Кодексіне : 1 241-бап мынадай редакцияда жазылсын



Дата01.07.2016
өлшемі336.17 Kb.
#170444
түріКодекс


Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

1. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне:

1) 241-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«241-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы, аудиторлық қызмет туралы заңнамасында белгiленген аккредиттеу қағидаларын бұзу

1. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы, аудиторлық қызмет туралы заңнамасында белгiленген аккредиттеу қағидаларын бұзу, –

заңды тұлғаға ескерту жасауға немесе екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде не аккредиттеу туралы куәлігінің үш айдан алты айға дейінгi мерзiмге қолданылуын тоқтата отырып айыппұл салуға әкеп соғады.

2. Осы бапта көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет, –



заңды тұлғаға, аккредиттеу туралы куәліктен айыра отырып, аккредиттелген кәсіби аудиторлық ұйымдарға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;

2) 246-бапта:

бірінші, екінші және төртінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Осы Кодекстің 249-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, аудитордың және аудиторлық ұйымның міндетті аудит бойынша анық емес аудиторлық есепті жасауы, –

аудиторларға - сексен, орта кәсiпкерлiк субъектiсi аудиторлық ұйымына – бір жүз сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ірі кәсiпкерлiк субъектiсi аудиторлық ұйымына төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

2. Аудитордың және аудиторлық ұйымның міндетті аудит бойынша көрінеу анық емес аудиторлық есепті жасауы,-

аудиторға, біліктілік куәлігінен айыра отырып – бір жүз он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, орта кәсiпкерлiк субъектісі аудиторлық ұйымына – екі жүз елу, ірі кәсiпкерлiк субъектiсi аудиторлық ұйымына - жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;

«4. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, аудиторлық ұйым әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған іс-әрекеттер, –

үш жылға дейінгi мерзiмге аудиторлық қызметіне тыйым салына отырып, аудиторлық ұйымдарға екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;

3) 247-бапта:

үшінші және жетінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Міндетті аудитті «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында тыйым салынған жағдайларда жүргізу -

орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнің заңды тұлғаларына – бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiнің заңды тұлғаларына - үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;

«7. Аккредиттелген кәсіби аудиторлық ұйымдардың уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша уәкілетті органға есептілікті уақтылы бермеуі немесе бермеуі, -

заңды тұлғаларға бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;

мынадай мазмұндағы сегізінші және тоғызыншы бөліктермен толықтырылсын:

«8. Міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең төмен талаптарға сәйкес келмейтін аудиторлық ұйыммен міндетті аудит жүргізген, -

заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

9. Аккредиттелген кәсіби аудиторлық ұйымдардың мынадай түріндегі бұзушылықтар:

1) аккредиттеуді алған кезден бастап алты ай ішінде Кәсіби кеңестің құрылтайшысы болу талабын орындамау;

2) күнтізбелік он екі ай ішінде кәсіби ұйымға мүше - аудиторлық ұйымдардың орташа санының он пайызы, бірақ кемінде бесеуінде аудит стандарттарына сәйкес аудит және (немесе) iлеспе және басқа қызметтер көрсету кезінде жіберген Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін салынатын бес әкімшілік жаза болуы;

3) уәкiлеттi органға өзi және өз қызметi туралы көрiнеу жалған ақпарат беру;

4) уәкiлеттi органның ескертуі шығарылған себептердің үш ай iшiнде жойылмауы;

5) Әдеп кодексінің Халықаралық бухгалтерлер федерациясы Әдеп кодексінің талаптарына сәйкес келмеуі, –

6) күнтізбелік он екі ай ішінде кәсіби ұйымға мүше - аудиторлық ұйымдардың орташа саны бойынша он пайызында, бірақ кемінде бесеуінде халықаралық аудит стандарттарының талаптарын бұзушылықтардың болуы,–

аккредиттелген кәсіби аудиторлық ұйымдарға аккредиттеу туралы куәліктен айыра отырып, бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»;

4) 722-бапта:

бірінші және екінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң органдары осы Кодекстiң 230 (екiншi бөлiгiнде) (бұл бұзушылықтарды аудиторлық ұйымдар жасаған кезде), 233 (екiншi бөлiгiнде), 234, 238, 239 (бiрiншi және екінші бөлiктерінде) 240, 241, 247 (бiрiншi, екінші, үшінші, бесінші, жетінші, сегіз және тоғызыншы бөлiктерінде), 248, 249, 250, 267, 464 (бірінші бөлiгiнде (бұл бұзушылықтарды аудиторлық ұйымдар жасаған кезде)- баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды.

2. Осы Кодекстiң 230 (екiншi бөлiгiнде) (бұл бұзушылықтарды аудиторлық ұйымдар жасаған кезде), 233 (екiншi бөлiгiнде), 234, 238, 239 (бiрiншi және екінші бөлiктерінде) 240, 241, 247 (бiрiншi, екінші, үшінші, бесінші, жетінші, сегіз және тоғызыншы бөлiктерінде), 248, 249, 250, 267, 464 (бірінші бөлiгiнде (бұл бұзушылықтарды аудиторлық ұйымдар жасаған кезде) - баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға мемлекеттiк қаржылық бақылау және мемлекеттiк сатып алу саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның басшысы мен оның орынбасарлары, аумақтық органдардың басшылары; уәкілетті мемлекеттік органның басшысы мен орынбасарлары, аудиторлық қызмет саласындағы реттеуді жүзеге асыратын аумақтық органдардың басшылары құқылы.»;

5) 804-бапта:

бірінші бөлікте:

27) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«27) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі органдарының (185 (бұл бұзушылықтарды аудиторлар, аудиторлық ұйымдар жасаған кезде), 216, 219, 233 (үшінші бөлігі), 235, 236, 237, 245, 246);»;

2. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 17-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Дербес білім беру ұйымдары, дербес кластерлік қор, нотариаттық палаталар, адвокаттар мен жекеше сот орындаушыларының алқалары, сауда-өнеркәсіп палаталары, аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес, кәсіби аудиторлық ұйымдар, пәтерлердің меншік иелері кооперативтері және басқа да коммерциялық емес ұйымдар өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда құрыла алады.»;



2) мынадай мазмұндағы 18-1-баппен толықтырылсын:

«18-1-бап. Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес

1. Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес деп міндеттi мүлiктiк түсiмдер (жарналар) негiзiнде кәсіби аудиторлық ұйымдар құрған, мүшелiгi жоқ коммерциялық емес ұйым танылады.

2. Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес құрған кезде құрылтайшылардың шешiмiмен тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы басқару органы - басқарма (бұдан әрі - Басқарма) құрылады, ол аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес қызметiнiң оның жарғылық мақсаттарына сай келуiне бақылауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің ішкі құжаттарында белгіленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

3. Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің мүлкi кәсіби аудиторлық ұйымдардан бiр жолғы және (немесе) тұрақты түсетiн түсiмдер есебiнен, сондай-ақ осы Заңның 35-бабында көзделген және аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес қызметiнiң мақсаттарына сәйкес келетiн басқа да көздерден құралады.

4. Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңеске оның құрылтайшылары берген мүлiк аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің меншiгi болып табылады.

Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес құрылтайшыларының аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің мүлкiне мүлiктiк құқығы жоқ және мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің жарғысында белгiленген тәртiппен Басқарма аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес құрылтайшыларынан шығаруы мүмкiн..»;



3) мынадай мазмұндағы 22-баптың 10 және 11-тармақтарымен толықтырылсын:

«10. Осы баптың 1-тармағы 4), 5) және 6) тармақшаларының ережелерi аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңеске қолданылмайды. Осы баптың 1-тармағы 6) тармақшаның ережелерi аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің ішкі құжаттарымен реттеледі.

11. Осы баптың 1-тармағы 5) және 6) тармақшаларының ережелерi кәсіби аудиторлық ұйымдарға қолданылмайды. Осы ережелер кәсіби аудиторлық ұйымдардың ішкі құжаттарымен реттеледі.»;



4) 39-бапта:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Мемлекеттiк мекемелердi, аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңесті қоспағанда, коммерциялық емес ұйымды басқару органдары өздерінің құрылтай құжаттарына сәйкес мыналар болып табылады:»;

1-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«2) атқарушы басқару органы (алқалы немесе дара) - коммерциялық емес ұйымның осы Заңға сәйкес құрылтай құжаттарымен жоғары басқару органының ерекше құзыретiне жатқызылған мәселелердi қоспағанда, коммерциялық емес ұйымның қызметiн ағымдағы басқаруды жүзеге асырады, осы органға есеп бередi. Кәсіби аудиторлық ұйымдарда атқарушы басқару органы алқалы ғана болуы мүмкін;»;

2-тармақта:

3) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3) коммерциялық емес ұйымның басқару органдарының құзыретiн, ұйымдық құрылымын, оларды құру және өкiлеттiктерiн тоқтату тәртiбiн айқындау; Бұл ретте мүшелікке және құрылтайшылардан (қатысушылардан), мүшелерден түскен түсiмдерге қатысты, сондай-ақ кәсіби аудиторлық ұйымдардың кірістер мен шығыстардың сметасын бекітуге қатысты мәселелер кәсіби аудиторлық ұйымдардың жоғары басқару органының тікелей құзыретіне жатпайды;»;

мынадай мазмұндағы 7 және 8-тармақтармен толықтырылсын:

«7. Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің басқару органдары құқықтық жағдайының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.

8. Кәсіби аудиторлық ұйымдардың алқалы атқарушы басқару органының ерекше құзыретiне, осы баптың 1-тармағының 2) қосымшасында көрсетiлген өкiлеттiктерден басқа, мүшелiкке және құрылтайшылардан (қатысушылардан, мүшелерден) түскен түсiмдерге қатысты, сондай-ақ кәсіби аудиторлық ұйымдардың кірістері мен шығыстарының сметасын бекітуге қатысты мәселелер жатады.»;

3. «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 1-қосымшаның бірінші санаттағы рұқсаттар (лицензиялар) тізбесінің 80-жолы алып тасталсын;

4. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 1, 1-құжат; № 2, 26-құжат; № 11, 102-құжат; № 15, 120-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 9, 14-құжаттар; № 3, 21, 25, 27-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 10, 77-құжат; № 11, 80-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 20, 121-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 2, 11-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 14, 72-құжат; № 16, 83-құжат; № 21-22, 115-құжат; № 23-24, 116-құжат; 2014 ж., № 4-5, 24-құжат; 2014 жылғы 15 сәуірде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы; 2014 жылғы 25 сәуірде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы):

1) қосымшада:

1-тармақта:



79) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«79) міндетті аудит және кәсіби аудиторлық ұйымдар қызметі саласында;»;

5. «Аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру туралы» 2003 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 5-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Кәсіби аудиторлық ұйымдардың мүшелері болып табылатын аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi мiндеттi сақтандырылуға жатады.»;

6. «Аудиторлық қызмет туралы» 1998 жылғы 20 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршылары, 1998ж., № 22, 309-құжат; 2000ж., № 22, 408-құжат; 2001ж., № 1, 5-құжат; № 8, 52-құжат; 2002ж., № 23-24, 193-құжат; 2003ж., № 11, 56-құжат; № 12, 86-құжат; № 15, 139-құжат; 2004ж., № 23, 138-құжат; 2005 ж., № 14, 58-құжат; 2006ж., № 8, 45-құжат; 2007ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28-құжат; 2009 ж., № 2-3, 21-құжат; № 17, 79-құжат; № 18, 84-құжат, № 19, 88-құжат; 2010ж., № 5, 23-құжат; № 17-18, 112-құжат; 2001 ж., № 1, 2-құжат; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 15-құжат; № 8, 64-құжат; № 10, 77-құжат; № 13, 91-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; № 15, 79-құжат; 2014ж., № 1, 4-құжат; 2014 жылғы 20 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2014 жылғы 14 маусымда Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы):

1) Заңның кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

«Осы Заң Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметтi жүзеге асыру процесiнде мемлекеттiк органдар, аудиттелетiн субъектiлер, жеке және заңды тұлғалар, аудиторлар, аудиторлық ұйымдар және кәсiби аудиторлық ұйымдар арасында туындайтын қатынастарды реттейдi.»;

2) 1-бапта:

1) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«1) аккредиттелген кәсiби аудиторлық ұйым (бұдан әрi - кәсiби ұйым) - аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды біріктіретін  өзін-өзі реттейтін коммерциялық емес ұйым;

4) аудитор - Аудиторларға кандидаттарды аттестаттау жөніндегі  Бірыңғай Біліктілік комиссиясы (бұдан әрі - Бірыңғай Біліктілік комиссиясы) аттестаттаған, «аудитор» біліктілігін беру туралы біліктілік куәлігін алған жеке тұлға»;

мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

«4-1) тәуелсіз аудитор – аудиторлық ұйымның мүшесі болып табылмайтын және органда жұмыс істеген кезеңде азаматтық-құқықтық қарым-қатынаста тұрмаған және Кәсіби кеңеске тағайындалу мерзімі бір жылдан кем емес аудитор;»;

6), 7) және 9) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«6) аудиторлық қызмет - қаржылық есептіліктің және қаржылық есептілікке байланысты басқа да ақпараттың аудитiн жүргiзу және осы Заңға сәйкес қызметтер ұсыну жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;

7) аудиторлық ұйым - аудиторлық қызметтi жүзеге асыру үшiн құрылған және кәсіби ұйымның мүшесі болып табылатын коммерциялық ұйым

9) аттестаттау - Бірыңғай Біліктілік комиссиясының аудиторларға кандидаттардың білімдері мен дағдыларын айқындау рәсімі;»;

мынадай мазмұндағы 12-1) және 13-1) тармақшалармен толықтырылсын:

«12-1) Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес ( бұдан әрі – Кәсіби кеңес) – кәсіби ұйымдар міндетті мүліктік түсімдер (жарналар) негізінде құрған мүшелігі жоқ комммерциялық емес ұйым;

13-1) халықаралық аудит стандарттары (бұдан әрі - аудит стандарттары) – халықаралық сапаны бақылау, аудит, шолу жасау, басқа да сенімділікті білдіру және ілеспе қызметтер жөніндегі стандарттар;»;

14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«14) уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган)  - аудиторлық қызмет саласында реттеуді және міндетті аудит және кәсіби аудиторлық ұйымдардың қызметі саласында бақылауды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.»;

3) 3-бапта:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Осы Заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы кәсіби ұйымдарының мүшелері болып табылатын аудиторлық ұйымдар аудиторлық қызметпен айналысу құқығына ие болады.»;

2-тармақта:

1) және 10) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«1) аудит стандарттарына сәйкес iлеспе және басқа да көрсетілетін қызметтер;

10) бухгалтерлiк есептi жүргiзу және қаржылық есептiлiктi жасау, аудит, қаржы-шаруашылық қызметтi талдау және қаржылық жоспарлау жөнiнде, аудит стандарттарына сәйкес iлеспе қызметтердi көрсету жөнiнде әдiстемелiк құралдар мен ұсынымдар әзiрлеу, сондай-ақ оларды тарату;»;

4) 4-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Аудит осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн, Қазақстан Республикасында оларды ресми жариялауға Халықаралық бухгалтерлер федерациясынан жазбаша рұқсаты бар ұйымдар мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жариялаған аудит стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.»;

5) 5-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Міндетті аудитке:

орташа жылдық табысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына әрекет ететін үш миллион еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын ұйымдар;


Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда оның қызметін реттейтін, сондай-ақ осы Заңға сәйкес ұйымдар жатады.

Аудит олар үшін міндетті болып табылатын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында жылдық қаржылық есептілігін жариялайтын ұйымдар жылдық қаржылық есептілігімен бірге аудиторлық есепті де жариялауға міндетті.»;

6) 6-бапта:

2) тармақша алып тасталсын;

3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«3) кәсіби ұйымдарды аккредиттеу кезінде қойылатын рұқсат беру талаптарын бекітеді;»;

4), 4-1) және 4-2) тармақшалар алып тасталсын;

7) 7-бапта:

1-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«1-1) Кәсіби кеңес Басқармасының құрамына кіреді;»;

1-2) тармақша алып тасталсын;

2), 4), 5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«2) кәсiби ұйымдарды аккредиттеу тәртiбiн және аккредиттеу туралы куәліктің нысанын бекiтедi;»;

«4) кәсіби ұйымдарды аккредиттеу кезінде қойылатын рұқсат беру талаптарын әзірлейді;

5)  міндетті аудит жүргізудің ең төменгі талаптарына сәйкес келетін аудиторлық ұйымдардың ресми тізімін, сондай-ақ уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялау мақсаттары үшін аудиторлық ұйымдардың жиынтық ресми тізілімін жүргізуді жүзеге асырады;

6) бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіби ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлік беру, оның қолданылуын тоқтата тұру, оны қалпына келтіру, одан айыру және тоқтату туралы мәлiметтердi қазақ және орыс тiлдерінде жариялайды;»;

7) және 8) тармақшалар алып тасталсын;

13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«13) кәсіби ұйымдардың есептілік тізбесін, нысанын және оны ұсыну мерзімділігін бекітеді;»;

14-1) тармақша алып тасталсын;

15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«15) аудиторлық және кәсіби ұйымдар тізілімдерінің нысандарын, сондай-ақ міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдар тізімінің нысанын бекітеді;»;

мынадай мазмұндағы 16-1) және 16-2) тармақшалармен толықтырылсын:

«16-1) Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзылған жағдайда кәсіби ұйымдарға ескерту жасайды;

16-2) кәсіби ұйымдарды аккредиттеу туралы куәліктен айырады;»;

17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«17) кәсіби ұйымдар қызметінің және міндетті аудиті саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;»;

мынадай мазмұндағы 18) тармақшамен толықтырылсын:

«18) аудиторлық ұйымды кәсіби ұйымға мүшеліктен шығару туралы нұсқама жібереді»;

8) 7-1-баптың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

«Кәсіби ұйымдардың қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау»;

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Кәсіби ұйымдардың қызметі саласында мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге нысандарда жүзеге асырылады»;

мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

«1-1. Уәкілетті орган міндетті аудит саласындағы бақылауды кәсіби кеңесті басқарудың алқалы органы арқылы және (немесе) аудиторлық есептің анықтығы тұрғысынан тексеру нәтижелерінің келіспеушілігі жағдайында аудиторлық ұйымдарға бақылау жүргізу жолымен жүзеге асырады.»;

кәсіби ұйымдардың осы Заң талаптарын атқаруын бақылауды

9) мынадай мазмұндағы 7-2-баппен толықтырылсын:

«7-2-бап. Аудиторлық ұйымдар тізілімі

1. Аудиторлық ұйымдар тізілімін жүргізуді кәсіби ұйым жүзеге асырады.

2. Кәсіби ұйымдар ұсынатын аудиторлық ұйымдар тізілімдерінің негізінде уәкілетті орган пайдаланушылардың мүддесінде аудиторлық ұйымдардың жиынтық ресми тізілімін қалыптастырады.

3. Аудиторлық ұйымдардың тізілімі мыналарды қамтиды:

1) заңды тұлғаның толық атауы, мекенжайы және бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

2) байланысу ақпараты (электрондық почта, телефондар, факс);

3) филиалдардың, өкілдіктердің мекенжайлары;

4) міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйым аудиторының тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда);

5) аудиторлық ұйымның құрылтайшылары (қатысушылары) туралы деректер: жеке тұлға – тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі немесе шетелдік аудиторлық ұйым – заңды тұлғаның толық атауы, мекенжайы және оның тіркеу нөмірі;

6) халықаралық желіде немесе халықаралық ұйымда мүшелік және мекенжайын көрсете отырып, Қазақстан Республикасында үлестес тұлғалардың тізімі;

7) болған кезде – тіркеу нөмірлерін және тіркеу органының атауын көрсете отырып, басқа елдерде аудиторлық ұйым ретінде тіркелгені туралы деректер.»;

10) 8-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Аудитор бір ғана аудиторлық ұйымның құрылтайшысы (қатысушы) бола алады.»;

11) 9-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«6. Аудиторлық ұйым басшысының «аудитор» біліктілік куәлігі болуға міндетті».

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес аудиторлық ұйымнан сыртқы бақылаудың нәтижелері бойынша шығарылған, шығару туралы шешім қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде аудиторлық ұйымға бұрын жетекшілік еткен аудитор басқа аудиторлық ұйымның басшысы бола алмайды.»;

12) 10-бапта:

1, 2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Кәсiби ұйымның аккредиттелуi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылатын аккредиттеу туралы куәлiкпен расталады.

2. Кәсiби ұйымдар коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданатын жарғының негiзiнде әрекет етеді.

3. Аккредиттеу үшін кәсіби ұйымның құрамында кемінде жиырма аудитор болуы тиіс.»;

мынадай мазмұндағы 6 және 7-тармақтармен толықтырылсын:

«6. Кәсіби ұйым төрағасы болып үш жыл мерзімге кәсіби ұйым мүшесі болып табылатын аудитор сайланады. Бір тұлға жаңа мерзімге төраға болып қайтадан сайлана алмайды

7. Кәсіби ұйымның мүлкі міндетті мүшелік жарналар және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған басқа да жарналар есебінен қалыптастырыла алады.

Міндетті мүшелік жарналардың мөлшері мүшелердің түрлі санаттары үшін әр түрлі болуы мүмкін.

Егер кәсіби ұйым мүшелері әр түрлі санаттағы мүшелер болып табылатын жағдайда, кәсіби ұйымның алқалы атқарушы органы құрамында мүшелердің әрбір санатының тең сан қатысуға тиіс.»;

13) мынадай мазмұндағы 10-1-баппен толықтырылсын:

«Кәсіби ұйымның басқару органдары

1Кәсіби ұйымның жоғарғы басқару органы және оның құзыреті Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

2. Кәсіби ұйымның атқарушы басқару органы алқалы атқарушы басқару органы болып табылады.

3. Кәсіби ұйымның алқалы атқарушы басқару органының ерекше құзыретіне мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сондай-ақ мүшелікке және құрылтайшылардан (қатысушылардан, мүшелерінен) түсетін түсімдерге қатысты және кәсіби аудиторлық ұйымдардың шығыстары мен кірістерінің сметаларын бекіту мәселелері жатқызылады.

4. Кәсіби ұйымдардың жұмыс органдары болуға тиіс:



  1. Осы Заңға сәйкес сапаны бақылау бойынша.

2) Аудит стандарттары және халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша.

3) Аудиторлардың біліктілігін арттыру бойынша.

4) Этика мәселелері бойынша.

5) Тәртіптік шаралар мен дауларды қарау.

Кәсіби ұйымдардың, олардың жарғыларында айқындалатын басқа да жұмыс органдары болуы мүмкін.»;

14) 11-бапта:

1-тармақта:

1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«1) осы Заңға сәйкес бастамашылық аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыруға;»;

мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын;

«4-1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет мәселелері бойынша заңнамасын жетілдіру жөнінде уәкілетті органға ұсыныс енгізеді;»;

6) тармақша алынып тасталсын;

10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«10) жүргiзiлген сапаны сыртқы бақылау қорытындылары бойынша 11-1-баптың 2-тармағында көрсетілген негіздер бойынша бастамашылық аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдарды кәсiби ұйымнан шығаруға;»;

мынадай мазмұндағы 12) және 13) тармақшалармен толықтырылсын:

«12)  уәкілетті органның және Кәсіби кеңестің ұсынуы бойынша аудиторлық ұйымды мүшеліктен шығарып тастау;

13) мүше болып табылатын аудиторлық ұйымдардан кәсіби ұйым бекіткен нысан бойынша есептілік пен ақпаратты алу.»;

2-тармақта:

2) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«2) аккредиттеуді алған кезден бастап алты ай ішінде Кәсіби кеңестің құрылтайшысы болуға;»;

«4) Әдеп кодексiн Халықаралық бухгалтерлер федерациясының Әдеп кодексiне сәйкес әзiрлеуге және оны қабылдауға;»;

мынадай мазмұндағы 6-1) және 7-1) тармақшалармен толықтырылсын:

«6-1) аудит стандарттарын таратуға қатысу;»;

«7-1) кәсіби ұйымға мүше – аудиторлық ұйымдардың тізілімін жүргізу;»:

8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«8) мүшелер қабылданған (кеткен, шығарылған), сондай-ақ басқару жұмыс органының дербес құрамы өзгерген жағдайда, осы өзгерiстер туралы он күнтізбелік күн ішінде уәкiлеттi органға хабарлауға;»;

мынадай мазмұндағы 9-1) және 9-2) тармақшалармен толықтырылсын:

«9-1) оның мүшесі болып табылатын аудиторлық ұйымдардан «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын сақтауды талап ету;

9-2) оның мүшесі болып табылатын аудиторлық ұйымдардың «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын бұзғаны туралы мәліметтерді хабарлау;»;

10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«10) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртiппен уәкiлеттi органға өз қызметi туралы есептілік ұсынуға мiндеттi;»;

мынадай мазмұндағы 11), 12), 13), 14) және 15) тармақшалармен толықтырылсын:

«11) аудит стандарттарын, Әдеп кодексін және Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын бірнеше рет бұзуға жол берген аудиторлық ұйымдардың сапасына қайтадан (жоспардан тыс) сыртқы бақылау тағайындау;

12) кәсіби ұйым мүшелігінен шығарылған жағдайда, аудиторлық ұйымның мүшелікке енгізілуі туралы шешім қабылдағанға дейін сапасына сыртқы бақылау тағайындау;

13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, аудиторлық ұйымдар мен аудиттелетiн субъектiлердің коммерциялық құпиясын жария етпеуге;

14) аудиторлық ұйымның құпия ақпаратына осы аудиторлық ұйымның алдын ала жазбаша рұқсатынсыз басқару органдарының, жұмыс органдарының және басқа да органдардың мүшелерін кіргізбеуге;

15) аудиторлық ұйым аудит жүргізген кезінде мүліктік зиян келтірген аудиттелетін субъектілердің мүліктік мүдделерін қорғау үшін аудиторлық ұйымның аудиторлық қызметін міндетті сақтандырудың болуын бақылау.»;

15) мынадай мазмұндағы 11-1-баппен толықтырылсын:

«11-1-бап. Кәсіби ұйымдағы мүшелік


  1. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың мүшелігіне қойылатын талаптарды осы Заңның 8 және 9-баптарының негізінде кәсіби ұйым белгілейді.

2. Аудиторлық ұйымның кәсіби ұйымға мүшелігінен шығаруға:

1) аудиторлық ұйымның аудит стандарттарына сәйкес аудит жүргізген кезінде және (немесе) ілеспе және басқа да қызметтер көрсеткен кезінде жол берген Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін бір жыл ішінде қолданылған бес әкімшілік жазасы болса;

2) аудиторлық ұйым қызметінің, жүргізілген сапаны сыртқы бақылау қорытындылары бойынша аудиторлық стандарттарға, Әдеп кодексіне және Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына бірнеше (қатарынан екі реттен астам) сәйкес келмеуі негіз болып табылады.

3. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарға тәртіптік әсер ету шаралары:

1) сапаны сыртқы бақылау нәтижелері бойынша алпыс күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге бұзушылықтар анықталған жағдайда аудиторлық ұйымдардың мүшелігін тоқтата тұру;

2) сапаны сыртқы бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жоюға аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды міндеттейтін және осындай бұзушылықтарды жою мерзімін белгілейтін ұйғарым шығару болып табылады.

4. Аудиторлық ұйымдар кәсіби ұйымның шешіміне, оның ішінде кәсіби ұйым мүшелігіне қабылдаудан бас тартуына, оның ішінде сот тәртібінде шағымдануға құқылы.»;

16) 12-бапта:

1-тармақта:

2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«2) аккредиттеуді алған кезден бастап алты айдың ішінде Кәсіби кеңес құрылтайшысы болып табылмайды;»;

мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:



«2-1) орташа санының он пайызы, бірақ кемінде бес кәсіби ұйым мүшесі - аудиторлық ұйымның халықаралық аудит стандарттарының талаптарын күнтізбелік он екі айдың ішінде бұзған болса;»;

3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«3) орташа санының он пайызы, бірақ кемінде кәсіби ұйым мүшесі - аудиторлық ұйымның аудит стандарттарына сәйкес аудит жүргізген кезінде және (немесе) ілеспе және басқа да қызметтер көрсеткен кезінде он екі күнтізбелік айда жол берген Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін қолданылған бес әкімшілік жазасы болса;»;

17) 13-бапта:

2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Аттестаттаудан өткен адамдар «аудитор» бiлiктiлiгi берiлгенi туралы бiлiктiлiк куәлiгiн және бiлiктiлiк куәлiгiнiң нөмiрi, тегi, өз аты, сондай-ақ өзiнiң қалауымен - әкесiнiң аты көрсетiлген аудитордың жеке мөрiн (бұдан әрi - жеке мөр) алады.

«Аудитор» бiлiктiлiгiн беру туралы шешiм Бірыңғай Бiлiктiлiк комиссиясы айқындайтын бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тiлдерінде жарияланады.

3. Аттестаттаудан өтпеген адамдар одан қайтадан өтуге Бірыңғай Біліктілік комиссиясы шешім қабылдаған кезден бастап үш ай өткен  соң жіберіледі.»;

18) 14-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«14-бап. Кәсіби кеңес

1. Кәсіби кеңесті оның құрылтайшылары болып табылатын кәсіби ұйымдар құрады.

2. Кәсіби кеңес  аудиторлық қызмет бойынша кәсіби кеңес ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленген жарғының негізінде әрекет етеді.

 3. Кәсіби кеңестің мүлігі кәсіби ұйымдардан біржолғы және (немесе) тұрақты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген және Кәсіби кеңес қызметінің мақсатына сәйкес келетін басқа да көздерден түсетін түсімдер есебінен қалыптасады.

4. Кәсіби кеңеске құрылтайшылар берілген мүлік Кәсіби кеңестің меншігі болып табылады.

Кәсіби кеңестің құрылтайшыларының Кәсіби кеңес мүлкіне мүліктік құқықтары болмайды және өз міндеттемелерін орындамағаны үшін Басқарма Кәсіби кеңестің жарлығымен белгіленген тәртіпте Кәсіби кеңестің құрылтайшыларынан шығаруы мүмкін.

5. Кәсіби кеңесті құру кезінде құрылтайшылардың шешімімен тұрақты жұмыс істейтін басқару алқалы органы – басқарма (бұдан әрі - Басқарма) құрылады, ол Кәсіби кеңес қызметінің оның жарлығының мақсаттарына сәйкестігіне бақылауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және Кәсіби кеңестің ішкі құжаттарында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

6. Басқарма құрамына:

1) әрбір кәсіби ұйымнан бір өкіл;

2) аудиторлық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысты мәселелер жөніндегі уәкілетті орган;

3) қаржы ұйымдарының міндетті аудитіне қатысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;

4) Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының арнайы сауда алаңына қаржы құралдарына рұқсат беру үшін аудиторлық ұйымдарға қатысты мәселелер бойынша «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамы;

5) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мәселелер бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;

6) міндетті аудитке жататын қызмет салаларына және аудиторлық қызметті тұтынушыларға (пайдаланушыларға) қатысты мәселелер бойынша өзге де ұйымдар кіреді.

7. Басқарма құрамының жалпы саны тақ санды құрауы тиіс, бұл ретте кәсіби ұйымдардың өкілдері саны Басқарма құрамының жалпы санынан кем санды құрауы тиіс. Басқарманы Басқарма мүшелері сайлаған төраға басқарады.

8. Басқарманың ерекше құзыретіне:

1) Кәсіби кеңестің жарлығын және ішкі құжаттарын бекіту;

2) атқарушы органдарын тағайындау;

3) атқарушы органдардың қызметінің жарлық мақсаттарына сәйкестігіне бақылауды жүзеге асыру;

4) аудиторлық қызметті дамыту және аудиторлық қызметтің сапасын арттыру мақсатында Кәсіби кеңес қызметінің бағытын анықтау;

5) аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жүргізу тәртібін бекіту;

6) аудиторлардың біліктілігін арттыру тәртібін бекіту және курстардан өткені туралы сертификаттар беру;

7) Бірыңғай Біліктілік комиссиясын құру және оның қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту;

8) сапаны сыртқы бақылау жүргізу тәртібін келісу;

9) аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау бағдарламасы мен рәсімдерін келісу;

10) міндетті аудитті жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең төменгі талаптарды бекіту;

11) Сапаны бақылау бойынша бірыңғай комитеттің аудиторлық ұйымдарды мүшеліктен шығару туралы ұсынған қолдаухаты бойынша қарау және шешім қабылдау;

12) міндетті аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдардың қызметінің сапасын сыртқы бақылау жүргізу нәтижелерін келісу;

13) емтихан нәтижелерінің жобасын Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөніндегі бірыңғай біліктілік комиссиясының келісуі;

14) кәсіби ұйымның қызметін тексеру туралы уәкілетті органның атына қолдаухат жіберу.

Осы Заңда Басқарманың құзыреті қалай айқындалуына қарамастан, Басқарма Кәсіби кеңестің қызметіне байланысты кез-келген мәселені қарауға қабылдап алуға құқылы.

9. 6-тармақтың 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген Басқарма мүшелеріне Кәсіби кеңестің мүлкіне билік етуге қатысты мәселелерге араласуға тыйым салынады.

10. Кәсіби кеңестің филиалдар мен өкілдіктер құруға құқығы жоқ.

11. Кәсіби кеңестің атқарушы органдары Сапаны бақылау бойынша бірыңғай комитет пен Бірыңғай біліктілік комиссиясы, жалғыз атқарушы орган болып табылады.

12. Жалғыз атқарушы орган Кәсіби кеңестің ағымдағы қызметіне басшылықты жүзеге асырады.

13. Басқарма мүшелерінің жауапкершілігі Қазақстан Республикасы заңнамасымен айқындалады.»;

19) мынадай мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылсын:



«14-1 бап. Сапаны бақылау бойынша бірыңғай комитет

1. Сапаны бақылау бойынша бірыңғай комитет Кәсіби кеңестің атқарушы органы болып табылады.

2. Сапаны бақылау бойынша бірыңғай комитеттің құрамына аудит саласында кемінде он жыл жұмыс тәжірибесі бар және Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылмаған тәуелсіз аудиторлар кіреді.

3. Сапаны бақылау бойынша бірыңғай комитеттің ерекше құзыретіне:

1) Басқармамен келісу бойынша сапаны сыртқы бақылау жүргізу тәртібін бекіту;

2) аудиторлық ұйымдарды міндетті аудит жүргізу жөніндегі ең төменгі талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізу;

3) міндетті аудитті жүргізетін аудиторлық ұйымдарға сапаны сыртқы бақылау жүргізу;

4) Басқармаға, сапаны сыртқы бақылау нәтижелері бойынша аудит стандарттары мен Әдеп кодексін бірнеше (екі реттен көп) рет бұзуға жол берген, міндетті аудитті жүргізетін аудиторлық ұйымды, сондай-ақ міндетті аудитті жүргізу кезінде ең төменгі талаптарға сәйкес келмеген аудиторлық ұйымды кәсіби ұйымға мүшеліктен шығару туралы қолдаухат ұсыну;

5)  міндетті аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдарға жүргізілген сапаны сыртқы бақылау нәтижелерін Басқармаға келісуге ұсыну;



6) міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдардың тізілімін жүргізу.

4. Сапаны бақылау бойынша бірыңғай комитет, Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, коммерциялық құпияны үшінші тараптарға жария етпейді.»;



20) мынадай мазмұндағы 14-2-баппен толықтырылсын:

«14-2-бап. Бірыңғай біліктілік комиссиясы

1. Бірыңғай біліктілік комиссиясы Кәсіби кеңестің атқарушы органы болып табылады.

2. Бірыңғай біліктілік комиссиясының құрамына әрбір кәсіби аудиторлық ұйымнан өкілдердің тең саны кіреді.

3. Бірыңғай біліктілік комиссиясының төрағасы етіп оның құрамынан дауыстардың қарапайым көпшілігімен аудитор үш жыл мерзімге сайланады. Бұл ретте төраға етіп аудиторлық ұйымның қызметкері болып табылатын немесе Қазақстан Республикасында кемінде бес жыл аудитор болған практикалық жұмыс тәжірибесі бар аудитор сайланады. Бір адам төраға етіп жаңа мерзімге екі рет қатарынан сайлана алмайды.

4. Бірыңғай Біліктілік комиссиясы аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау өткізу тәртібін әзірлейді және Басқармамен келіседі.

5. Бірыңғай Біліктілік комиссиясы аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау бағдарламасын әзірлейді, бекітеді және Басқармамен келіседі, ол Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары қоры бекіткен халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына, аудит стандарттарына және Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес болуы тиіс.

6. Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау өткізу тәртібі бұзылған жағдайда уәкілетті орган Басқарманы міндетті түрде хабардар ете отырып, Бірыңғай Біліктілік комиссиясының шешіміне сот тәртібінде шағымдануға құқылы.

7. Бірыңғай біліктілік комиссиясы аудиторлар тізімін жүргізеді.

21) 15-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«Аудитор» біліктілік куәлігінен айыру туралы шешімді уәкілетті орган кәсіби ұйымдарға хабарлайды және бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.

22) 16-бап алып тасталсын;

23) 17-бапта:

тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«Аудит жүргiзуге және басқа да қызметтерді көрсетуге арналған шарт»;

2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:



«2. Аудит жүргiзуге және (немесе) қызметтер көрсетуге арналған шартта осы Заңға сәйкес: шарттың нысаны, мерзiмi, ақы төлеу мөлшерi мен талаптары, тараптардың құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi, алынған ақпараттың құпиялығы, сондай-ақ кәсіби ұйымға мүшелігі көзделедi.

3. Аудиттелетiн субъектiге мiндеттi аудит жүргiзу және (немесе) iлеспе және аудит стандарттарына сәйкес басқа да қызметтер көрсету шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес болуы тиiс.»;

24) 18-бапта:

2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Аудиторлық есепте де кәсіби ұйымға мүшелігі туралы куәліктің нөмiрi мен берiлген күнi көрсетіледі.»;

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Осы Заңның 21-бабының 2-тармағы 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, кәсіби ұйымға мүше болып табылмайтын аудиторлық ұйым берген аудиторлық есеп, сондай-ақ аудиторлық ұйым жасаған аудиторлық есеп уәкілетті органның шешімі бойынша жарамсыз деп танылады.»;

мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

«4. Аудиторлық ұйым жасаған аудиторлық есеп соттың шешімі бойынша көрінеу дәйексіз деп танылады.»;

мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

«5. Аудитор немесе аудиторлық ұйым аудиторлық есепті дәйексіз және (немесе) көрінеу дәйексіз жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.»;

25) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«19-бап. Сапаны бақылау және оның түрлері

1. Сапаны бақылау аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың аудит стандарттарының, Әдеп кодексін және Қазақстан Республикасы аудиторлық қызмет туралы заңнамасының талаптарын сақтауына бағытталған.

2. Сапаны бақылау түрлерi сапаны iшкi және сыртқы бақылау болып табылады.

Сапаны iшкi бақылауды аудиторлық ұйым аудит стандарттарына сәйкес дербес жүзеге асырады.

Сапаны сыртқы бақылауды аудиторлық ұйымдарға қатысты кәсiби ұйым жүзеге асырады, олар үш жылда кемінде бiр рет бастамашылық аудит жүргізеді.

Сапаны сыртқы бақылауды Сапаны сыртқы бақылау бойынша бірыңғай комитет жүзеге асырады, олар үш жылда кемінде бiр рет міндетті аудит жүргізеді.

Бұл ретте, Сапаны бақылау бойынша бірыңғай комитетте сапаны сыртқы бақылаудан өткен аудиторлық ұйымдар үшін кәсіби ұйымдарда сапаны сыртқы бақылаудан өту талап етілмейді.

3. Жоспардан тыс сапаны сыртқы бақылау мынадай жағдайларда:

1) аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым (өтініш) алғанда;

2) міндетті аудит жүргізуді жоспарлаған аудиторлық ұйымның бастамасы бойынша;

3) уәкілетті органның тапсырмасы бойынша аудиторлық есептің дұрыстығы тұрғысынан жүргізіледі.

Шағым (өтініш) бойынша сапаны сыртқы бақылауды жүргізу қажеттігі туралы шешім шағымда (өтініште) баяндалған іс жүзіндегі деректер қаралғаннан кейін шығарылады.

4. Жоспардан тыс сапаны сыртқы бақылауды жүргізу бойынша шығыстарды, Заңның осы бабының 3-тармағы 1) және 3) тармақшаларын қоспағанда, тексерілетін аудиторлық ұйым төлейді.

5.  Кәсіби ұйымдар сапаны сыртқы бақылауды Сапаны сыртқы бақылау бойынша бірыңғай комитет Басқармамен келісе отырып, әзірлеген тәртіпке сәйкес жүргізеді.

6. Аудиторлық ұйым сапаны сыртқы бақылау нәтижелеріне сот тәртібінде шағымдануға құқылы.»;

26) 20-бапта:

2-тармақта:

1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексін сақтауға;»;

27) 21-бапта:

1-тармақта:

мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

«1-1) ұйымдардың стандарттарын әзірлеу және бекіту;»;

4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«4) аудиттелетiн субъект аудит жүргiзуге арналған шарттың және осы Заңның талаптарын бұзған жағдайда аудит жүргiзуден не аудиторлық есептi беруден бас тартуға;»;



2-тармақта:

1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:



«1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексін сақтауға;

2) сапаны сыртқы бақылауды жүргізуге кедергі жасамау;»;



мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

«2-1) сапаны сыртқы бақылаудан өту;»;

3) және 8) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«3) аудиторлық ұйым тіркелген күннен немесе кәсіби ұйымнан ерікті түрде шыққан немесе одан шығарылған күннен бастап үш ай ішінде кәсіби ұйымға кіруге;»;

«8) кәсіби ұйымға есептілікті және ақпаратты табыс етуге;»;

28) 23-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«23-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың жауапкершiлiгi

Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, сондай-ақ шарттың талаптарын бұзғаны үшiн аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жауапты болады.»;

29) 24-бапта:

төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

«соңғы үш жылда осы Заңның 3-бабының 2-тармағы 2) тармақшасында көрсетiлген, сондай-ақ 3-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында ішкі қаржылық есептілік аудитін жүргізу бойынша қызметке қатысты бөлігінде қызметтерді көрсеткен ұйымдарға;»;

мынадай мазмұндағы тоғызыншы және оныншы абзацтармен толықтырылсын:

«Ең төменгі талаптарға сәйкес келмейтін және міндетті аудитті жүргізетін аудиторлық ұйымдардың тізіліміне енгізілмеген аудиторлық ұйымдарға міндетті аудитті жүргізуге тыйым салынады.

Кәсіби ұйымның мүшелері болып табылмайтын аудиторлық ұйымдарға аудитті жүргізуге тыйым салынады.»;

30) 25-бапта:

2-тармақта:

мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

«4) аудиторлық ұйымдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте сапаны сыртқы бақылау жүргізу кезінде құпия ақпаратты ашуға рұқсат беру.»;



31)29-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«29-бап. Өтпелi ережелер

1. Аудиторлық ұйымдардың уәкілетті орган берген лицензиялары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде жарамды болады.

2. Кәсіби ұйымдардың аккредиттелгені туралы куәліктер осы Заң қолданысқа енетін күнге дейін жарамды болады.»;

32) мынадай редакцияда жазылсын:

«30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi



Осы Заң ресми жарияланған күннен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі.».

2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күннен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының

Президенті Н.Назарбаев



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет