғаны және онымен танысқаны туралы уәкілетті мемлекеттік органның белгісін қамтиды.
Аталған шешім тексеру басталғанға дейін тексеру тағайындау туралы актілерді статистикалық есепке алу және бақылау органында мемлекеттік тіркелуге тиіс.
2. Тексеру тағайындау туралы шешімде көрсетілген салық қызметі органдарының лауазымды адамдары, осы Кодекске сәйкес тексеру жүргізуге тартылған өзге де тұлғалар және уәкілетті мемлекеттік органдар тексеруге қатысушылар болып табылады.
Уәкілетті мемлекеттік органдар бақылауды жүзеге асырған кезде салық қызметі органдарына бақылау жасау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді алуына, салық қызметі органдарының лауазымды адамдарының салық салу объектілерін зерттеп-тексеруге кіруіне жәрдем жасайды.
Бұл ретте уәкілетті мемлекеттік органдардың тексеруі басқа міндетті төлемнің бір түрі сияқты бірнеше түрі бойынша бір мезгілде жүргізілуі мүмкін.
3. Тексеру жүргізу мерзімі уәкілетті мемлекеттік органға тексеру тағайындау туралы шешім тапсырылған күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс. Тексеруді тағайындаған салық қызметі органы көрсетілген мерзімді елу жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін.
4. Тексеру жүргізу мерзімінің барысы уәкілетті мемлекеттік органға салық қызметі органының құжаттарды беру туралы талаптарын тапсыру күні мен уәкілетті мемлекеттік органның тексеру жүргізу кезінде сұрау салынған құжаттарды табыс ету күні арасындағы, сондай-ақ салық қызметі органының басқа аумақтық салық органдарына, мемлекеттік органдарға, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға және Қазақстан Республикасы аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға сұрау салуы жіберілген күн мен аталған сұрау салу бойынша мәліметтер мен құжаттарды алған күн арасындағы уақыт кезеңіне тоқтатыла тұрады
5. Тексеру мерзімін тоқтата тұрған (қайта бастаған) кезде салық қызметі органдары тексеру мерзімін тоқтата тұру (қайта бастау) туралы уәкілетті мемлекеттік органды тоқтата тұру (қайта бастау) күндерін және тоқтата тұру (қайта бастау) қажеттігінің негіздемесін көрсете отырып жазбаша түрде хабардар етеді.
6. Тексеру аяқталған кезде салық қызметі органының лауазымды адамы:
1) тексеру жүзеге асырылған жерді, бақылау актісі жасалған күнді;
2) салық қызметі органының атауын;
3) тексеруді жүргізген салық қызметі органының лауазымды адамдарының лауазымдарын, тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (олар болған жағдайда);
4) уәкілетті мемлекеттік органның толық атауын және сәйкестендіру нөмірін;
5) уәкілетті мемлекеттік орган басшысының және лауазымды адамдарының тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (олар болған жағдайда);
6) олардың келісімімен және қатысуымен тексеру жүргізілген уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамдарының лауазымдарын, тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (олар болған жағдайда);
7) алдыңғы тексеру және бұрын анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қолданылған шаралар туралы мәліметтерді;
8) жүргізілген тексеру нәтижелерін көрсете отырып бақылау актісін жасайды.
7. Бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің дұрыс есептелуі, толық өндіріліп алынуы және уақтылы аударылуы мәселелері бойынша бақылаудың нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған кезде салық қызметі органдары Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы талап қояды.
Салық қызметі органының уәкілетті мемлекеттік органға оның бақылау актісінде көрсетілген бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы қағаз жеткізгіште жіберген хабарламасы Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықты жою туралы талап (бұдан әрі – талап) болып танылады. Талап нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Талапта: уәкілетті органның толық атауы;
сәйкестендіру нөмірі; талапты жіберу үшін негіз;
талап жіберілген күн; уәкілетті орган бюджетке өндіріп алуға жататын сома көрсетіледі.
Талап тексеру жүргізілетін уәкілетті мемлекеттік органның бірінші басшысына (бірінші басшының орнындағы адамға) бақылау актісін табыс еткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей оның жеке қолын қойғызып не талаптың жіберілгенін және оны алғанын растайтын өзге тәсілмен жіберілуге тиіс.
Талапты уәкілетті мемлекеттік орган оны табыс еткен (алған) күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде орындауға тиіс.
Бақылаудың нәтижесі бойынша анықталған салық берешегі сомаларын өндіріп алуды басқа міндетті төлемдердің бюджетке есептелуінің, толық өндіріліп алуының және дер кезінде аударылуының дұрыстығы үшін жауапты уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
9. Уәкілетті мемлекеттік органдар басқа міндетті төлемдердің бюджетке есептелуінің, толық өндіріліп алуының және дер кезінде аударылуының дұрыстығы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
92-тарау. САЛЫҚ ТӨЛЕУШІЛЕРГЕ КӨМЕК
657-бап. Салық төлеушілерге көмек Салық қызметі органдары:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын насихаттау;
2) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша электронды төлем құжатын түзе отырып, салық есептілігін электронды түрде табыс ету үшін бағдарламалық қамтамасыз етілімді беру;
3) салық төлеуші (салық агенті) сұрау салған құжаттың дайындығының жай-күйін қарауға оған қол жеткізу үшін терминалдар желісін құру және дамыту;
4) салық міндеттемесін орындау бойынша бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыру тәртібі туралы мәліметтерді табыс ету;
5) салық қызметі органдарының хабарламаларымен жұмыс істеу үшін орталықтардың желісін құру және дамыту;
6) салық қызметі органдары сайттарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
7) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу, әлеуметтік аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын аудару үшін банкоматтар желісі мен өзге де электрондық құрылғыларды дамытуға жәрдемдесу (материалдық көмектен басқа) арқылы салық төлеушілерге (салық агенттеріне) көмек көрсетеді.
658-бап. Салық заңнамасын насихаттау
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасын насихаттау салық төлеушілердің (салық агенттерінің) салық мәселелері жөнінде хабардарлығын арттыру, оның ішінде олардың назарына Қазақстан Республикасы салық заңнамасының ережелерін, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды, сондай-ақ салық міндеттемесін орындауға байланысты мәселелер бойынша ақпаратты жеткізу арқылы хабардарлығын арттыру мақсатын көздейді.
2. Салық қызметі органдары Қазақстан Республикасының салық заңнамасын насихаттауды семинарлар, отырыстар, салық төлеушілермен (салық агенттерімен) кездесулер өткізу, бұқаралық ақпарат құралдарын, ақпараттық стендтерді, буклеттерді және өзге де баспа материалдарын, сондай-ақ бейне-, аудио- және ақпарат тарату үшін қолданылатын басқа да техникалық құралдарды, телефон және ұялы байланыс құралдарын пайдалана отырып ақпараттарды орналастыру арқылы жүзеге асырады.
659-бап. Электронды түрде салық есептілігін тапсыру үшін тегін бағдарламалық қамтамасыз етілімді беру
1. Салық қызметі органы электронды түрде салық есептілігін тапсыру үшін бағдарламалық қамтамасыз етілімді салық төлеушіге (салық агентіне) тегін негізде береді.
2. Салық есептілігін электронды түрде тапсыру үшін бағдарламалық қамтамасыз етілім салық төлеушілерге (салық агенттеріне) олар салық органына келіп жүгінген кезде және (немесе) оны салық қызметі органдарының сайтында орналастыру арқылы электрондық ақпарат жеткізгіштерінде берілуі мүмкін.
3. Салық есептілігін электронды түрде тапсыру үшін бағдарламалық қамтамасыз етілім оған бағдарламалық қамтымды орнату жөніндегі нұсқаулық материалымен қоса беріледі.
4. Бағдарламалық қамтамасыз етілім салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеудің электрондық төлем құжатын қалыптастыру үшін мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |