Көкебелден шыққан генерал



Дата24.02.2016
өлшемі0.62 Mb.
#13860
Тарих ғылымдарының

докторы, профессор

Ахмет Тоқтабай

Көкебелден шыққан генерал

Сабыр 1900 жылы 25 қаңтарда Қазығұрт баурайындағы Көкебел ауылында Омар Мәмбетқұловтың отбасында дүниеге келген. Сабырдың балалық шағы жөнінде деректер аз. Өзінің айтуынша: «Әкемнен бес жасымда айырылыппын... 12 жасымнан бастап байлардың малын бағып шешемді асырадым. Кейіннен шешем қайтыс болды. Мен 16 жасқа толғанда Өзбекстанда Совет үкіметі орнады, балалар үйлері ұйымдасып жұмыс істей бастады, менің жасымның үлкендігіне қарамай орыс балалар үйіне алды осы кезден бастап менің нағыз өмірім басталды. 18 жасымда Бакудегі Әзірбайжан әскери мектебінің курсанты болдым. Кавказ менің екінші отаным...». (М. Меленевская Сабир Рахимов первый узбекский генерал// Звезда Востока, 1946 №1-2, 126 бет). Сабырдың тумалары ауқатты адамдар болған, тау арасында диірмен салған диірменді жүргізген Рахым атты шешесінің інісі болған. Сабырдың фамилясы Рахымов болып жазылатыны отбасының мүшесіндей болып кеткен Рахым есіміне байланысты. 1909 жылы Сабырдың отбасы ескі Ташкенттегі Тақтапул махалласына көшіп барады. Ташкентке келгенде 8 жастағы Сабыр ес біліп қалған ауыл молдасынан оқыған ескіше сауаттылығын өзбекше жалғастырады. Туыстарының естеліктерінде Тақтапулдағы өзбек махалласында Сабырды «Сабыр-қазақ» деп атаған, шешесі қайтыс болғаннан кейін нағашылары Сабырды балалар үйіне беріп, ұлтын өзбек, фамилиясын Рахимов қылып жаздырған. 1920 жылы Ташкенттегі тоқыма фабрикасына жұмысқа орналасады, 1921 жылы Өзбек Ағарту институтының дайындық курсына қабылданады. Сабырдың ескіше сауаттығына дәлел 1937 жылы партия қатарына өтерде өз қолымен өзбек тілінде араб әрібімен және орыс тілінде жазған өмірбаяндары. Бұл екі құнды құжат Өзбекстанның Мемлекеттік мұражайының архивінде сақтаулы. (Өзбекстан мем. мұражайының архиві, инв № 2354 шифр 11/30. 12,23-беттер).

1922 жылы август айында жолдамамен Баку қаласына барып бүкіл Кавказға белгілі кавалериялық мектепке оқуға түседі, осы кезден бастап С. Рахымовтың саналы өмірі Совет армиясымен байланысты. 1923 жылы комсомол қатарына қабылданады оған дәлел, Баку қалалық комсомол комитеті берген № 489 уақытша билеті Сабыр атты әскер мектебінің қоғамдық саяси өміріне белсене араласады, Баку аудандық және қалалық комсомол конференцияларына делегат болып сайланады. 1925 жылы 10 февраль күні Әзербайжан атты әскерлер мектебі комунистерінің жалпы жиналысы ВКП (б) мүшелігіне кандидат етіп қабылдайды. 1925 жылы 7 августа Әзербайжан кавалерия мектебін бітіріп Самарқанд қаласындағы 19 – таулы – кавалериялық дивизияның 92 - таулы кавалериялық полкына жолдама алады.

1925 – 1930 жылдардың бас кезіне дейін Орта Азиядағы атақты басмашылар: құрбашы Дадтхо, Жунаид хан, Умар эфенди, Машан Фараб отрядтарын толық талқандап, қалдықтарын Ауған, Иран шекараларына дейін қуып шығу операцияларына қатынасып, ерлігімен көзге түседі. 1928 жылы 10 октябрде партия мүшелігіне өтеді. 1931 жылы Тәжікстандағы Ибрагимбек бандасын талқандауда ерлігі үшін Қызыл жұлдыз орденімен наградталады (Правда Востока 28 май 1945 жыл).

Қаншама жыл басмашылармен соғысып олардың небір айуандықтарын көзімен көрген, оларға қарсы қызылдардың да шектен шыққан небір қатыгездігіне куә болған. С. Рахымов адами, кісілік қасиеттерін жоғалтпай қиын-қыстау сәттерде рахымшылық көрсетіпте отырған. Оған мысал 1920 жылдардың ортасында Ташкент атрабында Шанышқылы Омар деген өзі ерекше қамшыгер болған адам 5-6 жыл бойы жаңа ұйымдасқан серіктіктердің малын ұрлап, белсенді, активтерді соққыға жығып тауға тығылып жүреді. Ақыр аяғында тұтқынға түсіп Сабырдың алдына келеді. Бұрыннанда Омардың ісіне қанық Сабыр, осы оқиғаны айтушылардың дерегінше: Омарға былай депті «сенің істегенің жетеді жаным аман қалсын десең Ташкенттен, Өзбекстаннан қараңды мүлдем жоғалтасың енді қолға түссең атыласың». Сөйтіп Омарды тұтқыннан босатып қоя береді. Омар сол кеткеннен мол кетіп, аты мүлдем естілмейтін болыпты. (А. Тоқтабай Қазақ жылқысының тарихы Алматы 2010, 195-бет).

1934 жылы басмаштармен соғысты аяқтаған Сабыр Ташкенттегі кіші командирлер дайындайтын мектептің бастығы, 1939 жылы Осовиахимнің Өзбек Кеңесінің әскери дайындық бөлімінің бастығы болып тағайындалады.

Ұлы Отан соғысы басталғанда С. Рахымов Совет армиясының тұрақты майдангер офицері, Ельна түбінде орналасқан танк дивизиясының мотополкінің командирінің орынбасары, сентябрь айында полк командиріне тағайындалған С. Рахымов Қызыл армия бөлімдерінен бірінші болып Ростов қаласына кіреді. (М. Меленовская...128-б).

Көп кешікпей С. Рахымов 37- атқыштар дивизиясының командирі болып Дон, Кубань, Кавказ аймақтарында соғысады. Кавказда жүргізілген кескілескен шайқастарда С. Рахымовтың дивизиясы жаудың 8000 солдаты мен офицерін жер жастандырып, көптеген әскери техникаларын жояды. (Боевой путь воиск Туркестанского военного округа М., Воениздат 1959. 232-бет) 1942 жылы 10 февральда подполковник атағы, 6 ай өткен соң сол кездегі Қорғаныс наркомының орынбасары С.М Буденный полковник шенін беру туралы бұйрыққа қол қояды (Өзбекстан мем. мұражайының архиві инв. № 2553). Кубань аймағының орталығы Краснодар қаласын жаудан босатуда 37 дивизияның ерекше ерлігі үшін және С. Рахымовтың қолбасшылық талантын бағалаған Жоғарғы бас командование 1943 жылы 19 мартта оған генерал-майор шенін беріп, ІІ-дәрежелі Суворов орденімен мараппаттайды. Майдан шебіне награда әкелген Бас штаб офицері М.И Калининнің хатын тапсырады. Калинин Рахымовқа былай деп жазған:

«Не имея возможности лично вручить Вам орден Суворова второй степени, которым Вы награждены Указом Президиума Верховного Совета СССР от 8 февраля 1943 года, посылаю Вам его с настоящим письмом.

Поздравляю Вас заслуженной высокой наградой и шлю пожелания дальнейших успехов в вашей боевой деятельности и личной жизни. Председатель Президиума Верховного Совета СССР М. Калинин». (Өзбекстан мем. мұражайы инв. № 1552, шифр 13/2 62-бет).

1943 жылы май айында С. Рахымовтың дивизиясына Өзбекстанның үкімет делегациясы барып, батырға қошемет көрсетеді. (делегацияның құрамында Роза Бағлановада болған. А.Т.). С. Рахымовқа «Мозер» фирмасының алтын сағаты тапсырылады, сағаттың қақпағында мынадай жазу бар: «Генерал-майор С. Рахымовқа өзбек халқынан». Бұл сағат қазір Өзбекстан мем. мұражайында сақтаулы, инв. № 590.

1943 жылы Жоғарғы бас командование С. Рахымовты білімін көтеруге Әскери Академияға оқуға жібереді. Әскери теориямен қолбасшылық өнерді Сабырдың жан-тәнімен беріліп оқығанын 1943 жылы 1- октябрьде әйеліне жазған хатынан көреміз. «Он күн бойы хат жаза алмадым, себебі бізде зачет тапсыру уақыты басталды. Мені құттықтауыңа болады барлық зачеттарды «жақсы» бағаға тапсырдым. Шынымды айтсам тапсыра алмай қаламынба деп алғашында қорықтым. Ақыры өзімді-өзім жеңдім, күні-түні оқитын болдым, тәулігіне екі-ақ сағат ұйықтайтын болдым, әскери теориялық білімдерді игерудемін». (Өзбекстан мем. мұражайы инв. № 1552...).

С. Рахымовты Совет одағының маршлдары мен генералдарының көпшілігі білген және жоғары бағалаған. Екі мәрте Совет одағының батыры армия генералы П.П Батов өзінің С. Рахымовпен алғаш танысқанын былай деп жазады: «Генерал Рахымов Сабыр Омарұлы деп таныстырған ол өзінің ақылдылығымен, жігерлілігімен сонымен қатар қарапайымдылығымен көзге түсті... 1944 жылы көктемде Бобруйск операциясы басталарда өте қиын жағдай қалыптасты, еріген қар, қайда аяқ бассаң Белоруссияның ми батпағы. Генерал Рахымотың фантазиясында шек жоқ еді, ол барлық әскерлер мен офицерлерді шаңғыға тұрғызды. Қолдан жасалған аяққа шандып-шандып байланған имек ағаштар адамдарды батпаққа батып кетуден сақтағанымен қоймай, әскерлер емін-еркін тез жүргеннің куәсі болдым. Мидай батпақта жол мен көпір сала алмайсың паром қолдана алмайсың, сондықтан С. Рахымов зеңбіректерді де шаңғыға отырғызды. Аяқ астынан біздің көп әскермен зеңбіректердің жау күтпеген жерден пайда болып, шабуылдауы жеңістің кепілі болды...

Бірде маршал Рокоссовскийге майдандық маштабтағы операцияны жүзеге асыру үшін үлкен әскери бірлестіктің (бірлестікке бірнеше дивизия, авиация полкі т.с.с кіретін) командиріне әскери тәжірибиесі мол, жігерлі командир керек болды. Көп кандидатуралар болды, мен генерал Рахымовты ұсынып:



  • Ол сеніміңізді ақтайды - дедім маршалға

  • Жақсы генерал - деді сүйсінген маршал

Рахымов өзіне тапсырылған міндетті абыроймен орындап шықты...

...Генерал Рахымов командирдің бақылау пунктінде отыруды жаратпайтын. Ол үнемі жауынгерлер арасында, ұрыстың қайнап тұрған шебінде жүретін...

...Сабыр Рахымов әккі атты әскер офицері болғандықтан, менің бірнеше рет ескертуіме қарамастан жанын шүберекке түйіп батальондардың қатарларына кіріп кетіп атакаға шығып, жауды «кескілеуді» ұнататын...» (П.П. Батов Достойный сын узбекского народа // Звезда Востока. 1946 № 9 74-75-б)

Екі мәрте Совет Одағының батыры, армия генералы И.И. Федюнинский: «Орта бойлыдан жоғары, беті оңтүстікше тотыққан қоңырқай өңді, ауыр иегі шығыңқылау келген, келте мұрынды генерал-майор Сабыр Рахымов дивизияның жағдайын қысқа, бірақ өте дәл баяндап берді:..

...Ол шинелін шешіп гиманстеркамен қасыма келіп отырды. Кеудесінде Суворов ордені, төрт әскери Қызыл ту және Қызыл Жұлдыз ордендері жарқырап тұрды...» (И.И. Федюнинский Славный сын узбекского народа // Правда Востока 1961. № 141). 1945 жылы С. Рахымовқа Ленин ордені де берілген (А.Т)

Соғыс кезінде атағы бүкіл Кеңес Одағында жер жарып тұрған С. Рахымовтың өмірі жеңіске бір ай қалғанда қыршыннан қиылуы өкінішті-ақ. Данциг қаласын шабуылдарда 1945 жылы 26 мартта снаряд жарғышағы тиіп қайтыс болды. Бұл оқиға жөнінде П.П Батов былай деп жазады: «Ол жерде жатыр екен... оның канадалық тоны мен папахасы қып-қызыл қанға боялыпты...жарғышақ дәл басына тиіпті. Бүкіл денесімен алға ұмтылғандай болып, басы Данцигке қарап жатты» (П.П Батов...81-б). Мұражайда баырдың өмірінің соңғы сәтіне куә снаряд жарғышақтары тескен шолақ тоны сақтаулы тұр инв № 582.

Жаужүрек батыр, даңқты қолбасшы жетімдікті көп көріп балалар үйінде тәрбиеленіп, комсомол, партияның арқасында өссе де туған елін ата тегін ұмытпаған. Генерал Батовқа «Омарұлымын» деп, Совет одағының батыры Тоғанбай Қауымбаевтың қазақ екенін білген соң: «Тісіңнен шықпасын мен құжатымда өзбек деп жазылғанмен қазақпын Сен менің бауырымсың Ұлы жүздің Суанынан тарайтын бағыспын» - деп айтуының өзі неге тұрады. (Т. Қауымбаев Генерал Сабыр Рахымов «бауырымсың» деген еді// Оңтүстік Қазақстан 2008. 21-тамыз).

С. Рахымовтың қазақ екені туралы мәселе ертеден белгілі Сәбит Мұқанов пен Ғафур Гулям өмір бойы дос болып өткен ғой. Ұзақ жылдар бір институтта бір бөлімде қызметтес болған тарих ғылымдарының докторы Марат Сәбитұлы Мұқанов мынадай әңгіме айтып еді: «Папам бірде Ташкентке Ғафур Гулямның үйіне қонаққа барғанда әзіл-шыны аралас: -генерал Сабыр Рахымов қазақ екен, сендерден ондай батыр шығу қайда -деп қалады. Дастархан басы тым-тырыс, сірә папамның сөзіне ешкім жауап бермей және қостай қоймайды. Папам өзі ыңғайсыз жағдайда қалғанын сезінеді, сонда Ғафур Гулям:

- Ай Сәбит осы әңгімені мен талайдан бері естіп жүрмін, енді сенде айтатын болыпсың. Өздерінің өзбек өз ағам, өз ағам деп сайрағанда сондайсыңдар ағаларыңа бір ұлды қимайсыңдарма дегенде, папамның өзі қарқылдап күліп Ғафур Гулямның қолын алады. Қонақтар ду күлісіп екі достың қалжыңына риза болған екен».

1975 жылы Құралай апай Алматыға келді ұмытпасам ақпан, наурыз айларының бірі болатын. «Лениншіл жас» газетінің редакциясында, Орта Азия әскери округінің командашысы армия генералы Н.Г Лященконың қабылдауында болды. (Н.Г. Лященкомен С.Рахымов 1923 жылдары командирліқ курста қатар оқыған). Шекара училищесінің курсанттарымен кездесу өткізді. «Сол кезде Д.А Қонаевқа кірмекші болыпты, бірақ Ш.Р. Рашидов Қонаевқа телефон шалып қабылдаттырмапты тек Зухра Шәріпқызы жақсы қарсы алып, кілем сыйлапты» деген әңгімелерді естідік. Қалай десекте Сабырды қазақ қылуда Құралай апайдың еңбегі ерекше. Ол кісі осы уақытқа дейін батырдың жұбайымын деп Ташкенттің саялы жерінде, барлық құрмет пен жеңілдіктерді пайдаланып өмір сүре беруіне болатын еді. Бірақ апайды мазалаған ерінің өсиеті және өзінің еріне деген сүйіспеншілігі. Мен айтар едім өзін қазақтың патриотымын деп кеудесін қағып жүрген ондаған адамның істей алмаған ісін бір Құралай апай атқарды деп. Апайдың бұл ісін Ақжан Машанидің Әл-Фарабиді ұзақ жылдар бойы қажымай-талмай зерттеп, туған еліне қайтарған еңбегімен пара-пар десек артық айтпаймыз. Сондықтан Құралай Әлібиқызы Қазақстан тарапынан қандайда болсын жоғары құрметтеуге лайық адам. Екіншіден, Сабыр Рахымовтың өмірі мен қызметін қажымай-талмай зерттеп, ұмытылып кеткен тумаларымен кездесіп, көптеген деректер жинаған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әсілхан Оспанұлының еңбегі ерекше.

Сабыр Рахымов жарты ғасырдан астам уақыт бойы өзбек халқының даңқын шығарып келді. Кез-келген өзбек Сабыр Рахымовпен мақтанды. Оған арнап кинофильмдер түсірілді, өлеңдер, поэмалар жазылды. Батыр қаза болғанда Өзбекстанның халық ақыны Хамид Гулям былай деп жырлаған:

Бессмертный подвиг твой - он вечен

В сердцах узбеков он живет (Хамид Гулям Памяти Сабира Рахимова//Звезда Востока 1946. № 10-11). Енді Сабыр Рахымовтың өз еліндегі екінші өмірі басталды. Батыр туралы Қазақстанда біраз журналисттік жазбалар мен жазушылардың еңбектері жарық көрді. Өзбек тіліндегі шыққан деректерді де сараптап көрдік. Негізінде, өзбек тілінде батыр туралы Рахымовтың адьютанты болған Юсуповтың шағын кітабы ғана бар. Қалғандары ұсақ мақалалар, шағын естеліктер. 1967 жылы Өзбекфильм қойған «Генерал С. Рахымов» атты фильм және осыған аттас Камел Яшеннің спектаклі Науаи атындағы театрда қойылып тұрды. Менің таңданғаным – өзбек тіліндегі материалдар да жұтаңдау көрінді. Әсіресе, Сабырдың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері мен қолбасшылық қызметі толық дәрежесінде зерттелген жоқ деп айтуға болады. Сондықтан, нақты деректер негізінде тарихи тұрғыдан ерлік жолдарын, қолбасшылық талантын зерттеуіміз қажет.




Өзбек халқының С. Рахымовқа сыйлаған швейцариялық «Мозер» фирмасының алтын сағаты, 1943 жыл





С. Рахымовтың бейітінің басындағы ескерткіш, Ташкент қаласы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет