Өмірбекова Роза Қалдыбекқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
қазақ тіл білімі кафедрасының доценті
Баялиева Гүлмира Жарылқасынқызы
Қорқыт Ата мемлекеттік университетінің доценті
Коммуникативтік білім беруді жеке тұлғаға бағыттап оқыту принциптері
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың « Қазақстан- 2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының « Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдарының » 4- бөлімінде: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай- ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды» деген тұжырымдамасында жеткіншек жастар мен болашақ маманның сауаттылығы мен білім, біліктілігіне ерекше мән берілген.
Қазіргі замандағы білім берудің негізгі мақсаты- қоғамның талаптарына сай бәсекеге қабілетті, өмір сүруге бейім, өзіндік пікірі бар жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
Студенттерді қызығушылық факторы арқылы ғана қазақша кәсіби сөйлеуге бейімдеп, олардың танымдық іс- әрекеттерін дамытуға болады. Адамдардың бойындағы сан – алуан қызығушылықтардың біреуі басым болады. Сол басым қызығушылық үйретушінің өз әрекетіне аса қажет. Кәсіби қазақ тілі сабағында жоғарыда аталған қасиеттерді мамандыққа байланысты мәтіндермен жүргізілетін жұмыс барысында, іскерлік ойындар мен жобалық жұмыстар арқылы тәрбиелеуге болатынын тәжірбие көрсетіп отыр.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінде оқыту технологияларының жаңа үлгілері, заман талабына сай әдістер мен тәсілдер ( инновациялық әдіс, модульмен оқыту әдісі, интерактивті әдіс, жобалау әдісі, проблемалық әдіс, қатысымдық әдіс т.б ) ұсынылып отыр. Қазақ тілін кәсіби бағдарлы жолмен оқыту әдісі де тиімді әдістердің бірі болып табылады.
Тіл – коммуникация мақсатында қызмет етеді. ЖОО- да білім берудегі маңызды мәселелердің бірі – студенттердің коммуникативтік құзыреттіліктерін арттыру болып табылады. Жеке тұлғаны дамыту мәселелеріне Қазақстандық ғалымдар Ф.Оразбаева, Ж.Намазбаева, С.Рахметова, М.Қараев т.б жеке тұлғаға бағытталған және дамыта оқытудың психологиялық теориялары жасалып, оқу үрдісіне енгізілген. Бұл бағыт оқушы тұлғасын қалыптастыруда жаңа тұрғыдан келуді қажет етеді.
Коммуникативтік білім беруді келешек маманның меңгеруі нәтижесінде пайда болатын жеке тұлғаның өзгеріс толық, тұлғалық және әлеуметтік интеграцияланған нәтижені анықтау мәселесін алға қойды. Осындай интеграцияланған әлеуметтік - тұлғалық - іс-әрекеттік ұғымның білім берудің нәтижесі ретіндегі жалпы анықтамасы болып мотивациялық құндылықты, когнитивті, дүниетанымдық, коммуникативтік құзыреттілік ұғымы танылады.
Қазақ тілін мамандыққа сай оқытудың басты ерекшеліктерін анықтауда, тиімді әдістемесін ұсынуда әдіскер-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ф.Ш. Оразбаеваның бүгінгі күнде үлкен бір ғылыми-әдістемелік мектебі қалыптасқан. Ғалым теориялық және әдістемелік тұрғыдан тілдік қатынастың негізін қалаған еңбегінде сөйлесім әрекетінің түрлерін – оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім деп бөліп қарастырады. Солардың әрқайсысына байланысты Ф.Ш.Оразбаеваның ғылыми жетекшілігімен қорғалған кандидаттық диссертацияларды атап өтетін болсақ, С. Нұрғали айтылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (2003), Г.Т. Бейсенбекова оқылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (2001), Б.А. Ахметбекова мамандыққа қатысты сөздік жұмыстарының әдістемесін (2000), Г.К. Мұқашева мен М.Д. Жорақпаева әр түрлі мамандықтарға сай тыңдалым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (2002), Ф.Ж. Абдразақова қазақ тілін шетелдік студенттерге жазылым әрекеті арқылы үйрету әдістемесін (2003), А.М. Мұратбекова қазақ тілінің кәсіби бағытталған лексикасын жазылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (2003), Ә.Ә. Уабиева қатысымдық тұрғыдан оқыту әдістемесін (2003) арнайы зерттеді. Сонымен қатар ғалымның шәкірттері тіл үйретудің т.б. өзекті мәселелерін, атап айтсақ, А.С. Досмурзаева тірек сызбалар арқылы (2002), Г.Т. Алдамбергенова мәтіндер арқылы құрылысшы мамандығына сәйкес оқытуды (1997), сондай-ақ тілді қазақ мектептерінде оқыту мәселелерін де Н.Х. Шадиева қазақ мектептерінің 5-сыныбында лексиканы деңгейлік тапсырмалар арқылы (2002), А.К. Жанабилова тіл дамыту жұмыстарының инновациялық технологиясын (6-7-сыныптарға арналған) шығармашылық тапсырмалар арқылы, Ш.Қ. Құрманбаева қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері (2009), С.Т. Садықова қазақ тілін дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы арқылы оқыту мәселелерін қарастырды. Ал ересектерге тілді оқытуға байланысты «Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» (2009) атты бірінші докторлық диссертацияны қорғаған педагогика ғылымдарының докторы Құрманбаева Шынар Қапантайқызы қорғаған.
Қазақ тілін мамандыққа сәйкестендіріп қатысымдық тұрғыдан оқыту әдістемесіне байланысты ғылыми зерттеулерге тоқталатын болсақ, Б.Ш. Мешімбаеваның “Гуманитарлық бөлім студенттерін қазақша пікірлесім (диалог) арқылы сөйлеуге үйрету әдістемесі” (1999) атты ғылыми еңбегінде жоғары оқу орындарының гуманитарлық бөлім студенттерін пікірлесім арқылы қазақша сөйлеу тіліне үйрету әдістемесінің ғылыми негізі жасалды. Автор мамандыққа бағытталған пікірлесім арқылы сөйлесуді меңгертуде қолданылатын ұтымды әдіс-тәсілдерді анықтады, пікірлесімге қатысты қазақша сөйлеу тіліне үйретуде төмендегідей 3 кезеңді қамтуды ұсынды:
-
оқу процесіндегі пікірлесім;
-
шығармашылық пікірлесім;
-
шығармашылыққа бағытталған пікірлесім құрастыру .
Зерттеу жұмысында сөйлесімді басқа ұлт өкілдеріне пікірлесім арқылы үйретуде тілдік жағдай тұңғыш рет тәжірибеде қолданылып, оның ұтымдылығы ғылыми негізде бірінші рет дәлелденді және пікірлесімнің жаттығулары екі үлкен топқа жіктеліп қарастырылды. Олар:
-
дайындық жаттығулар;
-
қатысымдық жаттығулар .
2000 жылы Г. Т. Алдамбергенова “Кәсіптік мектептердің орыс бөлімі оқушыларының қазақша сөйлеу тілін құрылысшы мамандығына сәйкес мәтіндер арқылы дамыту” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
Автордың айтуынша, мәтін арқылы тілді оқыту төмендегі міндеттердің жүзеге асуына көмегін тигізеді:
-
тұрмыста, өндірісте, әлеуметтік ортада қазақша тілдік қатынасты игеру;
-
қазақ тілінде мәдени-ресми, кәсіби қатынасқа дайындық;
-
өз мамандығы бойынша сұрақтарға жауап бере білу, осы тақырып төңірегінде ойын айта білу дағдыларын меңгерту;
-
кәсіби бағыттағы қарым-қатынастық мәтіндерді аудармасыз түсінуге ұмтылу;
-
оқушылардың сөздік қорын молайтуда аударма, түсіндірме және кәсіби сөздіктерді пайдалана білу;
-
қазақша ойлауға, қазақша сөйлеу әуезділігіне жету, үлгісіз, жетексіз өз бетінше сөйлеуге, жазуға дағдылану, игеру .
Қ. Қадашева “Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдістемелік негіздері: өзгетілді дәрісханалардағы қазақ тілі” (2001) деген докторлық диссертациясында мамандық тіліне бейімдеп оқытуда жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесінің әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалануға болатындығын, тіл үйренушілердің өз саласында тілді қолдану қызметінде лексикалық минимумды анықтау қатысымдық қажеттілікті қамтамасыз ететін ерекшелік екендігін көрсетті.
Зерттеу жұмысында заңгер мамандығына бейімдеп оқытуда автордың өз тәжірибесінен алынған үлгілері толық баяндалып, кәсіби бағыттағы материалдың негізінде пікірлесімдік қарым-қатынасты қалыптастыруға жаттығулардың әсері зор екені айтылады. Сонымен қатар өзгетілді дәрісханалардағы үйренушілерге мамандығы бойынша тілдік база жасау мәселесіне тоқтала отырып, оның мақсаттарын ашып көрсетеді .
Қазақ тілін мамандыққа сәйкес оқыту әдістемесі бойынша Р. Ә. Шаханова “Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері” (2001) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұл еңбекте техникалық университеттің орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдістемелік негізі жасалды. Ғалым: “Қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың әдістемелік жүйесін жаңа технологиямен толықтырып, дамытып, жетілдіріп отыру тілдің қатысымдық қызметін нәтижелі меңгертуге негіз қалайды», – дейді . Атап айтқанда, студенттердің мемлекеттік тілде сөйлеуге деген қызығушылығы мен мүдделігін, олардың білімін рейтинг, тест материалдарын талапқа сай пайдалану арқылы арттырудың мәнін анықтайды.
Студенттердің мемлекеттік тілді тиімді игеруінің басты факторы – оқу бағдарламалары мен оқулық, оқу-әдістемелік материалдарды модульдік оқу жүйесімен берудің ұтымдылығын дәлелдеп, модульдік жүйеге негізделген электрондық оқулықтар студенттердің өз бетімен жұмыс істеуіне тиімді екенін айтады. Тілдік жағдай жүйесін үнемі мамандықпен байланыстырып отыруы қарастырылған. Зерттеуде қазақ тілін мамандыққа қатысты үйретудегі мәтіннің маңызды рөлі дәлелденіп, мәтіннің тілдік жүйесі айқындалған. Диссертанттың айтуынша, мамандыққа қатысты мәтіндерді іріктеу ұстанымдары дұрыс сөйлеуді жетілдіруге қызмет ету үшін:
-
мазмұндық және тақырыптық тартымдылығымен ерекшеленуі керек;
-
тіл үйренушілердің өз бетімен жұмыс істеуіне ынталандырылуы;
-
қатысымдық (коммуникативтік) қасиеті басым болуы керек;
-
мамандыққа байланысты ғылыми мәтіндер студенттерде қажеттілік сезімін туғызып, білім беруде студенттердің сенімін күшейтетін болуы қажет .
«Құзырет» ұғымы білім алушының жетілуімен және оның еңбек міндеттерін орындауға тиімді әрекет жасауына және жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді. «Құзырет» - бұл оқу үдерісінде жинақталған білімге, тәжірибеге, құндылықтарға, бейімділіктерге негізделген жалпы қабілет. Құзырет саналы іс- әрекет барысында қалыптасады. Құзыретті меңгеру студенттің белсенділігіне тәуелді. Құзыретке ие болу сол жағдаятқа өзінің бар білімі мен тәжірбиесін бейімдеу. Білімді білім алушының нақты қоғамдық өмірде білімін қолдану, ол үшін оқыту үдерісінде құзыретті дамыту және қалыптастыру үшін нақты жағдайлар тудыру қажет.
Коммуникативтік құзыреттілік төмендегідей компоненттерден тұрады:
- коммуникативтік тәртіп аймағындағы білімі ( қажетті тілдерді білуі, педагогика және психология, логика, риторика, мәдениет және сөйлеу аймағындағы білімі).
- коммуникативтілік және ұйымдастырушылық қабілеті ( іскерлік қатынастарды нақты және жедел орнату, белсенділік таныту, тұлғаны дұрыс қабылдау және түсіну негізінде психологиялық әсер ету, қоршаған ортамен және оқшауланған адамдармен біріккен іс-әрекет кезінде белсенді әрекет жасау);
- қазақ халқының рухани және тарихи – мәдени байлығын тіл арқылы таныту негізінде тіл үйренушілер елдің тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен, халықтың салт- дәстүрімен танысып, білімдерін молайту;
- күнделікті оқу үдерісінде ресми- іскери сөйлесуге тән тілдік тұлғаларды, сөз тіркестерін меңгеріп, мамандыққа қатысты іс – қағаздарды жазуды үйренуі;
- вербальды және вербальды емес қарым- қатынас мәдениет ( сөйлеу техникасы, риторикалық амалдар, аргументация техникасын және шарттасуды жүргізу, кәсіби педагогикалық әдеп ережелерін сақтау, ұғымдық категориялық ақпаратты мақсатты түрде қолдану, сөйлеу мәдениетін меңгеру, вербальды емес құралдарды қолдану).
Заманауи білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандықтан, қазақ тілінің білім мазмұнын құрудың әдіснамасын дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды. Тілді қазіргі заман талабына сай меңгертуде озық технологияларды, ұтымды әдіс- тәсілдерді пайдалану – еліміздегі ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр.Студенттің коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруда оқытудың жаңа инновациялық әдістерінің бірі- ақпараттық технологияны пайдалану.Оқытудың ақпараттық технологиясы – тіл үйренушілерге білім берудің жаңа жолдарын іздестіру, білім сапасын арттыру, оқу – тәрбие үрдісінде оқушының жеке тұлғасын қалыптастыру үшін әрекет ету.
Ақпараттық технологияларды оқыту үрдісінде тиімді пайдалану студенттердің мемлекеттік тілді терең меңгерулерін қамтамасыз етіп, танып білуге деген қызығушылығын арттырады. Демек, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында » тұлғаның қалыптасуына жағдай жасау арқылы еліміздің ертеңіне жауапты мамандарды тәрбиелеу жолдарының бірі ретінде « дүниеге жауапкершілікпен қарайтын, инновациялық, шығармашыл ойлауға дағдыларды дүниетанымдық мәдениеті жетілген адамгершілігі мол және білікті мамандардан жаңа ұрпақ қалыптастыру»міндеті қажет.
Бұл үштұғырлы тіл саясатын ұстанып отырған егемен елдің болашақ мамандарының мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, оны өзі қызмет ететін салада қолдана алуы олардың кәсіби әлеуеттін арттырумен қатар елжандылық қасиеттерін де қалыптастырудың басты шарты болып табылатынының кепілі.
Пайдаланған әдебиет
1. Назарбаев Н.Ә. « Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің
жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы. Астана, 2013
2. Шаханова Р. Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. АДД. -Алматы, 2003
3. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. -Алматы, 2000
4. Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдiстемелiк негiздерi: өзгетiлдi дәрiсханалардағы қазақ тiлi: Пед. ғыл. док. … дисс. – Алматы, 2001. – 301 б
5. Абдразахова Ф.Ж. Қазақ тілін шетелдік студенттерге жазылым әрекеті арқылы үйрету әдістемесі (жоғары оқу орындарының филология факультетіне арналған): пед.ғыл.канд. авторефераты, Алматы, 2003, 29 б.
6. Нұрғали С. Жоғары оқу орындарында қазақ тілі үстеулерін айтылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесі (заң факультеті орыс бөлімінің жалғастырушы топтар үшін):
7. Құрманбаева Ш.Қ. Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері: пед.ғыл.докт. авторефераты, Алматы, 2009, 44 б.
Достарыңызбен бөлісу: |